Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Мемлекеттік бағдарлама) Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жалпыұлттық жоспарына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 наурыздағы N 222 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 тамыздағы N 822 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2007-2009 жылдарға арналған орта мерзімді жоспарына (екінші кезең) сәйкес әзірленді.
Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты сырттан келушілер туризмі және ішкі туризм көлемін арттыру есебінен мемлекет пен халық кірісінің тұрақты өсуін, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін бәсекеге қабілетті туристік индустрия құру болып табылады. Бұл мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер қойылды: туризм инфрақұрылымын дамыту, туризмді мемлекеттік реттеу мен қолдаудың тиімді тетігін жасау, елдің тартымды туристік имиджін қалыптастыру, туристік әлеуетті арттыру, рекреациялық шаруашылық мамандануы бар аймақтар қалыптастыру.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары мен тетігі туристік қызметті мемлекеттік реттеу және қолдау жүйесін дамытудан, қазақстандық туристік өнімнің маркетингінен және ілгеріленуінен, экологиялық туризм - тұрақты даму факторынан, балалар мен жасөспірімдер туризмі - ішкі туризмді дамытудың және туристік мәдениетті тәрбиелеудің негізін қалаушы факторларының бірінен, кадрлар дайындау, туризм қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жүйесінен және туризм саласын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуден, туризмді ақпараттық қамтамасыз етуден, туристер қауіпсіздігін қамтамасыз етуден, туризм саласындағы халықаралық ынтымақтастықтан және халықаралық маңызы бар туризм саласындағы "белсенді" жобаларды іске асырудан тұрады.
Мемлекеттік бағдарлама 2 кезең бойынша іске асырылатын болады. Бірінші кезең: 2007-2009 жылдар, екінші кезең: 2010-2011 жылдар.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар республикалық бюджетте көзделген қаржының есебінен және Қазақстан Республикасын заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да көздерден жүзеге асырылатын болады.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында туристер ағынының тұрақты өсімі: ішкі туризм бойынша 2007 жылғы 3,4 млн. туристен 2011 жылы 4,5 млн. туристке дейін; сырттан келушілер туризмі бойынша 2007 жылғы 4,5 млн. туристен 2011 жылы 9,5 млн. туристке дейін қамтамасыз етіледі. 2007 жылдан 2011 жылды қоса алғандағы дейінгі кезеңде сырттан келушілер туризмінен бюджетке түсетін түсім 603250 млн. теңгені құрайды. Сырттан келушілер туризмі есебінен, сонымен қатар халықтың жұмыспен қамтылуы 2007 жылғы 447,6 мың адамнан 2011 жылы 550,0 мың адамға дейін қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы ұлттық туристік өнімнің тартымдылығын арттыруға және Қазақстанның әлемдік туристік нарық жүйесіне кіруіне жәрдем ететін болады. Мемлекет экономикасының шикізаттық емес секторы ішіндегі біршама кірісті саласына айналуға мүмкіндігі бар, дамыған бәсекеге қабілетті туристік индустрия құрылатын болады. Бұл ретте республикада Қазақстанның Орталық Азия өңірінің туризм орталығына айналуына нақты жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалады.
Қазақстан Республикасы
Президенті Әкімшілігінің
Әлеуметтік-экономикалық
талдау бөлімі