Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
Алматыда 1997 жылғы 14 қазанда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украина Үкіметі арасындағы Үкіметтік байланыс саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украина Үкіметі
арасындағы Үкіметтік байланыс саласындағы
ынтымақтастық туралы
Келісім
(1998 жылғы 29 сәуірде күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрі қарай Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украина Үкіметі,
Екі мемлекет арасындағы қазіргі достық қарым-қатынастарды одан әрі қарай нығайтуға деген ұмтылысты басшылыққа ала отырып,
Тараптардың мемлекетаралық үкіметтік байланысты сақтау мен дамытуға мүдделі екендерін ескере отырып,
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы жасалған шарттар мен келісімдерді ескере отырып,
негізі өзара сенім мен бір-біріне деген құрмет болып табылатын, қарым-қатынастарды дәлме-дәл реттеудің көкейтесті қажеттілігін ескере отырып,
төмендегілер жөнінде келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде көрсетілген терминдер мыналарды білдіреді:
"Құзыретті органдар" - Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті және Украинаның Қауіпсіздік қызметі;
"үкіметтік байланыс" - шифрленген телефондық және құжаттық байланыс;
"мемлекетаралық үкіметтік байланыс" - Қазақстан Республикасы мен Украинаның үкіметтік байланыс абоненттері арасында құпия ақпарат алмасуға арналған үкіметтік байланыс жүйесі;
"шифрлеу құралдары" - қол шифрлері, шифрлеу және құпиялау аппараттары, запастағы құпия мүлік пен оларға тиесілі бөлшектер, нормативтік және техникалық құжаттама, шифрліктер мен оларды жасауға арналған аппаратура.
2-бап
Тараптар Қазақстан Республикасы мен Украинаның үкіметтік байланыс абоненттері арасында құпия ақпарат алмасуға арналған тұрақты жұмыс істейтін мемлекетаралық үкіметтік байланысты ұйымдастырады.
Тараптар мемлекетаралық үкіметтік байланысты техникалық пайдалануды ұйымдастыру және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірдей құқықтары бар.
Мемлекетаралық үкіметтік байланысты ұйымдастыру, техникалық пайдалану, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен үздіксіз жұмыс істеу мәселелерін Құзыретті органдар шешеді.
3-бап
Бір Тарап мемлекетінің жоғары лауазымды адамдары үшін үкіметтік байланыс олардың екінші Тарап мемлекетінің аумағында уақытша болуы кезінде құзыретті органдар келіскен көлем мен тәртіпте беріледі.
Байланыс арналары мен абоненттік желілерді ұйымдастыру, сондай-ақ бұған қажетті үкіметтік байланыс құралдарын құрастыру мүдделі Тарап есебінен жүзеге асырылады.
4-бап
Тараптардың әрқайсысы, өзара уағдаластық бойынша, өз мемлекетінің аумағында екінші Тарап мемлекетінің лауазымды адамдары үшін үкіметтік байланысты, егер тиісті үкіметаралық келісімдермен өзге жағдайлар қарастырылмаған болса, оның мемлекеті аумағындағы қолданыстағы тәртіпке сәйкес береді.
Үкіметтік байланыстың берілгені үшін ақы төлеуді мүдделі Тараптың Құзыретті органы жүзеге асырады.
5-бап
Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы мемлекетаралық үкіметтік байланысты құру, қолданысқа енгізу, техникалық пайдалану және одан әрі қарай жетілдіру бойынша шығындарды әрбір мемлекеттің аумағы шеңберінде Тараптардың әрқайсысы өз бетінше төлейді.
6-бап
Тараптар Құзыретті органдарға өзара тиімді жағдайларда:
мемлекетаралық үкіметтік байланыс, сондай-ақ үкіметтік байланыстың ұлттық желілері үшін Құзыретті органдар келіскен жекелеген құжаттар мен айқындалған тәртіпке сәйкес жаңа жүйелер мен байланыс құралдарын әзірлеу мен өндіру саласында ғылыми-зерттеу және жобалау-құрастыру жұмыстарын жүргізуді;
үкіметтік байланыс құралдарын өндіру саласында өзара іс-қимыл жасауды;
шартты жазбаларды қорғау және ақпаратты техникалық арналар арқылы таралудан қорғау саласындағы мәселелерді шешу бойынша өзара іс-қимыл жасауды;
құзыретті органдардың кадрларын даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды жүзеге асыруды тапсырады.
7-бап
Тараптар Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы мемлекетаралық үкіметтік байланысты, сондай-ақ үкіметтік байланыстық ұлттық желілерін ұйымдастыру және пайдалану үшін қажетті шифрлеу құралдарын, байланыс техникалары мен құралдарын, жинақтаушы бұйымдарды және қосалқы бөлшектерді екі Тарап мемлекеттерінің заңдарына және экспортқа бақылау жасау процедурасына сәйкес және халықаралық міндеттемелерді сақтай отырып, келісілген көлемде жеткізіп беруді қамтамасыз етуге міндеттенеді.
8-бап
Қазақстан Республикасы мен Украина арасында шифрлеу құралдарын, байланыс техникалары мен құралдарын, жинақтаушы бұйымдар мен қосалқы бөлшектерді жеткізіп беру, сондай-ақ жөндеуді ұйымдастыру мен арнаулы мақсаттағы қызмет көрсету шарттық негізде жүзеге асырылады.
9-бап
Тараптар Құзыретті органдарға өзара келісілген жағдайларда өздерінің әскери өкілдіктері арқылы тиісті кәсіпорындарда шифрлеу құралдарын, байланыс техникасы мен құралдарын, жинақтаушы бұйымдар мен қосалқы бөлшектерді әзірлеуге, жасауға, жеткізіп беруге және пайдалануға әскери бақылау жасауды жүзеге асыруды тапсырады.
10-бап
Тараптар Құзыретті органдардың осы Келісімнен туындайтын мәселелерді іске асыру бойынша өзара іс-қимылы кезінде жұмыс тілі - орыс тілі болып табылады деп белгілейді.
11-бап
Тараптар Құзыретті органдарға осы Келісімнен туындайтын мәселелерді шешу мақсатында келіссөздер жүргізуді тапсырады.
12-бап
Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекет ішілік процедураларды орындағаны туралы жазбаша мәлімдеме алған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім он жыл мерзім ішінде өз күшінде болады және Тараптардың ешқайсысы кезекті мерзімнің аяқталуына алты ай қалғанға дейін өзінің Келісім қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа жазбаша мәлімдеме жібермесе, онда келесі он жылдық кезеңдерге өздігінен ұзартылады.
Осы Келісімнің қолданысы бір Тараптың оның күшін тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша мәлімдемесін алған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін тоқтатылады.
13-бап
Осы Келісімді орындау мен түсіндіруге байланысты барлық даулы мәселелер келіссөздер арқылы шешілетін болады.
14-бап
Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша, олар осы Келісімге Хаттамалармен ресімделетін, осы Келісімдерге өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Алматы қаласында 1997 жылғы 14 қазанда әрқайсысы қазақ, украин және орыс тілдерінде екі дана етіліп жасалды, сондай-ақ барлық мәтіндер теңбе-тең болып табылады.
Осы Келісім ережелерін түсіндіруге қатысты келіспеушілік туындаған жағдайларда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.
Қазақстан Республикасының Украина
Үкіметі үшін Үкіметі үшін