ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 11 желтоқсандағы
709 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба
Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі «Уағдаласушы Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Жапония,
Уағдаласушы Тараптар арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында инвестицияларды көтермелеуге тілек білдіре отырып;
бір Уағдаласушы Тарап инвесторларының екінші Уағдаласушы Тарап аумағында инвестициялар салуын ұлғайту үшін орнықты, тең құқықты, қолайлы және ашық жағдайлар жасауға ниет білдіре отырып;
инвесторлардың бастамаларын ынталандыру және екі Уағдаласушы Тараптың өркендеуін қамтамасыз ету үшін инвестицияларды прогрессивтік көтермелеудің өскелең маңызы барын мойындай отырып;
Уағдаласушы Тараптар аумағында денсаулық сақтау, қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау салаларында қолданылатын нормалар мен стандарттарды босаңсытпай, осы мақсаттарға қол жеткізуге болатынын мойындай отырып;
Уағдаласушы Тараптар арасында инвестицияларды ілгерілетуде персонал мен басшылық арасындағы корпоративтік қарым-қатынастардың маңызды екенін мойындай отырып;
осы Келісімнің шетелдік инвестицияларды жүзеге асырудың халықаралық қағидаларын дамытуға қатысты халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететініне тілек білдіре отырып;
осы Келісімнің Уағдаласушы Тараптар арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдете түсетініне сене отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
1. «Инвестициялар» деген термин инвесторға тиесілі немесе оның тікелей немесе жанама басқаруындағы активтердің кез келген түрін білдіреді, оның ішінде мыналар да бар:
(а) заңды тұлға, сондай-ақ оның филиалы;
(b) акциялар, үлестер немесе кәсіпорынға үлестік қатысудың басқа да нысандары, оған қоса олардан туындайтын құқықтар;
(с) облигациялар, борыштық міндеттемелер, несиелер және борыштың басқа да нысандары, оған қоса олардан туындайтын құқықтар;
(d) «пайдалануға даяр етіп тапсыру» келісімшарттарын, құрылыс, басқару, өндіріс шарттарын немесе табыстарды бөлу келісімшарттарын қоса алғанда, келісімшарттарға сәйкес құқықтар;
(е) ақшалай талаптар және келісімшартқа сәйкес коммерциялық құндылығы бар кез келген жұмыс;
(f) зияткерлік меншік құқығы (оның ішінде: авторлық құқықтар және сабақтас құқықтар, патенттер және пайдалы модельдерге, сауда маркаларына, өнеркәсіптік үлгілерге, интегралдық микросхемалардың топологияларына, жаңа өсімдік сұрыптарына, тауарлар шығарылған жерлерге немесе географиялық нұсқаулар мен құпия ақпаратқа қатысты құқықтар);
(g) қабылдаушы мемлекеттің заңдары мен нормативтік актілеріне немесе табиғи ресурстарды барлауға және игеруге арналған келісімшарттарды қоса алғанда, концессиялық, лицензиялық келісімшарттар, рұқсаттар мен рұқсаттамалар сияқты келісімшарттарға сәйкес берілген құқықтар;
(h) басқа да кез келген материалдық және материалдық емес, жылжымалы және жылжымайтын мүлік және жалға алу, ипотека, ұстап қалу құқығы және кепілге беру сияқты кез келген ілеспе меншік құқықтары.
Инвестициялар инвестициялардан алынатын табыстарды, атап айтқанда, капиталдан түсетін пайданы, пайызды, табыстарды, дивидендтерді, гонорарларды және төлемдерді қамтиды. Активтер инвестицияланатын нысандағы өзгеріс олардың инвестиция ретіндегі сипатын қозғамайды.
2. «Уағдаласушы Тараптың инвесторы» деген термин екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестицияларды жүзеге асыруды ниет еткен, жүзеге асырып жатқан немесе жүзеге асырған мынадай жеке немесе заңды тұлғаны білдіреді:
(а) осындай Уағдаласушы Тарап мемлекетінің заңдарына және нормативтік актілеріне сәйкес оның азаматтығына ие жеке тұлға; немесе
(b) осындай Уағдаласушы Тараптың кез келген заңды тұлғасы.
Ескерту: осы баптың мақсатында «жүзеге асыруды ниет етеді» деген термин Уағдаласушы Тарап инвесторының инвестицияларды одан әрі жүзеге асыруға рұқсат беретін рұқсат немесе лицензия алуға өтінім беру сияқты, инвестицияларды жүзеге асыруға қажетті нақты қадамдар жасағандығын білдіреді.
3. «Уағдаласушы Тараптың кәсіпорны» деген термин пайда алу мақсатында немесе ондай мақсатсыз осы Уағдаласушы Тараптың заңдарына және нормативтік актілеріне сәйкес тиісті түрде құрылған немесе ұйымдастырылған, кез келген корпорацияны, серіктестікті, жеке меншіктегі компанияны, бірлескен кәсіпорынды, қауымдастықты, ұйымды немесе компанияны қоса алғанда, жекеше немесе мемлекетке тиесілі не мемлекеттің басқаруындағы болып табылатын кез келген заңды тұлғаны білдіреді.
4. «Инвестициялық қызмет» деген термин инвестициялармен жұмыс, оларды басқару, оларға қызмет көрсету, оларды пайдалану, олардан пайда табу, оларды сату немесе оларға басқа да билік ету жөніндегі қызметті білдіреді.
5. «Аумақ» деген термин Уағдаласушы Тарапқа қатысты:
(а) осындай Уағдаласушы Тараптың аумағын; және
(b) халықаралық құқық нормаларына сәйкес осы Уағдаласушы Тараптың мемлекеті оған қатысты егемендік құқығын немесе юрисдикциясын жүзеге асыратын арнайы экономикалық аймақты және континенттік қайраңды білдіреді.
6. «Еркін қолданылатын валюта» деген термин Халықаралық валюта қоры Келісімінің баптарында айқындалғандай, еркін қолданылатын валютаны білдіреді.
2-бап
1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына бұл қаншалықты мүмкін болатынына қарай жәрдемдеседі және оның қолданылатын заңдарға және қағидаларға сәйкес өкілеттіктерді жүзеге асыруға, оның ішінде шетелдік меншікке және бақылауға қатысты құқықтарын ескере отырып, осындай инвестицияларды мойындайды.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз аумағындағы инвестициялық ахуалды екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының және олардың инвестицияларының мүддесінде одан әрі жақсарту үшін тиісті шаралар қабылдайды. Бұл тұрғыдан, әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларына қатысты осы Келісім күшіне енген күні болған, инвестициялық қызметке байланысты өздерінің шектеу шараларын азайтуға немесе жоюға, сондай-ақ инвестицияларды құруға, сатып алуға және кеңейтуге ұмтылатын болады.
3-бап
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторлары мен олардың инвестицияларына олардың инвестициялық қызметтеріне қатысты осыған ұқсас жағдайлар кезінде өзінің жеке инвесторларына және олардың инвестицияларына ұсынатын режимнен қолайлылығы кем емес режим ұсынады.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап жоғарыда көрсетілген 1-тармаққа нұқсан келтірместен, өзінің аумағында екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициялық қызметіне байланысты арнайы қағидаларды белгілей алады, мұндай арнайы қағидалар осы инвесторлардың осы Келісімге сәйкес құқықтарын бұзбауы шарт.
4-бап
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларына инвестициялық қызметке және инвестициялардың түсуімен байланысты мәселелерге қатысты осыған ұқсас жағдайларда Уағдаласушы Тарап болып табылмайтын мемлекеттің инвесторларына ұсынатын режимнен қолайлылығы кем емес режим ұсынады.
2. Жоғарыда көрсетілген 1-тармақтың ережелері:
(а) жер меншігін сатып алуға байланысты мәселелерге;
(b) екінші Тараптың немесе Тарап болып табылмайтын мемлекеттің инвесторларына және олардың инвестицияларына өзара түсіністік негізде Тарап ұсынатын кез келген режимге;
(c) өсімдіктердің жаңа сұрыптарын қорғауды, авиацияны, балық аулауды және теңіз мәселелерін қамтитын кез келген екіжақты және көпжақты халықаралық шарттарға мүше болу нәтижесінде туындайтын кез келген басымдықты режимге қолданылмайды.
3. Осы баптың 1-тармағының ережелері Уағдаласушы Тараптардың біреуін Уағдаласушы Тараптардың бірі қатысушысы болып табылатын немесе болашақта қатысушысы болуы мүмкін, кез келген қазіргі немесе болашақ кеден одағына немесе экономикалық немесе валюталық одаққа, еркін сауда аймағына немесе осыларға ұқсас халықаралық шарттардың кез келгеніне байланысты кез келген басымдықты режимді екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына қолдануға міндеттеуші ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
5-бап
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың инвестицияларына әділ және тең құқықты режимді, сондай-ақ инвестициялардың толық қорғалуы мен қауіпсіздігін ұсынады.
2. Уағдаласушы Тараптың ешқайсысы өз аумағы шегінде екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициялық қызметіне кез келген жүгенсіз шаралармен кедергі келтірмеуге тиіс.
3. Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициялары мен инвестициялық қызметіне қатысты қабылдайтын міндеттемелерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
6-бап
Әрбір Уағдаласушы Тарап өз аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына өз құқықтарын қорғау кезінде барлық деңгейдегі сот және әкімшілік органдарға қол жеткізуге қатысты осыған ұқсас жағдайларда өзінің инвесторларына немесе осы Келісімнің Тарапы болып табылмайтын кез келген екінші Тараптың инвесторларына өзі ұсынатын режимнен қолайлылығы кем емес режим ұсынады.
7-бап
1. Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы өз аумағында екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициялық қызметіне байланысты, осы инвестор жүзеге асыратын инвестицияларды қабылдаған күні болған талаптарды қоспағанда, осы баптың (а)-дан (l)-ге дейін атап санамаланған кез келген талаптарды орындауды жүктей алмайды немесе оған мәжбүрлей алмайды. Уағдаласушы Тараптың өз аумағында екінші Уағдаласушы Тарап инвесторының инвестициялық қызметіне байланысты белгіленген немесе өзінің құқықтық санкциясымен қамтамасыз етілген ешбір талап осы инвестор:
(а) тауарлардың немесе көрсетілетін қызметтердің белгілі бір көлемін немесе пайыздық үлесін экспорттауды;
(b) жергілікті қамтудың белгілі бір деңгейіне немесе пайыздық үлесіне қол жеткізуді;
(с) өз аумағында өндірілетін тауарларды немесе көрсетілетін қызметтерді сатып алуды, пайдалануды немесе оларға артықшылық беруді немесе өз аумағында жеке немесе заңды тұлғалардан немесе кез келген басқа кәсіпорыннан тауарларды немесе көрсетілетін қызметтерді сатып алуды;
(d) импорттың көлемін немесе құнын экспорттың көлемімен немесе құнымен немесе осы инвестордың инвестицияларына байланысты шетелдік валюта ағындарының сомасымен қандай да бір түрде сәйкестендіруді;
(e) өзінің аумағында осы инвестордың инвестициялары арқасында өндірілетін немесе көрсетілетін тауарларды немесе қызметтерді сатуды оның экспортының көлемімен немесе құнымен немесе валюталық табыспен қандай да бір түрде байланыстыра отырып, осындай сатуларға шектеу қоюды;
(f) экспортқа әкетуге немесе сатуға шектеу қоюды;
(g) белгілі бір азаматтығы бар адамдарды басшы, менеджер немесе директорлар кеңесінің мүшесі етіп тағайындауды;
(h) өзінің аумағындағы заңды немесе жеке тұлғаға немесе кез келген басқа кәсіпорынға мынадай:
(і) бәсекелестік туралы ұлттық заңнаманы болжамды бұзушылықтарды жою үшін сот немесе бәсекелестікті қорғау саласындағы құзыретті орган талап салған немесе қойған:
(іі) талап өзі қатысушысы болып табылатын зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы қандай да бір қолданылатын көпжақты келісімге қарама-қайшы келмейтін тәртіппен қабылданған зияткерлік меншік құқығын беруге қатысты болған жағдайлардан басқасында, технологияны, өндіріс процесін немесе басқа патенттелген білімді беруді;
(і) осы инвестордың бас офисін өз аумағындағы белгілі бір өңірде немесе әлемдік нарықта орналастыруды;
(j) өз мемлекетінің азаматы болып табылатын адамдардың белгілі бір санын немесе пайыздық үлесін жалдауды;
(k) өз аумағында ғылыми зерттеулердің белгілі бір деңгейіне немесе құнына қол жеткізуді;
(l) инвестор шығаратын бір немесе одан да көп тауарларды немесе инвестор белгілі бір өңірге немесе әлемдік нарыққа көрсететін қызметтерді тек Уағдаласушы Тараптың аумағынан беруді жүзеге асыратын, инвестицияларды қабылдаған күні болған шектеулерге қарағанда неғұрлым шектеулі бола алмайды.
8-бап
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің инвестициялық қызметке қатысы бар немесе оны қозғайтын нормативтік-құқықтық актілерін, әкімшілік ресімдерді, әкімшілік қаулыларды, сот шешімдерін, сондай-ақ халықаралық шарттарды дереу жариялайды немесе жалпыға қолжетімді етеді.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың жазбаша сұрау салуына дереу жазбаша түрде жауап береді және екінші Уағдаласушы Тарапты, әрбір Уағдаласушы Тарап инвестициялар саласында жасасатын шартқа байланысты мәселелерді қоса алғанда, осы баптың 1-тармағында жазылған мәселелер бойынша ақпаратпен қамтамасыз етеді.
3. Жоғарыда көрсетілген 1 және 2-тармақтардың ережелері кез келген Уағдаласушы Тарапты ашылуы заңды қызметке кедергі келтіретін немесе қоғамдық мүддеге өзгеше қайшы келетін не жеке өмірге немесе заңды коммерциялық мүддеге қол сұқпаушылыққа нұқсан келтіретін құпия ақпаратты ашуға міндеттеуші болып түсіндірілмеуге тиіс.
9-бап
Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің заңдарына және нормативтік актілеріне сәйкес, төтенше жағдайларды не табиғаттың дүлей құбылыстарын қоспағанда, осы Келісімге байланысты мәселелерді қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдау, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе олардың күшін жою алдында жұртшылықты хабардар ету және оның пікірін білу үшін тиісті мүмкіндікті қамтамасыз етуге ұмтылады.
10-бап
Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Келісімге қатысты мәселелер бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында қолданылатын шаралар мен күш-жігердің өз мемлекетінің заңдары мен нормативтік актілеріне сәйкес жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.
11-бап
Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің заңдарына және нормативтік актілеріне сәйкес, инвестициялық қызметті жүзеге асыру мақсатында бірінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағына кіруге және онда қалуға ниет білдірген, екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің азаматтығы бар жеке тұлғалардың келу, болу, тұру жөніндегі өтініштерді қарауға, сондай-ақ олардың жұмыс істеуіне рұқсат беруге ерекше назар аударады.
12-бап
1. Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы өз аумағында:
(а) қоғамдық мақсаттарда;
(b) кемсітпеушілік негізде;
(с) төменде көрсетілген 2, 3 және 4-тармақтарына сәйкес дереу, шамалас және тиімді өтемақылар төлей отырып;
(d) тиісті заңды рәсімге және осы Келісімнің 5-бабына сәйкес қабылданатын шараларды қоспағанда, екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларын экспроприацияламайды (бұдан әрі - экспроприация) немесе мемлекет меншігіне алмайды немесе экспроприациялауға немесе мемлекет меншігіне алуға баламалы кез келген шараларды қолданбайды.
2. Өтемақы экспроприация туралы көпшілікке жарияланған немесе экспроприация болған кезеңде, олардың қайсысы бұрын болғанына қарай, экспроприацияланған инвестициялардың әділ нарықтық құнына баламалы болуға тиіс. Әділ нарықтық құн экспроприация туралы көпшілікке бұрын белгілі болуы салдарынан орын алған құндағы кез келген өзгерісті көрсетпеуге тиіс.
3. Өтемақы кідіріссіз төленуге және төлем мерзіміне дейінгі уақыт кезеңін ескере отырып, әділ нарықтық мөлшерлеме бойынша пайызды қамтуға тиіс. Өтемақы экспроприация күні қолданыста болған валютаның нарықтық айырбастау бағамы бойынша мүдделі инвесторлардың Уағдаласушы Тарапы мемлекетінің валютасына және еркін қолданылатын валютаға тиімді түрде өткізілуге және еркін аударылуға және еркін айырбасталуға тиіс.
4. Экспроприациялау нәтижесінде шығын шеккен инвесторлар осы бапта жазылған қағидаттарға сәйкес инвесторлар істерінің жедел қаралуы және өтемақы сомасының айқындалуы мақсатында, осы Келісімнің 17-бабының ережелеріне нұқсан келтірместен, экспроприациялауды жүзеге асыратын Уағдаласушы Тараптың сот және төрелік органдарына қол жеткізу құқығына ие болуға тиіс.
13-бап
1. Уағдаласушы Тараптардың кез келгені осы бірінші Уағдаласушы Тарап аумағындағы революция, көтеріліс, азаматтық тәртіпсіздіктер не кез келген басқа осыған ұқсас жағдайлар сияқты қарулы қақтығыс не төтенше жағдай салдарынан өздерінің бірінші Уағдаласушы Тарап аумағындағы инвестицияларына байланысты залал немесе шығын шеккен екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларына реституцияға, өтеуге, өтемақыға немесе кез келген басқа реттеуге қатысты, олардың қайсысы екінші Уағдаласушы Тарап инвесторлары үшін барынша қолайлы болып табылатынына қарай, оның өз инвесторларына немесе кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына ұсынғаннан қолайлылығы кем емес режимді ұсынады.
2. Жоғарыда көрсетілген 1-тармақта айтылған реттеу құралы ретінде кез келген өтемақы төлеу кезінде қолданыста болған нарықтық валюта айырбастау бағамы бойынша Уағдаласушы Тарап мемлекетінің немесе мүдделі инвесторлардың валютасына және еркін қолданылатын валютаға тиімді өткізілуге, еркін аударылуға және еркін айырбасталуға тиіс.
14-бап
1. Егер Уағдаласушы Тарап немесе оның уәкілетті органы осындай Уағдаласушы Тараптың кез келген инвесторына осындай инвестордың екінші Уағдаласушы Тарап аумағындағы инвестицияларына қатысты кепілдік немесе сақтандыру шарттарына сәйкес төлем жүргізсе, онда соңғы Уағдаласушы Тарап:
(а) осындай инвестордың өзінің негізінде осындай төлем жүргізілетін кез келген құқығын немесе талабын бірінші Уағдаласушы Тарапқа немесе оның уәкілетті органына беруді;
(b) бірінші Уағдаласушы Тараптың немесе оның уәкілетті органының кез келген осындай құқықты немесе талапты суброгацияға орай инвестордың бастапқы құқығы немесе талабы сияқты дәрежеде жүзеге асыру құқығын мойындайды.
2. Бірінші Уағдаласушы Тарап немесе оның уәкілетті органы жоғарыда 1(а) - тармақта көрсетілгендей, құқықтың немесе талаптың ауысуы және төлемдерге қайта жол беру негізінде жүзеге асырылатын төлемдерге қатысты осы Келісімнің 12, 13 және 15-баптары mutatis mutandis қолданылуға тиіс.
15-бап
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарап инвесторының аумағындағы инвестицияларға байланысты барлық аударымдар оның заңдары мен нормативтік актілерінде белгіленген рәсімдерді сақтай отырып, оның аумағында және оның аумағынан кедергісіз еркін жүзеге асырылу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бұл төлемдерде, атап айтқанда, мыналар:
(а) инвестицияларды қамтамасыз ету не ұлғайту мақсатында бастапқы капитал және қосымша сомалар;
(b) пайда, пайыз, капитал құнының өсімі, дивидендтер, гонорарлар, төлемдер және инвестициялардан алынатын ағымдағы басқа да табыстар;
(с) инвестицияларға байланысты қарыз бойынша төлемдерді қоса алғанда, келісімшартқа сәйкес жасалған төлемдер;
(d) инвестицияларды толық немесе ішінара сатудан немесе жоюдан түскен табыстар;
(e) бірінші Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестицияларды жүзеге асыруға байланысты жұмыс істейтін, екінші Уағдаласушы Тараптың мемлекетінде жалданған персоналға төленетін табыс және сыйақы;
(f) осы Келісімнің 12 және 13-баптарына сәйкес жасалған төлемдер;
(g) осы Келісімнің 17-бабына сәйкес дауды реттеуден туындайтын төлемдер, бірақ тек олар ғана емес, қамтылады.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап одан әрі осы аударымдардың әрбір аударым күні қолданыста болған валютаның нарықтық бағамы бойынша еркін айырбасталатын валютада кідіріссіз жүзеге асырылу мүмкіндігіне кепілдік береді.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына нұқсан келтірместен, Уағдаласушы Тарап аударымды өз мемлекетінің ұлттық заңнамасының:
(а) банкроттыққа, төлем қабілетсіздікке немесе кредит берушілердің құқықтарын қорғауға;
(b) бағалы қағаздарды шығаруға, сатуға не олармен мәмілелер жасауға;
(с) әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылыққа; немесе
(d) сот бұйрықтарын немесе шешімдерін орындауды қамтамасыз етуге қатысты нормаларын тең құқылы түрде қолдану арқылы кідіртуі немесе болдырмауы мүмкін.
16-бап
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Келісімнің қолданысын қозғайтын кез келген мәселеге қатысты екінші Уағдаласушы Тарап ұсына алатын наразылық талаптары бойынша консультациялар өткізуге ерекше назар аударады және оған барабар мүмкіндік береді.
2. Уағдаласушы Тараптар арасындағы осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты, дипломатиялық жолмен шешілмеген кез келген дау шешу үшін аd hос төрелік сотына жіберіледі. Осы төрелік сот үш төрешіден, бір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптан дауды төрелік шешу талабын алған күннен бастап отыз күн ішінде әрбір Уағдаласушы Тараптан тағайындалған бір-бір төрешіден және осы екі төреші төраға ретіндегі келіскен, ол да келесі отыз күн ішінде таңдалған үшінші төрешіден құралады, мұндағы шарт, үшінші төреші кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің азаматы болмауға тиіс.
3. Егер әрбір Уағдаласушы Тарап тағайындаған төрешілер осы баптың 2-тармағында көрсетілген келесі отыз күн ішінде үшінші төрешіні келісіп алмаса, онда Уағдаласушы Тараптар БҰҰ-ның Халықаралық сотының төрағасына кез келген Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің азаматы болмауға тиіс үшінші төрешіні тағайындауды сұрап өтініш жасайды.
4. Төрелік сот өзінің шешімдерін қажетті уақыт кезеңі ішінде көпшілік дауыспен қабылдайды. Бұл шешімдер түпкілікті және міндетті болуға тиіс.
5. Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің жеке төрешісінің шығыстарын және оның төрелік процесінде өкілдік ету шығыстарын көтереді. Төрелік сот төрағасының міндеттерін орындау бойынша оның шығыстары және төрелік соттың қалған шығындары Уағдаласушы Тараптар арасында тең бөлінеді.
17-бап
1. Осы баптың мақсаты үшін:
(а) «инвестициялық дау» Уағдаласушы Тарап пен екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторы арасындағы, шығынның немесе залалдың не бір Уағдаласушы Тараптың осы Келісімге сәйкес екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторына немесе оның бірінші Уағдаласушы Тараптың аумағындағы инвестицияларына қатысты кез келген міндеттемені болжамды бұзушылығы салдарынан туындаған дауды білдіреді;
(b) «Дауласушы инвестор» инвестициялық даудың тарапы болып табылатын инвесторды білдіреді;
(с) «Дау Тарапы» инвестициялық даудың тарапы болып табылатын Уағдаласушы Тарапты білдіреді;
(d) «Дауласушы тараптар» дау тарапын және дауласушы инвесторды білдіреді.
2. Осы баптың ережелері дауласушы инвестордың дау тарапының аумағында дауды әкімшілік жолмен немесе сотта реттеуге қол жеткізуіне кедергі келтіруші ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
3. Инвестициялық дау мүмкіндігіне қарай, дауласушы инвестор мен дау тарапы арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы бейбіт жолмен реттелуге тиіс.
4. Егер инвестициялық дау дауласушы инвестор жазбаша түрде консультацияларды немесе келіссөздерді сұраған күннен бастап үш айдың ішінде осындай консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіле алмаса және егер дауласушы инвестор инвестициялық дауды шешу үшін сот немесе әкімшілік органдарға немесе органға ұсынбаса, онда дауласушы инвестор инвестициялық дауды мынадай халықаралық бітімгерлік іс жүргізу немесе төрелік соттардың біріне:
(а) Уағдаласушы Тараптардың екеуі де Инвестициялық дауларды реттеу бойынша конвенцияның (осы бапта бұдан әрі - ИДРХК конвенциясы) қатысушылары болған жағдайда, 1965 жылғы 18 наурызда Вашингтонда қол қойылған Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу бойынша конвенцияға сәйкес бітімгерлікке немесе төрелікке;
(b) Уағдаласушы Тараптардың тек біреуі ғана ИДРХК конвенциясының қатысушысы болып табылатын жағдайда, Инвестициялық дауларды реттеуге арналған халықаралық орталықтың қосымша алаң қағидаларына сәйкес бітімгерлікке немесе төрелікке;
(с) БҰҰ-ның Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының Төрелік регламентіне сәйкес төрелікке; және
(d) Дауласушы тараппен келісілген жағдайда, басқа Төрелік регламентіне сәйкес кез келген төрелікке ұсына алады.
5. Төрелік сотының қолданылатын қағидалары жоғарыда көрсетілген 4-тармаққа сәйкес қалыптастырылған төрелікке осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.
6. Инвестициялық дауды осы баптың 4-тармағына сәйкес бітімгерлікке немесе төрелікке беруге ниет білдірген дауласушы инвестор оны бергенге дейін кемінде 90 күн бұрын Дауласушы тарапты бұл туралы жазбаша түрде хабардар етуге тиіс. Осындай хабарламада:
(а) дауласушы инвестордың атауы және мекенжайы;
(b) Дауласушы тараптың белгілі бір шаралары және осы Келісімге сәйкес болжамды түрде бұзылған міндеттемелерді қоса алғанда, инвестициялық даудың проблеманы анық ұғыну үшін жеткілікті іс жүзіндегі және құқықтық негіздерінің қысқаша түйіндемесі;
(с) дауласушы инвестор таңдайтын, осы баптың 4-тармағында тұжырымдалған бітімгерлік немесе төрелік; және
(d) шығындарды қанағаттандырудың талап етілетін нысаны және шамалас сомасы болуға тиіс.
7. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы арқылы дауласушы инвестордың инвестициялық дауларды осы баптың 4-тармағында тұжырымдалған бітімгерлікке немесе төрелікке дауласушы инвестордың таңдауы бойынша беруіне келіседі.
8. Жоғарыда көрсетілген 7-тармақта берілген келісім және дауласушы инвесторлардың талаптарды төрелікке ұсынуы мынадай талаптарды:
(а) дауласушы тараптардың жазбаша келісімі бөлігінде ИДРХК конвенциясының II тарауын немесе Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың қосымша алаң қағидаларын; және
(b) жазбаша келісім бөлігінде 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йорк қаласында қол қойылған Шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындау туралы Конвенцияның (бұдан әрі - Нью-Йорк Конвенциясы) II бабын қанағаттандыруға тиіс.
9. Осы баптың 7-тармағына нұқсан келтірместен, егер дауласушы инвестор қайсысы бұрын болғанына байланысты, дауласушы инвестор осы баптың 1(а)-тармағында айтылған шығындарға немесе залалдарға ұшыраған болса, ол туралы дауласушы инвестор хабардар болған немесе хабардар болуға тиіс күннен бастап үш жылдан астам уақыт өткен болса, ешқандай талап осы баптың 4-тармағына сәйкес бітімгерлікке немесе төрелікке жіберіле алмайды.
10. Осы баптың 4-тармағына нұқсан келтірместен, дауласушы инвестор Дауласушы тарап мемлекетінің заңдарына және нормативтік актілеріне сәйкес әкімшілік немесе сот органында шығын төлемі қосылмайтын уақытша сот тыйымы бойынша қуынымға бастамашы бола алады немесе ол бойынша талқылауды жалғастыра алады.
11. Егер дауласушы тараптар өзгеше келіспесе, осы баптың 4-тармағына сәйкес қалыптастырылған төрелік үш төрешіні қамтуға тиіс: әрбір дауласушы тараптан бір төрешіден тағайындалады және үшінші төреші (төрағалық етуші төреші) екі дауласушы тараптың келісілген шешімімен тағайындалады. Егер дауласушы инвестор немесе дауласушы тарап инвестициялық дау төреліктің қарауына берілген күннен бастап 60 күн ішінде төрешіні немесе төрешілерді тағайындамаса, Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі Халықаралық орталықтың (бұдан әрі - «ИДРХО») Бас хатшысы дауласушы тараптардың кез келгенінің сұрау салуы бойынша, осы баптың 12 және 13-тармақтарының ережелеріне сәйкес төрешіні немесе төрешілерді ИДРХО төрешілері комиссиясының ішінен тағайындауы мүмкін.
12. Егер дауласушы тараптар өзгеше уағдаласпаса, үшінші төреші кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің азаматы болмауға тиіс, оның Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің аумағында тұрақты тұрғылықты жерге құқығы болмауға тиіс, ол Дауласушы тараптардың кез келгенінің қызметкері болмауға тиіс, инвестициялық дауға кез келген көріністе қатысы болмауға тиіс.
13. Осы баптың 4-тармағында айтылған төрелік жағдайында Дауласушы тараптардың әрқайсысы осындай Тарап үшін азаматтарын төреші етіп тағайындауға жол берілмейтін үш мемлекетті атап көрсете алады. Бұл жағдайда, ИДРХО Бас хатшысы Дауласушы тараптардың кез келгені азаматтығын белгілеген кез келген адамды төреші етіп тағайындамайды.
14. Егер дауласушы тараптар өзгеше уағдаласпаса, төрелік Нью-Йорк Конвенциясының қатысушысы болып табылатын мемлекетте өткізілуге тиіс.
15. Осы баптың 4-тармағына сәйкес қалыптастырған төрелік дауды шешу кезінде осы Келісімді және халықаралық құқықтың тиісті нормаларын басшылыққа алады.
16. Дауласушы тарап екінші Уағдаласушы Тарапқа:
(а) дау төрелікке жіберілген күннен бастап 30 күннің ішінде осындай жіберу туралы жазбаша хабарламаны; және
(b) төрелікке берілген барлық өтінішхаттардың көшірмелерін жібереді.
17. Дауласушы тарап болып табылмайтын Уағдаласушы Тарап дауласушы тараптарды бұл туралы жазбаша хабардар ете отырып, осы Келісімді түсіндіру үшін төрелік сотқа жүгіне алады.
18. Төрелік дауласушы инвестордың құқықтарын қорғау мақсатында немесе төрелік сот ісін жүргізуге жәрдемдесудің уақытша қолдампаздық шаралары туралы шешім, оның ішінде Дауласушы тараптардың кез келгенінің меншігінде немесе бақылауында тұрған заттай айғақтарды қорғау шешімін де қабылдай алады. Төрелік сот осы баптың 1(а)-тармағында айтылған бұзушылықтарды болжамды түрде қамтитын шараны қосымша түрде белгілеуге немесе ұйғармауға тиіс.
19. Төрелік шығарған шешімде:
(а) Дауласушы Тараптың осы Келісімге сәйкес белгілі бір міндеттемелерді дауласушы инвесторға және оның инвестицияларына қатысты бұзуының болғаны немесе болмағаны туралы қорытынды; және
(b) осындай бұзушылық болған кезде өтеу туралы шешім қамтылуға тиіс. Өтеу туралы шешім төмендегілердің біреуін немесе екеуін де:
(і) ақшалай шығындарды және тиісті пайыздарды төлеуді; және
(іі) меншікті реституциялауды қамтуға тиіс, бұл жағдайда шешімде Дауласушы тараптың меншік реституциясының орнына ақшалай шығындарды және тиісті пайыздарды төлей алатыны көрсетіледі.
Шешімде төрелік сот ісін жүргізудің қолданылатын нормаларына сәйкес шығыстарды бөлу де айқындалуы мүмкін.
20. Жоғарыда көрсетілген 19-тармаққа сәйкес шығарылған шешім Дауласушы тараптар үшін түпкілікті және міндетті болуға тиіс. Дауласушы тарап шешімді сөзсіз орындауға және өз аумағында шешімнің өз заңдарына және нормативтік актілеріне сәйкес орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.
21. Егер екінші Уағдаласушы Тарап осындай инвестициялық дауға қатысты шығарылған шешімді сақтамаса және орындамаса ғана, Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы бір Уағдаласушы Тарап және екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторы осы баптың 4-тармағына сәйкес төрелікке беруге келіскен немесе берген инвестициялық дауға қатысты дипломатиялық қорғау ұсынуға немесе халықаралық талап қоюға тиіс емес. Осы тармақтың мақсатында дипломатиялық қорғау инвестициялық дауды реттеуді жеңілдету мақсатында ресми емес дипломатиялық ақпарат алмасуды қамтымайды.
18-бап
1. Осы Келісімнің 13-бабының ережелерін қоспағанда, осы Келісімнің кез келген басқа ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы:
(а) өз қауіпсіздігінің елеулі мәселелерін қорғау үшін өзі қажетті деп санайтын:
(і) осы Уағдаласушы Тарап мемлекетінде немесе халықаралық қатынастарда соғыс немесе қарулы қақтығыс немесе басқа да төтенше жағдай кезінде қабылданған; немесе
(іі) қаруды таратпау жөніндегі ұлттық саясатты немесе халықаралық шарттарды орындауға байланысты;
(b) бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі БҰҰ Жарғысы бойынша міндеттемелеріне сәйкес кез келген шараларды қабылдай алады.
2. Уағдаласушы Тарап осы Келісімнің 13-бабының ережелерін қоспағанда, осы Келісімнің ережелеріне сәйкес өз міндеттемелеріне сәйкес келмейтін кез келген шараларды жоғарыда көрсетілген 1-тармаққа сәйкес қабылдаған жағдайда, мұндай Уағдаласушы Тарап осындай шараларды міндеттемелерден жалтару құралы ретінде пайдаланбайтын болады.
19-бап
1. Уағдаласушы Тарап:
(а) төлем балансына байланысты елеулі қиындықтар және сыртқы қаржылық қиындықтар немесе оларға байланысты қатерлер жағдайында;
(b) айрықша жағдайларда, капитал қозғалысы макроэкономикалық реттеу үшін, атап айтқанда ақша-кредит және валюта саясаты үшін елеулі қиындықтар тудыратын немесе олардың туындау қатерін төндіретін жағдайларда, осы Келісімнің 3-бабына сәйкес капиталмен жасалатын халықаралық операцияларға қатысты өз міндеттемелеріне және осы Келісімнің 15-бабына сәйкес келмейтін шараларды қабылдауы немесе қолдауы мүмкін.
2. Жоғарыда көрсетілген 1-тармақта айтылған шаралар:
(а) шаралар қабылдайтын Уағдаласушы Тарап аталған баптардың қатысушысы болып табылатын жағдайда, Халықаралық валюта қоры Келісімінің баптарымен үйлесімді болуға тиіс;
(b) жоғарыда көрсетілген 1-тармақта жазылған жағдайларға қатысы бар қажетті шаралардан аспайды;
(с) уақытша болуға және мүмкіндігінше жойылуға тиіс;
(d) екінші Уағдаласушы Тараптың назарына дереу жеткізілуге тиіс; және
(е) екінші Уағдаласушы Тараптың коммерциялық, экономикалық және қаржылық мүдделері үшін негізсіз шығындардан аулақ болуға тиіс.
3. Осы Келісімдегі ешнәрсе Уағдаласушы Тараптың Халықаралық валюта қоры Келісімі баптарының қатысушысы ретінде болған құқықтары мен қабылданған міндеттемелерін өзгерту ретінде бағаланбауға тиіс.
20-бап
1. Осы Келісімнің кез келген басқа ережелеріне нұқсан келтірместен, Уағдаласушы Тарап инвесторларды, депоненттерді, сақтандырушыларды қорғау немесе оның алдында қаржылық қызмет көрсететін кәсіпорынның фидуциарлық міндеттемесі бар адамдарды қорғау жөніндегі немесе оның қаржылық жүйесінің тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қоса алғанда, қаржылық қызметтерге байланысты шараларды қабылдауда шектелмеуге тиіс.
2. Уағдаласушы Тарап жоғарыда көрсетілген 1-тармаққа сәйкес, осы Келісімнің ережелерімен үйлеспейтін кез келген шараны қабылдаған жағдайларда, Уағдаласушы Тарап мұндай шараны өз міндеттемелерінен жалтару құралы ретінде пайдаланбауға тиіс.
21-бап
1. Осы Келісімдегі ешнәрсе де Уағдаласушы Тарап мемлекеттері қатысушысы болып табылатын, зияткерлік меншікке құқықтарды қорғауға қатысты көпжақты халықаралық шарттар бойынша құқықтар мен міндеттерді шектеуші ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
2. Осы Келісімдегі ешнәрсе кез келген Уағдаласушы Тарапты бірінші Уағдаласушы Тараптың мемлекеті қатысушысы болып табылатын, зияткерлік меншікке құқықтарды қорғауға қатысты көпжақты халықаралық шарттардың негізінде кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына және олардың инвестицияларына ұсынылатын режимді екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларына қолдануға міндеттеуші ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
3. Уағдаласушы Тараптар зияткерлік меншікке құқықтарды барабар және тиімді түрде қорғауға тиісті назар аударуға және кез келген Уағдаласушы Тараптың сұрау салуына орай тиісті мәселелер бойынша бір-бірімен дереу консультация жасасуға тиіс. Консультациялардың нәтижелеріне қарай, әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің заңдарына және нормативтік актілеріне сәйкес инвестицияларға қолайсыз әсер етуші ретінде танылатын факторларды болдырмау мақсатында тиісті шаралар қабылдайды.
22-бап
1. Осы баптың 3, 4 және 5-тармақтарында арнайы көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Келісімдегі ешнәрсе салық салу жөніндегі шараларға қолданылмауға тиіс.
2. Осы Келісімдегі ешнәрсе кез келген Уағдаласушы Тараптың салық салу бойынша кез келген Конвенцияға сәйкес құқықтары мен міндеттемелерін қозғамауға тиіс. Осы Келісім мен кез келген осындай конвенция арасында кез келген келіспеушілік жағдайында, ондай Конвенция келіспеушілік шамасына қарай басым күшке ие болады.
3. Осы Келісімнің 1, 5, 6, 8 және 12-баптары салық салу жөніндегі шараларға қолданылады.
4. Осы Келісімнің 16 және 17-баптары салық салу мәселелері бойынша дауларға осы баптың 3-тармағында айқындалған дәрежеде қолданылады.
5. (а) Ешбір инвестор осы Келісімнің 17-бабына сәйкес инвестициялық дауларға негіз ретінде осы Келісімнің 12-бабына сілтеме жасай алмайды, онда төменде көрсетілген (b) тармақшаға сәйкес салықтық шара экспроприация болып табылмайды деп анықталған.
(b) Инвестор осы Келісімнің 17-бабының 6-тармағына сәйкес хабарлама алған кезде осындай шара экспроприация болып табылатын-табылмайтынын анықтау үшін осы мәселені екі Уағдаласушы Тараптың да құзыретті органдарына беруге тиіс. Егер екі Уағдаласушы Тараптың да құзыретті органдары мәселені қарамаса немесе оны қарап, осындай ұсынылған кезден бастап 183 күн ішінде бұл шараның экспроприация болып табылмайтынын анықтай алмаса, инвестор өз талаптарын осы Келісімнің 17-бабына сәйкес төрелік сотқа ұсына алады.
(с) жоғарыда көрсетілген (b) тармақшасының мақсатында «құзыретті органдар» термині:
(і) Қазақстан Республикасына қатысты: Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігін немесе оның уәкілетті өкілін; және
(іі) Жапонияға қатысты: осы мәселені Сыртқы істер министрімен немесе оның уәкілетті өкілімен бірлесіп қарайтын Қаржы министрін немесе оның уәкілетті өкілдерін білдіреді.
23-бап
1. Уағдаласушы Тараптар осы Келісімнің мақсаттарын орындау мақсатында Бірлескен комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрады, оның функциясына:
(а) осы Келісімнің орындалуын және іске асырылуын талқылау және қарау;
(b) Уағдаласушы Тараптардың инвесторлары үшін қолайлы жағдайларды көтермелеу мақсатында ақпарат алмасу және Келісімге қатысты инвестициялармен байланысты кез келген мәселелерді талқылау кіреді.
2 Комиссия осы Келісімге сәйкес және қажет болуына қарай Уағдаласушы Тараптарға осы Келісімнің неғұрлым тиімді жұмыс істеуі немесе оның мақсаттарына жету үшін қажетті ұсынымдар жібере алады.
3. Комиссия Уағдаласушы Тараптардың өкілдерінен құрылуға тиіс. Комиссия жүктелген функцияларды орындау мақсатында жұмыс тәртібін айқындайды.
4. Комиссия кіші комиссияларды құра алады және осындай кіші комиссияларға белгілі бір міндеттерді жүктей алады. Комиссия Уағдаласушы Тараптардың өзара келісуі бойынша жеке кәсіпкерлік өкілдерімен бірлескен отырыстар өткізе алады.
5. Комиссия кез келген Уағдаласушы Тараптың сұрау салуы бойынша отырыстар өткізетін болады.
24-бап
Уағдаласушы Тараптар өз мемлекеттерінің денсаулық сақтау, қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және еңбек саласындағы ұлттық заңнамаларының талаптарын төмендету арқылы екінші Уағдаласушы Тарап пен кез келген үшінші мемлекет инвесторларының инвестицияларын ынталандырмау керектігін мойындайды. Осы мақсатта әрбір Уағдаласушы Тарап өз аумағында екінші Уағдаласушы Тарап пен кез келген үшінші мемлекет инвесторларының инвестицияларды құруын, иеленуін немесе кеңейтуін қолдау мақсатында осындай заңнамалық шаралардың қолданысын тоқтатуға немесе өзгеше түрде босаңсытуға тиіс емес.
25-бап
1. Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың кәсіпорны болып табылатын екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторына және, егер осы кәсіпорын үшінші мемлекеттің инвесторына тиесілі және ол басқаратын болса, оның инвестицияларына осы Келісімнің артықшылықтарын беруден бас тартуы мүмкін және бас тартушы Уағдаласушы Тарап:
(а) жоғарыда көрсетілген үшінші мемлекетпен дипломатиялық қатынастарды ұстанбаса;
(b) егер осы Келісімнің артықшылықтары кәсіпорынға немесе оның инвестицияларына берілсе, жоғарыда көрсетілген үшінші мемлекетке қатысты кәсіпорынмен мәмілеге келуге тыйым салатын немесе бұзуға немесе айналып өтуге болатын шараларды қабылдаса немесе қолдаса, осы Келісімнің артықшылықтарын беруден бас тартуы мүмкін.
2. Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың кәсіпорны болып табылатын екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторына және, егер осы кәсіпорын кез келген үшінші мемлекеттің инвесторына тиесілі немесе ол басқаратын болса және кәсіпорын екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында ешқандай елеулі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмаса, оның инвестицияларына алдын ала хабарламаға және консультацияға сәйкес осы Келісімнің артықшылықтарын беруден бас тартуы мүмкін.
3. Заңды тұлға:
(а) егер оның жарғылық капиталындағы акцияларының (үлестерінің) елу (50) пайызынан астамы осы инвесторға тиесілі болса, инвесторға «тиесілі»; және
(b) егер инвесторда оның директорларының көпшілігін тағайындауға немесе олардың қызметін өзгеше басқаруға өкілеттік болса, инвестордың «басқаруындағы» болып табылады.
26-бап
1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғанын растайтын хабарлама жібереді. Осы Келісім соңғы хабарлама алынған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді. Келісім күшіне енгеннен кейін он жыл ішінде қолданыста болады және ол төменде келтірілген 2-тармаққа сәйкес тоқтатылғанға дейін автоматты түрде күшінде қалады.
2. Уағдаласушы Тарап алғашқы онжылдық кезең өткен соң немесе ол аяқталғаннан кейінгі кез келген уақытта екінші Уағдаласушы Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы Келісімнің қолданысын тоқтатудың болжамды күнінен бір жыл бұрын мұндай ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберіп, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады.
3. Осы Келісім қолданысқа енгеннен кейін кез келген уақытта оған Уағдаласушы Тараптардың өзара келісуімен өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
4. Осы Келісім кез келген Уағдаласушы Тарап инвесторларының осы Келісім күшіне енген күнге дейін екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында соңғы Уағдаласушы Тараптың заңдарына және нормативтік актілеріне сәйкес жүзеге асырылған барлық инвестицияларына да қолданылады.
5. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған күнге дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты осы Келісімнің ережелері осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған күннен кейінгі он жыл ішінде күшін сақтайтын болады.
6. Осы Келісім ол қолданысқа енгенге дейін орын алған жағдайлардан туындаған инвестициялық дауларға немесе қанағаттандырылған инвестициялық дауларға қолданылмайды.
Осының дәлелі ретінде, өз мемлекеттері тиісті түрде өкілеттік берген төмендегі қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
____________ қаласында 20___ жылғы «____» _________ әрқайсысы қазақ, жапон, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады. Осы Келісімнің ережелері әртүрлі түсіндірілген жағдайда, Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасы үшін Жапония үшін