Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Ақтөбе қалалық мәслихатының 2010.07.28 № 265 шешімімен.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін - өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148 Заңының 6 және 7 баптарына, Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы № 213 «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңының 5 бабының 3 тармағына, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 94 Заңының 97 бабының 2 тармағына, «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі № 567 Заңының 36 бабының 7 тармағына сәйкес және «Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысымен бекітілген, «әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің арттырылуына өтемақы» Ережесінің 3 тармағы негізінде, Ақтөбе қалалық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
1. Ақтөбе қаласының тұрғындарына коммуналдық қызметтерді тұтынғаны үшін шығындарды және телефонға абоненттік ақы тарифтерінің өсуіне байланысты шығындарды өтеуге арналған тұрғын үй көмегін беру Ережесі қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. Осы шешім оны алғашқы ресми жариялаған күннен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Ақтөбе қалалық мәслихаты Ақтөбе қалалық
сессиясының төрағасы мәслихатының хатшысы
М. Өндіргенов С. Шынтасова
Ақтөбе қалалық мәслихатының
кезектен тыс он тоғызыншы
сессиясының 2009 жылғы
27 қазандағы № 202 шешіміне
ҚОСЫМША
Ақтөбе қаласының тұрғындарына коммуналдық қызметтерді тұтынғаны үшін және телефонға абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуіне байланысты шығындарды өтеуге арналған тұрғын үй көмегін беру ЕРЕЖЕСІ
1. Жалпы ережелер
Осы Ереже Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 94 «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 97 бабының 2 тармағына, Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі № 567 «Байланыс туралы» Заңының 36 бабының 7 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысымен бекітілген «Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің арттырылуына өтемақы» Ережесінің 3 тармағына сәйкес әзірленді және қалалық бюджет қаражаты есебінен ұсынылатын тұрғын үй көмегінің тәртібін анықтайды.
1. Осы Ережеде мынадай түсініктер пайдаланылады:
1) тұрғын үй көмегі – тұтынған коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және байланыс қызметі (абоненттік ақы) жөніндегі шығындарды өтеу үшін Ақтөбе қаласының тұрғындарына берілетін көмек және ол тұрғындарды әлеуметтік қорғау түрлерінің бірі болып табылады;
2) телефонға абоненттік тарифтерінің арту өтемақысы – 2004 жылдың қыркүйек айының жағдайы бойынша құрылған тарифтерінің және қолданыстағы тарифтер аралығындағы айырмашылықты белгілейтін және телефонға абоненттік ақы тарифтерінің өсуіне байланысты шығындарды өтеуге арналған тұрғын үй көмегінің құрамына кіретін ақшалай өтемақы;
3) өтініш иесі (жеке тұлға) – жеке өзінің немесе отбасының атынан тұрғын үй көмегін тағайындау үшін жолыққан адам;
4) жиынтық кіріс – тұрғын үй көмегін тағайындау құқығын анықтау кезінде ескерілетін кіріс (салықтық және зейнетақылық шегерілімдерді алып тастағанда) түрлерінің сомасы;
5) өкілетті орган – тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі.
2. Тұрғын үй көмегі егер өтемақылық шаралармен қамтамасыз етілетін тұрғын ауданның белгіленген нормасы шегінде, бірақ іс жүзінде алып отырған ауданнан және коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтерінен көп емес коммуналдық қызметтерді (орталық жылыту және жеке газбен жылыту, ыстық-суық сумен жабдықтау, канализация, тамақ дайындағаны үшін газды, электрмен жабдықтау, қоқыс жинау және техникалық қызмет көрсету) және байланыс қызметін тұтынғаны үшін шығындар осы мақсаттарға арналған шекті мүмкін шығындар үлесінен артық жағдайда Ақтөбе қаласында тұрақты тұратын және тіркелінген және меншік түріне қарамастан тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушы (жалға беруші) болып табылатын жеке тұлғаларға беріледі. Коммуналдық қызметтерді және байланыс қызметін тұтынғанына ақы төлеуге арналған шекті мүмкін шығындар үлесі отбасының жиынтық кірісінің 15 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
3. Тұрғын үй көмегі тұрғын үй иесіне, жалдаушыға (жалға берушіге) есептелген сомамен салыстыру бойынша коммуналдық қызметтерді (орталық жылыту және жеке газбен жылыту, ыстық-суық сумен жабдықтау, канализация, тамақ дайындағаны үшін газды) тұтынғаны үшін төлемақыны азайту ретінде қолма-қол емес түрде беріледі. Коммуналдық қызмет және байланыс қызметін белгіленген нормадан артық тұтыну төлемі жалпы негізде жүзеге асырылады.
4. Жылыту және техникалық қызметтер бойынша әлеуметтік норманы есептеу кезінде барлық меншік түріндегі тұрғын жайларда әлеуметтік норма бір адамға 18 шаршы метр (жалғыз тұратын азаматтар үшін 30 шар.м.), бірақ тұрғын жайдың пайдалы ауданының іс жүзінде алып отырғанынан көп емес пайдалы алаңы қолданылады.
5. Коммуналдық қызметтерді есептейтін құралдары бар тұтынушылардың әлеуметтік нормасын есептеу кезінде есептегіштер көрсеткіштеріндегі нақты шығындар, бірақ белгіленген тарифтер мен нормативтерден артық емес қолданылады.
6. Тұрғын үй көмегі тағайындалмайды:
1) Еңбек етуге қабілетті жұмыс жасамайтын, оқымайтын, әскер қатарына алынбаған, жұмыспен қамту бөлімінде жұмыссыз ретінде тіркеуге тұрмаған отбасы мүшелеріне.
Бір айдан артық стационарлық емделуде болған, туберкулезбен науқас, онкологиялық және психологиялық науқасы бар азаматтар,емдеу мекемелерінде тұрақты есепте тұрғандар уақытша еңбек етуге қабілетсіздігі туралы дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындысы барлар, үш жасқа дейінгі бала және бірінші топ мүгедегі мен 16 жасқа дейінгі бала жасынан мүгедектер балалар күтімімен отырғандар, кіші баласы 7 жасқа толмаған екі бала және одан көп баланы тәрбиелеушілер, оқушылар мен студенттер, күндізгі оқу бөлімінің курсанттарына қоса магистратура, аспирантурада оқитындар бұған кірмейді.
2) жеке меншігінде, егер пайдалы ауданы тұрғын үй бірлігіндегі отбасының 1 мүшесіне есептегенде 15 шар.м. аспайтынын есептемегенде бір бірліктен артық тұрғын жайы (пәтерлері, үйлері) бар тұлғаларға;
3) тұрғын жайларды жалға (жалдауға) немесе қайта жалға беретін тұлғаларға.
7. Тұрғын үй көмегін тағайындау мәселелерінде келіспеушілік туындаған жағдайда мәселені шешуді қала әкімдігінің қаулысымен бекітілетін Ақтөбе қаласының аз қамтылған азаматтарын тексеру және есепке алу жөніндегі қалалық учаскелік комиссия қарайды.
8. Тұрғын үй көмегін алушылар өзінің тұрғын жайының меншік түрінің, отбасы құрамындағы және оның жиынтық кірісіндегі кез-келген өзгерістер, көмекті дұрыс есептемеген жағдайлар туралы өкілетті органға 10 күн ішінде ақпарат береді.
9. Тұрғын үй көмегі түрінде алынған заңсыз сома белгіленген заңнама тәртібімен бюджетке қайтарылады.
2. Тұрғын үй көмегін тағайындау
10. Тұрғын үй көмегін тағайындау оны алу үшін жолыққан күннен бастап ағымдағы тоқсанның аяғына дейінгі мерзімде жүргізіледі. Жолығу айы деп қоса берілетін құжаттармен бірге өтініш тапсырған ай есептелінеді. Ағымдағы айға құжаттар қабылдау 25-і күні аяқталады.
11. Тұрғын үй көмегі отбасы құрамы, іс жүзінде тұрғын жайдың алып отырған пайдалы ауданының көлемі, отбасының жиынтық кірісі, коммуналдық қызметтерді (орталық жылыту және жеке газбен жылыту, ыстық-суық сумен жабдықтау, канализация, тамақ дайындағаны үшін газды, электрмен жабдықтау, қоқыс жинау және техникалық қызмет көрсету) және телефонға абоненттік ақысының өсу айырмашылығы көрсетілетін меншік иесінің, жалдаушының (жалға алушының) сауалнама-өтініші негізінде тағайындалады.
12. Сауалнама-өтінішке енгізілген мәліметтер тұрғын үй көмегін есептеу үшін негіздеме болып табылады.
13. Азаматтардың кірісі жөніндегі мәліметтерді қалалық қызметтер, бөлімдер, ұйымдар, тізімдер немесе электронды тасығыштардағы ақпараттар түріндегі тиісті төлемдерді аударатын және есептейтін жетекшілер тоқсан басында бір рет растайды.
14. Еңбек қызметінен түскен табыс отбасының жиынтық кірісі есебінде жұмыс орнынан еңбекақы туралы берілген мәліметтерге сәйкес (салықтық және зейнетақылық шегерілімдерді алып тастағанда) төлеуге арналған сома мөлшерінде есептеледі.
15. Отбасының жиынтық кірісін анықтау кезінде атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегінен, бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақыдан және жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақыдан басқа арыз берген алдыңғы тоқсан ішінде алынған ақшалай немесе заттай түріндегі барлық кіріс түрлері есептеледі.
16. Өткен тоқсан ішіндегі отбасының жиынтық кірісіне есептелінетін жеке қосалқы шаруашылықтан (оның ішінде үй малынан, үй маңындағы учаскеден, бақшадан, саяжай учаскесінен) түскен кіріс мөлшері 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қабылданады.
17. Коммуналдық қызметтерге және байланыс қызметіне тарифтер өзгерген жағдайда бұрын тағайындалған тұрғын үй көмегіне ағымдағы тоқсанда қайта есептеу жүргізіледі.
18. Тұрғын үй көмегінің мөлшері өтемақы шараларымен қамтамасыз етілетін нормалар шегіндегі коммуналдық қызметтерді тұтынғаны үшін меншік иесінің, жалға алушының (жалдаушының) шын мәніндегі төлемі мен сол отбасының осы мақсаттарға шығындарының шекті мүмкін деңгейі арасындағы айырмашылық ретінде есептеледі және шын мәніндегі сомадан артуы мүмкін емес.
19. Берілген сауалнама-өтінішті қарау нәтижелері бойынша екі данада белгіленген үлгідегі келісім-шарт жасалынады, оның біреуі меншік иесінде, жалға алушыда (жалдаушыда), ал екіншісі - өкілетті органда сақталынады.
20. Аталған келісім-шарт тұрғын үй көмегін ұсыну үшін негіз болады, оны алғаннан кейін деректер базасына енгізу үшін коммуналдық қызметтерді жеткізушілерге он күндік мерзімде ұсыну қажет. Белгіленген мерзімде келісім-шарт ұсынылмаса, шартта көрсетілген сома есепке алынбайды.
21. Ақпаратқа сенімсіздік туындаған жағдайда өкілетті орган:
1) өтініш иесінің тұрғын үй жағдайына тексеру жүргізуге;
2) тиісті ұйымдардан кірістер туралы ақпарат сұратуға;
3) кірістерді жасыру фактілерін тексеру туралы салықтық қызметке жолығуға құқылы.
22. Заңды және жеке тұлғалар тұрғын үй көмегін алуға үміткер адамның кірістері туралы ақпарат ұсынады.
3. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азаматтардың арыздану тәртібі
23. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер тоқсан сайын өкілетті органға тұрғын үй көмегін тағайындау туралы арызын келесі құжаттармен бірге ұсынады:
1) тұрғын үй туралы құжаттар (алғаш рет жолыққандар үшін);
2) өткен тоқсан ішіндегі отбасының жиынтық кірістерін куәландыратын құжаттар (еңбекақы, зейнетақы, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, арнайы мемлекеттік жәрдемақы, алимент, стипендия, жеке еңбек қызметімен айналысудан түскен кірістер және басқа да кірістер туралы);
3) отбасы құрамы туралы мәлімет (үй кітабының көшірмесі), ол болмаған жағдайда мекен-жай бюросынан анықтама;
4) салық төлеушінің тіркеу нөмірі (алғаш жолыққандар үшін);
5) коммуналдық қызметтерді төлеудегі шын мәніндегі шығындарды куәландыратын, жолыққан айдағы қолданыстағы тарифтерді көрсете отырып, есеп айырысу кітапшасы мен түбіртектер;
6) арызданушының қалалық телекоммуникация желісінің абоненті болып табылатынын растаушы құжат (келісім шарт немесе коммуникация қызметі үшін есеп түбіртегі);
7) 16 жастан жоғары балаларға оқу орнынан анықтама;
8) жеке куәлігі, балалардың туу туралы куәлігі, неке туралы куәлік (алғаш жолыққандар үшін);
9) мәртебесін куәландыратын анықтама (жалғызбасты аналар үшін);
10) еңбек кітапшасының көшірмесі (жұмыссыздар үшін).
4. Қаржыландыру көздері
24. Тұрғын үй көмегін төлеуді қаржыландыру қалалық бюджет қаржысы есебінен жүзеге асырылады.
25. Өкілетті орган көрсетілген көмек сомаларын көрсете отырып, тұрғын үй көмегін алушылар тізімін жасайды және тоқсан сайын келесі тоқсанның алғашқы айының 15-і күнінен кешіктірмей жиынтық мәліметті қаланың қаржы бөліміне тапсырады. Қаржы бөлімі көрсетілген қаражатты өкілетті органның есебіне аударады, олар өз кезегінде коммуналдық қызметті жеткізушілер шотына аударады.
Телефонның абоненттік ақысы тарифтерінің арту өтемақысын төлеу алушының таңдауы бойынша оның жазған арызы негізінде жеке есеп шот реквизиттерін көрсету арқылы осы түрдегі банкілік операцияға лицензиясы бар ҚР екінші деңгейдегі Ұлттық банкілерде жүзеге асырылады.
26. Тұрғын үй көмегін төлеуге арналған бюджеттік қаражаттың есептелуі мен шығыстарының дұрыстығын тексеру заңнамамен белгіленген тәртіпте жүргізіледі.