Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII ҚРЗ.

      Қолданушылар назарына!

      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Конституциялық заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 67-б. қараңыз.

1-бөлім. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТЫ

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының мәртебесі

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз етеді.

      Конституциялық Сот өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде дербес және азаматтардан, ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз, Қазақстан Республикасының Конституциясын және осы Конституциялық заңды басшылыққа алады, соттардың немесе басқа да мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретін барлық жағдайларда өзге мәселелерді анықтаудан, зерттеуден және тексеруден қалыс қалады.

2-бап. Қазақстан Республикасының Конституциялық Сот туралы заңнамасы

      1. Конституциялық Соттың мәртебесі, құзыреті, ұйымдастырылуы және қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда айқындалады және реттеледі.

      2. Өз қызметінің ұйымдастырылуы мен тәртібі мәселелері бойынша Конституциялық Сот осы Конституциялық заң негізінде Конституциялық Соттың регламентін және өзге де актілерді қабылдайды.

3-бап. Конституциялық Соттың құрамы және оны құру тәртібі

      1. Конституциялық Сот Төрағаны және оның орынбасарын қоса алғанда, он бір судьядан тұрады.

      2. Конституциялық Соттың Төрағасын лауазымға Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының келісімімен тағайындайды.

      3. Қазақстан Республикасының Президенті Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын Конституциялық Сот Төрағасының ұсынуымен Конституциялық Сот судьяларының арасынан тағайындайды.

      4. Конституциялық Соттың төрт судьясын Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайды, Конституциялық Соттың үш-үш судьясын Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары төрағаларының ұсынуымен Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісі тағайындайды.

2-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ СУДЬЯЛАРЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ

4-бап. Конституциялық Соттың Төрағасы, Төрағасының орынбасары және судьялары

      1. Конституциялық Соттың Төрағасы, Төрағасының орынбасары және судьялары жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар болып табылады, олардың мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда айқындалады.

      2. Конституциялық Сот судьясының лауазымы депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, өзге де ақы төленетін лауазымдармен айналысумен, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен сыйыспайды.

      Конституциялық Соттың Төрағасы мен судьялары саяси партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс.

      Егер Конституциялық Соттың судьясы лауазымға тағайындалған кезінде саяси партияда, кәсіптік одақтарда болса, тағайындалған күнінен бастап он күн ішінде олардағы өз мүшелігін тоқтатуға тиіс.

5-бап. Конституциялық Сот судьясына кандидаттарға қойылатын талаптар

      Конституциялық Соттың құрамына қырық жасқа толған, жоғары заң білімі, құқық саласында жоғары біліктілігі, мінсіз беделі және заң кәсібі бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.

6-бап. Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімі

      1. Конституциялық Сот Төрағасы мен судьяларының өкілеттігі сегіз жылға созылады. Бір адам Конституциялық Соттың судьясы болып бір реттен артық тағайындала алмайды.

      2. Өз өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда Конституциялық Соттың Төрағасы мен судьялары Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен ауыстырылады.

7-бап. Конституциялық Сот судьяларының анты

      Конституциялық Соттың судьялары өздері тағайындалғаннан кейін мынадай мазмұнда ант береді: "Өзiме жүктелген Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы мәртебелі мiндетiн адал әрі әділ атқаруға, турашыл болуға және өз қызметімде Қазақстан Республикасының Конституциясына ғана бағынуға, оның үстемдігін қамтамасыз етуге салтанатты түрде ант етемiн.".

      Конституциялық Сот судьяларының анты Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен қабылданады.

8-бап. Конституциялық Сот судьясының өкілеттігін тоқтата тұру

      1. Конституциялық Сот судьясының өкілеттігі, егер:

      1) судья денсаулық жағдайы бойынша қатарынан күнтізбелік алпыс күннен астам уақыт өз міндеттерін орындауға уақытша жарамсыз болған;

      2) заңда белгіленген тәртіппен оны ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім берілген;

      3) хабарсыз кетудің басталғаны туралы расталған деректер болған жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкін.

      2. Қазақстан Республикасының Президенті – Конституциялық Сот Төрағасының, ал Конституциялық Соттың Төрағасы Конституциялық Соттың өзге де судьяларының өкілеттігін тоқтата тұруды немесе қайта бастауды жүзеге асырады. Өкілеттіктерді тоқтата тұру туралы шешім өкілеттіктерді тоқтата тұруға негіздер анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қабылданады.

      3. Конституциялық Сот судьясының өкілеттігі оны тоқтата тұруға негіз болған мән-жайлар тоқтатылғанға дейін тоқтатыла тұрады.

      4. Өкілеттігі тоқтатыла тұрған Конституциялық Сот судьясы Конституциялық Соттың отырыстарына қатысуға және Конституциялық Сот судьясының өзге де міндеттерін орындауға құқылы емес.

      Кворумды айқындау кезінде өкілеттіктері тоқтатыла тұрған судьялар есепке алынбайды.

      5. Конституциялық Сот судьясының өкілеттігін тоқтата тұру оны осы Конституциялық заңда белгіленген кепілдіктерінен айырмайды.

9-бап. Конституциялық Сот судьясының өкілеттігін тоқтату

      1. Конституциялық Сот судьясының өкілеттігі:

      1) лауазымнан өз еркі бойынша босату туралы өтініштің берілуі;

      2) Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату немесе тұруға ықтиярхат не шет мемлекеттің аумағында тұрақты тұру құқығын растайтын өзге де құжатты алу;

      3) оған қатысты соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі;

      4) соттың заңды күшіне енген шешімімен оның әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылуы;

      5) соттың заңды күшіне енген шешімімен оның хабарсыз кетті деп танылуы;

      6) оның қайтыс болуы немесе соттың заңды күшіне енген шешімімен қайтыс болды деп жариялануы;

      7) Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда белгіленген талаптар бұзыла отырып тағайындалуы;

      8) Конституциялық Сот судьяларына белгіленген Қазақстан Республикасының Конституциясы мен осы Конституциялық заң талаптарының бұзылуы;

      9) Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген лауазымда болу мерзімінің аяқталуы;

      10) судьяның Конституциялық Соттың отырыстарына дәлелді себептерсіз қатарынан кемінде үш рет қатыспауы салдарынан тоқтатылады.

      2. Конституциялық Сот Төрағасының өкілеттігін тоқтатуды Қазақстан Республикасының Президенті осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырады.

      3. Конституциялық Сот судьяларының өкілеттігін тоқтатуды тиісінше Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі осы баптың 1-тармағының 1), 2), 7), 8), 9) және 10) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырады.

      4. Конституциялық Сот судьясының өкілеттігін тоқтатуды Конституциялық Сот осы баптың 1-тармағының 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырады.

      5. Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын лауазымынан босату оның Конституциялық Соттың судьясы ретіндегі өкілеттігін тоқтатуға алып келмейді.

3-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ СУДЬЯЛАРЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ КЕПІЛДІКТЕРІ

10-бап. Конституциялық Сот судьяларының тәуелсіздігі

      1. Конституциялық Соттың судьялары өз міндеттерін орындау кезінде тәуелсіз болады және Қазақстан Республикасының Конституциясына және осы Конституциялық заңға ғана бағынады. Олардың қызметіне қандай да болсын араласуға, сондай-ақ оларға қандай да бір нысанда қысым жасауға немесе өзге де ықпал етуге жол берілмейді және бұл заң бойынша жауаптылыққа алып келеді.

      2. Конституциялық Соттың судьялары конституциялық іс жүргізу мәселелері бойынша есеп бермейді. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру мәселелері бойынша олардан есеп талап етуге ешкім құқылы емес.

      3. Конституциялық Соттың судьяларына, Конституциялық Соттың отырысынан басқа кезде, Конституциялық Соттың қарауының нысанасы болып табылатын мәселелер бойынша пікір білдіруге немесе материалдар мазмұнын жария етуге тыйым салынады.

      4. Конституциялық Соттың судьялары өкілеттік мерзімі ішінде ауыстырылмайды. Конституциялық Сот судьяларының өкілеттігі осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда ғана тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкін.

      5. Конституциялық Соттың судьясы, егер Конституциялық Соттың қарауындағы мәселеге Конституциялық Сот судьясы жеке, тікелей немесе жанама түрде мүдделі деп есептеуге негіз беретін мән-жайлар болған жағдайда бас тартатынын мәлімдеуге міндетті, мұны Конституциялық Сот қанағаттандыруы тиіс.

      6. Конституциялық Соттың судьясы, сотта немесе өзге де мемлекеттік органдарда заңды өкілдіктен басқа, қорғауды немесе өкілдікті жүзеге асыруға құқылы емес.

11-бап. Конституциялық Сот судьяларына ешкімнің тиіспеушілігі

      1. Қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа, Конституциялық Соттың судьяларын өз өкілеттігі мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің келісімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

      2. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталу себебі сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелгеннен кейін Конституциялық Соттың судьясына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін, ол Қазақстан Республикасының Парламентіне Конституциялық Сот судьясын қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім беру туралы ұсыну енгізеді. Конституциялық Соттың судьясы қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін. Істі тергеп-тексеру барысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады.

      3. Конституциялық Соттың судьялары тәртiптiк жауапкершілікке тартылмайды.

      4. Конституциялық Сот судьясын, егер осы Конституциялық заңға сәйкес оның өкілеттігі тоқтатыла тұрмаса, Конституциялық Соттың отырысына қатысудан шеттетуге ешкім құқылы емес.

      5. Конституциялық Соттың судьясын, оның ішінде оның өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін, істі Конституциялық Сотта қарау кезінде өзі білдірген позициясы үшін жауаптылыққа тартуға болмайды.

12-бап. Конституциялық Сот судьялары құқықтарының теңдігі

      Конституциялық Соттың судьялары Конституциялық Соттың іс жүргізуіндегі істерді қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау кезінде, осы Конституциялық заңның 58-бабының 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, тең құқықтарға ие болады.

13-бап. Конституциялық Сот судьяларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету

      Конституциялық Соттың судьялары, олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ олардың мүлкі мемлекеттің қорғауында болады.

      Егер судьядан тиісті жолданым келіп түссе, ішкі істер органдары Конституциялық Соттың судьясы мен оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін, оларға тиесілі мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге уақтылы және түпкілікті шаралар қолдануға міндетті.

      Конституциялық Соттың судьясына және оның мүлкіне кәсіптік қызметіне байланысты келтірілген зиян республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеледі.

14-бап. Конституциялық Соттың судьяларын материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету

      1. Конституциялық Соттың Төрағасына, Төрағасының орынбасарына және судьяларына жалақы Қазақстан Республикасы Конституциясының 66-бабының 9-1) тармақшасында көзделген тәртіппен белгіленеді.

      2. Конституциялық Соттың Төрағасын тұрғын үймен, көлікпен және өзге де қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету және санаториялық-курорттық емдеу Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары деңгейінде, Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын – Премьер-Министрінің Орынбасары деңгейінде, Конституциялық Соттың судьяларын – Министрі деңгейінде жүзеге асырылады.

      3. Конституциялық Соттың судьяларына сауықтыруға екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күн болатын жыл сайынғы демалыс беріледі.

      4. Егер Конституциялық Соттың судьясы мен оның отбасы мүшелері басқа жерде тұрып жатқан болса, Конституциялық Соттың судьясы мен оның отбасы мүшелеріне көшу бойынша шығыстары өтеледі.

      5. Конституциялық Соттың орналасқан жерінде тұрғын үйі болмаған жағдайда Конституциялық Соттың судьяларын тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Конституциялық Соттың судьясы мен оның отбасы мүшелеріне кезектен тыс тәртіппен, бірақ лауазымға тағайындалған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей, Конституциялық Соттың судьясын тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж азаматтар санатына жатқызуды болғызбайтын нормалар бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан жайлы тұрғын үй-жай беріледі. Конституциялық Соттың судьясы тұрақты тұрып жатқан қызметтік тұрғын үй-жай тұрғын үйі болмаған жағдайда оның қалауы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жекешелендірілуі мүмкін.

      6. Конституциялық Соттың судьялары республикалық бюджет қаражаты есебінен мантиямен және төсбелгімен қамтамасыз етіледі.

      7. Конституциялық Соттың судьялары және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінде медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі.

      8. Қазақстан Республикасы Конституциясында белгіленген лауазымға болу мерзімінің аяқталуына байланысты өкілеттігі тоқтатылған, Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған Конституциялық Соттың судьясына тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз жиырма еселенген мөлшерінде салық салынбайтын ай сайынғы өмір бойғы қамтылым төленеді. Бұл ретте Конституциялық Соттың судьясы өз қалауы бойынша мынадай төлемдердің бірін алуға құқылы:

      1) ай сайынғы өмір бойғы қамтылым;

      2) Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері.

      Конституциялық Соттың судьясына ай сайынғы өмір бойғы қамтылымды төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      9. Конституциялық Соттың судьясына ай сайынғы өмір бойғы қамтылымды төлеу, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметпен айналысумен байланысты лауазымды қоспағанда, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық немесе жергілікті бюджеттен не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражатынан ақы төленетін лауазыммен айналысқан жағдайда тоқтатыла тұрады.

      Республикалық немесе жергілікті бюджеттен не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражатынан ақы төленетін лауазыммен айналысу тоқтатылған жағдайда, Конституциялық Соттың судьясына ай сайынғы өмір бойғы қамтылым төлеу қайта басталады.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.04.2023 № 225-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

15-бап. Конституциялық Соттың судьясы мертіккен немесе қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайдағы өтемақылар

      1. Конституциялық Соттың судьясы өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде мертіккен (жарақат алған, жараланған, контузия алған, кәсіптік ауруға шалдыққан) кезде оған осы бапта белгіленген мөлшерде біржолғы өтемақы төлеу жүргізіледі.

      2. Конституциялық Соттың судьясы қызметтік міндеттерін атқару кезінде не Конституциялық Сот судьясының өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған мертігуі (жарақаттануы, жаралануы, контузиясы, кәсіптік ауруы) салдарынан бір жыл ішінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда мұрагерлеріне Конституциялық Сот судьясының отыз айлық лауазымдық айлықақысы мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.

      Бұл ретте Конституциялық Соттың судьясы, егер оның өкілеттігі өзіне қатысты соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуіне байланысты тоқтатылған болса, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген өтемақы алу құқығынан айырылады.

      3. Конституциялық Соттың судьясына қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған мертігуі (жарақаттануы, жаралануы, контузиясы, кәсіптік ауруы) салдарынан болған мүгедектік белгіленген кезде оған біржолғы өтемақы:

      1) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға – жиырма айлық лауазымдық айлықақы;

      2) екінші топтағы мүгедектігі бар адамға – он бес айлық лауазымдық айлықақы;

      3) үшінші топтағы мүгедектігі бар адамға – бес айлық лауазымдық айлықақы мөлшерлерінде төленеді.

      4. Конституциялық Соттың судьясы қызметтік міндеттерін атқару кезінде мүгедектікті белгілеуге алып келмеген ауыр мертіккен (жарақаттанған, жараланған, контузия алған, кәсіптік ауруға шалдыққан) жағдайда – оған бір жарым айлық лауазымдық айлықақысы, жеңіл мертіккен жағдайда жарты айлық лауазымдық айлықақысы мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.

      5. Конституциялық Соттың қайтыс болған немесе қаза тапқан судьяларын және Конституциялық Соттың судьясы лауазымынан зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлерді жерлеу үшін олар қайтыс болған кездегі Конституциялық Сот судьясының үш айлық жалақысы мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.

      6. Біржолғы өтемақы төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      7. Егер Конституциялық Сот судьясының мертiгуі (жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы, кәсiптік ауруға шалдығуы) немесе қаза табуы (қайтыс болуы) қызметтiк мiндеттерiн атқарумен байланысты емес мән-жайлардан болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтемақы төленбейдi.

16-бап. Конституциялық Соттың судьяларын әлеуметтік қорғау

      Конституциялық Соттың судьяларын әлеуметтік қорғау Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылады.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.04.2023 № 225-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

4-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

17-бап. Конституциялық Соттың қызметін қаржыландыру

      Конституциялық Соттың және оның Аппаратының қызметін қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіктерді толық және тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.

18-бап. Конституциялық Соттың Аппараты

      Конституциялық Соттың Аппараты Конституциялық Соттың қызметін құқықтық, ақпараттық-анықтамалық, ғылыми-консультативтік және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.

      Конституциялық Соттың Аппараты мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады.

      Конституциялық Сот Аппаратының қызметi Қазақстан Республикасының заңнамасымен, Конституциялық Соттың Регламентiмен және Конституциялық Соттың Аппараты туралы ережемен реттеледi.

      Конституциялық Сот Аппаратының қызметкерлері мемлекеттік қызметшілер болып табылады.

      Конституциялық Сот Аппараты қызметкерлерінің құқықтық жағдайы және олардың еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасымен реттеледі.

19-бап. Конституциялық Соттың талдаушысы

      1. Конституциялық Соттың талдаушысы конституциялық іс жүргізуді құқықтық және ғылыми-талдамалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін және Конституциялық Сотқа келіп түсетін жолданымдардың тиісінше қаралуына жәрдем ететін мемлекеттік қызметші болып табылады.

      2. Конституциялық Соттың талдаушысы:

      1) Конституциялық Соттың судьясы-баяндамашымен өзара іс-қимыл жасай отырып, Конституциялық Соттың отырысына материалдарды дайындау жөнінде шаралар қолданады;

      2) жолданым бойынша сарапшыларды (мамандарды) тарту, мүдделі адамдарға сауал қою және өзге де әрекеттерді жүргізу туралы процестік құжаттардың жобаларын дайындайды;

      3) Конституциялық Соттың судьялары үшін баяндама дайындай отырып, конституциялық іс жүргізу материалдарына талдау жасайды және жинақтап қорытады;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де функцияларды орындайды.

20-бап. Конституциялық Сот жанындағы ғылыми-консультативтік кеңес

      1. Конституциялық Соттың жанынан консультативтік-кеңесші орган болып табылатын ғылыми-консультативтік кеңес құрылуы мүмкін.

      2. Ғылыми-консультативтік кеңестің құрамы, міндеттері мен қызмет тәртібі Конституциялық Сот бекітетін ережеде айқындалады.

