Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 11) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламентіне елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдау жіберіліп отыр.
Бұл жолдау Конституциялық Кеңестің Қазақстан Республикасы Конституциясының ұлықтығын қамтамасыз ету жөніндегі қызметінің нәтижелеріне және 2003 жылы елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйін сипаттайтын материалдарға негізделген.
Қазақстан Республикасының Президенті Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылады. Оны сақтау және құқықтық қорғау жауапкершілігі барлық жария билік органдары мен лауазымды адамдарға жүктеледі. Мемлекет басшысы, тәуелсіздіктің он екі жылдығына арналған салтанатты отырыста сөйлеген сөзінде, нақ осы Конституция қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз еткенін және қазір қамтамасыз етіп отырғанын, ойдағыдай экономикалық дамудың алғышарттарын жасағанын айта келе, Конституцияның тұрақтылығы – мемлекеттің тұрақтылығы екенін бәріміз де білуіміз керектігін атап өтті.
Конституциялық Кеңес 2003 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің, Республика Парламенті Палаталарының Төрағалары мен депутаттарының, Премьер-Министрінің, Жоғарғы Сотының өтініштері бойынша қаулылар қабылдады. Келіп түскен өтініштер Республика Конституциясының барлық бөлімдеріне дерлік қатысты болды.
Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтитынын, мемлекеттің өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз ету жөніндегі міндетін белгілейтін Конституцияның 2-бабы 2-тармағының мазмұны мен мәні Кеңестің Парламент Мәжілісі Төрағасының өтініші бойынша қабылданған қаулысында ашып көрсетілді. Депутаттар Жер кодексінің жобасын талқылаған кезде туындаған сұрақтар осы өтінішті беруге себеп болды. Конституциялық нормаларға талдау жасау негізінде Кеңес, дипломатиялық өкілдіктерді орналастыру үшін шет мемлекеттердің пайдалануына берілетін жер учаскелері Қазақстан мемлекетінің меншігінде сақталып қалады деп белгіледі. Осы мақсаттар үшін жер учаскелерін шет мемлекеттерге пайдалануға беру, Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Мұндай өтініш заңдардың Конституцияға сәйкес қабылдануын қамтамасыз ететін алдың-алу шарасы болып табылады.
Республикадағы жердің құқықтық мәртебесінің негізін баянды ететін Конституцияның 6-бабының 3-тармағы, ресми түсіндірме беру кезінде, сондай-ақ ел Президентінің өтініші бойынша Қазақстан Республикасының Жер кодексін Конституцияға сәйкестігі тұрғысында қараған кезде конституциялық іс жүргізу нысаны болды (2003 жылғы 23 сәуірдегі № 4 және 2003 жылғы 10 маусымдағы № 8 қаулылар).
Конституцияның "Адам және азамат" деп аталатын екінші бөлімінің нормаларына ресми түсіндірме берген кезде, Қазақстан Республикасы таныған адам құқықтары мен бостандықтарының Конституцияға сәйкес сақталуына берілетін кепілдікті қамтамасыз ету Кеңестің маңызды мақсаттарының бірі болып табылады. Конституцияның 16-бабында бекітілген адамның жеке басының бостандығына құқығы, сот пен прокурордың тұтқындауға және қамауда ұстауға санкция беру жөніндегі өкілеттігін нақтылауға байланысты Кеңестің қарау нысаны болды. Бұл нормаларды түсіндірген кезде Кеңес, адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы болып табылатындығы туралы Конституцияның ең басты ережесін негізге алды.
Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы негізгі конституциялық ережелерді Конституциялық Кеңес, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңды қолдану кезінде туындаған бірқатар сұрақтарға орай Парламенттің бір топ депутаттарының өтініші бойынша түсіндірді. Атап айтқанда, Кеңес қорытынды қаулыда, "Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды" деген конституциялық принцип (10-баптың 3-тармағы), қос азаматтыққа жол бермейтін мынадай механизммен қамтамасыз етіледі деп баяндады: егер Қазақстан Республикасының азаматы басқа мемлекеттің азаматтығын алатын болса, онда осы сәттен бастап оның Қазақстан Республикасының азаматтығы сақталмайды; егер шетелдік өзге елдің азаматтығын бір уақытта тоқтатпай отырып оны алатын болса, Қазақстан Республикасының азаматтығы жарамсыз деп танылады. Конституцияның 12-бабының нормаларын түсіндіре отырып, Кеңес бұл қаулыда, тек Қазақстан Республикасының азаматтары ғана Негізгі Заңда көзделген құқықтардың (соның ішінде белсенді және бәсең сайлау құқықтарының), бостандықтар мен міндеттердің барлық кешеніне ие болатынын, ал шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, Конституциямен, заңдармен және халықаралық шарттармен көзделген жағдайлардан тыс, азаматтарға таралатын құқықтар мен бостандықтарды пайдаланатынын, сондай-ақ міндеттер атқаратынын атап көрсетті. Конституциялық Кеңес, осы аталған Кеңес қаулысы негізінде, азаматтық қатынастарды реттейтін заңнаманы және Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттарды Конституцияның нормаларына сәйкес келтіру қажет деп пайымдайды.
Астана қаласының Алматы аудандық сотының "Жаппай саяси қуғын- сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысын қараған кезде, Кеңес Республиканың құқық қолдану органдарының қызметінде осы аталған бапты қолдану кезінде әртүрлі көзқарас орын алғанын анықтады. Аталған Заңның 26-бабын біркелкі түсінуді әрі қолдануды қамтамасыз ету мақсатында, Конституциялық Кеңес 2003 жылғы 24 қаңтардағы № 9 қаулымен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қолдану мәселелерін түсіндіретін нормативтік қаулы қабылдауды ұсынды. Конституциялық Кеңестің осы аталған қаулысына сәйкес Жоғарғы Сот 2003 жылғы 20 наурыздағы № 9 нормативтік қаулыда түсіндірме берді, бұл қаулыға сай осы аталған Заңның 18-24-баптары Заң күшіне енгенге дейін де, Заң қабылданғаннан кейін де ақталған саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына қолданылады.
Конституциялық Кеңестің Парламент депутаттарының өтініші бойынша қабылданған, Сенат пен Мәжіліс депутаттарын тіркеуге, олардың өкілеттік мерзіміне, депутатқа ешкімнің тиіспеуі мәселелеріне қатысты Конституцияның 50-52-баптарын ресми түсіндіру туралы қаулылары Конституцияның ұлықтығы және құқық қолдану практикасында конституциялық заңдылық қамтамасыз етілуіне септігін тигізді (2003 жылғы 11 ақпандағы № 1 қаулы).
Конституциялық Кеңестің шешімдері мемлекеттік биліктің біртұтастығы, оның заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну принциптеріне сәйкес іске асырылуы туралы ең бір маңызды конституциялық ережені ескере отырып қабылданды. Республика Парламенті мен Үкіметінің заң шығару процесіндегі өзара іс-әрекеті мен өкілеттігі, заң шығарушы және атқарушы билік тармақтары арасында тежемелік әрі тепе-теңдікті пайдалану мәселелері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өтініші бойынша Кеңесте қарау нысаны болды. Конституциялық Кеңестің 2003 жылғы 13 мамырдағы № 6 қаулысында, Республика Парламенті мен Үкіметінің арасындағы қатынасты реттейтін Конституцияның 61-бабы 7-тармағының және 63-бабы 1-тармағының нормаларына ресми түсіндірме берілді. Үкімет енгізген заң жобасының қабылданбауына, Үкіметке сенім білдіру туралы мәселе қойылуына, егер сенімсіздік білдіру туралы ұсыныс Конституциямен белгіленген қажетті дауыс санын ала алмаған ретте, заңды дауысқа салмай қабылдауға байланысты заң шығару процесінде туындайтын мәселелер түсіндірілді. Кеңес сондай-ақ Парламент пен биліктің өзге тармақтары арасындағы еңсерілмейтін келіспеушілік туралы конституциялық ереженің мазмұнын Конституцияның 63-бабы 1-тармағының мәтінінде ашып көрсетті.
