«Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 14-бабы 2-тармағының 24) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. «Жүк және жолаушы вагондарының және тартқыш жылжымалы құрамның қызмет мерзімдерін ұзарту қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 26 ақпандағы № 93 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6845 тіркелген, 2011 жылғы 23 сәуірде «Казахстанская правда» газетінің № 138 (26559) басылған) өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
Жоғарыда көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жүк және жолаушы вагондарының және тартқыш жылжымалы құрамның қызмет мерзімдерін ұзарту қағидасында:
3-тармақ 13), 14), 15) және 16) тармақшалармен толықтырылсын:
«13) көлемі 8 күшейтілген техникалық қызмет көрсету (бұдан әрі - ТҚК-8) – тозған және зақымдалған агрегаттарды, тораптарды, бөлшектерді ауыстыру және күш қуатты және төмен вольтты электр сымдарын жаңасына ішінара ауыстыру жолымен тартым жылжымалы құрамның (бұдан әрі – ТЖҚ) пайдалану сипаттамаларын, ақаусыздығын және толық ресурсын (қызмет мерзімін) қалпына келтіру үшін орындалатын жөндеу, осы жөндеу аяқталған соң ТЖҚ-ға жаңа қызмет мерзімі белгіленеді;
14) көлемі 8 техникалық қызмет көрсету (бұдан әрі – ТҚ-8) - тексеру, жеке бөлшектерді, тораптарды және агрегаттарды жөндеу және ауыстыру, реттеу және сыннан өткізу жолымен негізгі пайдалану сипаттамаларын және жұмысқа қабілеттілігін (қызмет мерзімін) тиісті жөндеу аралық кезеңдерде қалпына келтіру үшін орындалатын жөндеу, осы жөндеу аяқталған соң ТЖҚ-ға жаңа қызмет мерзімі белгіленеді;
15) вагонның деполық жөндеуі (бұдан әрі – ДЖ) - құрамдас бөлшектерінің шектелген номенклатурасын ауыстырып немесе қалпына келтіріп және құрамдас бөлшектерінің техникалық жағдайын бақылап вагонның ақаусыздығын қалпына келтіру және вагонның ресурсын ішінара қалпына келтіру үшін орындалатын жөндеу;
16) пайдалы пайдалану мерзімін ұзартумен күрделі жөндеу (бұдан әрі - КЖҰ) - белгіленген ресурсын қалпына келтіріп кез келген, негізгілерін қоса алғанда, құрамдас бөлшектерін ауыстыру немесе қалпына келтіру және жаңа қызмет ету мерзімін белгілеумен вагон құрылымының барлық негізгі элементтерінің техникалық жағдайын бақылау;»;
5-тармақтың 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«9) жөндеуші ұйым актіні алған соң үш жұмыс күні ішінде Темір жол көлігі орталық кеңесі келісімдеріне қатысушы темір жол әкімшіліктерінің ақпараттық-есептеу орталығына (бұдан әрі – ТӘ АЕО) вагонның қызмет ету мерзімін ұзарту және вагондардың жөндеуден шығарылғаны туралы ақпаратты жібереді. Вагонның қызмет ету мерзімі ұзартылғаны жөніндегі барлық құжаттар вагонның ұзартылған қызмет ету мерзімі аяқталғанға дейін жөндеуші ұйымда сақталады.
Вагондардың техникалық жағдайына диагностика жүргізу кезінде жөндеу көлемі және жаңа қызмет ету мерзімі белгіленеді. Вагонның белгіленген жалпы қызмет ету мерзімі, ұзартуды ескергенде, шығарушы зауыттың базалық вагонға арналған техникалық шарттарында (бұдан әрі – ТШ) көрсетілген белгіленген қызмет ету мерзімінің біржарымдық мөлшерінен аспайды.
ТШ-ны әзірлеуші КЖҰ-ға негізделген материалдар ұсынғанда, жалпы қызмет ету мерзімі, ұзартуды ескергенде, егер бұл КЖҰ ТШ-да ескертілсе шығарушы зауыттың базалық вагонға арналған ТШ-да көрсетілген белгіленген қызмет ету мерзімінің біржарымдық мөлшерінен асуына мүмкіндік береді.
Шығарушы зауыттың ТШ бойынша қызмет ету мерзімі 40 жылды құрайтын вагондар үшін қызмет ету мерзімі КЖҰ-да ұзартылады, бұл ретте вагонның жалпы қызмет ету мерзімі, ұзартуды ескергенде, шығарушы зауыттың базалық вагонға арналған ТШ-да көрсетілген белгіленген қызмет ету мерзімінің біржарымдық мөлшерінен аспайды.
Вагонның жаңа қызмет ету мерзімі вагонның қызмет ету мерзімін ұзарту туралы техникалық шешім (бұдан әрі – Техникалық шешім) берілген күннен бастап белгіленеді. Техникалық шешім бойынша белгіленген жұмыстар Техникалық шешім берілген күнінен бастап 6 ай ішінде орындалады.
Қызмет ету мерзімі өткен вагондарға деполық және күрделі жөндеу жүргізу олардың техникалық жағдайын Техникалық шешім бойынша диагностикадан өткізген соң орындалады, бұл ретте ұзартылған қызмет ету мерзімі 5 жылдан аспайды, вагондардың жалпы белгіленген қызмет ету мерзімі, ұзартуды ескергенде, шығарушы зауыттың базалық вагонға арналған техникалық шарттарында (бұдан әрі - ТШ) көрсетілген қызмет ету мерзімінің біржарымдық мөлшерінен аспайды.»;
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Жолаушылар вагонының қызмет ету мерзімін ұзарту бойынша жұмыстарды жүргізу үшін вагон иесі жөндеуші ұйымға өтінімді береді.
Жөндеуші ұйым өтінімді он жұмыс күні ішінде қарайды. Жолаушылар вагонының мерзімін ұзартумен жөндеу жүргізуден бас тартқан жағдайда өтінім берушіге үш жұмыс күн ішінде дәлелді жауап береді.
Жолаушылар вагоны үшін қызмет ету мерзімін ұзарту туралы шешім нақты қызмет мерзіміне қарай қабылданады, бұл ретте қызмет ету мерзімі:
5 жылға дейін ұзартуды ескергенде, күрделі жөндеу кезінде жалпы 33 жылдан аспайды;
16 жылға дейін ұзартуды ескергенде, күрделі-қалпына келтіру жөндеу кезінде жалпы 44 жылдан аспайды»;
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Жолаушылар вагондары қызмет ету мерзiмiн ұзартумен жөндеу жұмыстарын жүргiзу үшін жөндеу ұйымдары нақты істен шыққан қызмет ету мерзімін көздейді және жөндеу жұмыстарының көлемін тағайындайды.
Жолаушылар вагонын тексеру нәтижелерi бойынша жөндеу ұйымы осы Қағидаға 3-қосымшаға сәйкес қызметтiң мерзiмiн ұзарту жөнiндегі жұмыстар жүргiзу туралы актiнiң (бұдан әрi - акті) 2-тармағын толтырумен ресiмдейдi.
Жұмыстарды жүргiзу туралы актi екі данада жасалады. Бір данасы вагонның иесіне одан әрі пайдалану негізі ретінде беріледі, ал екінші данасы жөндеу ұйымында сақталады.
Қызметтiк пайдалану үшін арналған жолаушылар вагондары және темір жол инфрақұрылымына техникалық қызмет көрсету бойынша қызмет ету мерзiмiн ұзарту туралы шешiм нақты қызмет ету мерзiмiне қарамастан қабылданады және 16 жыл мерзiмiне жасалады.»;
15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«15. Күрделі жөндеуді (бұдан әрi - КЖ), ТЖҚ-ға ТҚК-8, ТҚ-8 техникалық қызмет көрсетуді, жаңғыртуды, жол машиналарымен және механизмдерімен жұмыс істеу үшін қайта жабдықтауды, сондай-ақ қызмет ету мерзімін ұзартып қайта жабдықтауды орындау үшін ТЖҚ иесі мен жөндеуші ұйым арасында жасалатын шарт негіз болып табылады.».
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«16. Жаңа қызмет ету мерзімі КЖ орындалғаннан кейін де, күшейтілген көлемдегі ТҚК-8, ТҚ-8, жаңғыртудан, жол машиналарымен және механизмдерімен жұмыс істеу үшін қайта жабдықтаудан, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдауға қатыспайтын жылжымалы құрамды қайта жабдықтаудан кейін де белгіленеді.».
Жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін КЖ, ТҚК-8, ТҚ-8 немесе жаңғыртудан өткен тартқыш жылжымалы құрамға белгіленген жаңа қызмет мерзімінің нормативтеріне сәйкес (осы Қағидағы 7-қосымша) ТЖҚ жаңа белгіленген қызмет ету мерзімі қабылданады»;
17 және 18-тармақтар алып тасталсын;
22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«22. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң жөндеуші ұйым ТЖҚ сериясына «Р» әрпі түріндегі, ал жаңғыртылған ТЖҚ сериясына «К» әрпі түріндегі әріптік белгіні тағайындайды.»;
5-қосымшаның атауы мынадай редакцияда жазылсын:
«Тартқыш жылжымалы құрамын күрделі жөндеуден, техникалық қызмет көрсету (ТҚК-8, ТҚ-8) және жаңғыртудан кейін қабылдаудың № ____ актісі»;
осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес 7-қосымшамен толықтырылсын.
2. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті (Ә.Н.Барменқұлов) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жіберсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі А.Ж.Дүйсебаевқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Б. Камалиев
Жүк және жолаушылар вагондарының
және тартқыш жылжымалы құрамының
қызмет мерзімдерін ұзарту қағидасына
7-қосымша
КЖ, ТҚК-8, ТҚ-8 немесе жаңғыртудан өткен тартқыш жылжымалы құрамға белгіленген жаңа қызмет мерзімінің нормативтері
№ |
ТЖҚ, үлгісі мен сериясы |
КЖ, ТҚ көрсетуден немесе жаңғыртудан өткен сәттен басталатын жаңа белгіленген қызмет ету мерзімі |
Жөндеу немесе жаңғырту көлемі |
1. Магистральдық тепловоздар |
|||
1. |
Барлық түрлендірудегі ТЭ10 |
15 |
рельсмайлағыш етіп қайта жабдықтау |
2. |
Барлық түрлендірудегі, сондай-ақ жол машиналарымен және қар тазалағыштармен жұмыс істеу үшін рельсмайлағыш етіп қайта жабдықталған ТЭП70, ТЭ10 |
15 |
КЖ орындап, күш қуатты және төмен вольтты электр сымдарын жаңасына ауыстырып, дизель-генераторлық қондырғы мен қосымша жабдықтарды жаңасымен ауыстырып жаңғырту |
7 |
күш қуатты және төмен вольтты электр сымдарын жаңасына ауыстырып КЖ |
||
6 |
күш қуатты және төмен вольтты электр сымдарын жаңасына ішінара ауыстырып ТҚК-8 |
||
3 |
ТҚ-8 |
||
2. Маневрлік тепловоздар |
|||
1. |
Барлық түрлендірудегі ЧМЭ, ТЭМ |
15 |
КЖ орындап, күш қуатты және төмен вольтты электр сымдарын жаңасына ауыстырып, дизель-генераторлық қондырғы мен қосымша жабдықтарды жаңасымен ауыстырып жаңғырту |
10 |
күш қуатты және төмен вольтты электр сымдарын жаңасына ауыстырып КЖ |
||
7 |
күш қуатты және төмен вольтты электр сымдарын жаңасына ішінара ауыстырып ТҚК-8 |
||
3 |
ТҚ-8 |
||
3. Электровоздар |
|||
1. |
Барлық түрлендірудегі ВЛ |
20 |
КЖ орындап, негізгі тораптарды, электр жабдықтарды және аппарттарды аусытырып, элетр схемасын және басқару жүйесін жаңғыртып жаңғырту |
15 |
рельсмайлағыш етіп қайта жабдықтау |
||
7 |
күш қуатты және төмен вольтты электр сымдарын жаңасына ауыстырып КЖ |
||
6 |
күш қуатты және төмен вольтты электр сымдарын жаңасына ішінара ауыстырып ТҚК-8 |
||
2. |
Барлық түрлендірудегі, сондай-ақ рельсмайлағыш етіп қайта жабдықталған ВЛ |
3 |
ТҚ-8 |
4. Электр поездар |
|||
1. |
Барлық түрлендірудегі ЭР, ЭД |
9 |
күш қуатты және төмен вольтты электр сымдарын жаңасымен ауыстырып КЖ |
7 |
күш қуатты және төмен вольтты электр сымдарын жаңасымен ішінара ауыстырып ТҚК-8 |
||
5. Дизель поездар |
|||
1. |
Барлық түрлендірудегі ДР |
12 |
КЖ орындап, күш қуатты және төмен вольтты электр сымдарын жаңасымен ауыстырып, дизель-генераторлық қондырғы мен қосымша жабдықтарды жаңасымен ауыстырып жаңғырту |
9 |
күш қуатты және төмен вольтты электр сымдарын жаңасымен ауыстырып КЖ |
||
7 |
күш қуатты және төмен вольтты электр сымдарын жаңасымен ішінара ауыстырып ТҚК-8 |