21-бап. Конституциялық Соттың халықаралық ынтымақтастығы

      Конституциялық Сот Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен халықаралық және өңірлік құқық қорғау ұйымдарымен, сондай-ақ шет елдердің конституциялық бақылау органдарымен ынтымақтастық жасайды, олар құратын қауымдастықтардың және өзге де бірлестіктердің мүшесі бола алады. Өзара іс-қимыл жасаудың нысанасы мен тетігін айқындау үшін ынтымақтастық туралы келісімдер (меморандумдар) жасалуы мүмкін.

22-бап. Конституциялық Сот судьяларының куәліктері, төсбелгісі мен мантиясы, сондай-ақ Конституциялық Соттың ресми басылымы және өзге де ресурстары

      1. Конституциялық Соттың судьяларына Қазақстан Республикасының Президенті қол қоятын белгіленген үлгідегі куәліктер, сондай-ақ төсбелгі мен мантия беріледі.

      2. Төсбелгі мен мантия туралы ережені, олардың үлгілері мен сипаттамасын Конституциялық Сот бекітеді.

      3. Конституциялық Соттың ресми басылымы "Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының жаршысы" болып табылады.

      4. Конституциялық Сот кітапхана ашуға, интернет-ресурс, рәміздер және өзге де айырым белгілер жасауға құқылы.

5-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ ЖӘНЕ ОНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ ҰЙЫМДЫҚ НЫСАНДАРЫ

23-бап. Конституциялық Соттың құзыреті

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Конституциялық Сот дау туған жағдайда:

      1) Қазақстан Республикасы Президентiнің сайлауын;

      2) Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының сайлауын;

      3) республикалық референдумды өткізудің дұрыстығы туралы мәселенi шешедi.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2), 2-1) және 3) тармақшаларына сәйкес Конституциялық Сот:

      1) Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғанға дейін Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдаған заңдардың;

      2) Қазақстан Республикасының Парламенті және оның Палаталары қабылдаған қаулылардың;

      3) ратификацияланғанға дейін Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарайды.

      3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) және 5) тармақшаларына сәйкес Конституциялық Сот:

      1) Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына ресми түсiндiрме;

      2) тиiсiнше, Қазақстан Республикасының Парламенті Қазақстан Республикасының Президентiн лауазымынан мерзiмiнен бұрын босату туралы шешiм, Қазақстан Республикасының Президентiн лауазымынан кетiру туралы түпкiлiктi шешiм қабылдағанға дейiн – белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталуы туралы қорытынды бередi.

      4. Конституциялық Сот:

      1) Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 6) тармақшасына сәйкес конституциялық iс жүргiзу практикасын жинақтап қорыту нәтижелерi бойынша жыл сайын Қазақстан Республикасының Парламентіне Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдау жiбередi;

      2) Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 10-1) тармақшасында көзделген жағдайларда – Қазақстан Республикасы Президентінің жолданымдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабында көзделген жағдайларда соттардың жолданымдарын қарайды;

      3) Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағына сәйкес азаматтардың жолданымдары бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарайды;

      4) Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жолданымдарын қарайды;

      5) Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жолданымдарын қарайды.

      5. Конституциялық Сот тек қана құқық мәселелерін шешеді және жүгінуге себеп болған нақты мән-жайларға баға бермейді.

24-бап. Конституциялық Соттың өзге де өкiлеттiктерi

      Конституциялық Сот:

      1) құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдардан, ұйымдардан құжаттарды, материалдар мен өзге де ақпаратты сұратуға және алуға, сондай-ақ белгіленген тәртіппен сарапшыларды (мамандарды) сараптамалық және ғылыми-консультациялық жұмысқа тартуға құқылы (егер Конституциялық Сот өзге мерзімді көрсетпесе, мұндай сұрау салулар бойынша қажетті құжаттар мен өзге де ақпарат он бес жұмыс күні ішінде берілуге тиіс);

      2) осы Конституциялық заңда белгiленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

25-бап. Конституциялық Соттың отырыстары

      1. Конституциялық Сот өз өкілеттігіне кіретін мәселелерді Конституциялық Соттың отырыстарында қарайды және шешеді.

      2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Конституциялық Соттың отырысы, егер оған Конституциялық Сот судьяларының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болады.

      3. Азаматтардың жолданымдарын отырыста қарауды Конституциялық Соттың бес судьясынан Конституциялық Сот қалыптастыратын судьялар құрамы жүзеге асыруы мүмкін. Бұл ретте Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары бірауыздан ғана қабылдануы мүмкін.

      Конституциялық Сот судьяларының құрамы қабылдаған Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары Конституциялық Соттың Төрағасы оларға қол қойғанға дейін дауыс беруге қатысқан Конституциялық Сот судьяларының қолтаңбаларымен алдын ала бекемделеді.

      4. Егер судьялар құрамының шешімі қабылданбаса, сондай-ақ азаматтың жолданымы бойынша судьялар құрамының шешімі бұрын қабылданған шешімдерде білдірілген құқықтық позицияларда алшақтықтарға алып келуі мүмкін не маңызды мәні бар тұжырымдамалық мәселелерді қозғайтын жағдайда, Конституциялық Соттың Төрағасы осы баптың 2-тармағының талабы ескеріле отырып өткізілетін Конституциялық Соттың отырысына осы жолданымды енгізеді.

      5. Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3, 4 және 5-тармақтарында аталған субъектілердің жолданымдарын конституциялық іс жүргізуге қабылдау туралы мәселені отырыста қарауды Конституциялық Сот Төрағасының, оның орынбасарының не Конституциялық Сот Төрағасының тапсырмасы бойынша судьялардың бірінің төрағалық етуімен Конституциялық Соттың үш судьясы жүзеге асыруы мүмкін.

      6. Конституциялық Соттың отырыстарын қажеттілігіне қарай Конституциялық Соттың Төрағасы шақырады.

26-бап. Конституциялық Соттың кеңестері

      Конституциялық Соттың кеңестері конституциялық іс жүргізуді жүзеге асырумен тікелей байланысты емес және Конституциялық Соттың отырыстарында шешілетін мәселелерге жатпайтын мәселелер бойынша өткізілуі мүмкін.

27-бап. Конституциялық Сот Төрағасының өкiлеттiктері

      1. Конституциялық Соттың Төрағасы:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен, сондай-ақ шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың органдарымен қатынастарда Конституциялық Сот атынан өкілдік етеді;

      2) Конституциялық Сот iс жүргiзуге қабылдаған мәселелердi қарауға дайындауды басқарады;

      3) Конституциялық Соттың отырыстары мен кеңестерін шақырады, оларға төрағалық етеді, олардың қарауына мәселелер енгізеді;

      4) Конституциялық Сот судьяларының жұмысын ұйымдастырады;

      5) отырыстар өткізуді қамтамасыз ету жөніндегі шараларды айқындайды;

      6) Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық Соттың жолдауын жария етеді;

      7) шешімдерге, сондай-ақ өзі төрағалық еткен Конституциялық Сот отырыстарының хаттамаларына қол қояды;

      8) Конституциялық Соттың бекітуіне оның Регламентін, Конституциялық Сот жанындағы ғылыми-консультативтік кеңес туралы ережені, ғылыми-консультативтік кеңестің хатшысы мен мүшелерінің кандидатураларын ұсынады;

      9) Конституциялық Соттың Аппараты туралы ережені, бөлінген бюджет қаражаты шегінде – Конституциялық Сот Аппаратының құрылымы мен штат кестесін бекітеді;

      10) Конституциялық Сот Аппаратының басшысын және оның орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;

      11) осы Конституциялық заңға және Конституциялық Соттың Регламентіне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Конституциялық Соттың Төрағасы өз құзыретінің мәселелері бойынша бұйрықтар мен өкімдер шығарады.

      3. Конституциялық Соттың Төрағасы уақытша болмаған жағдайларда оның міндеттерін – Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары, ал Төрағаның орынбасары уақытша болмаған жағдайда Конституциялық Сот Төрағасының бұйрығымен айқындалатын Конституциялық Сот судьяларының бірі атқарады.

28-бап. Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары

      Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Конституциялық Соттың отырыстарын ұйымдастыру, оларға хаттама жасау жөніндегі жұмысты үйлестіреді, сондай-ақ Конституциялық Соттың Төрағасы өзіне жүктеген өзге де міндеттерді жүзеге асырады.

2-бөлім. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ IС ЖҮРГIЗУ

6-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ІС ЖҮРГІЗУДІҢ ЖАЛПЫ ШАРТТАРЫ МЕН ҚАҒИДАТТАРЫ

29-бап. Конституциялық іс жүргізу және оны жүзеге асыру форматы

      1. Конституциялық Соттың құзыретіне жататын мәселелерді қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Конституциялық заңда және Конституциялық Соттың регламентінде белгіленген конституциялық іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырылады.

      2. Конституциялық іс жүргізу қағаз және (немесе) электрондық форматтарда жүргізіледі.

30-бап. Конституциялық іс жүргізудің электрондық форматының ерекшеліктері

      1. Конституциялық іс жүргізу толық немесе ішінара электрондық форматта жүзеге асырылуы мүмкін, бұл туралы қаулы шығарылады. Мұндай формат кезінде Конституциялық Соттың актілері мен оның лауазымды адамдарының, конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың және жолданымды қарау кезінде тартылатын тұлғалардың әрекеттері электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында ресімделуі мүмкін.

      2. Конституциялық іс жүргізу электрондық форматта жүргізілген кезде оның материалдары электрондық істе қалыптастырылады.

      3. Конституциялық Соттың бастамасы бойынша конституциялық іс жүргізуге қатысушылар, жолданымды қарау кезінде тартылатын тұлғалар, олардың өкілдері және өзге де адамдар техникалық байланыс құралдарын пайдалану арқылы Конституциялық Соттың отырысына қатыса алады.

      4. Конституциялық іс жүргізу барысында техникалық құралдар мен ақпараттық сервистерді қолдану тәртібі осы Конституциялық заңның, Конституциялық Сот регламентінің және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары ескеріле отырып айқындалады.

31-бап. Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігі

      Конституциялық іс жүргізу Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігі қағидаты негізінде жүзеге асырылады.

32-бап. Жолданымның мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеу

      Конституциялық Сот жолданымның мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін барлық шараларды қолдануға міндетті.

33-бап. Алқалылық

      Конституциялық Соттың өкілеттіктерін жүзеге асыру алқалы түрде жүргізіледі.

34-бап. Жариялылық

      Жолданымдарды Конституциялық Сотта қарау ашық болып табылады. Жабық отырысқа мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау мүддесінде Конституциялық Соттың қаулысымен жол беріледі.

35-бап. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың тең құқықтылығы

      Конституциялық іс жүргізу қатысушыларының тең құқықтылығы негізінде жүзеге асырылады, олар өз позициясын қорғау бойынша тең құқықтар мен мүмкіндіктерді пайдаланады.

36-бап. Конституциялық iс жүргiзу тiлi

      1. Конституциялық іс жүргізу мемлекеттік тілде жүзеге асырылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

      2. Конституциялық iс жүргiзу тiлiн меңгермеген конституциялық iс жүргiзуге қатысушы адамдарға Конституциялық Сот олардың ана тiлiнде немесе олар меңгерген тiлде аударманы қамтамасыз етедi.

      3. Конституциялық іс жүргізу тілін меңгермеген отырысқа қатысушылар ана тілінде немесе өздері меңгерген тілде түсініктер бере алады және аудармашының, есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының көрсететін қызметтерін пайдалана алады.

37-бап. Конституциялық іс жүргізуді тоқтата тұру

      1. Конституциялық іс жүргізу жолданым бойынша одан әрі іс жүргізуге уақытша кедергі келтіретін еңсерілмейтін күштің әрекетіне байланысты және өзге де жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкін. Бұл ретте жолданымды қарау мерзімі де тоқтатыла тұрады.

      2. Іс бойынша конституциялық іс жүргізу оны тоқтата тұруға негіз болған мән-жайлар тоқтатылған кезде қайта басталады.

38-бап. Конституциялық іс жүргізуді тоқтату

      1. Конституциялық iс жүргiзу кез келген сатыда, бірақ Конституциялық Соттың құрамы қорытынды шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін:

      1) конституциялық іс жүргізуге қатысушы өзі берген жолданымды кері қайтарып алған;

      2) тиісті құқықтық қатынастарға қолданылуы жалғастырылатын жағдайларды қоспағанда, конституциялылығына дау айтылып жатқан актінің күші жойылған немесе заңдық күшi жойылған;

      3) мәлiмделген жолданым Конституциялық Соттың ведомстволық қарауына жатпаған;

      4) осыған ұқсас мәселе қойылған басқа жолданым бойынша Конституциялық Соттың қорытынды шешімі қабылданған жағдайларда тоқтатылуға жатады.

      2. Конституциялық Соттың мәлiмделген жолданым бойынша конституциялық iс жүргiзудi тоқтату туралы шешiмi жолданым субъектiсiн Конституциялық Сотқа осындай негiздер бойынша қайтадан жүгіну мүмкiндiгiнен айырады.

39-бап. Конституциялық Сот отырысының хаттамасын жасау

      1. Конституциялық Сот отырысының хаттамасы жасалады және қажеттілігіне қарай стенограммасы жазылады.

      2. Конституциялық Сот отырысының хаттамасы конституциялық іс жүргізу тілінде жүргізіледі.

      3. Конституциялық Сот отырысының хаттамасын жүргізу тәртібі, оның мазмұнына қойылатын талаптар, сондай-ақ Конституциялық Сот отырыстарының хаттамасын жасаудың өзге де мәселелері Конституциялық Соттың регламентінде айқындалады.

40-бап. Мемлекеттік баж

      Азаматтардың жолданымдары Конституциялық Сотқа жіберілген кезде мемлекеттік бажды төлеу, қайтару тәртібі және оның мөлшері, сондай-ақ оны төлемнен босату негіздері "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) айқындалады.

      Мемлекеттік бажды бюджетке төлеу – төлем немесе кассалық құжаттармен, ал төлемдер банкоматтар, электрондық терминалдар, қашықтықтан байланыс арналары және "электрондық үкіметтің" төлем шлюзі арқылы төленген кезде қағаз жеткізгіштердегі немесе электрондық түрдегі чектермен және түбіртектермен расталуға тиіс.

      Осы Конституциялық заңның 38-бабы 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында, 47-бабы 2-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында және 48-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда төленген мемлекеттік баж қайтарылады.

7-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ІС ЖҮРГІЗУГЕ ҚАТЫСАТЫН МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР, ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАР ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ТҰЛҒАЛАР

41-бап. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылар, жолданымды қарау кезінде тартылатын өзге де тұлғалар мен органдар

      1. Мыналар: жолданымдары бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалған тұлғалар мен органдар, актілерінің конституциялылығы тексерілетін мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар конституциялық іс жүргізуге қатысушылар деп танылады.

      2. Мыналар:

      1) мемлекеттік органдар мен ұйымдар;

      2) сарапшы және пікірлері жолданымды жан-жақты, толық және объективті қарауға жәрдем ететін өзге де адамдар;

      3) аудармашы жолданымды қарау кезінде тартылатын тұлғалар мен органдар деп танылады.

      3. Қажет болған жағдайда конституциялық іс жүргізуге қатысушылар, осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында аталған өзге де тұлғалар мен органдар конституциялық іс жүргізуге қатысу үшін өз өкілдерін айқындай алады, олардың өкілеттіктері белгіленген тәртіппен берілген сенімхатта немесе өзге де құжатта ресімделеді. Заңға байланысты конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың өкілдері конституциялық іс жүргізуге өкілеттіктерін ресімдемей қатысуға құқылы.

      4. Азаматтардың жолданымдарын қарау кезінде заңды өкілдер, адвокаттар, заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын заң консультанттары, сондай-ақ заңмен, жарғымен немесе ережемен ұйымдар мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін, басқа да адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген осы ұйымдардың уәкілетті адамдары ғана өкіл бола алады.

      5. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар жолданым субъектісінің өтініші бойынша Конституциялық Сот адвокаттың немесе заң консультантының қатысуын жүгінген адамның таңдауы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасына немесе заң консультанттары палатасына тиісті қаулыны жіберу арқылы қамтамасыз етеді. Адвокаттың немесе заң консультантының еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      6. Өкілдердің саны екі адамнан аспауға тиіс.

      7. Мемлекеттік органдар, ұйымдар жолданым жіберген азаматтың, оның заңды өкілінің, аудармашының, сарапшының (маманның) Конституциялық Соттың талап етуі бойынша оның отырысына қатысуға жұмсалған барлық уақыт ішінде орташа жалақысын сақтауға міндетті.

42-бап. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың және жолданымды қарау кезінде тартылатын өзге де тұлғалар мен органдардың құқықтары мен міндеттері

      1. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылар өкілеттіктері шегінде тең процестік құқықтарды пайдаланады.

      2. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың, олардың өкілдерінің:

      1) мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, конституциялық іс жүргізу материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшірмелер алуға және көшірмелерін түсіруге;

      2) дәлелдемелерді ұсынуға, оларды зерттеуге қатысуға және жолданымдары мен қарсылықтарының негізі ретінде өздері сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге;

      3) конституциялық іс жүргізу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдері мен ойларын Конституциялық Сотқа айтуға;

      4) өтінішхаттар мәлімдеуге және мәлімделген өтінішхаттар бойынша өз пікірін айтуға;

      5) Конституциялық Сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге құқығы бар.

      3. Мына:

      1) жолданымы бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалған конституциялық іс жүргізуге қатысушы Конституциялық Соттың құрамы қорытынды шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін жолданымының негізін өзгертуге, оның көлемін ұлғайтуға немесе азайтуға, өзі берген жолданымды кері қайтарып алуға құқылы;

      2) конституциялық іс жүргізу қозғалған актіге байланысты конституциялық іс жүргізуге қатысушы жолданымда мәлімделген талаптарды толық немесе ішінара мойындауға не оларға қарсылық білдіруге құқылы.

      4. Жолданымды қарау кезінде тартылатын тұлғалар мен органдар:

      1) Конституциялық Соттың рұқсатымен және ол айқындаған көлемде конституциялық іс жүргізу материалдарымен танысуға;

      2) жолданымның нысанасы бойынша өз дәлелдері мен ойларын Конституциялық Сотқа айтуға құқылы.

