Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасы Үкіметінің арасында Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Әзірбайжан Республикасы азаматтарының және Әзірбайжан Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек қызметі және оларды әлеуметтік қорғау туралы келісім жасалсын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Жоба
Әзірбайжан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының
Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында
уақытша жұмыс істейтін Әзірбайжан Республикасы азаматтарының және
Әзірбайжан Республикасының аумағында уақытша жұмыс
істейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек
қызметі және оларды әлеуметтік қорғау туралы
Келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Әзірбайжан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі,
БҰҰ-ның Халықаралық Еңбек Ұйымының шеңберінде әзірленген адам құқықтары мен принциптері саласындағы негізгі құжаттарына сүйене отырып,
екі жақтың аумағында уақытша жұмыс істейтін Әзірбайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек саласындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту және оларды әлеуметтік қорғау мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты үшін төменде аталған терминдер мыналарды білдіреді:
"ұлттық еңбекшілер" - Тараптардың бірінің аумағында тұрақты мекендейтін және еңбек қызметімен заңды негізде айналысатын тұлға;
"жұмыс беруші" - "жұмысқа орналастыру Тарабында" жұмыс беретін кәсіпорын, мекеме, ұйым меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, сондай-ақ жеке тұлғалар;
"Кету Жағы" - еңбекші-мигрант тұрақты қоныс тепкен және жұмыс алу ниетімен басқа мемлекетке қоныс аударатын мемлекет;
"жұмысқа орналастыру Тарабы" - басқа мемлекеттен келген еңбекші-мигрант еңбек шартының (контрактісі) талаптары бойынша уақытша еңбек қызметін жүзеге асыратын мемлекет;
"еңбекші-мигрант" - "жұмысқа орналастыру Тарабында" ақылы еңбек қызметімен заңды негізде айналысатын, Тараптың аумағында тұрақты қоныс тепкен тұлға;
"отбасы мүшелері" - оның асырауындағы күйеуі (әйелі) және жасы кәмелетке толмаған балалары еңбекші-мигранттың отбасы мүшелері болып саналады.
2-бап
Осы Келісімнің күші Тараптардың бірінің азаматы болып табылатын және жұмысқа орналастырушы Тараптың аумағында еңбек қызметін еңбек шарты (контракт) негізінде жүргізетін еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелеріне қолданылады.
3-бап
Адам құқықтары саласындағы халықаралық келісім-шарттарға және Тараптардың заңдарына сәйкес Тараптар еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелерінің құқықтарын сыйлауға және оларды қорғауды қамтамасыз етуге, жынысына, жасына, нәсіліне, тіліне, этникалық және әлеуметтік шығу тегіне, діни және саяси нанымдарына, азаматтығына, отбасылық және мүліктік жағдайына, сондай-ақ кез келген басқа да белгілеріне қарай кемсітушіліктің кез келген нысандарына жол бермеуге міндеттенеді.
4-бап
Осы Келісімді орындау барысында Тараптар атынан өкілдік ететін органдар:
Әзірбайжан Республикасынан - Әзірбайжан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;
Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасының Еңбек және
халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болып табылады.
Осы Келісімді орындау барысында туындайтын мәселелердің бәрі Уәкілетті
органдар арасындағы екіжақты консультациялар арқылы шешіледі.
5-бап
Еңбекші-мигранттың "жұмысқа орналастыру Тарабының" аумағына кіруі,
олардың еңбек қызметі, келуі және кетуі "жұмысқа орналастыру Тарабының"
қолданылып жүрген заңдарына және Тараптар мемлекеттері арасында жасалған
халықаралық шарттарға сәйкес жүргізіледі.
6-бап
Еңбекші-мигранттың еңбек жағдайына келетін болсақ, олар жұмысқа орналастыру Тарабының заңдарына сәйкес ұлттық еңбекшілерге қолданылатын режимнен кем болмайтын қолайлы режимдерді пайдаланады.
7-бап
Еңбекші-мигранттың еңбек қызметі жұмыс берушімен жасалған жеке еңбек шарты негізінде, "жұмысқа орналастыру Тарабының" қолданылып жүрген заңдарына сәйкес Тараптардың келісімімен келу елінің тілінде немесе орыс тілінде жүргізіледі.
Еңбек шартына (контракт) тараптардың міндеттері, жұмыс беруші мен еңбекші-мигрант туралы негізгі деректер, соңғысының жұмысқа орналастырылатын мамандығы/кәсібі туралы, жұмыстың сипаты, еңбек жағдайы мен оған ақы төлеу, негізгі жұмыс уақыты мен демалыс уақытының ұзақтығы, тұрмыс жағдайлары туралы, көліктік шығындарын жабудың тәртібі туралы, медициналық сақтандыру жән өндірістегі бақытсыз жағдайлардан сақтандыру туралы, еңбек және өндірістік келіспеушіліктерді шешу, жеке еңбек шартының (контракт) мерзімі және оны бұзудың шарттары туралы ақпараттар енгізілуге тиіс.
8-бап
Ұлттық еңбек рыногында өзгеріс болған жағдайда және екіжақты келісімдерге сәйкес Тараптар жаңадан келетін еңбекші мигрант үшін жұмыс беру бойынша шектеулі сипаттағы шараларды енгізе алады.
9-бап
Болжалды жеңілдікті стаждарды, сондай-ақ еңбекші-мигранттың Тараптардың бірінің аумағында бүкіл еңбек қызметі барысында жинақтаған стаждарын қоса алғандағы еңбек стажын Тараптар өзара мойындайды.
"Жұмысқа орналастыру Тарабының" аумағынан біржолата кеткен кезде еңбекші-мигрантқа жұмыс беруші еңбек қызметінің ұзақтығы және оның ақысы (әрбір айдағы жалақысын көрсете отырып) туралы өз мөрі басылған анықтама береді.
10-бап
"Жұмысқа орналастыру Тарабының" аумағына ресми түрде жіберілген еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелерінің жалпы білім алуға, кәсіптік даярлықтан және қайта даярлықтан өтуге ұлттық еңбекшілер сияқты негіздер мен шарттар бойынша құқығы бар, олар "жұмысқа орналастыру Тарабының" тиісті оқу орындарына қабылдауды реттейтін жалпы ережелерге сәйкес жоғары білім алу мүмкіндігімен қамтамасыз етіледі.
11-бап
Тараптар тиісті құзыретті органдар белгілеген ережелерге сәйкес берілген дипломдарды, сертификаттарды және өзге де мемлекеттік құжаттарды (нотариалды кеңселерде куәлендірілген көшірмелерін) ешбір қосымша ресмилендірусіз мойындайды.
12-бап
Еңбекші-мигранттың "жұмысқа орналастыру Тарабының" қолданылып жүрген заңдарына сәйкес әлеуметтік қамсыздандырылуға (аурушаңдығына байланысты жәрдемақы, жүктілігі және босануы бойынша жәрдемақы, еңбек жарақатына және кәсіби сырқатқа байланысты жәрдемақы, жерлеуге жәрдемақы, сондай-ақ "жұмысқа орналастыру Тарабының" заңдарына сәйкес әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі қамтитын өзге де жағдайларда) құқығы бар.
Еңбекші мигрант "жұмысқа орналастыру Тарабының" заңдарына сәйкес міндетті мемлекеттік сақтандыру жарналарын төлейді, тиісінше әлеуметтік сақтандыру төлемдерін алуға (зейнетақылық қамсыздандырудан басқа) құқылы.
"Жұмысқа орналастыру Тарабының" аумағынан біржолата кеткен кезде
еңбекші-мигрантқа тиісті Әлеуметтік қорғау органдары әлеуметтік
сақтандыруға нақты төлеген жарналары туралы (әрбір айдағы жалақысын көрсете
отырып) анықтама береді.
13-бап
Зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері Тараптардың жекелеген
келісімдерімен реттеледі.
14-бап
Жұмыс беруші еңбекші-мигрантқа еңбекті қорғау, медициналық және әлеуметтік сақтандыру құқына Тараптың азаматтарымен бірдей кепілдік береді.
