Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, төраға И.И.Рогов, Кеңес мүшелері Х.Ә.Әбішев, Қ.Ж.Балтабаев, Н.В.Белоруков, С.Ф.Бычкова, А.М.Нұрмағамбетов, Ү.М.Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:
өтініш субъектісінің өкілі - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ж.Н.Бәйішевтің,
Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Т.Б.Дүйсенованың,
Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі С.М.Бекбосыновтың,
Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі А.К.Әмриннің,
Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Б.А.Исаевтың,
Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау бірінші вице-министрі С.Қ.Кесікбаевтың,
Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының өкілі - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аппарат басшысы С.Ғ.Темірболатовтың қатысуымен
өзінің ашық отырысында Республика Жоғарғы сотының "Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" 1992 жылғы 30 маусымдағы N 1468а-XII Қазақстан Республикасы заңының 13-бабын конституциялық емес деп тану туралы ұсынымын қарады.
Конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, баяндаушы - Конституциялық Кеңестің мүшесі Қ.Ж.Балтабаевтың хабарламасын, өтініш субъектісі өкілінің және отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерін тыңдап, сондай-ақ сарапшылардың: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы, профессор Д.Л.Байделдиновтың, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің еңбек құқығы және азаматтық процесс кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, доцент И.В.Межибовскаяның, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің педиатрия кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор З.Х.Мәжитованың, биология ғылымдарының кандидаттары, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің биология және экология кафедрасының доценттері Ж.И.Іңкәрова мен Л.Х.Ақбаеваның қорытындыларымен танысып шығып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мынаны анықтады:
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесіне Республика Жоғарғы Сотының "Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" 1992 жылғы 30 маусымдағы N 1468а-XII Қазақстан Республикасы заңының 13-бабын конституциялық емес деп тану туралы ұсынымы келіп түсті.
Ұсынымның белгілі болғаны, Жоғарғы Соттың қарауында азамат С.Н.Серғазиевтің Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 17 желтоқсандағы N 1057 "Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" 1992 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының заңын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы қаулысын заңға қайшы деп тану туралы Республика Үкіметіне қойған талап-арызы жатыр.
Талап-арызды қарау барысында Жоғарғы Сот, іс бойынша қолданылуға тиісті "Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" заңның 13-бабы (бұдан әрі - Заң) Конституцияның 14-бабында баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді, себебі әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер берілуін экологиялық қасірет аймағында тұру фактісімен байланыстырады деген ұйғарымға келген. Әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер берілуінің мұндай тәртібі, Жоғарғы Соттың пікірінше, бұл аймақтан көшіп кеткен, бірақ зардап шеккен деген мәртебесі бар азаматтарды тұрғылықты жеріне байланысты кемсітушілік болып табылады.
Заңның 13-бабының конституциялылығы туралы мәселені қарау кезінде Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мынаны ескерді.
1. Қазақстан Республикасы, өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екенін орнықтыра отырып (Конституцияның 1-бабының 1-тармағы), сол немесе өзге бір себептер бойынша кімді де болмасын кемсітуге тыйым белгіледі және оны конституциялық кепілдіктер деңгейіне жеткізді. Атап айтқанда, негізгі заңның 14-бабының 2-тармағы: "тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды", - деп баянды етеді.
Тұрғылықты жеріне байланысты кемсітуге тыйым салу, Конституцияның осы аталған бабының заң мен сот алдында жұрттың бәрінің теңдігін бекітетін 1-тармағының нормасымен тығыз байланысты. Бұл, тұрғылықты жеріне қарамастан заң актілерінде белгіленген бір негіздер бойынша субъектілердің құқықтары бірдей және бірдей міндеттерді орындауға тиісті екендігін, сондай-ақ осы құқықтары мемлекет тарапынан бірдей қорғалатынын және заң мен сот алдында бірдей жауапты болатынын білдіреді. (Конституциялық Кеңестің 2001 жылғы 9 шілдедегі N 11/2 қаулысы).
2. Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 12 наурыздағы N 3/2 қаулысына сай құқықтардың немесе бостандықтардың нақты бір түрінің конституциялық құқық деңгейіне жеткізілуі және Конституцияда оның кепілділігінің жариялануы мемлекеттің осы құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыруды қамсыздандыруды өз міндетіне алуын көздейді. Демек, Негізгі Заңның 1, 12, 28, 29 және 31-баптарынан келіп туындайтын денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу құқығын тану және қамтамасыз ету мемлекеттің міндеті болып табылады. Сондықтан экологиялық қасірет аймағында тұру және осындай аймаққа келіп қалған азаматтардың денсаулығына зиян келтіру фактілері мемлекет пен азамат арасында конституциялық-құқықтық зиян немесе зиян келтірілу қаупі үшін әлеуметтік өтемдер мен жеңілдіктерге кепілдік беріледі. Бұл ретте заң шығарушы олардың нақты түрлері мен алу шарттарын, сондай-ақ әлеуметтік-ақталған өлшемдер бойынша азаматтардың құқықтарын саралауға хақылы.
Қаралып отырған Заң мынадай өлшемдер бойынша саралай отырып, азаматтарға әлеуметтік өтемдер мен жеңілдіктер берілуінің шарттарын айқындайды: тұрған аймағы; тұруының уақыты мен мерзімі; жасы; денсаулығын жоғалтуы. Бұл ретте тұрған жерінің жағдайы мен денсаулығын жоғалтуы өз бетінше өлшемдер болып табылады және жекелей алғанда да, жиынтығында да ескерілуі мүмкін. Қоршаған ортаның зиянды факторларының адамға әсер етуінің және оның салдарының әртүрлі сипатына байланысты мұндай көзқарас негізді болып көрінеді.
3. Экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккендер деп заң осы аймақта тұрып жатқан немесе бұрын тұрған азаматтарды таниды (6-8-баптар). Сонымен бірге, заңның 13-бабында көзделген өтемдер мен жеңілдіктер, азаматтар зардап шеккен деген мәртебе бар-жоғына қарамастан, экологиялық қасірет аймағында тұрып жатқан бүкіл халық үшін әлеуметтік қолдау болып табылады. Заң шығарушы бұл жағдайда адамға өзі тұрып жатқан ортаның зиянды әсер етуін ескереді. Алайда бұдан, заңның 6-8-баптарына сәйкес экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккендер деп танылған және осы аумақтан тыс жерлерге көшіп кеткен адамдар кемсітіліп отыр деген келіп шықпайды.
Экологиялық апат және экологиялық дағдарыс салдарынан зардап шеккендерге қатысты заңның 15 және 16-баптарында бірқатар өтемдер мен жеңілдіктер белгіленген. Одан тыс, заңның 17-бабында экологиялық апат аймағынан көшіп кеткендер үшін арнаулы өтемдер мен жеңілдіктер көзделген. Экологиялық қасірет аймағынан кеткен адамдар үшін заңның аталған баптарында белгіленген өтемдер мен жеңілдіктердің көлемі, осы аумақта тұрып жатқан азаматтарға берілетінмен салыстырғанда аз болып табылады, өйткені заң шығарушы оларға көшіп кеткеннен кейін өмір сүру ортасының зиянды әсер етпейтінін назарға алады.
Осылайша, экологиялық апат және экологиялық дағдарыс аймақтарында тұрып жатқан азаматтардың мүдделері заңның 13, 15 және 16-баптарымен, ал зардап шеккендер мәртебесіне ие және осы аймақтардан көшіп кеткен азаматтардың мүдделері - 15, 16 және 17-баптарымен қорғалады. Сол арқылы заң әлеуметтік өтемдер мен жеңілдіктерді экологиялық қасірет аймағының адамға әсер етуіне қарай саралайды, бұл әбден орынды болып табылады.
Экологиялық қасірет аймағында тұрып жатқан адамдар мен одан көшіп кеткен адамдарды әлеуметтік қорғаудың әртүрлі деңгейі бұл соңғыларын тұрғылықты жеріне байланысты кемсітуге әкеп соқпайды, өйткені халықтың бұл көрсетілген санаттарын қорғаудағы әлеуметтік-шарттастырылған көзқарас олардың конституциялық құқықтарын шектемейді (кемітпейді). Географиялық мағынасындағы тұрғылықты жері емес, қолайсыз өмір сүру ортасының адам денсаулығына әсері бұл көрсетілген айырмашылықтың негізі болып табылады. Бұл орайда Конституциялық Кеңестің әлеуметтік-негізделген өлшемдерге қарай отырып өтемдер мен жеңілдіктерді саралауды кемсітушілік деп есептеуге болмайды деп пайымдайды.
4. Сонымен бірге, қаралып отырған заң мемлекеттің әлеуметтік функцияларын жүзеге асыруына байланысты бірқатар сұрақтарды туындатады. Конституциялық Кеңестің 2001 жылғы 21 желтоқсандағы N 18/2 қаулысында, Конституцияның 1-бабы 1-тармағының нормасы "Қазақстан Республикасы өзін... әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады..." деген бөлігінде Қазақстанның өз шынайы мүмкіндіктеріне сәйкес әлеуметтік мемлекет міндетін орындауға ұмтылады дегенді білдіреді, деп атап көрсетілген. Конституциялық Кеңестің пікірінше, қаралып отырған жағдайда бұл экологиялық апат салдарынан зардап шеккен барлық азаматтардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін мемлекеттің өз мүмкіншіліктерін толық пайдалануы қажеттілігін шарт етіп қояды.
Соңғы кездері қабылданған жалпы әлеуметтік заңнамалық актілер заңның ережелеріне жеткілікті түрде сәйкес келмейді. Атап айтқанда, "мүгедектер" және "экологиялық қасіретпен себепті байланысы бар аурудан денсаулығын жоғалтқан азаматтар" деген ұғымдардың ара-жігі анық етіп ажыратылмаған. Ол құқық қолдануда қиыншылық туғызады және экологиялық қасірет аймағынан көшіп кеткендердің, зардап шеккендердің әлеуметтік мүдделерін тиісті шамада қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді, бұл мемлекетке әлеуметтік функцияларын тиімді түрде іске асыруына кедергі келтіреді.
Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 2-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 4-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37, 40 және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:
1. "Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" 1992 жылғы 30 маусымдағы N 1468а-XII Қазақстан Республикасы заңының 13-бабы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен адамдарды әлеуметтік қорғау бөлігінде заңнаманы үйлестіру жөніндегі шараларды қабылдау ұсынылсын.
3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады.
4. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасы
Конституциялық Кеңесінің
төрағасы