      5. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылар, жолданымды қарау кезінде тартылатын өзге де тұлғалар мен органдар, олардың өкілдері:

      1) өз құқықтарын адал пайдалануға міндетті. Олардың Конституциялық Сотқа көрінеу жалған мәліметтерді хабарлауы немесе Конституциялық Сот талап еткен құжаттарды, материалдар мен өзге де ақпаратты ұсынбауы Конституциялық Сотты құрметтемеу деп бағаланады және заң бойынша жауаптылыққа алып келеді;

      2) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Конституциялық Сотқа, оның талаптарына және Конституциялық Сотта қабылданған рәсімдерге құрметпен қарауға;

      3) төрағалық етушінің отырыс тәртібін сақтау туралы өкімдеріне бағынуға;

      4) жолданымның мән-жайлары туралы мәліметтерді немесе Конституциялық Соттың жабық отырыстарына қатысуына байланысты өздеріне белгілі болған өзге де деректерді жария етпеуге міндетті.

      6. Сарапшы (маман):

      1) сараптама (зерттеу) нысанасына жататын материалдармен танысуға;

      2) қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды өзіне ұсыну туралы өтінішхатты мәлімдеуге;

      3) егер Конституциялық Сот судьясының ұйғарымында ол туралы көрсетілген болса, орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға құқылы.

      7. Сарапшы (маман):

      1) өзінің алдына қойылған мәселелер бойынша объективті және негізделген қорытынды беруге;

      2) қажет болған кезде өзі дайындаған қорытындының мазмұнын түсіндіруге және Конституциялық Соттың отырысына қатысуға міндетті.

      8. Аудармашы:

      1) аударманы жүзеге асыру кезінде қатысып отырған адамдарға аударманың толықтығы мен дұрыстығы үшін нақтылайтын сұрақтар қоюға;

      2) орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға құқылы.

      9. Аудармашы:

      1) өзіне тапсырылған аударманы дәлме-дәл және толық орындауға;

      2) конституциялық іс жүргізу құжаттарында аударманың дұрыстығын өз қолтаңбасымен куәландыруға міндетті.

8-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТҚА ЖҮГІНУ

43-бап. Конституциялық Сотқа келіп түсетін жолданымдардың түрлері

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 1, 3, 4 және 5-тармақтарында аталған тұлғалардың жолданымдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабына сәйкес соттардың ұсынулары істерді Конституциялық Сотта қарауға негіз болып табылады.

44-бап. Конституциялық Сотқа келіп түсетін жолданымдардың нысаны мен мазмұны

      1. Конституциялық Сотқа жолданымдар жазбаша және (немесе) электрондық нысанда беріледі.

      2. Жолданымда:

      1) Конституциялық Соттың атауы;

      2) жолданым субъектісінің атауы, орналасқан жері, азамат жүгінген жағдайда – тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, егер бар болса, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі және электрондық мекенжайы туралы мәліметтер;

      3) лауазымы бойынша немесе заң бойынша өкілдік ету жағдайларынан басқа, жолданым субъектісі өкiлiнiң атауы, мекенжайы және оның өкiлеттiгi көрсетілуге тиіс. Өкілі беретін азаматтың жолданымында, егер бар болса, оның ұялы байланысының абоненттік нөмірі және электрондық мекенжайы туралы мәліметтер де көрсетілуге тиіс;

      4) егер жолданымда Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы мәселе қойылса, Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заң жобасы;

      5) егер жолданымда Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының сайлауларын және республикалық референдумды өткізудің дұрыстығы туралы мәселе қойылса, оларды өткізуге байланысты актілерге қол қойған немесе оларды шығарған мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың атауы, орналасқан жері және мекенжайы;

      6) егер жолданымда Қазақстан Республикасы Парламенті қабылдаған заңдардың Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі туралы мәселе қойылса, заңдардың атауы, қабылданған күні;

      7) егер жолданымда Қазақстан Республикасы Парламенті және оның Палаталары қаулыларының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі туралы мәселе қойылса, Қазақстан Республикасы Парламенті және оның Палаталары қаулыларының атауы, қабылданған күні;

      8) егер жолданымда Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі туралы мәселе қойылса, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының атауы, қол қойылған күні мен орны, оларға Қазақстан Республикасының немесе оның мемлекеттік органдарының атынан қол қойған лауазымды адамдар;

      9) жолданымда ресми түсіндірме беру туралы мәселе қойылып отырған Қазақстан Республикасы Конституциясының нормалары;

      10) егер жолданымда күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысынан қарау туралы мәселе қойылса, заңның немесе өзге де құқықтық актінің атауы, нөмірі, қабылданған күні, жариялау көздері және өзге де деректемелері;

      11) егер соттың ұсынуында актіні конституциялық емес деп тану туралы мәселе қойылса, егер сот қолданылуға жататын заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, актіге қол қойған немесе оны шығарған мемлекеттік органның, лауазымды адамның атауы, орналасқан жері және мекенжайы, заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің атауы, нөмірі, қабылданған күні, жариялау көздері және өзге де деректемелері;

      12) Қазақстан Республикасы Конституциясының 47-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті құратын комиссияның атауы, құрамы және оның қорытындысы; Қазақстан Республикасы Парламентінің Қазақстан Республикасының Президентін лауазымынан мерзімінен бұрын босату туралы мәселені қарауына байланысты актілердің атауы, қабылданған күні және мазмұны;

      13) Қазақстан Республикасының Президентін лауазымынан кетіру туралы мәселеге бастамашылық жасаған депутаттардың саны туралы мәліметтер; Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарында дауыс беру нәтижелері туралы мәліметтер; Қазақстан Республикасының Президентіне қарсы тағылған айыпты тергеп-тексеру нәтижелері туралы мәліметтер; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының тағылған айыптың негізділігі жөніндегі қорытындысы туралы мәліметтер; Қазақстан Республикасы Парламентінің Қазақстан Республикасының Президентін лауазымынан кетіру туралы мәселені қарауымен байланысты актілердің атауы, қабылданған күні және мазмұны;

      14) жолданымның мәні, жолданым берген адамның позициясы және оның құқықтық негіздемесі;

      15) жүгінуге негіз болатын және оның негізділігін растайтын өзге де фактілер, мән-жайлар және бар болса, дәлелдемелер;

      16) Конституциялық Сотқа жүгінуге құқық беретін немесе азамат дау айтып отырған нормативтік құқықтық актіде тікелей қозғалған оның құқықтары мен бостандықтарын бекітетін Қазақстан Республикасы Конституциясының және осы Конституциялық заңның нормалары;

      17) қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.

      3. Жолданымға тиісті субъект қол қоюға тиіс. Электрондық құжат нысанында ресімделген жолданым электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылады.

      4. Жолданымға:

      1) тексерілуге жататын актілер мәтіндерінің көшірмелері;

      2) өкілдік ету лауазымы бойынша немесе заң бойынша жүзеге асырылатын жағдайлардан басқа, өкілдің өкілеттігі туралы құжаттар;

      3) соттың іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы шешімінің көшірмесі;

      4) нақты істе заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің қолданылуын растайтын сот шешімі;

      5) егер жолданымды азаматтың атынан уәкілетті адамдар берсе, азаматтың жазбаша келісімі;

      6) адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына азаматтардың жолданымдары жіберілген кезде мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат немесе одан босатылу құқығын растайтын құжат;

      7) Конституциялық Сотқа жүгінуші адамның позициясын растайтын өзге де материалдар қоса беріледі.

      5. Конституциялық іс жүргізу тілдерінде жазылмаған құжаттарға олардың қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасы қоса берілуге тиіс.

45-бап. Адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына азаматтардың жолданымдары

      1. Конституциялық Сот азаматтардың жолданымдары бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарайды.

      2. Егер:

      1) сот дау айтылып отырған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні қолданса не ол азамат қатысатын нақты істе құқықтар мен бостандықтарды тікелей қозғаса және іс бойынша заңды күшіне енген сот актісі шығарылса;

      2) жолданым осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген сот актісі қабылданғаннан кейін бір жылдан кешіктірілмейтін мерзімде берілсе, азаматтың жүгінуіне жол беріледі.

      3. Конституциялық Сот, егер дау айтылып отырған нормативтік құқықтық актіге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларында берілген ресми түсіндірме нормативтік құқықтық актіні өзгеше қолдану болжанбайтынын және бұл құралдар азаматтың құқықтарының бұзылуының алдын ала алмайтынын куәландырса, азаматтың жолданымын сот актісіне апелляциялық шағым жасамай өзінің іс жүргізуіне қабылдауға құқылы.

      4. Егер азаматтың сотқа алдын ала жүгінуі заңның тиісті ережелерінің императивтілігіне байланысты нақты жағдайда оның Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын заңды өзгеше қолдануға алып келмесе, азаматтың жүгінуіне жол беріледі.

46-бап. Конституциялық Сотқа жүгінудің салдары

      Конституциялық Сотқа:

      1) Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мәселелер бойынша жүгінген жағдайда, Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымына кірісуі, Қазақстан Республикасы Парламентінің сайланған депутаттарын тіркеу не республикалық референдумның қорытындысын шығару тоқтатыла тұрады;

      2) Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша жүгінген жағдайда, тиісті актілерге қол қою не оларды ратификациялау мерзімдерінің өтуі тоқтатыла тұрады;

      3) Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабында көрсетілген мәселелер бойынша жүгінген жағдайда, сотта іс бойынша іс жүргізу толық немесе тиісті бөлігінде тоқтатыла тұрады.

9-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ ЖОЛДАНЫМДАРДЫ ҚАРАУЫ

47-бап. Конституциялық Сот Аппаратының жолданымдарды алдын ала қарауы

      1. Берілген жолданым Конституциялық Сот Аппаратында тіркеледі.

      2. Конституциялық Соттың Аппараты, егер:

      1) жолданымның нысанасы Конституциялық Соттың құзыретіне анық кірмейтін болса;

      2) жолданым нысаны мен мазмұны бойынша осы Конституциялық заңда белгіленген талаптарға анық сәйкес келмесе;

      3) жолданым анық тиісті субъектіден туындамаса;

      4) адам мемлекеттік бажды төлеуден босатылу құқығын растайтын құжатты ұсынған жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік баж төленбеген болса;

      5) адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына азаматтардың жолданымдарын беру шарттары анық сақталмаған болса, жолданымның Қазақстан Республикасы Конституциясының және осы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келмейтіні туралы хабарлама жібереді және оны жүгінген адамға қайтарады.

      3. Жолданым жіберген адам Конституциялық Соттың осы мәселе бойынша шешім қабылдауын талап етуге құқылы.

      4. Осы баптың 2-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген кемшіліктер жойылғаннан кейін азамат Конституциялық Сотқа жолданымды қайта жіберуге құқылы. Бұл ретте Конституциялық Сотқа түзетілген жолданым Конституциялық Сот Аппаратының хабарламасын алғаннан кейін бір ай ішінде берілген жағдайда, осы Конституциялық заңның 45-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген мерзімді есептеу мақсатында жолданым бастапқы жолданым берілген күні берілді деп есептеледі.

48-бап. Жолданымды конституциялық iс жүргiзуге қабылдау немесе қабылдаудан бас тарту

      1. Конституциялық Соттың Төрағасы тіркелген жолданымды алдын ала зерделеу үшін бір немесе бірнеше судьяға береді, оның нәтижелері Конституциялық Соттың отырысында баяндалады.

      Жолданымды конституциялық іс жүргізуге қабылдау туралы мәселе жөніндегі шешім Конституциялық Соттың отырысында қабылданады.

      2. Жолданым конституциялық іс жүргізуге қабылданған жағдайда, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің не олардың жекелеген ережелерінің конституциялылығын тексеру жөнінде басталған іс жүргізу туралы тиісті белгі жасалады.

      3. Егер:

      1) жолданым осы Конституциялық заңда белгіленген жолданым нысаны мен мазмұнына, оларға жол берілу шарттарына сәйкес келмесе немесе тиісті субъектіден туындамаса;

      2) жолданымның нысанасы Конституциялық Соттың құзыретіне кірмесе;

      3) жолданымда көрсетілген мәселенің конституциялылығын осыған дейін Конституциялық Сот тексеріп қойған болса және кейіннен шешім қабылдауға негіз болған Қазақстан Республикасы Конституциясының немесе өзге де құқықтық актілердің нормалары өзгертілмеген жағдайда, заңды күшін сақтайтын Конституциялық Соттың шешімі болса;

      4) жолданымда көрсетілген мәселе Қазақстан Республикасының Конституциясында шешімін таппаса;

      5) тиісті құқықтық қатынастарға қолданылуы жалғастырылатын жағдайларды қоспағанда, конституциялылығына дау айтылып жатқан акт тоқтатылса немесе күші жойылса, жолданымды конституциялық іс жүргізуге қабылдаудан бас тартылады.

      4. Конституциялық Сот қабылдаған шешім туралы конституциялық іс жүргізуге қатысушылар бес жұмыс күнінен кешіктірілмей хабардар етіледі.

      5. Конституциялық Сот жолданымның іс жүргізуге қабылданғаны туралы уәкілетті органдар мен тұлғаларды хабардар етеді, олар, егер тексерілетін нормативтік құқықтық актінің, оның негізінде қабылданған құқықтық актілердің қолданылуы немесе орындалуы адамның құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтірудің мүмкін болмауына немесе Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орны толмас зардаптарға алып келуі ықтимал болса, Конституциялық Сот қорытынды шешім қабылдағанға дейін олардың қолданылуын, орындалуын тоқтата тұру туралы мәселені қарауға тиіс.

49-бап. Конституциялық іс жүргізуге қабылданған жолданымды Конституциялық Соттың отырысында қарау үшін материалдарды дайындау тәртібі

      1. Конституциялық Соттың Төрағасы өз өкімімен Конституциялық Соттың отырысына материалдар дайындауды жүзеге асыратын Конституциялық Соттың судьясын айқындайды. Келіп түскен жолданымның ерекше маңыздылығына немесе шұғыл болуына байланысты материалдарды дайындау Конституциялық Соттың бірнеше судьясына тапсырылуы мүмкін.

      2. Өзара байланысты бірнеше жолданым келіп түскен кезде Конституциялық Сот оларды бір конституциялық іс жүргізуге біріктіру туралы шешім қабылдауға құқылы.

      3. Конституциялық іс жүргізуге қабылданған жолданым бойынша Конституциялық Соттың судьясы Төраға белгілеген мерзімдерде Конституциялық Сот отырысының қарауына материалдарды дайындайды, бұл үшін ол:

      1) конституциялық іс жүргізуге қатысушыларды, жолданымды қарау үшін тартылатын өзге де тұлғалар мен органдарды айқындайды, оларға осы Конституциялық заңда көзделген құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;

      2) жолданым нысанасына қатысты қажетті құжаттар мен өзге де ақпаратты талап етіп алдырады;

      3) қажет болған кезде тиісті лауазымды адамдарға сауал қойып жауап алады, ғалымдарды, сарапшыларды (мамандарды), аудармашыларды тартады және тексерулер, сараптамалар, зерттеулер жүргізуді тапсырады, бұл жөнінде ұйғарым шығарады;

      4) отырыс басталғанға дейін он күннен кешіктірмей Конституциялық Соттың судьяларын жолданым материалдарымен қамтамасыз етеді;

      5) Конституциялық Сот шешімінің жобасын дайындайды;

      6) жолданымның тиісінше қаралуын қамтамасыз ету жөнінде өзге де әрекеттерді жүргізеді.

      4. Келіп түскен жолданымның ерекше маңыздылығына және шұғыл болуына байланысты Конституциялық Сот оны жеделдетілген тәртіппен қарау туралы шешім қабылдай алады. Бұл жағдайда Конституциялық Соттың отырысына материалдар дайындауды Конституциялық Соттың регламентінде айқындалған тәртіппен Конституциялық Соттың судьясы-баяндамашы жүзеге асырады.

      5. Дайындық жұмысы аяқталғаннан кейін Конституциялық Соттың Төрағасы өз өкімімен Конституциялық Сот отырысының күнін айқындайды, онда жолданымда қойылған мәселелер мәні бойынша қаралатын болады.

      6. Конституциялық Сот жолданымды конституциялық іс жүргізуге қатысушыларды және өзге де тұлғаларды шақырмай және тыңдаулар өткізбей қарауға құқылы.

50-бап. Тексеру өлшемшарттары мен шектері

      1. Конституциялық Сот тексерілетін нормативтік құқықтық және өзге де актілердің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін:

      1) нормалардың мазмұны бойынша;

      2) құқықтық актінің нысаны бойынша;

      3) Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген қол қою, жасау, қабылдау, жариялау немесе қолданысқа енгізу тәртібі бойынша;

      4) Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуі тұрғысынан;

      5) Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген мемлекеттік билік органдары арасындағы құзыреттің аражігін ажырату тұрғысынан;

      6) уәкілетті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар берген ресми түсіндірмесін, сондай-ақ қалыптасқан құқық қолдану практикасын назарға ала отырып анықтайды.

      2. Конституциялық Сот нормативтік құқықтық және өзге де актілердің конституциялылығын жолданымда көрсетілген бөлігінде ғана тексереді.

51-бап. Конституциялық іс жүргiзуге қабылданған жолданымды қарау бойынша Конституциялық Сот отырысын жүргізу тәртiбi

      1. Конституциялық Сот жолданымдарды қарауды өзінің отырысында жүргізеді.

      2. Белгiленген уақытта төрағалық етуші:

      1) отырысты жүргiзу үшiн Конституциялық Сот судьялары санының жеткiлiктi екендігіне және хаттама жасаумен қамтамасыз етiлгендiгiне көз жеткiзедi;

      2) Конституциялық Соттың отырысын ашық деп жариялайды;

      3) қаралуға жататын мәселелердi оқып шығады;

      4) мәселенің мәнін баяндау, отырысқа шақырылған қатысушылардың бар екендiгi туралы және қатыспағандардың келмеу себептерiн хабарлау үшiн Конституциялық Соттың судьясы-баяндамашыға сөз бередi;

      5) отырысқа қатысушылардан оларда өтінішхаттардың бар-жоғы туралы сұрайды, оларды Конституциялық Соттың шешуiне қояды;

      6) қаралуға жататын мәселелердi қараудың басталғаны туралы жариялайды.

      3. Қажет болған кезде конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың және басқа да шақырылған адамдардың түсініктемелері мен сөздері тыңдалуы мүмкін.

