Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
1. 1995 жылғы 30 тамыздағы Алматыда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Израиль Мемлекетi Үкiметiнiң арасындағы Туризм саласындағы келiсiм бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi Израиль Тарабын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң осы мәселе жөнiндегi қабылдаған шешiмi туралы хабардар етсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Израиль
Мемлекетiнiң Үкiметi арасындағы Туризм саласындағы
КЕЛIСIМ
(Келісім 1997 жылғы 24 ақпаннан бастап күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
бюллетені, 2003 ж., N 11, 83-құжат)
Бұдан былай қарай "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Израиль Мемлекетiнiң Үкiметi тең құқықты және өзара тиiмдi негiзде елдер арасындағы достық қатынастарды нығайтуға тiлек бiлдiре отырып, олардың халықтары арасындағы өзара түсiнiкке жәрдемдесу және екi ел арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық процесiн кеңейту мақсатында мыналар жөнiнде уағдаласты:
1-Бап
Уағдаласушы Тараптар туристер ағылысын жандандыру мақсатында екi ел арасындағы туризмдi дамыту процесiне, соның iшiнде, оны ұйымдастыру, екi елдiң де туристiк ассоциациялары мен ұйымдары, оның басқару құрылымдары арасында қатынастар орнату мәселелерiнде жәрдемдесетiн болады.
Осы Келiсiмге сәйкес ынтымақтастық мәселелерi екi Тараптың да тиiстi заңдарының шеңберiнде, атап айтқанда, бюджеттiң бөлiнген лимитi шегiнде жүзеге асырылатын болады.
2-Бап
Уағдаласушы Тараптар жеке меншiк кәсiпорындар қызметiне салынатын инвестицияларды қоса алғанда, туризм саласындағы инвестицияларды көтермелейтiн болады.
3-Бап
Уағдаласушы Тараптар мынадай салалардағы: сауықтыру туризмi, күш жұмсалатын жаттығулар бағдарламалары, өзара туристiк сарапшылар, кәсiптiк ақпараттық материалдар, құжаттар, туристiк әдебиет және басқа да материалдар алмасу салаларындағы екеуара ынтымақтастықты дамытуға келiседi.
4-Бап
Уағдаласушы Тараптар халықаралық туристiк ұйымдар шеңберiнде ынтымақтасатын болады.
5-Бап
Осы Келiсiм ережелерiн жүзеге асыру процесiне белсендi түрде жәрдемдесу мақсатында Тараптар тиiстi үкiметтiк-әкiмшiлiк құрылымдар деңгейiнде осы Келiсiмдi орындау және жүзеге асыруды бақылау жөнiндегi жұмыс бағдарламаларын жасау үшiн қажеттiлiгiне қарай кездесiп отыратын болады.
Осы мақсатта бiрлескен комитет құрылатын болады. Ыңғайлы болуы үшiн ол балама негiзде екi елдiң де астанасында орналасатын болады.
6-Бап
Қазақстан Республикасының Жастар iстерi, туризм және спорт министрлiгi мен Израиль Мемлекетiнiң Туризм министрлiгi осы Келiсiмдi орындау мәселелерiнде уәкiлдiк берiлген Тараптар болып табылады.
7-Бап
Осы Келiсiм дипломатиялық арналар арқылы екi Тараптың да құқықтық талаптарына Келiсiм ережелерiнiң толық сәйкес келетiнi туралы Тараптарды хабарландырған сәттен бастап күшiне енедi. Келiсiм 5 жыл бойы өз күшiнде болады және, егер Тараптардың бiреуi дипломатиялық арналар арқылы шарттың мерзiмi бiтетiн күнге дейiн кемiнде 6 ай бұрын оның тоқтатылғаны туралы екiншi Тарапқа жазбаша түрде хабарламаса, онда келесi мерзiмге өздiгiнен ұзартыла алады.
5755 жылдың _______________________айының ______________күнiне сәйкес келетiн 1995 жылдың тамыз айының 30 күнiнде ________екi данада, қазақ, иврит және ағылшын тiлдерiнде жасалды, сондай-ақ барлық мәтiннiң де бiрдей күшi бар.
Түсiндiруде пiкiр алшақтығы туған жағдайда ағылшын тiлiндегi мәтiн басым күшке ие болып табылады.
Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетiнiң
Үкiметi үшiн Үкiметi үшiн