Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.01.18. N 29 (алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
Қоршаған ортаның, ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң ластануын, сондай-ақ пестицидтердiң адамдардың денсаулығы мен жануарлар дүниесiне зиянды ықпалын болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi Қаулы Етедi:
1. Қазақстан Республикасында кумулятивтi, канцерогендi, мутагендi, теротегендi, эмбрио және гонадоуытты қасиеттерiмен сипатталатын және өсiмдiктерге, топырақ пен суға жинақталу мүмкiндiгi бар жоғары уытты пестицидтердi пайдалануға тыйым салынсын.
2. Пестицидтердi пайдалануға тыйым салу мен тiркеудi тоқтату жөнiндегi шешiмдi Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң, Экология және биоресурстар министрлiгiнiң ұсынуы бойынша, сондай-ақ БҰҰ-ның қоршаған орта жөнiндегi Бағдарламасының (ЮНЕП) Халықаралық әлеуеттi уытты химиялық заттарды тiркеу деректерi негiзiнде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi жанындағы Химиялық, биологиялық қорғау құралдарын, феромондар мен ауыл-шаруашылығы өсiмдiктерi және орман екпе ағаштарының өсуiн реттегiштердi сынау мен тiркеу жөнiндегi республикалық комиссия қабылдайды.
3. Қазақстан Республикасының аумағында қолдану үшiн тыйым салынған немесе жарамсыз деп танылған пестицидтер мiндеттi түрде көмiлуге немесе жойылуға тиiс. Бұл орайда тыйым салынған препараттарды көму немесе жою олардың иелерiнiң қаржысы есебiнен жүргiзiледi.
4. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi, Денсаулық сақтау министрлiгi, Экология және биоресурстар министрлiгi төрт ай мерзiмде тыйым салынған және жарамсыз күйге ұшыраған пестицидтер мен олардың, ыдыстарын көму немесе жою тәртiбi жөнiндегi Нұсқауды әзiрлеп, бiрлесе отырып бекiтсiн.
5. Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға тыйым салынған немесе жарамсыз күйге ұшыраған пестицидтердi көмуге немесе жоюға бақылау жасау Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлiгiне және Ауыл шаруашылығы министрлiгiне жүктелсiн.
6. Қазақстан Республикасының Кеден комитетi ауыл және орман шаруашылықтарында қолдануға тыйым салынған пестицидтердiң республика аумағына әкелiнуiн тоқтату жөнiнде шаралар қабылдасын.
7. Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлiгi Ауыл шаруашылығы министрлiгiмен бiрлесе отырып тиiстi облыстар әкiмдерiнiң жәрдемдесуiмен 1996 жылғы 1 шiлдеге дейiнгi мерзiмде республика аумағында қолда бар тыйым салынған және жарамсыз күйге ұшыраған пестицидтер мен олардың ыдыстарын түгендеудi, өткiзудi қамтамасыз етсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi