Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды.
Аталған Конституциялық заңды қабылдаудың негізгі мақсаты елде сот-құқықтық реформаны одан әрі жетілдіру болды.
Сот жүйесінің қазіргі даму кезеңінде басым міндеттер биліктерді бөлудің конституциялық принциптерін неғұрлым толық және дәйекті іске асыру, билік тармақтарының "тежемелік" әрі "тепе-теңдік" жүйесін пайдалана отырып, өзара іс-қимыл жасауы болып табылады.
Конституциялық заңда Жоғарғы Сот төрағасының өкілдіктерін кеңейтуге, судьялардың құқықтық мәртебесін көтеру мен әлеуметтік қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар прогресшіл ережелер бар. Судьялар әкімшілігі - судьяларды ұйымдық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі функциялар түсінігі енгізілді, бұл функциялар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы қайтадан құрылған Сот әкімшілігі жөніндегі комитетке жүктелді, бұл өкілеттік бұрын Әділет министрлігінің құзыретіне кіргізілген болатын.
Заңда облыстық соттардағы және Жоғарғы Соттағы алқалар мен Жоғарғы Сот пленумының орнына қадағалау төралқалары мен жалпы отырыстар құру көзделді. Аталған жаңа енгізулер төралқа сияқты органдар белгіленбеген Конституция нормаларына сәйкес келтіру мақсатында жүзеге асырылды.
Сөйтіп, соттардағы сот төрелігін тек Конституцияда көрсетілген сот органдары - алқалар ғана жүзеге асырады, ал судьялардың жалпы отырыстарына сот төрелігін жүргізу құқығы берілмейді, олар сот қызметіндегі жалпы ұйымдастыру мәселелерін шешетін болады.
Сот өндірісін бір ізге салу үшін заңда республика соттардағы шаруашылық және азаматтық алқалардың біріктірілгені бекітілді, Жоғарғы Сот жанындағы әскери алқа таратылады.
Судьялардың тәуелсіздік кепілдіктері күшейтілді. Мәселен, егер бұрын сот органдары мен Әділет министрлігі органдарының судьяларға қатысты тәртіптік істерді қозғау құқығы болса, енді жаңа редакцияда бұл құқық тек республика судьяларының күллісіне қатысты - Жоғарғы Сот төрағасына, аталған облыстың судьяларына қатысты - облыстық сот төрағасына ғана тиесілі болды.
Судьялар лауазымдарына тағайындау рәсімдерінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге - аудандық және облыстық соттар судьяларының лауазымдарына конкурстық негізде тиісінше Әділет біліктілік алқасы мен Жоғарғы Сот кеңесінің кандидаттар іріктеуін жүзеге асыруды көздейтін нормалар - бағытталды.
Конституциялық заңмен Әділет біліктілік алқасының төрағасын республика Президентінің тағайындауы регламенттелді, мұның өзі аталған органның дербестік институтын оңынан дамытуға жәрдемдесетін болады.
Жоғарғы Сот алқалары төрағалары және судьялары, жергілікті соттар төрағалары, алқалар төрағалары бос лауазым орындарына кандидаттарды ұсыну, сондай-ақ республика судьялары өкілдіктерін тоқтату жөнінде ұсыныстар енгізу тек қана Жоғарғы Сот төрағасы құзыретіне жатқызылды.
Сот корпусының сапалы құрамын жақсарту үшін судья лауазымына кандидаттарға қойылатын жаңа қосымша талаптар - біліктілік емтиханын табысты тапсырған тұлғалардың міндетті түрде тағлымдамадан өтуі белгіленді.
Судьяларға қойылатын талаптар қатайды. Заңда тәртіптік-біліктілік алқаларының өкілдігі едәуір кеңейтілді, енді олар тек тәртіптік істерді ғана емес, судьяға қойылатын талаптарды орындамаған жағдайда, соның ішінде судья этикасы нормаларын бұзғаны үшін, судьялардың өкілдіктерін тоқтату мәселесін де қарайтын болады.
Қазақстан Республикасы Президенті
Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімі