Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенцияның қоса беріліп отырған жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Қайзоллаұлы Дауылбаевқа Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенцияға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2011 жылғы 16 маусымдағы
№ 99 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы
Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы
КОНВЕНЦИЯНЫҢ ЖОБАСЫ
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі,
екі мемлекетті біріктіретін байланыстарды қолдауға және нығайтуға ниет білдіре отырып,
қылмыстарды болдырмау, тергеу және сотпен қудалау ісінде, әсіресе ұйымдасқан қылмысқа және терроризмге қарсы күресте екі мемлекет арасындағы тиімді ынтымақтастықты неғұрлым дамытуға ниет білдіре отырып,
екі мемлекет арасында қылмыстық істер бойынша үйлестіруді және өзара көмек көрсетуді өз заңнамаларына және қағидаларына сәйкес жақсартуға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
I бөлім. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қолданылу саласы
1. Екі Тараптың құзыретті органдары арасында қылмыстық істерге байланысты өзара құқықтық көмек көрсету мәселелерін реттеу осы Конвенцияның мақсаты болып табылады.
2. Осы Конвенцияның ережелеріне және Тараптар өз заңнамалары мен қағидаларына сәйкес қылмыстарды болдырмауда, тергеуде және қылмыстық қудалауда кез келген құқықтық көмекті, сондай-ақ және сұрау салатын Тараптың құқық қорғау органдарының құзыретіне кіретін қылмыстық процесс шеңберінде ондай көмек қажет етілгенде, бір-біріне өзге де көмек көрсетеді.
3. Осы Конвенцияға сәйкес көмек салықтарға, кеден баждарына, валюталық бақылауға және басқа да қаржы мәселелеріне байланысты қылмыстарға да қатысты көрсетіледі.
4. Осы Конвенция:
a) ұстап беру мақсатында немесе ұстап беру туралы сұрау салу үшін адамдарды қамауға алу;
b) қылмыстық істер бойынша, оның ішінде сотталған адамдарды тапсыру туралы сот шешімдерін орындау;
c) жекелеген адамдарға немесе үшінші мемлекеттерге тікелей көмек көрсету қатынастарына қолданылмайды.
5. Осы Конвенция Тараптар арасында өзара көмек көрсету мақсатында ғана жасалады. Оның ережелері жеке тұлғаларға айғақтарды алуға, алып қоюға, жасыруға немесе жәрдем беру туралы сұрауды орындауға кедергі жасауға қандай да бір құқықтарды бермейді.
6. Талап етілетін көмек сұрау салынатын Тараптың аумағындағы қылмыс үшін қылмыстық қудалауға негіз болған мән-жай ретінде сараптау қажет болатын іздестіруді, қамауға алуды немесе босатуды көздейтін жағдайларды есептемегенде, ол үшін негіз болған мән-жайдың сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылуына немесе табылмауына қарамастан көрсетіледі.
2-бап. Орталық органдар
1. Тараптардың әрқайсысы осы Конвенцияға сәйкес көмек көрсету туралы сұрауды жіберу және алу үшін тікелей жауапкершілік алатын орталық органды тағайындайды.
2. Қазақстанның орталық органы Бас прокуратура болып табылады. Испанияның орталық органы Әділет министрлігі болып табылады. Тараптардың әрқайсысы аталған орталық органды өзгертуге құқылы.
3. Осы Конвенцияның ережелерін тиімді іске асыру үшін орталық органдар жәрдем беру туралы сұрауды орындау барысында туындайтын мәселелерді шешу мақсатында қазіргі заманғы технологияларды пайдаланып, тікелей бір-бірімен байланыста болады.
4. Егер істің ерекше мән-жайларына байланысты қажетті болып есептелсе, көмек көрсету туралы сұрау салуды жіберу немесе оны орындауға байланысты ақпаратты алу үшін Тараптар дипломатиялық арналарды пайдалана алады.
3-бап. Көмекті қолдану саласы
1. Көмек:
а) адамдардың тұратын жерін белгілеуді және оларды сәйкестендіруді;
b) сот құжаттарын тапсыруды;
c) дәлелдемелерді, оның ішінде вексельдерді, құжаттарды немесе мұрағаттарды алуды;
d) заттарды іздестіруді және алып қоюды жүзеге асыруды;
e) тікелей не бейнебайланыс арқылы куәлар және сараптамалық айғақтарды, сондай-ақ айыпталушының айғақтарын алуды;
f) сұрау салатын Тарапқа еркін келу үшін куәларға, сарапшыларға және айыпталушыларға хабарламаларды жіберуді;
g) сұрау салатын Тарапқа көмек көрсету мақсатында ұсталған адамдарды уақытша тапсыруды жүргізуді;
Һ) қылмыстардан және осындай мақсатта пайдаланылатын құралдардан алынған кірістерді іздестіруді, тоқтатып қоюды, тәркілеуді және оларға тыйым салуды;
і) мүлікті жеткізуді, оның ішінде заттарды қайтаруды және сотта көрсету үшін дәлелдемелерді уақытша пайдалануға беруді;
j) сұрау салынатын Тараптың аумағындағы қылмыстар және қылмыстық сот ісін жүргізудің басталуы жөнінде ақпарат алмасуды;
k) басқа Тарап азаматтарының соттылығына және оларды криминалистикалық есепке алуға қатысты ақпарат алмасуды;
l) осы Конвенцияда көзделген және сұрау салынатын Тараптың заңнамасына қайшы келмейтін көмектің кез келген басқа да нысандарын қамтиды.
2. Осы Конвенцияның 14-бабында көзделген жағдайларды есептемегенде, осы Конвенция сұрау салатын Тараптың құзыретті органдарына сұрау салынатын Тараптың аумағында сол Тараптың заңнамасына сәйкес өз құзыретті органдарының өздеріне бекітілген міндеттерін орындауға құқық бермейді.
4-бап. Көмек көрсетуден бас тарту
1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салатын Тарапқа мынадай жағдайларда:
a) егер жәрдем беру туралы сұрау саяси сипаттағы қылмысқа қатысты болса, сұратылған көмекті көрсетуден бас тартады. Сұрау салынатын Тарап қатысушысы болып табылатын халықаралық шартқа сәйкес ол саяси сипаттағы қылмыстар санатына жатпайды деп есептеуі мүмкін террористік және өзге де қылмыстар «саяси сипаттағы қылмыстар» ретінде түсіндірілмейді;
b) жәрдем беру туралы сұрау салу қылмыстық заңнамаға сәйкес қылмыс болып табылмайтын әскери қылмысқа қатысты болса;
c) жәрдем беру туралы сұрау салуды орындау мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да маңызды мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болса;
d) жәрдем беру туралы сұрау салу адамды оның нәсіліне, дініне, ұлтына, этностық шығу тегіне, саяси көзқарасына, жынысына қарай немесе осы адамды кемсітушіліктің кез келген нысанына ұшырату ниетімен немесе осындай адамның жағдайына кез келген осы себептер бойынша нұқсан келтірілуі мүмкін деуге елеулі негіздер болса;
e) жәрдем беру туралы сұрау салу сұрау салынатын Тараптың аумағында сотталған, кешірім жасалған немесе ақталған адамға қатысты айыптау шешіміне сілтеме жасаса немесе егер ондай қылмыс сұрау салынатын Тараптың заңды құзыры шегінде жасалып, адам қылмыстық қудалаудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты сотқа келе алмаса;
f) егер айып болып тағылған әрекеттер немесе әрекетсіздік сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыс ретінде сараланбаса, мәжбүрлеу шараларын көздейтін жәрдем беру туралы сұрау салу кезінде сұрау салынған Тарапқа бас тартылуы мүмкін.
2. Егер жәрдем беру туралы сұрау салу сұрау салатын Тараптың аумағында өлім жазасымен жазаланатын, бірақ сұрау салынатын Тараптың аумағында ол үшін өлім жазасы белгіленбейтін немесе қолданылмайтын қылмысқа сілтеме жасаса, егер сұрау салатын Тарап сұрау салынатын Тараптың өлім жазасы шығарылмайтынына немесе шығарылған жағдайда орындалмайтынына жеткілікті деп есептеуіне кепілдік бере алмағанда ғана, сұрау салынатын Тарап көмек көрсетуден бас тартады.
3. Егер жәрдем беру туралы сұрау салу сұрау салатын Тараптың аумағында өмір бойы бас бостандығынан айырумен немесе белгіленбеген мерзімге бас бостандығынан айыруға байланысты жазалаумен жазаланатын қылмысқа сілтеме жасаса, егер сұрау салатын Тарап сұрау салынатын Тараптың ондай жаза шығарылмайтынына немесе бас бостандығынан айыру өмір бойы мерзіміне болмайтынына жеткілікті деп есептеуіне кепілдік бере алмағанда ғана, сұрау салынатын Тарап жәрдем беруден бас тарта алады.
4. Егер сұрау салатын Тарап осы Конвенцияның 9-бабының ережелеріне сәйкес берілетін материалды пайдалануға қатысты құпиялылыққа немесе қандай да бір шектеулерге байланысты шарттарды орындай алмаса, сұрау салынатын Тарап көмек көрсетуден бас тарта алады.
5. Егер жәрдем беру туралы сұрау салуды орындау сұрау салынатын Тарапта жүргізіліп жатқан тергеуге немесе талқылауға кедергі жасауы мүмкін болса, cұpaу салынатын Тарап көмек көрсетуді кейінге қалдыра алады.
6. Көмек көрсетуден бас тартқанға немесе кейінге қалдырғанға дейін осы бапқа сәйкес сұрау салынатын Тарап өзінің орталық органы арқылы:
a) сұрау салатын Тарапқа бас тарту немесе кейінге қалдыру себептері туралы дереу хабарлайды;
b) сұрау салынатын Тарап қажетті деп есептейтін мерзімдер мен жағдайларда көмек көрсету мүмкіндігін анықтау үшін сұрау салатын Тараппен консультация жүргізеді.
7. Егер сұрау салатын Тарап осы баптың 6-тармағының b) тармақшасында көрсетілген мерзімдер мен жағдайларда көмек көрсетіледі деп белгілесе, онда осы мерзімдер мен жағдайлар орындалуға тиіс.
II бөлім. ЖӘРДЕМ БЕРУ ТУРАЛЫ СҰРАУ САЛУЛАР
РӘСІМІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ОРЫНДАУ
5-бап. Жәрдем беру туралы сұрау салатын құзыретті органдар
Осы Конвенция бойынша сұрау салынатын Тараптың жәрдем беру туралы сұрау салулары үшін оның құқықтық жүйесіне сәйкес жәрдем көрсету туралы сұрау салудың нысанасы болып табылатын қылмысты қудалау мен тергеуді жүргізуге құқылы құзыретті органдары болып саналады.
6-бап. Жәрдем беру туралы сұрау салудың нысаны
1. Жәрдем беру туралы сұрау салулар құзыретті орган басшысының қолы қойылып, жазбаша түрде ресімделеді. Төтенше жағдай туындағанда жәрдем беру туралы сұрау салулар факс, электрондық пошта арқылы немесе кез келген басқа да тәсілмен берілуі және олардың мазмұнының жазбаша дәлелдемелерімен қамтамасыз етілуі мүмкін. Осы жәрдем беру туралы сұрау салуларға рұқсат беру олар жіберілген кезден бастап 10 күн ішінде құжаттың түпнұсқасымен расталады.
2. Көмек көрсету туралы өтініштер және оған қоса берілген барлық құжаттар сұрау салынатын Тараптың тіліне аудармамен ілесіп жүруге тиіс.
7-бап. Жәрдем беру туралы сұрау салудың мазмұны
1. Жәрдем беру туралы сұрау салулар мынадай мәліметтер:
а) жәрдем беру туралы сұрау салудың қатысы бар тергеуді, өндіріп алуды немесе сот талқылауын жүргізетін органның атауы;
b) аталған қылмыстың қысқаша сипаттамасын қоса алғанда, тергеу жүргізудің, сот талқылауының немесе тергеудің мәнінің және сипатының сипаттамасы;
с) дәлелдемелерді, ақпаратты немесе сұратылып жатқан жәрдемнің кез келген басқа түрінің мейлінше толық сипаттамасы;
d) дәлелдемелерді, ақпаратты немесе көмектің кез келген басқа түрі сұратылатын мақсат, олардың қазіргі уақытта тергеліп жатқан мән-жайлармен байланысы туралы мәлімдеме;
е) тергеу немесе сот талқылауы негізделген мәлімдеме немесе тиісті заңдардың мәтіні қамтылады.
2. Көмек көрсету туралы сұрау салулар қажеттілігіне қарай:
а) көмек сұратылған адамның жеке басы мен тұратын жері туралы ақпаратты;
b) осы адамның қылмыстық іспен байланысын көрсетуді және егер қажет болса, тапсырылған хабарламаның немесе қабылданған өтініштің нысанын көрсетуді;
с) куәға қойылуға тиіс сұрақтардың тізбесін немесе куәдан жауап алынатын істің толық сипаттамасын;
d) сұрау салатын Тарапқа шақырылатын адамның шығындары мен құқығы бар өтемақылар туралы ақпаратты;
e) тінтілуге тиіс жердің немесе адамның, алынуға тиіс объектілердің және тәркіленуге немесе тыйым салынуға тиіс мүліктің толық сипаттамасын;
f) жәрдем беру туралы сұрау салудың құпиялылығына қатысты талаптарды;
g) жәрдем беру туралы сұрау салуды орындау кезінде сұрау салатын Тарап орындалуын талап ететін кез келген арнайы әрекеттердің сипаттамасын;
һ) сұрау салынатын Тарапта жәрдем беру туралы сұрау салуды орындауға қатысатын сұрау салатын Тараптың құзыретті органдарының тізімін;
і) жәрдем беру туралы сұрау салу орындалуға тиіс мерзімді және аса шұғыл болған жағдайда негіздемені;
j) жәрдем беру туралы сұрау салуды орындау кезінде сұрау салынатын Тарап үшін пайдалы болуы мүмкін кез келген басқа да ақпаратты қамтуы қажет.
8-бап. Жәрдем беру туралы сұрау салуларды орындау
1. Көмек көрсету туралы сұрау салулар тікелей сұрау салынатын Тараптың орталық органына жіберіледі, ол оны құзыретті органдарға орындау үшін жедел береді.
2. Сұрау салынатын Тарап жәрдем беру туралы сұрау салуға жауапты дайындауда елеулі кідіруді тудыруы мүмкін кез келген мән-жайлар туралы сұрау салатын Тарапқа дереу хабарлайды.
3. Осы Конвенцияның 4-бабының ережелеріне сәйкес сұрау салынатын Тарап жәрдем беру туралы сұрау салуды қанағаттандырудың мерзімін ұзарту немесе одан бас тарту үшін себептер және қажет болса, ол орындалуы мүмкін жағдайлар туралы да дереу хабарлайды.
4. Жәрдем беру туралы сұрау салуды орындау кезінде сұрау салынатын Тарап осы Конвенцияның 9-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес құпиялылықты сақтау үшін шаралар қабылдайды.
9-бап. Құпиялылық және ақпаратты пайдалануға шектеулер
1. Сұрау салатын Тараптың өтініші бойынша сұрау салынатын Тарап жәрдем беру туралы сұрау салуға, оның мазмұнына және ілеспе құжаттарға және сұрау салуды орындау кезінде қабылданған кез келген шараларға қатысты құпиялылық сақтайды. Егер жәрдем беру туралы сұрау салуды құпиялылықты бұзбай орындау мүмкін болмаса, сұрау салынатын Тарап ол туралы сұрау салатын Тарапқа хабарлайды, ал ол жәрдем беру туралы сұрау салуды орындау мүмкіндігін белгілейді.
2. Жәрдем беру туралы сұрау салуда көрсетілген сот ісін жүргізу немесе тергеу үшін дәлелдемелер мен ақпарат қажет болған жағдайларды есептемегенде, сұрау салынатын Тараптың өтініші бойынша сұрау салатын Тарап жәрдем беру туралы сұрау салуды орындау кезінде алынған дәлелдемелер мен ақпаратқа қатысты құпиялылықты сақтайды.
3. Сұрау салынатын Тарап жәрдем беру туралы сұрау салуды орындауды ақпаратты немесе дәлелдемелерді пайдаланумен байланысты белгілі жағдайларға тәуелді болумен байланыстыруы мүмкін. Кез келген жағдайда сұрау салатын Тарап алынған дәлелдемелерді сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының алдын ала келісімінсіз жәрдем беру туралы сұрау салуда көрсетілгеннен өзге мақсатта пайдалана алмайды.
10-бап. Қолданылатын заңнама
1. Жәрдем беру туралы сұрау салуды орындау сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес және осы Конвенция шеңберінде жүргізіледі.
2. Сұрау салатын Тараптың талабы бойынша сұрау салынатын Тарап жәрдем беру туралы сұрау салуды орындау кезінде жәрдем беру туралы сұрау салуда көрсетілген тәртіп пен шарттылықтарды сақтайды, бұл ретте олар сұрау салынатын Тараптың заңнамасына қайшы келмеуге тиіс.
11-бап. Жәрдем беру туралы сұрау салудың жай-күйі туралы ақпараты
1. Сұрау салатын Тараптың орталық органының жәрдем беру туралы сұрау салуы бойынша сұрау салынатын Тараптың орталық органы жәрдем беру туралы сұрау салуды орындау тәсілдері немесе жәрдем беру туралы сұрау салуды орындау сатылары туралы ақпаратты қисынды мерзімде жібереді.
2. Сұрау салынатын Тараптың орталық органы жәрдем беру туралы сұрау салуды орындау кезінде алынған нәтижелер туралы сұрау салатын Тараптың орталық органын дереу хабардар етеді және аталған орталық органға келіп түскен барлық ақпарат пен дәлелдемелерді жолдайды.
3. Егер сұрау салынатын Тарап жәрдем беру туралы сұрау салуды толық көлемде немесе оның бөлігінде орындай алмаса, сұрау салынатын Тараптың орталық органы сұрау салатын Тараптың орталық органын осы мән-жайлар мен себептер туралы дереу хабардар етеді.
12-бап. Шығыстар
1. Сұрау салынатын Тарап жәрдем беру туралы сұрау салуды орындауға байланысты шығыстарды көтереді.
2. Жәрдем беру туралы сұрау салуды орындау кезінде орын алған күтпеген шығыстар болған жағдайда сұрау салынатын Тараптың орталық органы сұрау салатын Тарапқа қаржыландырудың басқа да нысандарын ұсына алады.
3. Кез келген жағдайда, сұрау салатын Тарап сарапшылардың тиісті есептерінің, аудармаларының шығыстары мен қаламақыларын, арнайы рәсімдерді пайдалануға байланысты төтенше шығыстарын, сұрау салатын мемлекетке жіберілетін адамдардың іссапар және жол жүру шығыстарын осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес төлейді.
III бөлім. ЖӘРДЕМ БЕРУ НЫСАНДАРЫ
13-бап. Хабарламалар
1. Егер жәрдем беру туралы сұрау салудың мақсаты сот шешімі туралы хабарламаны тапсыру болып табылса, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары осы хабарламаны өзінің процессуалдық заңнамасына сәйкес жеткізуге тиіс.
2. Егер жәрдем беру туралы сұрау салудың мақсаты заттарды немесе құжаттарды жеткізу болып табылса, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары оларға сұрау салатын Тараптың осы мақсатпен жіберілген заттарын немесе құжаттарын жеткізуге міндетті.
3. Хабарламалар сұрау салынатын Тараптың заңнамасында көзделген тәсілдердің бірімен немесе егер ол сұрау салынатын Тараптың заңнамасына қайшы келмесе, сұрау салатын Тарапта көздеген тәртіппен ресімделеді.
4. Адресат күнін көрсетіп, қолын қойған алу туралы хабарлама арқылы немесе құзыретті органның рәсімді өткізуі туралы растауы арқылы жеткізу расталады. Осы растау сұрау салатын Тарапқа жіберіледі. Егер жеткізу мүмкін болмаса, себептер түсіндіріледі.
14-бап. Сұрау салынатын Тарапқа келу
1. Сұрау салынатын Тараптағы кез келген адам мәлімдеме жасауға немесе жауап беруге, дәлелдемелер ұсынуға немесе сараптамалық қорытынды беруге шақырылса, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдарының алдына оның заңнамасына сәйкес келеді. Сұрау салынатын Тарап оның заңнамасына сәйкес жазалау санкциялары қолданылуы мүмкін адамға сотқа шақыру қағазын тапсырады.
2. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы өзінің бақылауымен сот талқылауын орындау барысында жәрдем беру туралы сұрауда көрсетілген сұрау салатын Тараптың өкілдерінің болуына рұқсат береді және оларға сұрақ қою құқығын береді. Тыңдау сұрау салынатын Тараптың заңнамасында көзделген сот рәсімдеріне сәйкес немесе сұрау салатын Тараптың жәрдем беру туралы сұрау салуы бойынша арнайы тәсілмен жүргізіледі.
3. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адам сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес иммунитетіне, артықшылықтарына немесе еңбекке қабілетсіздігіне сілтеме жасаса, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы жәрдем беру туралы сұрау салуды орындағанға дейін осындай сілтеменің заңдылығы туралы шешім қабылдайды және аталған шешімді орталық орган арқылы сұрау салатын Тарапқа жібереді.
4. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адам сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес иммунитетіне, артықшылықтарына немесе еңбекке қабілетсіздігіне сілтеме жасаса, сұрау салатын Тараптың құзыретті органдарына тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік беру үшін сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы осы факт туралы оның орталық органы арқылы сұрау салатын Тарапты хабардар етеді.
5. Осы бапта көзделген жағдайда сұрау салынатын Тарап жәрдем беру туралы сұрау салуды орындау күні мен орны туралы сұрау салатын Тарапты алдын ала хабардар етеді. Құзыретті органдар қажеттілігіне қарай екі Тараптың құзыретті органдарына ыңғайлы күнді белгілеу мақсатында орталық органдар арқылы бір-бірімен консультация жүргізеді.
15-бап. Сұрау салатын Тараптың органына келу
1. Егер сұрау салатын Тараптың сот органдары куәның, сарапшының немесе айыпталушының жауап беруі үшін олардың аумағына келуін талап етсе немесе түрлі сипаттағы ақпаратты беруді талап етсе, бұл жәрдем беру туралы сұрау салуда көрсетіледі.
Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары сұрау салатын Тараптың аумағындағы құзыретті органға көрсетілген адамды келуге шақырады және оның жауабы туралы сұрау салатын Тарапқа мүмкіндігіне қарай хабарлайды.
2. Сұрау салатын Тараптың құзыретті органына келуге тиіс куәны, сарапшыны немесе айыпталушыны сотқа шақыру туралы жәрдем беру туралы сұрау салуларды сұрау салынатын Тараптың орталық органы келу үшін белгіленген күннен бұрын алуға тиіс.
3. Осы бапта көрсетілген сотқа шақыру қағаздарында жазалау шараларын немесе жазалау санкцияларын қолдану қатері болмауға тиіс, керісінше жағдайда ондай ережелер куә, сарапшы немесе айыпталушы келмегенде күшіне енбейді.
4. Жәрдем беру туралы сұрау салуда сұрау салатын Тараптың құзыретті органдары өздері көтеретін жүріп-тұру шығыстарын көрсетеді.
16-бап. Қамаудағы адамдардың сұрау салатын
Тараптың органдарына келуі
1. Сұрау салынатын Тараптың аумағында ұсталған кез келген адам осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес көмек көрсету мақсатында сұрау салатын Тараптың аумағында оның болуы талап етілсе, осы адамның қалауы болғанда және сұрау салынатын Тараптың орталық органы өзінің белгілі бір келісімін бергенде, сұрау салатын Тараптың аумағына тапсырылады. Егер ұсталған адам барғысы келмесе, оған қандай да санкцияларды немесе жазалау шараларын қолдануға болмайды.
2. Егер ұсталған адамның сол уақытта сұрау салынатын Тараптың аумағында қылмыстық іс бойынша болуы қажет болса, тапсыру оны қамауда ұстау мерзімін ұзартуға әкеп соқтыруы мүмкін болса немесе қандай да себептер бойынша сұрау салынатын Тараптың орталық органы тапсыруды орынсыз деп есептесе, тапсырудан бас тартуы мүмкін.
3. Сұрау салатын Тараптың құзыретті органдары тапсырылған адамды өз мемлекетінің аумағында болған бүкіл уақытта қамауда ұстауға тиіс. Ұсталған адамның сұрау салынатын Тарапта өткізген уақыт кезеңі оның алдын ала қамауынан немесе үкімінен алып тасталады. Егер сұрау салынатын Тараптың органдары осы адам әрі қарай қамауда ұсталмауға тиіс деп сұрау салатын Тарапқа хабарласа, аталған адам дереу босатылуға тиіс және ол адамға қатысты осы Конвенцияның 15-бабының ережелері қолданылады.
4. Сұрау салатын Тараптың органдары тапсырылған адамды сұрау салынатын Тарап белгілеген мерзімде және егер сұрау салатын Тараптың аумағында оның болуы одан әрі міндетті болмаса, кез келген жағдайда қайтарып алады.
17-бап. Бейнеконференция
Тараптар әрбір нақты оқиғада көрсетілген жағдайларға сәйкес бейнеконференция арқылы өтініштерді қабылдау туралы уағдаласа алады.
18-бап. Иммунитет
1. Сұрау салатын Тараптың сот органдарына келуге шақырылатын бірде-бір куәны немесе сарапшыны, оның ұлтына қарамастан, оның сұрау салынатын Тараптың аумағынан кетуіне дейін орын алған әрекеттері немесе бұрынғы соттылығы үшін осы Тараптың аумағында айыптауға, қамауға алуға немесе бас бостандығынан кез келген басқа да тәсілмен айыруға болмайды.
2. Сот талқылауына негіз болған оқиғалар үшін сұрау салатын Тараптың сот органдарына жауап беруге шақырылатын бірде-бір адамды, оның ұлтына қарамастан, оның сұрау салынатын Тараптың аумағынан кетуіне дейін орын алған әрекеттері немесе бұрынғы соттылықтары үшін және олар шақыру қағазында көзделмеген болса, осы Тараптың аумағында айыптауға, қамауға алуға немесе бас бостандығынан кез келген басқа да тәсілмен айыруға болмайды.
3. Адам оның қатысуы қажет болмағаннан кейін сұрау салатын Тараптың аумағынан кетуге мүмкіндігі бола тұра, күнтізбелік 15 күн бойы аталған аумақтың шегінде қала берсе немесе одан кеткеннен кейін қайтып оралса, осы бапта көзделген иммунитет сол сәттен бастап тоқтатылуға тиіс.
19-бап. Сақтандыру шаралары
1. Тараптардың бірінің құзыретті органы басқа Тараптың аумағындағы қылмыстың тікелей немесе жанама құралдары немесе нәтижелері болып табылатын активтерге қатысты сақтандыру шараларын белгілеу немесе қабылдау туралы өзінің орталық органы арқылы өтініш жасай алады.
2. Сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасында көзделгендей аталған мүлікке қатысты сақтандыру шараларын қабылдайды.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген шаралардың объектісі болып табылатын мүлікке қатысты адал үшінші Тараптардың құқықтарын қорғау туралы кез келген сұрау салуларды сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасына сәйкес шешуге міндеттенеді.
4. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы жағдайға байланысты сұратылып отырған шараларды қолдану мерзімін шектейтін қисынды мерзімдер белгілей алады.
20-бап. Ақпаратты ерікті түрде алмасу
1. Тараптар тергеуді немесе сот талқылауын қозғауда немесе жүргізуде қылмыстарға қатысты ақпаратты пайдалы деп есептесе, алдын ала жәрдем беру туралы сұрау салмай-ақ, аталған ақпаратты алмаса алады.
2. Ақпаратты ұсынатын Тарап алатын Тараптың осындай ақпаратты пайдалануына қатысты талаптар қоя алады. Аталған ақпаратты қабылдау қойылған талаптарды қабылдайтын Тараптың орындауға міндеттенетінін білдіреді.
21-бап. Қылмыстық істерді тапсыру
1. Тараптар басқа Тарап қылмыстарды тергеуді немесе олардың сот талқылауын жүргізу үшін неғұрлым артық жағдайда тұр деп есептесе, аталған Тараптың құқық қорғау органдарының талқылауға бастамашылық жасауы мақсатында іс бойынша материалдарды өздерінің орталық органдары арқылы бере алады.
2. Сұрау салынатын Тарап іс бойынша берілген материалдарға байланысты қабылданған сот ісін жүргізуге қатысты сұрау салатын Тарапқа хабарлайды және қажет болған кезде қабылданған шешімдердің көшірмелерін жібереді.
22-бап. Түпнұсқаны сертификаттау және тексеру
Осы Конвенцияның мақсатында орталық органдар арқылы берілген құжаттар түпнұсқасын растауды, тексеруді немесе кез келген басқа да ұқсас шарттылықтарды талап етпейді.
23-бап. Консультациялар
Екі Тараптың орталық органдары осы Конвенцияны неғұрлым тиімді орындауды қамтамасыз ету мақсатында консультацияларды өткізеді және оны орындауға көмек көрсету үшін қажетті практикалық шаралар туралы уағдаласады.
24-бап. Дауларды шешу
Осы Конвенцияны түсіндіруге немесе қолдануға байланысты Тараптар арасында туындауы мүмкін кез келген дау орталық органдар арасындағы консультациялар арқылы шешіледі. Келісімге жетпеген жағдайда дипломатиялық арналар қолданылады.
IV бөлім. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
25-бап. Басқа да халықаралық шарттармен немесе
ынтымақтастық нысандарымен үйлесімдігі
1. Осы Конвенция Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық келісімдердің ережелеріне сәйкес олардың бір-біріне жәрдем көрсетуіне кедергі болмайды.
2. Осы Конвенция Тараптарға өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес ынтымақтастықтың басқа да нысандарын дамытуға кедергі болмайды.
26-бап. Күшіне енуі
Осы Конвенция екі мемлекеттің әрқайсысында талап етілетін консультациялық шарттылықтар орындалғаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы хабарлама алынған күннен кейінгі екінші айдың бірінші күні күш не енеді.
27-бап. Мерзімі мен қолданысын тоқтату
1. Осы Конвенция белгіленбеген мерзімде қолданылады.
2. Осы Конвенция Тараптардың бірі осы Конвенцияның қолданылуын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрдегі хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде болады. Осы Конвенцияның күшін тоқтату іс жүргізудегі жәрдем беру туралы сұраулардың орындалуына ықпал етпейді.
ОСЫҒАН ОРАЙ, осы мақсат үшін өздерінің үкіметтері тиісінше уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Конвенцияға қол қойды.
____________________________ әрқайсысы орыс және испан тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Қазақстан Республикасы Испания Корольдігі
үшін үшін