Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. "Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды жазасын әрі қарай өтеу үшін беру туралы конвенцияны бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
жоба
Қазақстан Республикасының
Заңы Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды жазасын әрі қарай өтеу үшін беру туралы конвенцияны бекіту туралы
1998 жылғы 6 наурызда Мәскеу қаласында жасалған Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды жазасын әрі қарай өтеу үшін беру туралы конвенция бекітілсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Бас еркінен айыруға сотталған
адамдарды жазаны одан әрі өтеу үшін беру туралы
Конвенция
Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекеттер,
мемлекеттiң егемендiгi принципiн негiзге ала отырып,
өзара құрмет пен ынтымақтастықтың қалыптасқан қатынастарын дамытуды қалай отырып,
сотталған адамдардың олар азаматы болып табылатын мемлекетте және оның аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдардың жазаларын өтеуi жазаның орындалу мақсатына әлдеқайда тиiмдiлiкпен қол жеткiзуге жәрдемдесетiнiн ескере отырып,
iзгiлiк принципiн басшылыққа ала отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Осы Конвенцияның мақсатына жету үшiн төмендегi көрсетiлген терминдер мыналарды бiлдiредi:
а) "Үкiм шығарылған мемлекет" - соты адамды бас еркiнен айыру түрiнде соттау туралы үкiм шығарған Уағдаласушы Тарап;
б) "Yкім орындалатын мемлекет" - бас еркiнен айырылуға сотталған адам жазасын өтеу үшiн берiлетiн Уағдаласушы Тарап;
в) "құзыреттi орган" - ұлттық заңдарға және осы Конвенцияға сәйкес сотталған адамды жазасын одан әрi өтеу үшiн беру туралы шешiм қабылдайтын мемлекеттiк орган;
г) "сотталушы" - Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң соты жасаған қылмысы үшiн бас еркiнен айыру түрiнде соттаған адам;
д) жақын туыстар - Уағдаласушы Тараптардың қолданылып жүрген ұлттық заңдарына сәйкес туыстық қарым-қатынас тұрған адам.
2-бап
Басқа Уағдаласушы Тарапта бас еркiнен айыруға сотталған Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының азаматы, сондай-ақ оның аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес олар азаматы болып табылатын немесе соның аумағында тұрақты тұратын (егер азаматтығы жоқ адам болса) Уағдаласушы Тарапқа жазасын өтеу үшiн берiлуi мүмкiн.
3-бап
Адамның сотталғаны және оның тұрған жерi туралы жазаны орындайтын сот пен орган тиiсiнше сотталушы азаматы болып табылатын немесе оның аумағында тұрақты тұратын (егер азаматтығы жоқ адам болса) Уағдаласушы Тараптың дипломатиялық өкiлдiгiн немесе консулдық мекемесiн, сондай-ақ олардың беру туралы өтiнiш жасау құқығын iске асыру үшiн оның жақын туыстарын, заңды өкiлiн және адвокатын жазбаша түрде құлақтандыруға тиіс.
4-бап
Сотталушыны беру туралы өтiнiштi Үкiм шығарылған мемлекет, сондай-ақ Үкiм орындалатын мемлекет жасай алады.
Сотталушыны беру туралы сотталушының өзi, оның жақын туыстары, заңды өкiлi мен адвокаты Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органына өтiнiш жасай алады.
Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органы беру туралы өтiнiш жасаушыға қабылданған шешiм туралы 40 күндiк мерзiм iшiнде жазбаша түрде хабарлайды. Беруден бас тарту туралы шешiм дәлелдi болуы керек.
Берудiң мүмкiндiктерi мен оның заңдық салдары туралы Үкiм шығарылған мемлекеттің қылмыстық-атқару жүйесi басқармасының орталық немесе аумақтық органдары сотталушыға не оның заңды өкiліне жазбаша түрде түсiндiруге тиiс.
5-бап
Бас еркінен айыруға сотталған адамды беру мына шарттар болған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін:
адамды бас еркінен айыруға соттау туралы заңды күшіне енген сот үкімі;
осы Конвенцияның 4-бабының 2-бөлігінде көрсетілген адамдар тарапынан беру туралы өтініш болса;
сотталушының жазбаша келісімі немесе егер сотталушы жасына, денсаулығына немесе психикалық жағдайына байланысты өзінің еркін еркін білдіре алмаған жағдайда, - оның заңды өкілінің келісімінсіз болса;
адам қабылдап - өткізуді жүзеге асырушы Уағдаласушы тараптың заңдары бойынша бас еркінен айыру түріндегі жазаға әкеп соғатын қылмыстар болып табылатын әрекеттер үшін сотталса;
беру туралы өтініш алынған сәтте бас еркінен айырудың өтелмеген мерзімі алты айдан кем болса;
Үкімді шығарылған мемлекеттің және Үкім орындалатын мемлекеттің сотталушыны қабылдау және өткізу туралы келісімі болса.
6-бап
Егер:
ескеру мерзімнің өтуі салдарынан немесе осы мемлекеттің заңдарында көзделген өзге де негіз бойынша жазаның Үкім орындалатын мемлекеттің аумағында орындалуы мүмкін болмаса;
Үкім орындалатын мемлекеттің аумағында жасалған әрекеті үшін ол жаза көтерсе немесе ақталса не іс тоқтатылса, сол сияқты, егер адамды осы мемлекеттің құзыретті органы босатса;
бұл Үкім шығарылатын мемлекеттің немесе сотталушы азаматы болып табылатын мемлекеттің мүдделеріне залал келтірсе, сотталушыны беру жүргізілмейді.
Егер сотталушы қылмыспен келтірілген залалды өтемесе оны беруден бас тартылуы мүмкін.
7-бап
Осы Конвенцияның мәселелерi бойынша Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары бiр-бiрiмен тiкелей байланысады.
Уағдаласушы Тараптың әрқайсысы ол үшiн Конвенция күшіне енген күннен бастап бiр айдың ішінде депозитарийге өзiнiң құзыреттi органының атауын хабарлайды.
8-бап
Сотталушыны жазасын өтеу үшiн беру мақсатында бiр Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органы басқа Уағдаласушы Тараптың құзыретті органына өтiнiш жасайды.
Өтiнiш жазбаша нысанда әзiрленедi және оған мыналар қоса берiледi:
сотталушының жеке басы туралы мәлiметтер (тегi, аты, әкесiнiң аты, туған күнi мен жерi);
сотталушының азаматтығы немесе оның тұрақты тұрғылықты жерi туралы мәлiметтер;
бас еркiнен айыруға сотталған адамның әрекетi үкiм орындалатын Мемлекетте қылмыс болып табылатынын бiлдiретiн заң баптарының мәтiнi;
сотталушының оны ол азаматы болып табылатын Уағдаласушы Тараптың аумағына немесе тұрақты тұратын жерi бар аумаққа (егер азаматтығы жоқ адам болса) үкiмдi орындау үшiн беруге жазбаша келiсiмi, ал сотталушы өз еркiн еркiн бiлдiруге қабiлетсiз болған жағдайда - оның заңды өкiлiнiң келiсiмi.
Yкiм шығарылатын мемлекеттiң құзыреттi органы, бұған қоса, өтiнiшке куәландырылған:
үкiмнiң көшiрмесiн және iс бойынша жоғары тұрған сот органдарының қолда бар шешiмдерiн, үкiмнiң заңды күшiне енгенi туралы құжаттарды;
адам сотталуына негiз болған қылмыстық заң баптарының мәтiнiн;
жазаның бiр бөлiгiнiң өтелгенi және жазаның одан әрi өтеуге жататын бөлiгi туралы құжат;
егер тағайындалса қосымша жазаның орындалуы туралы құжат;
сотталушының денсаулық жағдайы мен тәртiбiнiң ерекшелiктерi туралы мәлiметтер;
залал мен оның өтелуi туралы мәліметтер;
егер мұны Үкiм шығарылатын мемлекет қажет деп тапса, өзге де құжаттар қоса берiледi.
Сотталушыны беру туралы өтiнiш қол қойылып куәландырылуға және құзыреттi органның елтаңбалы мөрiмен бекiтілуге тиiс.
9-бап
Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы сотталушыны беру немесе қабылдап алуға келiсiм беру туралы өтiнiш жасағанға дейін 8-бапта көрсетiлген құжаттарды талап ете алады.
10-бап
Жазасын өтеуi үшiн сотталушыны беру туралы өзiне өтiнiш жолданған Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органы қажеттi құжаттарды алған сәттен бастап 40 күннен аспайтын мерзiмнiң iшiнде өтiнiштi жiберген Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органын осы Конвенцияда көзделген шарттарға сәйкес сотталушыны беруге келiскенi не бас тартқаны туралы хабардар етедi.
11-бап
Сотталушыны беру орны, уақыты мен тәртiбi Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары арасындағы уағдаластық бойынша белгiленедi.
12-бап
Үкiм орындалатын мемлекет сотталушының жағдайын нашарлатпастан өз заңдарына сәйкес жазаны өтеудi жалғастыруды қамтамасыз етедi. Басқа Уағдаласушы Тараптың үкiмiнiң орындалуы туралы мәселенi қараудың соттылығы Уағдаласушы Тараптың әрқайсысының заңдары бойынша белгіленедi.
Сотталушыға тағайындалған жаза Үкiм шығарылған мемлекет сотының үкiмiнің негiзiнде өтеледi. Бас еркiнен айыру түрiндегi жазаның мерзiмiне Үкiм шығарылған мемлекетте өтелген мерзiм есептеледі. Үкiм орындалатын мемлекетiнің соты, шығарылған үкiмдi негiзге ала отырып, өз мемлекетiнiң заңы бойынша үкiмде тағайындалғандай бас еркiнен айыру мерзiмiн белгiлеп, оны орындау туралы шешiм қабылдайды.
Егер Үкiм орындалатын мемлекеттiң заңдары бойынша сол әрекет үшін бас еркiнен айырудың шектi мерзiмi үкiм бойынша тағайындалған мерзiмнен кем болса, сот осы мемлекеттiң заңдарымен көзделген бас еркiнен айырудың ең жоғарғы мерзiмiн белгiлейдi.
Егер үкiм олардың iшiнен бiреуi немесе бiрнешеуi Үкiм орындалатын мемлекетте қылмыс болып танылмайтын екi немесе одан да көп әрекеттерге қатысты болса, сот жазаның қай бөлiгiнiң қылмыс болып табылатын әрекетке қолданылатынын белгiлейдi.
Қосымша жазаның орындалуы туралы шешiмдi Үкiм орындалатын мемлекеттiң соты, егер жасалған әрекет үшiн осындай жаза осы мемлекеттің заңдарымен көзделсе қабылдайды. Қосымша жаза осы бапта көзделген тәртiппен орындалады.
13-бап
Yкiм орындалатын мемлекеттiң құзыреттi органы бiр ай мерзiмнiң iшiнде Yкiм шығарылған мемлекеттiң құзыреттi органын осы Конвенцияның 12-бабына сәйкес қабылданған үкiмнiң орындалуы туралы соттың шешiмi жөнiнде хабардар етедi.
14-бап
Үкiм орындалатын мемлекетке жазасын өтеу үшiн берiлген адам жөнiнде оның аумағында сондай әрекет жасағаны үшiн сотталған адамдар сияқты сотталудың құқықтық салдары туады.
Басқа Уағдаласушы Тараптың құзыреттi соты шығарған үкiмдi орындау үшiн берiлген адам сондай әрекеттерiне байланысты заңды күшiне енген үкiм шығарылған Үкiм орындалатын мемлекеттiң аумағында қайтадан қылмыстық жауапкершiлiкке тартылмайды.
15-бап
Сотталушы берiлгенге дейiн өтелмеген жазаны орындау, сондай-ақ үкiмдi орындау туралы шешiм қабылданғаннан кейiн жазадан толық немесе ішінара босату Үкім орындалатын мемлекеттің заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Үкім шығарылған мемлекет те, Үкім орындалатын мемлекет те кешірім жасау және рақымшылық жасау актілерін қолдануға, сондай-ақ егер бұл Үкім орындалатын мемлекеттің заңдарымен көзделсе, жазылмайтын ауыр науқасқа шалдыққан жағдайда сотталушыны жазаны одан әрі өтеуден босата алады.
Үкім орындалатын мемлекетке берілген сотталушы жөніндегі үкімді қайта қарауды тек Үкім шығарылған мемлекеттің құзыретті органы ғана жүзеге асыра алады.
16-бап
Егер сотталушыны жазасын өтеу үшін бергеннен кейін Үкім шығарылған мемлекеттің құзыретті соты үкімді өзгертсе, онда бұл жөніндегі шешімнің көшірмесі мен басқа да қажетті құжаттар Үкім орындалатын мемлекеттің құзыретті органына жіберіледі. Үкім орындалатын мемлекеттің соты осы шешімнің орындалуы туралы мәселені осы Конвенцияның 15-бабында көзделген тәртіппен шешеді.
Егер сотталушы жазасын өтеу үшін берілгеннен кейін үкім Үкім шығарылатын мемлекетте қылмыстық іс тоқтатыла отырып бұзылса, онда бұл жөніндегі шешімнің көшірмесі орындау үшін жедел түрде Үкім орындалатын мемлекеттің құзыретті органына жіберіледі.
Егер сотталушы жазаны өтеу үшін жіберілгеннен кейін үкім Үкім шығарылған мемлекетте бұзылса және жаңадан тергеу немесе сот талқылауы көзделсе, онда бұл жөніндегі шешімнің көшірмесі, қылмыстық істің материалдары және басқа да материалдар сотталушы жоқ, кезде қажетті іс жүргізу әрекеттері жүргізілгеннен кейін осы Уағдаласушы тараптың заңдары бойынша қылмыстық қудалауды жүзеге асыру үшін Үкім орындалатын мемлекетке жіберіледі.
17-бап
Әр Уағдаласушы Тарап басқа Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша осы Конвенцияға сәйкес үшінші Уағдаласушы Тарапқа берілетін сотталушыны өз аумағы бойынша транзиттік тасымалдауға рұқсат етеді.
18-бап
Сотталушыны беруге байланысты шығыстарды өз аумағы шегінде Үкім шығарылған мемлекет, ал транзиттік тасымалдауға байланысты шығыстарды, - осындай тасымалдау жөнінде өтініш жасаған Уағдаласушы Тарап көтереді.
19-бап
Осы Конвенцияның ережелері Конвенция күшіне енгенге дейін сотталған адамдар жөнінде де қолданылады.
20-бап
Осы Конвенцияны түсіндіру немесе қолдану жөнінде пайда болған даулар Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары арасында консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
21-бап
Осы Конвенцияның ережелері Уағдаласушы Тараптардың олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.
22-бап
Осы Конвенцияны орындау кезінде Уағдаласушы Тараптар мемлекеттік тілдерді және орыс тілін пайдаланады.
Уағдаласушы Тараптар құжаттарды мемлекеттік тілдерде орындаған жағдайда оларға орыс тіліндегі куәландырылған аудармалар қоса беріледі.
23-бап
Осы Конвенция оған басқа мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.
Қосылған мемлекеттер үшін Конвенция осы Конвенцияның депозитарийі болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы Хатшылығына қосылу туралы құжат өткізілген күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
24-бап
Осы Конвенция Уағдаласушы Тараптар депозитарийге оның күшіне енуі үшін қажетті ішкімемлекеттік рәсімдердің орындалғаны туралы үшінші құлақтандыру берілген күннен бастап күшіне енеді.
Қажетті рәсімдерді кейінірек орындаған Уағдаласушы Тарап үшін ол тиісті құжаттарды депозитарийге өткізген күннен бастап күшіне енеді.
Осы Конвенция ол күшіне енген күннен бастап бес жыл бойы қолданылады. Осы мерзім біткеннен кейін Конвенция әр ретте жаңа бесжылдық мерзімге өздігінен ұзартылады.
25-бап
Әр Уағдаласушы Тарап осы Конвенциядан шыға алады, олар бұл жөнінде депозитарийді жазбаша түрде құлақтандыруы керек. Осы Уағдаласушы Тарап үшін Конвенция депозитарий шығу туралы құлақтандыруды алған күннен бастап үш ай өткеннен кейін күшін жояды.
Мәскеу қаласында 1998 жылғы 6 наурызда орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы Хатшылығында сақталуда, ол әр мемлекетке осы Конвенцияның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзірбайжан Республикасы үшін Молдова Республикасы үшін
Армения Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Беларусь Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Грузия үшін Түркменстан үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін Украина үшін