"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Мысыр Араб Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Ноғайұлы Асыловқа Қазақстан Республикасы мен Мысыр Араб Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға окілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 24 қарашадағы № 1081 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН Жоба |
Қазақстан Республикасы мен Мысыр Араб Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы ШАРТ
Бұдан әрі "Уағдаласушы мемлекеттер" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Мысыр Араб Республикасы
қылмыскерлікке қарсы күресте ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуды қалай отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап Жалпы ережелер
1. Уағдаласушы мемлекеттер осы Шарттың ережелеріне және өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес бір-біріне қылмыстық істер бойынша ең кең құқықтық көмек береді.
2. Құқықтық көмек мына әрекеттерді:
a) құжаттарды және шақыру қағаздарын табыс етуді және жеткізуді;
b) адамдар мен заттардың тұрған жерін айқындауды немесе оларды сәйкестендіруді;
c) айғақтар мен арыздар алуды;
b) қамаққа алынған адамдарды және бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан адамдарды уақытша беруді;
е) тінтуді, тыйым салуды және тәркілеуді жүзеге асыруды;
f) заттар мен құжаттарды қарап-тексеруді;
g) ақпарат және дәлелдемелер алмасуды;
һ) Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық заңнамасында көзделген көмектің кез келген басқа да нысандарын қамтиды.
2-бап Орталық органдар
1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Уағдаласушы мемлекеттер айқындаған орталық органдар бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
2. Мыналар:
Қазақстан Республикасы үшін:
Жоғарғы Сот - сот ісін жүргізу кезіндегі құқықтық көмек туралы сұрау салулар үшін;
Бас прокуратура - құқықтық көмек туралы басқа да барлық сұрау салулар бойынша;
Мысыр Араб Республикасы үшін - Әділет министрлігі - Халықаралық және мәдени ынтымақтастық департаменті орталық органдар болып табылады.
3. Әрбір Уағдаласушы мемлекет орталық органдарға қатысты кез келген өзгерістер мен толықтырулар туралы екіншісіне дипломатиялық арналар арқылы хабар береді.
3-бап Құқықтық көмек туралы сұрау салулардың нысаны және мазмұны
1. Құқықтық көмек туралы сұрау салу жазбаша нысанда жасалады, оған лауазымды адам қол қояды және сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органының мөрімен куәландырылады.
2. Сұрау салуда:
a) сұрау салуды жасаған құзыретті органның атауы;
b) сұратылатын көмектің мақсаты мен сипаттамасы;
c) қылмыстың сипаттамасы және оның құқықтық саралануы;
d) ескіру мерзімдері туралы ережелерді қоса алғанда, ұлттық заңнаманың қолданылатын ережелерін көрсету;
е) дәлелдемелердің, ақпараттың немесе өзге де әрекеттердің сұратылу себептері;
f) қажет болған жағдайларда, келу үшін шақырылған адамның алуға құқығы бар төлемдер мен өтемақылар туралы мәліметтер; және
g) қажет болған жағдайларда, сұрау салуды орындау кезінде қатысуы қажет лауазымды адамдар туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
3. Мүмкіндігіне қарай сұрау салуда сондай-ақ:
a) құжаттар табыс етілуі қажет адамның жеке басы мен тұрған жері туралы ақпарат, оның құқықтық мәртебесі және табыс ету жүргізілуге тиіс тәсіл;
b) айғақтар беруге немесе сот талқылауында жәрдемдесуге тиіс адамның жеке басы және тұрған жері туралы ақпарат;
c) тұрған жері анықталуға тиіс адамның жеке басы, заттар немесе құжаттар туралы ақпарат;
d) тінтілуге жататын орынның немесе адамның және алып қойылуға немесе тәркіленуге жататын заттың барынша дәл сипаттамасы;
е) кез келген айғақтар немесе арыздар алынуға және жазылуға тиіс тәсілдің сипаттамасы;
f) тыңдалатын адамға қойылуы қажет сұрақтардың тізбесі;
g) сұрау салуды орындау кезінде сақталуға тиіс нақты рәсімнің сипаттамасы;
һ) құпиялылық туралы талаптар;
і) сұрау салуды орындауға ықпал ету үшін сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекетке берілуі мүмкін кез келген басқа да ақпарат қамтылуға тиіс.
4. Құқықтық көмек туралы сұрау салу коммуникациялардың техникалық құралдары пайдаланыла отырып жіберілуі мүмкін. Сұрау салудың түпнұсқасы бір мезгілде поштамен жіберілуге тиіс.
4-бап Тіл
Құқықтық көмек туралы сұрау салу және қажетті құжаттар сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің тілінде жасалуға және сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің тіліне немесе ағылшын тіліне аударылуға тиіс. Сұрау салуларға жауаптар сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің тілінде жасалуға және сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің тіліне немесе ағылшын тіліне аударылуға тиіс.
Сұрау салуды орындауға байланысты құжаттардың көлемі ауқымды болған жағдайда, Уағдаласушы мемлекеттердің орталық органдары аударылуға жататын құжаттардың тізбесін айқындау үшін консультациялар жүргізуге құқылы.
5-бап Құқықтық көмек беруден бас тарту
1. Егер құқықтық көмек сұратылып отырған іс-әрекет сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық заңнамасы бойынша қылмыс болып табылмаса, ол оны беруден бас тартуға құқылы.
2. Егер:
a) осы Шартта көзделген құқықтық көмектің белгілі бір түрлерін орындау үшін талаптар сақталмаса;
b) сұрау салуды орындау сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да елеулі мүдделеріне қатер төндірсе не оның ұлттық заңнамасына қайшы келсе;
c) сұрау салу сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына қайшы келетін мәжбүрлеу шараларына қатысты болса;
d) көмек туралы сұрау салу адамның нәсілдік тиесілілігі, жынысы, діни сенімі, ұлты, этностық шығу тегі немесе саяси нанымы себептері бойынша оны қылмыстық қудалау мақсатында бағытталған немесе осы адамның жағдайына осы себептердің кез келгені бойынша нұқсан келтірілуі мүмкін деп пайымдауға елеулі негіздер болса, сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет сұратылатын көмекті көрсетуден толық немесе ішінара бас тартуға құқылы.
3. Құқықтық көмек беруден бас тартпас бұрын сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің орталық органы сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің орталық органымен консультация жүргізуге тиіс.
4. Құқықтық көмек беруден кез келген бас тарту уәжді болуга тиіс.
6-бап Құқықтық көмек туралы сұрау салуларды орындау
1. Құқықтық көмек туралы сұрау салулар сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес орындалады. Айрықша жағдайларда сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет, егер бұл сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет ұсынған тәртіппен әрекет етуге құқылы.
2. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет, егер мұндай орындау оның аумағында жүргізіліп жатқан қылмыстық талқылауға кедергі келтіретін болса, сұрау салуды орындауды кейінге қалдыруға құқылы.
3. Құқықтық көмек беруді кейінге қалдырғанға дейін сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетпен ықтимал консультациялардан кейін оны толық немесе ішінара немесе өзі қажет деп есептейтін жағдайларда көрсете алатынын не көрсете алмайтынын шешеді.
4. Сұрау салуды орындауды кейінге қалдыру туралы шешім уәжді болуға тиіс және сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке сұрау салуды орындауды кейінге қалдыру себептері туралы хабарлайды.
5. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет көмек туралы сұрау салуды мүмкіндігінше қысқа мерзімде немесе, егер мүмкін болса, сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет көрсеткен, уәжді болуга тиіс мерзімде орындайды.
7-бап Құпиялылық
1. Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттен, бұл сұрау салуды орындаумен үйлеспейтін жағдайларды қоспағанда, сұрау салудың және оның мазмұнының құпиялылығын қамтамасыз етуді сұратуға құқылы. Егер сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет құпиялылық туралы талапты орындай алмайтын болса, сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке бұл туралы дереу хабар береді, ол құпиялылықты сақтамай сұрау салуды орындауға жататынын не орындауға жатпайтынын шешеді.
2. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттен сұрау салуды орындау кезінде алынған кез келген ақпаратты немесе дәлелдемелерді, сұрау салуда айтылғандарды қоспағанда, сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің алдын ала келісімінсіз басқа талқылауларда пайдаланбауды сұратуға құқылы.
8-бап Құжаттар мен шақыру қағаздарын табыс ету
1. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет өзіне сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет осы мақсатта берген құжаттарды табыс етуді жүргізеді.
2. Бұл туралы сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет табыс еткеннен кейін сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке беру күнін, уақытын, орнын және тәсілін, сондай-ақ құжаттар табыс етілген адам туралы мәліметтерді көрсете отырып, лауазымды адамның қолы және табыс етуді жүзеге асырған органның мөрі қойылған растауды жолдайды. Егер табыс ету жүзеге асырылмаса, сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке бұл туралы дереу хабар береді және табыс етілмеудің себептері туралы хабарлайды.
3. Адамдардан сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органдарының алдына келуді талап ететін шақырту туралы шақыру қағаздары сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекетке белгіленген келу күніне дейін алпыс (60) тәуліктен кешіктірілмей беріледі. ІІІұғыл жағдайларда Уағдаласушы мемлекеттер неғұрлым қысқа мерзімді келісуі мүмкін.
4. Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органына келмеген адамға, тіпті шақыру қағазында келмеген жағдайдағы ықтимал жаза туралы хабарлама қамтылса да, кез келген жаза немесе бұлтартпау шарасы қолданылмайды.
9-бап Қол сұғылмаушылық
1. Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органына шақыру қағазы бойынша келген адамды өзінің азаматтығына қарамастан, оның келуінің алдындағы және шақыру қағазында көрсетілмеген әрекеттері мен сотталғандығына қатысты сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің аумағында қылмыстық қудалауға, ұстап алуға, соттауға, жазалауға немесе жеке басының бостандығын кез келген басқаша шектеуге болмайды.
2. Осы баптың 1-тармағы, егер онда көрсетілген адам:
a) өзінің болуы бұдан әрі қажет болып табылмайтындығы туралы ресми хабардар етілген кезден бастап он бес (15) тәулік ішінде сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің аумағынан кетпесе, қолданылмайды. Алайда бұл мерзімге осы адам өзіне байланысты емес себептер бойынша сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің аумағынан кетпеген кезең кірмейді;
b) Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің аумағынан кетіп, оған өз еркімен қайтып оралатын болса, қолданылмайды.
10-бап Адамдардың және заттардың тұрған жерін анықтау немесе оларды сәйкестендіру
1. Кез келген Уағдаласушы мемлекет екінші Уағдаласушы мемлекеттен сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органдарының алдына келуге тиіс және болжаммен сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің аумағында жүрген адамдардың тұрған жерін анықтауды, оларды сәйкестендіруді және іздестірілудегі адамдардың тұратын жерін немесе тіркелген жерін хабарлауды сұратуға құқылы.
2. Кез келген Уағдаласушы мемлекет екінші Уағдаласушы мемлекеттен заттардың тұрған жерін анықтауды, оларды сәйкестендіруді және тиісті деректерді хабарлауды немесе тұрған жерін анықтауға және сәйкестендіруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін кез келген басқа шара қолдануды сұратуға құқылы.
3. Сұрау салынған ақпарат осы Шарттың 3-бабында көзделген сұрау салудың негізінде берілуге тиіс.
