Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 20 желтоқсандағы N 2697 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі N 339-IV Заңымен.

      Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы


      МАЗМҰНЫ

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2010.07.15 N 339-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 111-баптан қараңыз) Заңымен.
      Ескерту. Актiнiң нысаны және тақырыбы өзгерді, кiрiспе алып тасталды, мәтiнде "тарау" деген сөздiң алдындағы "I - XV" деген цифрлар тиiсiнше "1 - 15" деген цифрлармен ауыстырылды, "Жарлықты", "Жарлықта", "Жарлықпен", "Жарлық", "Жарлықтың" деген сөздер тиiсiнше "Заңды", "Заңда", "Заңмен", "Заң", "Заңның" деген сөздермен ауыстырылсын; "әуе қозғалысына қызмет көрсетушi органдар", "әуе қозғалысына қызмет көрсетушi органның", "әуе қозғалысына қызмет көрсетушi орган", "әуе қозғалысына қызмет көрсетушi органға" деген сөздер тиісінше "аэронавигациялық ұйымдар", "аэронавигациялық ұйымның", "аэронавигациялық ұйым", "аэронавигациялық ұйымға" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

1 тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Авариялық-құтқару жұмыстары - ол жапа шеккендерге дер кезiнде көмек көрсетуге бағытталған iс-шаралар кешенi.

      Авиакомпания - азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушының қолданыстағы сертификаты бар заңды тұлға.

      Авиация қауiпсiздiгi - ол авиация қызметiне заңсыз қол сұғу актiлерiнiң алдын алу және оларды болдырмау арқылы қамтамасыз етiлетiн авиацияның қалыпты және қауiпсiз қызметi.

      Авиация қызметiне заңсыз қол сұғу - авиацияның қалыпты және қауiпсiз қызметiне қол сұғу арқылы адамдардың бақытсыз жағдайға ұшырауына, материалдық зиян шегуге, әуе кемесiнiң күшпен басып алынуына немесе қуылып кетуiне әкеп соқтыратын немесе осындай зардаптардың туындау қаупiн төндiретiн құқыққа қарсы әрекет немесе әрекетсiздiк.

      Авиациялық жұмыстар - жеке шаруашылық салаларындағы (ауыл шаруашылығындағы, құрылыстағы, экспедициялар мен тағы басқаларға қызмет көрсетудегi) тапсырыс берушiлердiң технологиялық және өндiрiстiк процестерiн қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ эксперименттiк және ғылыми-зерттеу жұмыстарын, санитарлық және табиғатты қорғау iс-шараларын жүргiзу, халыққа медициналық көмек көрсету, табиғи зiлзала, авариялар мен апаттар зардаптарын жою үшiн авиация құралдарымен атқарылатын мамандандырылған операциялар.

      Авиациялық оқиға - әуе кемесi ұшуды орындау мақсатында пайдаланылған кезде осы әуе кемесiнiң, оның экипажының, басқа авиация қызметшiлерiнiң қалыпты қызмет атқару жағдайының бұзылуына байланысты немесе сыртқы жағдайлардың әсерiне байланысты туындаған және адамдардың қаза табуына, елеулi зақымдарға, әуе кемесiнiң қирауына немесе мүлдем iстен шығуына әкеп соқтыратын оқиға.

      Авиациялық тосын оқиға - ұшуды орындау мақсатында әуе кемесi пайдаланылған кезде осы әуе кемесiнiң, оның экипажының, басқа авиация қызметкерлерiнiң қалыпты қызмет атқаруының бұзылуына байланысты немесе сыртқы жағдайлардың әсерiне байланысты туындаған, бiрақ авиациялық уақиғаға әкеп соқтыра қоймаған оқиға.

      Авиация сала ретiнде - ол қызметi әуе кемелерiнiң көмегiмен адамға жағдай жасауға және оның әуе кеңiстiгiн пайдалануына бағытталған ұйымдардың барлық түрi.

      Қазақстан Республикасының авиациясы эксперименттiк, мемлекеттiк және азаматтық авиация болып бөлiнедi.

      Азаматтық авиация - эксперименттiк авиация мен мемлекеттiк авиация құрамына кiрмейтiн және мынадай мақсаттарда:

      а) жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүктер мен почтаны тасымалдауда (әуе тасымалдары);

      б) авиациялық жұмыстарды орындауда;

      в) оқытып-үйрету, спорттық, мәдени-ағарту iс-шараларын жүргiзуде, техникалық шығармашылықты дамытуда;

      г) әуе кемесiн пайдаланушының жеке қажеттерiн қанағаттандыруда;

      д) iздестiру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуде, табиғи зiлзала болған жағдайларда жәрдем көрсетуде пайдаланылатын авиация.

      Көрсетiлген мақсаттарда ақы алу немесе жалдау бойынша пайдаланылатын азаматтық авиация коммерциялық авиация деп танылады.

      Жеке және заңды тұлғалардың меншiгiнде болатын әрi көрсетiлген мақсаттарда ақысыз және жалдаусыз пайдаланылатын азаматтық авиация жалпы мақсаттағы авиация деп танылады.

      Азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушының сертификаты - азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушыларды сертификаттау ережелерiнде белгiленген талаптарға пайдаланушының сәйкестiгiн куәландыратын, уәкiлеттi орган берген құжат.

      Апатқа ұшыраған әуе кемесi - ұшып көтерiлген, қонған немесе құлаған кезде қатты зақымдалған, немесе толық қираған әуе кемесi, сондай-ақ амалсыздан аэродромнан тысқары жерге қонған әуе кемесi.

      Аса жеңiл авиация - ең үлкен массасы екi мың жетi жүз килограмнан аспайтын аса жеңiл ұшу аппараттарын, спорттық мақсаттағы және әуесқойлық конструкциядағы басқа да әуе кемелерiн, аэростаттық аппараттар мен көмекшi құрылғыларды пайдаланатын азаматтық авиация.

      Аэродром - әуе кемелерiнiң ұшып-көтерiлуiн, қонуын, рульдеуiн, аялдауын және оларға қызмет көрсетiлуiн қамтамасыз ету үшiн арнайы әзiрленiп, жабдықталған жер немесе су учаскесi.

      Аэродром жарамдылығының сертификаты - аэродромдарды пайдалану жарамдылығының нормаларына аэродромның сәйкестiгiн куәландыратын, уәкiлеттi орган берген құжат.

      Аэронавигациялық ұйым - әуе қозғалысына қызмет көрсетудi жүзеге асыратын, аэронавигациялық және метеорологиялық ақпаратпен қамтамасыз ететiн ұйым.

      Әуежай - әуе кемелерiн қабылдау мен жөнелтуге, әуе тасымалдарына қызмет көрсетуге арналған және осы мақсаттар үшiн аэродромы, аэровокзалы, басқадай ғимараттары, сондай-ақ қажеттi жабдықтары бар құрылыстар кешенi.

      Әуежайдың бақыланатын аумағы - әуежайдың, аэродромның ұшуды аэронавигациялық қамтамасыз ету объектiлерiнiң жұмыс алаңы және кiрудi авиациялық қауiпсiздiк қызметi бақылайтын жанасып жатқан аумақ, қызметтiк ғимараттар, құрылыстар, қоймалар.

      Әуежай қызметi - жеке және заңды тұлғалар әуе тасымалдарын, әуежайларда авиациялық қауiпсiздiк пен ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты жүзеге асыратын қызмет.

      Әуе жолы - әуе кемелерiнiң ұшуына арналған және әуе қозғалысын басқару жүйесiнiң аэронавигациялық құрылғылармен бақыланатын дәлiз түрiндегi әуе кеңiстiгi.

      Әуе кемесi - жер (су) бетiнен шағылысқан ауамен өзара әрекеттесуден өзгеше ауамен өзара әрекеттесу есебiнен атмосферада қалықтайтын ұшу аппараты.

      Әуе кемесiмен жалданушы (фрахтовщик) - бiр сапарда немесе бiрнеше сапарда жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүктердi, почтаны тасымалдау және басқа мақсаттар үшiн бiр немесе бiрнеше әуе кемесiнiң толық сыйымдылығын немесе сыйымдылығының бiр бөлiгiн ақысын алып екiншi жаққа (әуе кемесiн жалдаушыға) беретiн әуе тасымалдаушысы.

      Әуе кемесiн жалдаушы (фрахтователь) - бiр немесе бiрнеше сапарда жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүктердi, почтаны тасымалдау немесе басқа мақсат үшiн бiр немесе бiрнеше әуе кемесiнiң толық сыйымдылығын немесе сыйымдылығының бiр бөлiгiн ақысын алып жалға беруге әуе тасымалдаушысымен тиiстi шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға.

      Әуе кемесiнiң ұшуы - ұшып көтерiлу алдындағы зымыраудан (тiк көтерiлген кезде - жер немесе су бетiнен ажыраудан) бастап зымырауының соңына (ұшып-қону алаңын аялдаусыз босатуына) дейiнгi немесе тiк қонған кезде жер (су) бетiне табан тiрегенге дейiнгi жер (су) бетiмен және әуе кеңiстiгiнде әуе кемесiнiң қозғалып жүруi.

      Әуе навигациясы - бағдарламалық траектория бойынша әуе кемесiн ұшыру туралы қолданбалы ғылым.

      Әуе тасымалдаушысы - көлiк құралдарын иеленуге меншiк құқығы немесе өзге де заңды негiздерi бар, ақысы төленетiн немесе жалдау бойынша жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүктердi және почтаны тасымалдау жөнiнде қызмет көрсететiн әрi осыған белгiленген тәртiппен берiлген тиiстi рұқсаты бар жеке немесе заңды тұлға.

      Бiртұтас авиациялық iздестiру-құтқару қызметi (БАIҚҚ) - иелiгiнде әуе кемелерi бар министрлiктердiң, ведомстволар мен авиакомпаниялардың авиациялық iздестiру және құтқару қызметтерi, авиациялық-құтқару және парашюттiк қызметтерi.

      Жолаушы - тасымалдаушымен жасалған шартқа сәйкес әуе көлiгiн пайдаланатын кез келген тұлға.

      Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгi - Қазақстан Республикасының құрлықтық және сулы аумағының, оның iшiнде аумақтық суларының үстiндегi әуе кеңiстiгi.

      Қатер төнген әуе кемесi - өзiне немесе оның бортындағы адамдарға тiкелей қауiп төнген не онымен радиобайланысы үзiлген және тұрған жерi беймәлiм әуе кемесi.

      Мемлекеттiк авиация - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң, Iшкi iстер министрлiгi Iшкi әскерлерiнiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң қарамағындағы, сондай-ақ Үкiметтiң шешiмi бойынша басқа да мемлекеттiк органдарының қарамағында болатын авиация.

      Навигациялық жүйелер - жұмыс iстеу принциптерi әр алуан бiрнеше борттық құрылғылардың, сондай-ақ борттағы және жердегi жабдықтарды бiрлесе пайдалануға негiзделген құралдардың жиынтығы болып табылатын навигациялық құралдар.

      Навигациялық құралдар - ұшақты ұшыру мақсатында қажеттi ақпарат алып отыруға мүмкiндiк беретiн арнайы техникалық құрылғылар.

      Пайдаланушы - әуе кемелерiн пайдаланумен айналысатын немесе осы салада өзiнiң қызметiн ұсынатын жеке немесе заңды тұлға.

      Тексеру жүргiзу - авиациялық оқиғаларды болдырмау мақсатында оқиға себебiн анықтау мен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi ұсынымдарды қоса алғанда, ақпарат жинау мен талдауды, қорытындылар әзiрлеудi қамтитын процесс.

      Уәкiлеттi орган - өз құзыретi шегiнде азаматтық авиация саласындағы мемлекеттiк саясатты, азаматтық және эксперименттiк авиация қызметiн мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды, үйлестiру мен реттеудi және Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттiк басқару органы.

      Ұшу жарамдылығының нормалары - әуе кемелерiнiң конструкциясына, параметрлерi мен ұшу сапасына және олардың ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған компоненттерiне қойылатын талаптар.

      Ұшу жарамдылығының сертификаты - уәкiлеттi орган үлгi сертификаты негiзiнде берген, азаматтық әуе кемесiнiң ұшу жарамдылығының нормаларына сәйкестiгiн куәландыратын құжат.

      Үлгi сертификаты - әуе кемесiнiң, авиациялық двигатель үлгiсiнiң және жаңа үлгiдегi әуе винтiнiң ұшу жарамдылығының нормаларына сәйкестiгiн растайтын, уәкiлеттi орган берген құжат.

      Халықаралық әуежай - iшiнде кедендiк, шекаралық және санитарлық-карантиндiк бақылаулар ұйымдастырылып, халықаралық әуе тасымалдарын қамтамасыз ететiн әуежай.

      Халықаралық әуе тасымалы - тасымалдау жұмысын атқарған кезде, тасымалдауда немесе қайта тиеуде үзiлiстiң болған-болмағандығына қарамастан, жөнелтiлу пунктi мен бару пунктi:

      а) екi немесе одан да көп мемлекет аумағында орналасқан;

      б) егер екiншi мемлекет аумағында аялдау көзделсе, бiр мемлекет аумағында орналасқан әуе тасымалы.

      Халықаралық ұшу - әуе кемесi шет ел мемлекетi шекарасын кесiп өту кезiндегi әуе кемесiнiң ұшуы.

      Чартерлiк шарт - әуе кемесiмен жалданушы және әуе кемесiн жалдаушы арасында жасалатын әуе кемесiн жалдау шарты.

      Эксперименттiк авиация - авиация және басқа техника саласында тәжiрибелiк-конструкторлық, эксперименттiк, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен сынақтарын жүргiзуге арналған авиация.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209, өзгерту енгізілді - 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Әуе кеңiстiгiне егемендiк

      Республиканың құрлықтағы және су аумағының үстiндегi және оның аумақтық сулары үстiндегi әуе кеңiстiгi Қазақстан Республикасының толығымен және тек қана өзiнiң егемендiгiне жатады. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгi мемлекет меншiгiнде болады және оның мемлекеттiк аумағының бiр бөлiгi болып табылады.

3-бап. Авиация құралдарына меншiк және кәсiпкерлiк қызмет

      Әуе кемелерi, аэродромдар, әуежайлар техникалық құралдар және әуе кемелерiнiң ұшуын ұйымдастыру, орындау мен қамтамасыз ету үшiн қажеттi басқа да мүлiк жеке меншiкте немесе мемлекеттiк меншiкте бола алады және олар еркiн кәсiпкерлiк қызметте, авиациялық-көлiк қызметi нарығын қалыптастыруда пайдаланылуы мүмкiн.

      Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты әуе қозғалысын басқару жүйесiнiң аэронавигациялық құрылғыларды, телекоммуникациялық желiлерi, инженерлiк желiлерi мемлекет меншiгi болып табылады.

4-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану мен авиация қызметiн реттейтiн заңдар

      Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану мен авиация қызметi осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық конвенциялармен және шарттармен реттеледi.

      Eгep Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

5-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

      Осы Заң адам өмiрi мен денсаулығын, қоршаған ортаны, мемлекет мүддесiн қорғау, әуе кемелерiнiң ұшырылу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және әуе тасымалы мен авиация қызметiнiң көрсетiлуiне деген Қазақстан Республикасы экономикасының және азаматтардың қажеттерiн қанағаттандыру мақсатында әуе кеңiстiгiн пайдалану мен авиация қызметiнiң тәртiбiн белгiлейдi.

      Осы Заң:

      Қазақстан Республикасының шегiнде бүкiл азаматтық авиацияға;

      егер әуе кемесi келген елдiң заңдары өзгеше талап етпесе, Қазақстан Республикасы шегiнен тысқары болған уақытта Қазақстан Республикасының барлық азаматтық әуе кемелерiне қолданылады.

      Азаматтық авиацияны мемлекеттiк реттеу мәселелерi Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын мемлекеттік реттеу туралы заңдарда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Заңмен реттеледi.

      Осы Заңның 1-21, 26-29, 33, 34, 36, 38, 40-52, 55-68, 80-84, 86-88, 94, 100, 101-баптары Қазақстан Республикасының бүкiл авиациясына және Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға қолданылады.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272, 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.12.29. N 209 Заңдарымен.

2 тарау. Қазақстан Республикасының авиация қызметi және әуе
кеңiстiгiн пайдалану саласындағы мемлекеттiк басқару мен
бақылау

6-бап. Авиация қызметi саласындағы мемлекеттiк басқару мен бақылау

      Азаматтық және эксперименттiк авиация қызметiне мемлекеттiк басқару мен бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      Мемлекеттiк авиация қызметi саласындағы мемлекеттiк басқару мен бақылауды өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi жүзеге асырады.

      Азаматтық және эксперименттік авиация қызметін мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырады.

      Уәкілетті орган "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді.

      Тексеру "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.12.15 N 272, 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV Заңдарымен.

7-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалану саласындағы мемлекеттiк басқару мен бақылау

      Әуе кеңiстiгiн пайдалану саласындағы мемлекеттiк басқару мен бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады, ол өз құзыретi шегiнде азаматтық авиация саласындағы қызметтi жүзеге асыратын барлық жеке және заңды тұлғалар үшiн міндетті азаматтық авиация саласындағы ережелерді, нұсқауларды және басқа да нормативтiк құқықтық актiлердi шығарады, олардың орындалуын бақылайды, мемлекеттiк органдармен бiрлесiп, олардың құзыретiне сәйкес авиациялық iздестiру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыруды жүзеге асырады.

      Уәкiлеттi орган мен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгiнiң өзара iс-қимылын аталған мемлекеттiк органдардың шешiмiмен құрылған Ведомствоаралық комиссия жүзеге асырады.

      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

3 тарау. Әуе кеңiстiгiн пайдалануды ұйымдастыру

8-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызмет

      Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызметке мыналар:

      а) әуе кемелерiнiң және басқа ұшу аппараттарының ұшуы;

      б) атыстар мен ракеталар жiберудiң барлық түрлерi, жарылыс жұмыстары және материалдық объектiлердiң әуе кеңiстiгiнде орнын ауыстырумен байланысты өзге де қызмет жатады.

      Қазақстан Республикасының, сондай-ақ басқа мемлекеттердiң жоғарыда аталған қызметтi жүзеге асырушы барлық заңды және жеке тұлғалары әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар болып табылады.

9-бап. Әуе кеңiстiгiнiң құрылымы

      Әуе кеңістiгiн пайдаланумен байланысты қызметтi жүзеге асыру үшiн әуе кеңiстiгiнде өзiн тұтас алғанда Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнiң құрылымын құрайтын әуе қозғалысына қызмет көрсету аудандары, аэродромдар мен аэротораптар аудандары, әуе трассалары, әуе кемелерi ұшуының маршруттары мен арнайы аймақтары, тыйым салынған аймақтар мен шектеу аймақтары, полигондар аудандары, жарылыс жұмыстарының аудандары белгiленедi.

      Әуе кеңiстiгiнiң құрылымы Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережемен белгiленедi.

      Әуе кеңiстiгiнiң құрылымын ұйымдастыру айналадағы ортаны қорғау жөнiнде белгiленген нормаларды сақтай отырып жүзеге асырылуы тиiс.

10-бап. Әуе кеңiстiгiнiң жiктелуi

      Қазақстан Республикасының әуе кеңістiгi бақыланатын әуе кеңiстiгiне және бақыланбайтын әуе кеңiстiгiне бөлiнедi.

      Бақыланатын әуе кеңiстiгi деп радиолокациялық құралдармен бақыланатын кеңiстiк түсiнiледi, онда әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары тарапынан ұшуға тiкелей басқару қамтамасыз етiледi.

      Бақыланбайтын әуе кеңiстiгi деп радиолокациялық құралдармен бақыланбайтын кеңiстiк түсiнiледi.

      Әуе кеңiстiгi құрылымының бақыланатын және бақыланбайтын болып бөлiнуi Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережемен белгiленедi.

11-бап. Әуе қозғалысына қызмет көрсету

      Бақыланатын әуе кеңiстiгiнде әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчерлiк және ұшу-ақпараттық болуы мүмкiн.

      Бақыланбайтын әуе кеңiстiгiнде әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчерлiк, ұшу-ақпараттық және консультациялық болуы мүмкiн.

      Бұдан басқа, авариялық жағдайлар туындаған кезде, әуе қозғалысына авариялық қызмет көрсетiлуi ықтимал.

12-бап. Әуе қозғалысына қызмет көрсету кезiнде радиоалмасуды жүргiзу тiлi

      Қазақстан Республикасының аумағында әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары мен Қазақстан Республикасы әуе кемелерiнiң экипаждары арасындағы радиоалмасу мемлекеттiк тiлде және (немесе) орыс тiлiнде, ал шет мемлекеттер әуе кемелерiнiң экипаждарымен - орыс немесе ағылшын тiлiнде жүргiзiледi.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

13-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдаланудағы басымдықтар

      Әуе кеңiстiгiнiң бөлiгiн пайдалану құқығы оған мүдделi әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар саны екi немесе одан да көп болған кезде мынадай басымдықтарға сәйкес берiледi:

      а) әуе шабуылын тойтару немесе болдырмау және Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын, әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзуды тоқтату, Қазақстан Республикасының егемендiгiне, аумақтық тұтастығына және қоғамдық қауiпсiздiгiне қарсы күш қолдануды немесе күш қолдану қатерiн жою;

      б) табиғи зiлзала және өзге де зардаптар, апаттар, авариялар, адамдар өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн немесе елеулi материалдық зиян келтiру қаупiн тудыратын авариялық және өзге де жағдайлар болған кезде көмек көрсету;

      в) ғарыштық аппараттар мен олардың экипаждарын ұшыру, қондыру, iздестiру және көшiру, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң жоспарлы жаттығуларын өткiзу; сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларына сәйкес жүзеге асырылатын әуе кемелерiнiң ұшулары немесе өзге қызмет;

      г) Қазақстан Республикасының халықаралық келiсiмдерiне сәйкес жүзеге асырылатын әуе кемелерiнiң ұшулары немесе өзге қызмет;

      д) жолаушыларды, жүктердi және поштаны жүйелi тасымалдау;

      е) Қазақстан Республикасының, сондай-ақ мемлекетаралық және үкiметаралық келiсiмдерге сәйкес басқа да мемлекеттердiң мемлекеттiк авиацияларының ұшулары;

      ж) эксперименттiк және ғылыми-зерттеулiк жұмыстардың жүргiзiлуi;

      з) жүйелi емес әуе тасымалдары, экономика мүддесiне қарай авиациялық және өзге де жұмыстарды орындау;

      и) оқытып-үйрету, көрсету, мәдени-ағартушылық және өзге де шараларды жүргiзу, сондай-ақ жалпы мақсаттағы авиацияның ұшуы;

      к) <*>

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

14-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалануға тыйым салу

      Ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүмкiндiгi болмаған жағдайларда, сондай-ақ осы Заңның 13-бабының "а" және "б" тармақтарында көзделген жағдайларда, осы Заңның 8-бабындағы 1-бөлiгiнiң "а" тармағында аталған қызметтi жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн немесе оның жеке аудандарын пайдалануға уәкiлеттi орган тарапынан тыйым салынуы мүмкiн.

      Тыйым салу тәртiбi Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережемен белгiленедi.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

15-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалану үшiн байланысты ұйымдастыру

      Әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар аэронавигациялық ұйыммен тұрақты байланыста болуға мiндеттi.

      Байланыс кәсiпорындары әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға қажет байланыс арналарын жалға берiп отырады. Берiлген байланыс арналары iстен шыққан кезде олар белгiленген тәртiппен басқа байланыс арналарымен ауыстырылуға тиiс.

      Әуе қозғалысына қызмет көрсету үшiн жалпы пайдаланымдағы байланыс құралдарының пайдалану тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

16-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзу

      Осы Заңның және онымен сәйкестендiрiлiп жасалған басқа да нормативтiк құқықтық актiлердiң ережелерiнен ауытқи отырып жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланумен байланысты қызмет Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзған болып танылады.

      Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзуға:

      1) сұранымсыз жүзеге асырылатын (кестеден тыс немесе тұрақты емес ұшуларды рұқсатсыз орындау) және әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн осы Заңның 8-бабында көрсетiлген қызмет;

      2) әуе кемесiнiң конструкциясында радиолокациялық тану аппаратурасын қондыру көзделмеген әуе кемелерiн қоспағанда, мемлекеттiк радиолокациялық тану жүйесi бойынша сұранымға сай келмейтiн әуе кемесінің ұшуы;

      3) сұранымда көрсетiлген саннан артатын әуе кемелерi тобының ұшуы;

      4) әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлеген әуе кеңiстiгiн пайдалану режимдерiн сақтамауы;

      5) әуе кемесiнiң Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң арнаулы рұқсатынсыз тыйым салынған аймақ және шектелген аймақ аумағының үстiнен ұшып өтуi;

      6) мәжбүрлi қонудан басқа жағдайларда әуе кемелерiнiң жоспарланбаған (мәлiмденбеген) аэродромға қонуы;

      7) ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн жағдайларды қоспағанда, әуе кемелерiнiң тiгiнен, көлденең, қапталдан эшелондауын сақтамауы, әуе жолдарынан, жергiлiктi әуе желiсiнен және маршрут осiнен белгiленген нормадан артық қашықтыққа ауытқуы жатады.

      Әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiнiң сақталуына бақылау жасайтын уәкiлеттi орган мен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi өз құзыретiне сәйкес әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiнiң бұзылуын тоқтату немесе жолын кесу үшiн барлық мүмкiн болған шараларды қолдануға мiндеттi.

      Әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзуға жол берген әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар аталған органдардың талап етуi бойынша өз есебiнен және өз күштерiмен аталған жолсыздықты тоқтатуға немесе ондай қызметтiң жүргiзiлуiн тоқтатуға мiндеттi.

      Әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiнiң бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.

      Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272, 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

17-бап. Тәртiп бұзушы әуе кемесi

      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын бұзған немесе республика әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн өзгеше бұзуға жол берген әуе кемесi тәртiп бұзушы деп танылады және егер уәкiлеттi органның және (немесе) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң талабына бағынбаса, ерiксiз қондырылуы мүмкiн.

      Қону туралы нұсқау алған тәртiп бұзушы әуе кемесi өзiне көрсетiлген жерге дереу қонуға тиiс.

      Тәртiп бұзушы әуе кемесiнде әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiнiң бұзылуына қатысы жоқ жолаушылар немесе өзге бар екендiгi туралы шынайы ақпарат болған жағдайда мемлекет ұшып келе жатқан азаматтық әуе кемесiне қарсы қару қолданудан тартынады.

      Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, стратегиялық маңызды объектiлерге, оның аумағындағы азаматтардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне қатер төнген жағдайда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қатердi болғызбау үшiн, тәртiп бұзушы әуе кемесiн жоюға дейiн баратын барлық шараларды қолданады.

      Стратегиялық маңызды объектiлердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.

      Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiне ұшып көтерiлу шарттары сақталмаған кезде және әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбi басқаша бұзылған жағдайда тәртiп бұзушы әуе кемесi қондырылған аэродромда ұсталып қалуы мүмкiн.

      Тәртiп бұзушы әуе кемесiнiң одан әрi ұшуына тексеруден кейiн Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережеде белгiленген тәртiппен рұқсат етiледi.

      Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережеге сәйкес әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiнiң әрбiр бұзылуы тексерiлуге жатады.

      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272, 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

18-бап. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiру мүмкiн қызмет

      Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қызметке аэродром жанындағы аумақта және әуе трассаларының шегiндегi жерлерде орналасқан объектiлердiң, электр беру желiлерiнiң, басқадай бөгеттердiң құрылысы, әуе кеңiстiгiнде электромагниттiк, жарықтық, акустикалық, корпускулярлық және өзге де сәулеленулер шығаратын жұмыстар; құстардың топтасып жиналуына немесе ұшу көрiнiсiнiң нашарлауына әкеп соғатын объектiлердi орналастыру, сондай-ақ әуе кеңiстiгiнде материалдық объектiлердiң ауысуына тiкелей байланысты емес, бiрақ әуе кемелерiнiң, олардың жабдықтарының және iшiнде отырған адамдардың қауiпсiздiгiне әсерiн тигiзетiн кез келген басқа қызмет жатады.

      Бұл қызмет Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен алынатын рұқсатпен ғана жүзеге асырыла алады.

      Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiрiп, қызметтi жүзеге асыру ережелерiн бұзуға жол берген заңды және жеке тұлғалар осы жолсыздықтарды өз есебiнен және өз күштерiмен жоюға, ал оларды жойғанға дейiн ондай қызметтiң жүзеге асырылуын тоқтатуға мiндеттi.

      Ұшу қауiпсiздiгiне ықтимал қатер төндiретiн қызмет атқарылып жатқан ауданға әуе кемелерiнiң абайсызда ұшып кiру жағдайларын болғызбау үшiн, сондай қызметтi жүргiзiп жатқан ұйымдар, заңды және жеке тұлғалар аталған қызметке рұқсат алғаннан кейiн сол қызметтiң жүргiзiлуi туралы уәкiлеттi органға хабар беруге мiндеттi.

      Осындай қызметтiң жүргiзiлуiне бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

19-бап. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн объектiлердi таңбалау

      Ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында үйлер мен ғимараттардың иелерi нормативтiк талаптарға сәйкес өз есебiнен осы объектiлерге түнде және күндiз көрiнетiн таңбалық белгiлер мен құрылғылар орнатуға мiндеттi.

      Аэродромдарды айыра тану мақсатында қабылданған таңбалық белгiлер мен құрылғыларға ұқсайтын қайсыбiр белгiлер мен құрылғыларды аэродром маңайында орнатуға жол берiлмейдi.

      Аэродром маңындағы объектiлерге таңба салуға бақылау жасау уәкiлеттi органға жүктеледi.

      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

20-бап. Әуе трассаларын пайдалануға қосу

      Әуе трассалары әуе қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi қанағаттандыратыны және Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымының (ИКАО) стандарттарының талаптарына сәйкес екендiгi белгiлi болғанда ғана оларды пайдалануға жол берiледi.

      Әуе трассаларының пайдалануға қосылуы Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережеге сәйкес жүзеге асырылады.

4 тарау. Әуе кемелерi

21-бап. Әуе кемелерiнiң жiктелуi

      Авиация түрлерiне тиесiлiгiне қарай әуе кемелерi азаматтық, мемлекеттiк және эксперименттiк болып бөлiнедi. Азаматтық және эксперименттiк әуе кемелерi заңды және жеке тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.

22-бап. Азаматтық әуе кемесiнiң үлгiсiн сертификаттау

      Жаңа конструкциядағы (жаңа үлгiдегi) азаматтық әуе кемесi Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген ұшу жарамдылығының нормаларына сәйкестiгi бойынша сертификатталуға тиiс және заводтық, мемлекеттiк және пайдалану сынақтарынан өткеннен кейiн оның үлгi сертификаты болуы керек.

      Үлгi сертификатын уәкiлеттi орган бередi.

      Әуе кемесiн жасап шығарушы үлгi сертификатының иесi болып табылады.

      Әуе кемесiнiң бекiтiлген үлгi конструкциясы (үлгiлiк конструкциясы) өзгерген немесе оның ұшу жарамдылығына әсер ететiн пайдалану-техникалық құжаттамасы өзгерген жағдайда, әуе кемесiнiң бұл үлгiсi қосымша сертификаттаудан өтуi және үлгi сертификатына толықтыру алуы тиiс.

      Азаматтық әуе кемелерiн сертификаттау, сондай-ақ оларды жарамдылық нормаларына сәйкестiгiн бақылау Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiн сертификаттау ережелерi бойынша жүзеге асырылады.

      Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн кемiстiктер айқындалған жағдайда үлгi сертификатты берген мемлекеттiк орган оның күшiн жоюы мүмкiн немесе оның күшi уақытша тоқтатылуы мүмкiн.

      Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

23-бап. Әрбiр азаматтық әуе кемесiнiң үлгiсiн сертификаттау

      Қазақстан Республикасында жасалып шығарылған әрбiр азаматтық әуе кемесi оның конструкциясының, сипаттамаларының және пайдалану-техникалық құжаттамасының Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiн сертификаттау ережелерiнде көзделген талаптарға сәйкес келуi бойынша сертификатталуға тиiс.

      Әуе кемесi Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне тiркелгеннен кейiн ондай әуе кемесiнiң иесi уәкілетті органнан борттық құжат ретiнде оның ұшуға жарамдылығы туралы тиiстi куәлiк (сертификат) алуы тиiс.

      Азаматтық әуе кемесiнiң данасына сертификаттау жүргізуді және сертификат берудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

24-бап. Аса жеңіл авиация саласындағы сертификаттау

      Аса жеңiл авиация саласындағы сертификаттау әуе кемелерiн әзiрлеушiнiң және тиiстi федерациялар мен қауымдастықтардың қатысуымен уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Ұшу жарамдылығын куәландыру мақсатында сертификат беру, сондай-ақ пайдалану барысында ұшу жарамдылығын қолдауды бақылау Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн аса жеңiл авиация саласындағы сертификаттау ережелерiнде көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

25-бап. Шетелдiк әуе кемелерiнiң ұшуға жарамдылығының сертификатын тану

      Әуе кемесiнiң ұшу жарамдылығына шетелдiк мемлекет берген сертификат, оның берiлуiне немесе күшiне енуiне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы белгiленген стандарттарға сәйкес келген жағдайда уәкiлеттi орган оны Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен Қазақстан Республикасында жарамды деп таниды.

      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

26-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiн, оларға құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу

      Азаматтық және мемлекеттiк әуе кемелерi мiндеттi түрде мемлекеттiк тiркелуге жатады. Азаматтық әуе кемелерiн уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы Азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне тiркейдi. Мемлекеттiк әуе кемелерiн Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк әуе кемелерiнiң тiзiлiмiне тiркейдi.

      Тиiстi тiзiлiмге енгiзiлген әуе кемесiнiң иесiне мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк берiледi.

      Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiне және олармен жасалатын мәмiлелерге құқықты уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын мемлекеттiк реттеу туралы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттік тiзiлiмiне мiндеттi түрде мемлекеттік тiркеуден өткізуге тиіс.

      Қазақстан Республикасының Азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзудiң тәртiбiн және Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiн, оларға берiлетiн және олармен жасалатын мәмiлелерге құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк берудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.

      Аса жеңiл авиацияның әуе кемелерiн мемлекеттiк тiркеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк әуе кемелерiнiң тiзiлiмiн жүргiзу ережелерiн және тiркелгенi туралы куәлiк беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлейдi.

      Азаматтық әуе кемелерiн мемлекеттiк тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген тәртiппен алым алынады. Азаматтық әуе кемелерiн мемлекеттiк тiркеу аталған алымды бюджетке төлегеннен кейiн жүзеге асырылады.

      Эксперименттiк әуе кемелерi Мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзiлместен мемлекеттiк көлiк басқару органының есебiнде тұрады.

      Шетелдiк әуе кемесi Қазақстан Республикасының тиiстi тiзiлiмiне тек қана тиiстi шетел мемлекетiнiң әуе кемелерiнiң тiзiлiмiнен шығарылғаннан кейiн енгiзiледi.

      Егер әуе кемесi белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының тиiстi тiзiлiмiнен шығарылмаған болса, Қазақстан Республикасы әуе кемесiнiң кез келген шетел мемлекетi әуе кемелерiнiң тiзiлiмiне енгiзiлуi танылмайды.

      Кемеге немесе жасалып жатқан кемеге тіркелген құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) туралы мәліметтер жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтардың және онымен жасалатын мәмілелердің бірыңғай мемлекеттік тізіліміне (құқықтық кадастр) енгізілуге тиіс.

      Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272, 2001.12.24. N 276, 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2007.07.26. N 311 Заңдарымен.

27-бап. Әуе кемелерiне салынатын белгiлер

      Тiркеу кезiнде әуе кемелерiне мемлекеттiк және тiркемелiк, танылым белгiлерi берiледi де, олар осы әуе кемелерiнiң сыртына салынады.

      Мемлекеттiк және тiркемелiк танылым белгiлерiнен басқа әуе кемелерiнiң сыртына қосымша белгiлер де (рәмiздер, қысқа жазбалар, эмблемалар) салынады.

      Бұл белгiлер мемлекеттiк және тiркемелiк танылым белгiлерiнiң көзбен көргенде танылуын қиындатпайтындай етiлiп әуе кемелерiнiң сыртына салынады.

      Мемлекеттiк және тiркемелiк танылым белгiлерi мен қосымша белгiлердiң азаматтық және эксперименттiк әуе кемелерiнiң сыртына салыну тәртiбiн уәкiлеттi орган, ал мемлекеттiк әуе кемелерiне - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлейдi.

      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

28-бап. Тiзiлiмнен шығару

      Әуе кемесi Қазақстан Республикасының тиiстi тiзiмiнен мынадай жағдайларда:

      а) әуе кемесi есептен шығарылса немесе пайдаланудан алынып тасталса;

      б) әуе кемесi белгiленген тәртiппен шетел мемлекетiне, шетелдiк заңды немесе жеке тұлғаға сатылса немесе берiлсе;

      в) әуе кемесi эксперименттiк кемелер қатарына ауыстырылса;

      г) әуе кемелерiн тiркеу ресiмдерiмен көзделген басқа жағдайларда шығарылады.

      Әуе кемесi Қазақстан Республикасының тиiстi тiзiлiмiнен шығарылған кезде әуе кемесiн тiркеу туралы куәлiктiң және осы әуе кемесiне қатысты тиiстi тiзiлiмге жазылған барлық жазбалардың күшi жойылады.

29-бап. Пайдалануға жол беру

      Азаматтық әуе кемесiн азаматтық әуе кемелерiнiң ұшуға жарамдылығының қолданылып жүрген нормаларына сәйкестiгi анықталғанда және ұшуға жарамдылық сертификаты алынғанда ғана пайдалануға жол берiледi.

      Азаматтық әуе кемелерiнiң ұшу жарамдылығының нормаларын уәкiлеттi орган белгiлейдi. Ұшу жарамдылығының сертификатын беру ережелерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.

      Әуе кемелерiне техникалық қызмет көрсетудi (жөндеудi) техникалық қызмет көрсетудiң сертификаттандырылған орталықтары ғана жүргiзедi.

      Әуе кемесiн ұшуға жарамдылық нормаларының талаптарына сәйкес күйде күтiп ұстау пайдаланушыға жүктеледi.

      Пайдаланушыға берiлген ұшуға жарамдылық туралы сертификат талаптарын әуе кемесi күйiнiң сәйкес болуына бақылау жасауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      Мемлекеттiк әуе кемелерiн Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлеген тәртiппен пайдалануға жол берiледi.

      Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

30-бап. Азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушының сертификаты

      Әуе кемесi пайдаланушының сертификаты Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына мемлекеттiк уәкiлеттi орган бередi. Бұл орайда сертификатталған меншiктi немесе жалға алынған әуе кемелерiнiң, ұшу және техникалық қызмет орындарының (өздерiнiң немесе шарттық негiзде пайдаланылатын), ұшу және техникалық жұмыстарды қамтамасыз ететiн авиация қызметшiлерiнiң, басқару құрамының және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құжаттардың болуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрлері туралы заңнамалық актілерінің талаптарына сәйкес сақтандырудың жүзеге асырылуы мұндай сертификатты алудың мiндеттi шарттары болып табылады.

      Уәкiлеттi орган сертификат иесi осы Заңның талаптарын және Қазақстан Республикасының Yкіметі бекітетін пайдаланушыларды сертификаттау ережелерін сақтамаған жағдайда, оған сертификат беруден бас тартуға, оны керi қайтарып алуға, оның қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Тиiмсiз деген желеумен пайдаланушы сертификатын беруден бас тартуға тыйым салынады.

      Сертификатты беруден бас тартқан жағдайда сертификат бермеген органның тұрған жерi бойынша сотқа шағым жасалуы мүмкiн.

      Пайдаланушы сертификатын басқа бiреуге беруге болмайды және оның күшi белгiленген тәртiппен тоқтатылғанға дейiн немесе алынып қойылғанға дейiн сертификат күшiнде болады.

      Пайдаланушы сертификатында және оның қосымшасында уәкілетті органы пайдаланушының қызметiнiң шарттарын айқындайды.

      Пайдаланушы сертификатын беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.

      Шетелдiк азаматтарға немесе заңды тұлғаларға қатысты алғанда шетел мемлекетiнiң құзыреттi өкiмет органдары берген және Қазақстан Республикасында қойылатын талаптарға сай келетiн пайдаланушы сертификатын немесе соларға ұқсас құжаттарды уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен таниды.

      Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272, 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2007.05.07. N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

31-бап. Пайдаланушы сертификатын жарамсыз деп тану немесе пайдаланушы қызметiн шектеу

      Пайдаланушы сертификаты, егер:

      1) оның берiлген мерзiмi бiткен болса;

      2) пайдаланушы қызметiне байланысты әрi пайдаланушы сертификатын беруге негiз болған шарттарға әсер ететiн өзгерiстер туындаса және осы өзгерiстер туралы пайдаланушы сертификатында немесе оның қосымшасында тиiстi белгi болмаса;

      3) пайдаланушы Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрлері туралы заңнамалық актілерінің талаптарына сәйкес сақтандыру шарасын жасамаса, жарамсыз деп танылады.

      Пайдаланушы белгiленген талаптарға сай болмаған немесе осы Заңның немесе Қазақстан Республикасының басқа да заң және нормативтiк құқықтық актiлерiнiң ережелерi сақталмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен пайдаланушы қызметi шектеледi немесе пайдаланушы сертификаты жарамсыз деп танылады.

      Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272, 2007.05.07. N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

31-1-бап. <*>

      Ескерту. 31-1-бап алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 Заңымен.

31-2-бап. Сертификаттау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу

      Осы Заңда көзделген сертификаттау жөніндегі жұмыстарды жүргізу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өтiнiш берушiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      Сертификаттау жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін алынған қаражат бюджетке аударылады.

      Сертификаттауды жүргiзу жөнiндегi қызмет көрсетулердің бағасы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бекiтiледi.

      Ескерту. 31-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272, өзгерту енгізілді - 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

31-3-бап. Әуе кемелерi мен олардың жабдықтарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы техникалық реттеу

      Техникалық реттеу объектiлерi:

      1) әуе кемесi және оның жабдықтары;

      2) әуе кемесiн және оның жабдықтарын жобалау процесi;

      3) әуе кемесiн жасау және оның жабдықтарын өндiру процесi;

      4) әуе кемесiн және оның жабдықтарын пайдалану процесi;

      5) әуе кемесiн және оның жабдықтарын тасымалдау және сақтау процесi;

      6) әуе кемесiн және оның жабдықтарын өткiзу процесi;

      7) әуе кемесiн және оның жабдықтарын кәдеге жарату және жою процесi болып табылады.

      Әуе кемелерi мен олардың жабдықтарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн техникалық реттеу саласындағы негiзгi талаптар техникалық регламенттерде белгiленедi.

      Ескерту. 31-3-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 Заңымен.

32-бап. Әуе кемесiн жалдау

      Қазақстан Республикасы әуе кемесiнiң меншiк иесi әуе кемесiн экипажымен немесе экипажсыз қазақстандық немесе шетелдiк пайдаланушыға жалға беруге құқылы.

      Жалдау мерзiмi, кеменi пайдалану сипаты, жалдау ақысының мөлшерi, әуе кемесiнiң кейiннен жалға алушының меншiгiне ауысу мүмкiндiгi және басқа да жағдайлар әуе кемесiнiң меншiк иесi (жалға берушi) мен жалға алушы арасындағы шартпен айқындалады.

      Осындай тәртiп Қазақстан Республикасының пайдаланушысы шетелдiк әуе кемесiн жалға алған жағдайда да қолданылады. қараңыз.K990409

5 тарау. Авиация қызметшiлерi

33-бап. Авиация қызметшiлерiнiң жiктелуi

      Авиация қызметшiлерiне жұмысы ұшуды ұйымдастырумен, орындаумен және қамтамасыз етумен, сондай-ақ әуе қозғалысына қызмет көрсетумен байланысты адамдар жатады.

      Авиация түрлерiне жатуына қарай олар азаматтық, мемлекеттiк және эксперименттiк авиация қызметшiлерi болып бөлiнедi.

      Азаматтық, мемлекеттiк және эксперименттiк авиация қызметшiлерiнiң қызмет тiзбелерiн Қазақстан Республикасының Үкiмет белгiлейдi.

34-бап. Авиация қызметшiлерiн кәсiптiк қызметке даярлау және жiберу

      Авиация қызметшiлерiн кәсiби қызметке даярлау белгiленген тәртiппен тiркелген бiлiм беру ұйымдарында жүргiзiледi.

      Авиация қызметшiлерiне жататын адам өзiнде қажеттi бiлiмi мен дағдысы бар екенiн, сондай-ақ денсаулығы қойылатын талаптарға сай келетiнiн растайтын кәсiби қызметтi жүзеге асыру құқығына уәкiлеттi орган беретiн куәлiгi (сертификаты) болған жағдайда ғана дербес кәсiби қызметке жiберiледi.

      Ұшу қауiпсiздiгiне тiкелей байланысты азаматтық және эксперименттiк авиацияның авиация қызметшiлерiнiң жұмыс уақыты режимiнiң ерекшелiктерiн Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес уәкiлеттi орган белгiлейдi.

      Азаматтық және эксперименттік авиацияның аттестаттауға жататын авиация қызметшiлерi лауазымдарының (кәсiптерiнiң) тiзбесiн, сондай-ақ азаматтық және эксперименттік авиацияның айырым белгісі бар нысанды киiмiн киiп жүруге құқығы бар авиация қызметшiлерi лауазымдарының тізбесін, сондай-ақ оларды беру тәртiбiн уәкiлетті орган бекітеді. Аттестаттаудан өтпеген адамдар кәсiби мiндеттерiн орындауға жiберiлмейдi.

      Аттестаттау ережесiн, оны өткiзу кезеңділігiн, сондай-ақ авиация қызметшiлерiне қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды.

      Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272, 2007.05.15. N 253, 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

35-бап. Шетел мемлекетi авиация қызметшiлерiнiң куәлiгiн тану

      Шетел мемлекетi берген авиация қызметшiлерiнiң куәлiктерi Қазақстан Республикасында осындай куәлiктердiң берiлуiне қойылатын талаптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) белгiлеген стандарттық ең төменгi деңгейiне сай немесе олардан асып түскен жағдайларда жарамды деп танылады.

36-бап. Әуе кемесiнiң экипажы

      Әуе кемесiнiң экипажы - тиiсiнше уәкiлеттi орган немесе Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлеген тәртiппен ұшуды орындау кезiнде әуе кемесiн басқару мен оған қызмет көрсету жөнiнде белгiлi бiр мiндеттердi атқару тапсырылған авиация қызметiнiң адамдары.

      Әуе кемелерiнiң түрi мен атқаратын iсiне, оларды пайдаланылу мақсаттары мен жағдайларына қарай азаматтық және мемлекеттiк әуе кемелерi экипаждарының құрамын әуе кемесiн жасап шығарушы мен тапсырыс берушi айқындайды және әрбiр үлгiдегi әуе кемесiн ұшуға пайдалану жөнiндегi құжаттарда көрсетiледi.

      Экипаж құрамы толық болмаған жағдайда азаматтық әуе кемесiнiң ұшуына жол берiлмейдi.

      Ескерту. 36-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

37-бап. Азаматтық әуе кемесiнiң экипажы мүшелерiнiң құқықтары және оларды қамтамасыз ету жөнiндегi пайдаланушының мiндеттерi

      Экипаждың әрбiр мүшесi ұшуға берiлген тапсырманы орындау кезiнде, егер оның пiкiрiнше, ұшудың ойдағыдай аяқталатынына дәлелдi күдiгi болса, оны орындаудан бас тартуға құқылы.

      Әуе кемесiнiң ұшуы кезiнде экипаж мүшесi өз мiндеттерiн атқаруға байланысты жарақаттанған немесе оның денсаулығына өзге де зақым келген жағдайда, оның денсаулығы зақымдалғаннан кейiн алып жүрген жәрдемақысының немесе тағайындалған зейнетақысының және нақтылы алып жүрген жалақысының асатын сомасы бөлiгiнде пайдаланушы келтiрiлген залалдың орнын толтыруға мiндеттi.

      Экипаж мүшесi қызмет мiндеттерiн атқаруына байланысты қайтыс болған жағдайда пайдаланушы ұшу алдындағы дайындықтан бастап ұшудан кейiнгi талдау бiткенге дейiнгi залалдың орнын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен толтыруға мiндеттi.

38-бап. Әуе кемесiнiң командирi

      Пилот (ұшқыш) мамандығы бар және белгiленген тәртiппен осы үлгiдегi әуе кемесiн дербес басқаруға құқығы бар адам ғана әуе кемесiнiң командирi бола алады.

      Әуе кемесiнiң командирi экипаждың қызметiн басқарады, әуе кемесiнде тәртiп пен реттiлiктi, ұшу және әуе кемесiн пайдалану ережелерiнiң орындалуын қамтамасыз етедi.

39-бап. Әуе кемесi командирiнiң құқықтары

      Өзiнiң кәсiби қызметiн атқару барысында азаматтық әуе кемесiнiң командирi Қазақстан Республикасы әуе кеңiстiгiнде ұшудың Негiзгi ережелерiнде белгiленген құқықтарға сәйкес ұшудың қауiпсiздiгiн, әуе кемесiнiң және оның бортындағы адамдар мен мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi кез келген шешiмдер қабылдап, шаралар қолданады.

39-1-бап. Азаматтық авиация ұйымдарының ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн басшы қызметкерлерi

      Уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша қызметке тағайындалатын ұшу қызметiнiң басшысы, аға пилот, ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi инспекцияның бастығы, инженерлiк-авиациялық қызмет басшысы азаматтық авиация ұйымының ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн басшы қызметкерлерi болып танылады.

      Ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн басшы қызметкерлер уәкiлеттi органның келiсiмiн алмай өз мiндеттерiн үш айға дейін атқара алады.

      Ескерту. 39-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

6 тарау. Әуе кемелерiнiң ұшуы

40-бап. Ұшуды орындау ережелерi

      Әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасы аумағының үстiмен ұшуы Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен Қазақстан Республикасы әуе кеңiстiгiнде ұшудың Негiзгi ережелерiне сәйкес орындалады.

41-бап. Кеме құжаттары

      Ұшуды орындау кезiнде әуе кемесiнде Қазақстан Республикасы әуе кеңiстiгiнде ұшудың Негiзгi ережелерiнде және арнайы нормативтiк құжаттарда көзделген кеме құжаттары болуға тиiс.

42-бап. Ұшуға әзiрлеу

      Әуе кемесiнiң ұшуы алдында әуе кемесi, оның экипажы мен басқа да авиация қызметшiлерi, ұшу және қону аэродромдары әзiрлiк жасауға тиiс.

      Ұшуға әзiрлену ережелерi мен ұшып шығуға рұқсат алу тәртiбiн азаматтық және эксперименттiк авиация үшiн - уәкiлеттi орган, мемлекеттiк авиация үшiн - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлейдi.

      Ескерту. 42-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

43-бап. Әуе кемесiнiң аэронавигациялық ұйыммен радиобайланысы

      Байланыс құралдары бар әрбiр әуе кемесiне шақырушы радиосигнал берiледi.

      Бақыланатын әуе кеңiстiгiнде ұшып жүрген әуе кемесi мен аэронавигациялық ұйым арасында тұрақты байланыс болуға тиiс. Байланыс бұзылған жағдайда әуе кемесiнiң командирi мен аэронавигациялық ұйымдар оны қалпына келтiру үшiн мүмкiн болатын шаралардың бәрiн қолдануға мiндеттi.

      Егер қолданылған шаралар нәтижесiнде радиобайланысты қалпына келтiрудiң сәтi түспесе, әуе кемесiнiң командирi мен аэронавигациялық ұйымдар Қазақстан Республикасы әуе кеңiстiгiнде ұшудың Негiзгi ережелерiне сәйкес iс-қимыл жасауға тиiс.

      Ескерту. 43-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

44-бап. Елдi мекендердiң үстiмен ұшу

      Әуе кемелерi елдi мекендер үстiмен, әуе кемесi бұзылған жағдайда сол елдi мекендерден тысқары жерде немесе таяудағы аэродромда оның қонуына мүмкiндiк беретiндей биiктiкте ғана ұша алады. Ұшып-қону алаңының орналасуы әуе кемесiнiң елдi мекен үстiнен ұшып өтуiнсiз көтерiлiп ұшуына және келiп қонуына мүмкiндiк бермейтiндей жағдайларда немесе адамдар өмiрiн сақтап қалу үшiн ұшып өту қажет болғанда, ал өзге де ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша бұл ережеден ауытқуға жол берiледi.

      Ескерту. 44-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

45-бап. Көрсетуге арналған ұшулар

      Әуе кемелерiнiң көрсетуге арналған ұшулары әуе кемесiнiң тұрғын үйлер алабы мен адамдар легi үстiне құлауына болдырмайтын арнайы қауiпсiздiк шаралары сақтала отырып белгiленген аймақтарда орындалады.

      Ұшу қауiпсiздiгi үшiн жауапкершiлiк көрсетуге арналған ұшуларды ұйымдастырушыға жүктеледi.

46-бап. Әуе кемелерi ұшуының зиянды әсерiнен қорғау

      Қазақстан Республикасында пайдалануға арналған әуе кемесi, жердегi шу мен авиация қозғалтқыштарының зиянды заттары эмиссиясына қатысты Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген талаптарға сәйкестiгiне сертификат алуға тиiс.

      Аэродром иелерi, пайдаланушылар, әуе кемелерiнiң командирлерi мен экипаж мүшелерi әуе кемелерiн жерде және әуеде пайдаланған кезде қажетсiз шуды болдырмауға немесе оны барынша азайтуға мiндеттi.

      Әуе кемелерiнен адамдар денсаулығы мен айналадағы табиғи ортаға зиянды заттарды немесе басқадай қалдықтар мен материалдарды тастауға (халықтың және айналадағы табиғи ортаның қауiпсiздiгi шараларын сақтай отырып атқарылатын авиациялық-химиялық жұмыстардың жүргiзiлуiн қоспағанда) тыйым салынады, ал ондай әрекет жасауға кiнәлiлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      Адамдарға, жануарларға, айналадағы табиғи ортаға әуе кемелерiнiң зиянды әсерiн болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi нақтылы аудандарда барлық әуе кемелерi үшiн бiрыңғай немесе әуе кемелерiнiң үлгiлерi бойынша жеке-жеке ең төменгi ұшу биiктiгiн белгiлей алады.

      Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде әуе кемелерiнiң дыбыстан тез жылдамдықпен ұшуы айналадағы ортаға дыбыс екпiнiнiң зиянды әсерi тимейтiн биiктiктерде жалпы ережелер бойынша немесе елдi мекендерден шалғайда дыбыстан тез жылдамдықпен ұшуға арнайы бөлiнген аудандарда орындалуы тиiс.

      Ескерту. 46-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 Заңымен.

47-бап. Әуе кемесi экипажының iс-қимылына араласпау

      Әуе кемесi бортындағы адамдардың, соның iшiнде кемеге ие адамдардың экипаж iс-қимылына араласуына, одан ұшуды орындаудың жоспары мен ретiн өзгертудi немесе аэронавигациялық ұйымның нұсқауларын орындамауды талап етуiне тыйым салынады.

48-бап. Әуе кемесi белгiленген маршруттан немесе ұшу ауданынан (аймағынан) ауытқыған жағдайдағы iс-қимыл

      Әуе кемесi белгiленген маршруттан немесе ауданнан (аймақтан) ауытқыған немесе ұшудың өзге параметрiн сақтамаған жағдайда әуе кемесiнiң командирi мен аэронавигациялық ұйым ондай тәртiп бұзушылықты тоқтатуға дереу шара қолдануға мiндеттi.

49-бап. Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшырған әуе кемесi экипажының iс-қимылы

      Апатқа ұшырау қаупi төнген әуе кемесi экипажының Қазақстан Республикасы әуе кеңiстiгiнде ұшудың Негiзгi ережелерiнде белгiленген тәртiппен қатерге ұшырау белгiсiн берiп, аэронавигациялық ұйымға қатер сипаты туралы хабарлауға және борттағы адамдардың өмiрi мен денсаулығын, мүлiктi сондай-ақ әуе кемесiнiң өзiн сақтауға мүмкiн болатын шаралардың бәрiн қолдануға тиiс.

      Апатқа ұшырған әуе кемесiнiң экипажы өз өкiлеттiгiн құзiреттi органдарға тапсырғанға дейiн борттағы адамдарды, мүлiктi құтқару мен олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, әуе кемесiнiң өзiн сақтау жөнiнде мүмкiн болған шаралардың бәрiн қолдануға мiндеттi. Әуе кемесiнiң барлық экипаж мүшелерi адамдарды, мүлiктi және әуе кемесiн құтқаруға қатысуға мiндеттi.

      Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемесiнiң командирi осындай жұмыстарды жүзеге асыруға уәкiлдiгi бар адамдар келгенге дейiн осы әуе кемесiнiң бортындағы адамдардың iс-қимылдарына басшылық етедi.

50-бап. Қауiп төнген адамдарға көмек көрсету

      Қауiп төнген адамдар жайында қандай да бiр ақпарат алған әуе кемесiнiң командирi ол туралы әуе қозғалысына қызмет көрсететiн органға немесе өзге құзiреттi органға хабарлауға және, егер мұның өзi осы әуе кемесiнiң, жолаушылары мен экипажының қауiпсiздiгiне қатер туғызбаса, мүмкiн болатын көмегiн көрсетуге мiндеттi.

51-бап. Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемесi туралы ақпарат алған жағдайдағы әуе қозғалысына қызмет көрсетушi органның iс-қимылы

      Аэронавигациялық ұйым апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемесi туралы ақпарат, сондай-ақ әуе кемесiнiң командирiнен қауiптi жағдайға ұшыраған адамдар туралы кез келген өзге де ақпарат алған кезде, Қазақстан Республикасы әуе кеңiстiгiнде ұшудың Негiзгi ережелерiнде белгiленген тәртiппен қажеттi жәрдем көрсетуге мүмкiн болатын шаралардың бәрiн қолдануға мiндеттi.

7 тарау. Халықаралық ұшулар

52-бап. Қазақстан Республикасы әуе кемелерiнің халықаралық ұшулары

      Қазақстан Республикасы әуе кемелерiнiң халықаралық ұшулары:

      а) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары;

      б) тиiстi шетел мемлекеттерiнiң құзiреттi органдары тарапынан бiржолғы ұшуларды орындауға берiлген арнайы рұқсаттары негiзiнде және солардың шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасы әуе кемелерiнiң бiржолғы халықаралық ұшулары осы әуе кемелерi қарауында немесе меншiгiнде бар мемлекеттiк органдардың, ұйымның немесе азаматтың шешiмi бойынша орындалуы мүмкiн.

      Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесiнiң шетел мемлекетi әуе кеңiстiгiнде ұшуына арнайы рұқсат алуға сұратуды пайдаланушы уәкiлеттi орган арқылы, ал мемлекеттiк және эксперименттiк әуе кемесiнiң ұшуына сұратуды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi жүзеге асырады.

      Егер кеме құжаттарына, экипаж мүшелерiнiң куәлiктерiне қатысты барлық талаптар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағындағы және аумағына немесе аумағы арқылы ұшудың орындалуы жоспарланып отырған шетел мемлекеттерiнде қолданылатын басқа да талаптар мен ережелер сақталса, онда сұрату жасалады.

      Сұрату мен аталған ұшуларға рұқсат алудың тәртiбiн белгiлейтiн ережелердi уәкiлеттi орган, Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi мен Қорғаныс министрлiгi бiрлесе отырып бекiтедi.

      Ескерту. 52-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272, 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

53-бап. Шетелдiк әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшулары

      Шетелдiк әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшулары:

      а) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары;

      б) ұшуларды орындауға берiлетiн арнайы рұқсаттар негiзiнде және солардың шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Мұндай рұқсаттарды:

      азаматтық әуе кемелерiнiң бiр жолғы ұшуларына - уәкiлеттi орган;

      азаматтық әуе кемелерiне жатпайтын әуе кемелерiнiң бiржолғы ұшуларына - Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi бередi.

      Халықаралық ұшулар басталар алдында шетелдiк әуе кемелерiнiң иелерi пайдаланушылар осы бапқа сәйкес мұндай ұшулардың орындалуына рұқсат беру құқығы жүктелген орталық атқарушы органға Қазақстан Республикасының аумағына ұшуды орындайтын әуе кемелерiнiң танылым белгiлерiн хабарлауға тиiс.

      Бiржолғы ұшулар жасауға рұқсат беру тәртiбi Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережемен белгiленедi. қараңыз.V032558

      Ескерту. 53-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

54-бап. Қазақстан Республикасының аумағы үстiмен халықаралық ұшуларды орындау

      Ұлттық және шетелдiк әуе кемелерi Қазақстан Республикасы әуе кеңiстiгiнде халықаралық ұшуларды орындаған кезде осы Заңға сәйкес ұшулардың орындалуы мен әуе кемелерiнiң пайдаланылуын реттейтiн жалпы ережелер қолданылады.

      Ұлттық және шетелдiк әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасы аумағынан ұшып шығуы, сондай-ақ олардың ұшып көтерiлгеннен кейiнгi Қазақстан Республикасы аумағынан қайта қонуы халықаралық ұшулар үшiн тұрған аэродромдарда жүзеге асырылады. Әуе кеңiстiгiндегi халықаралық ұшулар белгiленген әуе трассалары бойынша атқарылады.

      Әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын кесiп өтуi шекараның халықаралық трассаларымен қиылысқан жерлерi арқылы немесе Қазақстан Республикасы Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережеде белгiленген тәртiппен осы мақсат үшiн арнайы бөлiнген әуе дәлiздерi бойынша орындалады.

      Аталған ережелер мынадай жағдайларда:

      а) Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережеге сәйкес адамдар өмiрiне қауiп төндiретiн табиғи зiлзала, апаттар, авариялар, авариялық ахуалдар мен басқа жағдайларда;

      б) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен көзделген жағдайларда;

      в) Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережеде белгiленген тәртiппен берiлетiн арнайы рұқсат алғанда сақталмайды.

55-бап. Әуе кемелерiнiң әуе трассалары және халықаралық ұшуларына арналған аэродромдар

      Әуе кемелерiнiң халықаралық ұшуларына арналған аэродромдар ашу туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Үкiметi қабылдайды.

      Халықаралық әуе трассаларын ашу туралы шешiмдi уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгiмен және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiсу бойынша қабылдайды.

      Әуе кемелерiнiң халықаралық ұшуларына арналған аэродромдар мен әуе трассаларын ашу тәртiбi Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережемен белгiленедi.

      Ескерту. 55-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

56-бап. Әуе кемелерiнiң халықаралық ұшуларын орындаудың паспорттық, кедендiк және өзге де ережелерiн қолдану

      Қазақстан Республикасының аумағына келетiн және осы аумақтан кететiн немесе транзитпен өтетiн барлық әуе кемелерiне, олардың экипаждары мен жолаушыларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағына әкелетiн немесе осы аумақтан әкетiлетiн олардың мүлiктерiне Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленетiн паспорттық, кедендiк, валюталық, санитарлық, карантиндiк және өзге ережелер қолданылады.

8 тарау. Iздестiру және құтқару

57-бап. Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiнiң жолаушылары мен экипаждарын құтқару

      Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемесi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Бiрыңғай авиациялық iздестiру-құтқару қызметi (БАIҚҚ) туралы ережеге сәйкес дереу iздестiрiлу мен құтқаруға жатады. Аталған ережеде мыналар көзделуi тиiс:

      а) кез келген мемлекеттiң әуе кемелерiн, адамдарын (жолаушылары мен экипаж мүшелерiн) iздестiру және құтқару жөнiндегi жұмыстар, iздестiру-құтқару күштерi мен құралдарының орналастырылуы, осы жұмыстардың жүргiзiлуi кезiнде оларды қамтамасыз ету мен оларға қызмет көрсету әуе кемесiнiң қай ведомствоға және қай мемлекетке жататынына қарамастан, Қазақстан Республикасының республикалық бюджетi есебiнен жүргiзiледi;

      б) апат болған жерден әуе кемелерiнiң жолаушылары мен экипаж мүшелерiнiң көшiрiлуi апатқа ұшырған әуе кемесiн пайдаланушының күшiмен және құралдарымен немесе пайдаланушы шығындарының орнын кейiн толтыратындай өзге де күштермен және құралдармен жүзеге асырылады;

      в) жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдар әуе кемесiн iздестiру және құтқару жұмыстарын жүргiзуде кез келген мүмкiн болатын көмектерiн көрсетуге мiндеттi және iздестiру-құтқару органдары келiп жеткенше адамдарды құтқаруға, оларға медициналық және басқа көмек көрсетуге, сондай-ақ әуе кемесi мен оның бортындағы құжаттаманы, жабдықтар мен мүлiктi сақтауға қажеттi шараларды қолданады.

58-бап. Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiн iздестiру мен құтқаруды ұйымдастыру

      Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiн iздестiру мен құтқаруды Қазақстан Республикасының Бiрыңғай авиациялық iздестiру-құтқару қызметi ұйымдастырады.

      Авиациялық iздестiру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру мен жүзеге асыру кезiнде Бiрыңғай авиациялық iздестiру-құтқару қызметiнiң өз құзыретiне сәйкес мемлекеттiк органдардың, сондай-ақ авиакомпаниялардың күштерi мен құралдарын тартуға және пайдалануға құқығы бар.

      Бiрыңғай авиациялық iздестiру-құтқару қызметi Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негiзiнде басқа мемлекеттердiң органдарымен өзара iс-қимыл жасайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiленген тәртiппен iздестiру-құтқару және авариялық жұмыстарды жүргiзуге жауапты Қазақстан Республикасының басқа органдарымен өз жұмысын үйлестiредi.

      Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiне қажеттi көмегiн көрсету үшiн Қазақстан Республикасының аумағына кiруiне мыналарға:

      а) басқа мемлекеттердiң iздестiру-құтқару күштерi мен құралдарына;

      б) сол әуе кемелерiнiң иелерi мен пайдаланушыларына;

      в) апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерi тiркелген мемлекеттердiң өкiметiне рұқсат етiледi.

      Мұндай рұқсаттың берiлу тәртiбi Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережемен белгiленедi.

      Ескерту. 58-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

59-бап. Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерi туралы хабар беру

      Байланыс құралдары бар ұйымдар апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерi туралы ақпараттың дереу өтуi үшiн сол құралдарды беруге мiндеттi.

      Байланыс құралдарының берiлуi, апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемесiне, оның жолаушылары мен экипажына көмек беру туралы ақпараттың қабылдануы мен жiберiлуi әуе кемесiнiң пайдаланушысы есебiнен әдеттегi тариф бойынша ақы төлене отырып ешбiр кезек күтусiз жүргiзiледi. Бұл оқиға туралы алғашқы хабар тегiн берiледi.

      Апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерi туралы хабар беру үшiн жалпы пайдаланудағы байланыс құралдарының пайдаланылу тәртiбiн уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiмен бiрлесе отырып белгiлейдi.

      Жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдар әуе кемелерiнiң апатқа ұшырау туралы өздерiне белгiлi барлық жағдайлар туралы Бiрыңғай авиациялық iздестiру-құтқару қызметiне немесе жақын маңдағы аэродромға дереу хабар беруге мiндеттi.

60-бап. Авариялық-құтқару жұмыстары

      Аумақта және аэродром ауданында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу апатқа ұшыраған әуе кемесiнiң пайдаланушысы есебiнен меншiк иелерiнiң немесе аэродромдар иелерiнiң күштерi мен құралдарымен жүзеге асырылады.

      Егер апатқа ұшыраған әуе кемесi оның бөлшектерi темiржол, автомобиль, су көлiгiнiң қозғалысына немесе әуе кемелерiнiң ұшуына кедергi келтiрсе, құтқару жұмыстарының басшысы олардың жатқан жерiн және жалпы күйiн алдын ала белгiлеп қойып, көлiк қозғалысын немесе ұшуларды қалпына келтiру мақсатында әуе кемесiнiң (оның бөлшектерiнiң) жатқан жерiнен басқа орынға ауыстырылуына шаралар қолдануға мiндеттi.

61-бап. Әуе кемесiнiң, оның жолаушылары мен экипажын iздестiрудi тоқтату

      Iздестiру жөнiндегi қолданылған шаралар нәтиже бермеген жағдайда апатқа ұшыраған әуе кемесiн iздестiрудi тоқтату туралы шешiмдi әуе кемесiнiң иесiмен және Бiрыңғай iздестiру-құтқару қызметi басшысымен келiсу бойынша тергеу жөнiндегi комиссияның төрағасы қабылдайды.

      Мұндай шешiм қолда бар iздестiру-құтқару күштерiмен және құралдарымен бұдан әрi iздестiру әуе кемесiн табуға қол жеткiзбейтiнiне жеткiлiктi дәлелдер болғанда және тiрi қалған адамдарды құтқаруға ешқандай нақтылы сенiм қалмағанда ғана қабылдануы мүмкiн.

      Апатқа ұшыраған әуе кемесiн iздестiру тоқтату туралы шешiмге осы әуе кемесiнiң иесi сотқа беру тәртiбiмен қарсылық бiлдiре алады.

      Осы бапқа сәйкес iздестiрiлуi тоқтатылған әуе кемесi хабар-ошарсыз жоғалған болып есептеледi.

      Хабар-ошарсыз жоғалған әуе кемесiнiң экипажы мен жолаушыларын хабар-ошарсыз жоқ болып кеткендер деп тану және оларды қайтыс болғандар деп жариялау қолданылып жүрген заңдармен белгiленген тәртiпте жүргiзiледi.

62-бап. Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлердегi iздестiру мен құтқару

      Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде апатқа ұшырау қаупi төнген немесе апатқа ұшыраған Қазақстан Республикасының әуе кемелерiн iздестiру мен құтқару осы Заңның талаптарын ескере отырып, аумағында осы жұмыстар жүргiзiлетiн мемлекеттiң iздестiру-құтқару жұмыстарын орындау ережелерiне және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

63-бап. Апаттық жағдайларға әуе кемелерiн жабдықтау және экипажды даярлау

      Әуе кемелерi борттық авариялық-құтқару құралдарымен жабдықталуы тиiс, олардың тiзбесiн әуе кемесiнiң үлгiсi мен ұшатын ауданына байланысты азаматтық және эксперименттiк авиацияның әуе кемелерi үшiн уәкiлеттi орган, мемлекеттiк авиацияның әуе кемелерi үшiн - олардың ұшу жарамдылығының нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлейдi.

      Әуе кемесi экипажының барлық мүшелерi авариялық-құтқару даярлығы және әуе кемесiнiң бортында түрлi физикалық-географиялық және климаттық жағдайларда авариялық ахуал туындаған кезде жолаушыларға көмек көрсету бағдарламасы бойынша арнайы оқудан өтуге мiндеттi, ал жолаушылар мұндай жағдайдағы iс-әрекеттер туралы әрi жеке және борттық авариялық-құтқару құралдарын пайдалану ережелерi туралы экипаж тарапынан мiндеттi түрде нұсқаулар алуға тиiс.

      Ескерту. 63-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

9 тарау. Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiн қадағалау.
Авиациялық оқиғаларды тексеру

64-бап. Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiн қадағалау

      Авиациялық оқиғалар мен тосын оқиғаларға жол бермеу мақсатында азаматтық және эксперименттiк авиациядағы әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiн қадағалауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады. Мемлекеттiк авиацияда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгiнiң органы жүргiзедi.

      Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қадағалау ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәртiбi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн осы бақылау органдарының қызметi туралы Ережемен белгiленедi.

      Ескерту. 64-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

65-бап. Тексерудi ұйымдастыру мен жүргiзу

      Әрбiр авиациялық оқиға мiндеттi түрде тексерiлуге жатады.

      Азаматтық, эксперименттiк және мемлекеттiк авиациядағы авиациялық оқиғалардың тексерiлуiн әуе кемесiн пайдаланушының, сондай-ақ мүдделi мемлекеттердiң уәкiлеттi өкiлдерiнiң мiндеттi түрде қатысуымен ведомстводан тыс мемлекеттiк комиссия жүзеге асырады.

      Авиациялық оқиғаларды тексеру жөнiндегi комиссияның өкiлеттiгi мен жұмыс тәртiбi, сондай-ақ авиациялық оқиғаларға қызметтiк тексеру жүргiзудiң ережелерi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Ережемен белгiленедi.

      Авиациялық оқиғаны қызметтiк тексерудiң мақсаты оқиға себептерiн анықтау, авиациялық оқиғаларды болдырмау және әуе қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныстар жасау болып табылады.

66-бап. Айғақтық заттарды сақтау

      Осы Заңның 60-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, авиациялық оқиғаны немесе тосын оқиғаны тергеу жөнiндегi комиссияның мүшелерi келгенге дейiн әуе кемесi, оның құрамдас бөлшектерi, бортындағы және жер үстiндегi объективтiк бақылау құралдары, әуе кемесiндегi барлық заттар, сондай-ақ авиациялық оқиға немесе тосын оқиға болған аумақ пен ондағы заттар, әуе кемесiн жасауға, жөндеуге және пайдалануға әрi оның ұшуын қамтамасыз етуге қатысты бүкiл құжаттама ұйымдар мен азаматтар тарапынан ешбiр қолсұғусыз сақталуға тиiс.

67-бап. Авиациялық оқиға болған жердегi жұмыс

      Авиациялық оқиға болған жерде жүргiзiлетiн тексеру табиғи зiлзала зардаптарын жою жөнiндегi жұмыстарға теңестiрiлетiн ерекше жағдайдағы жұмыстар санатына жатқызылады.

      Жергiлiктi атқарушы өкiмет органдары, заңды және жеке тұлғалар авиациялық оқиғаны тексеру жөнiндегi комиссияға үнемi жәрдем көрсетуге мiндеттi.

      Авиациялық оқиға болған жерде комиссия жұмысын қамтамасыз етудiң тәртiбi осы Заңның 65-бабында аталған авиациялық оқиғаларға тексеру жүргiзу ережелерiмен айқындалады.

68-бап. Авиациялық оқиғаны тексеруге байланысты жұмыстарды қаржыландыру және шығындардың орнын толтыру тәртiбi

      Авиациялық оқиға болған жерде жүргiзiлетiн тексерумен байланысты барлық жұмыстарды пайдаланушы қаржыландырады. Ғылыми-зерттеу, конструкторлық, жөндеу және өнеркәсiптiк ұйымдар жүргiзетiн авиациялық оқиғаны тексеруге байланысты зерттеулер мен сынықтарды осы ұйымдар қаржыландырады да, кейiннен пайдаланушы шығындардың орнын толтырады.

10 тарау. Әуе тасымалдары

69-бап. Әуе тасымалдарын реттеу

      Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясының әуе кемелерiмен жолаушыларды, теңдеме жүк пен жүктердi әуеде тасымалдау осы Заңның нормаларымен және уәкiлеттi орган бекiтетiн Жолаушыларды, теңдеме жүк пен жүктi әуеде тасымалдау ережелерiмен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық келiсiмдермен және шарттармен реттеледi.

      Ескерту. 69-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

70-бап. Жолаушыларды, багажды, жүк пен почтаны әуеде тасымалдауды жүзеге асыру құқығы

      Жолаушыларды, багажды, жүк пен почтаны әуеде тасымалдауды жүзеге асыру құқығын пайдаланушының уәкiлеттi орган берген қолданыстағы сертификаты бар тұлғалар иеленедi.

      Пайдаланушының сертификатпен белгiленген қызмет шарттарын және шектеулерiн сақтай отырып, пайдаланушының сертификатында белгiленген қызметті ғана жүзеге асыруға құқығы бар.

      Егер уәкiлеттi орган басқа мемлекет берген пайдаланушы сертификатын таныса, тиiстi мемлекеттiң пайдаланушысының Қазақстан Республикасы аумағында әуе тасымалдарын жүзеге асыруға құқығы бар. қараңыз.P020401

      Ескерту. 70-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

71-бап. <*>

      Ескерту. 71-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

72-бап. Тасымал құжаттары

      Әуе тасымалдары шарт негiзiнде орындалады.

      Әуе тасымалының әрбiр шарты мен оның жағдайлары авиация ұйымы не уәкiлеттi тұлғалар (агенттер) тасымалдауға берген құжатпен куәландырылады.

      Жолаушыларды тасымалдау кезiнде ұшып шыққан және баратын пункттерi, жолаушының негiзгi құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлген жеке немесе топтық тасымал құжаты (билет) берiледi.

      Тiркелген теңдеме жүктi тасымалдаған кезде жiберiлген және баратын пункттерi көрсетiлген теңдеме жүк түбiртегi берiледi.

      Жүктi тасымалдаған кезде жiберiлген және баратын пункттерi, жiберiлген жүк салмағы, жүктi тасымалдаудың шарттары көрсетiлген жүк құжаты берiледi.

      Егер тасымалдаушы билеттi, теңдеме жүк түбiртегiн немесе жүк құжатын берген болса, бiрақ олар дұрыс ресiмделмесе немесе жоғалса әйтпесе қайсыбiр басқадай себеппен оларды көрсету мүмкiндiгi болмаса, тасымал шарты күшiн сақтайды.

      Поштаны әуеде тасымалдаудың шарты, оның жағдайлары мен почтаны тасымалға қабылдау пошталық құжатпен куәландырылады.

73-бап. Жүк құжатына қоса берiлетiн құжаттар

      Жүк жөнелтушi мәлiметтер ұсынуға тиiс және жүк берiлгенге дейiн оны алушы тиiстi заң актiлерiмен және жолаушыларды, теңдеме жүк пен жүктi әуемен тасымалдау ережелерiмен белгiленген кедендiк және басқа ресiмдемелердi орындау үшiн барлық құжаттарды жүк құжатына қоса беруi қажет.

74-бап. Жолаушыны әуемен тасымалдау шартын бiржақты тоқтату

      Жолаушының ұшудан бас тартуға әрi жолаушыларды, теңдеме жүктi және жүктi әуемен тасымалдау ережелерiмен белгiленген мөлшерде төленген тасымал ақысын қайтарып алуға құқығы бар.

      Егер:

      1) жолаушы осы Заңның 97-бабымен белгiленген ұшар алдында әуе кемесiндегi арнайы тексеруден бас тартса;

      2) жолаушы тасымалдаушы белгiлеген ереженi бұзса және өзiнiң iс-әрекетiмен әуе кемесiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiрсе;

      3) бұл үстiменен әуе тасымалы жасалатын немесе сонда жөнелту пунктi, аялдайтын жерi немесе баратын пунктi орналасқан мемлекеттiң заң актiлерiндегi ережелердiң бұзылуын жою үшiн қажет болса;

      4) жолаушының әуе тасымалы кезiндегi көңiл-күйi немесе денсаулық жай-күйi немесе мiнез-құлқы осы жолаушының өзiнiң саулығына немесе әуе кемесiнiң бортындағы адамдар мен мүлiктiң қауiпсiздiгiне қатер төндiрсе, сондай-ақ басқа жолаушыларға, ол медициналық қорытындылаумен расталуға тиiс, қолайсыз жағдай жасаса және олардың қарсылығын туғызса, тасымалдаушы жолаушыны әуеде тасымалдауды бiржақты тәртiппен тоқтатуға құқылы.

      Жолаушыны әуеде тасымалдаудың шарты жолаушыларды, теңдеме жүктi және жүктi әуеде тасымалдаудың ережелерiнде қарастырылған тәртiппен тоқтатылады және тасымал үшiн төлем қайтарылады.

75-бап. Чартерлiк шарт

      Чартерлiк шартта тараптар атауы, әуе кемесiнiң үлгiсi, жалға берiлу мақсаты, тасымалданатын жолаушылардың ең жоғары саны, теңдеме жүктiң, жүк пен поштаның салмағы, жолмен тасымалданатын зат мөлшерi, тасымалдың жiберiлу пунктi, уақыты және баратын жерi көрсетiлуi тиiс. Чартерлiк шартқа басқа да жағдайлар енгiзiлуi мүмкiн.

      Егер ол әуе кемесiнiң ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қажет болса, жалға берушi жалдаушыдан қосымша төлем талап етпей-ақ, тасымалдың басталу уақытын және қонатын жерiндегi жоспар бойынша қарастырылған әуе кемесiнiң ұшып шығу уақытын ауыстыруға, қосымша қонулар жасауға немесе ұшу маршрутын өзгертуге құқылы.

      Жалға берушi әуе кемесiнiң толық сыйымдылығын уақтылы беруге және шарт күшiнде тұрған кезде әуе кемесiн шартпен қарастырылған мақсаттарда пайдалануға болатындай күйде күтiп ұстауға мiндеттi.

      Жалдаушы жалға берушiнiң келiсiмiмен жалданған әуе кемесiн субчартерге беруге құқылы.

      Жалдаушы шарттар қарастырылған төлемдi уақытылы төлеуге, жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүк пен поштаны ұшып баратын жерiне уақытылы жеткiзудi қамтамасыз етуге мiндеттi.

76-бап. Халықаралық әуе тасымалдары

      Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiмен жолаушыларды, теңдеме жүк пен жүктердi халықаралық әуе тасымалын жасаған кезде, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан өзгеше туындамаса, жолаушыларды, теңдеме жүк пен жүктi әуеде тасымалдау туралы жалпы ережелер қолданылады.

      Поштаның халықаралық әуе тасымалдары Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық пошта келiсiмдерiнiң ережелерiн сақтай отырып жүзеге асырылады.

77-бап. Қазақстан Республикасы аумағындағы шетелдiк тасымалдаушылар қызметi

      Шетелдiк тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының аумағындағы өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарына, халықаралық келiсiмдер мен шарттарға сәйкес жүзеге асырады.

11 тарау. Авиациялық жұмыстар

78-бап. Авиациялық жұмыстарды орындау тәртiбi

      Авиациялық жұмыстар пайдаланушы мен тапсырыс берушi арасындағы шарт негiзiнде жүргiзiледi. Пайдаланушы мен тапсырыс берушi әрiптес таңдауда тең құқыққа ие.

      Авиациялық жұмыстарды орындау талаптары Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшудың Негiзгi ережелерiмен белгiленедi.

79-бап. Авиациялық жұмыстар тарифi

      Пайдаланушы мен тапсырыс берушi авиациялық жұмыстарға шарт жасаған кезде шарттық тарифтер (бағалар) белгiлеуге құқылы.

12 тарау. Әуежайлар. Аэродромдар

80-бап. Аэродромдар жiктемесi

      Аэродромдар жiктемесi олардың пайдаланылуына, ұшып-қону алаңының мөлшерлерiне және олардың үстiңгi қабатының салмақ көтеру қабiлеттiлiгiне қарай, сондай-ақ аэродромдардың ұшуларды қамтамасыз ететiн байланысты және радиотехникалық құралдармен жабдықталуына қарай арнайы нормативтiк құжаттармен анықталады.

      Ұшып-қону алаңы беттерiнiң түрiне қарай аэродромдар жасанды жабылған, топырақты, қармен көмкерiлген, мұзды және гидроаэродромдар болуы мүмкiн.

      Авиацияның қандай түрлерiне тиесiлiгiне қарай аэродомдар азаматтық аэродромдар, мемлекеттiк авиация аэродромдары және эксперименттiк авиация аэродромдары болып бөлiнедi.

81-бап. Аэродромдар мен әуежайларға жер бөлу, құрылысын жүргiзу және қайта жаңарту

      Аэродромдарға (әуежайларға) учаске таңдау, жер бөлу, жобалау, құрылысын жүргiзу және қайта жаңарту Қазақстан Республикасының заңдарына, Жер кодексiне, сондай-ақ аэродромдар мен әуежайларға қойылатын құрылыс нормалары мен ережелерiн, талаптарды, стандарттар мен ұсыныстарды реттейтiн нормативтiк құжаттарға сәйкес жүргiзiледi.

82-бап. Әуежайды (аэродромды) пайдаланушы

      Әуежайды (аэродромды) меншiк құқымен не өзге заң негiздерiмен пайдаланатын Қазақстан Республикасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес басқа мемлекеттiң заңды және жеке тұлғалары әуежайды (аэродромды) пайдаланушы деп аталады.

      Акционерлiк қоғам нысанындағы заңды тұлға ғана халықаралық рейстерге қызмет көрсететiн әуежай (аэродром) пайдаланушысы бола алады.

      Ескерту. 82-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

82-1-бап. Әуежай қызметi

      Әуежай қызметiнiң құрамына:

      1) азаматтық әуе кемелерiн, жолаушыларды қабылдау, шығару және оларға қызмет көрсету, багажды, жүктi, почтаны өңдеу, оларды тексерiп қарау және бақылау;

      2) аэродром, әуежай, аэронавигация объектiлерiн ұстау, жөндеу және пайдалану;

      3) әуежайдың авиациялық қауіпсiздік қызметі, бақыланатын аймақта бақылау-өткiзу режимiн қамтамасыз ету және олардың өртке қарсы қызметiн қамтамасыз ету;

      4) азаматтық әуе кемелерiнiң ұшуын жарық түсiру-техникалық қамтамасыз ету және әуежай, аэродром, аэронавигация объектілерін энергиямен жабдықтау;

      5) азаматтық әуе кемелерiн, әуежай объектiлерi мен қызметтерiн жанар-жағармай материалдарымен және арнаулы сұйықтықтармен қамтамасыз ету, олардың сапасын бақылау;

      6) азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушыларға және басқа тұтынушыларға арнаулы автокөлiк құралдарын беру; қараңыз.V022129

      7) әуежайлар мен азаматтық әуе кемелерiнде жолаушылар мен экипаждарды тағаммен қамтамасыз ету;

      8) жолаушыларға, экипаждарға, халыққа азаматтық авиация саласындағы қажеттi деректер жөнiнде ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету кiредi.

      Ескерту. 82-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272, өзгерту енгізілді - 2005.04.15. N 45 Заңдарымен.

83-бап. Аэродромды пайдалануға қосу

      Аэродромдары пайдалануға қосу үшiн оның аэродромдарды пайдалануға жарамдылық нормаларына сәйкестiгi және әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiндiгi анықталуы тиiс.

      Пайдаланушы аэродромның жарамдылығы туралы сертификат (куәлiк) және мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк алғаннан кейiн аэродром пайдалануға қосылады. қараңыз.P951170

84-бап. Аэродромдарды сертификаттау және тiркеу

      Азаматтық және эксперименттiк авиация аэродромдары үшiн сертификаттау, тiркеу, аэродромдардың пайдалануға жарамдылығының сертификаттарын және тiркеу туралы куәлiктерiн беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi, мемлекеттiк авиация аэродромдары үшiн - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлейдi.

      Пайдаланудың барлық кезеңiнде осы аэродромның пайдалануға жарамдылығына сертификат алу үшiн белгiленген талаптарға аэродромның сәйкестiгiн қамтамасыз ету аэродром пайдаланушысына жүктеледi.

      Ескерту. 84-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

85-бап. Әуе кемелерiнiң ұшуына аэродромдық қызмет көрсету

      Қоғамдық пайдаланыс үшiн ашық тұратын азаматтық аэродромдар (әуежайлар) барлық әуе кемелерiне бiркелкi жағдайда қызмет көрсетiлуiн қамтамасыз етуге тиiс.

      Аталған бiркелкi жағдайлар - байланыс құралдарын пайдалануға, ұшу мен әуе қозғалысын басқаруды радиотехникалық қамтамасыз етуге, метеорологиялық қызмет көрсетуге, күзетiлетiн тұрақ орындарын, жанармай құйылуын, техникалық қызмет көрсетiлуiн, ұшу мен қызмет көрсетудiң және басқа түрлерiн қамтамасыз етуге қатысты жәйттер.

      Аталған аэродромдар (әуежайлар) ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн техникалық және метеорологиялық жағдайлар бойынша ғана жұмыс уақытының мәлiмделген сағаттарында әуе кемелерiн қабылдау және ұшыру үшiн жабық болуы мүмкiн.

86-бап. Аэродромдары бiрлесiп пайдалану

      Азаматтық, мемлекеттiк және эксперименттiк авиация аэродромдарын, сондай-ақ әуежайларды әуе кеңiстiгiн әртүрлi пайдаланушылармен, соның iшiнде қосалқы аэродромдар ретiнде бiрлесiп пайдалану Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

87-бап. Аэродромдар мен әуежайларды жою немесе көшiру

      Аэродромдар мен әуежайларды жою немесе басқа жерге көшiру Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген шарт пен тәртiпте, меншiк иесiнiң шешiмi бойынша жүзеге асырылады.

88-бап. Айналадағы табиғи ортаны қорғау

      Аэродромға (әуежайға) жер таңдау, оны салу, қайта жаңарту, жөндеу және пайдалану кезiнде мердiгер мен пайдаланушы айналадағы табиғи ортаны қорғау жөнiндегi Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген нормаларды, ережелер мен рәсiмдердi орындауға мiндеттi.

13 тарау. Жауапкершiлiк және сақтандыру

89-бап. Әуе тасымалы кезiнде жолаушының қайтыс болғаны немесе денсаулығына зақым келтiрiлгенi үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi

      Тасымалдаушы әуе тасымалы кезiнде жолаушының қайтыс болғаны немесе оның денсаулығына зақым келтiрiлгенi үшiн жауап бередi.

      Тасымалдаушы, егер зәбiр шегушiнiң өз кiнәсiнен туындағандығын дәлелдей алмаса, жолаушының әуе тасымалы кезiндегi қайтыс болуы немесе денсаулығының зақымдануы салдарынан туындаған залал үшiн Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген жауапкершiлiкке тартылады.

      Жолаушының әуеде тасымалдау кезеңi тасымалдаушының немесе ол уәкiлеттiк берген адамның жолаушыны тасымалдауға қабылдаған сәтiнен бастап, әуе кемесiнiң ұшқанына немесе ұшпағанына қарамастан, жолаушы аэродром перронын тастап кеткен сәтке дейiнгi уақытты қамтиды.

      Ескерту. 89-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 Заңымен.

90-бап. Тасымалдаушының жоғалған, жетiспейтiн немесе зақымданған теңдеме жүк, жүк немесе жолаушының қол жүгi үшiн жауапкершiлiгi. Жауапкершiлiк мөлшерi

      Жолаушының қол жүгiнiң, тiркеуден өткен теңдеме жүктiң жоғалғаны, жетпейтiндiгi немесе зақымданғаны үшiн тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мынадай мөлшерде:

      1) тасымалдауға құны жарияланбай қабылданған теңдеме жүктiң, сондай-ақ жолаушының қол жүгiнiң жоғалғаны немесе жетiспейтiндiгi үшiн - жоғалған теңдеме жүктiң немесе жолаушының қол жүгiнiң, әйтпесе олардың жетiспейтiн бөлiгiнiң нақты құны мөлшерiнде;

      2) тасымалға құны жарияланып қабылданған теңдеме жүктiң жоғалғаны немесе жетiспейтiндiгi үшiн - егер тасымалдаушы жарияланған құнның заттың нақты құнынан жоғары екендiгiн дәлелдей алмаса, жарияланған құн мөлшерiнде;

      3) теңдеме жүктiң немесе жолаушының қол жүгiнiң зақымданғаны үшiн - теңдеме жүктiң немесе қол жүктерi құнының төмендеген сомасы мөлшерiнде жауапты болады.

      Тасымалдаушы тасымалға қабылданған жүктiң өз кiнәсiнен жоғалғаны, жетiспейтiндiгi және зақымданғаны үшiн толық жауап бередi.

      Егер жолаушының қол жүгiнiң, теңдеме жүктiң, жүктiң бiр бөлiгiнiң немесе солардың iшiндегi қайсыбiр заттың жоғалуы, жетiспеушiлiгi немесе зақымданғаны жолаушының қалған қол жүктерiне немесе теңдеме жүктiң түбiртегiне әйтпесе теңдеме жүктiң немесе жүктiң жүк құжаттарында жазылған заттардың құнына әсерiн тигiзген болса, өтем мөлшерiн белгiлеген кезiнде жолаушының қол жүктерiнiң, теңдеме жүктiң немесе жүктiң жалпы құны ескерiлуге тиiс.

      Теңдеме жүк пен жүк жоғалған немесе жетiспеген жағдайда тасымалдаушы өтем жасаумен қатар жоғалған теңдеме жүкке төленген ақыны, егер теңдеме жүктiң тасымалданғаны үшiн ақы төленсе, сондай-ақ жоғалған жүктiң тасымалдануы үшiн төленген ақыны қайтарады.

      Ескерту. 90-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 Заңымен.

91-бап. Рейс орындалмайтын немесе бөгелген кездегi тасымалдаушының жауапкершiлiгi

      Жойқын күштердiң әсерiнен болатын жағдайларды қоспағанда, рейс орындалмайтын немесе бөгелетiн болса, жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы;

      жолаушының билетте көрсетiлген бару мекенiне жақын арада болатын рейспен жөнелтiлуiн, ал оған дейiн қонақ үйге орналастырылуын және тамақтандырылуын қамтамасыз етуге;

      жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.

92-бап. Поштаның жоғалғаны, жетiспейтiндiгi немесе зақымдануы және жеткiзiлуiнiң кешiккенi үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi

      Тасымалдаушы поштаның жоғалғаны, жетiспейтiндiгi немесе зақымданғаны және тасымалдаушының кiнәсiнен жеткiзiлуiнiң кешiктiрiлгенi үшiн пошта органдарының алдында байланыс мекемелерiнiң жөнелтiм жасаушылардың немесе адресаттардың алдындағы мүлiктiк жауапкершiлiк мөлшерiндегiдей жауап бередi.

93-бап. Әуе кемелерiнiң соқтығысу салдарынан туындаған зиян үшiн жауапкершiлiк

      Егер Қазақстан Республикасының аумағында екi немесе бiрнеше әуе кемелерi соқтығысқан болса, немесе қайсы бiр әуе кемесi екiншi әуе кемесiне зақым келтiрсе, бiрақ соқтығысу орын алмаса, әуе кемелерi пайдаланушыларының өзара мүлiктiк жауапкершiлiктерi мынадай жағдайлармен анықталады:

      1) тараптардың бiрiнiң кiнәсiнен келтiрiлген зиянды сол тарап толық мөлшерде өтейдi;

      2) егер зиян екi (бiрнеше) тараптың да кiнәсiнен келтiрiлген болса, әрбiр тараптың жауапкершiлiгi соның кiнәсiнiң дәрежесiне сәйкес белгiленедi;

      3) егер зиян екi (бiрнеше) тараптың да кiнәсiнен болса және тараптың әрқайсысының кiнәсiн анықтау мүмкiн болмаса, жауапкершiлiк барлық тараптар арасында тең мөлшерде бөлiнедi.

      Егер тараптар зиянның келтiрiлуiне кiнәлi болмаса, олардың бiрде бiрiнiң екiншi тараптан зиянды өтеудi талап етуге құқығы жоқ.

      Кiнәсi дәлелденбейiнше соқтығысу кезiнде әуе кемелерi зардап шеккен тараптағы бiрде бiрi кiнәлi деп саналмайды.

      Әуе тасымалы кезiнде жолаушының қайтыс болуы немесе денсаулығына зақым келтiрiлуi салдарына туындаған зиян үшiн, сондай-ақ әуе кемесiнiң бортындағы немесе тасымалдаушыға тапсырылған үшiншi адамның мүлкiне келтiрiлген зиян үшiн мүлiктiк жауапкершiлiк осы Заңның ережелерi бойынша тасымалдаушыға жүктеледi, оның үстiне осы баптың бiрiншi бөлiгiнде белгiленген жағдайларда, ол соның (солардың) кiнәсiнен келтiрiлген зиянға қатысты екiншi тарапқа (тараптарға) қарсы талап (регресс) қоюға құқылы.

94-бап. Коммерциялық актiлер жасау

      Тасымалдаушылардың, жолаушылардың, жөнелтiм жасаушылар мен алушылардың мүлiктiк жауапкершiлiгiне негiз болуы мүмкiн жағдайлар коммерциялық актiлермен куәландырылады. Коммерциялық акт жасау тәртiбi мен коммерциялық акт жасауды талап етпейтiн жағдайларды куәландыру тәртiбi тасымал ережелерiмен белгiленедi. V043276

      Коммерциялық акт жүктi, теңдеме жүктi немесе поштаны тапсыру кезiнде мынадай жағдайларды:

      1) тасымалдау құжаттарында көрсетiлген мәлiметтерге жүктiң немесе поштаның атауы, салмағы (массасы) немесе орын саны заттай сәйкес келмеген;

      2) жүк бүлiнген;

      3) теңдеме жүк жетiспеген немесе бүлiнген;

      4) поштада жетiспеушiлiк болған немесе бүлiнген;

      5) жүктiң, теңдеме жүктiң немесе поштаның құжатсыз екенi, сондай-ақ құжаттың жүксiз, теңдеме жүксiз немесе поштасыз екенi анықталған жағдайларды куәландыру үшiн жасалады.

95-бап. Азаматтық авиация қызметiне байланысты мiндеттi сақтандыру

      Әуе кемелерінің, азаматтық авиацияның басқа да объектілері мен құрал-жабдықтарының меншік иелері және пайдаланушылары Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заң актілерінде белгіленген тәртіппен өздерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруға міндетті.

      Халықаралық авиажелiлерiндегi сақтандыру Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 95-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.08. N 414 Заңымен.

14 тарау. Авиация қауiпсiздiгi

96-бап. Авиация қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету

      Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын заңсыз араласу әрекеттерiнен қорғауды қамтамасыз ететiн заңдардың, ережелер мен рәсiмдердiң сақталуын бақылауды уәкiлеттi орган және өзге де мемлекеттiк органдар өз құзыретiне сәйкес жүзеге асырады.

      Әуе кемелерiн пайдаланушылар, әуе кемелерiн қабылдауды, шығаруды немесе оларға қызмет көрсетудi жүзеге асыратын ұйымдар және азаматтар Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн авиация қауiпсiздiгi ережелерiне сәйкес оның қызметіне заңсыз араласудан авиацияны қорғау жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.

      Авиацияның оның қызметiне заңсыз араласудан қорғау:

      1) әуежайдың бақыланатын аймағына бөтен адамдар мен көлiктiң кiруiне жол бермеу арқылы;

      2) бөтен адамдардың әуе кемелерiне кiрiп кету мүмкiндiгiн болдырмайтындай аялдамалардағы әуе кемелерiн күзету арқылы;

      3) әуе көлiгiмен тасымалдауға тыйым салынған қарулардың, оқ-дәрiлердiң, жарылғыш, радиоактивтi, уландырғыш, тез тұтанғыш және басқа қауiптi заттар мен нәрселердiң заңсыз алып жүру мүмкiндiгiн болдырмау арқылы;

      4) қарулар мен оқ-дәрiлердi тасымалдау кезiнде олардың әуе кемелерiндегi жолаушылардан оқшауланған бөлiктерiндегi теңдеме жүкпен оқтары алынған күйде тасымалдануын қамтамасыз ететiн айрықша сақтық шараларын енгiзу арқылы;

      5) ерекше жағдайларда әуе кемелерiн арнайы толық тексеру арқылы;

      6) әуе кемелерiн ұшу кезiнде экипаждың қауiпсiз жұмысын қамтамасыз ететiн, сондай-ақ, әуе кемелерiн заңға қайшы пайдалануға жол бермейтiн техникалық құрылғылармен жабдықтау арқылы;

      7) уәкiлеттi орган арнайы әзiрленген авиация қызметiне заңсыз араласуға қарсы әрекет жасайтын шаралармен, сондай-ақ, авиация қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн тағы басқа шаралар қолдану арқылы қамтамасыз етiледi.

      Авиациялық қауіпсіздікті азаматтық авиация ұйымдарының авиациялық қауіпсіздік қызметтерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осы өкiлеттiктер берiлген мемлекеттiк органдар қамтамасыз етедi.

      Авиациялық қауiпсiздiк қызметінің функцияларын шетелдiк жеке және (немесе) заңды тұлғаларға, сондай-ақ шетел қатысатын ұйымдарға беруге тыйым салынады. қараңыз.V022011

      Ескерту. 96-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272, 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

97-бап. Жолаушыларды, қол жүгiн және теңдеме жүктi тексеру

      Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарына, кеден органдарына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметiне және пайдаланушыларға қол жүгiн, теңдеме жүктi, поштаны, борттық тағамды, әуе кемесiнiң экипажын тексеру және әуе кемелерiндегi жолаушылардың жеке бастарын тексеру құқығы берiледi.

      Тексерудi осы мақсатқа арнайы тағайындалған адамдар әуежайда не әуе кемесiнде жүргiзедi.

      Жолаушы тексеруден бас тартқан жағдайда тасымалдаушы ондай жолаушымен жасалған әуе тасымалы туралы шартты бұзуға құқылы.

      Әуе кемесiнде жүк тиелгеннен кейiн барлық сыртқы есiктер жабылған сәттен бастап, жүктi түсiру үшiн сол есiктердiң кез келген бiреуi ашылған сәтке дейiн тексеру жолаушының келiсуi-келiспеуiне қарамастан жүргiзiлуi мүмкiн.

      Тексерудi жүргiзу ережесi мен тексеруге құқығы бар адамдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      Ескерту. 97-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.07.10. N 338 Заңымен.

98-бап. Тексерiлуге жататын адамдар

      Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен арнайы Тiзбе бойынша мемлекеттiң лауазымды адамдарын, сондай-ақ дипломатиялық иммунитеттi пайдаланатын адамдарды қоспағанда, әуе кемесiмен тасымалданатын әрбiр адам тексеруден өткiзiледi.

99-бап. Авиация қызметiн реттейтiн нормалар мен ережелердiң бұзылғаны үшiн жауапкершiлiк

      Авиация қызметiн реттейтiн нормалар мен ережелердiң бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.

15 тарау. Атрибутика, жалау, эмблема, жалауша

100-бап. Атрибутика, жалау, эмблема, жалауша

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк жалауының бейнесi Қазақстан Республикасының барлық әуе кемелерiнде болады.

      Уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бар өзiнiң мөрi мен атрибутикасы болуы тиiс.

      Қазақстан Республикасының әрбiр авиация ұйымының өз эмблемасы, жалаушасы мен өзге де атрибутикасы болуы мүмкiн.

      Ескерту. 100-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

101-бап. Осы Заңды жүзеге асыру жөнiндегi шаралар және оның күшiне енгiзу тәртiбi туралы

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi:

      Қазақстан Республикасының Азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн;

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк әуе кемелерiнiң тiзiлiмiн жасайтын болсын;

      Үкiметтiң шешiмдерiн осы Заңға сәйкес келтiрсiн;

      осы Заңды қолдану жөнiндегi қажеттi нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдасын.

      2. Осы Заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Ескерту. 101-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

Қазақстан Республикасының


Президентi



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады