Ескерту. Күші жойылды - Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық мәслихатының 20.12.2013 № 26-170/V шешімімен.
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабына, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 97 бабының 2 тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету ережесіне сәйкес, Сайрам аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Сайрам ауданы бойынша аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін бекіту туралы" Сайрам аудандық мәслихатының 2010 жылғы 18 наурыздағы № 29-279/IV (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 14-10-139 нөмірмен тіркелген, «Мәртөбе» газетінің 2010 жылғы 21 мамырдағы 23 нөмірінде жарияланған) шешімінің күші жойылсын.
3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы Р.Хайтенов
Аудандық мәслихаттың хатшысы К.Орашов
Сайрам аудандық мәслихатының
2012 жылғы 29 маусымдағы
№ 6-47/ІV шешімімен бекітілген
Сайрам ауданы бойынша аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі
Осы мөлшер және тәртіп "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңына және "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысына сәйкес әзірленді және аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін тағайындау мөлшерін және тәртібін белгілейді.
1. Жалпы ережелер
1. Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібінде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) – Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар;
2) отбасының (азаматтың) жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы (азамат) кірістерінің жалпы сомасы;
3) өтініш беруші – тұрғын үй көмегін тағайындау үшін жеке өзінің немесе отбасы атынан өтініш беретін тұлға;
4) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстар- кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуды есептеудің үйге ортақ құралдарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және тексеруге жұмсалатын шығыстарға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалатын шығыстарға жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген ай сайынғы жарналар арқылы төленетін үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері шығыстарының міндетті сомасы, сондай-ақ болашақта кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін немесе оның жекелеген түрлерін күрделі жөндеуге ақша жинақтауға жұмсалатын жарналар;
5) уәкілетті орган – «Сайрам ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі;
6) шекті жол берілетін шығыстар үлесі – телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының (азаматының) бір айда тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға, жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) орташа айлық жиынтық кірісіне пайызбен қатынасы.
2. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен Сайрам ауданында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
1) жекешелендiрiлген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлердi) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;
2) тұрғын үйдiң меншiк иелерi немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтердi және телекоммуникация желiсiне қосылған телефонға абоненттiк төлемақының өсуi бөлiгiнде байланыс қызметтерiн тұтынуына;
3) жергiлiктi атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу төлемақысын төлеуге;
4) жекешелендiрiлген үй-жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулiк уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдiк сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бiр фазалық есептеуiштiң құнын төлеуге берiледi.
Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық мәслихатының 31.01.2013 № 15-95/V шешімімен.
3. Тұрғын үйді ұстау мен коммуналдық қызметтерді пайдалануға, тұрғын үйді жалға алу ақысын төлеуге сонымен қоса, жекешелендірілген үй-жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін тәулік уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің құнын төлеуге, телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне ақы төлеу отбасының (адамның) жиынтық табысының 10 пайызы мөлшерiнде белгіленеді.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық мәслихатының 31.01.2013 № 15-95/V шешімімен.
4. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысы «Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 471 бұйрығына сәйкес есептеледі.
2. Тұрғын үй көмегін алу құқығы
5. Жеке меншігінде біреуден артық тұрғын үйі (пәтер) бар немесе тұрғын жайды жалға беруші тұлғалар тұрғын үй көмегін алу құқығын жоғалтады.
6. Бірінші, екінші топтағы мүгедектердің, мүгедек балалардың, сексен жастан асқан адамдардың, үш жасқа дейінгі баланың күтімімен айналысатын тұлғаларды қоспағанда, еңбекке жарамды отбасындағы тұлғалар жұмыс істемейтін, күндізгі оқу бөлімінде оқымайтын, әскерде қызметін өткермейтін және жұмыспен қамту органында тіркелмеген кезеңге тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
7. Ұсынылған жұмыстан немесе жұмысқа орналастырудан, қоғамдық жұмыстан, кәсіптік даярлаудан дәлелсіз себептермен бас тартқан тұлғалар тұрғын үй көмегін алу құқығын жоғалтады.
8. Өтініш беруші тұрғын үй көмегінің заңсыз тағайындалуына әкеп соқтырған толық емес немесе жалған мәліметтер ұсынған кезде, өтініш берушіге және оның отбасына тұрғын үй көмегі төлемі тоқталады.
3. Тұрғын үй көмегін тағайындау
9. Тұрғын үй көмегі телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шығыстарға, жекешелендірілген үй-жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулік уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің құнын төлеуге тұрғын үй көмегін көрсету жөніндегі шаралар қолданатын, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға нормалар шегінде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған, шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық мәслихатының 31.01.2013 № 15-95/V шешімімен.
10. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін отбасы (азамат) уәкілетті органға өтініш береді және мынадай құжаттарды ұсынады:
1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) тұрғын үйге құқық беретін құжаттың көшірмесі;
3) азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі;
4) отбасының табысын растайтын құжаттар;
5) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты ) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттар;
6) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттар;
7) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
8) жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот;
9) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларында (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулік уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің құнын төлеуге тұрғын үй көмегін көрсету жөніндегі шаралар қолданатын түбіртек-шот.
Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық мәслихатының 31.01.2013 № 15-95/V шешімімен.
11. Тұрғын үй көмегін алуға құқық тоқсан сайын отбасының табысы туралы мәліметтерді бере отырып расталады.
12. Салыстырып тексеру үшін құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері ұсынылады, одан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
13. Уәкілетті орган көшірмелерді түпнұсқалармен салыстырып тексереді, оларды тіркейді және өтініштің нысанасына сәйкес құжаттарды қабылдағаны туралы растаманы өтініш берушіге береді.
14. Тұрғын үй көмегі өтініш берілген айдан бастап тұрғын үй көмегін алуға құқығы туындағаннан кейін ағымдағы тоқсанға тағайындалады.
15. Уәкілетті орган өтініш берушіден құжаттарды қабылдап алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде тұрғын үй көмегін тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
Тағайындаудан бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган бас тарту себебін көрсете отырып, өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
16. Уәкілетті орган тиісті органдардан тұрғын үй көмегін тағайындау үшін ұсынылған құжаттарды қарауға қажетті мәліметтерді сұратуға құқылы.
17. Тұрғын үй көмегін алушылар он бес күн мерзімде уәкілетті органды тұрғын үй көмегі мөлшерінің өзгеруі үшін негіз болатын немесе оны алу құқығына әсер ететін мән-жайлар туралы хабардар етуге тиіс.
Тұрғын үй көмегінің мөлшеріне немесе оны алу құқығына әсер ететін мән-жайлар болған жағдайда, қайта есептеу олар анықталған кезінен бастап немесе келесі тоқсанда жүргізіледі.
Артық төленген сомалар ерікті тәртіппен, ал бас тартқан жағдайда сот тәртібімен қайтарылады.
18. Аталған жерлерде тұрақты тұратын адамдарға тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы және нысаналы жарналардың мөлшерін айқындайтын сметаға сәйкес, тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеу, сондай-ақ жекешелендірілген тұрғын үй-жайларында (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде пайдалануда тұрған дәлдік сыныбы 2,5 электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің орнына орнатылатын тәулік уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің құнын төлеуге жеткізушілер ұсынған шоттар бойынша тұрғын үй көмегі бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.
Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық мәслихатының 31.01.2013 № 15-95/V шешімімен.
4. Тұрғын үй көмегін төлеу
19. Тұрғын үй көмегін төлеу алушының таңдауы бойынша жергілікті бюджетте бөлінген қаражат шегінде екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылады.
5. Тұрғын үй көмегін көрсету нормативтерін анықтау
Ескерту. Шешім 5-тараумен толықтырылды - Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық мәслихатының 31.01.2013 № 15-95/V шешімімен.
20. Уәкілетті органмен тұрғын үй көмегін тағайындауында келесі нормалар есепке алынады:
1) өтемақылық шаралармен қамтамасыз етілген тұрғын үй ауданының нормасы бір адамға, тұрғын үй заңнамасымен белгіленген, тұрғын үй беру нормасына баламалы және көп бөлмелі пәтерлерде (тұрғын үй-жайларда) тұратын әр мүшесіне 18 шаршы метрді құрайды, бір бөлмелі пәтерде (тұрғын үй-жайда) тұратындар үшін – пәтердің жалпы көлемі. Көп бөлмелі пәтерлерде (тұрғын үй-жайларда) жалғыз тұратын азаматтар үшін әлеуметтік норма 30 шаршы метрді құрайды;
2) электрқуатты, суық суды, кәрізді, ыстық суды, қоқысты әкету, газды және жылуды тұтыну нормаларын қызмет көрсетушімен немесе тарифті белгілейтін органмен бекітіледі. Коммуналдық қызметтерді тұтынудың шығындары, коммуналдық қызметті тұтынудың белгіленген нормативтерінен артық емес, алдыңғы тоқсанға нақты шығындары бойынша есептеуге алынады;
3) қызмет көрсетушілердің шоттарын ұсынуы бойынша (түбіртектер, жапсырма, есеп-фактурасы) қатты отынды пайдалану нақты шығындарына, көп қабатты пәтерлерде, жеке тұрғын үй-жайларда тұратын отбасылар үшін айына 1 тонна. Тұрғын үй көмегін есептегенде, статистика органдары мәліметтері бойынша Сайрам ауданында қалыптасқан көмір бағасы қолданылады;
4) қызмет көрсетушілердің шоттарын ұсынуы бойынша (түбіртектер, анықтамалар) нақты шығындарына бір отбасыға (отбасы 4 адам және одан көп) газ баллонды пайдалану бір айға 20 килограмм, оның ішінде бір адамға баллон газын тұтыну 5 килограммнан артық емес, орталықтандырылған ыстық судың бар немесе жоқ болуына қарамастан белгіленеді.