ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. "Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 25 сәуірдегі № 240 Жарлығына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 14) тармақшасының екінші бөлігіне сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:";
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысында:
кіріспе алып тасталсын;
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысы (бұдан әрі – Жарғы) Қазақстан Республикасының консулдық қызметінің құқықтық негіздерін, Қазақстан Республикасының консулдық лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде Қазақстан Республикасының, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі құқықтары мен міндеттерін айқындайды.
Осы Жарғыда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) болу мемлекеті – аумағында Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесі орналасқан шет мемлекет;
2) консулдық архив – құжаттар, хат-хабарлар, аудио және бейнематериалдар, электрондық ақпарат тасымалдағыштар, кітаптар, журналдар, тізілімдер, картотекалар, шифрлар, кодтар, мөрлер, мөртаңбалар және консулдық функцияларды орындауға арналған өзге де заттар;
3) консулдық мекеме – белгілі бір консулдық округтің шегінде Қазақстан Республикасының атынан консулдық функцияларды орындайтын Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесі;
4) консулдық мекеменің басшысы – Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің консулдық мекемені басқаратын қызметкері;
5) консулдық мекеменің сыныбы – Қазақстан Республикасы болу мемлекетіндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси маңызына және орналасқан жеріне байланысты болу мемлекетімен келісу бойынша айқындайтын консулдық мекеменің мәртебесі;
6) консулдық округ – консулдық функцияларды орындау үшін Қазақстан Республикасының консулдық мекемесіне (бұдан әрі – консулдық мекеме) бөліп берілген аумақ;
7) Қазақстан Республикасының консулдық лауазымды адамы (бұдан әрі – консул) – консулдық округтің шегінде Қазақстан Республикасының атынан консулдық функцияларды орындайтын Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің қызметкері;
8) Қазақстан Республикасының құрметті (штаттан тыс) консулы (бұдан әрі – құрметті консул) – Қазақстан Республикасының құрметті консулдығын (бұдан әрі – құрметті консулдық) басқаратын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметінде тұрмайтын, шет мемлекеттің аумағында консулдық округтің шегінде Қазақстан Республикасының атынан жекелеген консулдық функцияларды орындау тапсырылған адам.";
3, 4, 5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Қазақстан Республикасының консулдық қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, осы Жарғыға, болу мемлекетінің заңнамасын ескере отырып, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасының дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдіктері (бұдан әрі – дипломатиялық өкілдіктер) жоқ мемлекеттерде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) болу мемлекетінің келісімімен консулдық мекеменің басшысына дипломатиялық функцияларды жүктеуі мүмкін.
5. Консулдық мекемелердің ғимараттарында міндетті түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріледі және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналастырылады.
6. Консулдық мекеменің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және консулдық мекеменің атауы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде және болу мемлекетінің ресми тілінде жазылған мөрі болады.";
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"16. Консулдық мекемелер өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимылды Министрлікті хабардар ете отырып жүзеге асырады.";
мынадай мазмұндағы 16-1-тармақпен толықтырылсын:
"16-1. Консулдық мекемелер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен:
1) дипломатиялық поштаны жиынтықтауды, ресімдеуді, қабылдауды және сақтауды жүзеге асырады, Министрліктен түсетін дипломатиялық поштаны Қазақстан Республикасының шет елдердегі басқа мекемелеріне жеткізуді ұйымдастырады;
2) Министрлікке жеткізу үшін дипломатиялық поштаны жиынтықтауды, сақтауды, ресімдеуді жүзеге асырады;
3) дипломатиялық поштаны Министрлікке жеткізуді ұйымдастырады;
4) дипломатиялық поштаны жеткізу кезінде өз құзыреті шегінде оның қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды;
5) дипломатиялық поштаны жеткізу үшін құжаттарды ресімдеуді және дипломатиялық курьерлер мен "ад хок" дипломатиялық курьерлеріне беруді қамтамасыз етеді.";
17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Консулдық функциялар бойынша жеке және заңды тұлғалардан түсетін құжаттарды қабылдау мен өңдеуді Қазақстан Республикасы аумағында Министрліктің және Министрлікке жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға жәрдемдесетін Министрлікке ведомстволық бағынысты шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның қызметкерлері, шет елдерде дипломатиялық өкілдіктер және консулдық мекемелер жүзеге асырады.";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Лауазымға тағайындалған кезде консулдық мекеменің басшысына жазбаша өкілеттік – Министр немесе оның міндетін атқарушы адам қол қоятын консулдық патент беріледі, онда басшының толық аты мен тегі, консулдық мекеменің сыныбы, консулдық округ және консулдық мекеменің болу мемлекетіндегі орналасқан жері көрсетіледі.
Құрметті консулға консулдық патент берілген кезде қосымша оның азаматтығы көрсетіледі.";
27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"27. Консулдық функцияларды Қазақстан Республикасының атынан:
1) Қазақстан Республикасының аумағында Министрлік;
2) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде:
дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер;
болу мемлекеті келіскен кезде Қазақстан Республикасы тиісті халықаралық шарт жасасқан басқа мемлекеттер орындайды.";
36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"36. Консулдық лауазымды адамдардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) қатысты шағымдар Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарына сәйкес беріледі және қаралады.";
49-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) Қазақстан Республикасының шет елдердегі азаматтарына паспорттар дайындауға құжаттарды қабылдайды және жібереді;";
53-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"53. Министрлік Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасына сәйкес шетелдіктерге асырап алуға берілген, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды есепке қоюды жүзеге асырады.
Шетелдіктерге асырап алуға берілген, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды Министрлікте есепке қою және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің балаларды бақылауды жүзеге асыру тәртібі Министрдің бұйрығымен бекітіледі.";
58-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"58. Шетелге уақытша шыққан және онда тұрақты тұруды ресімдеуге ниет білдірген Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелде тұрақты тұруы мәселелері жөніндегі хабарламаны консул Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының рұқсаттары негізінде береді.";
69-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"69. Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау және республикалық референдум өткізу кезінде Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінің үй-жайында сайлау учаскесі құрылған жағдайда дипломатиялық өкілдік және (немесе) консулдық мекеме бұл туралы консулдық округтің билік органдарын ресми хабардар етеді.";
83-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"83. Егер Қазақстан Республикасының азаматы болу мемлекетінде форс-мажорлық мән-жайлар салдарынан қиын жағдайға ұшыраған және өмір сүруге қаражаты болмаған, сондай-ақ қылмыскерлік құрылымдар әрекетінің және адам саудасының құрбаны болған және бұл туралы дипломатиялық өкілдікке немесе консулдық мекемеге хабарлаған жағдайларда консул:
1) осы азаматты шақырған адамның немесе ұйымның оның осы мемлекетте болуына байланысты шығыстарын өтеу міндеттемелерінің бар-жоғын анықтайды және олардың орындалуына жәрдемдеседі;
2) осы азаматтың өзінің отбасы мүшелерімен, туыстарымен немесе өзге адамдармен байланыс орнатуына жәрдем көрсетеді;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржылай көмек көрсетеді;
4) өтініштің мазмұны бойынша болу мемлекетінің мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
5) Қазақстан Республикасы азаматының қиын жағдайға тап болуының мән-жайын тексереді және Қазақстан Республикасының азаматы ұсынған материалдардың, объектілердің, құжаттар мен мәліметтердің шынайылығын тексеру бойынша шаралар қабылдайды;
6) осы жағдай туралы Министрлікті хабардар етеді.";
92-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"92. Құрметті консулдардың Қазақстан Республикасының атынан консулдық функцияларды орындауы Министрліктің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады.".
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. Тоқаев |