Еңбектегі міндетін атқару кезінде еңбекші-мигранттың жарақаттануына, кәсіптік ауруға ұшырауына не денсаулығының өзге де бұзылуына байланысты келтірілген залалды өтеу "жұмысқа орналастыру Тарабының" қолданылып жүрген заңдарына сәйкес оның азаматтарымен бірдей жағдайда жүргізіледі.
Еңбекші-мигрант мертігуі немесе денсаулығына өзгедей зақым келуі салдарынан еңбекке қабілетін жоғалтқан немесе қайтыс болған ретте жұмыс беруші зардап шегушіні немесе қайтыс болған адамды Кету Жағының аумағына жеткізуді қамтамасыз етеді, осыған байланысты барлық шығындарға жауап береді, осы Тараптың дипломатиялық немесе консулдық өкілдігіне хабарлап, қайтыс болу, мертігу немесе кәсіби сырқатқа ұшырау фактілері туралы материалдарды ұсынады.
15-бап
Егер еңбек шартында (контракт) өзгедей көзделмесе жұмыс беруші еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелерінің өзінің тұрғылықты жерінен жұмыс берушіге бару және одан қайту жолындағы көліктік шығындарын, сондай-ақ көшу уақытында сырқаттануына немесе стационарда жатып емделуіне байланысты шығындарды төлейді.
Жеке еңбек шарты (контракті) еңбекші-мигранттың бастамашылығымен бұзылған ретте соңғысы, егер жеке еңбек шартында (контрактіде) өзгедей көзделмесе жоғарыда аталған шығындардың бәрін өтейді.
16-бап
Оның қолданылуы тоқтаған жағдайда осы Келісімнің еңбекші-мигрант пен жұмыс беруші арасында жасалған жеке еңбек шартына (контракт) қатысты талаптары олар жасалған мерзімге дейін өз күшінде қалады.
17-бап
Еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелерінің жұмысқа орналастыру Тарабының аумағында жұмысты орындау үшін қажет болатын жабдықтары мен техникалық құралдарын әкелуі, сондай-ақ оларды қайтадан Кету Жағының аумағна апаруы, сондай-ақ еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелерінің жұмысқа орналастыру Тарабында тапқан жалақысына сатып алған тауарларын әкетуі әрбір Тарап белгілеген кедендік ережелерге сәйкес жүргізіледі.
18-бап
Мемлекеттердің бірінің аумағында тұратын еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелері осы Келісімнен туындайтын кез келген мәселелер бойынша басқа мемлекеттің құзыретті органдарына тікелей немесе тұрғылықты жері бойынша тиісті органдар арқылы бара алады.
Тараптардың бірінің құзыретті органдарының сұратуы бойынша екінші тараптың құзыретті органдары қолданылып жүрген ұлттық заңдарға сәйкес осы Келісімді орындауға байланысты мәселелер бойынша архивтік материалдарды қоса алғанда, қажетті құжаттарды ұсынады.
19-бап
Тараптардың өзара жазбаша келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті тәртіппен жеке хаттама арқылы ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Осы Келісімді қолдануға және талқылауға қатысты туындайтын келіспеушіліктер мен түсініктердің бәрі Уәкілетті органдар арасындағы тікелей консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.
20-бап
Осы Келісім Тараптардың оны күшіне енгізу үшін қажетті мемлекет ішіндегі жұмыстардың іс-тәртібін орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде жәберген соңғы хабарламасы түскен күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім 5 жыл мерзімге жасалады. Егер Тараптардың бірде бірі оның
күшін тоқтатуды қалайтынын кезекті бес жылдық мерзімі бітуіне кемінде 3 ай
қалғанға дейін дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабарламаса оның
күші өзінен өзі тағы да келесі 5 жылға созылады.
Астана қаласында 1999 жылғы _____________ әзірбайжан, қазақ және орыс
тілдерінде үш данада жасалды, және барлық мәтінінің күші бірдей.
Осы Келісімнің баптарына түсінік беру барысында келіспеушіліктер туында
ған кезде Келісімнің орыс тіліндегі мәтіні пайдаланылады.
Әзірбайжан Қазақстан
Республикасының Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Оқығандар:
Қобдалиева Н.
Омарбекова А.