Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. 1998 жылғы 30 қазанда Ташкент қаласында жасалынған, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы Қылмысқа қарсы күрес жүргізудегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан
Республикасының Үкіметі арасындағы Қылмысқа қарсы күрес
жүргізу саласындағы ынтымақтастық туралы
Келісім
(2005 жылғы 14 шілдеде күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан былай Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі,
қылмыстың дамуына, әсіресе оның ұйымдасқан түрлерінің көлемі мен өрістеуіне алаңдаушылық білдіре отырып,
өз ел азаматтарының өмірінің, құқықтары мен бостандықтарының, адамдардың абырой мен ар-ожданының, қоғам мен мемлекет мүдделерінің қылмыстық қол сұғушылықтан сенімді түрде қорғалуын қамтамасыз ету ниетіне сүйене отырып,
адамның жалпыға бірдей құқықтары мен бостандықтарын сақтаудағы халықаралық ынтымақтастыққа маңызды мән бере отырып,
Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы 1997 жылғы 2 маусымдағы Шартты назарға ала отырып,
қылмыстың алдын алу және қылмыстық әділ сотты жүзеге асыру саласында қабылданған Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құжаттарының ережелерін ескере отырып,
тең құқықтылық пен өзара тиімді ынтымақтастық принциптерін негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісімнің қолданылу аясы мен субъектілері
1. Тараптар өздерінің орталық құзыретті органдары арқылы, ұлттық заңдылықты, сондай-ақ өз мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелерін сақтай отырып, осы Келісімнің ережелеріне сәйкес қылмыспен күрес жүргізудегі ынтымақтастықты жүзеге асырады.
2. Осы Келісімнің мақсаттары үшін орталық құзыретті органдар мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасы үшін:
Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі, Қорғаныс министрлігінің Мемлекеттік шекараны күзету күштері, Табыстар министрлігі, Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті, Қорғаныс министрлігінің Әскери полициясы.
Өзбекстан Республикасы үшін:
Прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік кеден комитеті, Мемлекеттік салық комитеті, Әділет министрлігі, Қаржы министрлігі, Орталық Банкі.
3. Әрбір Тарап өздерінің орталық құзыретті органдарының тізбесіне өзгертулер енгізілгені туралы екінші Тарапқа хабарлайды.
4. Осы Келісімнің орындалуы мақсатында орталық құзыретті органдар бір-бірімен тікелей ынтымақтастық жасайды.
2-бап
Ынтымақтастық бағыттары
1. Тараптар қылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және тексеруде, әсіресе мынадай қоғамдық қауіпті істерде ынтымақтасатын болады:
- жеке адамның өміріне, денсаулығына, бостандығына, ар-ожданына қарсы, сондай-ақ меншікке қарсы зорлықпен жасалған қылмыстар;
- қарақшылық актілері, ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлық;
- қару-жарақтардың, оқ-дәрілердің, қопарғыш және улы заттардың, химиялық, биологиялық, редиоактивті және ядролық материалдардың заңсыз айналымы, стратегиялық мақсаттарға арналған технологиялар мен әскери техникалардың заңсыз айналымы;
- адамдарды ұрлау және сату, сондай-ақ адам ағзаларымен және ткандерімен заңсыз сауда жасау;
- жезөкшелікке байланысты заңсыз іс-әрекеттер;
- есірткі құралдарының, жүйкеге әсер ететін заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымы;
- экологиялық қылмыстар;
- экономика саласындағы қылмыстар, соның ішінде валюталық құндылықтармен заңсыз операциялар жасау, заңсыз халықаралық қаржы және экспорттық операциялар, қылмыстық іс-әрекеттерден алынған табыстарды заңдастыру, жалған ақша белгілері мен қаржы құжаттарын, бағалы қағаздар мен қолма-қол төленбейтін төлем құжаттарын жасау және өткізу;
- контрабанда және кедендік заңды бұзу;
- мәдени және тарихи құндылықтарға қылмыстық қол сұғу;
- көліктегі қылмыстар;
- автокөлік құралдарын ұрлау және олармен заңсыз операциялар жасау.
2. Тараптар сонымен бірге мынадай бағыттарда өзара іс-қимылдарды жүзеге асырады:
- көліктегі және жол қозғалысындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
- қылмыстық жазалаудың орындалуын ұйымдастыру;
- паспорт-виза алу жұмыстары, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың келуі мен кетуі, транзиттік өтуі және болуына бақылау жасау;
- бағалы және арнайы жүктерді алып жүру және күзету;
- өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- танылмаған адам мәйіттерін, өз жайында мәлімет бере алмайтын ауру адамдар мен балалардың жеке басын анықтау.
3. Тараптар сондай-ақ мынадай салаларда да ынтымақтастық жасайды:
- өздерінің құзыретті органдарының қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз етуге;
- мамандарды даярлау мен біліктілігін арттыруда;
- қылмыспен күрес жүргізу мүдделерінде, соның ішінде ақпараттық жүйелер, байланыс құралдары мен арнайы техникаларды дамыту жөніндегі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруда.
4. Тараптар сонымен бірге осы келісім шегіндегі іс-қимылдар нәтижесінде алынған, ұрланған немесе заңсыз қаржы (немесе экспорттық) операциялары нәтижесінде қолға түскен заттарды, мүліктерді, сондай-ақ ақша қаражаттарын қайтаруда бір-біріне көмек көрсетеді.
3-бап
Ынтымақтастық нысандары
Осы Келісімнің 2-бабының ережелерін жүзеге асыру мақсатында, Тараптардың құзыретті органдары, атап айтқанда, мынадай нысандарда ынтымақтастықты жүзеге асырады:
- әзірленіп жатқан немесе жасалынған қылмыстар мен оларға қатысы бар жеке және заңды тұлғалар мен ұйымдар туралы назар аударарлық мәліметтер алмасу;
- жедел-іздестіру шараларын өткізу туралы сұрау салуларды орындау;
- қылмыстық ізге түсуден немесе жазасын өтеуден жалтарып жүрген, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру;
- есірткі құралдарының, жүйкеге әсер ететін заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымда пайда болған жаңа түрлерімен, олардың жасалыну технологиялары мен ол үшін пайдаланылатын заттар туралы, сондай-ақ есірткі құралдарын, жүйкеге әсер ететін заттар мен прекурсорларды зерттеу мен анықтаудың жаңа әдістері туралы ақпараттар алмасу;
- нөмірлері немесе ерекше айырым белгілері бар ұрланған заттарды, соның ішінде автокөліктер мен атыс қаруларын, сондай-ақ нөмірлі бағалы қағаздар мен төлқұжаттарды (жеке куәліктерді) іздестіру;
- жұмыс тәжірибелерімен алмасу, соның ішінде тағылымдама, консультациялар, семинарлар және оқу курстарын өткізу;
- заң шығарушы және басқа да нормативтік-құқықтық актілерімен алмасу, оқу құралдары және әдістемелік әдебиетті алуға жәрдемдесу;
- өзара мүдделі мәселелер бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу;
- өзара тиімді негіздерде ғылыми-техникалық оқулықтармен және ақпараттармен алмасу.
4-бап
Көмек көрсету туралы сұрау салулар
1. Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастық жасау Тараптардың құзыретті органдарының көмек көрсету туралы сұрау салуларының негізінде жүзеге асырылады.
2. Көмек көрсету туралы сұрау салу жазбаша түрде жолданады. Көмек көрсету туралы сұрау салудың түпнұсқалығына немесе мазмұнына күмән туған жағдайларда оны растау туралы сұрау салынуы мүмкін.
3. Көмек көрсету туралы сұрау салуда мыналар болуы тиіс:
а) көмек көрсетуші сұратушы құзыретті орган мен сұрау салынған органның аты;
б) істің мәнісі;
в) сұрау салудың мақсаты мен негізделінуі;
г) сұрау салынған көмек көрсетудің мазмұны.
4. Соның ішінде қаншалықты деңгейде қажеттілігіне және мүмкіншілігіне орай сұрау салуда мыналар болуы керек:
а) іске қатысы бар адамдардың есімдері мен фамилиялары, бүркеншік аттары, азаматтығы, олардың туған күндері және туылған жерлері, кәсібі, тұратын немесе мекендейтін жерлері;
б) іске қатысы бар фирмалар мен ұйымдардың аталуы мен орналасқан орны;
в) іс-әрекеттің немесе оқиғаның сипатталуы, ал қылмыстық істер бойынша іс-әрекеттің сұрау салушы Тараптың мемлекет заңына сәйкес квалификациялануы және қолданылатын заң мәтіні;
г) жауап алынуы қажет сұрақтардың тізбесі;
д) сұрау салуды орындау кезінде қолданылуы тиіс ерекше тәртіптің сипатталынуы мен ол қажеттіліктің негізделінуі;
е) сұрау салудың орындалуын жеңілдетуге көмегі болуы мүмкін кез келген басқа да мәлімет.
5. Жәрдем көрсету туралы сұрау салуға сұрау салушы құзыретті органның басшысының немесе оның орынбасарының қолдары қойылып, осы құзырлы органның ел таңбалы мөрімен бекітілуі тиіс.
6. Жәрдем көрсету туралы сұрау салу осы Келісімнің 1-бабының 4-тармағында көзделінген тәртіппен жіберіледі.
5-бап
Көмек көрсетуден бас тарту
1. Егер сұрау салуды орындау сұрау салынған құзыретті органның ұлттық қауіпсіздігі мен басқа да мемлекеттік мүдделеріне нұқсан келтіретін немесе оның мемлекет заңдарына не халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетін болса, осы Келісім шегінде көмек көрсетуден толығымен немесе ішінара бас тартылуы мүмкін.
2. Егер сұрау салу келіп түскен іс-әрекет сұрау салынушы Тарап мемлекетінің заңы бойынша қылмыс болып табылмаса, жәрдем көрсетуден бас тартылуы мүмкін.
3. Сұрау салуды орындалудан бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда сұрау салушы Тарапқа бас тарту себептері көрсетіле отырып, бұл туралы жазбаша хабарланады.
6-бап
Сұрау салуды орындау
1. Егер сұрау салуды орындау сұрау салу келіп түскен органның құзырына жатпаса, аталған орган оны дереу өз мемлекетінің тиісті құзыретті органына өткізеді және бұл туралы сұрау салушы Тарапқа мәлімдейді.
2. Қажет болса сұрау салынған Тарап, оның пікірі бойынша сұрау салуды орындауға қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.
3. Сұрау салынған Тараптың орталық құзыретті органдары сұрау салудың тез, мейлінше толық және сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
Сұрау салудың орындалуына кедергі болатын немесе оны айтарлықтай тежейтін жағдайлар болса, бұл туралы дереу сұрау салушы құзыретті органға хабарланады.
4. Сұрау салуды орындау кезінде сұрау салынған Тараптың мемлекет заңдары қолданылады, бірақ сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша, егер ол сұрау салынған Тараптың заңдарына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келмесе, оның мемлекет заңдары қолданылуы мүмкін.
5. Егер сұрау салынған Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындау өз мемлекетінде жүзеге асырылып жатқан қылмыстық қудалауға немесе басқа да өндіріске кедергі келтіруі мүмкін деп есептесе, ол сұрау салуды орындауды кейінге қалдыруы немесе оның орындалуын сұрау салынған тараптың орталық құзыретті органымен консультациялардан кейін қажетті деп тапқан белгілі бір шарттармен байланыстыруы мүмкін. Егер сұрау салушы Тарап көмек көрсетуді осындай шарттармен қабылдаса, ол ондай шарттарды сақтауға тиіс.
6. Сұрау салынған Тарап, егер ол туралы сұрау салушы Тарап құзыретті органының өтініші болса, сұрау салу мен оның мазмұнының құпиялылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Сұрау салынған Тараптың құзыретті органы, сұрау салуды оның құпиялылығын сақтай отырып орындау мүмкін болмаса, бұл туралы сұрау салушы тараптың құзыретті органына хабарлайды, ол мұндай жағдайларда сұрау салуды орындау қажет не қажет еместігін шешеді.
7. Сұрау салынған Тараптың құзыретті органы сұрау салушы Тараптың құзыретті органының өтініші болған жағдайда сұрау салудың орындалу барысы туралы оған хабарлап отырады.
8. Сұрау салынған Тараптың құзыретті органы мүмкіндігінше қысқа мерзімде сұрау салушы Тараптың құзыретті органынан сұрау салудың орындалу нәтижелері туралы хабарлайды.
9. Тараптардың құзыретті органдары бір-біріне өз мемлекеттерінің заңдарына сәйкес және өз құзырларының шегінде жәрдем көрсетеді.
7-бап
Бақылауға алынған жеткізілімдер
1. Тараптар өз мемлекеттерінің заңдары және өз мүмкіндіктерінің шегінде, бұйымдар мен заттардың заңсыз айналымына қатысушы адамдарды анықтау және оларды қылмыстық қудалау мақсатында, кез келген үшінші Тараппен өзара қолайлы келісімдер негізінде айналымына тыйым салынған бұйымдар мен заттарды бақылауға ала отырып, жеткізілімдер әдісінің тиісті қолданылуын көздейтін қажетті шаралар қабылдайды.
2. Бақылауға алынған жеткізілімдер әдісін қолдану туралы шешімді қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерді тиісті есепке ала отырып, әрбір нақтылы жағдайда Тараптардың құзыретті органдары қабылдайды және қажет болса Тараптар қол жеткізген қаржылық уағдаластықтар мен сот қарауына қатысты өзара түсіністікті есепке алулары мүмкін.
3. Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, соның ішінде кез келген үшінші Тараптың қатысуымен жүзеге асырылатын жеткізілімдері бақылауға алынған қатысуымен жүзеге асырылатын жеткізілімдері бақылауға алынған ұйымдар мен заттардың заңсыз партиялары қылмыстық-сот жүргізу заңы сақталына отырып, ұсталуы және сақтала отырып немесе алына отырып, яки толық немесе жартылай ауыстырыла отырып, одан әрі тасымалдану үшін пайдаланылуы мүмкін.
8-бап
Қылмыстық іс процесіне қатысушылар мен басқа да адамдарды қорғау
Тараптар өз мемлекеттері заңдарының негізінде, тиісті жағдайларда олардың айғақтары немесе іс-әрекеттері ұйымдасқан қылмыстық топтар әрекетінің алдын алу не жолын кесу, немесе қылмыстық істердің тергелуі мен сотта қаралуы үшін үлкен маңызы бар, яки ондай болуы мүмкін адамдардың, ал қажет болған жағдайда олардың жақын туыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өзара негізде келісілген іс-шараларды жүзеге асырады.
9-бап
Орталық құзыретті органдар арасындағы келісімдер
Осы Келісімді жүзеге асыру мақсатында Тараптардың орталық құзыретті органдары жекелеген келісімдер жасай алады.
10-бап
Шығындар
1. Осы Келісімді жүзеге асыру барысында пайда болатын шығындарды, егер әрбір нақты жағдайда басқадай тәртіп келісілмеген болса, Тараптар дербес өтейді.
2. Қажет болған жағдайда Тараптар бір-біріне қылмыспен күрес жүргізу бойынша нақты міндеттерді шешу үшін қажетті ақысыз, соның ішінде құрал-жабдықтармен және материалдармен көмек көрсете алады.
11-бап
Тілдер
Тараптардың құзырлы органдары ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде орыс тілін пайдаланады.
12-бап
Жұмыс кездесулері мен консультациялар
1. Қажет болған жағдайда, Тараптардың немесе олардың орталық құзыретті органдарының өкілдері осы Келісімнің негізіндегі ынтымақтастықты нығайту және тиімділігін арттыру мәселелерін қарастыру мақсатында жұмыс кездесулері мен консултациялар өткізеді.
2. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты барлық даулы мәселелері Тараптар арасындағы консултациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
13-бап
Басқа да халықаралық шарттарға қатысы
Осы Келісімнің ережелері Тараптардың, олар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттары бойынша құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
14-бап
Өзгертулер мен толықтырулар енгізу
Тараптардың келісімімен осы Келісімге осы Келісімнің 15-бабының ережелеріне сәйкес күшіне енетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
15-бап
Қорытынды ережелер
Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажет мемлекетішілік рәсімдерді ооындағаны туралы соңғы жазбаша мәлімдемелер келіп түскен күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім Тараптардың бірі екінші Тарапқа оның қолданысын тоқтату туралы ниетін жазбаша хабарлағанға дейін өз күшінде болады. Мұндай жағдайда осы Келісім аталған мәлімдемені екінші Тарап алғаннан кейін алты айдан соң өз күшін тоқтатады.
Ташкент қаласында 1998 жылғы 30 қазанда екі данада, әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімді түсіндіру мақсатында орыс тіліндегі мәтін қолданылады.
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Оқығандар:
Қобдалиева Н.
Омарбекова А.