Тәуелсіздік пен мемлекеттілікті одан әрі нығайту, Қазақстан халқын рухани-мәдени топтастыру, сабақтас және озыңқы дамуды қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі - Мемлекеттік комиссия) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған:
1) "Бірлік пен Жасампаздықтың 25 жылы" Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасы;
2) Мемлекеттік комиссия туралы ереже;
3) Мемлекеттік комиссияның құрамы бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н. Назарбаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 28 наурыздағы № 220 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
"Бірлік пен Жасампаздықтың 25 жылы" Қазақстан Республикасы
Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Астана, 2016 жыл
Мазмұны
1. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеудің тұжырымдамалық негіздері
2. Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеудің "Арқаулы құндылықтары"
3. Мерекелеудің мақсаты мен негізгі міндеттері
4. Тұжырымдаманы іске асырудың негізгі кезеңдері
5. Тәуелсіздіктің жеті игілігі
6. Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеудің күнтізбесі
7. Мерекенің сыртқы нышандары
8. Күтілетін нәтижелер
"Ғасырларға тең жылдар, | |
жүзжылдықтарға тең дәуір” | |
Н.Ә. НАЗАРБАЕВ | |
Қазақстан Республикасының Президенті |
1991 жылғы 16 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заң қабылданды.
Қазақстан тұңғыш рет әлемдік қоғамдастық мойындаған, заңды ресімделген тәуелсіз мемлекет мәртебесіне ие болды.
Бұл дәуірлік оқиға - халқымыздың сан ұрпағының орындалған армандары мен үміттерінің нәтижесі.
Егемен дамудың 25 жылы ішінде Қазақстан әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына енді, Стратегия - 2030-ды мерзімінен бұрын іске асырды, Стратегия - 2050, "100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі мемлекет" Ұлт жоспарын жүзеге асыра бастады.
Бүгін Қазақстан - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің арасында жаңғырған өзгерістердің көшбасшысы.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалық, Астана саммиті, Ислам ынтымақтастық ұйымындағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестегі, Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық - бұл Қазақстанның жүргізіп жатқан саясатының арқасында қол жеткізілген үздік жетістіктер.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын
мерекелеудің тұжырымдамалық негіздері
Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасы түйінді төрт негізде құрылады:
ТҰЖЫРЫМДАМАЛЫҚ, ФИЛОСОФИЯЛЫҚ, ҚҰНДЫЛЫҚТЫ. Мемлекеттің бүкіл тыныс-тіршілігінің негізі Тәуелсіздік болып табылатынын ұстанған жөн. Нақ осы Тәуелсіздікті нығайту - барлық мемлекеттік органдар қызметінің негізгі мағыналық өзегі.
Сонымен қатар, бұл өте маңызды құндылық. Мемлекет және еліміздің әрбір азаматы Тәуелсіздікті сақтау үшін бар күш-жігерін жұмсауға тиіс. Мұның мәнін ашу үшін барша қоғамның үлес қосуы қажет.
ТАРИХИ. Қазақ халқы көп ғасырлардан бері Тәуелсіздікке ұмтылып келді. Тәуелсіздікке қол жеткізуде көптеген ұрпақтың орасан еңбегі бар. Сондықтан мерекелеу әрбір қазақстандық үшін ерекше мәнге әрі маңызға ие болмақ.
Бүгінгі ұрпаққа Тәуелсіздікті сақтау мен нығайтудың ерекше тарихи жауапкершілігі жүктелген. Мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының (бұдан әрі - БАҚ), оқу орындарының, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы осы құндылықтарды қоғамдық санаға сіңіруге бағытталуға тиіс.
