Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы Заңына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы мемлекеттік сектор аудитінің әлеуетін нығайту жобасын қаржыландыру үшін грант бөлу туралы келісімхаттың жобасы мақұлдансын.
2. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Нұртайұлы Өксікбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқық бере отырып, Қазақстан Республикасы атынан Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы мемлекеттік сектор аудитінің әлеуетін нығайту жобасын қаржыландыру үшін грант болу туралы келісімхатқа қол қоюға уәкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2010 жылғы 11 наурыздағы
№ 935 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
ЖОБА
Дүниежүзілік Банктің Институционалдық даму жөніндегі қорының
ИДҚ № ТF094540 гранты
ҚОСЫМША
I бап
Стандарттық шарттар; Айқындамалар
1. Стандарттық шарттар. Әр түрлі қорлардан Дүниежүзілік Банк төлейтін гранттар үшін 2008 жылғы 1 шілдедегі редакциясындағы стандарттық шарттар (Стандарттық шарттар) осы Келісімнің ажырамас бөлігін құрайды.
2. Айқындамалар. Егер контексте басқаша белгіленбесе, осы Келісімде пайдаланылатын бас әріппен белгіленген терминдердің Стандарттық шарттарда немесе осы Келісімде соларға бекітілген сәйкес мағыналары болады.
ІІ бап
Жобаны іске асыру
2.01. Жобаның мақсаттары мен сипаттамасы. Жобаның мақсаты Есеп комитетінің құқықтық және институционалдық базасын нығайтуға, Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасында көзделген және Халықаралық қаржылық бақылаудың жоғары органдары ұйымының (ИНТОСАИ) Халықаралық стандарттарына сәйкес белгіленген функцияларды атқаруда оның әлеуетін күшейтуге қолдау көрсету болып табылады. Жоба мынадай құрауыштардан тұрады:
А бөлігі: Құқықтық және институционалдық база:
консалтингтік қызмет көрсетулерді жекелеген келісімшарттар түрінде де, өзара әріптестік іс-қимылдар келісімдері түрінде де ұсыну: (і) Есеп комитетінің құқықтық және институционалдық базасын қоса алғанда, оның ұйымдастырылуына шолу жасау; (іі) институционалдық даму жоспарын дайындау; (ііі) қаржылық есептілік аудитін және тиімділік аудитін халықаралық практикаға сәйкес жүргізуге негіз беретін аудит жөнінде басшылықтар мен әдіснамалар әзірлеу; және (іv) сыртқы аудит үшін әзірленген әдіснамалық база мен басшылықтардың пайдалану жағдайларына тестілеудің бір бөлігі ретінде пилоттық аудиторлық тексерулер, сараптамалық бағалау және бюджеттің атқарылуы туралы есептерге бағалау жүргізу.
В бөлігі: Тренингтер мен семинарлар өткізу:
тауарлар, консалтингтік қызмет көрсетулер ұсыну және оқытушыларды оқытуды қоса алғанда, Есеп комитетінің кейіннен өз күшімен тренинг өткізудегі әлеуетін арттыру үшін оқыту; ішкі оқу семинарлары; Есеп комитеті аудиторларының және қаржылық аудит пен қызмет нәтижелерінің аудиті саласындағы басшылардың машықтарын дамыту мақсатында, халықаралық озық тәжірибені пайдалана отырып, қажетіне қарай оқу сапарлары.
2.02. Жобаны іске асырудың жалпы шарттары. Алушы Жоба міндеттеріне өзінің адалдығын мәлімдейді. Осы мақсатта Алушы Стандарттық шарттардың II бабының (а); ХҚҚДБ қарыздары және ХДҚ кредиттері мен гранттары есебінен қаржыландырылатын жобаларда Алаяқтық пен сыбайлас жемқорлықты болдырмау және оларға қарсы күрес жөніндегі 2006 жылғы 15 қазандағы редакциядағы басшылықтың (b); және осы II баптың (с) ережелеріне сәйкес Жобаны іске асыруды қамтамасыз етеді.
2.03. Жоба бойынша мониторинг, есептілік пен бағалау. (а) Алушы Жобаның барысына мониторинг пен бағалауды қамтамасыз етеді және Дүниежүзілік Банктің сұрауы бойынша жоба бойынша Есептерді Стандарттық шарттардың 2.06-бөлімінің ережелеріне сәйкес және осы Бөлімнің (b) тармағында айтылған көрсеткіштер негізінде дайындайды. Жоба бойынша әрбір Есеп Дүниежүзілік Банктің сұрауында көрсетілген кезеңді қамтуы және сұрау алынған күннен кейін бір айдан кешіктірілмей Дүниежүзілік Банкке ұсынылуы тиіс.
(b) осы Бөлімнің (а) параграфында аталған тиімділік көрсеткіштері мыналарды қамтиды:
(і) Есеп комитеті мақұлдап, Парламентке ұсынылған Сыртқы аудит жөніндегі заң жобасы.
(іі) Есеп комитеті дайындап, мақұлдаған институционалдық даму жоспары.
(ііі) Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес белгіленген институционалдық құрылым.
(іv) Есеп комитеті әзірлеп, қабылдаған және кейіннен іске асырған аудит жөніндегі әдіснамалар мен басшылықтар.
(v) Есеп комитетінің тиісті аудиторлық машықтарға оқытылған және оны меңгерген аудиторлары.
(vі) Республикалық бюджеттің қаражатынан елеулі қаржыландырылатын кемінде екі бюджеттік ұйымда табысты өткен бірлескен пилоттық аудиторлық тексерулер.
(с) Алушы Дүниежүзілік Банктің сұрауы бойынша Стандарттық шарттардың 2.06-бөлімінің ережелеріне сәйкес Жобаның аяқталуы туралы Есептің дайындалуын қамтамасыз етеді. Жобаның аяқталуы туралы Есеп Дүниежүзілік Банкке Жабылу күнінен кейін бес айдан кешіктірілмей ұсынылуы тиіс.
2.04. Қаржыны басқару. (а) Алушы Стандарттық шарттардың 2.07-бөлімінің ережелеріне сәйкес қаржыны басқару жүйесінің жұмысын қамтамасыз етеді.
(b) Алушы күнтізбелік тоқсан аяқталған сәттен бастап бір ай ішінде Жоба бойынша тексерілмеген аралық қаржылық есептіліктің жасалуын және Дүниежүзілік Банкке ұсынылуын қамтамасыз етеді, бұл ретте осындай есеп әрбір тиісті тоқсанды қамтуы, ал осындай есептің мәні мен мазмұны Дүниежүзілік Банктің талаптарына сәйкес болуы тиіс.
(с) Алушы Стандарттық шарттардың 2.07-бөлімінің (b) ережелеріне сәйкес Жоба бойынша өздерінің қаржылық есептеріне аудиторлық тексеруді қамтамасыз етеді. Қаржылық есепті аудиторлық тексеру грант шотынан қаражат алу жүргізілген бүкіл кезең ішін қамтуы қажет. Аудиттік тексеруден өткен қаржылық есептер, тиісті кезең аяқталған сәттен бастап алты айдан кешіктірілмей Дүниежүзілік Банкке жіберілуі тиіс.
2.05. Сатып алулар
(а) Жалпы ережелер: Жобаны іске асыру үшін Грант қаражатынан қаржыландырылатын қажетті барлық тауарлар мен қызмет көрсетулер мыналарда айтылған немесе аталған талаптарға сәйкес сатып алынады:
(і) тауарлар сатып алынған жағдайда 2004 жылғы мамырда Дүниежүзілік Банк жариялаған және 2006 жылғы қазанда қайта қараған («Сатып алулар жөніндегі басшылық») «ХҚҚДБ қарыздары және ХДҚ кредиттері шеңберінде сатып алулар жөніндегі басшылықтың» I бөліміндегі (1.16-тармағын қоспағанда); және
(іі) консалтингтік қызмет көрсетулер тартылған жағдайда 2004 жылғы мамырда жарияланған және 2006 жылғы қазанда қайта қаралған «Дүниежүзілік Банк қарыз алушыларының консультанттарды іріктеу мен жалдауы жөніндегі басшылықтың» I (1.24-тармақты қоспағанда) және IV бөлімдеріндегі («Консультанттарды іріктеп алу жөніндегі басшылық»).
(b) Айқындамалар. Бас әріппен белгіленген және осы Бөлімнің мынадай тармақтарында сатып алулардың жеке әдістерін немесе Дүниежүзілік Банктің жекелеген келісімшарттарды қарау әдістерін сипаттау үшін пайдаланылатын терминдер әрбір нақты жағдайға қарай Сатып алулар жөніндегі басшылықта немесе Консультанттарды іріктеп алу жөніндегі басшылықта сипатталатын тиісті әдістерге жатады.
(с) Тауарларды сатып алулардың жеке әдістері. Тауарларды сатып алулар конкурс нәтижелері бойынша жасалатын келісімшарттар негізінде жүргізіледі.
(d) Консалтингтік қызмет көрсетулерді сатып алулардың жеке әдістері.
(і) Егер төменде келтірілген (іі) тармақшада өзгеше көзделмесе, консультанттардың қызмет көрсетулерін сатып алу консультанттарды сапа және құн негізге алынған іріктеу нәтижелері бойынша жасалатын келісімшарттар негізінде жүргізілетін болады.
(іі) Тапсырмаларды орындауға тартылатын, Консультанттарды іріктеп алу жөніндегі басшылықта көрсетілген талаптарға жауап беретіндер ретінде Банкпен келісілген консультанттардың қызмет көрсетулерін сатып алу үшін мына әдістерді қолдануға болады: (А) Бекітілген бюджет негізінде іріктеу; (В) Ең аз баға негізінде іріктеу; (С) Біліктілік негізінде іріктеу; (D) Бір көзден іріктеу; (Е) Жеке консультанттарды іріктеу; және (F) Жеке консультанттарды бір көзден іріктеу рәсімдері.
(е) Сатып алулар жөніндегі шешімдерді Дүниежүзілік Банктің қарауы. Егер Дүниежүзілік Банк хабарландыру арқылы Алушыға өзге ешнәрсе хабарламаса, мынадай келісімшарттар Дүниежүзілік Банктің алдын ала қарау мәні болып табылады: (а) сатып алулардың әрбір әдісі бойынша бірінші келісімшарт; (b) 10 000 АҚШ долларына барабар және одан да көп сомаға тауарларды сатып алуға арналған әрбір келісімшарт; (с) фирмалардың 30 000 АҚШ долларына барабар және одан да көп сомаға консалтингтік қызмет көрсетулерді сатып алуға арналған әрбір келісімшарт; (d) 15 000 АҚШ долларына барабар және одан да көп сомаға жеке консультанттардың қызмет көрсетулеріне арналған әрбір келісімшарт. Сонымен қоса, тапсырманың құнына қарамастан, консультанттарға арналған техникалық тапсырмалар Дүниежүзілік Банктің алдын ала қарауына жатады. Қалған келісімшарттар Дүниежүзілік Банктің кейіннен қарау мәні болып табылады.
III бап
Грант қаражатын алу
3.01. Рұқсат етілетін шығыстар. Алушы: (а) Стандарттық шарттардың III бабының; осы Бөлімнің (b); және (с) келесі кестеде көрсетілген өлшемдерді қанағаттандыратын шығыстарды қаржыландыру үшін Дүниежүзілік Банк Алушыны хабардар ету арқылы бере алатын қосымша нұсқаулардың (оқтын-оқтын Дүниежүзілік Банк қайта қарайтын және осындай нұсқаулар негізінде осы Келісімге қолданылатын «Дүниежүзілік Банктің жобалар бойынша төлемдер жүргізу жөніндегі басшылығын» 2006 жылғы мамыр айындағы редакциясында қоса алғанда) ережелеріне сәйкес, Грант қаражатын іріктеуді жүргізе алады. Кестеде Грант (Санат) қаражатынан қаржыландырылуы мүмкін шығыстардың санаттары, әрбір санатқа Грант қаражатынан бөлінетін қаржының мөлшері, сондай-ақ әрбір Санат бойынша өлшемдерді қанағаттандыратын шығыстар ретінде қаржыландыруға жататын шығыстардың пайыздық үлесі берілген:
Санаты |
Бөлінген Грант сомасы |
Қаржыландырылуға жататын шығыстар үлесі (%) |
Тауарлар, консультанттардың қызмет көрсетулері, оқыту және аудит |
455 000 |
100 % |
жиыны |
455 000 |
Осы Бөлімнің мақсаттары үшін «оқыту» термині тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді жеткізушілердің келісімшарттарына енгізілмеген жобаға байланысты тағылымдамаларды және оқу сапарларын, оқу курстарын, конференцияларды, семинарлар мен басқа да іс-шараларды, соның ішінде оқу материалдарының құнын, үй-жайлар мен жабдықтарды жалға алуды, сапарларды, білім алушылар мен оқытушылардың іссапар және тәуліктік шығыстарын, оқытушыларға ақы төлеуді, сондай-ақ ауызша және жазбаша аударма қызметтерін білдіреді.
3.02. Қаражатты алу шарттары. Осы Келісімнің 3.01-бөлімінің ережелеріне қарамастан, Алушының осы Келісімге қол қойылған күнге дейін жүргізген төлемдерін қаржыландыру үшін Грант Шотынан қаражатты алуға жол берілмейді.
3.03. Грант шотынан қаражатты алу кезеңі. Стандарттық шарттардың 3.06-бөлімінің (с) тармағына сілтеме жасалатын жабылу күні осы Келісімге Алушы қол қойған мерзімнен бастап үш жылдан кейін басталады.
ІV бап
Алушының өкілі; Мекенжайы
4.01. Алушының өкілі. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Стандарттық шарттардың 7.02-бөліміне сілтеме жасалатын Алушының өкілі болып табылады.
4.02. Алушының мекенжайы. Стандарттық шарттардың 7.01-бөліміне сілтеме жасалатын Алушының мекенжайы:
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті
Орынбор көшесі, 8, Министрліктер үйі
Астана, Қазақстан Республикасы
Телефон: (7) (7172) 74-16-02
Факс: (7) (7172) 74-21-14
4.03. Дүниежүзілік Банк мекенжайы. Стандарттық шарттардың 7.01-бөліміне сілтеме жасалатын Дүниежүзілік Банк мекенжайы:
Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі
1818 Н көшесі, N.W.
Вашингтон, Колумбия округі, 20433
Америка Құрама Штаттары
Телеграф: Телекс: Факс:
INTBAFRAD 248423(MCI) немесе 1-202-477-6391
Washington, D.C. 64145 (MCI)