Меншiк иесi, пайды иеленушi немесе кәсiпорынның акция пакетiн ұстаушы ретiндегi мемлекеттiң инициативасы бойынша қаржы экономикалық сауығу перспективасы жоқ, төлем жасауға қабiлетсiз кәсiпорындарды тарату жөнiндегi шараларды тиiмдi жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Таратуға ұсынылған мемлекеттiк кәсiпорындарды, мемлекеттiң қатысуындағы шаруашылық серiктестiктерiн iрiктеудiң тәртiбi туралы қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн.
2. Облыстардың, Алматы қаласының әкiмдерi бiр ай мерзiмде дәрменсiз кәсiпорындарды санациялау және тарату жөнiндегi облыстық комиссиялар құрсын.
3. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi дәрменсiз кәсiпорындарды санациялау және тарату жөнiндегi облыстық комиссиялар туралы ереженi бекiтсiн.
4. Дәрменсiз кәсiпорындарды санациялау және тарату жөнiндегi облыстық комиссиялар есеп берiлетiн тоқсанның екiншi айының 20-сынан кешiктiрмей тоқсан сайын Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiне олар бекiткен нысан бойынша төлем жасауға қабiлетсiз мемлекеттiк кәсiпорындар, мемлекеттiң қатысуындағы шаруашылық серiктестер жөнiнде ақпарат табыс етсiн.
Ескерту. 4-шi тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚРМК-нiң 1995.
11.16. N 1550 қаулысымен. P951550_
5. Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi бiр апта мерзiмде таратылуға жататын мемлекеттiк кәсiпорындардың, мемлекеттiң қатысуындағы шаруашылық серiктестерiнiң қызметкерлерiн жұмысқа қамтудың проблемаларын шешу жөнiнде ұсыныс енгiзсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетiнiң
1995 жылғы 12 мамырдағы
N 652 қаулысымен
БЕКIТIЛГЕН
Таратуға ұсынылған мемлекеттiк кәсiпорындарды
мемлекеттiң қатысуындағы шаруашылық серiктестiктерiн
iрiктеудiң тәртiбi туралы
Е Р Е Ж Е
1. Осы Ереже төлем жасауға қабiлетсiз әрi қаржы-экономикалық сауығу перспективасы жоқ кәсiпорындарды оларды кейiннен мемлекеттiк акцияны ұстаушы меншiк иесi ретiнде мемлекеттiң инициативасы бойынша iрiктеудiң тәртiбiн айқындайды.
Ереже 25 проценттен артық акцияны ұстаушы ретiнде мемлекеттiк кәсiпорындарға, шаруашылық серiктестiктерiне таратылады.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң жанындағы Кәсiпорындарды қайта құру жөнiндегi агенттiк (мұнан әрi - Агенттiк) дәрменсiз кәсiпорындарды санациялау және тарату жөнiндегi облыстық комиссиялардан, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң жанындағы Бас мемлекеттiк салық инспекциясынан, Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетi мен оның аумақтық органдарынан, министрлiктер мен ведомстволардан және басқа заңды тұлғалардан алынған мәлiметтер негiзiнде республиканың төлем жасауға қабiлетсiз кәсiпорындарының саны туралы ақпаратты жинайды және қорытады.
ЕСКЕРТУ. 2-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚРҮ-нiң 1996.08.20.
N 1031 қаулысымен. P961031_
3. Дәрменсiз кәсiпорындарды санациялау және тарату жөнiндегi облыстық комиссиялар (мұнан әрi - Комиссиялар) қаржы-экономикалық сауығу перспективасы жоқ және төлем жасауға қабiлетсiз кәсiпорындардың тiзiмiн тоқсан сайын түзедi.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң жанындағы Бас мемлекеттiк салық инспекциясы органдарының бюджетке төлемнiң үш айдан астам мерзiмге кiдiруi туралы хабарлауы, Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетi органдарының еңбекке ақы төлеу жөнiндегi төлемдердiң үш айдан астам мерзiмге кiдіруi туралы хабарлауы, басқа да мемлекеттiк органдардың, банктердiң, кәсiпорынға берушiлер мен кредиторлардың хабарлары кәсiпорынның төлем қабiлетсiздiгiнiң сыртқы белгiлерi болып табылады.
Комиссия алынған ақпараттың негiзiнде кәсiпорыннан өткен тоқсандық бухгалтерлiк балансты, туындау себептерi ажыратып көрсетiлген дебиторлық және кредиторлық берешектердi, кәсiпорынның жай-күйi туралы анықтаманы сұратып алады.
Комиссия кәсiпорынның қаржы-экономикалық қызметi туралы алынған мәлiметтердi жинақтайды және оларды Агенттiктiң қарауына ұсынады.
Ұсынылған материалдарда төлем жасауға қабiлетсiз кәсiпорынның Агенттiк белгiлеген күнгi бухгалтерлiк баланстары, дебиторлық және кредиторлық берешектiң түрлерi мен мерзiмдерi бойынша ажыратып көрсетiлуi, берешектiң пайда болу себептерi бөлiп көрсетiлген кәсiпорынның қаржы-экономикалық жай-күйi туралы анықтама болуға тиiс. Кәсiпорынның бухгалтерлiк баланстарын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi бас мемлекеттiк салық инспекциясының органдары растауы керек.
4. Агенттiк түрлi көздерден алынған мәлiметтердi жинақтайды, әрi салыстырып тексередi және Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi бекiтетiн кәсiпорын балансының құрылымын бағалау тәртiбiнiң негiзiнде қанағаттанғысыз баланс құрылымы бар, әрi төлем жасауға қабiлетсiз кәсiпорындардың тiзiмiн қалыптастырады.
Төлем жасауға қабылетсiз кәсiпорындардың тiзiмi негiзiнде Агенттiк Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен бiрлесiп, салалық министрлiктермен, облыстардың әкiмдерiмен келiсе отырып таратуға ұсынылған кәсiпорындардың тiзбесiн жасайды.
5. Таратылуға ұсынылатын кәсiпорындардың тiзбесiне қаржы-экономикалық жай-күйi сауықтыру мен санациялаудың қайсыбiр нысандарының мақсатты еместiгi немесе мүмкiн еместiгi алдын ала айқындалған, төлем жасауға қабылетсiз кәсiпорындар енгiзiледi. Олардың технологиялық және қаржы-экономикалық жай-күйiн айқындайтын фактолар ұзақ мерзiмдi әрi қайталанбас сипатқа ие. Бұл факторлар кәсiпорынды техникалық қайта жаңарту нәтижесiнде жойылмайды, өйткенi санацияға, қайта құруға немесе қайта бейiмдеуге кеткен шығын осындай жаңа кәсiпорынның құрылысын жүргiзуден жоғары болады.
Аталған тiзбегi:
осы Ереженiң 3-тармағында айтылған кәсiпорындар, атап айтқанда:
тозығы жеткен әрi моральдық жағынан ескiрген жабдықтағы, олардағы өнiм өндiруге яки өнiмнiң техникалық әрi тұтыну параметрлерiне кеткен шығын деңгейi шығынсыз өндiрудi жүзеге асыруға мүмкiндiк бермейтiн кәсiпорындар;
түрлi себептермен өз өнiмдерiн өткiзу нарығынан айырылған және оны қалпына келтiрудiң перспективасы жоқ кәсiпорындар;
әзiрленген кен орындарының мүмкiндiгi түгесiлген, яки өнiмнiң қымбаттауына және бағаның қалыптасқан деңгейi жағдайында оның өтпей қалуына алып келетiн неғұрлым жұтаң шикiзат базасына көшкен өндiрушi кәсiпорындар енгiзiледi.
6. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгiмен келiсе отырып таратуға ұсынылған кәсiпорындардың тiзбесiн Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң "Қазақстан Республикасының дәрменсiз мемлекеттiк кәсiпорындарды санациялау және тарату жөнiндегi ведомствоаралық комиссиясы туралы" 1994 жылғы 7 қыркүйектегi N 1001 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1994 ж., N 37, 410-бап) сәйкес құрылған Қазақстан Республикасының Дәрменсiз мемлекеттiк кәсiпорындарын санациялау және тарату жөнiндегi ведомствоаралық комиссияның қарауына және бекiтуiне ұсынады.
Таратуға ұсынылған кәсiпорындардың тiзбесiн келiсу барысында келiспеушiлiк туындаған жағдайда түпкiлiктi шешiмдi Ведомствоаралық комиссия қабылдайды.
7. Қазақстан Республикасының Дәрменсiз кәсiпорындарын санациялау және тарату жөнiндегi ведомствоаралық комиссия шешiмiнiң негiзiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетi екi апта мерзiмде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 50-бабына сәйкес мемлекеттiк кәсiпорынды тарату туралы өкiм шығарды.
8. Қазақстан Республикасының Дәрменсiз мемлекеттiк кәсiпорындарын санациялау және тарату жөнiндегi ведомствоаралық комиссия шешiмiнiң негiзiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетi бiр апта мерзiмде өкiм шығарады және 45 күн iшiнде акционерлiк қоғамдар акционерлерiнiң немесе мемлекеттiң қатысуындағы шаруашылық серiктестiктерiнiң жалпы жиналысын ұйымдастырады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетi осындай шешiм қабылдаудың қажеттiгiн негiздей отырып, кәсiпорынды тарату туралы ұсынысты акционерлердiң жиналысына енгiзедi. Мемлекеттiң қатысуындағы шаруашылық серiктестiктерi 50 проценттен кем акцияны ұстаушы ретiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетi басқа акционерлермен алдын ала жұмыстар жүргiзедi.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң ұсынысы мақұлданған жағдайда акционерлер мен серiктестiкке қатысушылардың жалпы жиналысы кәсiпорында тарату туралы шешiм қабылдайды және тарату комиссиясын тағайындайды.
9. Кәсiпорынды тарату туралы шешiм қабылданғаннан кейiнгi процедуралар қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi