ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
өтініш субъектілері Б.Н. мен Б.Т.-ның және олардың өкілі – адвокат К.К. Мукушеваның,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Құқық түсіндіру және үйлестіру департаментінің директоры Н.С. Жамаладиннің,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі – Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Өмірді сақтандыру компанияларын қадағалау басқармасы бастығының орынбасары Д.К. Кабылжанованың,
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі – Құқықтық қамтамасыз ету департаменті Наразылық талап-арыз жұмысы басқармасының басшысы Л.Д. Сулейменованың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі А.К. Есимбекованың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,
Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі А.А. Нуркееваның,
сақтандыру омбудсманы – И.А. Яковенконың,
Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – бас ғылыми қызметкер Н.Н. Турецкийдің,
Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор А.К. Канатовтың,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының өкілі – арнайы заң пәндері кафедрасының профессоры В.В. Ханның қатысуымен,
2024 жылғы 12 желтоқсандағы ашық отырысында Б.Н. мен Б.Т.-ның 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) (бұдан әрі – АК (Ерекше бөлім) 818-бабы 1-тармағы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Қ. Қыдырбаеваны және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) АК-нің (Ерекше бөлім) 818-бабы 1-тармағы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 4-бабының 2-тармағына, 26-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.
Іс материалдарынан 2019 жылғы 24 желтоқсанда сақтанушы Е. мен сақтандырушы зейнетақы аннуитеті шартын жасасып, оның талаптары бойынша Е. сақтандырушыға сақтандыру сыйлықақысының сомасын беруге, ал сақтандырушы Е. пайдасына сақтандыру төлемдерін өмір бойына жүзеге асыруға тиіс болғанын түсінуге болады. Кепілдендірілген сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру кезеңі деп 2019 жылғы 24 желтоқсан – 2039 жылғы 24 желтоқсан аралығы (жиырма жыл) айқындалған.
2022 жылғы 22 қаңтарда сақтанушы Е. қайтыс болады. Ол қайтыс болғанға дейін сақтандырушы белгіленген сақтандыру төлемдерін – сақтанушыға ай сайын, ал ол қайтыс болғаннан кейін пайда алушы Б.Н.-ның пайдасына төлеген. Сақтанушы мұрагерлерінің (Б.Н. мен Б.Т.) сақтандыру сыйлықақысының қалған сомасын өздеріне біржолғы төлеммен төлеу туралы өтініштеріне сақтандырушы бас тартумен жауап берген.
Өтініш субъектілерінің пікірінше, сақтандырушыға сақтандыру сыйлықақысы ретінде аударылған зейнетақы жинақтары сақтанушы қайтыс болған жағдайда мұрагерлікке жатады, осыған байланысты олар АК-нің (Ерекше бөлім) 818-бабы 1-тармағының екінші бөлігі Конституцияның 26-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген құқықтарын бұзады деп есептейді.
Өтініш берушілер дау айтып отырған АК (Ерекше бөлім) нормасының конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот өтініш нысанасын және өтініш берушілерден отырыс барысында түскен өтінішхатты назарға ала отырып, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 50-бабының 2-тармағына сәйкес өтінішті АК-нің (Ерекше бөлім) 818-бабы 1-тармағының екінші бөлігіне қатысты ғана қарап, мыналарды негізге алады.
1. Меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі. Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген айрықша жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін (Конституцияның 26-бабының 2 және 3-тармақтары). Бұл сот шешімінсіз әлдекімді мүлкінен айыру заңда көзделген жағдайларда ғана орын алуы мүмкін дегенді білдіреді. Меншік иесі өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы. Конституциялық мұрагерлік құқығы мұра қалдырушының өз мүлкіне билік ету құқығын да, мұрагерлердің мұрагерлік мүлікті қабылдау құқығын да қамтиды.
Конституцияның меншік мәселелері жөніндегі ережелері 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде (Жалпы бөлім) (бұдан әрі – АК (Жалпы бөлім) одан әрі жалғасын тауып, нақтылана түсті, онда меншікке қолсұғылмаушылық кепілдіктері, меншік құқығын иемдену және тоқтату негіздері белгіленеді.
Меншiк құқығы – субъектiнiң заңнамалық актілермен танылатын және қорғалатын, өзiне тиесiлi мүлiктi өз қалауы бойынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы. Меншiк иесi өзiне тиесiлi мүлiкке қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекеттер жасауға, оның iшiнде бұл мүлiктi басқа адамдардың меншiгiне берiп, иелiгiнен шығаруға, оларға өзгеше түрде билiк етуге құқылы (АК-нің (Жалпы бөлім) 188-бабының 1 және 3-тармақтары).
