Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2011.07.18 № 828(алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
"Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 20 желтоқсандағы N 2697 U952697 Заң күшi бар Жарлығын (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., N 23, 148-бап) жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
Қазақстан Республикасының аумақтарында азаматтық әуе кемелерiмен болған авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларға қызметтiк тексеру жүргiзудiң тәртiптерi туралы қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрiнiң
орынбасары
Қазақстан Республикасының
Үкiметiнiң
1996 жылғы 19 маусымдағы
N 755 қаулысымен
БЕКIТIЛГЕН
Қазақстан Республикасының аумақтарында азаматтық әуе
кемелерiмен болған авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларға
қызметтiк тексеру жүргiзудiң тәртiптерi туралы
ЕРЕЖЕ I. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасының әуе кеңестiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығына, Азаматтық авиация және әуе кеңестiгiн пайдалану туралы үкiметаралық келiсiмге, Халықаралық азаматтық авиация туралы Конвенцияға (ИКАО) 13-қосымшаның стандарттары мен ұсынымдарына сәйкес, сондай-ақ тексеру жүргiзудiң отандық және халықаралық тәжiрибесi ескерiлiп жасалған.
2. Ереже авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларды неғұрлым толық анықтауға, сондай-ақ оларды болдырмау жөнiндегi алдын алу шараларын әзiрлеуге бағытталған.
Ереже Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiмен болған авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғалардың айқындалуын және жiктелуiн қамтиды. Қазақстан Республикасының аумақтарында азаматтық әуе кемелерiмен болған авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларға қызметтiк тексеру жүргiзудiң тәртiбiн белгiлейдi.
3. Ереженiң талаптары Қазақстан Республикасының азаматтық және эксперименттiк авиациясына қолданылады әрi азаматтық әуе кемелерi мен ұшуды қамтамасыз ету құралдарын жасауды және пайдалануды жүзеге асыратын барлық министрлiктер, ведомстволар, авиакомпаниялар, кәсiпорындар, ұйымдар мен жеке тұлғалар үшiн мiндеттi болып табылады.
4. Көлiктегi орталық атқарушы орган тағайындаған комиссия азаматтық әуе кемелерiмен болған әрбiр авиациялық оқиға мен тосын оқиға бойынша мiндеттi түрде осы Ережеде белгiленген тәртiпке қатаң сәйкес тексеру жүргiзедi. Тексеру авиациялық оқиғаларды болдырмау мақсатында жүргiзiледi және ақпарат жинау мен оның талданылуын, қажеттi зерттеулер жүргiзiлуiн, уақиғаның себебiн айқындауды және ұсынымдар әзiрлеудi қамтиды.
5. Азаматтық әуе кемелерiмен болған авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларды тексеру мәселелерi жөнiндегi министрлiктердiң, ведомстволардың, авиакомпаниялардың нормативтiк актiлерi осы Ереженiң талаптарына сәйкес келуге тиiс.
II. Айқындау және жiктеу
6. Авиациялық оқиға - әуе кемесiн пайдалануға байланысты, қандай да бiр адамның ұшу ниетiмен бортқа кiрген сәтiнен бастап, бортта болғандардың бәрi әуе кемесiнен кетуi сәтiне дейiнгi оқиға және соның барысында:
а) қандай да бiр адам мыналардың салдарынан өлiмге душар ететiн дене жарақатын немесе ауыр дене жарақатын:
сол әуе кемесiнде болуының;
әуе кемесiнiң бөлiнiп қалған бөлшегiн қосқанда, оның қандай да бiр бөлшегiне тiкелей жақындасуының;
бұған дене жарақатын табиғи себептер салдарынан алған, өзiне-өзi жасаған, не басқа адамдар жасаған, немесе әдетте жолаушылар мен экипаж мүшелерiне баруға болатын аймақтардан сыртқары жасырынған билетсiз жолаушыларға жасалған жағдайлардан басқа, реактивтiк қозғалтқыш газы шапшуының тiкелей әсер етуiнiң нәтижесiнде алғанда;
б) әуе кемесi зақымдалады немесе оның конструкциясы бүлiнедi, соның нәтижесiнде;
әуе кемесi конструкциясының берiктiгi бұзылады, техникалық немесе ұшу сипаттары нашарлайды және әдетте күрделi жөндеу немесе зақымданған бөлшегiн ауыстыру талап етiледi;
бұған қозғалтқыштың iстен шығуынан немесе зақымдануынан, қозғалтқыштың өзi ғана зақымданғанда, оның қақпақтары немесе қосалқы агрегаттары, немесе тек әуе винттерi, қанат шеттерi, антенналары, пневматикалары, тежеу құрылғылары, обтекательдерi ғана зақымданғанда немесе қапталуында жапырылудың немесе қаптауында қабысу немесе тесiк болғаннан басқа да;
в) әуе кемесi хабар ошарсыз жоғалады немесе оған баруға мүлдем мүмкiн емес немесе оны эвакуациялау тиiмсiз жерге тап болады.
Ескертулер:
1. Өлiмге душар ететiн дене жарақаты бар статистикалық деректердiң бiркелкi берiлуi мақсатында өлiмге ұшыратқан дене жарақаты болып, уақиға болған сәттен бастап 30 тәулiк iшiнде дене жарақатының нәтижесiнде өлiмге ұшыратуы саналады.
2. Оны ресми түрде iздестiру тоқтатылғанда немесе әуе кемесiнiң жатқан орны анықталмағанда әуе кемесi хабар-ошарсыз жоғалды деп есептелдi.
3. Авиациялық оқиға кезiнде алынған дене жарақаты ауыр дене жарақаты деп есептеледi, мұның өзi:
жарақаттанған сәтiнен бастап жетi тәулiк iшiнде 48 сағаттан аса уақыт госпитализация талап етiлсе;
кез келген сүйектiң сынуына (қол саусақтарының, аяқтың немесе мұрынның жай сынуын қоспағанда) әкеп соқса;
талшықтардың үзiлуiмен, күштi қан кетуiмен, жүйкенiң, бұлшық еттiң немесе сiңiрдiң зақындалуымен байланысты;
кез келген iшкi ағзаның зақымдануымен байланысты;
дене күюiнiң екiншi немесе үшiншi дәрежесiн немесе дене сыртының 5 процентiнен астамын зақымдаған кез келген дене күйiгiне ұшырауға байланысты;
жұқпалы заттардың немесе радиациямен зақымданудың әсер етуi фактiсiнiң расталуымен байланысты болса.
7. Келтiрiлген зардаптарының ауырлығына қарай авиациялық оқиғалар:
апаттарға:
адам өлiмiнсiз болған авиациялық уақиғаларға бөлiнедi.
Апат - қандай да бiр адамның өлуiне немесе жолаушылардың, немесе экипаж мүшелерiнiң қандай да бiреуiнiң хабар ошарсыз жоғалуына әкеп соққан авиациялық уақиға.
Апаттық эвакуация процесiнде әуе кемесiнiң бортында болғандардың қайсы бiрiнiң дене жарақатын алуы салдарынан қазаға ұшырауы жағдайы да апаттарға жатады.
Адам өлiмiнсiз болған авиациялық оқиға - әуе кемесi планерiнiң күш беретiн бөлшектерiне зақым келуiнен немесе эвакуациялау техникалық жағынан мүмкiн емес немесе тиiмдi емес жерге қонуынан болған бортындағы адамдардың өлiмiне байланысты емес авиациялық оқиға.
Тосын оқиға - авиациялық оқиғадан басқа, ұшу қауiпсiздiгiне әсер ететiн немесе әсер етуi мүмкiн болатын әуе кемесiн пайдалануымен байланысты кез келген оқиға.
Авиациялық оқиғаларды болдырмау үшiн мейлiнше назар бөлiнетiн және мiндеттi түрде тексеруге жататын тосын оқиғалардың тiзбесi көлiктегi орталық атқарушы органның тарапынан белгiленедi.
Мүдделi мемлекеттер:
уақиға болған мемлекет;
әуе кемесiн тiркеген мемлекет;
әуе кемесiн пайдаланушы мемлекет;
әуе кемесiн (қозғалтқышын, жабдықтарын) әзiрлеушi мемлекет;
әуе кемесiн (қозғалтқышын, жабдықтарын) жасаушы мемлекет;
әуе кемесiн (қозғалтқышын) жөндеудi жүзеге асырушы мемлекет;
авиациялық уақиға кезiнде азаматтары қаза тапқан немесе айтарлықтай дене жарақатын алған мемлекет.
8. Авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларға жатпайтын, әуе кемелерiн пайдалану кезiнде, сондай-ақ оларға техникалық қызмет көрсету, сақтау және жөндеу процесiнде орын алған басқа оқиғаларды жiктеу, осы оқиғаларды тексеру мен есепке алу тәртiбi ведомстволық құжаттармен айқындалады.
III. Авиациялық оқиғаларды тексерудi ұйымдастыруды
9. Авиациялық оқиғаларды тексеру авиациялық көлiк жүйесiнiң қалыпты жұмыс iстеуiнен барлық ауытқуларды анықтауды және сол ауытқулардың ұшу барысына әсерiн бағалауды көздейтiн ақпараттарды жинау мен талдауды қамтиды.
Тексеру жүргiзудiң мақсаты оқиға себептерiн белгiлеу, авиациялық оқиғаларды болдырмау және қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде ұсынымдар жасау болып табылады.
10. Қазақстан Республикасында авиациялық оқиғалардың объективтi әрi бiлiктi тексерiлуiн қамтамасыз ету үшiн көлiктегi орталық атқарушы орган өзiнiң ведомстводан тыс мемлекеттiк комиссиясын құрады, оған тексеру жүргiзуде өз мүддесi сөз болатын әуе кемесiнiң пайдаланушысы мiндеттi түрде қатысады.
Ведомстводан тыс мемлекеттiк комиссия осы Ережеге және Авиация мен әуе кеңістiгiн пайдалану жөнiндегi кеңес 1992 жылғы 11 қыркүйекте бекiткен Азаматтық авиация мен әуе кеңістiгiн пайдалану туралы келiсiмге қатысушы - мемлекеттердiң авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларды, қызметтiк тексеру Ережелерiне (бұдан әрi - Ережелер) сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiмен болған авиациялық оқиғалардың тексерiлуiн ұйымдастырып, жүргiзедi.
11. Мемлекетаралық авиация комитетiнiң (МАК) Ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi комиссия туралы Ереженiң 2-тармағына және Ережелердiң 3.2-тармағына сәйкес оқиға болған мемлекет, әуе кемесiн тiркеген және немесе әзiрлеген, жасаған мемлекет, оны пайдаланушы сол бiр Уағдаласушы мемлекет болып табылмайтын жағдайда Уағдаласушы мемлекеттердiң кез келгенiнiң аумағында газ-турбиналық қозғалтқышы бар әуе кемелерiмен болған авиациялық оқиғаларды аудиторлық тексерудi Ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi комиссия мүдделi Уағдаласушы мемлекеттер өкiлдерiнiң қатысуымен жүргiзедi.
Ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi комиссияны тағайындайтын кезде оның төрағалығына ұсынылған кандидатура жайлы көлiктегi орталық атқарушы органмен келiсiледi.
12. Ведомстводан тыс мемлекеттiк комиссия авиациялық оқиғаларды тексерудi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес прокуратураның, iшкi iстер, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, МТК-нiң өкiлдерiмен өз iс-қимылын үйлестiре отырып, құқық қорғау органдарына тәуелсiз жүргiзедi.
13. Әуе кемесiн дайындаушы-мемлекеттiң, әуе кемесiн жасаушы-мемлекеттiң, әуе кемесiне жөндеу жұмысын жүргiзген мемлекеттiң, тiркеушi-мемлекеттiң және пайдаланушы-мемлекеттiң тексеруге қатысу үшiн өзiнiң уәкiлдi өкiлiн тағайындауына құқығы бар. Тексерудi ұйымдастырушы мемлекеттiк орган тексеру жөнiндегi комиссияның құрамына мүдделi мемлекеттердiң уәкiлдi өкiлдерiн қосуға тиiс.
Уәкiлдi өкiлдер тексеруге қатысу үшiн мамандарды (кеңесшiлердi) тарта алады.
Басқа мүдделi мемлекеттердiң тексеруге қатысу үшiн сарапшылар тағайындауына құқығы бар.
Осылайша қатысу дәрежесiн тексеру жүргiзушi мемлекеттiк комиссия айқындайды.
14. Тексерудiң далалық кезеңiндегi комиссия жұмысына, соның iшiнде авиациялық оқиға зардаптарын жоюға байланысты барлық шаралардың аумағында оқиға болған пайдаланушы немесе авиакомпания, кәсiпорын, азаматтық авиация бөлiмшесi қамтамасыз етедi. Аумақ бекiтудi көлiктегi орталық атқарушы орган жүзеге асырады.
Аумағында уақиға болған пайдаланушы немесе авиакомпания, кәсiпорын, азаматтық авиация бөлiмшесi тексеруге қатысушыларды оқиға болған жерде жұмыс жүргiзу үшiн арнайы киiммен және аяқ киiммен, жеке қорғаныс құралдарымен, көлiк құралдарымен және байланыс құралдарымен, қажеттi мүккәммалмен және шығасылық материалдармен қамтамасыз етедi, олардың жұмыс атқаруы үшiн қажеттi жағдай туғызады, тексерiс материалдарының сақталуын, көбейтiлуi мен жiберiлуiн ұйымдастырады, тынығу мен тамақтануға орналастырылуын қамтамасыз етедi.
Аумағында оқиға болған авиакомпанияға, кәсiпорынға, азаматтық авиация бөлiмшесiне келтiрiлген шығындарды, тексеру жөнiндегi комиссияның тапсырмасы бойынша арнаулы зерттеулер жүргiзуге, сондай-ақ комиссияның сұрауы бойынша мамандарды iссапарға жiберуге жұмсалатын шығындарды шот ұсынған бойда әуе кемесiнiң иесi төлейдi.
Егер авиациялық оқиға әуе кемесi иесiнiң кiнәсiнен болмаса немесе оның кiнәсi iшiнара айқындалса, тексеру аяқталғаннан кейiн әуе кемесiнiң иесi авиациялық оқиғадан келген шығындардың, тексеру жөнiндегi шығындарды қоса, орнын толтыруға шағым жасай алады.
IV. Авиациялық оқиға туралы құлақтандыру
15. Авиациялық оқиға туралы хабарламаны алысымен Қазақстан Республикасының Әуе қозғалысы басқармасы қызметiнiң лауазымды адамдары болған жағдай туралы бастапқы хабарды Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясының ұшу қауiпсiздiгiн қадағалау органына (бұдан әрi - ҰҚ қадағалау органы), Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына, МАК-тың ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi комиссиясына, әуе кемесiнiң пайдаланушысына бередi.
16. Аумағында авиациялық оқиға болған авиакомпанияның, азаматтық авиация кәсiпорнының жетекшiсi бастапқы хабарды алысымен оны дереу ҰҚ қадағалау органына, тiркеген мемлекеттiң тексерушi органына, МАК-нiң ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi комиссиясына хабарлайды, сондай-ақ болған жағдай туралы жергiлiктi құқық қорғау органдарын хабардар етедi.
Бастапқы хабарлама, мүмкiндiгiнше, мынадай ақпараттан тұруға тиiс:
күнi, уақыты (жалпыеуропалық), оқиға болған жер;
үлгiсi, мемлекеттiк-тiркеудiң танымдық белгiсi және әуе кемесiнiң тиесiлiгi;
әуе кемесiнiң пайдаланушы-кәсiпорнының, әзiрлеушiсiнiң, жасаушысының атауы;
оқиға сәтiндегi метеорологиялық жағдай;
әуе кемесi командирiнiң аты-жөнi (тексерушiнiң және оның лауазымы);
тапсырманың сипаты, бастапқы және соңғы пункттерi көрсетiлген рейiс нөмiрi;
ұшып шыққан соңғы пункт және қону жобаланған пункт;
егер олар шын мәнiсiнде белгiлi болса, оқиғаның қысқаша жағдаяттары;
әуе кемесi бортындағы экипаж мүшелерi мен жолаушылардың, соның iшiнде қаза тапқандар мен дене жарақаттарын алғандардың саны, зардап шеккен жолаушылардың азаматтығы. Әуе кемесiнен тыс жүрiп-тұрушылар арасынан зардап шегушiлердiң болуы;
бортта қауiптi жүктердiң болуы және олардың сипаты;
әуе кемесiнiң белгiлi болған зақымдану дәрежесi;
оқиға болған ауданның қысқаша физика-географиялық сипаттамасы.
Ескерту.
Аталған хабарламалардың қайсы бiрiнiң болмауы бастапқы хабарламаның берiлуiн кiдiртпеуге тиiс.
17. Тексеру жөнiндегi комиссияның төрағасы оқиға болған жерге келген сәттен бастап 5 тәулiк iшiнде хабарламаны 16-тармақта көзделген мекен-жайларға жiбередi, келесi хабарламалар мүмкiндiгiнше мынадай ақпараттан тұруға тиiс:
оқиғаның болған күнi, уақыты, жерi, түрi, кемесiнiң үлгiсi, мемлекеттiк-тiркеудiң танымдық белгiсi және тиесiлiлiгi, әуе кемесiнiң (қозғалтқыштарының) зауыттық нөмiрi, олардың жұмыс iстеуi, соңғы рет жөнделген күнi мен орны;
авиациялық оқиға сәтiне жақын уақыт кезеңiндегi метеорологиялық жағдай (ауа райының қандай болғандығы, жерден соққан желдiң жылдамдығы мен бағыты, бұлттар саны, нысаны мен биiктiгi, көрiнулiгi, қауiптi метеорологиялық құбылыстардың болуы);
әуе кемесi командирiнiң (тексерушiнiң) аты-жөнi, оның сыныбы, ауа райының минимумы, жалпы ұшуы, соның iшiнде осы үлгiде әуе кемесiнде (содан командир ретiнде) ұшуы, экипаж құрамы (лауазымы, фамилиясы, өз аты мен әкесiнiң аты);
тапсырманың сипаты, соңғы ұшқан және баратын пункттерi көрсетiлген ұшу маршруты;
бортындағы жолаушылар саны; уақиға жағдаяттарын қысқаша сипаттау;
әуе кемесiнiң зақымдану дәрежесi;
тексеру барысында айқындалған назар аударарлық фактiлер;
шұғыл алдын алу шараларын өткiзу жөнiндегi ұсыныстар.
Ескерту.
Авиациялық техника бойынша берiлетiн ақпараттың көлемiн комиссия төрағасы айқындайды.
18. МАК-нiң ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi комиссиясы, алдын алу шаралары жөнiндегi ұсынымдарды қоса алынған ақпараттың барлық мүдделi Уағдаластыққа қатысушы-мемлекеттерге жеткiзiлуiн қамтамасыз етедi.
19. Қазақстан Республикасының ҰҚ қадағалау органы авиациялық оқиға туралы ақпараттың өз аумағына орналасқан авиакомпанияларға, әуе кемесiне иелiк ететiн кәсiпорындарға, әуе кемелерiн (қозғалтқыштарын) әзiрлеушi ұйымдарға, жасаушы кәсiпорындарға, сондай-ақ оларды жөндеушi кәсiпорындарға жедел жеткiзiлуiн қамтамасыз етедi.
V. Авиациялық оқиға болған жерге комиссия келгенге
дейiн азаматтық авиацияның лауазымды адамдарының
бастапқы iс-қимылдары
20. Авиациялық оқиға болған сәттен бастап және тексеру жөнiндегi комиссия келгенге дейiн бастапқы iс-қимылдарды жүргiзу үшiн жауапкершiлiк әуе кемесiнiң командирiне және аумағында авиациялық оқиға болған пайдаланушыға немесе авиакомпанияның, авиакәсiпорнының, азаматының авиация кәсiпорнының басшысына жүктеледi.
21. Авиациялық оқиға жағдайында аэродромнан тыс жерге қонуға мәжбүр болған әуе кемесiнiң командирi экипаж мүшелерiмен бiрге жолаушыларды эвакуациялау мен өрттi сөндiру жөнiнде iс-қимылдар жасайды. Әуе кемесiнiң жанбағанына және қауiпсiздiктiң барлық қажеттi шараларының орындалғанына көзi жеткен соң аумағында уақиға болған пайдаланушының немесе авиакомпанияның, авиакәсiпорнының, азаматтық авиация кәсiпорнының жауапты өкiлi келгенге дейiн әуе кемесiнiң командирi:
әуе кемесiн дереу толық тоқтатып тастауға (егер бұл эвакуация жүргiзуге кедергi келтiрмесе) және ұшу деректерi мен сөздердi борттық тiркегiштердiң сөндiрiлгенiне көзiн жеткiзуге;
экипаж кабинасындағы басқару пункттерiне ешкiмнiң қол сұқпауын қамтамасыз етуге және борттың тiркегiштердiң ақпарат жинағыштарының сақталуына шаралар қолдануға;
жолаушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдануға;
коммерциялық жүктелiмге және әуе кемесiнiң бортындағы басқа да нәрселерге қол сұғылмауын қамтамасыз етуге, отынның, май мен басқа да сұйық заттардың құйылып алынуына тыйым салуға;
есiктердi, жаппаларды, қақпақтарды жабуға және, мүмкiндiгiнше, сүргiштеуге;
әуе кемесiмен оқиға болған жердiң күзетiлуiн ұйымдастыруға;
болған жағдай туралы жақын маңдағы авиация органын немесе жергiлiктi үкiмет органдарын мүмкiн болғанынша тезiрек хабардар ету үшiн қолдан келетiн шаралардың бәрiн қолдануға мiндеттi.
Оқиға болған жерге авиациялық-құтқару жұмыстарының жетекшiсi келiсiмен әуе кемесiнiң командирi оған әуе кемесiнiң, ондағы заттар мен оқиға болған жердегi заттық айғақтардың одан әрi сақталуы үшiн жауапкершiлiктi табыс етедi.
Егер әуе кемесiнiң командирi денсаулығына байланысты өз мiндетiн орындай алмаған жағдайда, онда екiншi ұшқыш және экипаждың басқа да мүшелерi осы тармақта айтылған талаптарға және қалыптасқан жағдаяттарға сәйкес iс-қимыл жасауға тиiс.
22. Болған жағдай туралы хабарды алысымен және тексеру жөнiндегi комиссия келгенге дейiн авиациялық оқиға болған аумақтағы пайдаланушы немесе авиакомпанияның, авиакәсiпорнының, азаматтық авиация бөлiмшесінің басшысы:
қажет болуына қарай өзара iс-қимыл жасаушы ведомстволарды тарта отырып, iздестiру және авариялық-құтқару жұмыстарының жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi;
жолаушылар мен экипаж мүшелерiн құтқару, өрт сөндiру (немесе оны болдырмау), заттық айғақтарды сақтау жөнiнде қосымша шаралар қолданудың қажеттiгiн айқындау мақсатымен оқиға болған жерге келедi;
iшкi iстер органдарымен, қажет болған жағдайда, осы ауданда орналасқан әскери бөлiмшелермен де бiрлесе отырып, оқиға болған жердiң күзетiлуiн ұйымдастырады, әуе кемесiне және ондағы заттарға (зардап шегушiлердi қирандылар арасынан алып шығу қажет болған жағдайларды қоспағанда) қол сұғылмауын қамтамасыз етедi;
қажет болған жағдайда қаза тапқандардың әуе кемесiнiң негiзгi бөлiктерiне қатысты жерге орналасуының сызбалары жасалғаннан кейiн және оларды суретке түсiру мүмкiндiгi туған соң, қаза тапқандардың сүйектерiн жинау туралы нұсқау бередi;
экипаж мүшелерiнiң және қажет болғанда, қозғалыс қызметi диспетчерлерiнiң денсаулық жағдайына медициналық бақылау жасалуын ұйымдастырады, экипаж мүшелерiнен және ұшуды әзiрлеу мен қамтамасыз етуге жауапты лауазымды адамдардан түсiнiктеме жазбаларын алады;
борттық құжаттамалар мен оқиға болған жердегi объективтiк бақылау құралдарын сақтау жөнiнде қажеттi шаралар қолданады;
ұшуға арналған, техникалық және диспетчерлiк құжаттаманың алынуын ұйымдастырады және сақталуын қамтамасыз етедi;
сыртқы ортаның әсерiнен (мұздың еруi, әуе кемесiнiң үстiңгi қақпағының, әуе кемесiнiң жердегi өзiне тән iздерiнiң өзгерiп кетуi және т.б.) жойылып кетуi мүмкiн белгiлердi құжаттама түрiнде тiркеп алады, қажет болған жағдайда авиациялық оқиға болған жердiң мөлшерiн айқындайды;
ауа райына кезектен тыс, бақылау байқауын жүргiзедi, ал егер авиациялық оқиға аэродромнан тысқары жерде болса - онда таяудағы ААМС (Азаматтық авиациялық метеорологиялық стансалардан) және метеостансалардан метеорологиялық деректердiң жиналуын қамтамасыз етедi;
авиациялық оқиғаға тап болған әуе кемесiне май құйылған ыдыстардан (отынмен жабдықтаушылардан) май құюды тоқтатады.
Ескерту.
Алдын ала тергеу жүргiзiлетiн құқық қорғау органдарының өкiлдерi авиациялық оқиға болған жерге келген жағдайда, азаматтық авиацияның лауазымды адамдарының бұдан былайғы iс-қимылдары Қазақстан Республикасының қылмыстық iстер жүргiзу заңдарына сәйкес олардың нұсқауы бойынша жүргiзiледi.
VI. Комиссия жұмысын ұйымдастыру
23. Авиациялық оқиға туралы бастапқы хабарлама алынған сәттен бастап Қазақстан Республикасының Көлiктегi орталық атқарушы органы авиациялық оқиғаны тексеру жөнiнде комиссия құрады.
24. Авиациялық оқиғаның зардаптарына және оның себептерiн айқындаудың маңыздылығына қарай ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн тексеру мынадай үш деңгейде ұйымдастырылуы мүмкiн:
толық құрамында комиссия құрылатын тексеру, ұшу инженерлiк-техникалық, әкiмшiлiк және басқа да қажеттi қосалқы комиссиялар, есеп айырысу және талдау тобы;
толық құрамында комиссия құрылатын тексеру, бiрақ қосалқы комиссиялар, жалпы алғанда құрылмауы мүмкiн, не жұмыстың аса маңызды бағыттары бойынша ғана құрылуы мүмкiн;
қосалқы комиссиялар мен жұмыс топтарын құрмай-ақ қысқартылған құрамдағы (3-5 адам) комиссияның жүргiзетiн далалық тексеруi.
Тексерудi ұйымдастыру деңгейi туралы шешiмдi тексерудi ұйымдастыратын мемлекеттiк немесе мемлекетаралық орган немесе осындай өкiлеттiк берiлген тексеру жөнiндегi комиссияның төрағасы қабылдайды.
Комиссия төрағадан, төраға орынбасарынан және комиссия мүшелерiнен тұрады. Комиссия жұмысына тартылған мамандар қосалқы комиссиялар мен жұмыс топтарының құрамына кiре алады немесе сарапшылар ретiнде пайдаланыла алады.
Комиссия құрамына МАК-нiң ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi комиссиясының өкiлдерi, көлiктегi орталық атқарушы органның, авиакомпаниялардың, авиакәсiпорындарының, авиация техникасын әзiрлеушiлердiң (КББ), авиация техникасын жасаушы-зауыттардың басшы құрамы мен жетекшi мамандары кiредi.
Тексеру жөнiндегi комиссияның мәжiлiстерiне Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары өкiлдерiнiң қатысуға құқығы бар.
Авиация техникасының iстен шығуына (кемiстiгiне) байланысты авиациялық оқиғаларды тексеру жөнiндегi комиссияның құрамына өнеркәсiптiң және әуе кемесi (қозғалтқышы) соңғы рет жөндеуден өткен жөндеу кәсiпорнының жауапты өкiлдерi мiндеттi түрде енгiзедi. Егер әуе кемесi шетел мемлекетiнде жасалған немесе жөнделген жағдайда сол мемлекеттердiң уәкiлдiгi бар өкiлдерi комиссия жұмысына МАК арқылы тартылады.
Комиссия жұмысын ҰҚ қадағалау органының бастығы бақылайды.
Авиациялық оқиғаға тексеру жүргiзудiң ұзақтығы 30 тәулiктен аспауға тиiс.
Егер оқиғаның себептерiн айқындау үшiн арнайы зерттеулер жүргiзу қажет болып, оны көрсетiлген мерзiмде аяқтау мүмкiн болмаса, онда комиссия төрағасының өтiнiшi бойынша көлiктегi орталық атқарушы органның басшысы тексеру мерзiмiн ұзарта алады.
25. Авиациялық оқиғаға тексеру жүргiзу жөнiндегi комиссияның:
авиациялық оқиғаға тап болған әуе кемесiн, оның құрамдас бөлiктерiн, әуе кемесiнiң бортында болған кез келген басқа да затты, немесе кiмге тиесiлi екенiне қарамастан, одан тысқары жерден авиациялық оқиғаға тартылған затты тексеруге;
ғылыми-зерттеу және конструкторлық ұйымдарына, өнеркәсiп кәсiпорындары мен жөндеу кәсiпорындарына авиациялық оқиғаны тексеруге байланысты арнайы зерттеулер жүргiзудi тапсыруға;
ғылым мен техниканы арнайы салаларындағы бiлiмдi талап ететiн нақтылы мiндеттердi шешу үшiн кәсiпорындар мен ұйымдардың қызметкерлерiн олардың басшыларының келiсiмi бойынша тексеру жөнiндегi комиссиялардың жұмысына сарапшылар ретiнде тартуға;
оқиға болған жердегi жұмыстарға кез келген ұйымдардың күштерi мен техникалық құралдарын тартуға;
авиациялық оқиғаның басы-қасында болғандардан, оған қатысы бар немесе қатысы бола алатын кез келген адамдардан сұрауға;
әуе кемесiн құрудың, сынаудың, жасаудың, пайдалану мен жөндеудiң барлық аспектiлерiн зерделеуге, әуе кемесiнiң иелерiнен, лауазымды адамдар мен тиiстi ұйымдардан осы авиациялық оқиғаға байланысты мәселелер жөнiндегi құжаттар мен материалдарды талап етуге және алуға құқығы бар.
26. Тексерудiң негiзгi әдiстемелiк және ұйымдастырушылық мәселелерi жөнiндегi шешiмдi комиссия қабылдайды, бұл ретте дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының түпкiлiктi шешiм жасауға құқығы бар. Қабылданған шешiммен келiспеген комиссия мүшесiнiң мәжiлiс хаттамасына өзiнiң айрықша пiкiрiн жазуға құқығы бар.
27. Авиациялық оқиғаны тексеру көпфакторлық принцип бойынша жүргiзiледi. Бұл ретте авиациялық оқиғаның барысына терiс әсер еткен барлық факторлар айқындалуға, зерделену мен талдануға жатады.
28. Заттық айғақтамалар жинауға (борттық және жер үстiндегi өздiгiнен жазатындарды, әуе кемесi конструкциясының элементтерiн алуға, қаза тапқандарды тануға, куәлардан сұрауға) жiберiлген комиссиялардың, қосалқы комиссиялар мен жұмыс топтарының мүшелерiнiң iс-қимылы алдын ала тергеу жүргiзушi құқық қорғау органы өкiлiнiң рұқсатымен жүргiзiлуге тиiс.
29. Комиссия жұмысының қорытынды құжаты қосалқы комиссиялардың, жұмыс топтарының материалдарын, зерттеулер нәтижелерiн, сондай-ақ комиссияның қолында бар басқа да ақпаратты ескере отырып жасалатын түпкiлiктi есеп болып табылады.
Түпкiлiктi есептi жасаудың негiзгi мақсаты тексеру барысында айқындалған авиациялық оқиға жағдаяттарын, фактiлерiн, себептерiн және комиссия әзiрлеген ұсынымдарды негiздеу болып табылады.
30. Түпкiлiктi есепке төраға және комиссияның барлық мүшелерi қол қояды.
Мазмұны бойынша келiспеушiлiктер бола қалған жағдайда түпкiлiктi есеп комиссия төрағасы ұсынған нұсқада әзiрленедi. Түпкiлiктi есептiң мазмұнымен келiспеген комиссия мүшесi оған "ерекше пiкiрдемiн" деген белгiмен қол қояды. Ерекше пiкiр келiспеушiлiктiң нақты дәлелiн көрсетiп және оны негiздей отырып, сондай-ақ ұсынатын тұжырымдамасымен жазбаша түрде баяндалады.
Қосалқы комиссиялар мен жұмыс топтарының есептерiн жасау мен оларға қол қою кезiнде де осындай тәртiп сақталуға тиiс.
31. Авиациялық оқиғаны тексеру жөнiндегi комиссияның төрағасы түпкiлiктi есептi комиссия тағайындаған басшының бекiтуiне баяндайды.
Тексерудiң түпкiлiктi есебiне ерекше пiкiр болған жағдайда тексеру жөнiндегi комиссия өз мәжiлiсiнде мiндеттi түрде хаттама жасай отырып, ерекше пiкiрдi қарайды.
Түпкiлiктi есептi бекiткен адам ерекше пiкiр бойынша да шешiм қабылдайды.
Мемлекетаралық авиация комитетiнiң комиссиясы жүргiзген тексерудiң түпкiлiктi есебi сол авиациялық оқиға бойынша шешiмдер қабылдау үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұсынылады.
Комиссияның түпкiлiктi есебi бекiтiлген күн тексерудiң аяқталған күнi болып есептеледi. Бастапқы хабарлама берiлген сәт тексерудiң басталуы деп саналады.
32. Авиациялық оқиғаны тексеру материалдары (қосалқы комиссиялардың, жұмыс топтарының есептерi қосылған және оларға қоса берiлген материалдар тексерудiң түпкiлiктi есебi) бекiтiлген сәттен бастап 10 күн мерзiм iшiнде:
алдын ала тексеру жүргiзген (егер ол жүргiзiлсе) құқық қорғау органына;
авиациялық оқиғаны тексеруге қатысқан барлық мүдделi мемлекеттердiң мемлекеттiк тексеру органдарына;
Ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi комиссияға;
әуе кемесiн әзiрлеушi КББ-ға;
авиакомпанияға, кәсiпорынға, әуе кемесi иелiгiне жататын жеке тұлғаға жiберiледi.
Бекiтiлген тексерiс материалдарының көбейтiлуi мен дер кезiнде жiберiлуi үшiн жауапкершiлiк әуе кемесiн пайдаланушыға немесе авиакомпанияға, авиакәсiпорнына, аумағында оқиға болған азаматтық авиация бөлiмшесiне жүктеледi.
Ескерту.
Чикаго конвенциясына 13-қосымшаға сәйкес, аталғандардан басқа, Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымына (ИКАО) ең көп ұшу салмағы 2250 кг-нан асатын әуе кемелерiмен болған авиациялық оқиғалар жөнiнде ақпараттың мынадай түрлерi:
алдын ала есеп;
ақпараттық есеп;
түпкiлiктi есеп берiлуге тиiс.
Аталған есептердi тексеру жүргiзушi мемлекеттiк немесе мемлекетаралық орган әзiрлеп, Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымына жiбередi.
Есептер жасаудың тәртiбi мен әдiстемесi ИКАО ұсынған және Көлiктегi орталық атқарушы орган бекiткен нысан бойынша жүзеге асырылады.
VII. Тосын оқиғаларды тексеру
33. Тосын оқиғаларды тексеру авиация-көлiк жүйесiнiң қалыпты жұмыс iстеуiнен ауытқуды анықтауға әрi бұл ауытқуларды авиациялық оқиғаға жеткiзбей жою жөнiнде шаралар қолдануға мүмкiндiк беретiн авиациялық оқиғалардың алдын алудың неғұрлым тиiмдi құралы болып табылады.
Тосын оқиғалар туралы құлақтандыру мен хабарландыру
34. Тосын оқиға болып қалған жағдайда Қазақстан Республикасы авиакомпанияларының, авиакәсiпорындарының, азаматтық авиация ұйымдарының тиiстi қызметi екi сағат iшiнде бастапқы хабарламаны ҰҚ қадағалау органына, Ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi комиссияға, барлық мүдделi мемлекеттер мен тараптарға бередi, сондай-ақ болған жағдай туралы азаматтық авиация авиакомпаниясының ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi инспекциясын және әуе кемесiнiң меншiк иесiн хабардар етедi.
Хабарлама телеграфтық байланыс желiсi бойынша берiледi.
Әрбiр авиакомпанияда, авиакәсiпорында тосын оқиға туралы ақпаратты дайындау мен беру, тексеру жөнiндегi комиссия келгенге дейiнгi бастапқы iс-қимылдарды жүргiзу кезiндегi нақты лауазымды адамдардың мiндетi мен жауапкершiлiгiн айқындайтын нұсқаулық әзiрленуге тиiс.
35. Бастапқы хабарлама мынадай ақпаратты қамтуға тиiс:
күнi, уақыты (жалпыеуропалық) және тосын оқиға болған жер;
әуе кемесiнiң тиесiлiлiгi, үлгiсi мен танымдық белгiсi;
әуе кемесi командирiнiң аты-жөнi (тексерушiнiң және оның лауазымы);
рейс нөмiрi, ұшу маршруты, соңғы ұшқан аэродром, орындалған тапсырма;
тосын оқиға жағдаятты, iстен шығудың сырттай көрiнiсi (егер ол орын алса);
тосын оқиға болу сәтiне жақын уақыт кезеңiндегi метеорологиялық жағдай жердегi желдiң жылдамдығы мен бағыты, көрiнулiгi, бұлттың төменгi шекарасының биiктiгi, жауын-шашын мен қауiптi құбылыстардың болуы;
тексеру жөнiндегi комиссия жұмыс iстейтiн географиялық пункттiң атауы.
Ескерту.
"Аэротранс" азаматтық авиациясының Өндiрiстiк-диспетчерлiк қызмет көрсету орталығы (АА ӨДҚО) арқылы берiлетiн ақпарат барынша жедел ақпарат болып табылады.
Комиссия жұмысын ұйымдастыру
36. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық авиацияның әуе кемелерiмен болған тосын оқиғаларды көлiктегi орталық атқарушы орган басшысы тағайындаған комиссия тексередi.
Көлiктегi орталық атқарушы органның тапсыруы бойынша тексерудi аумағында оқиға болған пайдаланушылар немесе авиакомпаниялардың, авиакәсiпорындардың, азаматтық авиациялар бөлiмшелерiнiң басшылары жүргiзедi.
37. Тосын оқиғаларды тексеру жөнiндегi комиссияның құрамына:
аумағында тосын оқиға болған азаматтық авиация авиакомпанияларының, авиакәсiпорындарының өкiлдерi;
әуе кемесiн пайдаланушының (меншiк иесiнiң) өкiлдерi;
мүдделi мемлекеттердiң өкiлдерi кiредi.
38. Авиатехникасының iстен шығуына байланысты тосын оқиға туралы бастапқы хабарламаны алысымен әуе кемесiн (қозғалтқышын, жинақтаушы бұйымдарды) әзiрлеушi мен жасаушының өкiлдерi, соңғы рет жөндеу жүргiзiлген жөндеу кәсiпорнының өкiлдерi ҰҚ қадағалау органына, аумағында тосын оқиға болған авиакомпаниясының, авиакәсiпорнының басшысына хабарламаны алған сәттен бастап 12 сағат iшiнде, шығатын уақытын көрсете отырып, тексеруге қатысатыны туралы хабар бередi.
Хабар оның барынша жедел берiлуiн қамтамасыз ететiн байланыс желiлерi бойынша жіберiледi.
39. Комиссияны мүдделi мемлекеттер мен тараптардан алынған хабарларды ескере отырып ҰҚ қадағалау органы құрады.
Өнеркәсiп, жөндеу кәсiпорындары мен басқа да мүдделi тараптар өкiлдерiнiң тексеруге қатысатындығы туралы 48 сағат iшiнде хабар алынбаған немесе мұндай хабар бар, бiрақ аталған өкiлдер бастапқы хабарлама берiлген сәттен бастап үш тәулiк iшiнде келмеген жағдайда тексеру олардың қатысуынсыз жалғастырылады. Аталған мерзiм бiткенге дейiн тексеру жөнiндегi комиссияның төрағасы тосын оқиғаның себептерi туралы ақпараттың жойылып кетуiне әкеп соғатын iс-қимылдар жасаудан (қозғалтқыштарды, жүйелер мен агрегаттарды iске қосу және байқап көру, оларды бөлшектеу, зерттеу және т.б.) тартынуға тиiс.
40. Тосын оқиғаны тексеру жөнiндегi комиссияның жұмысы да авиациялық оқиғаны тексеру жөнiндегi комиссияның жұмысына қолданылатын принциптер бойынша ұйымдастырылады. Тексеру мерзiмiн қысқарту мақсатында тосын оқиғаны тексеру жөнiндегi комиссияның қосалқы комиссияларсыз және жұмыс топтарынсыз жұмыс жұмсауына рұқсат етiледi.
41. Қажет болған жағдайда тосын оқиғаны тексеру үшiн министрлiктердiң, ведомстволардың, кәсiпорындар мен ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң мамандарын қосымша шақыру ҰҚ қадағалау органы, Ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi комиссия арқылы жүзеге асырылады.
42. Егер тексеру барысында тосын оқиғаның себебi авиация техникасының iстен шығуынан (ақаулығынан екендiгi) iстен шыққан агрегатты (бөлшектi) ауыстырумен жөнге келетiнi шүбәсiз айқындалған жағдайда тосын оқиғаны тексеру жөнiндегi комиссияның төрағасы iстен шыққан агрегатты (бөлшектi) ауыстыруға және өнеркәсiп, жөндеу кәсiпорны өкiлдерiнiң және әуе кемесiнiң иесi келгенге дейiн белгiленген тәртiппен әуе кемесiнiң iске қосылуына рұқсат бере алады. Iстен шыққан агрегат (бөлшек) өкiлдер келгенге дейiн сақталады.
Әуе кемесiнiң iске қосылуын белгiленген тәртiппен инженерлiк-авиациялық қызмет жүзеге асырады.
Iстен шыққан агрегаттар зерттеуге жiберiлетiн болса, онда әуе кемесiн iске қосуға рұқсатты тосын оқиғаны тексеру жөнiндегi комиссия бередi. Комиссия шешiмi хаттамамен рәсiмделедi.
43. Тосын оқиғаны тексерудiң нәтижелерi бойынша комиссияның түпкiлiктi есебi жасалады, оны комиссия тағайындаған адам бекiтедi.
Түпкiлiктi есепке мыналар қоса берiледi:
ұшу параметрiн, авиатехника жұмысын, экипаждың ауытқу болғанға дейiнгi, оны жойғанға дейiнгi немесе ұшу аяқталғанға дейiнгi 1 минут уақыт сәтiндегi iс-қимылын сипаттайтын барлық тiркемелiк параметрлерi бойынша қажеттi белгiленген деректерi бар борттық тiркегiштердiң осциллограммалық жазбалары;
авиатехниканы зерттеу нәтижелерi;
егер олар тосын сипатын түсiндiрсе, борттың және жер үстiлiк магнитофондар жазбаларынан көшiрiмдер;
"Қауiпсiздiк" МАБЖ-нiң нысандандырылған есебi (Ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi комиссияға жiберiлетiн данаға ғана қосылады);
түсiндiрме жазбалары.
44. Тосын оқиғаны тексерудiң бекiтiлген түпкiлiктi есебi қосымшаларымен бiрге бекiтiлген сәттен бастап үш тәулiк iшiнде.
Ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi комиссияға;
ҰҚ қадағалау органына;
әуе кемесiн әзiрлеушiге - КББ-ге;
азаматтық авиацияның авиакомпаниясына, авиакәсiпорнына - әуе кемесiн пайдаланушыға (меншiк иесiне) жiберiледi.
Материалдардың бiр данасы аумағында тексеру жүргiзiлген Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы авиакомпаниясының, авиакәсiпорнының, сондай-ақ әуе кемесi иесiнiң (пайдаланушының) iс қағаздарында қалады.
Тосын оқиғаларды тексеру материалдары кемiнде екi жыл сақталады. Объективтiк бақылау құралдары ақпаратының жазылымдары тексерудiң түпкiлiктi есебi бекiтiлгеннен кейiн авиакәсiпорнында алты ай бойы сақталады.
45. Тексеру материалдарын ресiмдеу мен жiберу - соның негiзiнде тексеру жүргiзiлген азаматтық авиацияның авиакомпаниясына, авиакәсiпорнына, ал қажеттi зерттеулердi ұйымдастыру - әуе кемесiн пайдаланушыға жүктеледi.
46. Бастапқы хабарламаны беру сәтiнен бастап, тексерудiң түпкiлiктi есебiн бекiткенге дейiн есептелетiн тосын оқиғаны тексерудiң жалпы мерзiмi он тәулiктен аспауға тиiс.
Қосымша зерттеулер жүргiзу қажет болған жағдайда ҰҚ қадағалау органы бастығының рұқсатымен тексеру мерзiмiн ұзартуға жол берiледi.
47. ҰҚ қадағалау органы тосын оқиғаларды тексеру нәтижелерiн мүдделi кәсiпорындарға, авиакомпаниялар мен мемлекеттерге жеткiзудi қамтамасыз етедi.
48. Тосын оқиғаны тексеру кезiнде авиация техникасы субъектiлерiн зерттеудi, әдетте, авиакәсiпорындар негiзiнде тексеру жөнiндегi комиссия жүзеге асырады. Iстен шығу себебi конструкторлық-өндiрiстiк кемшiлiктен немесе қанағаттанғысыз жөнделген деп танылған авиатехника объектiлерiн бөлшектеу мен зерттеу, тиiсiнше қатысуымен жүргiзiлуге тиiс.
Бұл ретте аталған өкiлдерге зерттеулердi пайдаланушы кәсiпорындарында болмайтын қажеттi арнаулы құралмен және жабдықпен қамтамасыз ету жүктеледi.
49. Тосын оқиғаларды тексеру материалдарын ресiмдеу iстен шыққан авиатехниканы зерттеу нәтижелерi ескерiле отырып жүргiзiледi. Зерттеу қорытындылары ескерiлмей материалдарды бекiтуге және жiберуге тыйым салынады.
VIII. Ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi ұсынымдар
50. Ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi ұсынымдарды әзiрлеу, қарау мен жүзеге асыру жүйесi авиациялық оқиғаларды болдырмаудың неғұрлым тиiмдi құралы болып табылады, ол нақтылы ұшу кезiндегi авиациялық-көлiк жүйесi қызметiнiң ерекшелiктерiн тексеру жөнiндегi комиссиялардың тиянақты және жан-жақты бағалауына, әуе кемесiндегi аварияға талдау жасау кезiнде ұшу қауiпсiздiгiне терiс әсер ететiн факторлардың көрiнiс табуының жалпы заңдылықтарын талдауға негiзделедi.
51. Ұсынымдар әзiрлеудiң негiзгi көздерi:
авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларды тексерудiң нәтижелерi:
ұшу қауiпсiздiгiнiң жай-күйiне жалпы және арнайы талдау жасау кезiнде алынған деректер;
авиакомпанияда, авиакәсiпорында әуе кемелерiн пайдалану жөнiндегi авариясыз жұмыстың жинақталған тәжiрибесi болып табылады.
52. Ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi ұсынымдарды:
авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларды тексеру жөнiндегi комиссияларға;
ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi ақпаратты қорыту мен талдауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарға;
Ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi комиссияға;
әуе кемесiн (қозғалтқышын) әзiрлеушi - КББ әзiрлейдi және бұлар азаматтық авиация қызметiн мемлекеттiк реттеу, өнеркәсiп және Уағдаласушы мемлекеттердiң әуе көлiгiнiң қызметiн қамтамасыз ететiн басқа да салалар органдарына, сондай-ақ тиiстi кәсiпорындар мен ұйымдарға жiберiледi.
53. Ұсынымдарды жүзеге асыру құзыретiне енетiн мемлекеттiк органдар, кәсiпорындар мен ұйымдар 90 күн iшiнде оларды қарайды және ұсынымды әзiрлеушiге қабылданған шешiм туралы хабарлайды.
54. Орындауға қабылданған ұсынымдар шаралардың жоспарларын жасау немесе басқа да өкiмдiк әкiмшiлiк құжаттар (бұйрықтар, нұсқаулар және т.б.) арқылы жүзеге асырыла алады.
IХ. Авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғалар
жөнiндегi ақпаратты есепке алу және талдау
55. Әрбiр авиациялық оқиға мен тосын оқиға ҰҚ қадағалау органының, сондай-ақ әуе кемелерi иелерiнiң - авиациякомпаниялардың, кәсiпорындар мен бөлiмшелердiң есепке алуына жатады.
56. Алдын ала шаралар қолдану жүйесiнiң негiзi болып табылатын ұшу қауiпсiздiгi бойынша мемлекетаралық ақпарат алмасуды қамтамасыз ету мақсатында Ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi комиссия деректердiң бiрыңғай банкi негiзiнде барлық Уағдаласушы мемлекеттердiң азаматтық авиациясы бойынша авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғалар туралы ақпаратты жалпы есепке алады және оған талдау жасайды.
Деректердiң бiрыңғай банкiн жүргiзудi қамтамасыз ету үшiн ҰҚ қадағалау органы осы Ережеге сәйкес Ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi комиссияға уақиғалар туралы бастапқы ақпаратты, тексеру барысы туралы (соның iшiнде ұсынылған шұғыл алдын алу шаралары туралы да) жедел ақпаратты, авиациялық оқиғаларды және тосын оқиғаларды тексеру материалдарын бередi.
57. Ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi ақпаратты қорыта есепке алу мен талдау негiзiнде Ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi комиссия ҰҚ қадағалау органына:
ұшу қауiпсiздiгiн арттыруға бағытталған шаралар жөнiнде ұсынымдары бар Уағдаласушы мемлекеттердiң азаматтық авиациясындағы ұшу қауiпсiздiгiнiң жай-күйi жылдық талдауды;
Келiсiмге қатысушы барлық мемлекеттердiң азаматтық авиациясы бойынша авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғалар туралы жедел ақпараты бар ұшу қауiпсiздiгiнiң жай-күйi жөнiндегi ақпараттық (ай сайынғы) бюллетеньдi, аяқталған тексерулер жөнiндегi қысқаша материалдарды, авиациялық оқиғаларды болдырмау жөнiндегi ұсынымдарды;
тексеру барысында және ол аяқталғаннан кейiн комиссиялар ұсынған шұғыл шаралар туралы консультациялық ақпаратты;
авиациялық оқиғаларды болдырмау тұрғысында неғұрлым маңызды және айрықша назар аударарлық материалдар енгiзiп, жыл бойы тексерiлген уақиғалар жөнiндегi есептердiң реферативтiк жинағын;
ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң нақтылы, неғұрлым келелi проблемалар, бұл саладағы шетелдiк тәжiрибенi қорыту жөнiндегi талдауларды;
Қазақстан Республикасы мемлекеттiк тергеу органының сұратуы бойынша авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғалар туралы Ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi комиссияның қолында бар басқа да ақпаратты әзiрлеп, жiбередi.
58. Ұшу қауiпсiздiгi бойынша жинақталған тәжiрибе мен ақпаратты талдау негiзiнде ҰҚ қадағалау органы әрбiр авиакомпанияға:
ұшу қауiпсiздiгi жай-күйiнiң жылдық және жарты жылдық талдауларын;
Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы ұшу қауiпсiздiгiнiң жай-күйі жөнiндегi ақпараттық (ай сайынғы) бюллетеньдi;
авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларды тексеру жөнiндегi комиссиялар ұсынған шұғыл шаралар туралы ақпаратты әзiрлеп, жiбередi.