Ескерту. Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 2012.05.21 № 230 Бұйрығымен.
Жоғары оқу орындарында оқу үшін үміткерлерді қабылдау рәсімін жетілдіру және іріктеуді қамтамасыз ету мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. «Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2007 жылғы 19 желтоқсандағы № 638 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5115 болып тіркелген, «Заң газетінің» 2008 жылғы 22 ақпандағы № 28 (1428) санында жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
жоғарыда көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі ережесінде:
4-тармақтың екінші бөлімі мынадай редакцияда жазылсын:
«Кешенді тестілеу өткен жылдардағы жалпы орта білім беру ұйымдарының бітірушілері, бастауыш және кәсіптік орта оқу орындарының (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі) бітірушілері, ҰБТ-ға қатыспаған халықаралық оқушылармен алмасу желісі бойынша шетелде оқыған жалпы білім беретін мектептің бітірушілері, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын жалпы орта білім беретін мектептің бітірушілері, республикалық музыка мектеп-интернаттарының бітірушілері, сондай-ақ оқу орындарын шетелде бітірген азаматтар үшін өткізіледі.»;
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«16. Жергілікті жерде ұйымдастыру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін талапкерлердің кешенді тестілеуін ұйымдастыру мен өткізу жөнінде мемлекеттік комиссиялар (бұдан әрі - мемлекеттік комиссия) құрылады.»;
16-1-тармақ мынадай мазмұнмен толықтырылсын:
«16-1. Кешенді тестілеуді өткізу технологиясының сақталуын бақылауды жүзеге асыру үшін базалық ЖОО-ға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің уәкілетті өкілдері (бұдан әрі - Министрлік өкілдері) жіберіледі.»;
21-тармақтың екінші бөлімі мынадай редакцияда жазылсын:
«Шығармашылық мамандыққа түсуші талапкерлер үшін тестілеудің екі пәні бойынша балдары есептеледі: қазақ немесе орыс тілі және Қазақстан тарихы.»;
мынадай мазмұндағы 22-1, 22-2 тармақтармен толықтырылсын:
«22-1. Талапкерге бір орыннан екінші орынға ауысып отыруға, емтихан материалдарын басқа талапкермен ауыстыруға, көшіріп жазуға, оқулықтарды және басқа да әдістемелік әдебиеттерді, байланыс құралдарын (пейджер, ұялы телефон) аудиторияға кіргізуге және пайдалануға рұқсат етілмейді.
22-2. Талапкер осы Ереженің 22-1-тармағын бұзған жағдайда Министрлік өкілі:
1) осы Ереженің 4-қосымшасына сәйкес нысанда тыйым салынған заттың тәркіленуі және аудиторияда тәртіп ережелерін бұзған талапкерлерді аудиториядан шығару туралы акт жасайды;
2) тестілеу нәтижелерін жою және талапкерді аудиториядан шығару туралы шешім қабылдайды.»;
24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«24. Тестілеу нәтижелерін өңдеу аяқталғаннан кейін дұрыс жауаптар коды ілінеді.»;
27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«27. Тест тапсырмаларын бағалау кезінде бірыңғай талаптарды сақтауды және даулы мәселелерді шешуді қамтамасыз ету, кешенді тестілеуге қатысушылардың құқығын қорғау мақсатында тестілеу өткізу кезеңінде Апелляцияны қарау жөніндегі республикалық комиссия (бұдан әрі - Республикалық апелляциялық комиссия) және әрбір базалы ЖОО-да апелляциялық комиссия құрылады.
Республикалық апелляциялық комиссия апелляциялық комиссияның талапкерге балдар қосу туралы ұсыныстардың негіздемесін қарайды және соңғы шешім қабылдайды.
Апелляциялық комиссия тестілеуге қатысушылардан өтініштер қабылдайды және қарайды, талапкерге балдар қосу туралы Республикалық апелляциялық комиссияға ұсыныс енгізеді және оны апелляцияның қорытындылары туралы хабардар етеді.
Апелляциялық комиссияның негізгі функциялары мен іс-әрекеттері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 1 шілдедегі № 350 бұйрығымен бекітілген жоғары білімнің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына қабылдау кезінде құрылатын апелляциялық комиссия туралы ережеге сәйкес жүзеге асырылады.»;
Мынадай мазмұндағы 46-1, 46-2, 46-3 тармақтармен толықтырылсын:
«46-1. Ұшқыштарды даярлайтын жоғары оқу орнына түсетін тұлғалар үшін дәрігерлік-ұшқыштық сараптау комиссиясының ұшқыштарды даярлау жөніндегі жоғары оқу орнына оқуына жарамдылығына медициналық қорытындыны бере отырып медициналық куәландыруы міндетті.
46-2. Ұлттық бірыңғай тестілеу немесе кешенді тестілеу кезінде тапсырған пәндердің біреуінен 4-балдан төмен балл алған жағдайда, талапкерлер ақылы бөлімге қабылданбайды және білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысуға рұқсат берілмейді.
46-3. Егер, азамат екінші дәрежелі банктермен берілетін білім беру несиесін ресімдесе, ол құжаттарының сол банкте қарастырылып жатқандығы туралы тиісті анықтаманы ЖОО-ға ұсынған жағдайда оқу орнының студенттері қатарына қабылданады.
Осы ретте оған банк білім беру кредитін ресімдеу кезеңінде білім беру қызметін көрсету шартында белгіленген және азаматты оқуға қабылдауға дейінгі төлеуге жататын соманы төлеу мерзімін ұзартуды ұсынады. Бірақ ол банктен анықтама алған сәттен бастап 4 аптаға жарамды.».
Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес 4-қосымшамен толықтырылсын.
2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (С.М. Өмірбаев):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.
3) осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М.К. Орынхановқа жүктелсін.
4) Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа
енгізіледі.
Министр Б. Жұмағұлов
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
______________ С Қайырбекова
2011 ж.
Қазақстан Республикасы Білім
және ғылым министрінің
2011 жылғы 30 мамырдағы
№ 222 бұйрығына
1-қосымша
Жоғары білім берудің кәсіптік
оқу бағдарламаларын іске асыратын
білім беру ұйымдарына оқуға
қабылдаудың үлгілік ережесіне
4-қосымша
Аудиторияда тәртіп ережелерін бұзған талапкерлерді аудиториядан шығару және тыйым салынған заттың тәркіленуі туралы акті
______________________________________________________________
(Базалық ЖОО атауы)
«__» _______20_____ж. _______сағ._____мин.
Министрлік өкілі _________________________________________________
(аты-жөні)
Аудитория кезекшісі ______________________________________________
(аты-жөні)
Талапкерден: Аты-жөні ____________________________________________
ТЖК_________, аудитория №_____, орын №_____, нұсқа № _____________ Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру Ұйымдарына оқуға қабылдауын үлгілік ережесінің 22-1 және 22-2 тармағының бұзылғандығын дәлелдейтін төмендегі заттар табылды:
___________________________________________________________________
(ұялы телефонның маркасы, саны және мәліметтері бар шпаргалка және т.б.)
Осы фактіні есепке алып қаулы етілді:
Емтихан материалдарын алу;
Бітірушіні: Аты-жөні ______________________________________________,
ТЖК_____№______ аудиториядан шығару және емтихан материалдарын жою.
___________________________________________________________________
(осы актіні құрған тұлғалардың аты-жөні және қолдары)
Актімен таныстым:__________________________________________________
(бітірушінің аты-жөні, қолы)
Актімен таныстым:__________________________________________________
(Базалық ЖОО-ның жауапты хатшысының аты-жөні, қолы)
М.О.
(Базалық ЖОО мөрі)
Мерзімі:_________