АК-нің (Жалпы бөлім) 235-бабының 2-тармағына сәйкес меншiк иесi бар мүлiкке меншiк құқығына басқа адам осы мүлiктi иелiктен шығару туралы мәміле негiзiнде ие болуы мүмкiн. Осы Кодексте көзделген жағдайлардан басқа кезде, меншiк иесiнiң мүлкiн меншiк иесiнiң еркiнен тыс басқа тұлғаға берiп, иелiгiнен шығаруға жол берiлмейдi.
Мұрагерлік – бұл меншік иесіне қайтыс болған жағдайда өзіне тиесілі мүлікке билік ету мүмкіндігін беретін, меншік құқығынан туындайтын институт. Мұра қалдырушыға тиесілі мүліктің мұрагерлерге мемлекет кепілдік берген өтуін қамтамасыз ете отырып, конституциялық мұрагерлік құқығы өздігінен нақты мұраға қатысты азаматтың субъективті құқықтарын туғызбайды, өйткені олар өсиет немесе заң негізінде туындайды.
Мұрагерлік құқығының мазмұнын, оның құрамдас өкілеттіктерін жүзеге асыру тәсілдерін конституциялық тұрғыдан түсінуге АК-де (Ерекше бөлім) кепілдік беріле отырып, мұрагерлік негіздерін белгілеу сәйкес келеді, бұл ретте мұра қалдырушының өсиетте көрсеткен ерік қалауына басымдық беріледі. Өсиет қалдырылмаған не бүкіл мұраның тағдыры айқындалмаған кезде мұрагерлік заң бойынша орын алады (АК-нің (Ерекше бөлім) 1039-бабы).
Осылайша, Конституцияда кепілдік берілген меншік және мұрагерлік құқықтары азаматтардың мүліктік мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін жеке бастың негізгі құқықтары болып табылады. Сақтандыру саласында мүлкін өз қалауы бойынша иелену, пайдалану және оған билік ету өкілеттіктері адамның сақтандыру шартын жасасу арқылы өз меншігін түрлі тәуекелдерден қорғауға құқылы екендігін көздейді.
2. Сақтандыру – сақтандыру ұйымы жүзеге асыратын, сақтандыру төлемi арқылы сақтандыру шартында айқындалған сақтандыру жағдайы немесе өзге де оқиға басталған кезде жеке немесе заңды тұлғаның заңды мүліктік мүдделерін қорғау жөніндегі қатынастар кешенi ("Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Сақтандыру қызметі туралы заң) 4-бабының 1-тармағы).
АК-нің (Ерекше бөлім) 803-бабының 1-тармағына сәйкес сақтандыру шарты бойынша бiр тарап (сақтанушы) сақтандыру сыйлықақысын төлеуге мiндеттi, ал екiншi тарап (сақтандырушы) сақтандыру жағдайы туындаған кезде шартта айқындалған сома (сақтандыру сомасы) шегiнде сақтанушыға немесе өзiнiң пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн жүзеге асыруға мiндеттi.
Сақтандыру шартының мазмұнын айқындау кезінде барлық сақтандыру түріне ортақ мағынада қолданылатын "сақтандыру төлемі" және "сақтандыру сыйлықақысы" ұғымдары пайдаланылады.
Сақтандыру төлемi – сақтандырушы сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру жағдайы туындаған кезде не жинақтаушы сақтандыру шартында айқындалған мерзiм басталған кезде сақтандыру сомасы шегiнде төлейтiн ақша сомасы. Сақтандыру шартында немесе Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарында мерзімді төлем нысанында төлемдерді жүзеге асыру көзделген аннуитеттік сақтандыру шарттары және өмірді сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдерін қоспағанда, сақтандыру төлемі біржолғы төлеммен жүзеге асырылады (АК-нің (Ерекше бөлім) 820-бабының 1-тармағы).
Сақтандыру сыйлықақысы – сақтанушы сақтандырушыға соңғысы сақтандыру шартында айқындалған мөлшерде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн жүргiзу мiндеттемелерiн қабылдағаны үшiн төлеуге мiндеттi ақша сомасы. Инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының бір бөлігін және сақтанушының инвестицияларға қатысу талабы көзделетін сақтандыру шарттары бойынша оларды инвестициялаудан алынған (шеккен) кірістерді (шығыстарды), сондай-ақ аталған Кодекстің 845-1-бабының 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, сақтандырушы сақтанушыдан алған сақтандыру сыйлықақылары оған меншік құқығымен тиесілі болады (АК-нің (Ерекше бөлім) 818-бабының 1-тармағы).
Сақтандыру шарты сақтанушы мен сақтандырушы арасындағы екіжақты мәміле болып табылады, оны жасасу үшін олар өздерінің келісілген ерік қалауын білдіруі қажет. Онда өзара құқықтар мен міндеттер көзделеді. АК-нің (Жалпы бөлім) 2-бабының 2-тармағына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiнiң азаматтық құқықтарына өз еркiмен және өз мүддесiн көздей отырып ие болады және оларды жүзеге асырады, сондай-ақ егер заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, құқықтарынан бас тартады. Олар шарт негiзiнде өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн белгiлеуде және оның заңнамаға қайшы келмейтін кез келген талаптарын айқындауда ерiктi.
Сақтанушы сақтандырушыға ерікті түрде қабылдаған міндеттеме негізінде сақтандыру сыйлықақысын төлей отырып, тиесілі ақша сомасын береді, содан кейін сақтандырушының шарт талаптарына сәйкес сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру міндеттемесі туындайды. Сақтандырушы сақтандыру сыйлықақысы түрінде алған ақша сақтанушының жеке шотына есепке жатқызылмайды. Бұлар сақтандырушының өз қалауы бойынша билік ететін кірісі болып табылады. Сақтандырушының сақтандыру сыйлықақысын қайтару бойынша емес, сақтандыру сомасын төлеу бойынша міндеттемесі туындайды.
Сақтандыру шартының өтеулі болуы сақтанушының сақтандыру сыйлықақысы түрінде жүргізілген төлем үшін сақтандырушыдан сақтандыру арқылы қорғалу (қорғалу жағдайы) түрінде бір-біріне бірнәрсе беру арқылы қанағаттанушылықты алатындығынан көрінеді, бұл сақтандыру жағдайы басталатын-басталмайтынына, сақтанушы сақтандыру сомасын алатын-алмайтынына қарамастан нақты орын алады.
Осылайша, сақтандыру сыйлықақылары – сақтанушының сақтандырушыға сақтандыру арқылы қорғалу үшін төлейтін төлемі, мұнда сақтандыру төлемі оның материалдық баламасы болып табылады, бұл АК-нің (Жалпы бөлім) 384-бабының 1-тармағына сәйкес шарттың өтеулі болуын білдіреді. Мұндай жағдайларда мүлік мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылмайды.
3. Зейнетақы аннуитеті шартына қатысты 2023 жылғы 20 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс) 225-бабы 1-тармағының және Сақтандыру қызметі туралы заңның 6-бабы 2-тармағының ережелеріне сәйкес сақтандырудың бұл түрі ерікті нысанға жататынын атап өту керек, демек, сақтанушының ерік қалауы болмаған кезде оның жасалуы мүмкін емес. Заң шығарушы сақтандырушыға зейнетақы жинақтарының сомасын ерікті түрде беру нысанын ғана көздейді, шарт нысанында беру кезінде мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жол берілмейді, тиісінше, сақтанушы ерікті түрде қабылдаған міндеттеме негізінде оған тиесілі зейнетақы жинақтарының сомасын береді, содан кейін сақтандырушының зейнетақы аннуитетінің талаптарына сәйкес сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру міндеттемесі туындайды.
Әлеуметтік кодекстің 1-бабының 72) тармақшасында зейнетақы аннуитеті шарты сақтандыру шарты ретінде айқындалады, оған сәйкес бір тарап (сақтанушы) сақтандыру ұйымына зейнетақы жинақтарының сомасын (сатып алу сомасын) беруге міндеттенеді, ал екінші тарап (сақтандыру ұйымы) сақтанушының және (немесе) сақтандырылушының пайдасына сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға міндеттенеді.
АК (Ерекше бөлім) бойынша аннуитеттік сақтандыру шарты сақтандыру шарты болып табылады, оған сәйкес сақтандырушы шартта белгіленген мерзім ішінде пайда алушының пайдасына мерзімді төлемдер түрінде сақтандыру төлемін жүзеге асыруға міндетті (809-1-баптың 3-тармағы).
Зейнетақы аннуитетінің ерекшелігі – оны жасасу үшін азаматтар міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарын сақтандыру сыйлықақысы ретінде пайдалануға құқылы (Әлеуметтік кодекстің 225-бабының 1-тармағы).
Зейнеткерлік жасқа толғанға дейін зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сақтандыру ұйымдарынан сақтандыру төлемдерін алу мүмкіндігі, сондай-ақ өмір бойына зейнетақымен қамсыздандырылу кепілдігі (жинақтаушы зейнетақы қорларында зейнетақы жинақтары таусылғаннан кейін төлем тоқтатылады) азаматтарды өздерінің зейнетақы жинақтарын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (бұдан әрі – БЖЗҚ) сақтандыру компанияларына аудара отырып, зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға ынталандырады.
Зейнетақы аннуитеті сақтандыру шартының ерекші түрі болып табылады және қартайған кезде өмірінің соңына дейін кіріске кепілдік беру арқылы азаматтарды әлеуметтік қорғауға бағытталған. Сақтандырудың осы түріндегі сақтандыру жағдайы – зияндылық, кездейсоқтық және ықтималдық белгісі жоқ оқиға, ол міндетті түрде орын алады. Осындай сақтандырудың мақсаты – сақтандырылушы адамның өмір сүру жағдайларын олардың нашарлауының нақты қаупі (тәуекелі) бар-жоғына қарамастан қамтамасыз ету.
Зейнетақы жинақтарын сақтандыру сыйлықақысы түрінде сақтандырушыға беру азаматтардың мұрагерлік құқығын бұзбайды, өйткені сақтандыру шарты мәнмәтінінде жеке тұлғаға тиесілі мүлікті мұраға қабылдау құқығы емес, тараптардың міндеттемелері көзделеді. Аталған жағдайларда көзі тірісінде мұра қалдырушы өзіне тиесілі мүлікке билік етіп, зейнетақы аннуитеті шартын жасасады, сол бойынша зейнетақы жинақтарын сақтандыру сыйлықақысы ретінде сақтандырушыға береді, тиісінше, оларды мұрагерлік масса қамтымайды. Аударылған қаражат зейнетақы жүйесі шеңберінде зейнетақы жинақтары ретінде есепке алынбайды және оларды одан әрі пайдалану азаматтық және сақтандыру заңнамасының нормаларымен реттеледі.
Зейнетақы аннуитеті шарты сақтандыру шарты болып табылатынына қарамастан, соған сәйкес алынатын сақтандыру төлемдері азаматтарды зейнетақымен қамсыздандырудың дербес түріне жатқызылады, бұл ретте осы саладағы құқықтық қатынастар Әлеуметтік кодекспен (1-баптың 68) тармақшасы, 196-баптың 1-тармағы) реттеледі, бұл азаматтардың әл-ауқат деңгейін одан әрі арттыруға және мемлекеттің басты басымдығы ретінде әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік әлеуметтік саясаттың жаңа моделін енгізумен негізделген.
Сонымен қатар, сақтанушы қайтыс болғаннан кейін зейнетақы аннуитеті шартының қолданылу мәселелері қазіргі уақытта Әлеуметтік кодексте емес, Әлеуметтік кодекстің 15-бабының 5) тармақшасына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 7 маусымдағы № 45 қаулысымен бекітілген Зейнетақы аннуитетінің үлгілік шартында (бұдан әрі – Үлгілік шарт) айқындалады.
Мәселен, Үлгілік шарттың 12-тармағына сәйкес сақтанушы шарт бойынша бірінші ай сайынғы сақтандыру төлемін алғанға дейін қайтыс болған жағдайда шартта көрсетілген адам, ал мұндай адам болмаған кезде сақтанушының мұрагерлері біржолғы төлеммен сатып алу сомасын алады.
Осыған байланысты Конституциялық Сот "сатып алу сомасы" ұғымының бір зейнетақы аннуитеті институтына қатысты баяндалғанына қарамастан, Әлеуметтік кодекстің 1-бабы 1-тармағының 72) және 130) тармақшаларында әртүрлі интерпретациялануына назар аударады, бұлайша интерпретациялаудың құқықтық қатынастарға қатысушылар үшін әртүрлі салдары болуы мүмкін.
Бұдан басқа, Үлгілік шарттың 11-тармағында мұрагерлердің сақтанушы мезгілсіз қайтыс болған жағдайда (мысалы, сақтандыру төлемін алу басталғаннан кейін қайтыс болған жағдайда) біржолғы төлеммен сатып алу сомасын алуы 12-тармақтағыдай көзделмеген, бұл оларды барабар дерлік жағдайларда мөлшерлес емес салдарға әкеп соғады.
Құқық қолдану практикасына талдау көп жағдайда азаматтардың БЖЗҚ-дан сақтандыру компаниясына аударылған зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары сияқты бірден мұрагерлікке жатпайтындығы туралы хабардар бола бермейтінін куәландырады.
Конституциялық бақылау органы заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл талаптарына сәйкес келуге және салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалуға және заң ережелерін өзінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтін түсінікті өлшемшарттарға негізделуге тиіс деп есептейді. Құқық үстемдігі қағидатынан құқықтық реттеудің формалды айқындылығы, анықтығы мен қайшылықсыздығы, нысана тұрғысынан өзара байланысты, әртүрлі салаға тиесілі нормалардың өзара үйлесімділік талабы туындайды.
Қазақстан Республикасы өзін құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыра отырып, зейнетақының ең төмен мөлшерінде және жасына байланысты, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде әлеуметтік қамсыздандырылуға кепілдік береді, ерікті әлеуметтік сақтандыруды, әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасауды көтермелеп отырады (Конституцияның 28-бабы). Тиісінше, Конституцияда жазылған қағидаттар зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы норма шығармашылық саясаттың құқықтық айқындылығы мен онымен байланысты болжамдылықты: құқықтық нормалардың дәлме-дәл және нақты жазылуы тиісті құқықтық қатынастарға қатысушылар өз әрекеттерінің немесе әрекетсіздігінің салдарын ақылға қонымды шекте болжай алуы үшін қажет. Бұл әсіресе зейнетақы және сақтандыру заңнамасы саласында маңызды, бұл тараптар қабылдайтын міндеттемелердің ұзақ мерзімді салдарымен байланысты.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, зейнетақы аннуитетінің ерекшеліктерін заңнамалық деңгейде реттеп, сақтанушының көзі тірісіндегі ерік қалауының іске асырылу және ол қайтыс болған жағдайда, аударылған сақтандыру сыйлықақысының көлемі мен өзге де мән-жайлар ескеріле отырып, оның құқықтарының өзге адамдарға өту тетіктері көзделуге тиіс. Конституцияның 39-бабы 3-тармағының және 61-бабы 3-тармағының ережелері негізге алына отырып, сақтанушы қайтыс болғаннан кейін зейнетақы аннуитеті шартының қолданылу мәселелері заңға тәуелді нормативтік құқықтық актімен емес, ең алдымен заңмен реттелуге тиіс.
Конституциялық Сот АК-нің (Ерекше бөлім) 818-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көзделген, сақтандырушының сақтанушыдан алған сақтандыру сыйлықақыларына меншік құқығы туралы жалпы ережеде зейнетақы аннуитеті шарты ретіндегі сақтандыру шартының ерекшелігі толық көлемде ескерілмейтініне назар аударады. Мәселен, АК-нің (Ерекше бөлім) осы нормасы сақтанушыға зейнетақы аннуитеті шарты бұзылған кезде сатып алу сомасын басқа сақтандыру ұйымына аудару немесе сақтандыру төлемдерінің мөлшерін азайтуға қатысты шарт талаптары өзгерген кезде ақшаны БЖЗҚ-ға қайтару арқылы осы ақшаның бір бөлігіне билік ету құқығын, сондай-ақ егер сақтанушы Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам болып табылса, сақтандыру ұйымынан сатып алу сомасын алу құқығын беретін Әлеуметтік кодекстің 1-бабы 1-тармағының 130) тармақшасымен, 226-бабының 8 және 13-тармақтарымен, 227-бабы 4-тармағының 4) және 6) тармақшаларымен үйлеспейді.
Конституциялық Сот АК-нің (Ерекше бөлім) 818-бабы 1-тармағы екінші бөлігінің Конституцияға қайшы келуін таппады, дегенмен, заң деңгейінде реттеудің құқықтық айқындылығы мен анықтығы әлеуметтік институт ретінде зейнетақы аннуитетінің ерекшеліктерін ескере отырып, Әлеуметтік кодекспен және АК-мен (Ерекше бөлім) орын алған жағдайдағыдай, әртүрлі салаға тиесілі өзара байланысты нормалардың өзара үйлесімділігін қамтамасыз етуге тиіс деп пайымдайды.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 818-бабы 1-тармағының екінші бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне зейнетақы аннуитетіне қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасын Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.
3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |