Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.01.17 № 10-1/18 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының 26-бабына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН :
1. Қоса берілгендер бекітілсін:
1) Ірі қара малдың телязиозын алдын алу және жою іс-шаралары бойынша ветеринариялық ережелер;
2) Ірі қара малдың және шошқаның цистицеркозын алдын алу және жою іс-шаралары бойынша ветеринариялық ережелер.
2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстық Астана және Алматы қалалары аумақтық басқармалары Ветеринария департаментімен бірге заңнамада белгіленген тәртіпте осы бұйрықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
3. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінен мемлекеттік тіркеуден өткен күнінен бастап күшіне енеді.
Министр
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2004 жылғы 24 желтоқсандағы
N 754 бұйрығымен бекітілген
Ірі қара малдың және шошқаның цистицеркозын алдын алу
және жою іс-шаралары бойынша ветеринариялық ережелер
Осы, ірі қара малдың және шошқаның цистицеркозының алдын алу және жою іс-шаралары бойынша ветеринариялық ережелері (әрі қарай - Ветеринариялық ереже) Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының 26-бабына сәйкес, заңды және жеке тұлғалар міндетті түрде орындайтын ветеринариялық іс-шараларды өткізу және ұйымдастыру тәртібін анықтайды.
1. Жалпы ережелер
1. Цистицеркоз - ірі қара малдар мен шошқалардың инвазиялық ауруы.
Бовисті цистицерк - Cysticercus bovis қоздыратын ірі қара малдың инвазиялық ауруы.
Цистицерк ірі қара малдың тіл, жүрек, жақ, қабырға және мойын бұлшық еттерінде орын тебеді.
Қоздырушы Cysticercus bovis (бовисты цистицерк) - ақшыл-сұрғылттау, іші суға толы көпіршік, үлкендігі тарының дәніндей немесе бұршақтай болады (ұзындығы 5-15 миллиметр, ені 3-8 миллиметр). Қуыстың ішкі қабатында, төрт сорғыштарымен қамтамасыз етілген, ірі сколекс орналасады (ені 1,5-2 миллиметр). Цистицерк нәзік дәнекер ұлпа қынаппен қоршалған.
Цистицерктің даму кезеңіндегі иесі: ірі қара мал, буйволдар, зебулер, қодастар және солтүстіктік бұғылары болып табылады.
Целлюлоздық цистицерк, Cysticercus cellulosae (цистицерк) қоздыратын шошқалардың инвазиялық ауруы.
Цистицерк бұлшық еттерде, жүректе, мида, көздерде, бауырда және өкпеде жиі, ал кейде басқа ішкі құрылыс мүшелері мен бұлшық еттерде шоғырланады.
Цистицерктің қоздырушысы - мөлдір, әр түрлі формалы, екі қабатты суға толы көпіршік (ұзындығы 6-20 миллиметр және ені 5-10 миллиметр). Ішкі қабатына жабысқан, қабырғасына сәуле түскенде көрінетін ақ таңба тәрізді сколексі бар. Шоғырлану орнына байланысты цистицерктің пішіні әр түрлі болады. Бұлшық еттерде - сопақша, дәнекер ұлпада - дөңгелек шар тәрізді, ал мидың түбінде жалпаяды және тармақшалары пайда болады. Сколекс, төрт сорғыштармен және екі қатар күршектермен қамтамасыз етілген.
2. Жануарлар, ауру адамның нәжісіндегі цепеннің жұмыртқаларымен немесе бөлшектерінен ластанған суды немесе жем-шөпті жұтқаннан соң ауыруға шалдығады. Жануарлар цистицеркпен зақымдалғаннан соң, үш-төрт айдан кейін зардапты болады.
2. Ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақта ірі
қара малдың және шошқаның цистицеркозына қарсы
атқарылатын алдын алу іс-шаралары
3. Жануарлардың цистицеркозын алдын алу мақсатында келесі ветеринариялық кешенді іс-шаралар атқарылады:
1) үйлердің аулаларына жануарларды союға тыйым салынады;
2) әр елді мекенде жануарларды соятын пункттер ұйымдастырылады және жабдықталады;
3) ет және ет өнімдеріне ветеринариялық-санитариялық сараптау өткізілмей сатуға тыйым салынады;
4) ірі қара малдар мен шошқаларды өндірістік сою кезінде, цистицеркозбен ауырған жануарларды анықтау мақсатында, ұшалар нөмірленеді;
5) жануарларды сою тек қана арнайы орындарда және ветеринариялық мамандардың бақылауымен атқарылады. Ірі қара малдың және шошқалардың ұшаларынан цистицеркоз анықталғанда, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2002 жылғы 31 қазанда N 351 бұйрығымен бекітілген, нормативтік құқық актілерін мемлекеттік тіркеу Реестрінде N 2105 тіркелген, "Жануарларды сояр алдында ветеринариялық қарау және сойылғаннан кейін ұшалар мен ішкі ағзаларын ветеринариялық-санитариялық сараптау Ережесіне" сәйкес, ұшалар мен ішкі ағзалар залалсыздандырылады немесе жойылады;
6) медициналық тексеруден өтпеген адамдарды жануарларды соятын мекемелерге жұмысқа қатыстырмайды;
7) шаруашылық субъектілеріндегі және мал қораларындағы дәретханалар қалыпты санитариялық жағдайға келтіріледі;
8) жануарларды өңдейтін кәсіпорындардың және базарлардағы ветеринариялық-санитариялық зертханалардың ветеринариялық мамандарына цистицеркоздың алдын алу мәселелері бойынша жүйелі түрде семинарлар өткізіледі;
9) жануарлардың цистицеркозын алдын алу мақсатында, халық арасында үгіт насихат жұмыстары жүргізіледі.
4. Ветеринариялық мамандар, жануарлардың цистицеркозбен зақымданғаны анықталған әрбір жағдайды жоғарғы ветеринариялық органға шаруашылық субъектілерінің мекен жайын атап көрсетіп хабарлайды.
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2004 жылғы 24 желтоқсандағы
N 754 бұйрығымен бекітілген
Ірі қара малдың телязиозын алдын алу және жою
іс-шаралары бойынша ветеринариялық ережелері
Осы, ірі қара малдың телязиозын алдын алу және жою іс-шаралары бойынша ветеринариялық ережелері (әрі қарай - Ветеринариялық ереже) Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының 26-бабына сәйкес, заңды және жеке тұлғалар міндетті түрде орындайтын ветеринариялық іс-шараларды өткізу және ұйымдастыру тәртібін анықтайды.
1. Жалпы ережелер
1. Телязиоз - Thelazia туысты нематодтар қоздыратын, көздің қасаң қабығының қабынуымен, домбығуымен, жарық сәуледен қорқуымен, қасаң қабықтың ағаруымен, кей жағдайда қасаң қабықтың жазылмайтын ойық жараға шалдығуымен сипатталатын ірі қара малдардың, қодастардың және зебулердің гельминтоз ауруы.
Телязидің негізгі даму кезеңі ауылшаруашылық жануарларында, ауланатын жануарларда, сонымен қатар құстарда өтеді.
Телязиоздың қоздырушысы - ұсақ, ұзындығы 5 тен 21 миллиметрге дейін болатын нематодтар. Thelazia rodesi-нің денесінің үсті ірі ала жолақты болады, ол паразитке ойық түр береді. Спикулалары бірдей емес. Басқа екі түрінің денелері тегіс болады. Thelazia rodesi-ның ауыз капсуласы кең болады.
Ұсақ экзофилды сиыр-шыбындар телязийдің даму кезеңіндегі аралық иесі болады, олар ауру жануарлардың көз жастарынан личинкаларды жұтып залалданады. Шыбынның ішінде личинкалар инвазиялық кезеңге 15-30 күннен кейін жетеді.
Жануарлар өрісте, инвазияланған сиыр-шыбындар оларға шабуылдағанда, ауруға шалдығады.
Жануарлар телязиозбен зақымдалғаннан кейін, телязийлер 20-45 күннен кейін жыныстық қалыпқа жетеді және онда 8-12 ай бойы өмір сүреді.
Телязиоз ауруы бұзауларда өте жіті өтеді.
2. Диагнозды, эпизоотологиялық мәліметтер, клиникалық белгілер, тиісті паталогоанатомиялық өзгерістер, конъюктивалды қапшықтың ішінде немесе көздің үшінші қасының астыннан гельминт құрттарды табу негізінде қояды.
2. Ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақта
ірі қара малдың телязиозына қарсы атқарылатын
алдын алу іс-шаралары
3. Ірі қара малдың телязиозын алдын алу және жою іс-шаралары, қоздырушының биологиясын және жергілікті климаттық-географиялық ерекшеліктерін есепке алып, кешенді ветеринариялық-санитариялық және емдеу-алдын алу іс-шараларынан құралады.
4. Ірі қара малдың телязиозын алдын алу үшін келесі іс-шаралар өткізіледі:
1) рационды белокпен, минералды тұздармен және витаминдермен теңестіру;
2) микроэлементтерге кедей жайылымдарда, жануарлар рационына тиісті қоспалар қосу (кобальт, йод, молибден тұздарын және басқа да микроэлементтер);
3) жануарларды тек қана арнайы астаулардан азықтандыру;
4) мал қораларының айналасын, жануарлар бой жазатын алаңдарды, жануарларды күтуге қолданылатын құрал-саймандарды, жабдықтарды, астауларды, мал су ішетін астауларды, жануарлар тұратын қораларды және олардың айналасын тазалықта ұстауды қамтамасыз ету, сонымен қатар оларда дезинсекциялық іс-шараларды өткізу;
5) жануарлар бой жазатын алаңдардан, қоралардан саңғұрықты және нәжістерді күн сайын тазалап, арнайы нәжіс сақтайтын жерде залалсыздандыруды қамтамасыз ету;
6) нәжіс тасу үшін, арнайы құрал-сайман және көлік бөлу;
7) әрбір жасалынған дегельминтизациядан кейін нәжістерді жою үшін жинау;
8) қораларды, жануарлар бой жазатын алаңдарды, шоғырланатын жерлерді, сондай-ақ құрал-саймандарды, жабдықтарды дезинвазиялау және дезинсекциялау;
9) жануарларды жаюға батпақты жайылымдарды қолданбау;
10) жануарлардың телязимен зақымдалуын болжау және алдын алу үшін, инвазияның белсенділігін зерттейді. Ол үшін жылына бір реттен кем емес уақыт аралығында, мал басының 10-20%-нен конъюктивасынан шайынды алып зерттейді;
11) шаруашылық субъектісіне жаңадан әкелінген жануарларды гельминтологиялық тексеруден өткізу. Жануарлардың гельминттермен зақымданғаны анықталған жағдайда, барлық мал басына дегельминтизация жүргізу.
5. Шаруашылық субъектісінен ірі қара малдарды шығарар алдында, гельминтологиялық тәсілмен телязиозға тексеру. Егер гельминттер бары анықталса, онда барлық жануарларды, арнайы ерітіндімен жұмсақ ұшты спринцовкамен көздерін шаю арқылы дегельминтизациялайды, сонан соң оларды алып кетуге рұқсат етіледі.
Ірі қара малдың телязиозын емдеу үшін, Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген дәрі-дәрмектерді қолданады.
3. Ірі қара малдың телязиоз ауруының эпизоотиялық
ошағында және қолайсыз пунктінде атқарылатын іс-шаралар
6. Телязиоздан қолайсыз ірі қара мал шаруашылық субъектілерінде барлық ауру жануарлардың көздерін, Қазақстан Республикасында рұқсат етілген емдік ерітінділермен және эмульсиялармен шаю жүргізіледі.
7. Егер телязиоз қосалқы инфекциямен күрделенсе, онда симптоматиялық ем қолданады.
8. Жаз айының ыстық күнінде, сиыр-шыбындардың өте белсенді кезінде, жануарларды жабық қораларда немесе көлеңкеде ұстайды.
9. Жануарлар қысқы байлауда тұрған кезеңінде немесе көктемде сиыр-шыбындар ұшпай тұрған кезде, ал сиыр-шыбындар ұшқан уақытта әрбір 7-8 күн сайын эмульсиямен немесе арнайы ерітіндімен барлық мал басына дегельминтизация жүргізеді.
10. Сиыр-шыбындармен күресу үшін, жазғы жайылым кезінде ірі қара малдарды дезинфекция жасайтын арнайы машиналармен Қазақстан Республикасында рұқсат етілген дезинсекциялық заттармен күн сайын бүркейді.