Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Бұқаралық ақпарат құралдары (ақпараттық саясат) жөніндегі Қоғамдық кеңес Мемлекет басшысының жанындағы сабағаттық-кеңесші орган болып табылады. Кеңестің негізгі міндеттері - БАҚ қызметіне жүйелі кешенді талдау жасау және Президент үшін мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастыру мен жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды талдап жасау.
БАҚ жөніндегі Қоғамдық кеңес Мемлекет басшысының қарауына БАҚ саласындағы заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік билік органдары мен БАҚ-тың өзара тиімді ықпалдастығын қамтамасыз ету, сондай-ақ елдің ақпараттық қауіпсіздігі жөніндегі ұсыныстарды енгізе алады.
Мемлекеттік және басқа органдармен, ұйымдармен өзара қатынас кезінде БАҚ пен оның қызметкерлерінің мүдделері мен заңды құқықтарын қорғаудың, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметінде жоғары этикалық және кәсіби принциптерді дамытуға жәрдемдесудің, ақпараттық даулар мен басқа да таласты ахуалдарды шешуге қатысудың мәні аз болмаса керек.
БАҚ қызметіне, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы сақтауға, оны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды талдап жасауға, мемлекеттік билік органдары мен БАҚ-тың өзара тиімді ықпалдастығын қамтамасыз етуге қатысты Мемлекет басшысына және тікелей Кеңеске жолданған өтінімдерді қарау Кеңестің құзырына жатады.
Кеңес мемлекеттік органдардан ақпарат, құжаттар мен материалдар сұратып алдыруға, өзінің мәжілістерінде бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнаманы сақтау мәселелері бойынша БАҚ-тың лауазымды адамдарын, өкілдерін тыңдауға өкілетті.
Кеңестің, сондай-ақ БАҚ қызметіне қатысты мемлекеттік органдардың шешімдеріне баға беруге, БАҚ қызметінің мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға ұйымдық-әдістемелік, ақпараттық және басқадай көмек көрсетуге, БАҚ қызметінің түрлі жәйттері бойынша жұмыс комиссияларын құруға, олардың жұмысына ғылыми-зерттеу, үкіметтік емес және басқа мекемелер мен ұйымдардың өкілдерін тартуға құқығы бар.
Кеңестің мәжілісінде қабылданып, Мемлекет басшысының назарына жеткізілетін ұсыныстар мен қорытындылар Кеңестің шешімі болып табылады. Кеңес қоғамдық негізде жұмыс істейді. Оның мәжілістері қажеттігіне қарай, алайда кемінде үш айда бір рет шақырылады.