2022 жылғы 27 – 29 қазан аралығында Астана қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үкімет басшылары кеңесі (бұдан әрі – ТМД ҮБК) отырысын дайындауды және өткізуді қамтамасыз ету мақсатында:
1. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі осы өкімге 1-қосымшаға сәйкес ТМД ҮБК кеңесі отырысын дайындау және өткізу бойынша протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы (келісу бойынша) осы өкімге 2-қосымшаға сәйкес белгіленген тәртіппен ресми делегациялардың басшылары мен мүшелеріне жоғары деңгейде қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шараларын қабылдасын.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі (келісу бойынша), Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісу бойынша), Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі ресми делегациялардың басшылары мен мүшелерінің Астана қаласының халықаралық әуежайындағы (ауа райы қолайсыз болған жағдайда Қарағанды қаласының халықаралық әуежайы резервтік нұсқа ретінде), тұратын және болатын орындардағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақтарды күзетуді қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен бірлесіп ресми делегациялардың басшылары мен бірге жүретін адамдарының арнайы ұшақтарының Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшып өтуін, Астана қаласының халықаралық әуежайына (ауа райы қолайсыз болған жағдайда Қарағанды қаласының халықаралық әуежайы резервтік нұсқа ретінде) қонуын және одан ұшып шығуын;
2) Астана қаласының халықаралық әуежайында (ауа райы қолайсыз болған жағдайда Қарағанды қаласының халықаралық әуежайы резервтік нұсқа ретінде) арнайы ұшақтарға техникалық қызмет көрсетуді, олардың тұрағын және жанармай құюды;
3) Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп (ауа райы қолайсыз болған жағдайда Қарағанды қаласының әуежайы резерв ретінде) ресми делегациялардың басшылары мен мүшелерінің Қарағанды қаласынан Астана қаласына дейін жол жүруін қамтамасыз етсін.
5. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп белгіленген тәртіппен ТМД ҮБК отырысының бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілуін қамтамасыз етсін.
6. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атынан ресми делегациялар басшыларының құрметіне берілетін ресми қабылдау (бейресми қабылдаулар) кезінде концерттік бағдарламалар мен іс-шараларға қажетті техникалық қолдауды (дыбыспен, жарықпен қамтамасыз ету және сахнаны безендіру) ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
7. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасының Медициналық орталығымен (келісу бойынша) және Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп бюджет қаражаты есебінен, ТМД ҮБК отырысына қатысушыларға нәтижесі "сол күні" шығатын ПТР-тестілеу өткізуді, сондай-ақ қажет болған жағдайда ресми делегациялардың басшыларына, мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етсін.
8. Астана қаласының әкімдігі белгіленген тәртіппен:
1) ресми делегациялардың басшылары мен мүшелерін Астана қаласының халықаралық әуежайында қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды;
2) Астана қаласының халықаралық әуежайын, көшелер мен іс-шаралар өткізілетін орындарды безендіруді;
3) ресми делегациялардың басшылары, мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін Астана қаласының халықаралық әуежайынан, олардың тұратын жерінен іс-шаралар өткізілетін орынға дейін көлікпен жеткізілуін ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
9. Қарағанды облысының әкімдігі (ауа райы қолайсыз болған жағдайда және арнайы ұшақ Қарағанды қаласының әуежайына резервтік нұсқа ретінде қонған жағдайда) Қарағанды қаласының халықаралық әуежайында ресми делегациялардың басшылары мен мүшелерін қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының орындалуын қамтамасыз етсін.
10. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі (келісу бойынша) ТМД ҮБК отырысына қатысатын ресми делегациялардың басшыларын қарсы алу және шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.
11. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісу бойынша) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Астана қаласының халықаралық әуежайында (ауа райы қолайсыз болған жағдайда Қарағанды қаласының халықаралық әуежайы резервтік нұсқа ретінде) ресми делегациялардың басшылары мен мүшелерін қарсы алу және шығарып салу кезінде жәрдем көрсетуді қамтамасыз етсін.
12. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.
Премьер-Министр | Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2022 жылғы 12 қазандағы № 168-ө өкіміне 1-қосымша |
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үкімет басшылары кеңесі отырысын дайындау мен өткізу бойынша протоколдық-ұйымдастыру іс-шаралары
2022 жылға арналған республикалық бюджетте 006 "Өкілдік шығындар" бағдарламасы бойынша көзделген қаражат есебінен:
1) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үкімет басшылары кеңесінің (бұдан әрі – ТМД ҮБК) шағын және кеңейтілген құрамдардағы отырыстарының дыбыс пен жарық жабдығын, конференц-жүйесін, баспасөз конференцияларын;
2) ТМД ҮБК шағын және кеңейтілген құрамдардағы отырыстары өткізілетін орындарды тиісті тақырыптық безендіруді, ТМД ҮБК шағын және кеңейтілген құрамдардағы отырыстары өтетін залдарды (монтаж/демонтаж жұмыстары) және штаб бөлмелерін жалдауды;
3) баспасөз орталығын техникалық жарақтандыруды (іс-шараларды тікелей телетрансляциялауды, оның ішінде баспасөз орталығына теле- және аудиосигнал беруді, компьютерлерді, принтерлерді, көп функционалды құрылғыны, халықаралық байланысқа, жоғары жылдамдықты сымды және сымсыз интернетке қосылған телефон және факс аппараттарын жалға алу, мониторларды, дыбыс жабдығын орнату, сондай-ақ бейнетүсіру және аудиосплиттер);
4) ТМД ҮБК отырысына қатысушылар, бірге жүретін адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспа және басқа да өнімдерді (бейдждер, автомобильдерге арналған арнайы кіру рұқсатнамалары) дайындауды;
5) ТМД ҮБК отырысын өткізу кезеңінде қатысушылар, бірге жүретін адамдар үшін тамақтандыру мен кофе-брейктерді қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2022 жылғы 12 қазандағы № 168-ө өкіміне 2-қосымша |
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үкімет басшылары кеңесі отырысы кезінде үкімет басшылары мен ресми делегациялардың мүшелеріне қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары
2022 жылға арналған республикалық бюджетте 001 "Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасының өкілеттіктері мен мемлекеттік функцияларын қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер" бағдарламасы, 028 "Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы медициналық ұйымдарының қызметін қамтамасыз ету" бағдарламасының 100 "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын республикалық деңгейде қамтамасыз ету" кіші бағдарламасы бойынша көзделген қаражат есебінен мыналар қамтамасыз етілсін:
1) 2022 жылғы 27 – 29 қазан аралығында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үкімет басшылары кеңесіне қатысушы мемлекеттердің ресми делегациялардың басшылары мен мүшелерін "1+5" форматы бойынша (Армения Республикасы, Әзербайжан Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі шақырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үкімет басшылары кеңесіне қатысушы мемлекеттердің басшылары мен ресми делегацияларының мүшелерін (бұдан әрі – ресми делегациялардың басшылары мен мүшелері) "1+5" форматы бойынша, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің төрағасын "1+3" форматы бойынша және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін Астана қаласының қонақ үйлері мен резиденцияларына орналастыру;
2) Астана қаласының халықаралық әуежайында ресми делегациялардың басшылары мен мүшелерін қарсы алу мен шығарып салу кезінде шай дастарханын және гүлмен безендіруді ұйымдастыру;
3) ресми делегациялар басшыларының құрметіне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атынан берілетін ресми, бейресми (таңғы, түскі, кешкі қонақасы) қабылдауларды, сондай-ақ техникалық үстелдерді ұйымдастыру;
4) ресми делегациялар басшылары мен мүшелеріне және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің төрағасына сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу;
5) 2022 жылғы 27 – 29 қазан аралығында ресми делегациялардың басшылары мен мүшелеріне, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің төрағасына көліктік қызмет көрсету;
6) іс-шаралар өткізілетін орындарды техникалық қамтамасыз ету, тақырыптық және гүлмен безендіру;
7) ресми делегациялардың басшылары мен мүшелеріне, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің төрағасына медициналық қызмет көрсету;
8) ТМД ҮБК отырыстарының стенографиялық жазбасын қамтамасыз ету.