      4. Отырысқа қатысушылар сөз сөйлегеннен кейін өтінішхат келіп түскен кезде конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың қорытынды сөздері тыңдалады. Конституциялық Сот оларға қорытынды сөз сөйлеуге дайындалу үшін уақыт бере алады.

      5. Егер мәселе жеткілікті түрде анықталған болса, төрағалық етуші қорытынды шешімді тұжырымдау үшін Конституциялық Соттың судьялары құрамының кеңесу бөлмесіне кететінін және кеңесінің ашылғаны туралы хабарлайды. Кеңесу кезінде бөгде адамдардың қатысуына жол берілмейді. Кеңесу кезінде болған пайымдауларды, дауыс беру барысы мен нәтижелерін жария етуге тыйым салынады. Кеңесу барысында Конституциялық Соттың судьялары қаралып отырған мәселе бойынша өз позициясын еркін білдіре алады және Конституциялық Соттың басқа судьяларынан өздерінің позицияларын нақтылауды сұрай алады.

52-бап. Конституциялық Сот отырысының үзілісі

      1. Конституциялық Сот отырысында мынадай:

      1) кворум болмаған;

      2) конституциялық іс жүргізуге қатысушылар және келуі міндетті деп танылған өзге де адамдар келмеген;

      3) егер қосымша материалдардың жолданымды шешу үшін елеулі мәні болса, оларды талап етіп алдыру қажет болған;

      4) отырыс барысында жою мүмкін болмайтын басқа да мән-жайлар болған жағдайларда үзіліс болуы мүмкін.

      2. Конституциялық Соттың отырысында үзіліс болған жағдайда, бұл туралы қатысушылар хабардар етіледі.

53-бап. Конституциялық Соттың жолданымдарды қарау мерзімдері

      Конституциялық Сот жолданым конституциялық іс жүргізуге қабылданған күннен бастап бір ай ішінде жолданымды қарайды және ол бойынша қорытынды шешім шығарады. Бұл ретте азаматтардың жолданымдары бойынша қорытынды шешім жолданым конституциялық іс жүргізуге қабылданған күннен бастап үш ай ішінде шығарылады. Жолданымның күрделілігін және барлық мән-жайларды неғұрлым толық зерттеу қажеттілігін ескере отырып, көрсетілген мерзімдерді Конституциялық Сот ақылға қонымды мерзімге ұзартуы мүмкін, бұл жөнінде мүдделі тұлғалар хабардар етіледі.

      Қазақстан Республикасы Президентінің жазбаша немесе электрондық нысанда жазған талабымен ол жіберген жолданым бойынша қорытынды шешім қабылдау үшін мерзім, егер мәселе кейінге қалдыруға болмайтын болса, күнтізбелік он күнге дейін қысқартылуы мүмкін.

      Конституциялық Сот өзара байланысты жолданымдарды бір конституциялық іс жүргізуге біріктірген жағдайда қорытынды шешім шығару үшін осы Конституциялық заңда көзделген мерзім соңғы жолданым келіп түскен күннен бастап есептеледі.

54-бап. Конституциялық Соттың отырысын өткізу тәртібін қамтамасыз ету шаралары

      1. Конституциялық Соттың отырысын өткізу тәртібін қамтамасыз ету мақсатында процестік қорғау немесе жауаптылық шаралары қолданылуы мүмкін.

      2. Отырысқа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Конституциялық Соттың Төрағасы жолданымды қарау кезінде қатысуға ниет білдірген адамдарға, олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруді, жеке тексеріп қарауды және олар алып өтетін заттарды тексеріп қарауды қоса алғанда, тексеру жүргізу туралы өкім бере алады.

      3. Отырыстың қалыпты өту барысын қамтамасыз ету мақсатында Конституциялық Сот құқық бұзушыға ескерту жасауды немесе оны отырыс залынан шығарып жіберуді қолдануы мүмкін.

      4. Отырыста төрағалық етуші Конституциялық Сотқа құрмет көрсетпеу фактісінің анықталғаны туралы құқық бұзушыға дереу жариялайды.

      5. Конституциялық Сотқа құрмет көрсетпегені үшін бұған кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылады.

      6. Егер отырыста тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, Конституциялық Сот үш жұмыс күні ішінде прокурорға сотқа дейінгі іс жүргізуді ұйымдастыру үшін материалдарды жібереді.

10-тарау. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ ШЕШІМДЕРІ

55-бап. Конституциялық Сот шешімдерінің түрлері

      1. Конституциялық Соттың отырысында қабылданатын акт оның шешiмi болып табылады.

      2. Конституциялық Соттың шешiмдерi Конституциялық Соттың конституциялық өкiлеттiктерi жүзеге асырылатын қорытынды шешiмдерге және Конституциялық Соттың өзге де өкiлеттiктерi жүзеге асырылатын басқа да шешiмдерге бөлiнедi.

56-бап. Конституциялық Сот шешiмдерiнiң нысандары

      1. Конституциялық Соттың шешімдері:

      1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып табылатын нормативтік қаулылар;

      2) жолдаулар;

      3) қорытындылар;

      4) қаулылар нысанында қабылданады.

      Нормативтік қаулылар, қорытындылар мен жолдаулар Конституциялық Соттың қорытынды шешімдеріне жатады.

      2. Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары мен қорытындылары Қазақстан Республикасының атынан шығарылады.

57-бап. Конституциялық Соттың нормативтік қаулысы мен қорытындысының мазмұны

      1. Конституциялық Соттың нормативтік қаулысы мен қорытындысында:

      1) оның атауы, шығарылған күнi мен орны;

      2) оны шығарған Конституциялық Соттың құрамы;

      3) конституциялық іс жүргізуге қатысушылар мен олардың өкiлдерi;

      4) жолданымның нысанасы;

      5) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен осы Конституциялық заңның Конституциялық Соттың конституциялық iс жүргiзуге қабылданған жолданымды қарау құқығын белгiлейтiн нормалары;

      6) Конституциялық Сот анықтаған мән-жайлар;

      7) конституциялылығы тексерілген құқықтық актінің атауы мен деректемелері;

      8) лауазымды адамның конституциялылығы тексерiлген шешiмi;

      9) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының сайлауларын немесе республикалық референдумды өткiзудiң дұрыстығы тексерiлген учаскелер, округтер, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер;

      10) Қазақстан Республикасы Конституциясының ресми түсiндiрме беруге ұшыраған нормасының (нормаларының) мазмұны;

      11) Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 10-1) тармақшасында көзделген тәртіппен жүгінуге байланысты Конституциялық Сот қараған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулардың мазмұны;

      12) Қазақстан Республикасы Конституциясының 47-бабының 1 және 2-тармақтарында белгiленген, сақталуы тексерiлген рәсiмдер;

      13) Конституциялық Сот ұйғарған шешiмнің пайдасына келтiрiлген дәлелдер;

      14) Конституциялық Сот басшылыққа алған Қазақстан Республикасы Конституциясының нормалары;

      15) шешімнiң тұжырымы;

      16) егер осы баптың 2-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген нормативтік қаулылар қабылданса, мемлекеттік органдардың шешімдерін қайта қарау қажеттігі;

      17) шешімді қолданысқа енгізу, орындау және жариялау тәртібі мен мерзімі;

      18) шешiмнiң түпкiлiктiлiгi және міндеттілігі көрсетiлуге тиiс.

      2. Заңдардың және өзге де құқықтық актілердің конституциялылығын тексеру туралы жолданымдарды қараудың қорытындысы бойынша Конституциялық Сот мынадай:

      1) заңды немесе өзге де құқықтық актіні не олардың жекелеген ережелерін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп тану туралы;

      2) заңды немесе өзге де құқықтық актіні не олардың жекелеген ережелерін Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп тану туралы;

      3) заңды немесе өзге де құқықтық актіні не олардың жекелеген ережелерін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп тану туралы нормативтік қаулылардың бірін қабылдайды.

58-бап. Конституциялық Соттың шешімдер қабылдауы

      1. Конституциялық Сот шешімдерді алқалы түрде қабылдайды.

      2. Осы Конституциялық заңның 25-бабының 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, Конституциялық Сот шешімді ашық дауыс беру арқылы отырысқа қатысушы судьялардың көпшілік даусымен қабылдайды.

      3. Егер шешім қабылдау кезінде Конституциялық Сот судьяларының дауыстары тең бөлінген болса, барлық жағдайларда өзінің дауысын ең соңынан беретін Конституциялық Сот Төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Конституциялық Соттың Төрағасын оның уәкілдік беру бойынша Конституциялық Соттың тиісті судьясы ауыстырған кезде бұл қағида қолданылмайды. Бұл жағдайда Конституциялық Сот Төрағасының немесе бірінші дауыс беруге қатыспаған судьясының қатысуымен қайтадан дауыс беру өткізіледі.

      4. Конституциялық Соттың кеңесуі кезінде отырысқа қатысатын судьялардың ешқайсысы қалыс қалуға немесе дауыс беруге қатыспауға құқылы емес.

      5. Конституциялық Сот қабылдаған шешімдер Төраға оларға қол қойғанға дейін дауыс беруге қатысқан Конституциялық Сот судьяларының қол қоюларымен алдын ала бекемделеді.

59-бап. Конституциялық Сот судьясының ерекше пiкiрi

      Қорытынды шешіммен келіспеген Конституциялық Соттың судьясы өз пікірін жазбаша түрде баяндауға құқылы, ол конституциялық іс жүргізу материалдарына қоса тіркеледі.

      Конституциялық Соттың судьясы өзінің ерекше пікірін жариялауға немесе оған жария түрде сілтеме жасауға құқылы емес.

60-бап. Конституциялық Соттың қосымша шешімі

      1. Конституциялық Сот, егер:

      1) Конституциялық Соттың шешімін түсіндіру туралы мәселе қойылса, қосымша шешім қабылдайды. Бұл жағдайда қосымша шешім конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың не Конституциялық Соттың қорытынды шешімін орындауға міндетті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың өтінішхаты бойынша қабылданады;

      2) Конституциялық Соттың шешімінде жіберілген редакциялық сипаттағы дәлсіздіктер мен қателерді түзету қажет болса, қосымша шешім қабылдайды. Бұл жағдайда қосымша шешімді Конституциялық Сот өз бастамасымен қабылдайды.

      2. Қосымша шешiм Конституциялық Сот шешiмiнiң шынайы мазмұнына, мағынасы мен мақсатына қайшы келмеуге тиiс.

      3. Қосымша шешiмді Конституциялық Сот отырыста қабылдайды, оның жүргізілу тәртiбi Конституциялық Соттың регламентiнде айқындалады.

61-бап. Конституциялық Соттың шешiмiн қайта қарау

      1. Конституциялық Соттың шешімін өзі Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасы бойынша немесе өз бастамасы бойынша, егер:

      1) Қазақстан Республикасы Конституциясының шешім қабылдауға негіз болған нормасы өзгерген;

      2) жолданымның нысанасы үшін жаңа елеулі мән-жайлар ашылған жағдайларда, қайта қарауы мүмкін.

      2. Конституциялық Сот шешімді қайта қарау туралы қаулы шығарады, онда бұл шешімнің күші жойылады.

      3. Конституциялық Соттың шешімін қайта қарау туралы мәселені қарау тәртібі Конституциялық Соттың регламентінде айқындалады.

62-бап. Конституциялық Сот шешiмiнiң заңдық күшi

      1. Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары мен қорытындылары қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды. Өзге шешімдердің күшіне ену тәртібін Конституциялық Сот айқындайды.

      2. Конституциялық Соттың осы баптың 1-тармағында көрсетілген шешімдері тікелей қолданылады және басқа мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың растауын талап етпейді. Конституциялық Соттың құқықтық актіні немесе оның жекелеген ережелерін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп тану туралы шешімінің заңдық күшін дәл осындай мазмұндағы осы актіні қайтадан қабылдау арқылы еңсеруге болмайды.

63-бап. Конституциялық Соттың қорытынды шешiмдерiн қабылдау салдары

      1. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейдi деп танылған заңдар мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қол қоюға не тиiсiнше ратификациялауға және қолданысқа енгiзуге болмайды. Заңдарды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп тану оларға қол қою мерзiмiнiң өтуiн қайта бастайды. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп тану оларды ратификациялау процесiн қайта жалғастырады.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмейді деп танылған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар республикалық референдумға немесе Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына шығарылмайды.

      3. Конституциялық емес, оның ішінде адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де құқықтық актілердің, олардың жекелеген ережелерінің күші жойылады және Конституциялық Сот шешім қабылдаған күннен немесе ол белгілеген күннен бастап қолданылмайды.

      Конституциялық Сот өзі қабылдаған қорытынды шешімнің қолданылуы мен орындалуының өзге тәртібін айқындаған жағдайларды қоспағанда, соттардың және өзге де құқық қолдану органдарының осындай заңға немесе өзге де құқықтық актіге негізделген шешімдері орындалуға жатпайды және белгіленген тәртіппен қайта қаралуға тиіс.

      Заңның және өзге де құқықтық актінің немесе олардың жекелеген ережелерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылуы конституциялық емес деп танылған немесе осындай ережелерге негізделген не осы ережелерді қайталайтын ережелерді қамтитын басқа заңдардың немесе өзге де құқықтық актілердің ережелерінің белгіленген тәртіппен күшін жоюға негіз болып табылады.

      4. Заң немесе өзге де құқықтық акт не олардың жекелеген ережелері Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылған жағдайда оларды қолдану кезінде оларды өзгеше түсіндіру болмайды, ал мұндай шешім қабылдаудың салдары, егер Конституциялық Сот өзгеше белгілемесе, осы баптың 3-тармағында айқындалады.

      5. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімімен тиісті сайлау учаскелерінде (әкімшілік-аумақтық бірліктерде) жарамсыз деп танылады. Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп тану сайланған Қазақстан Республикасының Президентін тіркеуге алып келеді.

      6. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының сайлауы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімімен тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде және сайлау округтерінде жарамсыз деп танылады. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының сайлауын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп тану сайланған депутаттарды тіркеуге алып келеді.

      7. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылған республикалық референдумның нәтижелері Орталық референдум комиссиясының шешімімен тиісті дауыс беру учаскелерінде (әкімшілік-аумақтық бірліктерде) жарамсыз деп танылады. Өткізілген референдумды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп тану референдумның қорытындысын шығаруды қайта бастауға алып келеді.

      8. Қазақстан Республикасы Конституциясының 47-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламентінiң тиiсiнше Қазақстан Республикасының Президентiн лауазымынан мерзiмнен бұрын босату туралы шешiм, лауазымынан кетiру туралы түпкiлiктi шешiм қабылдауы алдында белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталмағандығы туралы қорытынды тиiсiнше Қазақстан Республикасының Президентін лауазымынан мерзiмiнен бұрын босату туралы, лауазымынан кетiру туралы мәселенiң қаралуын тоқтатуға алып келеді. Белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғандығы туралы қорытынды тиiсiнше Қазақстан Республикасының Президентiн лауазымынан мерзiмiнен бұрын босату туралы, Қазақстан Республикасының Президентiн лауазымынан кетiру туралы мәселенi қарауды жалғастыруға алып келеді.

64-бап. Конституциялық Соттың шешімдерін қолданысқа енгізу және орындау

      1. Конституциялық Сот өзі қабылдаған шешімдерді қолданысқа енгізу және орындау тәртібі мен мерзімдерін белгілеуі мүмкін.

      2. Конституциялық Соттың шешімін орындау үшін қолданылған шаралар туралы оған тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар Конституциялық Сот белгілеген мерзімде хабарлайды.

      3. Конституциялық Соттың шешімдеріндегі Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсынымдар мен ұсыныстарды уәкілетті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың қабылданған шешім туралы Конституциялық Сотты міндетті түрде хабардар ете отырып, міндетті түрде қарауына жатады.

      4. Конституциялық Сот осы Конституциялық заңның 57-бабы 2-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген нормативтік қаулыларды қабылдаған жағдайда, егер олардан құқықтық реттеудегі олқылықтар мен қайшылықтарды жою жөнінде заңнамалық және өзге де шаралар қолдану қажеттілігі туындаса, уәкілетті мемлекеттік органдар, егер Конституциялық Сот өзгеше мерзім белгілемесе, Конституциялық Соттың шешімі жарияланғаннан кейін алты айдан кешіктірмей тиісті заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне енгізуді, өзге де құқықтық актілер қабылдауды қамтамасыз етеді. Жаңа құқықтық акт қабылданғанға дейін қозғалатын қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің ерекшеліктері ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Конституциялық Cоттың шешімі тікелей қолданылады.

65-бап. Конституциялық Соттың шешімдерін жолдау және жариялау

      1. Конституциялық Соттың қорытынды шешiмдерi:

      1) шешiм қабылданғаннан кейiн бес жұмыс күні iшiнде жолданым субъектiлерiне немесе олардың өкiлдерiне, сондай-ақ барлық жағдайларда Қазақстан Республикасының Президентiне, Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарына, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына, Қазақстан Республикасының Әдiлет министрiне жолданады;

      2) заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде, Конституциялық Соттың интернет-ресурсында, сондай-ақ Конституциялық Соттың шешімі бойынша басқа да дереккөздерде қазақ және орыс тілдерінде жариялануға жатады.

      2. Өзге шешiмдер қажеттілігіне қарай Конституциялық Соттың регламентiнде белгiленген жағдайларда және тәртiппен жарияланады және тиiстi мемлекеттiк органдарға, лауазымды адамдарға, ұйымдар мен азаматтарға жолданады.

3-бөлім. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

66-бап. Өтпелі ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құқықтық мирасқоры болып табылады.

      2. Конституциялық Кеңеске 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін келіп түскен жолданымдарды Конституциялық Сот осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен қарайды.

67-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Конституциялық заң:

      1) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 23, 29, 30, 31, 32, 33, 34, 35, 36, 37, 38 және 39-баптарды, 7-тарауды, 43-бапты, 44-баптың 1, 2 және 3-тармақтарын, 4-тармағының 1), 2), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларын, 5-тармағын, 45 және 46-баптарды, 47-баптың 1-тармағын, 2-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларын, 3 және 4-тармақтарын, 48, 49, 50, 51, 52, 53, 54-баптарды және 10-тарауды;

      2) 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 40-бапты, 44-баптың 4-тармағының 6) тармақшасын және 47-баптың 2-тармағының 4) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. Конституциялық Соттың толық құрамы қалыптастырылған күннен бастап "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының Президенті Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады