Ескерту. Күші жойылды - Жамбыл облысы әкімдігінің 2010.03.26 № 68 Қаулысымен.
Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күші бар "Жекешелендіру туралы" Жарлығына , "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына , Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 21 қыркүйектегі "Коммуналдық меншік объектілерін жекешелендіру мәселелері" N 1431 қаулысына сәйкес облыс әкімияты ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған кейін сатып алу құқығымен (құқықсыз) коммуналдық меншік объектілерін сенімді басқаруға беру Ережесі (бұдан әрі - Ереже) бекітілсін.
2. Осы қаулы облыстық әділет департаментінде тіркелген күннен бастап күшіне енеді.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары М.Н.Байбековке жүктелсін.
Облыс Әкімі С. Үмбетов
Облыс әкімиятының
2004 жылғы 29 сәуірдегі
"Кейін сатып алу құқығымен (құқықсыз)
коммуналдық меншік объектілерін сенімді
басқаруға беру Ережесін бекіту туралы
N 107 қаулысымен бекітілген
Кейін сатып алу құқығымен (құқықсыз) коммуналдық меншік объектілерін сенімді басқаруға беру Ережесі
1. Жалпы Ережелер
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күші бар "Жекешелендіру туралы" Жарлығына , "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына , Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 21 қыркүйектегі "Коммуналдық меншік объектілерін жекешелендіру мәселелері" N 1431 қаулысына сәйкес әзірленді және басқарушымен жасалатын кейін сатып алу құқығымен (құқықсыз) коммуналдық меншік объектілерін сенімді басқаруға беру келісім-шартын (шартының) тәртібін, сондай-ақ басқарушы орындауға тиісті келісім-шартының (шартын) бақылау тетіктерін айқындайды.
Осы Ереже коммуналдық меншік объектісін кейін сатып алу құқығымен (құқықсыз) билік ету құқығынсыз басқару, пайдалану және иелік ету құқығын беру процесінде туындайтын құқықтық қатынастарды реттейді.
Тоқтаусыз пайдаланылуын және сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Уәкілетті орган коммуналдық меншік объектілерін шаруашылық жүргізуші субъектіге сатып алу құқығынсыз сенімді басқаруға, кейіннен тендерге шығару шартымен беруге құқылы.
2. Осы ережелерде мынадай түсініктер пайдаланылады:
Уәкілетті орган - Жамбыл облысының коммуналдық меншік департаменті;
Тендер - қатысушылар арасында өткізудің неғұрлым тиімді жағдайын ашуға бағытталған бәсекелестікті көздейтін сенімді басқаруға берілген уақытта коммуналдық меншік объектілеріне билік ету құқығынсыз басқаруға, пайдалануға және иелік ету құқығын беру жөнінде өткізілетін конкурс әдісі;
Тендерлік комиссия - тендер өткізу және оның жеңімпазын анықтау жөніндегі Уәкілетті орган қалыптастырған комиссия;
Объект - мүліктік кешен ретіндегі мемлекеттік кәсіпорын немесе мемлекеттік мекеме, жекешелендірілуі тұйық технологиялық тізбекті бұзбайтын мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның өндірістік және өндірістік емес бөлімшелері мен құрылымдық бірліктері; кәсіпорынның мүлкі; акциялар; жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы үлестер; Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік мекемелерге бекітіліп берілген өзге де мемлекеттік мүлік;
Әлеуетті басқарушы - мүліктің сенімді басқару келісім-шартын (шартын) жасасу мақсатында коммуналдық меншік объектілерін сенімді басқаруға беру процесіне қатысушы заңды немесе жеке тұлға;
Қатысушы - тендерде ұсынған шарттарға келісім-шарт (шарт) жасасуға келісімін берген және қажетті құжаттарды ұсынған жеке немесе заңды тұлға;
Кейіннен сатып алу құқығымен мүлікті сенімді басқаруға беру - мемлекет атынан Уәкілетті орган тендер жеңімпазына келісім-шарт негізінде кейіннен сатып алу құқығымен (билік ету құқықсыз) басқаруға, пайдалануға және иелік ету құқығын беру. Кейіннен сатып алу құқығымен мүлікті сенімді басқаруға беру алдын-ала жекешелендіру сатысы ретінде қаралады;
Жай сенімді басқару - Уәкілетті орган кейіннен сатып алу құқығынсыз коммуналдық меншік объектісін сенімді басқаруға беруі;
Объектіні сенімді басқарудың келісім-шарты (шарт) - Уәкілетті орган мен Басқарушы арасында жасалған азаматтық-құқықтық келісім-шарт;
Басқарушы - коммуналдық меншік объектісін сенімді басқаруға Уәкілетті органмен келісім-шарт (шарт) жасасқан заңды немесе жеке тұлға;
Өтінім - Уәкілетті орган ұсынған келісім-шарт шарттарын орындауға және тендер шарттары негізінде келісім-шарт (шарт) жасасуға қатысушының келісімі бойынша қатысушы ұсынған қажетті құжаттар жинағы;
Тендерлік өтінімді қамтамасыз ету - тендерге қатысуға тілек білдірген Қатысушының ұсынған кепілдік жарнасы.
2. Объектіні жай сенімді басқаруға беру тәртібі
3. Объектіні жай сенімді басқаруға беру туралы ұсыныстар Уәкілетті органға объектінің баланс ұстаушысымен немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімиятымен берілуі мүмкін.
4. Объектіні жай сенімді басқаруға өтінімді кез келген заңды және жеке тұлға бере алады. Өтінім Уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша беріледі.
5. Объектілерді жай сенімді басқаруға беру туралы өтінімдер мынадай құжаттар болған жағдайда қаралады:
1) Заңды тұлғалар - үшін нотариалды куәландырылған құрылтайшылық құжаттардың көшірмесі, заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгендігі жөніндегі куәлік, статистикалық кәртішке және салық төлеуші ретінде тіркелгендігі жөніндегі анықтама, сондай-ақ өкілінің уәкілеттігін куәландыратын құжат көшірмелері;
2) Жеке тұлғалар үшін төлқұжат немесе жеке басын куәландыратын құжат көшірмесі, салық төлеуші ретінде тіркелгендігі жөнінде анықтама, ал жеке кәсіпкерлер үшін одан басқа тиісті құжат көшірмесі;
3) Жеке объектілер үшін Уәкілетті орган Объекті қажеттілігінің техникалық-экономикалық негізін немесе оны пайдалану жұмысының жоспарын талап етуге құқылы;
Шетелдік заңды тұлғалар үшін мемлекеттік және орыс тілдеріне аударылған нотариалды куәландырылған құрылтайшылық құжаттарының көшірмесі.
4) осы ережемен танысқаны жөнінде өтінімде қолхат немесе белгі болуы тиіс.
6. Келіп түскен өтінімдерді қарау үшін Уәкілетті орган төмендегілерді сұратады:
1) әкімшілік-аумақ бірлігіне тиісті әкімиятының немесе Объектіні мемлекеттік басқару органының келісімі;
2) Объект баланс ұстаушысының келісімі;
3) Объектінің құны мен техникалық мінездемесі туралы баланс ұстаушыдан анықтама.
7. Осы ереженің 6-тармағында көрсетілген мәліметтерді алғаннан кейін әлеуетті басқарушы объектінің жай сенімді басқару келісім-шартының (шартының) шарттарымен таныстырылады.
8. Ұсыныстарды немесе өтінімдерді және ұсынылған құжаттарды қарау нәтижесі бойынша Уәкілетті орган төмендегі шешімдердің бірін қабылдайды:
1) Объектіні жай сенімді басқаруға беру туралы;
2) осы Объекті бойынша Басқарушыны тендер арқылы іріктеу туралы;
3) бас тарту туралы себептерін жазбаша түрде көрсету арқылы.
3. Кейіннен сатып алу құқығымен (құқықсыз) Объектіні сенімді басқаруға беру жөнінде тендер өткізу тәртібі
Параграф 1 Жалпы ережелер
9. Объектіні кейіннен сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беру жөнінде тендерге шығару туралы шешімді облыс әкімияты қабылдайды.
10. Объектінің баланс ұстаушысы Объекті бойынша мәліметтердің сенімділігіне және Объектіні Басқарушыға табыстау кезеңіне дейін оның сақталуына жауапты болып табылады.
11. Уәкілетті орган тендер ұйымдастырушысы болып табылады.
12. Тендер ұйымдастырушысы:
1) Кейіннен сатып алу құқығымен сенімді басқаруға берілетін объектінің бастапқы бағасын анықтайды;
2) тендерлік комиссияға ұсынуға қажетті түскен өтінімдер мен басқа да құжаттарды қабылдайды және тіркейді;
3) қатысушыларға осы Ережені танысу үшін ұсынады;
4) қажет болған жағдайда тиісті сала мамандарын немесе кеңес беру фирмаларын келісім-шарт негізінде тартады;
5) тендерге шығарылатын Объектілер жөнінде белгіленген тәртіпте ақпараттық хабарлама жариялауды ұйымдастырады;
6) өтінім берушіге белгіленген үлгі бойынша оның тендер қатысушысы болып танылғанын немесе тендер қатысушысы болып танылмайтын себебін көрсете отырып хабарлайды.
Параграф 2 Тендер комиссиясының қызметі мен ұйымдастыру тәртібі
13. Тендер өткізу үшін Уәкілетті органмен құрамына Уәкілетті органның және басқа да мүдделі ведомстволардың және бөлімшелерінің өкілдері енгізілетін тендерлік комиссия құрылады. Тендерлік комиссия мүшелерінің жалпы саны 5-тен кем болмауы тиіс. Тендерлік комиссиясының төрағасы Уәкілетті органның өкілі болып табылады. Тендерлік комиссияның шешімі комиссия мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстардың тепе-теңдігі кезінде төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
14. Тендер комиссиясы тұрақты жұмыс істейтін және/немесе жекелеген объектілер бойынша тендер өткізу және ұйымдастыру үшін жеке болуы мүмкін.
15. Тендер комиссиясы Объектіні сенімді басқаруға беру жөнінде тендер өткізеді және мынадай қызметтерді атқарады:
1) тендер өткізу шарттарын әзірлейді және бекітеді;
2) кепілдік жарна мөлшерін белгілейді;
3) тендер өткізеді;
4) тендер жеңімпазын анықтайды.
Параграф 3 Тендер өткізуге дайындық
16. Тендер өткізуге дайындықты Уәкілетті орган жүзеге асырады.
17. Тендер өткізуге дайындық мынадай тәртіпте жүзеге асырылады:
1) қажетті материалдарды жинау жүргізіледі;
2) кейіннен сатып алу құқығымен сенімді басқаруға берілетін Объектілердің бастапқы бағасы айқындалады;
3) кепілдік жарнаны енгізудің мөлшері мен тәртібі айқындалады;
4) тендер өткізу мерзімдері белгіленеді;
5) Объектілердің техникалық мінездемелері жасалады;
6) тендер өткізу туралы ақпараттық хабарлама жарияланады және басқа да жарнамалық қызмет жүзеге асырылады;
7) кепілдік жарналар қабылданады;
8) қатысушыларды тіркеу жүргізіледі.
18. Кейіннен сатып алу құқығымен сенімді басқаруға берілетін объектілердің бастапқы бағасын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 6 мамырдағы N 562 қаулысымен бекітілген "Жекешелендіру объектілерінің құнын бағалау жөніндегі Ережесіне"»сәйкес Уәкілетті орган белгілейді.
Кейіннен сатып алу құқығымен сенімді басқаруға берілетін Объектінің құнын бағалауды Уәкілетті орган консалтингтік ұйымдардың немесе тәуелсіз аудиттің қорытындысы негізінде жүзеге асыруға құқылы.
Кейіннен сатып алу құқығымен сенімді басқаруға берілетін Объектінің алғашқы бағасын Уәкілетті орган бекітеді.
19. Тендерге қатысу үшін кепілдік жарна әр объекті үшін кейіннен сатып алу құқығымен сенімді басқаруға берілетін объектінің алғашқы бағасының 1-15 пайызы шамасында немесе жай сенімді басқаруға берілетін объектінің қалдық құнының 1-15 пайызы шамасында белгіленеді.
20.Кепілдік жарна қатысушының мынадай міндеттемелерінің қамтамасыз етілуі болып табылады:
1) жеңіске жеткен жағдайда тендер нәтижелері туралы хаттамаға қол қоюға;
2) тендер нәтижелері туралы хаттамаға сәйкес сенімді басқару келісім шартын (шарт) жасасуға;
3) сенімді басқару келісім-шарты (шарты) бойынша міндеттемелерін тиісті деңгейде орындау.
21. Кепілдік жарна Уәкілетті органның реквизиттеріне (оның депозиттік шотына) ақпараттық хабарламада белгіленген нысаны мен тәртіпте және Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес енгізіледі. Кепілдік жарнаны қатысушының атынан кез-келген жеке немесе заңды тұлға енгізуі мүмкін. Кепілдік жарнаны алушы Уәкілетті орган болып табылады.
22. Тендерді жеңіп шыққан және кейіннен сатып алу құқығымен сенімді басқару келісім-шартын (шартын) жасасқан қатысушының кепілдік жарнасы сатып алу шарты бойынша тиесілі төлемдердің есебіне жатады.
23. Кепілдік жарна Уәкілетті органмен қайтарылмайды:
1) Тендер қатысушысына тендердің өткізілуіне үш күннен аз қалғанда оған қатысудан бас тартқан жағдайда;
2) Тендер Жеңімпазының тендер нәтижелері туралы хаттамаға қол қоюдан, не сенімді басқару келісім-шартын (шартын) жасасудан бас тартқан жағдайда;
3) Басқарушы сенімді басқару келісім-шарты (шарты) бойынша міндеттемелерін орындамаған немесе тиісті деңгейде орындамаған жағдайда.
24. Уәкілетті орган кепілдік жарнаны мынадай жағдайларда қайтарады:
1) тендер Жеңімпазына жай сенімді басқару келісім-шартының (шарттың) мерзімі аяқталғанда;
2) тендер жеңімпазын анықтамай тендер өткізу тәртібі тоқтатылған кезде;
3) басқа тендер қатысушысын жеңімпаз ретінде анықтағанда;
4) тендер өткізуге үш күннен кем емес мерзімде, тендер өтінімдерін ұсынудың түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін тендер өтінімін кері қайтарып алса.
25. Жекелеген объектілерге тендер өткізілетіндігі туралы хабарлама олар өткізілуге дейін кемінде 15 күн бұрын, ал мемлекеттік пакет акцияларына және шаруашылық етуші субъектілердің жарғылық қорындағы мемлекеттік үлестері бойынша - тендер өткізілуге дейін 30 күннен кешіктірмей, облыстық ресми баспасөзде мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялануы тиіс.
26. Ақпараттық хабарлама мынадай мазмұнда болуы керек:
1) тендердің өткізілетін күні, орны және уақыты;
2) тендер атауы;
3) сенімді басқаруға берілетін объект туралы мәліметтер;
4) кейіннен сатып алу құқығымен сенімді басқаруға берілетін Объектілердің бастапқы бағасы;
5) Уәкілетті орган кепілдік жарнасының мөлшері мен банктік реквизиттері;
6) өтінімді қабылдайтын орыны мен мерзімдері;
7) тендер өткізудің тәртібі мен тендер Жеңімпазын анықтау шарты;
8) Тендерді ұйымдастырушының телефоны мен орналасқан жері;
9) Уәкілетті органның шешімі бойынша қосымша ақпараттар.
27. Уәкілетті орган өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғанша өз бастамасымен немесе қатысушының сұранысына түсіндірме жауап ретінде ақпараттық хабарламаға тиісті хаттама рәсімдеу арқылы өзгеріс енгізуге құқылы.
Енгізілген өзгерістің міндетті күші бар және ол ресми басылымда мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялануға тиісті. Бұл ретте өтінімдерді ұсыну мерзімі соңғы өзгеріс енгізу жарияланған күннен бастап есептеледі.
28. Әрбір объекті бойынша ақпараттық хабарлама жарияланғанға дейін Уәкілетті орган мынадай құжаттар көшірмелерінен тұратын құжаттар пакетін дайындауы тиіс:
1) егер тендерге шығарылатын объект мемлекеттік кәсіпорын немесе акционерлік қоғам болса, объектінің жарғысы;
2) акциялар эмиссиясының проспектісі мен эмиссиялардың тіркелгендігі туралы куәлігі;
3) объектіні тендерге шығару туралы шешім қабылдаған күнге дейінгі есепті кезеңдегі бухгалтерлік баланстарды;
4) статистикалық кәртішкені;
5) заңды тұлғаның тіркелгендігі туралы куәлігі;
6) акционерлік қоғам акционерлерінің немесе серіктестік қатысушыларының тізілімінен көшірмені;
7) олардың құнын көрсете отырып, жарғылық капиталға енген негізгі құрал-жабдықтардың тізбесін;
8) кредиторлық және дебиторлық берешектердің таратылып жазылуын;
9) әлеуметтік сала объектілерінің тізбесін, олардың құнын көрсете отырып, акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестері тендерге шығарылатын акционерлік қоғамдар мен
серіктестіктер ұсынады;
10) Уәкілетті органның ұйғарымы бойынша басқа да құжаттар. Құжаттардың пакетіне басқа да қосымша мәліметтер (инвестордың тәуекел факторларының талдауы, ұйымды техникалық қайта жарақтау мүмкіндіктері туралы деректер, кіріс есептері, өндіріс үшін қажетті инвестициялар көлемін бағалау, өндіретін өнімнің әлемдік немесе ішкі рыноктардағы перспективтілігін бағалау және тағы басқа) де енгізілуі мүмкін.
Ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейін Уәкілетті орган объекті және тендер өткізудің ережесі туралы ақпараттарды барлық тілек білдірушілердің еркін алуын қамтамасыз етуге міндетті. Жарнамалардың басқа түрлері еркін түрде жүзеге асырылады және қатысушыларды барынша кең тартуға бағытталуы тиіс.
29. Тендерге қатысушыларды тіркеу ақпараттық хабарламалар жарияланған күннен бастап жүргізіледі және тендер өткізілуге бір күн қалғанда аяқталады.
30. Тендер қатысушысы ретінде тіркелу үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет:
1) Тендерге қатысушының жазбаша міндеттемесін қамтитын тендерге қатысудың, ал, ол Жеңімпаз деп жарияланған жағдайда ақпараттық хабарламада белгіленген шарттармен сенімді басқару келісім-шартын (шартын) жасасудың өтінімін;
2) төлқұжаттың немесе жеке басын куәландыратын өзге құжаттың көшірмесін;
3) белгіленген формада салық төлеуші куәлігінің көшірмесін;
4) кепілдік жарнаның енгізілгендігін растайтын төлем құжатының көшірмесі мен көшірмелердің ақиқаттығын растау үшін төлем құжаттарының түпнұсқасын;
5) кейіннен сатып алу құқығымен объектіні сенімді басқаруға беру бойынша тендерге қатысу үшін жабық конвертте объектіні басқару бағдарламасы (бизнес-жоспар) ұсынылады;
6) сауда-саттыққа қатысу үшін қатысушының қаржылық жағдайын растайтын құжаттар (тиісті салық комитетінің салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер бойынша мерзімі өткен берешегі жоқтығы туралы белгіленген нысандағы анықтама; банк (банктер) алдында мерзімі өткен берешегі жоқтығы туралы банктен (банктерден) алынған анықтама);
7) өкілдің уәкілеттігін растайтын құжат. Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары жарғының, статистикалық кәртішкенің және заңды тұлғаның тіркелгендігі туралы куәліктің нотариалдық расталған көшірмелерін қосымша ұсынады. Акционерлік қоғамдар олардың акцияларына иелік ететін акционерлік қоғамдар туралы ақпаратты қамтитын акционерлердің тізімінен көшірмені (ақпараттық хабарлама жарияланған сәттегі) қосымша ұсынады.
Шетелдік заңды тұлғалар құрылтай құжаттарын мемлекеттік немесе орыс тіліндегі нотариалдық расталған аудармасымен ұсынады.
31. Объектінің ерекшеліктеріне байланысты тендерлік комиссияның шешімі бойынша қатысушылардан басқа да құжаттардың ұсынылуы талап етілуі мүмкін.
32. Тендерге қатысуға тілек білдірген тұлғалардың өтінімдерін қабылдау мен тіркеу, талап етілетін құжаттардың толық жинақтамасы болған жағдайда жүргізіледі.
33. Қатысушылардың құжаттары арнайы журналда тіркеледі, тендер өткізілетін күні қатысушылардың құжаттары қаралып, тендерге жіберілу үшін комиссияға беріледі.
Параграф 4 Тендер өткізу тәртібі
34. Объектінің ерекшеліктеріне байланысты тендердің шарттары төмендегілер бола алады:
объектіге тартылатын инвестициялардың көлемі, түрі және мерзімі бойынша міндеттемелер;
өндіріс көлемінің, шығарылатын өнімдер номенклатураларының немесе көрсетілетін қызметтердің белгілі бір деңгейін қамтамасыз ету;
белгілі бір тұтынушыларға өнімдерді жеткізу;
баға белгілеу шарттары, соның ішінде бағаның шекті деңгейі бойынша шектеулер;
табиғат қорғау іс-шараларын жүргізу;
жұмыс орындарын сақтау немесе жаңа жұмыс орындарын ашу;
өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің орын алып отырған тәртібі мен пайдалану шарттарын сақтау;
кредиторлық берешектерді белгіленген мерзімінде өтеу;
жалақы төлемдері бойынша берешектерді өтеу;
мәмілелерді жасасуды шектеу (қайта сату, кепілге, басқаруға беру және басқалары) және/немесе жекешелендіру объектісіне қатысты белгілі бір уақыт ішінде белгілі бір іс-қимылдарға тыйым салу;
тендер комиссиясының қалауы бойынша басқа да шарттар болуы мүмкін.
35. Тендерлік комиссия Уәкілетті органның бекітуіне тендер шарттарын ұсынады, кепілдік жарнасының көлемін белгілейді және тендерді ұйымдастыру жөнінде өзге де қызметтерді жүзеге асырады.
36. Егер тіркелген қатысушылардың саны екеуден аз болса, онда тендер өтпеген болып жарияланады, үшінші және одан кейінгі тендерлерді қоспағанда объекті бір ғана қатысушыға берілуі мүмкін.
37. Тендерлік комиссияның отырысында қатысушылардың ұсыныс өтінімдерін комиссияның барлық мүшелері зерделейді және салыстырады. Тендерлік комиссия барлық ресми талаптардың сақталуын тексереді, талап етілетін мәліметтер мен құжаттардың бар-жоғын айқындайды.
38. Тендерлік комиссия тендер өтінімдері бар конверттерді ақпараттық хабарламада көрсетілген күні, уақыты мен мекен-жайы бойынша ашады. Тендер қатысушысы немесе оның уәкілетті өкілі конверт ашу кезінде қатысуға құқылы.
39. Әрбір табысталған объекті бойынша тендер нәтижелері хаттамамен ресімделеді, оған тендерлік комиссия төрағасы, оның барлық мүшелері және әр объекті бойынша тендер аяқталғаннан кейін тендер Жеңімпазы қол қояды. Тендер өткізілген кезде, қатысушылардың тендерлік ұсыныстарын нақтылауды қажет еткен жағдайда, тендерлік комиссия қажетті мәліметті алу мақсатында тиісті қорытынды алу үшін мамандарды тартуға құқылы. Қатысушылардың өтінімдерін қарау нәтижесі туралы шешім қабылдайтын күннен кейінгі күні Уәкілетті орган тендер нәтижелерін бекітуге немесе бекітуден бас тартуға бұл жөнінде тендер қатысушыларының барлығына хабарланады.
40. Хаттама Уәкілетті орган мен тендер жеңімпазы үшін бір-бір данадан жасалады.
41. Тендер нәтижелері туралы хаттама тендер нәтижелері мен Жеңімпаздың және Уәкілетті органның тендердің нәтижесі болып табылатын шарттармен сенімді басқару келісім-шартын (шарт) жасасу міндеттемелерін тіркейтін құжат болып табылады. Объектіні тендер нәтижесі бойынша берудің жекелеген кезеңдерін анықтау қажеттілігінен басқа жағдайларда, хаттамаға қол қойылған күннен бастап, мерзімі біткенде бұл құқықтық күші жойылатын, он күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге сенімді басқару келісім-шартын (шарт) жасасуға Жеңімпаздың құқығы бар.
42. Тендерге қатысуға өтінім болмаған кезде немесе тендерлік комиссия жеңімпаздың болмауы туралы шешім қабылдаған кезде Уәкілетті орган тендерлік комиссияға тендер шарттарын өзгертуін ұсынып, жаңа тендер жариялауға құқылы.
4. Сенімді басқару келісім-шарты (шарты) бойынша кейіннен сатып алу құқығы
43. Кейіннен сатып алу құқығымен сенімді басқару келісім-шарты (шарты) бойынша Басқарушыға жүктелген міндеттердің орындалуын бақылау Уәкілетті органға жүктеледі. Уәкілетті орган келісім-шарттың (шарттың) тиісті орындалуын бақылауды жүзеге асыру мақсатында басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандарын тартуға, сондай-ақ оны жүзеге асыруды объектінің баланс ұстаушысына немесе жергілікті атқарушы органдарына жүктеуге құқылы.
44. Егер Басқарушы кейіннен сатып алу құқығымен сенімді басқару келісім-шартының (шарт) талаптарын тиісінше орындаса, Уәкілетті орган тендерлік комиссия ұсынысымен объектіні тікелей адрестік сату туралы шешім қабылдайды.