Ескерту. Қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты қаулының күші жойылды - Алматы облысы әкімдігінің 18.01.2013 N 6 қаулысымен.
Қазақстан Республикасы "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Заңының 14 бабындағы 2 тармаққа сәйкес эротикалық сипаттағы материалдарды жариялайтын мерзімді баспасөз басылымдарын сатуды реттеу мақсатында облыс әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Эротикалық сипаттағы материалдарды жариялайтын мерзімді баспасөз басылымдарын облыс аумағында бөлшектеп сатудың қоса беріліп отырған Ережесі бекітілсін.
2. Облыстың қалалары мен аудандарының жергілікті атқарушы органдары эротикалық сипаттағы мерзімді баспасөз басылымдарын сатуға арналған тұрақты үй-жайларды белгілесін.
3. Осы қаулы баспасөзде алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің кеңесшісі С. Мұқановқа жүктелсін.
Облыс әкімі C. Үмбетов
2005 жылғы 27 қазандағы N 228
"Эротикалық сипаттағы
материалдарды жариялайтын
баспасөз басылымдарын
бөлшектеп сатудың Ережесін
бекіту туралы"
Алматы облысы әкімдігінің
қаулысымен бекітілген
Эротикалық сипаттағы материалдарды жариялайтын мерзімді баспасөз басылымдарын бөлшектеп сатудың
Ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Заңындағы 14 баптың 2-тармағына сәйкес жасалған және эротикалық сипаттағы материалдарды жариялайтын баспасөз басылымдарын Алматы облысы аумағында бөлшектеп сатуды ретке келтіруге бағытталған.
2. Осы Ереже эротикалық сипаттағы материалдарды жариялайтын мерзімді баспасөз басылымдарының барлығына қатысты.
3. Осы Ережеде төмендегі ұғымдар пайдаланылған:
1) Эротикалық сипаттағы материалдар жариялайтын мерзімді баспасөз басылымдары - тұтас алғанда және үнемі секске әуестенушілікті қаузайтын баспасөз басылымы;
2) Тұрақты үй-жай - іргетасы мен қабырғаларына нұқсан келтірместен бұзуға келмейтін ғимарат, құрылыс немесе оның бір бөлігі.
2. Эротикалық сипаттағы материалдарды жариялайтын мерзімді баспасөз басылымдарын сату
4. Эротикалық сипаттағы материалдарды жариялайтын мерзімді баспасөз басылымдары арнайы белгіленген тұрақты үй-жайларда сатылады.
5. Эротикалық сипаттағы материалдарды жариялайтын мерзімді баспасөз басылымдары мөлдір ораммен буылып-түйілген күйінде ғана сатылады.
6. Тұрақты үй-жайлар аудандық, қалалық (облыстық бағыныстағы) әкімдіктердің қаулыларымен белгіленеді.
7. Баспа өнімдерін:
1) жасы он сегізге толмағандарға;
2) мемлекеттік мекемелердің, мәдениет, денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінің аумағында орналасқан және оларға радиусы 100 метр болатын жерлерде;
3) сәулет және тарихи ескерткіштер маңында;
4) қоғамдық көлікте, адамдар көп жиналатын демалыс орындарында, дүңгіршектерде, шатырларда, ларектерде, лотоктарда, автомашиналарда және қолдан сатуға, таратуға тыйым салынады.
Ішкі саясат
департаментінің директоры К. Жәйшібекова