Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 7-тармағына және 28-бабының 1-тармағына ресми түсіндірме беру туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 12 наурыздағы N 3/2 қаулысы

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі құрамында Кеңес Төрағасы Ю.А.Ким, Кеңес мүшелері Н.І.Өкеев, Ж.Д.Бұсырманов, О.Қ.Ықсанов, В.В.Мамонов, С.Ғ.Темірболатов және В.Д.Шопин қатысқан, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары В.Н.Весниннің және А.М.Рамазановтың, Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілдері: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Н.А.Коржованың, Қазақстан Республикасы Әділет министрі Б.А.Мұхамеджановтың қатысуымен өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті бір топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 7-тармағына және 28-бабының 1-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінімін қарады. 
      Баяндамашы - Конституциялық Кеңес мүшесі О.Қ.Ықсановтың баяндамасын, және құрамында 31 адам бар Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттар тобы - өтінім субъектілерінің мүдделерін қорғаған депутаттар В.Н.Весниннің және А.М.Рамазановтың, Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілдері Н.А.Коржованың және Б.А.Мұхамеджановтың сөйлеген сөздерін тыңдап, конституциялық өндіріс материалдарын зерделей келіп, Конституциялық Кеңес мынаны анықтады: 
      Құрамында 31 адам бар Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттар тобы (Парламент депутаттары жалпы санының бестен бір бөлігінен астамы) 1999 жылғы 22 ақпанда Қазақстан Республикасы Конституциясының мынандай нормаларына: 61-бабының 7-тармағына және 28-бабының 1-тармағына азаматтардың науқастанған жағдайда әлеуметтік қамсыздандырылуға құқығы бөлігіне ресми түсініктеме беру туралы өтінім жасады. Өтінімде 61-баптың 7-тармағына ресми түсіндірме бергенде мына мәселелерді анықтап беруге өтініш жасалған: 
      "1. Егерде Парламент қабылдамаған Заң жобасы тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Заң жобасы болып табылса (республикалық бюджетке енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы), және ол онымен байланысты жобаланған бірнеше (мейлі оншақты болсын) заңдармен қатар енгізілген болса, олардың бір бөлігін Парламент қабылдамаған болса немесе бюджетке тиісті түзетулер енгізуді талап ететін өзгерістермен қабылдаса, Премьер-Министр бірнеше заң жобаларының, оның ішінде бюджет туралы заң жобасының да қабылданбауына байланысты Үкіметке сенім білдіру туралы мәселе қоюға хақылы ма? Немесе ол енгізілген заң жобаларының тек біреуі бойынша ғана мәселе қоюға хақылы ма? Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 7-тармағы қабылданбаған екі заң жобасы бойынша бірден Үкіметке сенім білдіру туралы мәселені бір мезгілде (бірақ жылына бір рет) қоюына мүмкіндік бере ме? 
      2. Егер Үкіметке сенім білдіру туралы мәселе тек "Республикалық бюджет туралы" Заң жобасының қабылданбауына байланысты қойылса, ал сенім білдіру туралы мәселе бойынша дауыс бергенде Парламентте Конституция белгілеген дауыс санын ала алмаса "Республикалық бюджет туралы" Заң жобасы дауысқа салынбай қабылданған деп есептеле ме? Бұл ретте ол өзгерістер енгізілуін Парламент қабылдамаған қолданылып жүрген заңдарға қайшы келетін болады. Теориялық тұрғыдан келгенде бұл ретте бюджет нормалары Конституцияға да қайшы келуі ықтимал. Немесе Парламент қабылдамаған (Парламент палаталарының өзгерістерімен қабылданған) осы заң жобалары да дауысқа салынбай қабылданған деп есептелетін бола ма? Бұл ретте ең бастапқысы қайсы: қабылданған бюджет қолданылып жүрген заңдарға (оның ішінде Конституцияға да) сәйкес болуға тиіс пе немесе заң бюджетке қарай "икемделуге" тиіс пе? Егерде бастапқысы дегенмен де қолданылып жүрген заңдар болып, ал бюджет оған сәйкес болуға тиіс болса, бірқатар заң актілеріне қайшы келген жағдайда бюджет туралы заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Үкіметке сенім білдіру туралы мәселе қоюға хақылы ма?" 
      Өтінімнің Конституцияның 28-бабы 1-тармағына түсіндірме беру бөлігінде бастапқыда "... Қазақ КСР-ның Еңбек туралы заңдар кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасында ұсынылып отырған "Қазақстан Республикасы азаматына ... науқастанған жағдайда ... әлеуметтік қамсыздандырылуға ... кепілдік беріледі", "Қызметкерлерге ... уақытша жұмысқа қабілетсіздігі бойынша жұмыс берушінің есебінен әлеуметтік жәрдемақы беріледі" деген нормасы конституциялық ережеге сәйкес келе ме?" ... Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіруі себепті 74-баптың 2-тармағының негізінде мұндай заң актілері кейін күшін жойды немесе қолданылуға жатпайды деп танылмай ма деген сұрақтардан тұратын. 
      Кейін (1999 жылғы 26 ақпанда) Конституциялық Кеңеске өтінім субъектілері Конституцияның азаматтардың құқықтары мен науқастанған жағдайда әлеуметтік қамсыздандырылу бөлігінде 28-баптың 1-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін дамыту мәселесінде басқаша тұжырым табыс етті: "Нақтырақ айтқанда "Қызметкерлерге ... уақытша жұмысқа қабілетсіздігі бойынша жұмыс берушінің есебінен әлеуметтік жәрдемақы беріледі" нормасына "Қазақстан Республикасы азаматына ... науқастанған жағдайда ... әлеуметтік қамсыздандырылуына ... кепілдік беріледі" деген конституциялық ережеге сәйкес келе ме?" 
      Жоғарыда аталған конституциялық нормаларға өтінімде қойылған нақтылы сұрақтарға ресми түсіндірме берген кезде Конституциялық Кеңес мынаны негізге алады: 
      1. Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары тобының қаралып отырған өтінімінде ресми түсіндірме берілуі туралы мәселе қойылып отырған Конституцияның 61-бабы 7-тармағында былай деп жазылған: "Үкімет енгізген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Үкіметке сенім білдіру туралы мәселе қоюға хақылы. Бұл мәселе бойынша дауысқа салу сенім білдіру туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегіз сағаттан кешіктірілмей жүргізіледі. Егер сенімсіздік білдіру туралы ұсыныс Конституциямен белгіленген қажетті дауыс санын ала алмаған ретте, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп есептеледі. Алайда Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пайдалана алмайды." 
      Конституциялық Кеңес мысалға келтірілген Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабы 7-тармағының редакциясын негізге ала отырып, Премьер-Министр осы конституциялық нормаға сәйкес Үкімет енгізген бірнеше емес, тек бір ғана заң жобасын Парламенттің қабылдамауына байланысты бір мезгілде Үкіметке сенім білдіру туралы мәселе қоя алады деп есептейді. Мұндай сандық шектеу конституциялық норманың мәтініне тек грамматикалық түсіндірме беруге байланысты ғана емес, онда "заң жобасы" ("заңдар жобалары" деп емес) делінген, сондай-ақ Конституцияның көрсетілген бабының 7-тармағында көзделген заң қабылдау тәсілі заң жобаларын қарау және қабылдаудың жалпы тәртібіндегі кеңінен қолдануға жол бермейтін ерекшелік болып табылады. Конституцияның 61-бабы 7-тармағы бекітіп берген ереженің ерекше сипаты, сондай-ақ өзі белгілеген тәртіппен - Үкіметке сенім білдіру туралы мәселе қою жолымен - бір жылда Үкіметтің осы құқықпен екінші рет пайдаланбайтынына сілтеме жасай отырып, бір мезгілде екі заңның қабылдануына жол бермейді. Онда көзделген құқықпен Үкіметтің бір жылда екі рет пайдалана алмайтынын белгілей отырып, түсіндірме беріліп отырған конституциялық норма Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Үкіметке сенім білдіру туралы мәселе бірінші рет қойылғаннан кейін арада белгілі бір мерзім өтуін талап етпейді. Бұған қарамастан, қаралып отырған конституциялық нормада көзделген заңдарды қабылдау тәртібінің ерекшелігіне байланысты Үкімет өзіне сенім білдіру туралы құқықпен осы жылы екінші рет Үкімет бірінші рет сенім білдіру туралы мәселе қойған заң жобасы заң нысанына түбегейлі енгенге дейін пайдалана алмайды. 