Соттардың Конституцияның 78-бабы тәртібімен берілген, адамның және азаматтың Конституциямен баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тану туралы өтініштерінің саны, бұдан бұрынғы жылдардағыдай мардымсыз болғанын атау қажет.
Республика Жоғарғы Соты, Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің, адамның он сегіз жасқа толғанға дейін жасаған қылмысы үшін соттылығын ескеру бөлігінде, ұрлық жасағаны немесе бопсалағаны үшін бұдан бұрын екі немесе одан да көп рет сотталған адамдардың жауаптылығын көздейтін бірқатар нормаларын Конституцияға сәйкес емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінді. Өтініш материалдарын зерделеп, Кеңес Қылмыстық іс жүргізу кодексінің өтініште аталған нормалары Конституцияға қайшы келмейді деп тапты. Қылмыстық кодекстің он сегіз жасқа толғанға дейін жасалған қылмыс үшін соттылықты ескеру бөлігіндегі нормаларына қатысты конституциялық іс жүргізу, құқық қолдану практикасы мәселелері ведомстволық қарасты болмағандықтан қысқартылды (2003 жылғы 26 маусымдағы № 9 қаулы).
Конституциялық Кеңес қаулыларының орындалуына талдау жасау, бұл қаулыларда баяндалған құқықтық позициялар заң шығару және құқық қолдану қызметінде әр кезде де өз уақытында ескеріле бермейтінін айғақтайды. Конституциялық Кеңес, Парламентке енгізілетін заң жобаларына құқықтық сараптама жүргізу кезінде олардың Конституциялық Кеңес қаулыларына сәйкес болуына міндетті түрде назар аудару қажет деп пайымдайды.
Елдегі конституциялық заңдылықты нығайту мақсатында, конституциялық жауаптылық көздейтін нормалардың, сондай-ақ Республика Конституциясының нормалары мен конституциялық заңдары сақталмағандығы үшін жауаптылық белгілейтін заңнаманың іске асырылуына талдау жасаған жөн болар еді. Алынған мәліметтер негізінде осы аталған қатынастарды заң жүзінде реттеу жөніндегі ұсыныстар әзірлеуді ұсынамыз.
Республиканың ағымдағы заңнамасында, заңдардың сілтеме нормаларында көзделген жауаптылық мәселелері бойынша кемшіліктер бар. Мәселен, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 11-бабы Кеңес Төрағасы мен мүшелерінің тәуелсіздігін, олардың тек Конституция мен осы аталған Жарлыққа ғана бағынатынын белгілейді. Олардың кызметіне қандай болса да араласуға, сондай-ақ оларға қандай түрде болса да қысым жасауға немесе басқадай ықпал етуге жол берілмейді және бұл заң бойынша жауапкершілікке әкеліп соғады. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамада бұл аталған іс-әрекеттер үшін жауапкершілік көзделмеген, демек, Жарлықтың 11-бабының нормасы заңдық кепілдікпен қамтамасыз етілмеген.
Жоғарыда аталған Президент Жарлығының 21-бабының 4-тармағында, Конституциялық Кеңеске көрінеу жалған мәліметтер хабарлау немесе Конституциялық Кеңес талап еткен құжаттарды, материалдар мен өзге де ақпаратты бермеу Конституциялық Кеңесті құрметтемеу ретінде бағаланады және заң бойынша жауапкершілікке әкеліп соғады деп көзделген. Алайда қолданыстағы заңнамада Конституциялық Кеңеске құрметсіздік білдіргені үшін жауапкершілік көздейтін нормалар жоқ.
Бұдан бұрынғы Жолдауда Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақтан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігіне назар аударған болатын. Кеңестің сегіз жылдық жұмыс тәжірибесі, Республика Конституциясына 1998 жылы енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, бұл нормативтік құқықтық актінің жекелеген ережелерін қайта қарауға және Конституциялық Кеңестің қызметін жақсартуға бағытталған жаңа нормалармен толықтыруға негіз береді.
Соңғы жылдары Республика азаматтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсару үрдісі байқалады. Қоғамдағы әлеуметтік шиеленістер бәсеңсіп келеді. Сонымен бірге, азаматтардың әлеуметтік және экономикалық құқықтарына қатысты Конституция ережелерінің бұзылуы орын алуда.
Бұдан алдыңғы жолдауда Конституциялық Кеңес еңбек қатынастарын құқықтық реттеудің жеткіліксіздігіне, осы салада жұмыс берушілер тарапынан азаматтардың конституциялық құқықтары бұзылуына назар аударған болатын. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін қандай да болмасын кемсітусіз сыйақы алуына құқығы бар.
Алайда, мемлекеттік органдардың Конституциялық Кеңеске келіп түскен мәліметтері, азаматтардың еңбек құқықтары әлі де болса қоғамымыздың әлсіз тұстарының бірі болып отырғанын айғақтайды. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша өткен жылы 115294 еңбек заңдарын бұзушылық анықталған. Прокуратура органдары жүргізген шетел компаниялары мен шетелдіктер қатысатын кәсіпорындарды тексерулердің барысында анықталғандай, аталған кәсіпорындарда еңбек ету жағдайлары әркезде еңбекті қорғау заңдарында бекітілген талаптарға сәйкес келе бермейді. Еңбек ету жағдайларын бұзушылықтардың көбісі төтенше жағдайлар мен авариялардың болу қаупімен байланысты кәсіпорындарда орын алған. Сол арқылы Конституцияның 24-бабының 2-тармағында бекітілген жұмысшының қауіпсіз еңбек ету құқығына нұқсан келтіріледі.
Шетел компаниялары мен шетелдіктер қатысатын кәсіпорындарда Республика азаматтарының еңбек ақысын төлеуде кемсітушілік фактілері орын алуда. Атап айтсақ, "ССС-Сайпем" консорциумында қазақстандық жұмысшылардың біліктіліктегі бірдей бола тұра, шетел жұмысшыларына қарағанда еңбекақылары төмен. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы азаматтарының қатарынан шыққан, тікелей кен орындарында еңбек ететін жұмысшылар үшін қазақстандық еңбек заңдарында көрсетілген демалыс күндері үшін төленетін қосымша ақы қарастырылмаған.
Көрші елдер азаматтарының заңсыз еңбек миграциясы Республика азаматтарының еңбек етуге конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге кедергі келтіруші негізгі факторлардың бірі болып табылады. Миграциялық саясаттың іс жүзінде үйлестірілмеуі және миграциялық айырбасқа тартылған елдердің заңнамалық базасының аяқталмауы бұл құбылыспен күрестің тиімділігін тежеуде. "Халықтың жұмыспен қамтылуы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына үстіміздегі жылдың 27 қаңтарында енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың іске асырылуы миграциялық процесстердің практика жүзінде реттелуіне оң әсер етуге тиіс.
Соңғы жылдары қылмыстың азаю ырғағы байқалады. Статистикалық мәліметтер бойынша 2003 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 16 666 қылмыс аз тіркелген. Алайда ауыр қылмыстардың жекелеген түрлері көбейгені атап көрсетілген, олардың ішінде: оқталу арқылы қасақана кісі өлтіру (24-ке), денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтіру (30-ке), зорлау (43-ке).
Сыбайлас жемқорлық қылмыс қоғамға аса қауіп төндіруші құқық бұзушылықтың бірі болып табылады. Бұл орайда, тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстың саны (536) қылмыстың басқа түрлерімен салыстырғанда аздығына қарамастан, олар Республикада жүргізіліп жатқан реформаларға айтарлықтай қауіп төндіреді. Олардың қауіптілігі сол, мұндай қылмыстарды мемлекеттің атынан белгілі бір функцияларды жүзеге асыруға уәкілет берілген тұлғалар жасайды. 2003 жылы қызмет өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін 222, ал пара алғаны үшін 210 лауазым иесі жауапкершілікке тартылған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2001-2005 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік органдардың жауапкершілігін ұлғайтуға да, биліктің барлық тармақтары мен азаматтық қоғам институттарының бұл мәселені шешудегі әлеуметтік әріптестігіне де баса мән беріліп отыр. Конституциялық Кеңестің пікірінше, сыбайлас жемқорлық қылмыстың деңгейін төмендету және азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүддесін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында, қолданыстағы заңнаманың экономикалық дестесіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы сараптама жүргізіп, сондай-ақ сараптаманың бұл түрін Парламентке енгізілетін барлық заң жобалары үшін міндетті ету қажет. Құқықтық нормалардың дәлсіздігі, ережеден тыс кету, құқықтық реттеудегі кемшіліктер және заңнаманың өзге де кемшін тұстары құқық бұзушылық, әсіресе экономикалық және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға септігін тигізеді.
Бас прокуратура берген мәліметтерге жасалған талдау, құқық қорғау органдарының қызметінде заңдылықты бұзу әлі де болса кең тарқалып отырғанын айғақтайды. Дәлелсіз қылмыстарды тіркеуден жасыруға жол беріледі. Сол арқылы азаматтардың, заңды тұлғалар мен мемлекеттің өз құқықтары мен заңды мүддесін қорғауға деген құқығы бұзылады. 2003 жылы прокуратура бұрын тіркелмеген 2007 қылмысты анықтап, тіркеуге алған. Өткен жылы тұтас алғанда заңдылықты бұзу фактілері бойынша прокурорлар 7560 ұсыныс енгізіп, қаулы шығарды, олар бойынша құқық қорғау органдарының 6657 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Республиканың Бас прокуратурасы, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзудың бұл анықталған фактілері, қол астындағы қызметкерлерінің жұмысына ведомстволық бақылауды іске асыруға тиісті қылмыстық қудалау органдарының жауапты лауазымды қызметкерлері заңдылықты бұзудың алдың алу және оған жол бермеу жөніндегі пәрменді шараларды қолданбай отырғандығынан айғақ беретінін атап көрсетеді. Қылмыстық қудалау органдарының жер-жерлердегі кейбір басшылары өзінің қол астындағылардан тек жұмыс көрсеткіштерін жақсартуды ғана талап етіп, ал оған қалай қол жеткізіп жатқанымен қызықпайды.
Жедел-тергеу қызметі өздерін қызықтырып отырған ақпаратты алу мақсатында азаматтарды заңсыз ұстауды әлі де пайдаланып келеді. Бұл әрекеттердің бәрі де жасырын сипатқа ие. Азаматтарды заңсыз түрде ішкі істер органдарына алып келу, оларды қызмет бөлмелерінде және өзге де үй-жайларда ұстау деректері кең тарқалған. Прокуратура органдары тексеру барысында азаматтарды қызмет бөлмелерінде заңсыз ұстаудың 341 фактісін анықтаған.
Әркімнің өмір сүруге конституциялық құқығына сәйкес, Республикада адам құқықтары және құқық бұзушылармен қарым-қатынас туралы халықаралық нормалардың талаптарын ескере отырып қылмыстық-құқықтық жүйені ізгілендіру іске асырылуда. Мемлекет басшысының Жарлығымен өлім жазасына мораторий жарияланды. Осы Жарлықты іске асыру мақсатында Республиканың қолданыстағы Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Республика бекіткен, құқық бұзушылармен қарым-қатынас туралы халықаралық актілердің нормаларын ескере отырып, сотталғандардың құқықтық жағдайын, жазаны өтеу режимін, сотталғандардың еңбек қатынастарын реттейтін заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Алайда, қолға алынып отырған барлық шараларға қарамай, қылмыстық-атқару мекемелерінде, қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттер жасаған адамдарды уақытша ұстау орындарында адамның конституциялық құқықтары бұзылуда. Сотталғандарды ұстаудың іс жүзіндегі жай-күйі жалпыға бірдей қабылданған стандарттарға толықтай сәйкес келмейді.
Бас прокуратураның мәліметі бойынша 2003 жылдың 12 айында карцерлерден, айып изоляторларынан және камера үлгісіндегі үй-жайлардан заңсыз ұсталып отырған 100 сотталушы және тергеліп жатқан 9 адам босатылған. Осы баяндалғанға орай, Конституциялық Кеңес уәкілетті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың назарын жол беріліп отырған бұзушылықтарға, сотталғандар мен қамауда ұсталып отырған адамдардың конституциялық құқықтарын сотқа дейін қорғаудың жеткіліксіздігіне аударады. Айыпталушылар мен қамауда ұсталып отырған сотталушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Парламентте Мәжіліс қаулысымен белгіленген тыңдаулар өткізу, осы мәселелер бойынша Әділет министрлігі қолданып отырған шаралар, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау оң нәтиже береді.
Конституциялық Кеңес, конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету үшін кұқық қорғау органдарының өзара іс-әрекетін үйлестіруді күшейту және олардың басшыларының адам құқығын қамтамасыз ету мен елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі үшін жеке жауапкершілігін асыру қажет деп пайымдайды.
Конституциялық заңдылықтың жай-күйінің ең маңызды көрсеткіштерінің бірі – Республика азаматтарының сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, сайлау туралы заңнаманың нормаларын сақтау. Мәслихатқа өткен былтырғы сайлаулар заңнаманы бұзушылық бар екенін көрсетті, оған сот органдарына берілген өтініштер дәлел. Мәселен, бірқатар аймақтарда сайлау комиссиялары, өздерінің кандидатурасын ұсынғысы келген азаматтардан заңнамада көрсетілмеген құжаттардың тізімін талап қылған. Бағынысты қатынастағы адамдар комиссия мүшесі болып жиі тағайындалып отырған. Сондай-ақ, сайлау комиссиялары жұмысының ашықтығы қамтамасыз етілмегені атап көрсетілген.
Парламенттің "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңды жаңа редакциясында қабылдауы сайлау өткізу кезіндегі бұзушылықтар санын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, сайлау процесінің барлық қатысушылары Республика Конституциясы мен сайлау заңдарының нормаларын қалтқысыз сақтаған жағдайда ғана әділ әрі ашық сайлау өткізуді қамтамасыз ету мүмкін болады.
Республикада конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету, қоғамдық бақылау механизмін дамыту құралы ретінде қоғамды демократияландыру процесі жалғасуда. Азаматтық қоғамның маңызды институттарының бірі – үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесі артып келеді. Қазақстан Республикасының үкіметтік емес ұйымдарын мемлекеттік қолдау Бағдарламасының қабылдануы, олардың қызметін заң жүзінде реттеу бойынша қолға алынып жатқан шаралар соған дәлел. Азаматтық форумда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы, үкіметтік емес ұйымдар құқықтық реформаны іске асыруға, заң шығармашылығы қызметіне, тұлғаның құқықтық кепілдіктерін кеңейтуге белсендірек қатысса болар еді деп атап көрсетті.
Соңғы жылдары азаматтық қоғамның саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстар, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары секілді институттарының рөлі арта түсті.
Республикада құқықтық мемлекет құру, барлық мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның институттары мен азаматтардың Конституцияның ұлықтығын қамтамасыз ету, елдегі конституциялық заңдылықты сақтау жолындағы күш-жігерінің топтасуын қажет етеді.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі |