Бағалы қағаздар рыногы жұмысының айқындылығы мен тиімділігінің дәрежесін арттыру, инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында, сондай-ақ "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының
56-бабына
сәйкес, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің Басқармасы қаулы етеді:
1. Бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді бағаны манипуляциялау мақсатында жасалған деп тану ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап қолданысқа енеді.
3. Стратегия және талдау департаменті (Еденбаев Е.С.):
1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде оны Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің мүдделі бөлімшелеріне, сауда-саттық ұйымдастырушыға, бағалы қағаздар рыногында брокерлік-дилерлік қызметті жүзеге асырушы ұйымдарға, "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне жіберсін.
4. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің қызметін қамтамасыз ету департаменті (Несіпбаев Р.Р.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялау шараларын қолға алсын.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Төрағасының орынбасары Е.Л.Бахмутоваға жүктелсін.
Төраға
Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын және қаржы
ұйымдарын реттеу мен
қадағалау жөніндегі агенттігі
Басқармасының "Бағалы
қағаздармен жасалған
мәмілелерді бағаны
манипуляциялау мақсатында
жасалған деп тану ережесін
бекіту туралы" 2004 жылғы
15 наурыздағы N 80 қаулысымен
бекітілген
Бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді бағаны
манипуляциялау мақсатында жасалған деп тану
Ережесі
Осы Ереже "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 56-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген және бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді бағаны манипуляциялау мақсатында жасалған деп тану тәртібін айқындайды.
1. Бағаны манипуляциялау фактісін растау мақсатында қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) лицензиатты мынадай негіздер бойынша тексереді:
1) өтінім беру күніне дейін отыз күнтізбелік күн ішінде осыған ұқсас бағалы қағаздарға орташа алғандағы рыноктік бағасынан, ал егер көрсетілген кезеңде мәмілелердің саны бесеуден кем болған жағдайда - өтінім күніне дейін осыған ұқсас бағалы қағаздармен жасалған соңғы бес мәміленің орташа алғандағы бағасынан отыз проценттен астам ауытқуы бар баға бойынша бағалы қағаздарды сатып алуға не сатуға өтінімдер туралы мәліметтердің болуы;
2) мәміле күніне дейін отыз күнтізбелік күн ішінде осыған ұқсас бағалы қағаздарға орташа алғандағы рыноктік бағасынан, ал егер көрсетілген кезеңде мәмілелердің саны бесеуден кем болған жағдайда - мәміле күніне дейін осыған ұқсас бағалы қағаздармен жасалған соңғы бес мәміленің орташа алғандағы бағасынан отыз проценттен астам айырмашылығы бар бағалар бойынша мәмілелер жасау фактілері туралы мәліметтердің болуы;
3) өзіне иеленіп отырған жағдайы арқылы белгілі болған бағаны қалыптастыруға айрықша ықпал ететін ақпаратты пайдалана отырып тұлғалармен мәмілелер жасау фактісі туралы мәліметтердің болуы;
4) бағалы қағаздар рыногы субъектілерінің немесе өзге де тұлғалардың инвесторларды адастыратын және бағалы қағаздардың бағамдық құнына әсер ететін шынайы емес ақпарат тарату фактілері туралы мәліметтердің болуы;
5) шарттарына қарап бағаны монипуляциялаудың бар екендігін болжауға негіз беретін өтінімдер немесе мәмілелер туралы мәліметтердің болуы;
6) өзге де мәліметтердің, оның ішінде сауда-саттық ұйымдастырушы, бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары, бағалы қағаздар эмитенттері, өзін-өзі реттейтін ұйымдар, мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар, бұқаралық ақпарат құралдары ұсынған мәліметтердің болуы.
2. Уәкілетті орган ұйымдасқан және ұйымдаспаған бағалы қағаздар рыногында жасалған және олар бағаны манипуляциялау мақсатында жасалған деп санауға негіз беретін мынадай мәмілелерді тексереді:
1) орындалуы екі не одан да көп тараптар арасында алдын ала келісім бойынша жасалған осындай мәмілелерді жасағанға дейін олардың санымен салыстырғанда осындай мәміленің тараптарындағы бағалы қағаздар мен ақшаның санын өзгертпейтін шамамен бірдей бағада және бірдей уақытта жасалған қарсы бағыттағы мәмілелер;
2) тараптар арасында осындай мәміле жасалғанға дейін бағалы қағаздар рыногында қалыптасқан осыған ұқсас бағалы қағаздар бағасынан елеулі ерекшелігі бар бағада алдын ала келісу арқылы жасалған мәміле;
3) тұлғаның бағалы қағаздардың бағасын қалыптастыруға елеулі ықпал ететін бағалы қағаздар рыногының басқа субъектілерінің қолы жетпейтін ақпаратты (оған қызметтік жағдайы, жасалған шарт, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысуы және басқалары арқылы белгілі болған) пайдалану арқылы жасаған мәмілесі;
4) бағаның және/немесе сауда-саттық қатысушыларының және/немесе олардың клиенттерінің қолданыстағы бағаның деңгейіне және/немесе бағалы қағаздар рыногындағы орныққан сауда қарқынына қатысты белсенділігі көтерілетіндей және/немесе төмендейтіндей түр жасайтын мәмілелер (алдамшы);
5) бағаны манипуляциялау мақсатында жасалатын (жасалған) мәмілені (мәмілелерді) жасыру мақсатында жасалған мәмілелер (алдамшы немесе жалған);
6) бағаны манипуляциялау мақсатында жасалған деп болжауға негіз беретін өзге де мәмілелер.
2-тарау. Бағаны манипуляциялау мақсатында
жасалған мәмілелерді тану тәртібі
3. Тексеру қорытындылары бойынша лицензиаттардың бағаны манипуляциялау фактісі, оның ішінде олардың жеке пайда табу мақсатында бағалы қағаздар рыногының басқа субъектілерінің қолы жетпейтін ақпаратты заңсыз пайдалану сонымен бірге олардың басқа тұлғаларға пайда алу үшін осы ақпаратты ұсыну фактілері расталған жағдайда, уәкілетті орган көрсетілген мәмілелерді бағаны манипуляциялау мақсатында жасалған мәмілелер деп таниды.
4. Мәмілелерді бағаны манипуляциялау мақсатында жасалған деп тану уәкілетті органның бірінші басшысының не оның орнындағы адамның шешімімен ресімделеді.
5. Уәкілетті орган мәміле қатысушыларын тиісті шешім шығарылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны бағаны манипуляциялау мақсатында жасалған деп тану туралы жазбаша хабардар етеді.