Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы Арал аудандық мәслихатының 2012.09.26 N 55 Шешімімен.
"Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы N 2314 қаулысымен бекітілген "Тұрғын үй көмегін көрсету Ережесін" басшылыққа ала отырып Арал аудандық мәслихаты ШЕШЕМІЗ:
1. Қоса берілген "Аудандағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй ұстауға және коммуналдық қызметтің ақысын төлеуге арналған тұрғын үй көмегін көрсетудің Қағидасы" бекітілсін.
2. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа еңгізіледі.
Аудандық мәслихаттың кезекті
отыз сегізінші сессиясының төрағасы,
аудандық мәслихаттың хатшысы Ә. Әуезов
2011 жылғы 3 қазандағы N 238
Арал аудандық мәслихатының
шешімімен бекітілген
Аудандағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй ұстауға және коммуналдық қызметтің ақысын төлеуге арналған тұрғын үй көмегін көрсетудің
Қағидасы
Осы аудандағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй ұстауға және коммуналдық қызметтің ақысын төлеуге арналған тұрғын үй көмегін көрсетудің Қағидасы (бұдан әрi-Қағида) Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 30 желтоқсандағы N 2314 қаулысымен бекiтiлген "Тұрғын үй көмегiн көрсету" ережесiне сәйкес әзiрлендi және ауданда аз қамтамасыз етiлген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн белгiлейдi.
1. Жалпы ереже
1. Осы Қағидада мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
шектi жол берiлетiн шығыстар үлесi – телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде отбасының бiр айда тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп ұстауға арналған шығыстар төлеміне, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға жұмсалған шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң отбасының орташа айлық жиынтық кiрiсiне пайызбен қатынасы;
отбасының жиынтық табысы – тұрғын үй көмегiн тағайындауға өтiнiш бiлдiрiлген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы алған кiрiстердiң жалпы сомасы;
кондоминиум объектiсiн басқару органы – кондоминиум объектiсiн күтiп ұстау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
уәкiлеттi орган – "Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi" мемлекеттiк мекемесi.
2. Тұрғын үй көмегi бюджет қаражаты есебiнен Арал ауданында тұрақты тұратын аз қамтамасыз етiлген отбасыларға (азаматтарға):
1) жекешелендiрiлген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлердi) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп ұстауға арналған шығыстар төлеміне;
2) тұрғын үйдiң меншiк иелерi немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтердi тұтынуға;
3) байланыс саласындағы заңнамада белгiленген тәртiппен тұрғын үйдiң меншiк иелерi немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының ұлғаюы бөлiгiнде байланыс қызметтерiне;
Аз қамтамасыз етiлген отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.
Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп ұстауға арналған шығыстар төлеміне, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен отбасының осы мақсаттарға жұмсаған, жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлеген шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
2. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі
3. Отбасының тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтері үшін ақы төлеуге жұмсалатын шекті шығындар үлесі, сондай-ақ, тұрғын үй коммуналдық қызметтер мөлшері мен тарифтері өзгерген жағдайда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бұрын тағайындалған көмекке қайта есептеу жүргізеді.
4. Отбасының табысы туралы жалған не толық емес құжаттар ұсыну анықталған жағдайда тұрғын үй көмегін алушыға бөлінген қаржыға қайта есептеулер жүргізіледі және артық есептелген сома белгіленген тәртіппен уәкілетті органға қайтарылуға жатады.
5. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есептiк кезеңде алынған табыстың мынадай түрлерi есепке алынады:
1) еңбекақы және әлеуметтiк төлемдер түрiнде алынатын табыстар;
2) бiр жасқа дейiнгi және он сегiз жасқа дейiнгi балаларға арналған ай сайынғы мемлекеттiк жәрдемақы;
3) балаларға және басқа да асырауындағыларға арналған алимент түрiндегi табыс;
4) мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек;
5) өзiн-өзi жұмыспен қамтудан түскен табыс.
Өзiн-өзi жұмыспен қамтыған халықтың табысы жазбаша өтiнiшпен расталады.
Кәсiпкерлiк қызметпен арнаулы салық режимi жағдайында айналысатын адамдардың табысы бiр жолғы талон, патент, оңайлатылған декларация негiзiнде расталады.
