1. Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп
комитетi туралы қоса берiлiп отырған ереже бекiтiлсiн. 2. Қазақстан Республикасының Үкiметi осы Жарлық күшiне енген күннен бастап екi апта мерзiмде Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң қызметiн материалдық-техникалық және қаржылай қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданатын болсын. 3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi. Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 19 сәуiрдегi N 2956 Жарлығына қосымша Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi туралы Ереже
1. Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi (бұдан былай - Есеп комитетi) Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi мемлекеттiк орган болып табылады.
2. Есеп комитетiнiң құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарымен және өкiмдерiмен, сондай-ақ осы Ережемен айқындалады.
Есеп комитетi дербес балансы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнелеген мөрi және өзiнiң атауы бар заңды тұлға болып табылады. Есеп комитетi Қазақстан Республикасының астанасында орналасады.
3. Есеп комитетiнiң құрамы Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 7)-тармақшасына, 57-бабының 1)-тармақшасына және 66-бабының 9)-тармақшасына сәйкес жасақталады.
Есеп комитетiнiң қызметiн қамтамасыз ету үшiн оның хатшылығы құрылады.
Есеп комитетiнiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджет есебiнен жүзеге асырылады.
Есеп комитетiнiң құрылымы мен еңбекке ақы төлеу қорын, сондай-ақ оның хатшылығы қызметкерлерiнiң санын Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
4. Есеп комитетiнiң негiзгi мiндеттерi мен функциялары мыналар болып табылады:
1) республикалық бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң орындалуын бақылау;
2) республикалық бюджеттiң атқарылуына байланысты мәселелер жөнiнде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау;
3) қаражаттың республикалық бюджетке толық түсуiн және оларды пайдаланудың заңдылығын бақылау;
4) мемлекеттiк бағдарламалардың, Үкiмет бағдарламаларының орындалуына және мемлекеттiк қажеттiктердi қаржыландыруға бөлiнетiн республикалық бюджет қаражатының нысаналы пайдаланылуын бақылау;
5) республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептi Қазақстан Республикасы Парламентiнiң бекiтуiне ұсыну.
5. Есеп комитетiнiң төрағасы Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң жұмысы туралы Қазақстан Республикасының Президентiн тоқсанына кемiнде бiр рет хабардар етiп отырады.
6. Есеп комитетi өз мiндеттерi мен функцияларын атқарған кезде:
1) қаражаттың республикалық бюджетке толық түсуi мен пайдаланылуына қатысты мәселелер жөнiнде мемлекеттiк органдар мен меншiктiң барлық нысандарындағы ұйымдарға тексеру мен тексерiстi жүзеге асыруға;
2) Үкiметтен, өзге де мемлекеттiк органдар мен меншiктiң барлық нысандарындағы ұйымдардан қаражаттың республикалық бюджетке толық түсуi мен пайдаланылуына қатысты мәселелер жөнiнде қажеттi құжаттама мен ақпаратты сұратуға және алуға;
3) банктер мен өзге де кредит мекемелерiнен республикалық бюджет қаражатының келiп түсуi мен пайдаланылуы бөлiгiнде тексерiлетiн объектiлердiң операциялары мен шоттарының жай-күйi туралы қажеттi мәлiметтер алуға;
4) тексерулер мен тексерiстердi жүргiзуге республиканың мемлекеттiк органдары мен ұйымдарының тиiстi мамандарын тартуға;
5) республикалық бюджеттiң атқарылуы мәселелерi жөнiнде мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдарының есептерiн тыңдауға;
6) Есеп комитетi анықтаған мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдарының республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы заң және нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарынан ауытқу деректерi бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынымдар енгiзуге;
7) лауазымды адамдардың бюджет қаражатын пайдаланудағы iс-әрекеттерiнде қылмыс белгiлерi, заңды бұзудың өзге де фактiлерi анықталған жағдайларда тексерулер мен тексерiстердiң материалдарын құқық қорғау органдарына беруге құқылы.
7. Есеп комитетiн Қазақстан Республикасының Президентi бес жыл мерзiмге тағайындайтын Төраға басқарады. Есеп комитетiнiң Төрағасын Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босата алады.
Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты немесе Үкiметiнiң мүшесi Есеп комитетiнiң Төрағасы бола алмайды.
8. Есеп комитетiнiң Төрағасы:
1) Есеп комитетiнiң қызметiне басшылық етедi, Есеп комитетiне жүктелген мiндеттердiң орындалуы үшiн дербес жауапты болады;
2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң тапсырмаларын орындайды;
3) Есеп комитетiнiң мүшелерi мен қызметкерлерiнiң арасында мiндеттердi бөледi;
4) өз құзыретiнiң шегiнде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар бередi, олардың орындалуын тексередi, Есеп комитетiнiң отырыстарында қабылданған қаулылар мен өзге де актiлерге қол қояды;
5) белгiленген құрылымына, санына және еңбекке ақы төлеу қорына сәйкес республикалық бюджетте оны қамту үшiн көзделген қаражат шегiнде Есеп комитетiнiң штат кестесiн, шығыстар сметасын бекiтедi;
6) Есеп комитетi хатшылығының қызметкерлерiн қызметке тағайындап, қызметтен босатады;
7) қазақстандық және шетелдiк заңды тұлғалармен қарым-қатынастарда Есеп комитетiнiң атынан өкiлдiк етедi;
8) қолданылып жүрген заңдарға сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
9. Есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiнiң:
1) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Палаталары мен олардың комитеттерiнiң, Үкiметтiң, Ұлттық Банк басқармасының отырыстары мен мемлекеттiк органдардың алқаларына қатысуға;
2) жасырын сақтау режимiн, коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын құпияны сақтауды ескере отырып, тексеру немесе тексерiс мәселелерiне қатысты құжаттамамен кедергiсiз танысуға;
3) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардан, лауазымды адамдардан тексерулер мен тексерiстердi жүргiзуге байланысты мәселелер жөнiнде қажеттi анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсiнiктемелердi талап етуге және өздерi белгiленген мерзiмде алуға құқығы бар.
10. Өз өкiлеттiгiн iске асыру үшiн Есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерi мына актiлердi қабылдауға хақылы:
1) Есеп комитетiнiң жұмысы жайында Қазақстан Республикасының Президентiне тоқсан сайын берiлетiн ақпарат;
2) республикалық бюджеттiң атқарылуы жайында Қазақстан Республикасының Парламентiне берiлетiн жылдық есеп. Есеп комитетiнiң жылдық есебi өзiнiң мазмұны мен сипаты бойынша Үкiметтiң есебi жөнiндегi қорытынды болып табылады;
3) тексерулердiң нәтижелерi бойынша қорытынды;
4) тексерiс актiсi;
5) республикалық бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi жұмыстағы кемшiлiктердi жою жөнiнде мемлекеттiк органдарға, ұйымдар мен лауазымды адамдарға табыс етiлетiн ұсыным; қылмыстық және мүлiктiк жауапкершiлiкке тарту мәселелерi жөнiнде құқық қорғау органдары мен соттарға табыс етiлетiн ұсыным;
6) олар қабылдаған шешiмдердi жою немесе олардың күшiн тоқтата тұру, сондай-ақ лауазымды адамдардың республикалық бюджет қаражатының келiп түсуi мен жұмсалу мәселелерiне қатысты Есеп комитетiнiң тапсырмаларын атқаруы жөнiнде мемлекеттiк органдар мен меншiктiң барлық нысандарындағы ұйымдардың лауазымды адамдарына табыс етiлетiн ұйғарым;
7) Есеп комитетiнiң барлық басқа актiлерiнiң күшiн растайтын қаулы.
Барлық мемлекеттiк органдар, ұйымдар мен лауазымды адамдар Есеп комитетiнiң қаулысында баяндалған, өздерiне арналған талаптарды орындауға және басшылыққа алуға мiндеттi.
Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысына, Парламентi мен Премьер-министрiне арнап жiберiлген Есеп комитетi қаулыларының ұсыныстық және ақпараттық сипаты болады.
Есеп комитетiнiң қаулылары құқық қорғау органдарына арналып, олардың лауазымды адамдардың iс-әрекеттерiнде қылмыс құрамының бар болуы немесе жоқтығы жайындағы мәселенi шешуi үшiн жiберiлуi мүмкiн.
11. Есеп комитетiнiң қаулысы оның отырыстарында дауыс беру жолымен қабылданады. Есеп комитетiнiң қаулысы, егер Есеп комитетiнiң отырысына қатысқан мүшелерiнiң жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданған болып саналады. Дауыстар тең болған жағдайда есеп комитетi Төрағасының даусы шешушi болып табылады. Есеп комитетiнiң қаулысы оған Төраға қол қойғаннан кейiн күшiне енедi.
Есеп комитетiнiң жұмысы жайындағы тоқсан сайынғы ақпаратты және республикалық бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi жылдық есептi қарау кезiнде Есеп комитетi мүшелерiнiң кемiнде үштен екiсi бар болған жағдайда Есеп комитетiнiң отырысы құқылы.
Есеп комитетiнiң Төрағасы болмаған жағдайда оның мiндеттерi Есеп комитетi мүшелерiнiң бiрiне Есеп комитетiнiң Төрағасы берген өкiлеттiктер көлемiнде жүктеледi.
12. Есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiнiң:
1) кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруын, шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiруiне, оқытушылық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетiн басқа да лауазымдарды атқаруына болмайды;
2) олар өз өкiлеттiктерiн жүзеге асырған кезде заң талаптарын сақтауға, тексерiлетiн объектiлердiң қалыпты жұмыс iстеуiне кедергiлер туғызбауға және олардың ағымдағы шаруашылығы қызметiне араласпауға мiндеттi;
3) жүргiзiлген тексерулер нәтижелерiнiң бұрмаланғаны үшiн жауап бередi;
4) мемлекеттiк органдарға табыс етiлетiн және жарияланатын ақпараттың растығы, құпияны жария еткенi, сондай-ақ өздерiнiң құқыққа қарсы iс-әрекеттерiмен келтiрiлген моральдық және материалдық залал үшiн жауап бередi.
13. Орталық атқарушы, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар Есеп комитетiнiң мүшелерi мен қызметкерлерiне оларға жүктелген мiндеттердi атқаруда жан-жақты жәрдем жасауға, тексерулер мен тексерiстердi жүргiзуде оларға қажеттi көмек көрсетуге мiндеттi.
Тексерулердiң, тексерiстердiң жүргiзiлуiне нендей де болсын кедергi келтiретiн және Есеп комитетiнiң мүшелерi мен қызметкерлерiнiң жұмысы үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз етпеген лауазымды адамдар заңда белгiленген тәртiппен жауап бередi.
14. Есеп комитетi Төрағасының лауазымды материалдық-тұрмыстық және медициналық қамтамасыз ету, көлiк қызметiн көрсету жағдайлар бойынша республика министрiнiң лауазымына, ал Есеп комитетi мүшелерiнiң лауазымдары министрдiң орынбасары лауазымына теңестiрiледi.
Есеп комитетiнiң қызметiн материалдық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Iс Басқармасы жүзеге асырады.