Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.07.04 № 217 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
Екінші деңгейдегі банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, ашық жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін реттеп отыратын нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Бір заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаға бақылау жасауын анықтау туралы ұсынылып отырған Нұсқаулық бекітілсін.
2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді.
3. Стратегия және талдау департаменті (Еденбаев Е.С.):
1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу шараларын қолға алсын;
2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде оны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" қауымдастығы нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігіне, банктерге, сақтандыру ұйымдарына және жинақтаушы зейнетақы қорларына жіберсін.
4. Агенттіктің Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс бөлімі (Пернебаев Т.Ш.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының орынбасары Е.Л.Бахмутоваға жүктелсін.
Төраға
Қазақстан Республикасы Қаржы
нарығын және қаржы ұйымдарын
реттеу мен қадағалау
агенттігі Басқармасының
2006 жылғы 9 қаңтардағы
18 қаулысымен бекітілген
Бір заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаға
бақылау жасауын анықтау туралы
Нұсқаулық
1. Бір заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаға бақылау жасауын анықтау туралы осы Нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", " Сақтандыру қызметі туралы ", "Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Заңдарына (бұдан әрі - Заңдар) сәйкес әзірленді және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) бір заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаға бақылау жасауын анықтау критерийлерін белгілейді.
2. Заңдарда көзделген жағдайлардан басқа жағдайларда бір заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаның шешімдерін анықтау жөніндегі мүмкіндіктерінің болуы мынадай жағдайларда пайда болады:
1) бір заңды тұлғада басқа заңды тұлғаның орналасқан акцияларының елу процентінен астамына (артықшылықты немесе қоғам сатып алғанды шегере отырып) дауыс беруге сенімгерлік басқару шартының болуы не басқа заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесінің елу процентінен астамына шешім белгілеу құқығының болуы;
2) бір заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаны, қаржыландырып отырған заңды тұлғаның қызметкерлері болып табылатын басшы қызметкерлерді және/немесе акционерлерді (құрылтайшылар, қатысушылар) қаржыландырып отырған заңды тұлғаның меншікті капиталынан асатын мөлшерде қаржыландыруы;
3) бір заңды тұлғаның төленген ақысы осы қызметті көрсеткен заңды тұлға кірісінің кемінде жартысын құраған қызметті алушы болып табылатын заңды тұлғаның алдында берешегі бар басқа заңды тұлғадан қызмет алуы.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасы төрағасының 2006 жылғы 17 маусымдағы N 133 (мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
3. Уәкілетті орган қадағалауды шоғарландырылған негізде жүзеге асыру мақсатында өз құзыреті шегінде заңды тұлғалардан бақылау жасаудың болуын не оның болмауын анықтау үшін қажетті ақпаратты талап етеді.
4. Уәкілетті орган заңды тұлғаға бақылау жасаудың болуын анықтау мақсатында:
1) бір заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаның шешімін анықтау мүмкіндігінің болуы не болмауын растайтын ақпаратты немесе құжаттарды сұратады;
2) мүдделі тараптарды, сондай-ақ үшінші тұлғаларда бақылаудың болуы туралы ақпараты бар өзге тұлғаларды қатыстыра отырып, бірлескен мәжілістер өткізеді;
3) басқа заңды тұлғаны бақылауды жүзеге асырушы қаржы ұйымдары мен олардың аффилиирленген тұлғаларына тексеру жүргізеді.
5. Осы Нұсқаулықтың 4-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ақпарат берілмеген жағдайда уәкілетті органның сұратуын алған күннен бастап 30 күн ішінде атына сұрату жіберілген тұлға басқа заңды тұлғаға бақылау жасаушы тұлға болып табылады.
6. Уәкілетті орган бір тұлғаның тарапынан басқа заңды тұлғаға бақылау жасауын мүдделі тараптардың бірлескен мәжілісі, кездесулер барысында анықтаған жағдайда қаржы ұйымының бақылаушы тұлғасы уәкілетті органның тиісті жазбаша хабарламасын алған күннен бастап 30 күн ішінде қаржы ұйымының немесе банк холдингінің тиісті ірі қатысушысы мәртебесін алуға арналған уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес құжаттарды ұсынады.
7. Тұлғаларда бақылаушы болу үшін қажетті уәкілетті органның тиісті жазбаша келісімі болмаған жағдайда, уәкілетті орган осы тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңнамаларында көзделген шектеулі ықпал ету шаралары мен санкцияларын қолданады. Қаржы ұйымының немесе банк холдингінің тиісті ірі қатысушысы мәртебесін алу жөніндегі уәкілетті органның талаптары орындалмаған жағдайда уәкілетті орган заңды тұлғалардың бақылаушы тұлғаларына Заңда көзделген қаржы ұйымдарының аффилиирленген тұлғаларына қатысты қолданылатын мәжбүрлеу шараларын қолдануы мүмкін.