ИДЕЯЛЫҚ. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы - 2016 жылдың ғана емес, тәуелсіз мемлекеттің барлық жылдарының қорытындысы. Еліміздің қол жеткізген барлық жетістіктерін көрсету қажет. Барлық салалық министрліктер мен әкімдіктер БАҚ-ты кеңінен пайдалана отырып, жетістіктерді жан-жақты таныстырып көрсетуге тиіс.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ. Әлемдік қоғамдастық Қазақстанның орнықты, табысты, бәсекеге қабілетті мемлекет құру жөніндегі жетістіктерін, ұлттық бірлікті нығайтудағы жүргізіп отырған саясатын жоғары бағалайды. Тәуелсіз Қазақстан аса беделді халықаралық ұйымдарды басқарды. Тәуелсіздік мерейтойын мерекелеу елімізді 25 жылдық дамуы тұрғысында шетелде кеңінен таныстырумен қатар жүруге тиіс. Аталған жұмысты Сыртқы істер министрлігі және Қазақстанның шет елдердегі елшіліктері жүргізетін болады.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеудің "Арқаулы құндылықтары"
Тәуелсіздік мерейтойын мерекелеу шеңберінде мынадай негізгі құндылықтар қолданылады:
БОСТАНДЫҚ
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін мемлекет, халық және әрбір азамат өзінің болашағын жасаудың шынайы бостандығына қол жеткізді.
БІРЛІК
Тәуелсіздік таңында Қазақстан тең құқылыққа, достық пен келісімге негізделген барша халықтың бірлігін өз дамуының негізі етіп алды. Осы жылдардың бәрінде Қазақстан сол қағидатты берік ұстанып келеді. Ел бірлігін сақтау және нығайту - ең жоғарғы адамгершілік.
ТҰРАҚТЫЛЫҚ
Қазақстан өзінің барлық жетістіктері үшін елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірін сипаттайтын тұрақтылыққа қарыздар.
ЖАСАМПАЗДЫҚ
Тәуелсіздік заманы - бұл жасампаздық пен істердің ұлы жолы.
ӨРКЕНДЕУ
Қазақстан дұрыс таңдалған даму басымдықтарының арқасында барлық сынаққа төтеп беріп, орнықты дамудың және халықтың әл-ауқатын ұдайы арттырудың жолына шықты. Әл-ауқаттың іргетасы - бейбітшілік, қабырғасы - тұрақтылық, күмбезі - келісім.
Мерекелеудің мақсаты мен негізгі міндеттері
Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеудің негізгі мақсаты мемлекеттіліктің, халықтың бірлігі мен барша қазақстандықтың "Мәңгілік Ел" құндылықтарының аясында топтасуын одан әрі нығайту болып табылады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеудің негізгі мақсаттары:
тәуелсіздіктің 25 жылы ішіндегі Қазақстанның жетістіктері мен табыстарын паш ету;
қазақстандық қоғамның одан әрі табысты дамуы үшін топтастырудың өзегі болып табылатын "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясы мен оның құндылықтарын ілгерілету;
бірегейлік пен бірлікті нығайту;
ел үшін мақтаныш сезімін нығайту;
мемлекеттің басты стратегиялық міндетін іске асыру - әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруіне еліміздің барлық азаматтарын тарту.
Тұжырымдаманы іске асырудың негізгі кезеңдері
Тұжырымдаманы іске асыру үш кезеңде іске асырылады:
Дайындық кезеңі:
нормативтік құқықтық құжаттарды бекіту;
орталық және өңірлік деңгейлердегі ұйымдастырушылық-практикалық іс-шаралар.
Негізгі кезең:
әрбір ай Тәуелсіздік жетістіктері мен "Мәңгілік Ел" құндылықтарының бірінің аясында өтеді;
21 қараша мен 15 желтоқсан аралығындағы 25 күнде Тәуелсіздіктің 25 жетістігі атап өтіледі, бұл күндері басты мерекелік іс-шаралар өтеді;
мерекелік іс-шаралар отандық және шетелдік БАҚ-тарда кеңінен жария етіледі.
Республикалық және өңірлік деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға және оларға қатысуға шығармашылық және ғылыми зиялы қауымның, жұртшылықтың, үкіметтік емес ұйымдардың, жастар ұйымдарының, бизнес-құрылымдардың өкілдері мен халықаралық сарапшылар тартылады.
Іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде өтеді.
Барлық республикалық БАҚ-тарда мерейтой жылына арналған оқиғалар айдарлары ашылады.
БАҚ-тардың, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың сайттарында мерейтой іс-шаралары мен оқиғаларын жан-жақты сипаттайтын анимациялық баннерлер орналастырылады.
Мерекеден кейінгі кезең:
Бұл кезеңде өткен кезең бойы трансляцияланған, еліміздің қол жеткізген негізгі жетістіктерін оңынан көрсетудің нәтижесін барынша орнықтыруды қамтамасыз ету қажет.
Еліміздің жетістіктері кітаптарда, деректі және көркем фильмдерде, драмалық, опералық және балет спектакльдерінде, түрлі жанрдағы музыкалық шығармаларда, өнердің басқа да түрлерінің туындыларында мәнді көрініс табуға тиіс.
Тәуелсіздіктің жеті игілігі
Мемлекет басшысының 2013 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінен.
1. Біздің лайықты әрі ұлы еліміз - "Мәңгілік Ел"
Отанымыздың он төрт мың километрден астам талассыз шекарасы оны біртұтас монолитке айналдырды. Ол барлық іргелес елдермен тату көршілестіктің шебіне айналды.
2. Ел бірлігі
Біз туған елімізді бейбітшіліктің бесігіне айналдыра білдік. Бірлік, береке - біздің басты байлығымыз, құн жетпес қазынамыз. Тәуелсіздік халықты Қазақстан халқы Ассамблеясының - бейбітшілік пен келісімді сақтаушының біртұтас шаңырағының астында тұтастыра түсті. Біздің рухани бірлігіміз - зайырлы мемлекет пен қоғамның басты іргетасы.
3. Төл мәдениетіміз бен ана тіліміз
Тәуелсіздіктің арқасында ұлттық мәдениетіміз қайта жаңғырды. Біздің өнеріміз бен бай мәдени мұрамыз әлемнің рухани байлығына қосылды.
4. Индустриялық-инновациялық экономика
XXI ғасырда барлық табысты ұлттардың жолын индустриялық әлеует пен инновациялар айқындайды.
5. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы
Қажырлы еңбек етудің нәтижесінде қазақстандықтар қазіргі табыстарына қол жеткізді. Еңбек әр адамды мейірбан, ал елді ұлы етеді.
6. Астана
Тәуелсіздігіміздің Ұлы тарихы елорданың жаңа орамдарында, алаңдарында, саябақтары мен сәулет өнерінің туындыларында айнадағыдай көрініс тапқан. Астанаға деген сүйіспеншілік - ол отанға деген перзенттік сезім.
7. Жаһандық жауапкершілік, барша адамзатқа ортақ бастамалар
Қазақстан халықаралық қатынастарда сенімді орнықтыруға, халықаралық құқық негізінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған барлық бастамаларды қолдайды.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеудің күнтізбесі
1. Наурыз - Біртұтас болашақтың ұлты. Ұлы Дала дәстүрлері
Ай Қазақстан халқы Ассамблеясы шаңырағының астында біріккен Қазақстан халқының бірлігі мен тұтастығына арналады.
Ай бойы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясы құндылықтарының негізінде қазақстандық қоғамның одан әрі топтасуына бағытталған іс-шаралар өткізіледі.
2. Сәуір - Зияткер ұлт. Нұрлы Болашақ
Ай Қазақстанның білім, ғылым, зияткер ұлтты қалыптастыру саласындағы жетістіктеріне арналады.
Оқуда, ғылыми жобаларда жоғары жетістіктерге жеткен жас дарынды қазақстандықтарды көрсету іс-шаралар желісі өткізіледі. Сонымен қатар, ғылым, техника мен өнертабысы саласында жетістікке жеткен еліміздің ғалымдарына ерекше назар аударылатын болады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өткізіліп, онда тарихта тұңғыш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы ретінде Мемлекет басшысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының есебі, оның ішінде "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асырудың есебі ұсынылады.
3. Мамыр - Бейбітшілік. Келісім. Достық
Ай Қазақстанның бірлік пен келісімді нығайтудағы жетістіктеріне арналады.
Мамыр бойы этномәдени бірлестіктерді, шығармашыл зиялы қауымды жұмылдыра отырып, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мерекелік іс-шаралар өткізіледі.
Бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық құндылықтарының сенімді қорғаушысы болып табылатын қазақстандық армияға ерекше назар аударылатын болады.
4. Маусым - Мемлекеттік рәміздер
Ай мемлекеттік рәміздерге - Тәуелсіздіктің басты нышандарына арналады.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына мемлекеттік рәміздер "100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі мемлекет" Ұлт жоспары шеңберінде енгізілген жаңа форматта қолданылады.
Патриоттық жас ұрпаққа арналған форумдар, құрылтай, әр форматтағы байқаулар өткізіледі.
5. Шілде - Астана. Отан. Жаңа қазақстандық патриотизм
Ай Қазақстанның елордасы - Астанаға арналады.
Астана - ел жүрегі, Еуразия жүрегі. Астана - Тәуелсіздік рәмізі, құт-береке бейнесі.
Елордадағы және өңірлердегі барлық іс-шаралар Астанаға арналады. Іс-шараларда еліміздің жетістіктері Астананың дамуы тұрғысынан айшықталады.
6. Тамыз - Жаһандық бастамалар. Бітімгер Қазақстан
Тамызда Қазақстанның жаңа тарихындағы екі ерекше күн бар: 29 тамыз - Қазақстан бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні және 30 тамыз - Конституция күні.
Қазақстан бүгінгі күні бүкіл әлемге Тәуелсіздіктің 25 жылы ішіндегі өзінің тамаша табыстарымен әйгілі. Сарабдал сыртқы саясаттың арқасында елімізді халықаралық аренада басты бітімгер ретінде де таниды. Ай бойы Қазақстанның бітімгер ел ретіндегі имиджін айқындай түсетін бірқатар іс-шаралар өткізіледі. Оларға жетекші халықаралық сарапшылар қатысады.
7. Қыркүйек - Еңбек. Отбасы. Құт-береке
Ай "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарына: еңбексүйгіштік пен адалдыққа, отбасылық құндылықтарға арналады.
Қазақстандықтардың қажырлы еңбегі еліміздің теңдессіз табыстарға жетуіне мүмкіндік берді.
Бүкіл ай бойы Еңбек Адамын құрметтеуге арналған іс-шаралар өткізіледі.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы күнтізбесіндегі ерекше күн - Отбасы күні. Бүкіл ел бойынша "Мерейлі отбасы" Ұлттық байқауының өңірлік кезеңдері өтіп, Астана қаласында лауреат пен жеңімпаздарды марапаттайтын іс-шара оны қорытындылайды.
8. Қазан - Мәңгілік мұра
Ай Қазақстан халқының ұлы мәдени игіліктеріне, өнер мен шығармашылықтың баға жетпес және бірегей үлгілеріне арналады.
Дарынды қазақстандықтардың арасында байқаулар, театр фестивальдері, еліміздің музейлері арасында байқау өткізіледі.
9. Қараша - Индустриялық және инновациялық Қазақстан
Ай Қазақстанның индустриялық дамуда инновациялар құру саласындағы жетістіктеріне арналады.
Мемлекет басшысы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін әртараптандырудың аса маңызды элементі ретінде индустрияландыруды жариялады.
Индустрияландыру шеңберінде мыңға жуық жаңа кәсіпорындар салынып, бүгінде оларда жүз мыңдаған қазақстандық жұмыс істейді.
Индустриялық және инновациялық жетістіктердің тұсаукесерлері, форумдар, Ашық есік күндері өткізіледі.
10. Желтоқсан - Тәуелсіздік тарихы. Қазақстан жолы
Ай мерейтой жылының жалпы оқиғалық күн тәртібін аяқтайды және Тәуелсіздік тарихын танымал етуге қалыптасудың, даму мен табыстың қазақстандық жолының айрықша бірегейлігін көрсетуге арналады.
Желтоқсанның басты тақырыптары Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын мерекелеу болмақ. Бұдан басқа, 21 қараша мен 15 желтоқсан аралығындағы кезеңде жеке жоспар бойынша Тәуелсіздіктің мызғымас негіздерін білдіретін 25 жұлдызды күн өткізіледі.
Жер-жерде мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық салаларында қоғамның топтасуы мен бірігуіне бағытталған атаулы оқиғалар өтеді.
Ұлы Дала Елі - Тәуелсіздіктің 25 негізі
plain (21 қараша мен 15 желтоқсан аралығындағы оқиғалардың күн тәртібі)
21 қараша мен 15 желтоқсан аралығында Тәуелсіздіктің 25 негізіне арналған 25 тақырыптық күн өтеді.
"Қазақстан Республикасының Конституциясы" (21 қараша)
Күннің іс-шаралары Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің тірегі ретінде Ата заңның тарихи маңызын кеңінен паш етуге арналады.
"Мемлекеттік рәміздер" (22 қараша)
Күннің іс-шаралары егемендіктің мызғымас негіздерінің бірі - мемлекеттік рәміздерге арналады.
"Мемлекеттік шекара" (23 қараша)
Күннің іс-шаралары мемлекеттілік пен егемендіктің маңызды белгісі ретінде мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық ресімдеу процесін көрсетеді.
"Мемлекеттік тіл" (24 қараша)
Күннің іс-шаралары Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын кеңінен насихаттауға және Мемлекет басшысының "100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі мемлекет" Ұлт жоспарында ұсынылған үш тілде білім беру саясатын ілгерілетуге арналады.
"Жаһандық бастамалар" (25 қараша)
Күннің іс-шаралары Қазақстанның бітімгершілік және жаһандық бастамаларын насихаттауға арналады.
"Азаматтық қоғам" (26 қараша)
Күннің іс-шаралары азаматтық қоғамның басты институттары: БАҚ-тың, үкіметтік емес ұйымдардың, Омбудсмен институты мен Мемлекет басшысы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның серпінді дамуы мен олардың Қазақстанды әлеуметтік жаңғыртудағы ролін көрсетеді.
"Бірегейлік және бірлік" (27 қараша)
Күннің іс-шаралары "Мәңгілік Елдің" түйінді құндылықтарына - бейбітшілікке, келісімге, патриотизмге, бірлікке арналады. Қазақстан халқы Ассамблеясына ерекше назар аударылады.
"Ұлттық валюта" (28 қараша)
Күннің іс-шаралары Қазақстанның басты атрибуты - ұлттық валюта теңгеге арналады.
"Ядролық қарусыз әлем" (29 қараша)
Күннің іс-шаралары Мемлекет басшысының әлемдік тарихтағы теңдесі жоқ шешіміне - ядролық қарудан бас тартуына және Семей ядролық полигонының жабылуына арналады. Қазақстанның ядролық қарусыз әлемді орнату, "Атом" жобасы жөніндегі бастамаларына ерекше назар бөлінеді.
"Ғылым мен жаңа технологиялар" (30 қараша)
Күннің іс-шаралары Қазақстанның ғылыми-инновациялық саладағы жетістіктеріне, мемлекеттің ғылымды қажет ететін экономиканы құру саласындағы басымдықтарына арналады.
"Қазақстан Республикасының Президенті институты" (1 желтоқсан)
Күннің іс-шаралары мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналады.
"Отбасылық құндылықтар" (2 желтоқсан)
Күннің іс-шаралары мемлекеттің мызғымас тірегі ретінде отбасы институтын және дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға арналады.
"Ұлт саулығы" (3 желтоқсан)
Күннің іс-шаралары Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы түйінді жетістіктерін айшықтауға бағытталған.
"Спорт жетістіктері" (4 желтоқсан)
Күннің іс-шаралары Қазақстанның спортшы ел ретіндегі жетістіктерін, салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық дене шынықтыру мен спортты дамытуға арналады.
"Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы" (5 желтоқсан)
Күннің іс-шаралары Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының идеяларын ілгерілетуге арналады.
"Мәдениет және руханият" (6 желтоқсан)
Күннің іс-шаралары халықтың тарихи жадының негізі және Тәуелсіздіктің рухани құрамдас бөлігі ретінде Қазақстанның мәдени мұрасының құндылықтарына арналады.
"Нұрлы жол" (7 желтоқсан)
Күннің іс-шаралары "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға арналады.
"Нұрлы Болашақ" (8 желтоқсан)
Күннің іс-шаралары Тәуелсіздікті нығайтудағы және болашақ Қазақстанның табысты дамуындағы жастардың рөлін көрсетуге бағытталған. Мемлекет басшысының ұлтымыздың зиялы қауымын қалыптастырудың өзегі болып табылатын "Болашақ" бағдарламасына және "Нұр Отан" партиясы жанындағы "Жас Отан" жастар қанаты қызметіне ерекше назар аударылады.
"Білім" (9 желтоқсан)
Күннің іс-шаралары білім саласына енгізіліп жатқан, "100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі мемлекет" Ұлт жоспарында белгіленген жаңа әдістерді насихаттауға және Тәуелсіздік жылдарындағы білім саласының жетістіктерін көрсетуге бағытталады.
"Әлеуметтік жаңғыру" (10 желтоқсан)
Күннің іс-шаралары мемлекеттік, әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларды іске асыру нәтижелерін жария етуге арналған.
"ЭКСПО "жасыл" технологиялары" (11 желтоқсан)
Күннің іс-шаралары "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесіне арналған.
"Индустрияландыру" (12 желтоқсан)
Күннің іс-шаралары Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын насихаттауға және "Ұлттық чемпиондар" бастамасын жүзеге асыруға арналған.
"Қуатты Қазақстан - қуатты өңірлер" (13 желтоқсан)
Күннің іс-шаралары Қазақстан өңірлерінің негізгі жетістіктерін насихаттауға және ілгерілетуге арналады.
"Астана" (14 желтоқсан)
Күннің іс-шаралары тәуелсіз Қазақстанның басты рәмізі және жасампаздықтың күш-қуаты ретінде барша қазақстандықтардың табысты болашағына деген үміті мен сенімін білдіретін елорда Астанаға арналады.
"Мәңгілік Елдің" мәңгілік құндылықтары" (15 желтоқсан)
Күннің іс-шаралары "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарына арналады.
Астана қаласында 15-16 желтоқсанда өтетін салтанатты іс-шаралар
Бұл күндері Қазақстанның елордасында елдің қалыптасуына, оның Тәуелсіздігінің нығаюына ерекше үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен, мерейтой медальдарымен марапаттау рәсімі өткізіледі.
Оқиғаның өзегі Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін салтанатты жиналыс пен концерт болады.
Мерекенің сыртқы нышандары
Логотип мемлекеттік рәміздердің элементтерін қамтиды. Орталық элемент "25" саны болып табылады.
Мерекелеудің түс гаммасы алтын түсте орындалады (сары, жоса түсті).
Сыртқы безендіру нобайы Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының тарихи жолы мен оның заманауи экономикалық, әлеуметтік және саяси жетістіктерін бейнелейді. Олардың өзегінде реформалар бағытын қолдауға, еліміздің беделін арттыруға, жетістіктерін ел ішінде және шетелдерде танытуға бағытталған идеялар болу қажет.
Күтілетін нәтижелер
Аталған шараларды іске асыру нәтижесінде қоғамның идеялық және рухани-мәдени бірігуінің тереңдеуі, қазақстандықтардың санасына мемлекеттілік пен Тәуелсіздік құндылықтарын орны сіңіріп, патриоттық сезімін қалыптасуы, жасампаздық пен жаңа белестерге ұмтылуы күтіледі.
Жас ұрпақ пен әлеуметтік тұрғыдан белсенді азаматтардың аса маңызды мемлекеттік міндеттерді іске асыруға және қоғамдық өмірге белсене қатысуы қазақстандықтардың бірлігі сезімінің нығаюына ықпал етеді.
|
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын өткізу
жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі - Мемлекеттік комиссия) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Мемлекеттік комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
3. Мемлекеттік комиссия төрағадан, екі орынбасардан, хатшыдан және Мемлекеттік комиссия мүшелерінен тұрады.
4. Мемлекеттік комиссияның дербес құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
2. Мемлекеттік комиссияның міндеттері, функциялары
және өкілеттіктері
5. Мемлекеттік комиссияның міндеті 2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге дайындық және оны ұйымдастыру болып табылады.
6. Мемлекеттік комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) 2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуді ұйымдастыру мәселелері жөнінде ұсыныстар әзірлеу және Мемлекет басшысының қарауына енгізу;
2) мемлекеттік органдардың 2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге дайындық және оны ұйымдастыру жөніндегі қызметін үйлестіру.
7. Мемлекеттік комиссия өз құзыреті шегінде:
1) өзіне жүктелген міндетті орындау үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратуға;
2) Мемлекеттік комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың өкілдерін Мемлекеттік комиссия отырыстарында тыңдауға;
3) Мемлекеттік комиссияның құзыретіне жатқызылған нақты проблемалар мен мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында шағын комиссиялар, жұмыс топтарын құруға;
4) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға құқылы.
3. Мемлекеттік комиссияның қызметін ұйымдастыру
8. Мемлекеттік комиссияның отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі.
9. Мемлекеттік комиссия мүшелерінің жалпы санының үштен екісі қатысқан жағдайда Мемлекеттік комиссияның отырыстары заңды болып саналады.
10. Мемлекеттік комиссияның шешімдері отырысқа қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Мемлекеттік комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.
11. Мемлекеттік комиссияның отырыстарына Мемлекеттік комиссияның мүшелері болып табылмайтын лауазымды адамдар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.
12. Мемлекеттік комиссияның төрағасы:
1) Мемлекеттік комиссияның қызметіне басшылық жасайды және оның отырыстарында төрағалық етеді;
2) Мемлекеттік комиссияның атқарған жұмысы туралы Қазақстан Республикасының Президентін хабардар етеді.
13. Төраға болмаған кезде оның міндеттерін төраға айқындаған орынбасар орындайды.
14. Мемлекеттік комиссияның хатшысы:
1) Мемлекеттік комиссияның мүшелерін оның отырыстарының уақытымен орны туралы хабардар етеді;
2) Мемлекеттік комиссияның отырыстарына материалдар дайындауды ұйымдастырады;
3) Мемлекеттік комиссия отырыстарының хаттамаларын ресімдейді;
4) Мемлекеттік комиссияның төрағасына қабылданған шешімдердің уақтылы және сапалы орындалуын бағалай отырып, атқарылған жұмыс туралы оның мүшелері әзірлеген есепті ұсынады;
5) Мемлекеттік комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды жүзеге асырады.
15. Орталық мемлекеттік органдар Мемлекеттік комиссияға жүктелген міндеттерді орындауда оған жәрдем көрсетуге міндетті.
16. Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі болып табылады.
|
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығының
өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның
ҚҰРАМЫ
Ескерту. Құрамға өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 01.08.2016 № 304 Жарлығымен.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы | - | Комиссия төрағасы |
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары | - | Комиссия төрағасының бірінші орынбасары |
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі | - | Комиссия төрағасының орынбасары |
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі | - | Комиссия хатшысы |
Мемлекеттік комиссия мүшелері:
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары
"Нұр Отан" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары (келісім бойынша)
Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі
Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі
Астана, Алматы қалаларының және облыстардың әкімдері
Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы (келісім бойынша)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы (келісім бойынша)
Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасының орынбасары - Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы хатшылығының меңгерушісі
Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі
"Нұр Отан" партиясының "Жас Отан" жастар қанатының төрағасы (келісім бойынша)
"Қазақстанның азаматтық альянсы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті (келісім бойынша)