Ескерту. Күші жойылды - ҚР Әділет министрінің 26.01.2015 № 53 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
«Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Кешенді сот сараптамаларын жүргізуді ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Әділет вице-министріне жүктелсін.
3. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министрдің м.а. Д. Құсдәулетов
Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2010 жылғы 22 сәуірдегі
№ 134 бұйрығымен
бекiтiлген
Кешенді сот сараптамаларын жүргізуді ұйымдастыру жөніндегі
нұсқаулық
1. Осы нұсқаулық «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 29-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органдарында қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша кешенді сот сараптамаларын жүргізуді ұйымдастыру ерекшеліктерін нақтылайды.
2. Кешенді сот сараптамаларын жүргізу қылмыстық, азаматтық істердің немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің жағдайларын жан-жақты зерттеу мақсатында бірлескен қорыту және жүргізілген зерттеулер нәтижесінде жалпы қорытындыларды жасау үшін әртүрлі арнайы білімі бар сот сарапшыларын тарту қажет болған жағдайда ұйымдастырылады.
3. Кешенді сот сараптамаларын жүргізу үшін анықтауды жүргізуші адамның, тергеушінің, прокурордың қаулысы, соттың ұйғарымы негіз болып табылады. Сот сараптамасы органының басшысы сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыға, ұйғарымға сәйкес ұсынылған материалдар бойынша кешенді сараптама жүргізу туралы да дербес шешім қабылдауға құқылы.
Кешенді сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда (ұйғарымда) оның атауы және сараптаманы жүргізу тапсырылған орган көрсетіледі. Кешенді сот сараптамасын жүргізу бірнеше сот сараптамасы органдарына тапсырылған жағдайда оны тағайындау туралы қаулыда (ұйғарымда) олардың ішінде қайсысы жетекші (сот сараптамасын жүргізуді ұйымдастыруды және мамандардың жүргізетін зерттеулерін үйлестіруді жүзеге асыратын) екендігі көрсетіледі.
Егер қаулыда (ұйғарымда) жетекші сот сараптамасы органы көрсетілмесе, ол кешенді сот сараптамасы жүргізу тапсырылған сот сараптамасы органдарының басшылары арасында келісім бойынша анықталады. Жетекші сот сараптамасы органы туралы мәселе зерттеудің көлемі мен міндеттерін ескерумен шешіледі.
Кешенді сот сараптамасын тағайындау туралы қаулы (ұйғарым) оны жүргізу тапсырылған әрбір сот сараптамасы органына жолданады.
4. Зерттеуге ұсынылған материалдармен танысқан кезде не жекелеген сот сараптамаларын жүргізу барысында кешенді сот сараптамасын жүргізу қажеттігі анықталған жағдайда, оны жүргізуді сот сараптамасы органының басшысы ұйымдастырады. Егер кешенді сот сараптамасын жүргізуді ол тапсырылған сот сараптамасы органының күшімен жүзеге асырыла алмаса, сот сараптамасы органының басшысы сараптама тағайындаушы органды (адамды) бұл туралы хабардар етеді және оны жүргізуге қатыстыруды жөн деп санайтын мекемені не маманды ұсына отырып, тиісті қаулы (ұйғарым) шығаруға өтініш жасайды.
5. Кешенді сот сараптамасын бір сот сараптамасы органында жүргізген кезде сот сараптамасы органының басшысы зерттеулерді сот сараптамасының барлығын жүргізуді ұйымдастыруды және жүргізілетін зерттеулерді үйлестіруді жүзеге асырушы жетекші бөлімшені көрсете отырып тиісті сот сарапшыларына тапсырады. Жетекші бөлімшенің басшысы өзге бөлімшелердің басшыларымен келісім бойынша сот сарапшыларының комиссиясын қалыптастырады және жетекші сот сарапшысын тағайындайды.
6. Кешенді сот сараптамасын бірнеше сот сараптамасы органдары (ұйымдары) жүргізген кезде сот сарапшыларының комиссиясын жетекші сот сараптамасы органының басшысы кешенді сот сараптамасын жүргізуге қатысушы сот сараптамасы ұйымдарының басшыларымен бірлесіп қалыптастырады. Жетекші сот сараптамасы органының басшысы қойылған мінддетерді шешу мақсатында сот сарапшылары комиссиясының қызметін тиісінше ұйымдастыруды және үйлестіруді қамтамасыз ететін жетекші сот сарапшысын тағайындайды.
7. Жетекші сот сарапшысы:
комиссияның әрбір мүшесін сот сараптамасын тағайындау туралы қаулымен (ұйғарыммен) және зерттеу үшін келіп түскен материалдармен таныстырады;
неғұрлым толық ақпарат алу мақсатында және талдаудың тиісті әдісін қолдану нәтижесінде заттай дәлелдемелердің зақымдалу мүмкіндігін ескере отырып олардың зерттелу дәйектілігін анықтайды;
қызметкерлері сот сарапшылары комиссиясының мүшелері болып табылатын сот сараптамасы ұйымдарының (бөлімшелерінің) басшыларымен байланысты жүзеге асырады;
зерттеудің жалпы бағдарламасын дайындау кезінде сот сарапшылары комиссиясының кеңесін басқарады;
сот сараптамасын жүргізудің мерзімін бақылайды және зерттеу бағдарламасының орындалуын үйлестіреді;
комиссия мүшелерін зерттеу барысы және оның аралық нәтижелерімен таныстыруды ұйымдастырады;
барлық зерттеулердің нәтижелерін, оларды қорытуды және жалпы қорытындыны (қорытындыларды) қалыптастыруды бағалау кезінде сот сарапшылары комиссиясының қорытынды кеңесін басқарады;
сот сараптамасы органының басшысына зерттеудің жалпы бағдарламасымен келіспейтін немесе олардың дәйектілігін бұзатын комиссия мүшелерінің іс-әрекеті туралы хабарлайды;
қорытынды немесе қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарлама жасайды.
8. Кешенді сот сараптамасын жүргізудің жалпы мерзімін сот сараптамасы органының басшысы, ал оны бірнеше сот сараптамасы органдары жүргізген кезде осы ұйымдардың басшылары арасындағы келісім бойынша мыналардың шеңберінде белгіленеді:
20 тәулікке дейін – күрделі зерттеулерді талап етпейтін материалдар бойынша;
30 тәулікке дейін – күрделі зерттеулерді талап ететін материалдар бойынша.
Сот сараптамасы 30 тәулікке дейінгі мерзімде орындау мүмкін болмаған жағдайда, сот сараптамасы органының басшысы (жетекші сот сараптамасы ұйымы) сот сараптамасын тағайындаған органды (адамды) бұл туралы хабардар етеді және онымен келісім бойынша қосымша мерзімді белгілейді.
Кешенді сот сараптамасын жүргізу мерзімі сот сараптамасы органына оны тағайындау туралы қаулы (ұйғарым) және зерттеу объектілері келіп түскен күннен бастап есептеледі.
Кешенді сот сараптамасын жүргізу мерзімі сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) алдында қосымша материалдарды ұсыну немесе зерттеуге ұсынылған объектілерді жоюға немесе елеулі зақымдауға рұқсат беру туралы өтініш жасағанда, егер өтінішті қанағаттандырғанға дейін әрі қарай зерттеу жүргізу мүмкін болмағанда тоқтатыла тұрады.
9. Кешенді сот сараптамасын жүргізу ұйымдастыру жағынан дайындық, зерттеу және қорытынды кезеңдерінен тұрады. Әрбір кезең қорытындының тиісті бөліктерінде көрсетіледі.
10. Дайындық кезеңінде комиссия мүшелерін сараптамаға келіп түскен материалдармен таныстыру ұйымдастырылады, сот сараптамасының жалпы міндеттерін ұғыну, жеке міндеттерді, әдістерді қолдану дәйектілігін және сот сараптамасын жүргізудің жалпы мерзімі шеңберінде жеке зерттеулерді жүргізудің мерзімдерін анықтау мақсатында комиссия кеңесі өткізіледі.
Дайындық кезеңі зерттеудің жалпы бағдарламасын анықтаумен аяқталады.
Дайындық кезеңі барлық қорытындыларға міндетті мәліметтерден басқа кешенді сот сараптамасының атауы мен жетекші сот сарапшысының тегі көрсетілетін қорытындының кіріспе бөлігінде көрінеді.
Кешенді сот сараптамасын жүргізуді бірнеше сот сараптамасы органдары (ұйымдары) жүзеге асырған жағдайда қорытындының кіріспе бөлігінде осы органдар (ұйымдар) және кешенді сот сараптамасын жүргізуге қатысушы сот сарапшылары туралы мәліметтер көрсетіледі.
11. Зерттеу кезеңінде сот сарапшылары дербес және (немесе) бірлескен зерттеулер жүргізеді, зерттеу барысы сот сарапшыларының тектерін көрсете отырып қорытындының зерттеу бөлігінің тиісті бөлімдерінде көрсетіледі.
Зерттеу нәтижелерін қорытуды және бағалауды сот сарапшылары комиссияның қорытынды кеңесінде өткізеді, бұл қорытындының зерттеу бөлігінің тиісті бөлімінде көрсетіледі. Осы жерде әртүрлі мамандықтағы сот сарапшылары жүргізген зерттеу нәтижелері бойынша жалпы қорытындының (қорытындылардың) негіздемесі көрсетіледі.
12. Жалпы қорытындыға (қорытындыларға) зерттеу нәтижелерін бірлескен бағалауға қатысқан және бір пікірге келген сот сарапшылары қол қояды.
Егер сот сарапшылары ортақ қорытындыға келмесе, олар ортақ қорытындыда дербес қорытындыны тұжырымдайды. Әрбір сот сарапшысы комиссияның басқа мүшелерінің пікірімен өзінің келіспеушілік себебін негіздейді. Дербес қорытындыларды тұжырымдауда сот сарапшылары өз қорытындысының негіздемесінде көрсете отырып, басқа комиссия мүшелері алған нәтижелерді ескереді.
13. Егер зерттеу барысында кешенді сот сараптамасын шешуге қойылған сұрақты (сұрақтарды) шешу үшін жеткілікті деректер алынбаса, сот сарапшылары себебін негіздей отырып, сұрақты шешу мүмкін еместігі туралы жалпы қорытындыны жасайды және өзінің жеке қорытындысын жасайды.
14. Кешенді сот сараптамалары әрбір сот сараптамасы органында тіркеледі. Сот сарапшысының қорытындысын немесе қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламаны жетекші сот сараптамасы органы (жетекші сарапшы) рәсімдейді. Басқа сот сараптамасы органдарының (ұйымдарының) қызметкерлері сот сараптамасының жетекші органына (жетекші сарапшыға) қорытындының тиісті бөлімдері нысандарында олардың дербес жүргізген зерттеулерінің барысы мен нәтижелері туралы мәліметтерді ұсынады.
Фотокесте, диаграмма, схема, сызба және т.б. түріндегі қорытындыға қосымшаларға оларды жасаған сот сарапшылары қол қояды, олар әзірленген мекеменің мөрімен куәландырылады және сот сараптамасының жетекші органына (жетекші сарапшыға) ұсынылады.
15. Қорытынды сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға), сот сараптамасын жүргізуге қатысқан әрбір сот сараптамасы органына (ұйымдарға) жолдау үшін дайындалады. Қорытынды жетекші сот сараптамасы органының мөрімен куәландырылады.
16. Кешенді сот сараптасын жүргізудің барысы мен мерзімдеріне жалпы бақылау жетекші сот сараптамасы органына жүктеледі.