Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қорғаныс министрінің 2010.09.10 № 655Бұйрығымен.
Қазақстан Pеспубликасының қолданылып жүрген заңнама талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң тәртiптiк әскери бөлiмiндегi iшкi тәртiптi регламенттеу мақсатында бұйырамын:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң тәртiптiк әскери бөлiмiндегi iшкi тәртiп ережелерi бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi Қорғаныс министрi Аппаратының Құжаттамалық қамтамасыз ету департаментi осы Бұйрықтың жариялануын қамтамасыз етсiн.
3. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күнiнен бастан күшiне енедi.
4. Бұйрық жекелеген батальонға жеткiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрi
армия генералы
Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрiнiң
2004 жылғы 3 маусымдағы N 239
Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрлiгiнiң тәртiптiк
әскери бөлімдегі ішкі тәртіп
ережелерін бекiту туралы"
бұйрығымен бекiтiлген
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң
тәртiптiк әскери бөлiмiндегi iшкi тәртiп ережесi
1. Тәртiптiк әскери бөлiм гарнизонның басқа әскери бөлiмдерiнен бөлек орналастырылады.
2. Күзет, қызмет көрсету бөлiмшелерiн орналастыруға арналған барлық қызметтiк және тұрғын үй-жайлар офицерлердiң, прапорщиктер мен келiсiм-шарт бойынша әскери қызметшiлердiң пәтерлерi, сондай-ақ атыс қарулары мен оқ-дәрiлердiң қоймалары сотталушыларды орналастыру мен қызмет көрсету үшiн арналған аумақтан тыс орналастырылады.
3. Сотталушыларды орналастыру мен қызмет көрсету үшiн арналған тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар орналасқан аумақтар биiктiгi кемiнде 2,5 метр екi қатар мықты дуалмен және тiкенек сыммен қоршалған болуы және күзету мен дабыл берудiң техникалық құралдарымен жабдықталуы тиiс.
Тәртiптiк әскери бөлiмнiң қолбасшылығы аудиовизуальдық, электрондық және қашу мен басқа да қылмыстардың, жазасын өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзушылықтардың алдын алу үшiн өзге де техникалық құралдарын пайдалануға, сотталушылардың мiнез-құлқы туралы қажеттi ақпараттар алуға құқылы.
4. Тәртiптiк әскери бөлiм орналасқан орынның кiреберiс қақпалары әрқашан құлыпқа жабылуы және бөлiм бойынша кезекшiнiң өкiмi бойынша ашылуы тиiс.
5. Сотталушылар орналастырылған үй-жайлардың терезелерi мен есiктерiнде металл торкөздер болуы керек. Үй-жайларда түнде кезекшi жарық қалдырылады.
6. Сотталушылар Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексiнiң 10-бабына сәйкес мыналарға құқылы:
1) тәртiптiк әскери бөлiмнiң қызметкерлерi тарапынан сыпайы сөйлесуге;
2) өз құқықтары мен мiндеттерi туралы, сотпен белгiленген жазаны өтеудiң тәртiбi мен шарттары туралы ақпараттар алуға;
3) белгiленген өзiн-өзi ұстау ережесiн бұзбай, күн тәртiбiнде көзделген жеке уақытын пайдалануға;
4) тәртiптiк әскери бөлiмнiң әкiмшiлiгiне, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң жоғары тұрған басқару органдарына, сотқа, прокуратура органдарына, өзге де мемлекеттiк органдарға, қоғамдық бiрлестiктерге, сондай-ақ адамның құқықтары мен бостандығын қорғау жөнiндегi халықаралық ұйымдарға өтiнiш беруге;
5) Қазақстан Республикасының сотталушы азаматтары хат жазысуға, мемлекеттiк тiлде немесе орыс тiлiнде немесе олардың қалаулары бойынша ана тiлiнде қарым-қатынас жасауға. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң қатарында қызмет өткеретiн шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар және тәртiптiк әскери бөлiмде ұсталуға сотталушылар мұны ана тiлiнде немесе олар бiлетiн басқа да тiлде жасауға, ал қажеттi жағдайларда аудармашының қызметiн пайдалануға құқығы бар. Сотталушыларға жауап өтiнiш бiлдiрген тiлде берiледi, ал мұндай мүмкiндiк болмаған кезде тәртiптік әскери бөлiмде қамтамасыз етiлген сөйлесетiн тiлге аударыла отырып мемлекеттiк тiлде немесе орыс тiлiнде;
6) тәртiптiк әскери бөлiмде ұсталуға сотталған шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасындағы өз мемлекеттерiнiң дипломатиялық өкiлдiктерiмен, консулдық мекемелерiмен, ал дипломатиялық өкiлдiктерi мен консулдық мекемелерi жоқ мемлекеттердiң азаматтары - олардың мүдделерiн қорғауды өзiне алған мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдiктерiмен немесе оларды қорғаумен айналысатын мемлекетаралық органдармен байланыс жасауға құқылы;
7) қолданылып жүрген заңнамаға сәйкес адвокаттардың, сондай-ақ осындай көмектi көрсетуге уәкiлеттi өзге де адамдардың заңдық көмегiн пайдалануға;
8) мәдени-көпшiлiк және спорттық iс-шараларға қатысуға, кiтапхананы, үстел үстi ойындарын, музыкалық аспаптарды пайдалануға;
9) сотталушылардың өнерпаздар ұйымына өз еркiмен кiруге;
10) денсаулықты сақтау үшiн қажеттi материалдық-тұрмыстық және медициналық-санитарлық қамтамасыз етiлуге;
11) жинастыру уақытынан басқа iс-шаралардан бос уақытта бөлiмнiң барлық үй-жайларын пайдалануға;
12) сотталушыларға ар-ождан бостандығы мен дiн тұту ерiктiгiне кепiлдiк берiледi. Дiни жораларды орындау ерiктi болып табылады. Ол iшкi тәртiптi бұзбауы, сондай-ақ жазасын өтеп жатқан басқа да адамдардың құқықтарына нұқсан келтiрмеуi керек.
7. Сотталушылар:
1) тәртiптiк әскери бөлiм әкiмшiлiгiнiң заңды талаптарын орындауға;
2) тәртiптiк әскери бөлiмде белгiленген өзiн-өзi ұстау және күн тәртiбiн қатаң сақтауға;
3) мүлiкке ұқыпты қарауға;
4) еңбек пен оқуға адал ниетпен қарауға;
5) өзара және персоналдармен және өзге де адамдармен сыпайы сөйлесуге;
6) өзiнiң ұйықтайтын орнын, коммуналдық-тұрмыстық үй-жайды, жұмыс орнын таза және ұқыпты ұстауға, төсектi белгiленген үлгi бойынша жинауға, заттарды, азық-түлiк тағамдарын және жеке пайдаланылатын заттарды арнайы жабдықталған орындар мен үй-жайларда сақтауға;
7) жеке басы гигиенасының ережесiн, белгiленген киiм нысанын сақтауға, бастың шашты бөлiгiнде қысқа қырқылған шашы болуы керек;
8) тәртiптiк әскери бөлiмде өткiзiлетiн барлық бұқаралық iс-шараларға мiндеттi түрде баруға;
9) тәртiптiк әскери бөлiм үшiн белгiленген киiм нысанын киюге және айырым белгiлерiн тағуға;
10) тамақ iшу үшiн асханаға баруға тиiс.
8. Сотталушылар:
1) күн тәртiбiн бұзбауы;
2) объектiлердi қорғау сызығын немесе тәртiптiк әскери бөлiм аумағының шекарасын бұзбауы;
3) оқшауланған тұрғын және өнеркәсiп аймағының шегiнен рұқсатсыз шықпауы;
4) өздерi тұрмайтын казармаларда немесе өздерi жұмыс iстемейтiн өндiрiстiк объектiлерде әкiмшiлiктiң рұқсатынсыз болмауы;
5) ол үшiн белгiленбеген жерлерде шылым шекпеуi;
6) өзiне және басқа да адамдарға татуировка салмауы;
7) белгiленген тәртiпке қарсы хат-хабар жiбермеуi және алмауы;
8) суреттердiң, қайта көшiрулердiң, открыткалардың, газеттер мен журналдардың қиындыларын рұқсатсыз қабырғаларға, тумбочкаларға және төсектерге iлмеуi;
9) ұйықтайтын орындарын рұқсатсыз перделемеуi және ауыстырмауы, сондай-ақ өндiрiстiк объектiлердегi, коммуналдық-тұрмыстық және басқа да қызметтiк және қосалқы үй-жайлардағы ұйықтайтын орындарды жабдықтамауы;
10) ұйықтайтын үй-жайларда жеке телерадио қабылдағыштар, электр тұрмыстық аспаптар орнатуды, өз бетiмен қосымша электр желiсiн жүргiзбеуi;
11) бұл үшiн көзделмеген орындарда ас әзiрлемеуi және қабылдамауы;
12) мүшенi зақымдаушылық, тамақтанудан бас тартпауы, сондай-ақ осындай қылықтарға басқаларды көндiрмеуi және басқаларға көмектеспеуi;
13) асханадан азық-түлiктi алып шықпауы;
14) алкоголь тұтынбауы, сондай-ақ есiрткiлер мен есеңгiрететiн заттарды пайдаланбауы;
15) үйлердiң, цехтардың, құрылыстардың және басқа да ғимараттардың шатырына шықпауы, рұқсат етiлмеген iшкi аймақтың қоршауына жақындамауы;
16) жұмыс орнын, казармаларды және бұқаралық iс-шаралар жүргiзетiн үй-жайларды рұқсатсыз тастап кетпеуi;
17) дәретханадан басқа күн тәртiбiндегi ұйқыға арналған уақытта жатын орынды тастап кетпеуi, казармада жүрмеуi және оның шегiнен шықпауы тиiс.
9. Сотталушылар қызметкерлерге "Сiз" деп, атағының соңында "мырза" деген сөздi қоса отырып, оларды әскери атағы бойынша атайды.
10. Тәртiптiк әскери бөлiмнiң қызметкерлерi сотталушылармен оларды әскери атағы бойынша және тегi бойынша атай отырып "Сiз" деп сөйлеседi.
11. Тәртiптiк әскери бөлiмнiң қызметкерлерiне қызмет мүддесiне байланыссыз сотталушылар мен олардың туыстарымен қандай да бiр қарым-қатынасқа түсуге, сондай-ақ олардың көмектерiн пайдалануға үзiлдi-кесiлдi тыйым салынады.
12. Тәртiптiк әскери бөлiмнiң қызметкерлерi, оларға өтiнiш бiлдiрген жағдайда сотталушылардың мәселелерi мен проблемаларын шешу жөнiнде шараларды қабылдауға мiндеттi.
13. Сотталушылар тәртiптiк әскери бөлiм орналасқан орындардан тыс жұмыстарға және сабақтарға бөлiмше немесе взвод құрамында сап түзеп, (сотталушылардың шығу және қайту кiтабына жазумен) қарулы айдауылдың күзетуiмен және тиiстi командирлердiң командасымен шығарылады.
Айдауыл санын әрбiр жекелеген жағдайда тәртiптiк әскери бөлiмнiң командирi айқындайды және сотталушылардың жұмыс уақытында немесе сабақ уақытында олардың iс-қимылдарына тиiстi бақылауды қамтамасыз етуi тиiс.
Аумаққа кiретiн және шығатын автомобиль көлiгi белгiленген тәртiппен тексерiледi.
Түзелiп келе жатқандар разрядына тiркелген жекелеген сотталушылар, егер олар орындайтын жұмыс сипаты бойынша қажет болғанда тәртiптiк әскери бөлiмнiң командирi айдауылсыз жүруге рұқсат етуi мүмкiн.
Айдауылсыз жүруге рұқсат ету тәртiптiк әскери бөлiм командирiнiң бұйрығымен ресiмделедi.
14. Айдауылдар қызметiн Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi Жарғысының талаптарына сәйкес өткередi және сотталушылардың белгiленген тәртiптi бұзуларына жол бермеуге және олардың бөтен адамдармен араласпауын қадағалауға мiндеттi.
Белгiленген тәртiптi сотталушылардың барлық бұзушылықтары туралы айдауылдар тиiстi командирге баяндайды.
Сотталушы қашқан жағдайда айдауылдар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi Жарғысының талаптарына сәйкес қару қолданады.
15. Сотталушыларға пошта және кездесулер уақытында түскен сәлем-сауқаттар, бандерольдар бөлiм бойынша кезекшi немесе рота офицерiнiң қатысуымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару заңнамасында белгiленген тәртiппен тексерiледi.
16. Сәлем-сауқаттарда, бандерольдарда, хатта табылған сотталушыларға тыйым салынған заттар алынады, сотталушының жеке заттарының тiзiмiне енгiзiледi және жазасын өтеу мерзiмi аяқталғанға дейiн оның басқа жеке заттарымен бiрге сақталады. Сонымен бiрге атыс және суық қару, пышақ, улы және есiрткi заттар алынады және сотталушыға қайтарылмайды. Осындай заттардың табылғаны туралы әскери бөлiмнiң командирi әскери прокурорға жедел хабарлайды.
17. Сотталушының атына түскен ақшалар олардың жеке шоттарына аударылады, ол туралы сотталушылар хабардар етiледi. Осы ақшаны сотталушыларға беру олар тәртiптiк әскери бөлiмнен босаған кезде жүргiзiледi.
18. Сотталушылардың хат-хабар алысуы, хат және жеделхат алуы мен жiберуi Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару заңнамасында белгiленген тәртiппен реттеледi.
Келiп түскен хаттарды тапсыруды ротаның старшинасы немесе взвод командирiнiң орынбасары жүргiзедi, сотталушылар олардың қатысуымен ашуға мiндеттi.
Сотталушылар жiберетiн хаттар арналуы бойынша жiберу үшiн жапсырылған түрiнде ротаның кеңсесiне өткiзiледi. Хаттарды ашуға тыйым салынады.
19. Сотталған әскери қызметшiлер Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару заңнамасында айқындалған саны мен тәртiпте кездесуге құқылы.
Сотталушының өтiнiшi бойынша қысқа мерзiмдi немесе ұзақ кездесулер тәртiптiк әскери бөлiмнiң командирi белгiлеген тәртiппен телефонмен сөйлесулерге ауыстырылуы мүмкiн.
Қалааралық телефон байланысы бойынша сөйлесу сотталушының жеке қаржысынан төленедi.
20. Мерзiмдi қызметтiң әскери қызметшiлерi үшiн көзделген демалыстар сотталушыларға берiлмейдi. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару заңнамасында көзделген жекелеген жағдайларда сотталушыларға тәртiптiк әскери бөлiмдердiң шегiнен тыс шығумен қысқа мерзiмдi демалысқа рұқсат етiлуi мүмкiн.
Қысқа мерзiмдi демалысқа рұқсатты әскери прокурордың келiсiмi бойынша тәртiптiк әскери бөлiмнiң командирi бередi. Сотталушының қысқа мерзiмдi демалыста болған уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi.
21. Тәртiптiк әскери бөлiмдегi күн тәртiбiн бөлiм командирi белгiлейдi.
Күн тәртiбi ертеңгiсiн тұрудан, тексеруден, ұйқыға жатудан, жуынудан, дене жаттығуынан, тамақтанудан, жұмысқа тексеруден, жұмыста, оқуда болудан, тәрбие және спорттық-көпшiлiк iс-шаралардан тұрады. Сотталушыларға сегiз сағаттық үзiлiссiз ұйқы және оларға жеке уақыт беру көзделген.