Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының мәслихатының VI сессиясының 2012.06.08 N 6/57 шешімімен.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына сәйкес аудандық мәслихат ШЕШІМ ЕТТІ:
1. Қарқаралы ауданы аумағында иттерді және мысықтарды күтіп ұстау Ережесі бекітілсін (қоса тіркелген).
2. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Сессия төрағасы Б. Теміржанов
Аудандық Мәслихат хатшысы О. Жүкібаев
КЕЛIСIЛДI:
Қарқаралы ауданы әкiмiнiң
орынбасары
Б. Тоқмурзин
23.09.2011 ж.
"Қарқаралы аудандық ауыл шаруашылығы
және ветеринария бөлiмi"
мемлекеттік мекемесінің бастығының
міндетін атқарушы
Т. Көпжасаров
23.09.2011 ж.
"Қарқаралы ауданының iшкi iстер
бөлімі" мемлекеттік мекемесінің
бастығы
С. Исабай
23.09.2011 ж.
"Қарқаралы ауданы бойынша мемлекеттiк
санитарлық-эпидемиялық
қадағалау басқармасы"
мемлекеттік мекемесінің бастығы
С. Сипатуллин
23.09.2011 ж.
Қарқаралы аудандық мәслихатының
2011 жылғы 23 қыркүйектегі
N 39/387 шешімімен бекітілген
Қарқаралы ауданы аумағында иттерді және мысықтарды күтіп ұстау Ережесi 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қарқаралы ауданы аумағында иттерді және мысықтарды күтіп ұстау Ережесi (бұдан әрi - Ереже), "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы Кодексiне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шiлдедегi Заңына сәйкес әзiрлендi.
2. Осы Ереженiң күшi Қарқаралы ауданы аумағындағы жеке және басқадай меншiгiнде иттерi мен мысықтары бар жеке және заңды тұлғаларға таралады.
2-тарау. Иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету тәртiбi
3. Иттер мен мысықтарды ұстау санитарлық-гигиеналық, ветеринарлық-санитарлық талаптар мен осы Ереженi сақтаған жағдайда рұқсат етіледі:
бір жанұя тұратын тұрғын үй-жайда;
бiрнеше жанұялар тұратын пәтерде, тек өзi тұратын тұрғын үй көлемiнде (пәтерде тұратын барлығының жазбаша келiсiмiмен);
кәсiпорындардың, ұйымдардың, мекемелердiң, бағбандық және саяжайлық бiрлестiктердiң аумағында, демалыс базаларында иттердi байлаулы немесе арнаулы вольерлерде, түнгi уақыттарда мазалау, тыныштықты бұзу және айналасындағылар үшiн қауiп төндiру мүмкiндiктерiн болдырмайтын жағдайларда ұстау қажет. Аумаққа кiреберiсте тиiстi жазу жазылған ескерту кестесiн қамтамасыз ету қажет.
4. Иттер мен мысықтарды көпшiлiк пайдаланатын орындарда (асханаларда дәлiздерде, баспалдақтар бөлiктерiнде, жертөледе, шатырлар астында, лоджияларда, балкондарда және басқа да қосалқы үй-жайларда), үй жанындағы аумақтарда (жеке тұрғын үй қоры үйлерiнiң жанындағы аумақтардан басқа), қонақүйлерде ұстауға жол берілмейді.
5. Иттер мен мысықтарды олардың терiсiн және етін пайдалану мақсатында өсiруге және аулауға жол берілмейді.
6. Иттердi таластыруға және басқа да жануарларға қатысты қатыгез іс-шаралар ұйымдастыру мен өткiзуге жол берілмейді.
7. Пәтер иелерiнiң кооперативтерiне, тұрғын үй кооперативтерiне, үй-жай иелерінің кооперативтерiне, кондоминиумдарға:
1) жертөлелерге, шатырлар астына және басқа да қосалқы үй-жайларға кіретін есiктердi онда иттер мен мысықтардың кiрiп кетуiне жол бермейтіндей жабық күйiнде ұстау;
2) жануарларды аулаумен айналысатын ұйымдарға өзiнiң аумағында бұралқы иттер мен мысықтардың бары туралы хабарлау ұсынылады.
8. Қоғамдық орындарда (көшелерде, аулалық аумақтарда, саябақтарда, скверлерде және басқа орындарда) қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз иесіз жүрген иттер, иесi байлап кеткендерден басқасы, қараусыз деп есептеледі және тиісті ұйымдардың аулауына жатады.
9. Қараусыз иттер мен мысықтарды аулауды жергiлiктi атқарушы органмен, онда аулаудың шарттары реттелетiн шарт жасасқан тиiстi ұйым жүзеге асырады.
10. Серуендетуге жол берiледi:
1) айналасындағыларға мазасыздық және кедергi тудырмай, аумақтың санитариялық жағдайын сақтағанда тұмылдырық кигiзiлген (сәндiк тұқымды иттерден басқалары) және қысқа баудағы иттердi;
2) қоршалған аумақтарда, жаттықтыру алаңдарында және осы мақсаттар үшін қарастырылған орындарда қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз иттердi.
11. Иттердi серуендетуге жол берілмейді:
1) балалар аулалық және спорттық алаңқайларында, мектепке дейiнгi балалар және оқу орындарының, емдеу мекемелерiнiң аумақтарында, саябақтарда және басқа қала тұрғындарының жаппай демалатын орындарында;
2) халық көп жиналатын орындарда және қоғамдық iс-шаралар өтетiн жерлерде адамдарды құтқару бойынша, сондай-ақ қылмыспен күрес және қоғамдық тәртiптi сақтау бойынша жұмыстарды орындайтын қызметтiк иттерді және көзi нашар көретiн адамдар үшiн жетектеушi иттердi қоспағанда.
3-тарау. Қорытынды ережелер
12. Қарқаралы ауданы аумағында иттерді және мысықтарды күтіп ұстау Ережесінің сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
13. Осы Ереженiң талаптарын бұзғаны үшiн кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 311 бабына сәйкес жауапкершiлiкке тартылады.