11-бап Қамаққа алынған адамдарды және бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан адамдарды уақытша беру
1. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің аумағында қамаққа алынған немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан және сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет куә немесе сарапшы ретінде жеке өзінің келуін сұратып отырған адам, сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет көрсеткен, алты (6) айдан аспауға тиіс мерзімде кері қайта берілетін жағдайда оның аумағына уақытша берілуі мүмкін. Сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет көрсетілген мерзімнің ұзартылуын сұратуға құқылы. Мұндай ұзарту бір рет қана беріледі.
2. Егер:
a) адам өзін беруге келісімін бермесе;
b) адамның сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекетте жүзеге асырылатын қылмыстық талқылауларда қатысуы талап етілсе;
c) уақытша беру оны бас бостандығынан айыру мерзімінің ұзартылуына алып келуі мүмкін болса;
d) адамды сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке уақытша беруге қарсы басқа да елеулі негіздер болса, осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдарды беруден бас тартылуы мүмкін.
3. Уақытша берілген адам сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетте де, транзит мемлекетінде де күзетпен ұсталуға тиіс.
4. Егер үшінші мемлекет бас бостандығынан айырылған адамды Уағдаласушы мемлекеттердің біріне екінші Уағдаласушы мемлекеттің аумағы арқылы беруге тиіс болса, сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет, егер осы адам осы Уағдаласушы мемлекеттің азаматы болып табылмаса, осы адамның транзитіне мақұлдауға тиіс.
12-бап Тінту және алып қою
1. Құқықтық көмек туралы сұрау салуда кез келген заттарды немесе құжаттарды тінтуді, алып қоюды және беруді жүргізу қажеттігін негіздейтін ақпарат қамтылған жағдайда, сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет мұндай әрекеттерді жүргізеді.
2. Заттар мен құжаттар алып қойылған жағдайда, сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет олардың төлнұсқалығына көз жеткізуге тиіс. Егер сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық заңнамасы бойынша осы баптың 1-тармағында көрсетілген әрекеттерді жүргізу құзыретті органның арнаулы шешімін талап етсе, онда сұрау салушы Уағдаласушы мемлекет мұндай шешімді беруге тиіс.
3. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет берілетін заттар мен құжаттарға қатысты үшінші тараптардың құқықтары мен мүдделерін қорғау тұрғысынан сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет қажет деп есептейтін талаптарға сұрау салушы Уағдаласушы мемлекеттің өз келісімін беруін талап етуге құқылы. Егер мұндай келісім алынбаса, сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет оларды беруден бас тартуға құқылы.
13-бап Тәркілеу рәсімдеріндегі жәрдемдесу
1. Уағдаласушы мемлекеттер өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық жолмен алынған заттарды және құжаттарды, қаржылық активтерді және басқа да кірістерді анықтау, табу, тыйым салу және тәркілеу бойынша бір-біріне құқықтық көмек көрсетеді.
2. Егер тыйым салынуға немесе тәркіленуге жататын, қылмыстық жолмен алынған кірістер, қылмыстың қарулары, заттар мен құжаттар, сондай-ақ қаржылық активтер Уағдаласушы мемлекеттердің бірінің аумағында екені белгілі болса, екінші Уағдаласушы мемлекетке бұл туралы хабарлануы мүмкін.
3. Тыйым салынуға немесе тәркіленуге жататын қылмыстық жолмен алынған кірістерді, қылмыстың қаруларын, заттар мен құжаттарды, сондай-ақ қаржылық активтерді беру келісілген тәртіппен жүзеге асырылады.
14-бап Банктік шоттарды анықтау және қаржылық ақпарат
1. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс жасауға қатысы бар адамның өз аумағында орналасқан банкте немесе кез келген басқа да қаржылық мекемеде банктік шот иесі болып табылатынын не табылмайтынын анықтауға және сұрау салушы Уағдаласушы мемлекетке бұл туралы хабарлауға құқылы. Мұндай ақпаратта осы шоттарды пайдаланушылар туралы, олардың тұрған жері туралы, сондай-ақ транзакциялар туралы мәліметтер де қамтылуы мүмкін.
2. Банктік шоттарды немесе кез келген басқа қаржылық ақпаратты анықтау сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
15-бап Ақпаратты ерікті түрде беру
1. Уағдаласушы мемлекеттер, егер ақпарат екінші Уағдаласушы мемлекет үшін пайдалы болуы мүмкін деп болжанса, өз бастамасы бойынша бір-біріне кез келген ақпаратты беруге құқылы.
2. Мұндай ақпаратты берген кезде оны пайдалануға шектеулер қойылуы мүмкін, олар сақталуға тиіс.
16-бап Шығыстар
1. Сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекет мыналарды:
a) осы Шарттың 3-бабы 2-тармағының g) тармақшасында көрсетілген адамдардың сұрау салынатын Уағдаласушы мемлекетке жол жүруіне және онда болуына арналған шығыстарды;
b) осы Шарттың 8-бабының 3-тармағында көрсетілген адамдардың жол жүруіне және болуына арналған шығыстарды;
c) осы Шарттың 11-бабының тәртібімен құқықтық көмек туралы сұрау салуды орындаудан туындайтын шығыстарды;
d) егер Уағдаласушы мемлекеттер өзгеше уағдаласпаса, сараптамаларды жүргізуге жұмсалатын шығыстарды қоспағанда, құқықтық көмек туралы сұрау салуды орындауға байланысты шығыстарды көтереді.
2. Сұрау салуды орындау күтпеген сипаттағы шығыстарға алып келетін кезде Уағдаласушы мемлекеттер сұрау салуды орындаудан туындайтын шығыстарды бөлу мақсатында консультациялар жүргізуге құқылы.
17-бап Құжаттар мен жазбаларды заңдастырудан босату
Құқықтық көмек көрсету тәртібімен берілетін құжаттар мен материалдарға лауазымды адам қол қоюға және ол құзыретті органның елтаңбалы мөрімен расталуға тиіс және бұл жағдайда оларды одан әрі заңдастыру, растау немесе төлнұсқалығын куәландыру талап етілмейді.
18-бап Осы Шарттың басқа халықаралық келісімдермен арақатынасы
Осы Шарт Уағдаласушы мемлекеттердің өздері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық келісімдерден туындайтын құқықтары мен міндеттемелеріне әсер етпейді.
19-бап Келіспеушіліктерді реттеу
Осы Шартты қолдану немесе түсіндіру барысында туындайтын кез келген келіспеушілік оларды реттеу мақсатында ұлттық немесе халықаралық сотқа немесе үшінші тарапқа жүгінбей, Уағдаласушы мемлекеттердің орталық органдары арасында не дипломатиялық арналар арқылы консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.
20-бап Өзгерістер мен толықтырулар
Осы Шартқа Уағдаласушы мемлекеттердің өзара келісуі бойынша, оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Шарттың 21-бабының 2-тармағында көзделген рәсімдерге сәйкес күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
21-бап Қорытынды ережелер
1. Осы Шарт ратификациялануға жатады.
2. Осы Шарт бес жылға жасалады және Уағдаласушы мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
Бұл мерзім Уағдаласушы мемлекеттердің бірі екінші Уағдаласушы мемлекетті осы Шарттың қолданысын тоқтату ниеті туралы ағымдағы кезең өтетін күнге дейін кемінде алты (6) ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабардар еткенге дейін әр жолы келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартыла беретін болады.
3. Осы Шарт Уағдаласушы мемлекеттердің бірі екінші Уағдаласушы мемлекеттің Шарттың қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) тәулік өткен соң өз қолданысын тоқтатылады.
4. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның қолданылу кезеңінде басталған рәсімдер толық орындалғанға дейін күшінде болады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН бұған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
20 "___"______________әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтін теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде алшақтықтар туындаған жағдайда, Уағдаласушы мемлекеттер ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасы үшін | Мысыр Араб Республикасы үшін |