Ресми расталмаған табыс әрбiр жұмыс iстеушiге шаққанда ең төмен жалақыдан кем емес мөлшерде есепке алынады.
6. Отбасының жиынтық табысында мыналар есепке алынбайды:
1) тұрғын үй көмегi;
2) жерлеуге арналған бiр жолғы жәрдемақы;
3) бала тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттiк жәрдемақы;
4) ақшалай және заттай түрдегi (құндық бағадағы) қайырымдылық көмек;
5) оқушыларды тегiн тамақтандыру, жалпыға бiрдей оқыту қорынан берiлетiн көмектер және азық-түлiк бағаларының қымбаттауына байланысты әлеуметтiк әлжуаз топтарға көрсетiлген көмектер;
6) төтенше жағдайлар салдарынан олардың денсаулығына және мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеу мақсатында отбасына көрсетiлген көмек.
7. Тұрғын үй көмегiн тағайындау туралы шешiм уәкiллеттi органға өтiнiшпен бiрге құжаттар толық ұсынылған күннен бастап 10 күн iшiнде қабылданады.
8. Тұрғын үй көмегi өтiнiш берiлген айдан бастап тағайындалады.
9. Тұрғын үй көмегiне қажеттi құжаттар толық тапсырылмаған жағдайда тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
10. Тұрғын үй көмегiн алушы адам артық алған соманы өтеуден бас тартқан жағдайда, өндiрiп алу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
11. Тұрғын үйдi ұстау мен коммуналдық қызметтердi тұтынуға жұмсалатын есептiк тарифтерiн анықтау аудандық телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының ұлғаюы бөлiгiндегi байланыс қызметтерiн тұтыну ақысы телекоммуникация дирекциясының ұсынған тарифiмен, ал отынға және газбен жабдықтау көмектi есептеу мерзiмiндегi қызмет көрсету мекемелердiң тарифтерi қолданылады.
12. Отбасының жиынтық табысын заңнамада белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган есептейдi.
13. Тұрғын үй көмегiн алуға құқылы тұлғалардың тiзiмi дайындалып, ұсынылған жеке есеп шоттарына аударылуға жолданады.
3. Тиісті құжаттардың тізбесі
14. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азамат (отбасы) уәкілетті органға өтініш береді және мынадай құжаттарды ұсынады:
1) тұрғын үй көмегін алуға өтініші;
2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
3) тұрғын үйге құқық беретін құжаттың көшірмесі;
4) азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі;
5) отбасының табысын растайтын құжаттар;
6) коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;
7) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
8) тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.
4. Тұрғын үй көмегінің мөлшері
15. Тұрғын үйдi күтiп ұстауға және тұтынған коммуналдық қызметтер төлемiне шыққан шығындар шегiндегi үлесi 15 пайыз мөлшерiнде отбасының жиынтық табысымен белгiленедi.
16. Аудан бойынша тұрғын үй көмегін тағайындау аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарға) төмендегі пайдалану нормасына сәйкес жүргізіледі:
1) электрмен жабдықтау бір айға бір адамға -70 квт, екі адамға -140 квт, үш адамға және одан да көп мүшелері бар отбасыларына бір айға -150 квт;
2) газбен жабдықтау бір айға төрт адамға дейінгі мүшесі бар отбасыларына бір кішкентай балон, салмағы - 10 кг, төрт адамға және одан да көп мүшелері бар отбасыларына бір үлкен балон, салмағы - 20 кг;
3) сумен жабдықтау бір айға бір адамға тиісті уәкілетті органдардың берген тарифі бойынша;
4) отын пайдалану әр отбасына үш адамға дейінгі мүшесі бар отбасыларына бір айға 0,5 тоннадан, төрт адамға және одан көп мүшелері бар отбасыларға бір айға 1 тоннадан;
5. Тұрғын үй көмегін төлеу
17. Тұрғын үй көмегін төлеу бюджеттің есебінен жүргізіледі.
18. Тұрғын үй көмегін алушыларға бөлінген қаражаттар алушылардың таңдауы бойынша банктік операцияларды жүзеге асыруға тиісті лицензиясы бар ұйымдар арқылы төленеді.