Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мурат Әбуғалиұлы Нұртілеу Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа Қазақстан Республикасының атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 253 Жарлығымен.3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 16 мамырдағы № 220 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН |
Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы ШАРТ
Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы (бұдан әрі "Тараптар" деп аталады)
егемендікті және теңдікті өзара құрметтеу негізінде, екі мемлекет арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдіре отырып,
сотталған адамдардың қоғамға қайта араласуына жәрдемдесу мақсатында олардың жазаны өздері азаматы болып табылатын мемлекетте өтеуі үшін
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап Анықтамалар
Осы Шартты іске асыру мақсатында мынадай анықтамалар пайдаланылады:
(а) "Беруші Тарап" сотталған адам берілуі мүмкін немесе берілген Тарапты білдіреді;
(b) "Қабылдаушы Тарап" сотталған адам қабылдануы мүмкін немесе қабылданған Тарапты білдіреді;
(c) "сотталған адам" қандай да бір Тараптың соты шығарған түпкілікті үкімге сәйкес белгіленген мерзімге бас бостандығынан айыруға немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға сотталған адамды білдіреді.
2-бап Жалпы ережелер
Осы Шарттың ережелеріне сәйкес Беруші Тарап шығарған үкімдерді Қабылдаушы Тараптың аумағында орындау үшін Тараптар біріне-бірі сотталған адамдарды беруі мүмкін.
3-бап Орталық органдар
1. Тараптар осы Шарттың мақсатында сол үшін айқындалған орталық органдар арқылы тікелей бірімен-бірі өзара іс-қимыл жасайды.
2. Қазақстан Республикасы үшін Бас прокуратура және Вьетнам Социалистік Республикасы үшін Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі осы баптың 1-тармағында көрсетілген орталық органдар болып табылады. Кез келген Тараптың көрсетілген орталық органдары өзгерген немесе олардың функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда екінші Тарап мұндай өзгеріс туралы дипломатиялық арналар арқылы хабардар етіледі.
4-бап Беру шарттары
1. Сотталған адамды беру, егер:
(а) сотталған адам Қабылдаушы Тараптың азаматы болып табылатын;
(b) адам Қабылдаушы Тараптың да ұлттық заңнамасы бойынша қылмыс болып табылатын іс-әрекеттер үшін сотталған;
(c) беру туралы сұрау салу алынған кезде сотталған адамға қатысты шығарылған үкім заңды күшіне енген және сотталған адамның жазасын өтеуге тиіс уақыт кезеңі кемінде бір жылды құрайтын;
(d) сотталған адамға қатысты үкім күшіне енген және Беруші Тарапта бұл адамға қатысты басқа қылмыстық рәсімдер болмаған;
(е) сотталған адамның немесе сотталған адам жасына, физикалық немесе психикалық жай-күйіне байланысты беруге келісім беруі мүмкін болмаған кезде оның заңды өкілінің жазбаша келісімі бар болған; және
(f) екі Тарап та беруге келіскен жағдайларда ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Айрықша жағдайларда Тараптар, егер сотталған адамның өтеуге тиіс уақыт кезеңі осы баптың 1-тармағының с) тармақшасында көрсетілгеннен кем болса да сотталған адамды беруге келісе алады.
5-бап Беруден бас тарту
1. Егер:
(а) бір Тарап беру оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіреді немесе оның ұлттық заңнамасының іргелі қағидаттарына қайшы келеді деп шешсе;
(b) сотталған адамға қатысты Беруші Тараптың аумағында өзге де азаматтық немесе әкімшілік процестер жүзеге асырылып жатса;
(c) ескіру мерзімі өтуі салдарынан Қабылдаушы Тараптың аумағында жазаны орындау мүмкін болмаса, сотталған адамды беруден бас тартылуы мүмкін.
2. Әрбір Тарап осы баптың 1-тармағында көзделген мән-жайларға қарамастан, екінші Тарап сұратып отырған беруге келісетінін немесе келіспейтінін өз қалауы бойынша шешуге құқылы.
3. Беруден бас тарту уәжді болуға тиіс және бас тартудың негіздері екінші Тарапқа хабарлануға тиіс.
6-бап Сұрау салу және жауап беру
1. Осы Шартқа сәйкес сотталған адам не оның заңды өкілі беруге қатысты өтінішпен кез келген Тарапқа жүгіне алады. Мұндай өтінішті алған Тарап бұл туралы екінші Тарапты жазбаша хабардар етуге тиіс.
2. Сотталған адамды беру туралы сұрау салуды кез келген Тарап жіберуі мүмкін. Сұрау салынатын Тарап сұратылып отырған беруді қанағаттандыру немесе одан бас тарту жөніндегі шешімі туралы Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді.
3. Сотталған адамды беру туралы сұрау салулар мен жауаптар жазбаша нысанда жасалады.
7-бап Талап етілетін құжаттар
1. Бір Тараптан беру туралы сұрау салу түскен және егер екінші Тарап одан бас тартпаған жағдайда Беруші Тарап Қабылдаушы Тарапқа мынадай мәліметтерді береді:
(а) сұрау салудың күні мен орны;
(b) сотталған адамды беру туралы сұрау салудың себебі;
(c) сұрау салатын органның атауы мен мекенжайы;
(d) сұрау салынатын органның атауы мен мекенжайы;
(е) беру үшін сұрау салынып отырған сотталған адамның Т.А.Ә., жынысы, туған күні мен туған жері, азаматтығы және соңғы тұрақты тұрғылықты жері.
2. Сотталған адамды беру туралы сұрау салуға қосымша:
(а) үкім шығаруға негіз болған ұлттық заңнаманың тиісті ережелерін қоса алғанда, заңды күшіне енген үкімнің куәландырылған көшірмесі;
(b) жазаның түрі мен мерзімі, сондай-ақ оның басталу күні көрсетілген мәліметтер;
(c) сотқа дейінгі ұстау мерзімін қоса алғанда, жаза бөліктерінің өтелген және өтелуге тиіс мерзімдері туралы мәліметтер, үкімді өзгерту туралы мәліметтер және үкімді орындауға келтіру үшін маңызы бар өзге де мәліметтер;
(d) осы Шарттың 4-бабы 1-тармағының (е) тармақшасында көзделген беруге жазбаша келісім;
(е) сотталған адамның денсаулық жағдайы туралы ақпарат;
(f) адамның жазасын өтеу кезіндегі мінез-құлқын сипаттайтын мәліметтер;
(g) сотталған адамның осы Шарттың 4-бабында жазылған талаптарға сәйкес келетінін растайтын құжаттар;
(һ) беру үшін сұрау салынып отырған сотталған адамның мінездемелері мен фотосуреті бар құжаттар бірге берілуге тиіс.
3. Қабылдаушы Тарап Беруші Тарапқа мынадай құжаттарды береді:
(а) сотталған адамның Қабылдаушы Тараптың азаматы болып табылатынын растайтын құжаттар;
(b) сотталған адамға қатысты үкім шығаруға негіз болған қылмыстың қылмыстық жазаланатын қылмыс болып табылатынын куәландыратын Қабылдаушы Тарап заңының баптары;
(c) Беруші Тарап шығарған үкімнің Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша орындалу тәртібі туралы мәліметтер.
8-бап Сотталған адамды хабардар ету
1. Әрбір Тарап өз аумағында осы Шарт қолданылатын сотталған адамдарды олардың осы Шарттың ережелеріне сәйкес берілуі мүмкін екендігі туралы хабардар етеді.
2. Әрбір Тарап өз аумағындағы сотталғандарды осы Шарттың 6-бабында көзделген беру туралы сұрау салу бойынша Беруші немесе Қабылдаушы Тараптар қабылдаған шешімдер туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
9-бап Сотталған адамның келісім беруі және оны растау
1. Беруші Тарап сотталған адамның не оның заңды өкілінің берудің құқықтық салдарын толық түсіне отырып, өз еркімен оған келісім беретініне және оны беруге келісім беру туралы өтінішпен растайтынына кепілдік береді.
2. Беруші Тарап Қабылдаушы Тараптың сұрау салуы бойынша Қабылдаушы Тарапқа уәкілетті тұлға арқылы сотталған адамның осы баптың алдыңғы тармағының талаптарына сәйкес беруге өз келісімін білдіргеніне көз жеткізуге мүмкіндік береді.
10-бап Сотталған адамды беру
Беру туралы келісімге қол жеткізілген жағдайда Тараптар консультациялар арқылы сотталған адамды беру уақытын, орнын және тәртібін айқындайды.
11-бап Үкімді орындау
1. Қабылдаушы Тарап сотталған адамды алғаннан кейін Беруші Тарап айқындаған жазаның түрі мен мерзіміне сәйкес Беруші Тарап шығарған үкімді өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес орындауды жалғастырады.
2. Егер Беруші Тарап айқындаған үкім бойынша жазаны өтеудің сипаты мен мерзімі Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасымен үйлеспейтін болып табылса, Қабылдаушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасында осыған ұқсас қылмыс үшін көзделген жазалау шарасын тағайындай отырып, үкімді өзгертуге құқылы. Мұндай өзгерту болған жағдайда:
(а) Қабылдаушы Тарап Беруші Тараптың үкімінде қамтылған фактілерді мойындауға міндетті;
(b) Қабылдаушы Тарап бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны ақшалай өндіріп алу жазасына ауыстыруға құқылы емес;
(c) Қабылдаушы Тараптың үкімді өзгертуі өзінің мәні бойынша және мүмкін болғанынша Беруші Тараптың үкіміне сәйкес келуге тиіс;
(d) Қабылдаушы Тараптың үкімді өзгертуі Беруші Тараптың үкімін ауырлатпауға және Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасында соған ұқсас қылмыс үшін көзделген жазаның ең көп мерзімінен аспауға тиіс;
(e) үкімді өзгерту Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша соған ұқсас қылмысқа қолданылатын жазаның ең қысқа мерзімімен шектелмеуге тиіс; және
(f) Беруші Тараптың аумағындағы өтелген мерзім бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзіміне есептеледі.
3. Үкім осы баптың 2-тармағына сәйкес өзгертілген жағдайда Қабылдаушы Тарап үкімді өзгерту туралы ресми құжаттың көшірмесін Беруші Тарапқа дереу беруге тиіс.
4. Қабылдаушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес сотталған адамның жазасын өтеу мерзімін қысқартуға немесе оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға құқылы.
12-бап Юрисдикцияның сақталуы
1. Беруші Тараптың өзінің соты шығарған үкімдерді өзгерту немесе олардың күшін жою үшін юрисдикцияны сақтауға құқығы бар.
2. Қабылдаушы Тарап осы бапқа сәйкес Беруші Тараптың соты шығарған үкімді өзгертуге немесе оның күшін жоюға алып келетін Беруші Тараптан кез келген шешімді алғаннан кейін, үкімнің орындалуын дереу өзгертеді немесе күшін жояды.
13-бап Кешірім жасау және рақымшылық
Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес берілген сотталған адамға қатысты кешірім жасау актісін немесе рақымшылық жасауды екінші Тарапты өзінің шешімі туралы дереу хабардар ете отырып, қолдануға құқылы.
14-бап Үкімнің орындалуы туралы хабар беру
Қабылдаушы Тарап Беруші Тарапқа үкімнің орындалуы туралы мынадай жағдайларда:
(а) үкім орындалғанда;
(b) сотталған адам күзетпен ұстаудан жасырынғанда немесе жазаны өтеу мерзімі аяқталғанға дейін қайтыс болғанда;
(c) Беруші Тарап арнайы хабарлауды талап еткенде хабар береді.
15-бап Транзит
1. Бір Тарап үшінші елмен ынтымақтаса отырып, екінші Тараптың аумағы арқылы сотталған адамдардың транзитін жүзеге асырған жағдайда бірінші Тарап соңғысына осындай транзиттерге рұқсат алуға сұрау салу жібереді.
2. Әуе көлігі пайдаланылған және екінші Тарап аумағында қону жоспарланбаған жағдайда мұндай рұқсат алу талап етілмейді.
3. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың транзит туралы сұрау салуын, егер бұл оның ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, қанағаттандырады.
16-бап Тілдер
Сотталған адамды беру бойынша кез келген сұрау салу, құжат немесе хат-хабар екінші Тараптың ресми тіліндегі немесе ағылшын тіліндегі аудармасымен бірге беріледі. Егер өтінішхатты сотталған адам берген жағдайда, онда ол сол адам меңгерген тілде жасалуы мүмкін.
17-бап Құжаттардың жарамдылығы
Осы Шарттың мақсаттарына қол жеткізу үшін бір Тараптың орталық органының қолтаңбасы қойылып және елтаңбалы мөрімен бекемделіп жолданған кез келген құжаттар екінші Тараптың аумағында растаудың, заңдастырудың немесе апостиль қоюдың кез келген нысанынсыз пайдаланылады.
18-бап Шығыстар
1. Қабылдаушы Тарап:
(а) тек Беруші Тарап аумағында ғана жұмсалған шығыстардан басқа, сотталған адамды тасымалдауға байланысты; және
(b) беруден кейін үкімді орындауды жалғастыруға байланысты шығыстарды көтереді.
2. Транзиттік тасымалдауларға байланысты шығыстарды транзиттік тасымалдауға рұқсат алу туралы өтінішпен жүгінген Тарап көтереді.
19-бап Дауларды реттеу
Осы Шарттың ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты кез келген келіспеушіліктер Тараптар арасында консультациялар өткізу арқылы шешіледі.
Егер Тараптар келісімге қол жеткізе алмаса, келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.
20-бап Өзгерістер мен толықтырулар
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Шартқа оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Шарттың 21-бабының 1-тармағына сәйкес күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
21-бап Күшіне енуі және тоқтатылуы
1. Осы Шарт ратификациялауға жатады және оны ратификациялау туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынғаи күннен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Шарттың қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) күн өткенге дейін күшінде болады.
Осы Шарттың қолданысын тоқтату оның тоқтатылуына дейін басталған беру бойынша рәсімдерге әсер етпейді.
3. Осы Шарт ол күшіне енгенге дейін оздеріне қатысты үкімдер шығарылған сотталған адамдарды беруге де қолданылады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН тиісінше уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
_____жылғы_____айының_________күні________қаласында әрқайсысы қазақ, Вьетнам және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасы үшін | Вьетнам Социалистік Республикасы үшін |