Банктерді және сақтандыру қызметін реттейтін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мақсатында, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Таратылатын банктердің және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының тарату комиссияларының қызметіне бақылауды жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін күшіне енеді.
3. Банктерді және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын тарату ісін бақылау басқармасы (Бадырленова Ж.Р.):
1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын;
2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдарына жіберсін.
4. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдары Банктерді және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын тарату ісін бақылау басқармасынан алған күннен бастап төрт күндік мерзімде осы қаулыны ерікті және еріксіз (сот шешімі бойынша) таратылатын банктер мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының тарату комиссияларына жіберсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Е.Т. Жангелдинге жүктелсін.
Ұлттық Банк
Төрағасы
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
"Таратылатын банктердің
және сақтандыру (қайта
сақтандыру) ұйымдарының
тарату комиссияларының
қызметіне бақылауды жүзеге
асыру ережесін бекіту туралы"
2002 жылғы 16 наурыздағы
N 87 қаулысымен бекітілген
Таратылатын банктердің және сақтандыру (қайта сақтандыру)
ұйымдарының тарату комиссияларының қызметіне бақылауды
жүзеге асыру Ережесі
Таратылатын банктер мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары тарату комиссияларының қызметіне бақылауды жүзеге асыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 69, 73, 74-баптарына, "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 67, 70-баптарына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі - Ұлттық Банк) тарату комиссияларының қызметіне бақылау жүргізу арқылы банктер мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары тарату комиссияларының (бұдан әрі - тарату комиссиялары) қызметіне бақылауды жүзеге асыру тәртібін белгілейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Тарату комиссияларының қызметін тексеру тарату комиссияларының заң талаптарын сақтауына бақылауды жүзеге асыру мақсатында жүргізіледі.
2. Тарату комиссияларының қызметін тексеруді Ұлттық Банктің банктер мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын тарату процесін бақылау бөлімшесінің қызметкерлері мен Ұлттық Банктің аумақтық филиалдарының қызметкерлері (бұдан әрі - Ұлттық Банктің қызметкерлері) жүргізеді. Тексеруді Ұлттық Банктің банктер мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын тарату процесін бақылау бөлімшесінің қызметкері не Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары тағайындайтын тексеру жетекшісі басқаратын комиссия жүргізеді.
3. Ұлттық Банк тарату комиссияларының қызметін тексеруді кредиторлар комитетінің, жекелеген кредиторлардың немесе банктер мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары акционерлерінің өтініштері, сондай-ақ өз ықтияры бойынша жүргізеді.
4. Тарату комиссияларының қызметін тексеру Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары бекіткен тапсырма негізінде жүргізіледі, онда тексеру мақсаты, тексеру жүргізу мерзімі, тарату комиссияларының тексеруге жататын қызмет кезеңі, лауазымдары көрсетілген тексеру жетекшісі мен комиссияның басқа мүшелері - Ұлттық Банктің қызметкерлері туралы мәліметтер көрсетіледі.
Тексеру жетекшісі қажет жағдайда тексеру жөніндегі комиссия мүшелері арасындағы нақты міндеттері бөлінген жұмыс жоспарын белгілейді.
5. Ұлттық Банк тарату комиссияларына олардың қызметіне алдағы тексеру туралы алдын-ала хабарлауға құқылы.
Хабарламаны алған кезде тарату комиссиялары Ұлттық Банктің өкілдеріне ұсыну үшін тексеру жүргізу алдында барлық қажетті құжаттарды дайындайды.
Тарату комиссияларының қызметіне тексеру алдын-ала хабарламасыз (тосын тексеру) жүргізілуі де мүмкін.
6. Тарату комиссияларының қызметін тексеру жоспарлы және жоспардан тыс болып бөлінеді.
Ұлттық Банк жоспарлы тексеруді жылына кем дегенде 1 рет жүргізеді.
Ұлттық Банк тосын тексеруді мынадай негіздемелердің:
1) Ұлттық Банк тарату комиссиясының қызметінен қолданылып жүрген заңдардың бұзылуын анықтаған жағдайда;
2) тарату комиссиясы тексеру барысында анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі Ұлттық Банктің ұйғарымдары мен нұсқауларын орындамаған жағдайда;
3) тарату комиссиясының жұмысына таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторлары мен акционерлері тарапынан шағым-талаптар мен арыздар болған жағдайлардың ең болмағанда біреуі орын алған жағдайда жүргізеді.
2-тарау. Тексеру жүргізу кезінде тарату комиссияларының
қызметіне қойылатын талаптар
7. Тарату комиссиялары тексеру жүргізу кезінде Ұлттық Банктің қызметкерлеріне ықпал ету мақсатында мынадай шараларды қолданады:
1) тарату комиссияларының қажетті құжаттарды (мәліметтерді) дайындауға және оларды Ұлттық Банк қызметкерлеріне уақтылы беруге жауапты қызметкерлерін белгілейді;
2) Ұлттық Банк қызметкерлерінің талап етуі бойынша олар белгілеген мерзімде тарату комиссияларының қызметіне қатысты құжаттар мен олардың көшірмелерін ұсынады. Қажет болған жағдайда Ұлттық Банк қызметкерлерінің осы құжаттардың көшірмелерін түсіруіне мүмкіндік береді.
8. Осы Ережеде көзделген талаптарды тарату комиссияларының орындамауы немесе тиісті дәрежеде орындамауы тексеру жүргізуге кедергі келтірген болып қаралады. Әрбір осындай жағдай тексеруді тоқтата тұру үшін негіздеме болып табылуы мүмкін тексеру жүргізуге кедергі келтіру туралы актімен ресімделеді.
Тексеру жүргізуге кедергі келтірген тұлғаларды әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң актілерінде белгіленген тәртіппен әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Ұлттық Банк тексеру жүргізумен байланысты құжаттарды тіркей отырып жоғарыда көрсетілген актіні әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауы үшін уәкілетті мемлекеттік органға жібереді.
Ұлттық Банк тексеру жүргізуге кедергі келтіру фактілері туралы банкроттық рәсімдерінде төлем қабілеті жоқ борышкерлердің мүлкі мен істерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиялар беруді жүзеге асыратын уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган), тарату комиссиясын тағайындаған соттың, ал банк, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ерікті таратылған кезде бұрынғы жетекшілері мен акционерлеріне жіберуге құқылы.
3-тарау. Тексеру нәтижелерін ресімдеу тәртібі
9. Тарату комиссиясының қызметін тексеру аяқталған соң нақты бұзушылықтар көрсетілген не бұзушылықтардың жоқ болуы туралы екі данада тексеру актісі жасалады. Тексеру актісінің бір данасы тарату комиссиясының төрағасына беріледі.
10. Тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелері тексеру актісіне қол қояды. Тексеру актісімен келіспеген жағдайда тарату комиссиясы өзінің жазбаша келіспеушілігін ұсынады.
11. Тексеру нәтижелері Ұлттық Банктің өзінің бақылау қызметін қамтамасыз ету мақсатында ғана пайдалануға жатады.
4-тарау. Тексеру нәтижелері бойынша қолданылатын шаралар
12. Тарату комиссиялары төрағаларының банк заңдарында және сақтандыру қызметі туралы заңдарда белгіленген өздерінің міндеттерін, сондай-ақ осы Ереженің 7-тармағының талаптарын орындамауы немесе тиісті дәрежеде орындамауы туралы куәландыратын фактілер анықталған жағдайда Ұлттық Банк:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тарату комиссиясы қызметінің тексеру барысында анықталған бұзушылықтарды жою үшін іс-шаралар қолданады;
2) тексеру нәтижелері туралы банкті, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын еріксіз тарату туралы шешім қабылдаған сотқа, не банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ерікті таратылуы кезінде банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бұрынғы жетекшілері мен акционерлеріне хабарлайды;
3) тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне қатысты заңда көзделген шаралар қолдану туралы өтінішпен бірге уәкілетті органға, не тарату комиссиясын тағайындаған сотқа банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бұрынғы жетекшілері мен акционерлеріне (ерікті таратылған кезінде) тарату комиссиясы төрағасының оған жүктелген міндеттерді орындаудан өз еркімен бас тартқан, таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының құжаттары мен мүлкін белгіленген тәртіппен тапсырмаған, тексеру барысында заңдардың жойылмайтын бұзушылықтары анықталған, Ұлттық Банктің нұсқаулары орындалмаған жағдайларда тарату комиссиясының төрағасына қатысты тиісті шаралар қолдануы үшін ақпарат жібереді;
4) тарату комиссиясы төрағасының қызметінде қылмыстық белгілер анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдауы үшін құқық қорғау органдарына ақпарат жібереді.
13. Тарату комиссиялары Ұлттық Банк белгілеген мерзімде нұсқаулардың орындалуы және кемшіліктерді жою жөнінде қолданған шаралар туралы жазбаша ақпарат ұсынады.
5-тарау. Қорытынды ережелер
14. Осы Ережемен реттелмеген мәселелер заңдарда белгіленген тәртіппен шешіледі.