      Конституцияның 61-бабының 7-тармағында көзделген тәртіппен республика Премьер-Министрі Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Үкімет енгізген кез келген заң жобасының, оның ішінде республикалық бюджет туралы заңның қабылданбауына байланысты да Үкіметке сенім білдіру туралы мәселені қоюға хақылы. Демек, егер Үкімет енгізген бюджет жобасын Парламенттің қабылдамауына байланысты сенімсіздік білдіру туралы ұсыныс, Конституциямен белгіленген қажетті дауыс санын ала алмаған ретте, бюджет жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп есептеледі. 
      Конституцияның 61-бабының 7-тармағына сәйкес, Парламент депутаттары дауысқа салмай қабылданған заңдардың конституциялылығы туралы мәселе Конституцияның 72-бабы 7-тармағының 2-тармақшасында және 78-бабында белгіленген тәртіппен шешілуге тиіс.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2011.04.27 № 4 нормативтік қаулысымен.
      2. Республика Парламентінің депутаттар тобының азаматтардың науқастанған жағдайда әлеуметтік қамсыздандырылуы құқығы бөлігінде ресми түсіндірме беру туралы өтінім жасаған Қазақстан Республикасы Конституциясының 28-бабының 1-тармағында былай деп жазылған: "Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айрылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде оған ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшеріне, әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі." 
      Науқастанған жағдайда әлеуметтік қамсыздандырылу конституциялық құқық деңгейіне жеткізілетіні және оның жүзеге асырылуына кепілдік берілетіні келтірілген конституциялық нормадан көрініп тұр. Конституциялық құқықтар мен бостандықтардың кепілдігі, демек, науқастанған жағдайда әлеуметтік қамсыздандырылу құқығы туралы Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабының 1-тармағында да жазылған, соған сәйкес "Қазақстан Республикасында Конституцияға" сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі." 
      Конституциялық Кеңес құқықтардың немесе бостандықтардың нақты бір түрінің конституциялық құқық деңгейіне жеткізілуі және Конституцияда оның кепілділігінің жариялануы мемлекеттің осы құқықтар мен бостандықтарды өзі құратын жүйелер мен құрылымдар арқылы жүзеге асыруды қамсыздандыруды өз міндетіне алғандығы деп есептейді. Нақтылы әлеуметтік қамсыздандырылу құқығына, оның ішінде науқастанған жағдайда, не мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қаражаты есебінен, бұл 1998 жылғы желтоқсанға дейін көзделген болатын (1998 жылғы желтоқсан айының ортасына шейін қолданылып келген Қазақ КСР-сының ЕтЗК-ы бастапқы редакциясының 232-бабы), немесе мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ("Әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі  "Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 1998 жылғы 17 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы заңының редакциясындағы ЕтЗК-ының 232-бабы), яки меншік нысанынан тәуелсіз жұмыс берушіге осы міндетті заңды түрде жүктеу арқылы кепілдік берілуі мүмкін. 
      Баяндалғанның негізінде және Республика Конституциясының72-бабы 1-тармағының 4-тармақшасын және Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 7-тармағына және 28-бабы 1-тармағына ресми түсіндірме беру ретінде, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді: 
      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 7-тармағын Республика Премьер-Министрі Үкімет енгізген бір ғана заңды, оның ішінде республикалық бюджет туралы заңды да, Парламенттің қабылдамауына байланысты Үкіметке сенім білдіру туралы мәселені бір мезгілде Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қоюға хақылы деп түсіну қажет. Үкімет бұл құқықпен осы жылы екінші рет пайдаланбауға міндетті болғандықтан, бір мезгілде екі заңның қабылданбауына байланысты Премьер-Министрдің Үкіметке сенім білдіру туралы мәселе қоюға хақы жоқ. 
      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 28-бабының 1-тармағын науқастанған жағдайда азаматтардың әлеуметтік қамсыздандырылуға құқығы бөлігінде осы конституциялық құқықтың жүзеге асырылуына әртүрлі жүйелер құру және қажетті де қолайлы шараларды жүзеге асыру жолымен, оның ішінде меншік нысанынан тәуелсіз жұмыс берушіге осы міндетті заңды түрде жүктеу арқылы, мемлекет кепілдік береді деп түсіну қажет.
      3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы түпкілікті болып табылады, шағымдануға жатпайды және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды ескере отырып, қабылданған күннен бастап күшіне енеді.     

      Қазақстан Республикасы 
     Конституциялық Кеңесінің 
     Төрағасы 
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады