Қазақстан Республикасының Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асхат Қайзоллаұлы Дауылбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартқа қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 20 мамырдағы
№ 568 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба
Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы
ШАРТ
Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаларын ҚҰРМЕТТЕЙ ОТЫРЫП,
сот төрелігін, адам құқығын, заңдылық пен демократия қағидаттарын және сот билігінің тәуелсіздігін құрметтеуді ұстанатындығын РАСТАЙ ОТЫРЫП,
қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек негізінде қылмысқа қарсы күрес саласында екі мемлекет арасындағы неғұрлым тиімді ынтымақтастыққа ықпал етуге НИЕТ БІЛДІРЕ ОТЫРЫП,
осы мақсаттарға қажетті рәсімдерді белгілейтін екіжақты шартты жасасу арқылы қол жеткізуге болатынын НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП,
ТӨМЕНДЕГІЛЕР ТУРАЛЫ УАҒДАЛАСТЫ:
1-бөлім
Жалпы ережелер
1-бап
Шарттың нысанасы мен мақсаты
1. Осы Шарттың ережелеріне сәйкес көмек көрсету туралы сұрау салу жолданған кезде жазалау Сұрау салушы Тараптың юрисдикциясына жатқызылған қылмыстарға қатысты қылмыстың жасалғанын растау үшін жүргізілген тергеуді, дәлелдемелер жинауды, қудалауды және соттың қарауын қоса алғанда, қылмыстық қудалау үшін Тараптар бір-біріне өзара құқықтық көмек (бұдан әрі - көмек) көрсетеді.
2. Осы Шарт экстрадициялауға, қылмыстық қудалауды беруге және сотталған адамдарды бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын одан әрі өтеу үшін беруге қатысты қолданылмайды.
2-бап
Анықтамалар
Осы шарт мақсатында:
(а) «Тараптар» термині Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасын білдіреді;
(b) «Орталық органдар» термині:
і. Чех Республикасы үшін: Чех Республикасының Жоғарғы прокуратурасы - сотқа дейінгі рәсімдер бойынша көмек көрсету туралы сұрау салулар үшін және Чех Республикасының Әділет министрлігі - көмек көрсету туралы басқа сұрау салулар бойынша;
іі. Қазақстан Республикасы үшін: Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы - сотқа дейінгі рәсімдер бойынша көмек көрсету туралы сұрау салулар үшін және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты - соттың іс жүргізуінде жатқан істер бойынша көмек көрсету туралы сұрау салулар үшін;
(с) «әділет органдары» термині екі Тараптың прокуратура органдары мен соттарын білдіреді;
(d) «заттар» термині құжаттарды, жазбаларды және басқа да нақты деректерді білдіреді;
(е) «мүлік» термині кез келген түрдегі құралдарды не материалдық немесе материалдық емес, жылжымалы немесе жылжымайтын, заттай немесе заттай емес активтерді немесе мүліктерді, оның ішінде мүлікті құрайтын бағалы қағаздар мен басқа да заң құжаттарын немесе құралдарды білдіреді;
(f) «құралдар» термині қылмыс жасау үшін толықтай немесе ішінара кез келген түрде пайдаланылатын немесе пайдаланылуға арналған кез келген мүлікті білдіреді;
(g) «табыстар» термині қылмыс жасау нәтижесінде тікелей немесе жанама алынған немесе иемденіп алынған кез келген мүлікті білдіреді;
(h) «тыйым салу» термині мүлікті беруге, өзгертуге, иеліктен шығаруға немесе жылжытуға немесе заттарды, мүліктерді, құралдарды немесе табыстарды уақытша сақтауға немесе бақылауға уақытша тыйым салуды білдіреді;
(і) «алып қоюды» қамтитын «тәркілеу» термині заттарды, мүлікті, құралдарды немесе табыстарды меншік құқығынан түпкілікті айыру түріндегі сот таңдаған жазаны немесе шараны білдіреді;
(j) «жеке деректер» термині осы Шарт шеңберінде берілетін нақты адамға қатысты кез келген деректерді білдіреді.
3-бап
Көмектің көлемі
Көмек осы Шарттың 2-бөлігінде жазылған көмектің түрлерін және екі Тараптың да ұлттық заңнамасында көзделген және осы Шартқа қайшы келмейтін кез келген басқа да көмекті қамтиды.
4-бап
Қосарлы юрисдикция
1. Егер осы Шартта немесе Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында өзгеше көзделмесе, тіптен егер Сұрау салушы Тараптың заңнамасы бойынша қылмысты құрайтын, қылмыстық талқылаудың нысанасы болып табылатын, көмек сұратылатын әрекет Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылмаған жағдайда да көмек көрсетілуге тиіс.
2. Егер сұрау салынатын көмекті орындау Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес мәжбүрлеу шараларын жүзеге асыруды, оның ішінде тінтуді, алуды немесе тәркілеуді талап ететін болса, онда көмекті сұратуға байланысты әрекет екі Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қылмысты құрайтын жағдайда ғана көмек көрсетіледі.
3. Егер Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес көмек сұрау шеңберіндегі қылмыстық талқылаудың нысанасын білдіретін қылмыс фискальдық (қаржылық) немесе салықтық қылмыс болып табылса, онда Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында салықтардың және баждардың дәл осындай түрі қолданылмайтындығы немесе Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасы сияқты салықтардың, алымдардың, кеден баждарының, валюталық реттеудің қамтылмағандығы негізінде ғана көмек көрсетуден бас тартуға болмайды.
4. Көмекті көрсетуден, ол Сұрау салушы Тарапта заңды тұлға жауапқа тартылуы мүмкін болатын іс-әрекеттерге жатады деген негізде ғана бас тартуға болмайды.
5-бап
Орталық органдардың рөлі
1. Көмек көрсету туралы сұрау салу және олардың орындалуы туралы материалдар Орталық органдар арқылы жолданады.
2. Орталық органдар осы Шарт мақсаттарында бір-бірімен тікелей қатынасады. Орталық органдардың дипломатиялық арналар арқылы қатынастарды жүзеге асыру мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды.
3. Кез келген Тарап өзінің Орталық органын өзгерте алады. Мұндай жағдайда ол өзгерістер туралы және жаңа Орталық органның байланыс деректері туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы хабарлауға тиіс.
6-бап
Көмек сұратуға уәкілетті органдар
Көмек көрсету туралы сұрау салуды Сұрау салушы Тараптың әділет органдары жасайды.
7-бап
Көмек көрсету туралы сұрау салу
1. Сұрау салу жазбаша нысанда жасалады, көмек сұратып отырған
әділет органының лауазымды адамы қол қояды және оның ресми мөрімен
расталады.
2. Сұрау салу мыналарды қамтуға тиіс:
(а) қылмыстық тергеу шеңберінде көмек сұратылып отырған қылмыстық тергеуді (талқылауды) жүргізетін құзыретті органның және көмек сұратып отырған органның атауы;
(b) қылмыстық қудалаудың жүзеге асырылуына қатысты адамдарды, қылмыстың жасалған уақыты мен орнын, келтірілген залалдың немесе егер залал келтіру үшін қастандық жасалған болса, сол залалдың мөлшерін қоса алғанда, сұратылып отырған көмекке қатысты әрбір қылмыс фактісінің сипаттамасы және санкциялар мен ескіру мерзімдерін қоса алғанда, Сұрау салушы Тараптың қылмыстық заңнамасының қолданыстағы ережелерінің мәтіні;
(с) сұратылып отырған көмек шеңберіндегі қылмыстық тергеудің сатысы;
(d) сұратылатын көмектің және іздестірілетін заттардың сипаттамасы;
(е) дәлелдемелер, айғақтар алу қажет болатын кез келген адамның сипаттамасы және орналасқан жері, іздестіріліп жатқан кез келген заттар немесе зерттелуге жататын жердің сипаттамасы және олардың сұратылып отырған көмек шеңберіндегі қылмыстық тергеумен байланысы;
(f) көмек көрсету кезінде қолдану қажет кез келген нақты рәсімнің сипаттамасы;
(g) құпиялылық туралы кез келген өтініш;
(h) кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда, көмек көрсетілуге тиіс шеңбердегі шектеулі мерзімді және оның шұғыл болуы себептерін көрсету;
(і) құжаттарды беру қажет болған жағдайда - оларды толтыру рәсімі;
(j) айғақтар алуда қойылуға тиіс сұрақтардың тізбесі немесе жауап алынуға тиіс адамның өтініші;
(k) сұрау салуды орындау кезінде болуы қажет адамдарды және олардың сұратылып отырған көмек шеңберінде қылмыстық тергеудегі рөлін көрсету;
(l) Сұрау салушы Тараптың аумағына келу үшін шақырылған адамның алуға құқығы бар төлемдер мен шығыстарының өтемақысы туралы ақпарат;
(m) Сұрау салынатын Тарапта айғақтары мен өтініштері сұратылған адамдарға қатысты Сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес алынуы мүмкін айғақтарды бермеуге құқығы туралы және көмек туралы сұрау салуды орындауға қатысы болуы мүмкін кез келген иммунитеттер, алып қоюлар, жеңілдіктер немесе әрекетке қабілетсіздік туралы ақпарат;
(n) сұрау салынатын көмек мақсатында алып қоюға немесе тәркіленуге тиіс заттардың, мүліктің, құралдардың немесе табыстардың қылмысқа және қылмыстық тергеуге қатысын қоса алғанда, олардың дәл сипаттамасы және мұндай заттар, мүлік, құралдар мен табыстар Сұрау салынатын Тараптың аумағында деп пайымдауға болатын негіздер;
(о) сұрау салынатын көмекті көрсетуге ықпал ететін кез келген басқа ақпарат.
3. Егер Сұрау салынатын Тарап сұрау салудың мазмұны оны орындау үшін жеткіліксіз деп пайымдаса, онда ол қосымша ақпаратты сұрата алады және Сұрау салушы Тарапқа оны беру үшін қисынды мерзім белгілей алады.
4. Көмек көрсету туралы сұрау салу және тапсыруға арналған
құжаттарды қоса алғанда, кез келген растайтын құжаттар Сұрау салушы
Тараптың тілінде олардың ағылшын тіліне аудармасымен жасалады. Егер
құжат табыс етілетін адам Сұрау салушы Тараптың тілін немесе ағылшын
тілін білмейтін болса, онда Сұрау салушы Тарап құжаттардың сол адам
білетін тілдегі аудармасын қамтамасыз етеді.
5. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда көмек көрсету туралы
сұрау салуды Орталық органдар бір-біріне факсимильді байланыс немесе
электрондық пошта арқылы жібере алады. Егер көмек көрсету туралы сұрау салудың жазбаша түпнұсқасын Сұрау салынатын Тараптың Орталық органы отыз күн ішінде алмаса, Сұрау салынатын Тарап оны орындаудан бас тарта алады.
8-бап
Растау және куәландыру
1. Көмек көрсету туралы Сұрау салуды және осы Шартқа сәйкес оларды орындау барысында алынған заттарды қандай да бір заңдастыру, түпнұсқалығын растау немесе куәландыру талап етілмейді және Сұрау салушы Тарапта дәлелдемелер ретінде қолдануға толық жарамды.
2. Осы Шартқа сәйкес көмек көрсету туралы Сұрау салуды орындау нәтижесінде алынған заттардың көшірмелерін, егер бұл туралы Сұрау салушы Тарап сұраса, Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы растауға және куәландыруға тиіс.
3. Ешбір Тарап қандай да бір нәрсені консулдық немесе
дипломатиялық лауазымды адамның заңдастыруын, растауын немесе
куәландыруын талап етпейді.
9-бап
Құқықтық көмек көрсетуден бас тарту немесе кейінге қалдыру
1. Сұрау салынатын Тарап, егер:
(а) көмек көрсету туралы сұрау салу оның ұлттық заңнамасына қайшы келсе немесе осы Шарттың ережелеріне сәйкес келмесе;
(b) көмек көрсету туралы сұрау салу саяси қылмыстарға немесе саяси сипаттағы қылмыстарға не саяси қылмыстармен немесе саяси сипаттағы қылмыстармен байланысты қылмыстарға жататын болса;
(с) көмек көрсету туралы сұрау салу жалпы қолданылатын әдеттегі қылмыстық заңнамаға сәйкес қылмыс болып табылмайтын әскери қылмысқа жататын болса;
(d) Сұрау салынатын Тарап өлім жазасы тағайындалмайды, ал тағайындалған жағдайда орындалмайды деген негіздеме ретінде қарастыратын кепілдікті Сұрау салушы Тараптың беруін қоспағанда, көмек көрсету туралы сұрау салу Сұрау салушы Тарапта өлім жазасымен жазаланатын қылмысқа жататын болса;
(е) көмек көрсету туралы сұрау салу адамды оның нәсіліне, дініне, жынысына, ұлтына, этностық шығу тегіне, саяси көзқарасы белгісі бойынша немесе осыған ұқсас кез келген өзге де себеп бойынша қылмыстық қудалау, жазалау немесе кемсіту мақсатында жасалған немесе адамның осындай белгісі оған осы себептер нұқсан келтіруі мүмкін деп пайымдауға елеулі негіздер бар болса;
(f) көмек көрсету туралы сұрау салу адамның азаптауға немесе басқа да қатал немесе адамгершілікке жат немесе қорлайтын қарым-қатынас жасауға немесе жазалауға ұшырауына себепші болады деп пайымдауға елеулі негіздер болса;
(g) көмек көрсету туралы сұрау салу адам Сұрау салынатын Тарапта қылмыс жасағаны үшін сотталған, ақталған немесе рақымшылық жасалған қылмыстық қудалауға жататын болса немесе егер қылмыс Сұрау салынатын Тараптың юрисдикциясы шегінде жасалып, мерзімінің ескіру себебі бойынша адам қудаланбайтын болса;
(h) Сұрау салушы Тарапқа жолдануы қажет жеке деректер тиісті түрде қорғалмайтын болса;
(і) Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тараптың құпиялылыққа немесе ақпаратты немесе алынған дәлелдемелерді пайдалануды шектеуге қатысты белгіленген кез келген шарттарын орындай алмайтын болса;
(j) егер қосарлы юрисдикция көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау үшін қажет болса көмек көрсету туралы сұрау салынып отырған қылмыс Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылмаса;
(k) Сұрау салушы Тарап қосымша ақпаратты Сұрау салынатын Тарап белгілеген мерзімде ұсынбаса; немесе
(l) көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе осыған ұқсас елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін екені туралы пайымдаса көмек көрсетуден толық немесе ішінара бас тарта алады.
2. Банк құпиясы себебі бойынша көмек көрсетуден бас тартуға болмайды.
3. Көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау, егер ол Сұрау салынатын Тарапта қылмыстық іс бойынша шешімді күтуге байланысты болса, Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындауды кейінге қалдыра алады.
4. Сұрау салынатын Тарап көмек көрсету туралы сұрау салуды орындаудан бас тартқанға дейін немесе орындауды кейінге қалдырғанға дейін көмек көрсетілуі мүмкін қажетті шараларды қарастыру туралы Сұрау салушы Тараппен консультация жүргізе алады. Егер сұрау салушы Тарап мұндай шарттарды қабылдаса, онда ол оларды сақтайды.
5. Сұрау салынатын Тарап көмек көрсетуден бас тартқан немесе көмек көрсетуді кейінге қалдырған жағдайда, ол жазбаша нысанда мұндай бас тарту немесе кейінге қалдыру себептері туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлауға тиіс.
10-бап
Көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау
1. Сұрау салынатын Тарап көмек көрсету туралы сұрау салуды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес және Сұрау салынатын Тараптың ұлттық
заңнамасында тыйым салынбаған шекте көмек көрсету туралы сұрау салуда
белгіленген тәртіпке сәйкес мүмкіндігінше орындайды. Осы мақсатта Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы көмек көрсету туралы сұрау салуды орындауға қажетті келуге арналған шақыру қағазын жазады, тінтуді, алуды жүргізу туралы қаулыларды және осыған ұқсас басқа да қаулыларды немесе шешімдерді шығарады.
2. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салынатын Тараптың ұлттық
заңнамасына қайшы келмейтін көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау
кезінде көмек көрсету туралы сұрау салуда көрсетілген адамдардың
қатысуына рұқсат беруі мүмкін; Сұрау салынатын Тарап сұратылып отырған көмекке қатысты қылмыстық қудалауға жататын жауапкердің немесе адамдардың адвокатының қатысуына рұқсат береді. Осы мақсаттарда Сұрау салынатын Тарап көмек көрсету туралы сұрау салудың орындалу күні, уақыты мен орны туралы Сұрау салушы Тарапқа алдын ала хабарлайды; қажет болған кезде Орталық органдар бір-бірімен екі Тарапқа да ыңғайлы күнді белгілеу туралы консультация өткізеді. Осы бапқа сәйкес көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау кезінде қатысуға рұқсат берілген адамдар, көмек көрсету туралы Сұрау салуды орындаушы Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдарына сұрау салынып отырған көмектің мақсаттарын атқаруға немесе орындауға жәрдемдесетін қосымша сұрақтарды ұсына алады және оны орындау үшін басқа да ұсыныстар жасай алады; көмек көрсету туралы сұрау салуды орындаушы Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары қосымша сұрақтарды қою керек пе немесе осындай ұсыныстарды қолдану керек пе деген мәселелерді өз қалауынша шешеді.
3. Сұрау салынатын Тарап көмек көрсету жөніндегі сұрау салудың орындалу нәтижелері туралы немесе сұрау салуды орындауды кідіртуге дәлелді себеп болған мән-жайлар туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды.
4. Егер өзіне қатысты көмек сұратылып отырған адам Сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес кез келген иммунитетке, босатылуға, артықшылықтарға немесе әрекетке қабілетсіздігіне сілтеме жасаған жағдайда, сұрау салуда мұндай иммунитет, босатылу, артықшылықтар немесе әрекетке қабілетсіздігі расталған жағдайлардан басқа, сұрау салу орындалуы мүмкін.
5. Сұрау салынатын Тарап көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау нәтижесінде Сұрау салушы Тарапқа берілетін құжаттардың аудармасын жүзеге асыруға міндетті емес.
11-бап
Құпиялылық
Сұрау салынатын Тарап, егер Сұрау салушы Тарап құпиялылықты сақтауды сұраса, сұрау салынған фактілердің, Сұрау салу мазмұнының, сұрау салуды орындау нәтижелерінің және Сұрау салуды орындауға қатысты басқа ақпараттың құпиялылығын сақтауға барлық күш-жігерін салады. Егер Сұрау салуды мұндай ақпаратты жария етпей орындау мүмкін болмаса, Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындаудың мүмкіндіктері туралы шешім қабылдайтын Сұрау салушы Тарапқа бұл туралы хабарлауға тиіс.
12-бап
Пайдаланудағы шектеулер
1. Сұрау салынатын Тарап берген ақпаратты немесе дәлелдемелерді Сұрау салушы Тарап:
(a) тергеу үшін көмек сұратылған қылмыс санкциясында көзделгеннен барынша қатаң жазаны қолдануға болмайтын сол бір қылмыстық іске қатысты басқа рәсімдерде пайдалануды;
(b) ауыр қылмыстың немесе қоғамдық тәртіпке төтенше және елеулі қатер төндірудің алдын алуды; немесе
(с) Сұрау салынатын Тараптың алдын ала жазбаша келісімі бойынша мәселелерді қоспағанда, сұрау салуда көрсетілгендерге жатпайтын мақсаттарда пайдалана алмайды.
2. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа осы Шартқа сәйкес берген ешқандай ақпаратты немесе заттарды Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші мемлекетке беруге тиіс емес.
13-бап
Жеке деректерді қорғау
Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес жеке деректерді қорғау мақсатында мынадай қағидалар сақталуға тиіс:
(а) Қабылдаушы Тарап жеке деректерді Ұсынушы Тарап берген
мақсаттарда ғана пайдалана алады. Қабылдаушы Тарап жеке деректерді
Ұсынушы Тараптың алдын ала жазбаша келісімі бойынша және екі Тараптың
да ұлттық заңнамасымен және екі Тарап та қатысушысы болып табылатын
халықаралық шарттарға сәйкес басқа мақсаттарда пайдалануы мүмкін.
(b) маңызды жеке деректер, яғни ұлты, нәсілі немесе этностық шығу тегі, саяси көзқарастары, діні, философиялық сенімдері, бұрынғы соттылығы, денсаулығы немесе жыныстық өмірі туралы дерек жеке деректер нысанасы ретінде аса қажет болған жағдайларда ғана берілуі мүмкін. Егер қажет болса, Тараптар маңызды жеке деректерді беру қажеттілігі туралы консультация жүргізеді.
(с) сұрау салу бойынша Қабылдаушы Тарап Ұсынушы Тарапқа жеке деректердің осы Шарттың 12-бабының 1-тармағы (а), (b) тармақшаларына сәйкес пайдаланылғаны туралы және алынған нәтижелер туралы хабарлайды.
(d) Ұсынушы Тарап жеке деректердің дұрыстығына көз жеткізуге және олардың берілуі қажетті әрі жоспарланған мақсатқа сай екендігіне сенімді болуы тиіс. Жеке ақпарат алмасуды шектеу кезінде екі Тараптың да ұлттық заңнамасының ережелері назарға алынуға тиіс. Берілген жеке ақпараттың анық болмауы фактісі анықталған жағдайда, бұл туралы Қабылдаушы Тарап хабардар етілуге тиіс; Қабылдаушы Тарап анық емес жеке деректерді түзетуге және берілуге тиіс емес жеке деректерді жоюға тиіс.
(е) Ұсынушы Тарап жеке деректерді беру кезінде өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Қабылдаушы Тараптың оларды сақтауының шекті мерзімін айқындай алады. Шекті мерзімге қарамастан, жеке деректер кажет болмай қалған кезде жойылуға тиіс. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның екі Тарапты да байланыстыратын жаңа халықаралық шартқа немесе басқа да қағидаларға қайта өзгертілуін қоспағанда, берілген барлық жеке деректер жойылуға тиіс.
(f) Тараптар жеке деректерді кездейсоқ жоғалудан, кездейсоқ немесе құзыретсіз қол жеткізуден, өзгертуден, беруден және жария етуден мұқият қорғауға тиіс.
14-бап
Шығыстар
1. Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес, Орталық органдар арасындағы басқа да уағдаластықтарды қоспағанда, көмек көрсету туралы сұрау салуды орындауға байланысты барлық шығыстарды көтереді.
2. Осы баптың 1-тармағына қарамастан, Сұрау салушы Тарап, Орталық органдар арасындағы басқа да уағдаластықтарды қоспағанда, мынадай шығыстарды:
(а) сарапшылар қызметі үшін гонорарларды;
(b) ауызша және жазбаша аудармалар, көшірме жасау шығыстарын;
(с) адамдардың жол жүруіне және болуына байланысты шығыстарды;
(d) бейнеконференциялар ұйымдастыруға және өткізуге байланысты шығыстарды;
(е) заттарды, мүліктерді, құралдарды немесе табыстарды сақтау және тасымалдау жөніндегі шығыстарды;
(f) заттарды, мүліктерді, құралдарды немесе табыстарды тәркілеуді жүзеге асыруды қамтамасыз ететін адамдардың гонорарларын; және
(g) куәгерлерді, жәбірленушілерді және басқа адамдарды қорғауды жүзеге асыратын адамдардың гонорарларын көтереді.
3. Сұрау салынатын Тарап көмек көрсету туралы сұрау салуды
орындау барысында, мұндай орындау әдеттегіден тыс шығындарға әкеп
соғатынын анықтаған жағдайларда, ол бұл туралы Сұрау салушы Тарапқа
дереу хабарлауға тиіс.
2-бөлім
Көмек түрлері
15-бап
Адамдарды, заттарды, мүліктерді, құралдарды және табыстарды іздестіру
Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша өзінің аумағында көмек көрсету туралы сұрау салуда көрсетілген және оның аумағында болуы ықтимал адамдарды, заттарды, мүліктерді, құралдарды және табыстарды іздестіру үшін өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес барлық мүмкіндікті жасауға және нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлауға тиіс.
16-бап
Құжаттарды табыс ету
1. Сұрау салынатын Тарап, Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы алдында Сұрау салынатын Тараптағы адамның келуін талап ететін соттың шақырту қағазын немесе басқа да құжаттарды қоса алғанда, құжаттардың тиімді табыс етілуіне ықпал етуге тиіс.
2. Егер көмек көрсету туралы сұрау салу, Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы алдында адамның келуін талап ететін құжаттарды табыс етуге қатысты болса, оны Сұрау салынатын Тараптың Орталық органы келу жоспарланған күнге дейін кемінде 60 күн бұрын алуға тиіс. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда Сұрау салынатын Тарап осы талаптан бас тарта алады.
3. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа құжатты алған адамның қолы қойылып, күні жазылып табыс етілгені туралы растауды немесе Сұрау салынатын Тараптың құжатты орындау күніне, орны мен тәсіліне немесе орындауға жасалған әрекетке сілтеме жасай отырып, соңғы жағдайда - табыс етілуі мүмкін болмаған себептерді көрсете отырып, құжатты табыс етудің мүмкін еместігі туралы мәлімдемені береді. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша, егер бұл мүмкін болса, осы баптың 1-тармағына сәйкес Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына келу үшін шақырылған адамның жауабы туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлауға тиіс.
4. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы осы баптың 1-тармағына сәйкес шақырған, бұл органға келмеген адам, осы себеп бойынша көмек көрсету туралы Сұрау салудағы қарсы берілген мәлімдемеге, шақыртуға немесе жіберілген кез келген басқа да құжаттарға қарамастан, Сұрау салушы Тарапта жазалануға немесе мәжбүрлеу шараларына тартылмайды.
17-бап
Кепілдіктер
1. Осы Шартқа сәйкес табыс етілген шақырту қағазы негізінде адамның Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының алдына келуі:
(а) адамның Сұрау салынатын Тараптың аумағынан кеткенге дейін жасаған кез келген құқық бұзушылықтары үшін Сұрау салушы Тарапта ұстау немесе жеке бостандығын кез келген шектеу үшін негіз болмауға; немесе
(b) айғақтар беруге міндеттеуге немесе кез келген тергеуге, қудалауға немесе Сұрау салуда көрсетілмеген заңды рәсімдерді қоса алғанда, басқа да рәсімдерге әсер етпеуге тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген кепілдіктер қылмыс жасағаны үшін айыпталушыларға немесе күдіктілерге қатысты көмек сұратылып отырған адамдарды жауапкер ретінде шақыртуға қолданылмауға тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағында көзделген кепілдіктер:
(а) адам Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы алдында оның келу қажеттігі болмай қалған күннен бастап немесе өзіне байланысты емес себептерге орай уақытты өткізіп алған жағдайлардан басқа жоспарланған кезеңде осы органның алдында келу күнін өткізіп алған күннен бастап 15 күн өткен соң Сұрау салушы Тараптың аумағында қалып қойса;
(b) Сұрау салушы Тараптың аумағынан шыққан адам өз бетінше оған қайта оралса тоқтатылады.
4. Осы баптың 3-тармағының (а) тармақшасында көзделген он бес күндік кезеңге адамның Сұрау салушы Тараптың аумағынан өзіне байланысты емес себептер бойынша шығуы мүмкін болмаған кезең қосылмауға тиіс.
5. Сұрау салушы Тарапқа осы баптың 1-тармағында көзделген кепілдіктер осы баптың 3-тармағына сәйкес тоқтатылғаны белгілі болса, Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа ол туралы, егер Сұрау салынатын Тарап мұндай ақпаратты сұратқан болса, кейінге қалдырмай хабарлауға тиіс.
18-бап
Сұрау салынатын Тарапта айғақтарды немесе мәлімдемелерді алу
1. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық
заңнамасына сәйкес адамдардың айғақтарын немесе мәлімдемелерін алады.
Осы мақсатпен Сұрау салынатын Тарап, егер мәжбүрлеу шаралары қажет
болса, осындай шараларды қолданады. Егер сұрау салуда қамтылған ақпарат Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес мұндай шараларды
айқындау үшін жеткіліксіз болса, Сұрау салынатын Тарап өз заңнамасының мәжбүрлеу шараларын қолдану жөніндегі талаптары туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлауға және осы Шарттың 7-бабының 3-тармағына сәйкес Сұрау салушы Тарапқа қосымша ақпарат беруді ұсынуға тиіс.
2. Хабарлама алған адам кез келген Тараптың ұлттық заңнамасына
сәйкес айғақтарды бермеу құқығын пайдалана алады.
3. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық
заңнамасына сәйкес адамның айғақтарды немесе мәлімдемелерді беру
кезінде көрсеткен заттарды алуға және оларды Сұрау салушы Тарапқа беруге тиіс.
19-бап
Бейнеконференция арқылы тыңдау
1. Егер адам Сұрау салынатын Тарапта болса және Сұрау салушы Тараптың құзыретті органында тыңдалуға тиіс болса, егер осындай тыңдау Сұрау салушы Тарапта қылмыстық тергеу үшін қажет болса, онда Сұрау салынатын Тарап сол құзыретті органға бейнеконференция арқылы адамнан жауап алуға немесе мәлімдеме алуға мүмкіндік бере алады. Күдіктіні, айыпталушыны немесе сотталушыны бейнеконференция арқылы тыңдау, егер олар бейнеконференцияны пайдалануға келіскен жағдайда ғана мүмкін болады. Орталық органдар көмек көрсету туралы Сұрау салуды орындау кезінде туындауы мүмкін құқықтық немесе материалдық-техникалық мәселелерді келісуге және белгіленген тәртіппен шешуге жәрдемдесуге тиіс.
2. Бейнеконференция арқылы тыңдау кезінде Тараптар арасындағы өзге уағдаластықтарды қоспағанда, мынадай қағидалар қолданылуға тиіс:
(а) Сұрау салынатын Тараптың органы көмек көрсету туралы сұрау салуда көрсетілген адамды анықтайды және оны тыңдау үшін шақыртады;
(b) тыңдау тікелей немесе Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының басшылығымен, оның ұлттық заңнамасына және Сұрау салынатын Тарап заңнамасының іргелі қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады;
(с) Сұрау салынатын Тараптың органы тыңдау кезінде қатысады, қажет болған кезде ауызша аудармаға жәрдемдеседі және тыңдауды бақылап отырады. Егер Сұрау салынатын Тараптың органы тыңдау барысында Сұрау салынатын Тарап заңнамасының іргелі қағидаттары бұзылды деп шешсе, ол аталған қағидаттарға сәйкес тыңдаудың жалғастырылуын қамтамасыз ету үшін дереу шаралар қолданады;
(d) Сұрау салушы Тараптың немесе тыңдалатын адамның Сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап қажет болған кезде мұндай адамды аудармашымен қамтамасыз етеді;
(е) тыңдалатын адам кез келген Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес айғақтарды бермеу құқығын пайдалана алады. Тараптардың органдары арасында адамды қорғауға қажетті негізделген басқа шаралар да қолданылатын болады; және
(f) Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы тыңдалу күнін, уақыты мен орнын, сөйлеген адамдардың деректерін, тыңдауға қатысқан басқа да адамдардың деректерін және тыңдау жүзеге асырылған техникалық жағдайларды көрсете отырып, қағазға түсірілген жазбасын жасайды. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа қағазға түсірілген жазбаның түпнұсқасын дереу береді.
3. Сұрау салынатын Тарап адамдарды немесе заттарды тануды немесе беттестіруді қоса алғанда, басқа мақсаттарға да бейнеконференцияны пайдалануға мүмкіндік бере алады.
4. Егер куә немесе сарапшы осы бапқа сәйкес бейнеконференция
арқылы тыңдалса және айғақтар беруге міндетті бола тұра айғақтар беруден бас тартса немесе жалған айғақтар берсе Сұрау салынатын Тарап, егер тыңдау мемлекетішілік рәсім ретінде қалай өткізілсе, сондай түрде өзінің ұлттық заңнамасын қолдануға тиіс.
20-бап
Жалпыға бірдей қолжетімділік және ресми құжаттар
1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес жалпыға бірдей қолжетімді құжаттардың көшірмелерін береді.
2. Сұрау салынатын Тарап үкіметтік мекеме немесе ресми орган иеленетін жалпыға бірдей қолжетімді емес кез келген құжаттардың, жазбалардың немесе ақпараттардың көшірмелерін өздерінің құқық қорғау және әділет органдары үшін осы құжаттар, жазбалар немесе ақпарат қалай қолжетімді болса сол шамада және сол шарттармен беруі мүмкін.
21-бап
Банктерді және қаржылық ақпаратты анықтау
1. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап өз аумағындағы кез
келген банкте немесе банк филиалында банк шотының немесе шоттарының
меншік иесі жеке немесе заңды тұлға болып табылатындығын не ондай тұлға емес екендігін Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды және Сұрау салушы Тарапқа мұндай шоттарды пайдалануға құқылы адамдардың жеке басы туралы және мұндай шоттармен байланысты кез келген операциялар туралы ақпаратты қоса алғанда, тиісті ақпаратты Сұрау салушы Тарапқа береді.
2. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап нақты уақыт кезеңінде сұрау салуда көрсетілген бір немесе одан да көп шоттар арқылы орындалған банк операцияларына бақылау орнатады және оның нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлайды.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес көмек көрсету туралы сұрау салуда банк шотының немесе шоттарының көмек сұратылып отырған қылмыспен байланысының егжей-тегжейлі сипаттамасы қамтылуға тиіс.
4. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес көмек банктерден басқа қаржы институттарына да қолданылады.
22-бап
Адамдарды, заттарды және орынды тінту және қарап тексеру
Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап адамдарды, заттарды және орынды тінту және қарап тексеру жүргізуі мүмкін. Осы мақсатта Сұрау салынатын Тарап, егер қажет болса, мәжбүрлеу шараларын қолданады. Егер сұрау салуда қамтылған ақпарат Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес мұндай шараларды айқындау үшін жеткіліксіз болса, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа өз заңнамасының мәжбүрлеу шараларын қолдану жөніндегі талаптары туралы хабарлауға және Сұрау салушы Тарапқа осы Шарттың 7-бабының 3-тармағына сәйкес қосымша ақпарат беруді ұсынуға тиіс.
23-бап
Тыйым салу
1. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап көмек сұратылып отырған қылмыспен байланысты кез келген заттарға, мүлікке, құралдар мен табыстарға тыйым салуға тиіс.
2. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап көмек сұратылып отырған, Сұрау салушы Тарапта қылмыстық тергеу кезінде дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін, тыйым салынған кез келген затты береді. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа берілетін, тыйым салынған кез келген затқа қатысты Сұрау салынатын Тарап белгілеген кез келген талаптарды сақтайды.
24-бап
Заттарды қайтару
Сұрау салушы Тарапқа Сұрау салынатын Тарап көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау кезінде, түпнұсқа құжаттарды қоса алғанда, берген заттарды, Сұрау салынатын Тарап, оларды қайтаруды талап етпейтін жағдайлардан басқа, Сұрау салынатын Тарапқа мүмкін болған бойда қайтаруға тиіс.
25-бап
Тәркілеу
1. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық
заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Тараптың заттарды, мүліктерді,
құралдарды немесе табыстарды тәркілеуді көздейтін сот шешімдерін тануы және орындауы мүмкін. Көмек көрсету туралы сұрау салуға Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапта танылуға және орындалуға жататын сот шешімінің түпнұсқасын немесе куәландырылған көшірмесін қоса беруге тиіс.
2. Сұрау салынатын Тарап осы баптың 1-тармағына сәйкес тәркіленген заттарды, мүлікті, құралдарды немесе табыстарды Тараптар келіскен талаптарға сәйкес Сұрау салушы Тарапқа толық немесе ішінара беруі мүмкін.
3. Осы баптың қолданылуы үшінші тараптардың адал ниетті
құқықтарына нұқсан келтірмеуге тиіс.
26-бап
Шығындарды өтеу
Тараптар бір-біріне өздерінің ұлттық заңнамаларында жол берілген, шығындарды өтеуге ықпал ететін көмекті көрсетеді. Көмек табыстарды өзінің заңды иесіне беруді қамтуға тиіс. Бұл ретте үшінші тараптардың адал ниетті құқықтары қозғалмауға тиіс.
27-бап
Ерікті түрде ақпарат алмасу
1. Кез келген Тараптың құзыретті органдары алдын ала сұрау салмай-ақ, өзінің тергеуіне немесе қылмыстық процесіне нұқсан келтірмей өздерінің тергеулері шеңберінде алынған ақпаратты, егер олар ақпараттың жария етілуі екінші Тарапта тергеуге немесе қылмыстық процеске бастамашылық жасауға немесе оны аяқтауға ықпал етуі мүмкін деп немесе осы Шартқа сәйкес екінші Тарапқа сұрау салуды жолдауға себепші болуы мүмкін деп пайымдаса, Орталық органдар арқылы екінші Тараптың құзыретті органдарына жібере алады.
2. Беруші Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдаушы Тарапқа мұндай ақпаратты пайдалану шарттарын белгілей алады. Мұндай жағдайларда беруші Тарап қабылдаушы Тарапты берілетін ақпараттың түпнұсқалылығы және белгіленген шарттар туралы алдын ала хабардар етуге тиіс.
3. Қабылдаушы Тарап, егер ақпараттың осындай шарттарға сәйкес берілуіне келісетін болса, осы шарттармен шектеледі.
4. Осы бап Тараптардың құзыретті органдарына жеке тұлғалар берген, екінші Тараптың юрисдикциясына жататын қылмыстарға байланысты ақпаратты беруге қатысты да қолданылады.
28-бап
Қылмыстық процестер, соттылық және үкімдер туралы ақпарат алмасу
Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап жүзеге асырылатын немесе аяқталған қылмыстық тергеулер, ақтау үкімдері, соттылық және ұқсас істер бойынша өздерінің құзыретті органдары үшін қаншалықты қолжетімді болса, сондай дәрежеде Сұрау салушы Тарапта қылмыстық тергеу үшін қажетті, Сұрау салынатын Тарапта шығарылған үкімдер туралы ақпаратты Сұрау салушы Тарапқа береді.
29-бап
Азаматтардың соттылығы туралы тұрақты ақпарат алмасу
1. Әрбір Тарап екінші Тарапқа бірінші Тараптың криминалистикалық есебіне енгізілген екінші Тараптың азаматтарына қатысты барлық соттылық және одан арғы шаралар туралы хабарлайды. Орталық органдар жылына кемінде бір рет аталған ақпаратты, егер ондай ақпарат болса, бір-біріне беруге тиіс. Ақпарат, егер тіптен өзіне қатысты ақпарат берілген адам екі Тараптың азаматы болып табылса да ұсынылуға тиіс.
2. Бұдан басқа, жоғарыда көрсетілген ақпаратты берген Тарап сұрау салу бойынша екінші Тарапқа нақты істер бойынша үкімдердің көшірмелерін және ол бойынша қабылданған шаралар туралы ақпаратты, сондай-ақ ұлттық деңгейде қандай да бір шараларды қолдану қажеттілігін қарау талап етілетін кез келген басқа да ақпаратты беруге тиіс.
30-бап
Құқық және оның практикада қолданылу мәселелері жөнінде ақпарат алмасу
Тараптар Сұрау салу бойынша көмек көрсету туралы және оларды практикада қолдану туралы көмек көрсету туралы сұрау салу түскен кезде немесе келіп түскен сұрау салуға қатысты қылмыс жасалған кезде өздерінің қолданыстағы заңдары мен қағидалары туралы ақпарат алмасады.
3-бөлім
Қорытынды ережелер
31-бап
Консультациялар
Осы Шартқа сәйкес Орталық органдар, егер қажет болса, көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау, жедел әрі тиімді көмек көрсетуге жәрдемдесу кезінде кез келген қиындықтарды шешу мақсатында консультациялар өткізеді, сондай-ақ осы мақсат үшін қажет болуы мүмкін практикалық шараларды келіседі.
32-бап
Дауларды реттеу
Осы Шартты қолдану, түсіндіру немесе іске асыру барысында туындаған кез келген дау, егер Орталық органдар консультациялар арқылы келісімге өздігінен қол жеткізе алмаса, дипломатиялық арналар арқылы шешілуге тиіс.
33-бап
Қылмыстық істер бойынша халықаралық құқықтық ынтымақтастыққа қатысты басқа да құралдармен үйлесімділік
1. Осы Шарттың ережелері кез келген Тараптың басқа халықаралық шарттар бойынша кез келген құқығына немесе міндеттемесіне нұқсан келтірмейді.
2. Осы Шарт қолданылатын басқа халықаралық конвенциялар, шарттар, келісімдер, уағдаластықтар немесе ұлттық заңнама ережелерінің негізінде Тараптардың бір-бірінен көмек сұрауына немесе көмек беруіне кедергі келтірмейді.
34-бап
Күшіне енуі және қолданысын тоқтатуы
1. Тараптар осы Шарттың күшіне енуі үшін қажетті өздерінің
мемлекетішілік рәсімдерін орындағаны туралы дипломатиялық ноталармен
біріне-бірі хабардар етуге тиіс. Осы Шарт соңғы дипломатиялық нота
алынған күннен кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.
2. Осы Шарт күшіне енген күні немесе одан кейін, егер тіпті көмек сұратылып отырған шеңбердегі қылмыстық тергеу осы күнге дейін жасалған болса да, берілген кез келген Сұрау салуға қолданылады.
3. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа жеке
хаттамалармен ресімделетін және осы Шарттың ажырамас бөліктері болып
табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы баптың 1-тармағында белгіленген тәртіппен күшіне енеді.
4. Осы Шарт Тараптардың бірі екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы өзінің осы Шарттың қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты (6) ай өткен соң қолданысын тоқтатады. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның қолданысы кезеңінде басталған құқықтық көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар олар толық аяқталғанға дейін күшінде қалады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
201___ жылғы «________» __________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ, чех және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басымдыққа ие болады.
Қазақстан Республикасы Чех Республикасы
үшін үшін
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Шарттың чех және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.