Ескерту. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 10.07.2013 № 11-3 шешімімен (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі)
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 3 бабының 2 тармағына және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабына сәйкес облыстық мәслихат ШЕШІМ ЕТТІ:
1. Қоса беріліп отырған Орал қаласының аумағын абаттандыру Ережесі бекітілсін.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы А. Таспихов
Облыстық мәслихат хатшысы М. Құлшар
КЕЛІСІЛДІ:
Батыс Қазақстан облысы
бойынша мемлекеттік
сәулет-құрылыс бақылау
және лицензиялау
департаментінің директоры
_____________А. Ғұбайдуллин
25.05.2012 ж.
Батыс Қазақстан
облыстық мәслихатының
2012 жылғы 1 маусымдағы
№ 3-2 шешімімен
бекітілді
Орал қаласының аумағын абаттандыру
Ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Орал қаласының аумағын абаттандырудың осы Ережесі (әрі қарай-Ереже) Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы", Кодексіне, Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Тұрғын үй қатынастары туралы", "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңдарына және де өзге де Қазақстан Республикасындағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес шығарылды.
2. Ереже Орал қаласының аумағын абаттандыруды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін анықтайды және тиісті аумақта орындалуға міндетті болып табылады.
2. Негiзгi ұғымдар
3. Осы Ережелерде келесі ұғымдар қолданылады:
1) Қатты тұрмыстық қалдықтарды және iрi көлемдi қалдықтарды шығару шарты – тапсырыс беруші мен қоқыс шығаратын мердiгерлiк ұйыммен жасалған заңды күшi бар жазбаша келiсiм.
2) Бөлiнген аумақ - жер пайдаланушының (заңды немесе жеке тұлғаға) иелiгiне берілген немесе Қазақстан Республикасының заңнамаларымен қарастырылған құқығымен уәкiлеттi органдардың шешiмдерiне сәйкес пайдалану үшiн өзiне тиесілі нысандарды орналастыруға берiлген жер телiмi.
3) Iргелес (бекітілген) аумақ – жеке меншік, иелігіндегі және жалға алынған ғимараттардың, орын-жайлардың, қоршаулардың, құрылыс алаңшаларының шекараларына, сауда, жарнама нысандарына және басқа да нысандарға тікелей жанасқан (нысанның периметрi бойынша 10 метр шекарадағы, бірақ өту жолынан әрі емес) жер учаскесі.
4) Бекiтiлген аумақтың субъектiлерi болып жеке, сондай-ақ, заңды тұлға да бола алады:
пәтер иелерi кооперативтерi (одан әрi - ПИК);
ғимараттар мен орын-жайлардың иелерi;
жерді уақытша немесе тұрақты пайдалануға берiлген тұлғалар.
5) Жердi пайдаланушы – мемлекеттік меншіктегі жер учаскесін өтеулі және (немесе) өтеусіз негізде шектеусіз мерзімге (тұрақты жер пайдалану) немесе белгілі бір мерзім ішінде (уақытша жер пайдалану) иеленуші және пайдаланушы тұлға.
6) Контейнер - қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған стандартты сыйымды ыдыс.
7) Iрi көлемдi қалдық (бұдан әрi - IКҚ) - өзiнiң тұтыну қасиеттерiн жоғалтқан тұтыну және шаруашылық қызметiнiң қалдықтары (тұрмыстық техника, жиһаз және т.б.).
8) Шағын сәулеттiк нысандар - көлемi жағынан кiшкене әсемдiк, сондай-ақ, iске жарамды сипаттағы нысандар:
сәндiк құрылғылар (мүсiндер, су бұрқақтар мен әсемдiк су тоғандар, стеллалар, ойма бедерлер, гүл құмыралары);
iске асыру сипатындағы құрылғылар (саябандар, павильондар, телефон және сауда автоматтары, орындықтар, қоршаулар, қоқыс қораптары).
9) Ортақ пайдалану орындары - демалыс аймақтары (саябақтар, жағажайлар, тынымбақтар), алаңдар, көлiк аялдамасы алаңдары.
10) Рұқсатсыз төгiлетiн қоқыстардың үйiндiлерi - заңды және жеке тұлғалар қызметiнің үрдісі кезiнде пайда болған қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ), IКҚ, өндiрiс және құрылыс қалдықтарын, басқа қоқыстар, қар, мұздарды өз еркiмен шығару (орналастыру) немесе үю.
11) Аумақты тазарту - аумақты жинау, тұрмыстық қалдықтарды, қоқыстарды, қарды, мұздақтарды жинау, шығару және кәдеге жарату (залалсыздандыру).
12) Өту жолдары, өтетiн жер - тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға, мекемелерге, кәсiпорындарға және басқа да аудандар, шағынаудандар, кварталдар iшiндегi қалалық құрылыс нысандарына көлiк құралдарының кiруiн қамтамасыз етушi жол элементi.
13) ҚТҚ, IКҚ жинау және шығару - қатты тұрмыстық қалдықтарды контейнерлерден арнайы автокөлiктерге тиеу, контейнер алаңдарын және оларға кiретiн жолдарды шашылған қоқыстардан тазарту және оларды қоқыс жинау орнынан кәдеге жарату нысанына тасымалдаумен байланысты шаралар кешені.
14) Жолдарды күтiп, ұстау - нәтижесiнде талапқа сай келетiн, жол мен жол құрылғыларының көлiктiк-тұтыну жағдайы сақталатын, автомобиль жолдарын пайдалану ережесінің талаптарына жауап беретін жұмыстар кешені.
15) Орын-жай - өндiрiстiк үрдiстердi орындауға, материалдық құндылықтарды орналастыру мен сақтауға немесе адамдардың уақытша тұруына, сондай-ақ, құралдарды немесе коммуникацияларды орналастыруға арналған, табиғи немесе жасанды аумақтық шекарасы бар, көлемдi, жазықты немесе тiзбектi салынған жасанды нысан. Орын-жай сондай-ақ, көркемдік-эстетикалық, сәндiк-қолданбалы немесе мемориалдық сипатта болуы мүмкiн.
16) Жаяу жол - жаяу жүргiншiлердiң жүруiне арналған, жолға жалғасып немесе одан гүлкестемен бөлiнiп жатырған жолдың бөлшегi.
17) Уәкiлеттi орган - коммуналдық шаруашылық саласындағы өкiлеттiлiгi Орал қаласы әкiмдiгiмен анықталатын мемлекеттiк мекеме.
3. Жалпы талаптар
4. Іргелес аумақты абаттандыруды және тазалауды (нысанның периметрі бойымен 10 метр аралықта), сондай-ақ, гүлзарларды, гүлкестелерді, басқа да жасыл желектерді, абаттандыру элементтерін күтіп, ұстауды сәулет, санитарлық және экологиялық талаптар негізінде қолданыстағы заңнамаларға сәйкес аталған нысандардың меншік иелері және (немесе) пайдаланушылары жүргізеді.
5. Ғимараттардың, орын-жайлардың, жеке тұрғын үй құрылыстарының меншік иелері және (немесе) пайдаланушылары қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға уақытылы келісімшарт жасаулары қажет.
6. Жер учаскесін пайдаланушылар арасында іргелес (бекітілген) аумақтарды тазарту жұмыстарының шекарасын анықтау заңды және жеке тұлғалардың келісімімен осы Ереже немесе Орал қаласы әкімінің актілері негiзiнде жүзеге асырылады.
7. Тұрғын ғимараттарға іргелес аумақтар нысанның иесімен абаттандырылады, көгалдандырылады, жарықтандырылады және қоршалады, кіре беріс және жаяу жүргіншілер жолдарының қатты жабыны болуы қажет.
8. Бөлінген шекарадағы инженерлік және көліктік инфрақұрылым нысандарының аумағы көрсетілген нысандардың техникалық және қолдану сипаттамалары ескеріле отырып, абаттандырылуы қажет. Аумақтарды абаттандыру және күтіп, ұстау бойынша міндеттемелер нысандардың меншік иелеріне жүктеледі.
9. Коммуникациялардың барлық түріне қызмет көрсететін шаруашылық субъектілері тиісті коммуникацияларды күтіп, ұстауға және уақытылы жөндеу жүргізуге, оларды жөндегеннен кейін бұзылған жабынды қабаттары мен элементтерін қайта қалпына келтіруі тиіс.
10. Заңды және жеке тұлғалар жолдың асфальт қабатының бұзылуымен байланысты жер жұмыстарын аяқтағаннан кейін жол қабатын қайта қалпына келтіруге міндетті.
11. Орал қаласы аумағында тыйым салынады:
1) суаққы желiсiнің қоқыс басуын болдырмау үшiн суаққы коллекторларына сыпырынды мен тұрмыстық қоқыстарды тастауға;
2) жергілікті атқарушы органмен бектілген орындардан басқа жерлерге қоқыстар мен қарды шығаруға, тастауға;
3) қоқыс құбырларына сұйық тұрмыстық қалдықтарды және ірі көлемді қоқыстарды тастауға;
4) магистральдар, көшелер мен өту жолдарының, жаяу жолдардың және гүлкестелердің өту бөліктеріне сауда нысандарынан, құрылыс алаңдарынан, кәсіпорындар мен ұйымдар аумақтарынан, аулалық аумақтардан, ішкікварталдық өту жолдарынан және тағы басқаларынан тазаланатын қарларды шығаруға немесе ысыруға;
5) жаяужолдарда, қалалық жолаушы көлігінің отырғызу алаңдарында, саябақтарда, тынымбақтарда, аулаларда және өзге де жаяу өту, көгалдандыру аймақтарында техникалық тұзды және сұйық хлорлы кальцийді мұзға қарсы реагент ретінде пайдалануға;
6) ластанған және тұздалған қарды лақтыруға, орын ауыстыруға, газондарға, гүлбақтарға, бұталар мен өзге де жасыл көгалдарға мұз ойындыларын роторлы лақтыруға;
7) сарқынды су құбырларының аузына қар, мұз және қоқыстарды тастауға;
8) ағаштар мен бұталардың түбiне жапырақтарды жинауға;
9) жолдарды және (немесе) жол бөліктерін ластауға жол бермеу мақсатында кез келген жүк түрлерін тиянақты жабынсыз жүк көліктерімен тасымалдауға;
10) меншік иесінің келісімінсіз және (немесе) осы мақсаттар үшін бөлінген жерлерден тыс орындарға, Қазақстан Республикасы заңнамаларында көзделген белгіленген тәртіп бойынша қажетті рұқсатсыз және келісімсіз хабарландырулар, плакаттар, үндеулер, түрлі ақпараттық материалдарды, жазу-сызулар мен кескіндемелер орналастыруға;
11) автомобиль жолдарының бөлігіне қозғалысқа қауіп төндіретін қоқыстарды, заттарды лақтыруға;
12) ғимараттардың, орын-жайлардың және тұрғын үйлердің терезелерінен қоқыстарды лақтыруға;
13) жаяу жолдарға, тынымбақтар, саябақтар аумағына және басқа да қоғамдық орындарға ұсақ қоқыстарды лақтыруға;
14) Орал қаласының жергiлiктi атқарушы органдары арнайы белгiлеген жерлерден тыс жерлерге қала аумағында тұрмыстық және құрылыс қоқыстарын, өндiрiстiк қалдықтарды, жәшiктердi, ағаш үгiндiлерiн, жапырақтарды, қарды, сұйық қалдықтарды тастауға;
15) тоғандарға өндiрiс кәсiпорындарының тазартылмаған суларын ағызуға;
16) кәсiпорындардың және жеке меншiк үй иелерiнiң iшкi аумақтарын, тынымбақтарда, саябақтарда қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерді қоса алғанда қоқыстарды, жапырақтарды, жәшiктердi, өндiрiстiк қалдықтарды жағуға, алау жағуға тыйым салынады;
17) белгіленген жерлерден тыс орындарда, тиісті жол белгілерімен және (немесе) жолақтармен белгіленген және бөлінген жерлерден тыс орындарда көлік құралдарының аялдауына, тұруына және оларды жууға;
18) аулалардың және ішкікварталдық аумақтардың жасыл аймағына, балалар, киім-кешек кептіретін және контейнерлік алаңдарға, жаяу жүргіншілер жолдары мен жаяу жолдарға қызметтік және жеке автокөліктердің тұруына, кіруіне;
19) бiр деңгейдегi барлық жолдар мен көшелердiң және кiру жолдарының қиылыстарында және темiржол өткелдеріне жақын жерлерде; көлiктiк қоршаулармен жабдықталған немесе көтерiңкi жиектемелерi бар жол учаскелерiнде; жаяу жолдарда қар үюге.
20) жалпы пайдаланылатын орындарда (осы мақсатқа пайдаланылмайтын орындарда), балалардың ойын алаңдарында, көшелерде, алаңдарда үй жануарларымен серуенге шығуға;
21) адамдар шомылуға арналған жерлерде киім-кешек жууға және үй жануарларын жуындыруға;
22) мұз жарықшақтарын, қарды жасыл желек алаңдарына, жаяу жолдарға, гүлкестелерге орын аустыруға және лақтыруға үюге;
23) тұрғын үй нысандардың, ұйымдардың, мекемелердің аумақтарында аулалық қондырғыларды, шұңқырларды және қоқыс жинау алаңдары құрылысын салуға және қайта жабдықтауға.
12. Қаланы санитарлық ағымдағы ұстау мамандандырылған кәсіпорындармен жүзеге асырылады және қамтамасыз ететін шараларды өткізуді жүзеге асырады:
бейіттерді күтіп, ұстау;
көгалдандыру және жасыл желектерді күтіп, ұстау және суару;
қала аумағын қоқыстардан жинауды және оларды уақытылы шығаруды ұйымдастыру.
4. Аумақтарды жинау және тазартуды
ұйымдастыру мен негізгі талаптары
13. Елді мекендер аумағын санитарлық тазалау жүйесінде тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды жинау, жою, залалсыздандыру мен кәдеге жарату қарастырылады және мамандандырылған ұйымдармен жүзеге асырылады.
14. Арнайы автокөліктердің саны құрылыс салынып жатырған учаскенің нақты дамуы мен елді мекеннің жергілікті жағдайы ескеріле отырып анықталады.
15. Тұрғын үйлердің, ұйымдардың, мәдени-көпшілік мекемелерінің, демалыс аймақтарының аумақтарында көліктер кіре алатындай қалдықтарды жинайтын контейнерлердің арнайы алаңшалары орналастырылады. Алаңшаны су өткізбейтін жабынмен және толықтай қоршаумен жайластырады.
16. Қатты тұрмыстық қалдықтарды салатын контейнерлер қақпақтармен жабдықталады. Контейнерлер мен алаңшаның шетіне дейінгі ара қашықтық 1 метрден кем болмайды. Алаңшаларды тұрғын және қоғамдық ғимараттардан, барлық саладағы ұйымдардан, спорт алаңдарынан және тұрғындардың демалатын орындарынан 25 метрден кем емес және 100 метрден артық емес арақашықтықта орналастырады. Осындай контейнерлер үш жағынан биіктігі 1,5 метр болатын қоршаумен қоршалуы тиіс.
17. Контейнердің есепті сыйымдылығы қоқыстардың нақты жиналып қалуына сәйкес болуы қажет. Орналастырылатын контейнерлер санының есебі осы контейнерлерді пайдаланатын халықтың саны, қоқыстардың жиналып қалу мөлшері, олардың сақталу мерзімдері ескеріле отырып жасалады.
18. Контейнерлердегі қоқыстарды сақтау мерзімі Цельсия (С) бойынша 0 градус және одан төмен болғанда үш тәуліктен артық емес, плюстік температурада бір тәуліктен артық емес.
19. Кәсіпорындар, ұйымдар, ПИК-тер, кондоминиумдар, жеке үй иелері мен бизнес нысандарының иелері соңынан ҚТҚ-ды бөлектеп жинау арқылы біртіндеп еуропалық және басқа да контейнерлерді пайдалануға көшу ұсынылады.
20. Қоқыстарға арналған контейнерлер арнайы орындарда ұдайы дезинфекцияланып және дезинсекцияланып, жуылып отырады.
21. Әрі қарай пайдалануға жарамсыз контейнерлер уақытылы ауыстыруға жатады.
22. Аулалық, кәрiздендiрiлмеген және қоғамдық әжетханалар тұрғын-жайлардан және қоғамдық ғимараттардан, балалар ойнайтын және халық демалатын алаңшалардан кем дегенде 20 метр және құдықтардан, бұлақ көздерінен кем дегенде 50 метр қашықтыққа алыстатылуы тиіс.
23. Көпқабатты тұрғын үй аудандарында қатты тұрмыстық қалдықтар алаңшасынан қажетіне қарай 1,5 метр радиуста контейнер алаңшаларының іргелес аумағын жоспарлы-ұдайы түрде тазалау жүргізіледі.
24. Тұрмыстық және басқа да қалдықтарды шығару күн сайын таңғы сағат 7.00-ден ерте емес және 23.00-ден кеш емес уақытта жүргізіледі.
25. Жеке тұрғын үй құрылысы аудандарын қатты қалдықтардан жоспарлы-ұдайы тазарту аптасына екі мәртеден кем емес жүргізіледі.
26. Қоғамдық орындарда қоқыс қораптары орнатылады. Қораптардың арақашықтығы адам көп жүретін көшелерде 40 метрден және адам аз жүретін көшелерде 100 метрден артық емес аралықта болады. Қалалық көліктер аялдайтын жерлерде қораптарды міндетті түрде орнату қажет. Қораптарды тазалау қоқыстардың толуына қарай жүргізіледі.
27. Аулалық әжетханалар мен контейнерлік алаңшалардан бекітілген бөлікті сақтау мүмкіндігі жоқ құрылыстар аудандарында бұл арақашықтық комиссиялық түрде белгіленеді.
28. Канализацияланбаған тұрғын үйлерде сұйық қалдықтарды жинау үшін сорып алынатын, су өткізбейтін шұңқырлар орнатылады және жер бетіндегі бөлігі қақпақпен және қатты фракцияларды жібермейтін тормен жабдықталады. Аулалық сорып алынатын шұңқырлар болған жағдайда, олар ортақ бола алады.
29. Жол жабындылары жолдың беткі қабатында жиналған ластар су ағынымен жасыл желек жолақтары мен жаяу жолдарға шашырамайтындай етіп жуылады.
30. Жіті қозғалысты көше жолдары жылдың ыстық уақыттарында жуылып тұрады.
31. Нөсерлік канализациясы жоқ көшенің өту бөліктері арнайы көліктермен тазаланады. Көшелерге ас тұзын шашуға тыйым салынады.
32. Жапырақтар түсетін уақытта жапырақтар уақытылы тазаланып отырады. Жиналған жапырақтар арнайы бөлінген учаскелерге немесе шірітетін алаңдарға шығарылады.
33. Тұрғын кварталдар, шағынаудандардың, сондай-ақ, үй жанындағы аумақтарда бөлінген жер учаскесі шекараларында келесі тәртіп сақталады:
1) отмосткалардың, жаяу жолдардың, жаяу жүргіншілер жолдарының, ішкікварталдық жолдардың жабындылары қалыпты жағдайда ұсталуы қажет;
2) аулаларда өз бетінше түрлі шаруашылық және қосалқы құрылыстардың салуына тыйым салынады;
3) қызыл жолақтарды және құрылыстарды реттеу жолақтарын бұзып салынатын құрылыстарға тыйым салынады;
4) тұрғын үй жаны аумақтарын құрылыс материалдарымен бөгеп тастауға тиым салынады;
5) инженерлік коммуникацияларды және құдықтарды уақытылы қаралып және тазаланады;
6) спорттық, ойын, балалар және шаруашылық алаңдары, қоршаулар қалыпты жағдайда ұсталуы қажет.
34. Суару-жуу және сыпырып-тазалау көліктерін толтыру техникалық сумен жүргізіледі, ашық су көздерінен толтыру санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды болған жағдайда рұқсат етіледі.
35. Елді мекендерден қалдықтарды жинауды, пайдалануды, қолдануды, залалсыздандыруды, тасымалдауды, сақтауды және көмуді мамандандырылған кәсіпорындар жүргізеді.
36. Жұқпалы стационарлардан басқа (соның ішінде туберкулезге қарсы, тері-венерологиялық) қоғамдық тамақтану, сауда, жалпы білім беретін, шипажай-курорттық және басқа да ұйымдардың тағам қалдықтары қақпағы бар ыдыстарға жиналып, салқындатылатын ғимаратта немесе тоңазытқыш камераларда сақталады. Жұқпалы стационарлардың тағам қалдықтарынан басқа (соның ішінде туберкулезге қарсы, тері-венерологиялық және т.б.) тағам қалдықтарын малға беруге жол беріледі.
37. Қатты тұрмыстық қалдықтар Орал қаласының қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында кәдеге жарату жүргізіледі.
5. Қыс мезгілінде аумақтарды
тазартудың ерекшелiктерi
38. Қала көшелерiнiң өту жолдары мен кiру жолдарын қыста тазарту жұмыстары осы Ереже талаптарына және жұмыс технологияларын, техникалық құралдар мен тайғаққа қарсы қолданылатын реагенттерді анықтайтын нұсқауларға сәйкес жүргiзiледi.
39. Саябақтардағы, тынымбақтардағы, бақтардағы және басқа да көгалды аймақтардағы жолдарды тазарту кезiнде осы мақсаттарға алдын ала дайындалған алаңдарға жасыл желектердiң сақталуы мен ерiген сулардың ағуын қамтамасыз еткен жағдайда, құрамында химиялық реагенттері жоқ қарларды үюге рұқсат етiледi.
40. Қысқы кезеңде жолдар, бақ орындықтары, қоқыс салатын қораптар мен басқа да элементтер мен кiшi сәулеттiк формалар, сондай-ақ, олардың алдындағы және жанындағы аумақтар мен оларға баратын жолдар қар мен мұздақтардан тазартылуы тиіс.
41. Жаяу жолдар мен жолдардың өту бөліктеріндегі инженерлiк желiлерде орын алған апаттан пайда болған мұздақтар меншік иелерімен және (немесе) желілерді пайдаланушылармен уатылып, шығарылады.
42. Қар шығарудың технологиялық операциясы екi кезеңде жүргізіледі:
1) бiрiншi кезекте (таңдамалы) қалалық жолаушыларды тасымалдау көлiгi аялдамаларынан, жер үстi жаяу жүргiншiлер өтпелерiндегі, көпiрлердегі және жол желiлерiндегі, ауруханаларға кiретiн жолдардағы және басқа да әлеуметтiк маңызы бар нысандардағы қарды шығару;
2) соңғы (жаппай) қар шығару жұмыстары бiрiншi кезектегi қар шығару жұмыстарынан кейiн уәкiлеттi органмен анықталатын кезекке сәйкес орындалады.
43. Көшелер мен жолдардағы қарды шығару жұмыстары арнайы дайындалған алаңшаларда жүргiзiлуi тиiс.
44. Жаяу жолдар мен көпiр құрылғыларына шығатын жерлердегi баспалдақтарды тазарту жұмыстарына мынадай талаптар қойылады:
1) жаяу жолдар мен көпiр құрылғыларына шығатын жерлердегi баспалдақтар жаңа жауған қар мен тапталған қар басып кеткенге (қар-мұздақтарының пайда болуы) дейiн барлық енiне дейiн тазартылуы тиіс;
2) тоқтаусыз қар жауған кезде жаяу жолдар мен көпiр құрылғыларына шығатын жерлердегi баспалдақтар тайғаққа қарсы материалдармен өңделiп және жаяу жүргiншiлер жүруi үшiн тазартылуы тиіс;
3) тайғақ болатыны немесе болу мүмкiндiгi жөнiнде хабарландырылған жағдайда, бiрiншi кезекте баспалдақтар, содан кейiн жаяу жолдар тайғаққа қарсы материалдармен өңделуi керек.
45. Жаяу жолдар, аула аумақтары мен кiру жолдары қар мен мұздақтан асфальтқа дейiн тазартылуы тиiс, қар мен жарықшақ қар үйетiн жерге шығарылуы тиiс. Мұздақ пайда болған жағдайда (тайғақ) ұсақ құм себу жүргiзiледi.
46. Аула аумақтары мен iшкiкварталдардан тазартылған қар автокөлiктiң қозғалысына және жаяулардың жүруiне кедергi келтiрмейтiн аула аумағындағы орындарға міндетті түрде тасып шығарылуымен уақытша үйіледі.
47. Аула iшiнде қарды үйген кезде жылғалардың ағып кету жағы қарастырылу қажет.
48. Қысқы кезде ғимарат иелерiмен және (немесе) пайдаланушыларымен, тұрғын үйлерде ПИК-терімен шатырларды қар мен мұздақтан, сүңгiлерден уақытында тазарту жұмыстары ұйымдастырылуы қажет.
49. Көше жағына қараған шатырлардан қар мен мұздақтарды тазарту жұмыстары жаяу жолдарға түсiру тек күндiзгi уақытта жүргiзiлуi тиіс. Қарды басқа сырғанау жағынан, сондай-ақ, жазық шатырлардан түсiру аула аумақтарында жүргiзiлуi керек.
Қарды түсірер алдында жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қауіпсіздік шараларын өткізу қажет. Шатырлардан түскен қарлар, мұздақтар жедел түрде жол жағына қарай жиналады және одан әрi көшенiң жолын тазартушы ұйыммен шығарылуы үшiн орналастырылады.
6. Ұсақ бөлшектік сауда үшін
уақытша орын-жайларды
орнату және күтiп ұстау
50. Ұсақ бөлшектік сауда нысандарын орналастыру (нысандардың аумағында орналасқан ұсақ сауда нысандарынан басқа) санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды болған жағдайда жергілікті атқарушы органмен бекітілген орындарда рұқсат беріледі.
51. Салқындатылған сусындармен, изотермиялық жылжымалы ыдыстардан (цистерна) кваспен сауда жасауға су құбырына және канализацияға қосылған және бір мәрте пайдаланатын ыдыстар болған жағдайда рұқсат беріледі.
52. Ұсақ бөлшектік сауда нысандарында ыдыстарды және өнімнің күндік қоры сақталатын үй-жайға орын бөлінеді.
53. Айналымдағы ыдысты ұсақ бөлшектік сауда нысанының жұмысы аяқталғаннан кейін күн сайын тағам өнімін дайындайтын және жеткізетін нысанға жіберіледі. Іргелес аумақта ыдысты сақтауға рұқсат берілмейді.
54. Ұсақ бөлшектік сауда жасау нысанында бір жұмыс орнында тағам өнімдерін сату тек өндірістік оралған күйінде рұқсат беріледі.
55. Нан, пісірілген кондитерлік (кремсіз) және нан өнімдерін сату оралған күйінде жүргізіледі.
56. Көкөніс, жеміс-жидек және бақша дақылдарын нысаннан тыс жерде сатуға жергілікті атқарушы органмен бекітілген орындарда рұқсат беріледі.
57. Сауда автоматтары бір мәрте пайдаланатын ыдыстармен қамтамасыз етіледі.
58. Жұмсақ балмұздақтарды сатуға оны дайындаған жерде сатуға рұқсат беріледі.
59. Ұсақ бөлшектік сауданың жылжымалы құрал-жабдықтары жұмыс күні аяқталғаннан кейін негізгі нысанда (тағам өнімдерін өндіретін нысандар, сауда нысандары) санитарлық өңдеуге жатқызылады.
60. Ұсақ бөлшектік сауда нысандарында жуынатын орын, қоқыстар мен қалдықтарды салатын қақпағы бар ыдыс, сатушының жеке мүлігін сақтайтын орын орнатылады.
61. Ұсақ бөлшектік сауда нысанының сатушысы:
1) нысанды, іргелес аумақты тазалықта ұстайды;
2) шығарылған жерін, сапасын және қауіпсіздігін растайтын құжаттары болған жағдайда тағам өнімдерін қабылдайды және сатады;
3) сатылатын тағам өнімдерінің пайдалану мерзімінің сақталуын қадағалайды;
4) тағам өнімдерін сату мерзімі мен талаптарын сақтайды, сату кезінде қыстырмаларды, күрекшелерді қолданады;
5) өнімдерді ластанудан сақтайды;
6) таза арнайы киімдерін киеді (халат, қолғаптар, қалпақ);
7) жеке гигиена талаптарын сақтайды, әрбір жұмыс үзілісінен кейін және қажетіне қарай қолын жууы керек;
8) өзімен бірге жеке медициналық кітапшасы болуы керек;
62. Нысан аумағы тазалықта ұсталуы қажет. Күн сайын жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін негізгі, күн ішінде ағымдағы тазалау жүргізіледі. Қысқы кезеңде аумақ, кіре беріс жолдар және павильон алдындағы алаңдар қар мен мұздан тазартылып, тайғаққа қарсы құм себіледі, жаз мезгілінде су себіледі.
63. Сауда нысанына іргелес аумақта ыдыстар мен тауарлардың қорын текшелеуге рұқсат етілмейді.
64. Базар аумағында келушілер мен персонал үшін әжетханалар, 50 сауда орнына бірден кем емес шүмектер саны есептелген қол жуу, сауда құрал-жабдықтарын, жеміс-жидектер мен көкөністерді жуатын қондырғылар орнатылады.
65. Санитарлық желілер мен жуынатын орындар базарларда қалыпты, тазалықта ұсталып және күн сайын дезинфекцияланады.
Санитарлық желілерге қызмет көрсететін персонал нысандағы басқа жұмыс түрлеріне жіберілмейді.
66. Сәулеттiк және түстерi туралы шешiм "Орал қаласының сәулет және қала құрылысы бөлiмi" мемлекеттік мекемесімен келiсiледi. Ұсақ бөлшектiк сауда нысандарын жөндеу және бояу жұмыстары олардың иелерi есебiнен, "Орал қаласының сәулет және қала құрылысы бөлiмi" мемлекеттік мекемесімен келiсiлген сыртқы түрi мен түсi туралы қабылданған шешiмнің сақталуын ескере отырып, орындалуы тиiс.
67. Ұсақ бөлшектiк сауда нысандары мен кешендерiне көлiктiк қызмет көрсету, iргелес жатырған магистральдар мен жаяу жүргiншiлер бағыттарындағы көлiк қозғалысы мен жаяу жүргiншiлердiң қауiпсiздiгiне кедергi келтiрмеуi қажет.
7. Жолдарды, аялдама және
отырғызу алаңдарын тазарту
68. Жолдардың өту жерлерiн барлық енi бойынша тазарту, алаңдардың, көшелердiң және қалалық көше желiлерiн, көлік тұратын қалташаларды, сондай-ақ жағалаулар, көпiрлер, жол өткелдерін күту мен тазалау жұмыстарын осы жұмыстардың өндiрiсiнде уәкiлеттi органмен жасалған мемлекеттiк сатып алу шарты негiзiнде мердiгер-кәсiпорындар жүргiзедi.
69. Автобус маршруттарының соңғы аялдау, айналу алаңдарын тазартуды осы маршруттарға қызмет көрсетудi жүзеге асыратын тасымалдаушы кәсiпорындар жүргiзедi.
70. Жол төсемдерiн үзiлiссiз қоқыстан, батпақтан, қардан технологиялық тазарту жұмыстарын қамтамасыз ету үшiн халықтың жаппай баратын нысандарына жақын орналасқан магистральды көшелердің бойына күн сайын сағат 23.00-ден 7.00-ге дейiн автокөлiк құралдарын қоюға тыйым салынады, тыйым салу қажеттi жол белгiлерiн қоюмен белгiленедi.
71. Магистральдардың, көшелердiң және кiру жолдарының жол төсемдерiн, осьтiк және резервтiк жолақтарын, жиектемелерiн сыпыру жұмыстары алдын ала суланғаннан кейiн уәкiлеттi органмен бекiтiлген кестеге сәйкес жүргiзiледi.
72. Жолдың жүру жағы қандай да болмасын ластан толығымен тазартылуы тиiс. Қозғалыс сызығымен реттелген осьтiк және резервтiк жолақтар тұрақты түрде құм мен әр түрлi ұсақ қоқыстардан ұдайы тазартылуы қажет.
73. Жолдардың шеті ірі көлемді және өзге де қоқыстардан тазартылуы тиіс. Жұмыстарды жүргізу кезінде көшенің өту бөлігі мен өту жолдарына қоқыстарды шығаруға тыйым салынады.
74. Қалалық жолаушылар көлiгiнiң аялдама алаңдарын тазалау жұмыстарын жолдарға тазарту жұмыстарын жүргiзушi кәсіпорындар жүргізеді.
75. Қоғамдық жолаушылар көлiгiнің аялдамалық алаңдарындағы павильондарды және оларға iргелес аумақтарды тазартып, жууды олардың иелері жүргізеді.
76. Бөлек тұрған жарнама нысандарынан он метр радиустағы iргелес аумақты тазартып және күтіп, ұстау жарнамалық құрылымның иелерімен немесе келісімшарт негізінде мамандандырылған кәсіпорындар жүзеге асырады.
77. Сыртқы жарықтық бағаналарының құрылғысы мен дiңгегiнің аумағын және жаяу жолдарда орнатылған байланыс желiлерiнiң маңайын тазарту жұмыстарын жаяу жолдарды тазартуға жауапты кәсiпорындар жүргiзедi.
78. Трансформаторларға немесе таратушы шағын станцияларға, автоматты түрде жұмыс iстейтiн басқа да инженерлiк орын-жайларға (қызмет көрсететiн персоналсыз), сондай-ақ, электр тасымалдау желiлерiнiң тіректеріне iргелес аумақтарын тазарту жұмыстарын осы нысандардың иелерi жүргiзедi.
Жер үстi құбырларының астындағы қорғалатын аумақтарды тазарту мен күтіп, ұстау жұмыстары желiлердiң иелерiмен жүргiзiледi.
79. Уақытша көше саудасы мен жалпы тамақтану орындарына, бизнес нысандарына iргелес аумақтарды (базарлар, кафе, сауда павильондары, жылдам салынатын сауда кешендерi, шатырлар, дүңгiршектер және сол сияқты) көшелердің өту бөлігіне дейін тазарту осы нысандардың иелерімен жүзеге асырылады.
Iргелес орналасқан гүлкестелерге, сауда шатырларының үстіне, дүңгiршектерге және басқа да сауда нысандарына жәшiктердi үюге жол берiлмейдi.
80. Суды айдау (шұңқырлардан су сору, инженерлiк желiлердегi апат жағдайлар) салдарынан пайда болған су басу жағдайлары орын алған жағдайда, оларды жою жауапкершiлiк бұзушылыққа жол берген ұйымдарға жүктеледi.
81. Жол жөндеу жұмыстарын жүргiзген кездегi асфальт жарықшақтарын шығару осы жұмыстарды жүргiзушi ұйымдармен жүзеге асырылады: қаланың бас магистральдарынан - тез арада, басқа көшелер мен аулалардан - тәулiк мерзiмiнде.
82. Суаққы желiсiн қоқыс басуын болдырмау үшiн суаққы коллекторларына сыпырынды және тұрмыстық қоқыстарды тастауға тыйым салынады.
8. Шағын сәулет нысандарын
күтiп, ұстау
83. Тұрғын-жай құрылысының аумақтары, қоғамдық аймақтар, тынымбақтар, көшелер, саябақтар, демалыс алаңдары шағын сәулеттiк нысандармен жабдықталады.
84. Шағын сәулет нысандары стационарлық және жылжымалы болуы мүмкiн, олардың саны мен орналасуы аумақтарды абаттандыру жобаларымен анықталады.
85. Қоғамдық құрылыс аумақтарына, алаңдарға, көшелерге, тынымбақтар мен саябақтарға, жағалауларға арналған шағын сәулет нысандары жеке жобалар бойынша дайындалады.
86. Жаңа құрылыс салу кезiнде құрылыс жүргiзiлiп жатырған учаске шегiнде шағын сәулет нысандарын жобалау, дайындау және орнату жұмыстары тапсырыс берушімен бекiтiлген жобалау-сметалық құжаттамаларға сәйкес жүзеге асырылады.
87. Шағын сәулет нысандарының құрылымдық шешiмдерi олардың орнықтылығын, қолдану қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуi тиіс.
88. Шағын сәулет нысандарын күтіп, ұстау және жөндеуді олардың меншік иелері жүзеге асыруы тиіс.
9. Ақылы автотұрақтарды және
гараж кооперативтерiн
орналастыру және
абаттандыру
89. Жеке меншiк иелерiнiң жеңiл автокөліктерінің гараждарын, күзетiлетiн ашық автотұрақтардың, автокөлiктердiң уақытша тұрақтарын (ақылы және ақысыз) орналастыру қолданыстағы экологиялық, санитарлық және қала құрылысы нормаларымен және ережелерiмен, белгiленген тәртiпте дайындалған және келiсiлген жобалау құжаттарына сәйкес орындалады.
90. Ұйымдар, кәсiпорындар мен мекемелер, сауда мен қоғамдық тамақтану нысандары, демалыс және тұрғындардың жаппай келетін орындары келушiлер үшiн ақысыз тұрақтармен жабдықталуы тиіс.
91. Жеке меншiк иелерiнiң гараждары гараж кооперативтерiне (серiктестiк) бiрiгедi. Гараж кооперативтерiнiң аумағын абаттандыру және оларды күтiп ұстау кооперативтердiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
92. Жеңiл автокөлiктерiнiң ашық, ақылы тұрақтарын тұрғын-жай мен қоғамдық құрылыстарға дейiн санитарлық аралықты сақтап орнату қажет. Автотұрақтардың қатты төсемi, қоршауы, күзетуге арналған орын-жайы мен сыртқы жарығы болуы тиіс.
10. Құрылыс алаңдары мен
учаскелерiн күтiп ұстау
93. Нысанның (жаңа құрылыс, қайта жабдықтау, жөндеу, құрылысты бұзу) құрылыс алаңын жайластыру жұмыстары басталғанға дейін құрылыс салушы (нысанның иесі) келiсiм алу үшiн және белгiлi бiр жұмыс түрлерiн жүргiзуге келісу және рұқсат алу үшiн қажеттi құжаттарды уәкiлеттi органға ұсынуы қажет.
94. Рұқсат алғаннан кейiн құрылыс жүргiзушi-тапсырыс беруші (нысанның иесi) қолданыстағы нормалар мен ережелерге сәйкес құрылыс алаңдарын мынадай міндетті талаптарды сақтай отырып, жайластыруы тиіс:
құрылыс алаңына бөгде адамдардың енуiне және iргелес аумаққа ластың шығуына жол бермейтiндей барлық периметрi бойынша толық қоршалады; адамдардың көп өтетiн орындарында қоршауға жаппай қоршау қалқанын орнатылады;
қоршау металдан жасалған, профильденген қалқандардан немесе қоршауға арналған темiрбетон қабырғаларынан дайындалуы қажет;
қоршау құрылғысы мықтап бекiтiлiп және ұзынынан, көлденеңiнен түзетiлiп, боялуы және ұқыпты түрде болулары тиіс;
құрылыс алаңдарынан екiншi кезектегi көшелерге қақпа орнату немесе шлагбаум орнату арқылы ең аз кiру және шығу жолдары қарастырылады;
шығатын жерлерiне ақпараттандыру тақталары орнатылады;
жарық барлық периметр бойынша екi жаққа түсуi керек;
алаңдардың ішкі жолдары және құрылыс алаңдарына кiретiн жолдардың қатты төсемi болуы тиіс, олардың қалалық асфальттанған жолдармен қиылысуын қамтамасыз ету қажет;
шыға берiстерiнде көлiк құралдарының дөңгелектерiн жуу (тазарту) бекеттерi орналастырылады;
құрылыс алаңдарының аумағы және оған іргелес аумақ осы Ережеге сәйкес таза және тәртiпте ұсталуы тиіс;
құрылыс алаңдарының сыртына құрылыс материалдарының, қоқыстардың (синтетикалық пленкалардың, сүректер, жаңқалар, орау материалдары және т.б.) жел болған кезде ұшып шығуына жол бермеу шаралары қарастырылуы тиіс;
жабық астау мен жинағыш-қоймаларды қолданбай қалдықтар мен қоқыстарды ғимарат қабаттарынан тастауға жол берiлмейдi;
ғимараттар мен орын-жайлардың қасбеттерiнде жұмыс жүргiзген кезде осы мақсаттарда қолдануға арналған, қасбетке бекiтiлген немесе орнатылған ағаш құрылымдарына бекiтілген, тордан жасалған торлы қоршау қарастырылуы қажет;
қоршаулардың қисаюы мен салбырауына жол берiлмейдi;
қажет болған жағдайда, жүргiншiлер жолы, төсемдер, таяныштар, айналып өту және уақытша жүру жолдары жасалады және олар қалыпты жағдайда ұсталады.
95. Барлық материалдар мен топырақ тек қоршалған аумақ шегiнде орналастырылады, шығарылған топырақ (құнарлы топырақтан басқа) тез арада қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына немесе уәкiлеттi органның келiсiмiмен басқа учаскелерге шығарылады.
96. Құрылыс жүргiзушi немесе мердiгер тиiстi полигондарға уақытында тұрмыстық және құрылыс қоқыстарын, қар мен мұзды шығару жұмыстарын ұйымдастыру үшiн құрылыс алаңдарын жасауға рұқсат алған кезде осы жұмыс түрлерiн жүргiзуге рұқсат қағаздары бар мамандандырылған кәсiпорындармен шарт жасайды.
97. Құрылыс аяқталғаннан кейiн құрылыс жүргiзушi құрылыс алаңына iргелес аумақтағы, сондай-ақ, уақытша жүруге пайдаланылған, жүргiншiлер өтетiн жерлер, материалдарды қою үшiн уақытша пайдаланылған орын-жайлар аумақтарының бұзылған абаттандыру жұмыстарын, инженерлiк желiлерiн және басқа қажеттiлiктерiн қалпына келтiруге мiндеттi.
11. Жер жұмыстарын жүргізудің,
инженерлiк желiлердi,
орын-жайларды және
коммуникацияларды күтiп,
ұстаудың тәртібі
98. Қала аумағындағы жол төсемдерiнiң, жаяу жолдардың, гүлкестелердің және басқа да нысандардың бұзылуымен байланысты жер жұмыстарын және басқа да жұмыстарды жүргiзетiн барлық заңды және жеке тұлғалар қала әкiмдiгiнiң қаулысымен анықталған тиiстi қалалық қызметтерден жұмыстарды жүргiзуге рұқсат алуға мiндеттi.
99. Шаруашылығында инженерлiк коммуникациялары бар заңды және жеке тұлғалар қаланың абаттандыруын бұзуға әкелiп соғатын инженерлiк желiлер мен орын-жайлардың техникалық жағдайын ұдайы қарап отыруы тиіс, атап айтқанда:
аумақты су басуына және мұздың пайда болуына жол бермеу, берiлген және қорғалатын аймақтардың санитарлық тазалығын бақылау, люктердiң қақпақтары, құдықтар мен камералардың жабындылары, нөсерлiк кәрiздердiң торлары қатты төсеммен бiр деңгейде болуы және түзу қалыпта ұсталуын;
құрастыру Ережелерiн сақтамаған жағдайда, бұзылып қалуы мүмкiн жер асты желiлерiнiң бетiндегi қатты немесе жер топырағының қалпын, қайта жабылуы мен қолданылуын бақылауға, жерүстi инженерлiк коммуникацияларына, құрастырмалар мен құрылғыларға уақытында жөндеу, тазарту және сырлау жұмыстарын уақытында жүргiзу қажет.
100. Жер бетiнiң қатты қабатына күрделi жөндеу немесе жаңғырту жұмыстарын жүргiзген кезде инженерлiк желiлер құдығының люктерiн керектi өлшемдерге жеткiзу жұмыстары жөндеу жұмыстарына тапсырыс беруші есебiнен жүзеге асады.
101. Қала аумақтарынан жер үстi және жер асты суларын әкетуге арналған арықтарды, құбырлар мен сорғытқыларды жинау мен тазарту, нөсерлiк кәрiздердiң коллекторларын, жауын қабылдағыштар құдықтарын тазарту жұмыстары пайдаланушы кәсiпорындармен; аула аумақтарында - пәтер иелерi кооперативтерiмен; жеке меншiк учаскелерде және кәсiпорын аумақтарында – аумақтың иелерiмен жүргізіледі.
12. Апатты жұмыстарды жүргiзу
102. Апат туындаған жағдайда, инженерлiк коммуникациялар мен құрылғылардың иесi, пайдаланушы ұйым апатты және оның салдарын жоюдың жедел шараларын жасауы тиіс. Бұл жағдайда мыналар: адамдар мен көлiк қозғалысының қауiпсiздiгi, сондай-ақ, қатар орналасқан жерасты және жерүстi орын-жайларының, инфрақұрылым нысандарының, жасыл желектердiң сақталуы қамтамасыз етiлуi тиiс.
103. Апаттық бригаданы апат орнына жiберумен қатар пайдаланушы ұйым бір мезетте апаттың сипаты мен орны жайында, осы апат ауданында жерасты және жерүстi құрылғылары бар ұйымдарға, "Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" және "Батыс Қазақстан облысының Ішкі істер департаменті Орал қаласының ішкі істер басқармасы" мемлекеттік мекемелеріне, сондай-ақ басқа да мүдделi қызметтерге хабарлайды.
104. Аймағында жерасты немесе жерүстi коммуникациялары бар заңды және жеке тұлғалар апат туралы хабарды алғаннан кейiн, апат орнына осы жердегi орналасқан мекемеге қарасты құрылғылар мен коммуникацияларды көрсетуге тиісті және өздерiнiң орындалған сызбаларымен бiрге уәкiлдерiн жiберуге міндетті.
105. Апат маңайында материалдарын немесе басқа бағалы заттарын сақтаушы иелері апат жұмыстары басшысының бiрiншi талабы бойынша учаскенi жедел түрде босатады.
106. Егер де апатты жою жұмыстары өтер жолдың толық және жартылай жабылуын қажет еткен жағдайда, "Батыс Қазақстан облысының Ішкі істер департаменті Орал қаласының ішкі істер басқармасы" мемлекеттік мекемесі жолдың уақытша жабылуы туралы, көлiктiң айналып жүру бағыты және зақымдалған желiлердiң иелерімен бiрге зақымның жою мерзiмiн бекiту жөнiнде жедел шешiм қабылдайды.
107. Апат жұмыстары жүргiзiлетiн орын қалқандармен немесе белгiленген үлгiдегi апаттық жарық құрылғысы және үлкен қызыл түстi шамдары бар қорғандармен қоршалады. Көшенiң (магистральдың) жол жағына "Орал қаласының ішкі істер басқармасы" мемлекеттік мекемесінің келiсiмiмен қажеттi жол белгiлерi қойылады.
Жұмыстар толық аяқталғанына дейiн апатты жою жұмыстарына жауап берушi тұлғалар апаттық жарықтандыру, қоршау (қалқан) орнату, жол белгiлерiнiң қойылу жұмыстарына жауап береді.
108. Апат салдарын жою және аумақтың абаттандырылуын қалпына келтiру үшiн апат болған күннен бiр тәулiктен қалдырмай, жер жұмыстарын жүргiзуге рұқсат алуы қажет. Көрсетiлген мерзiмге дейiн жер жұмыстарын жүргiзуге рұқсат қағазын рәсімдемеген жағдайда, қазу жұмыстары рұқсатсыз болып саналады және кәсiпорын қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.
109. Бұзылған жол төсемдерi мен басқа да абаттандыру элементтерiн қалпына келтiру жұмыстары осы кәсiпорынмен апатты жұмыстар аяқталғаннан кейiн тез арада жүзеге асырылады.
110. Жоспарлы жұмыстарды апатты деген сылтаумен жүргiзуге қатаң түрде тыйым салынады.
13. Ғимараттар мен орын-жайлардың
қасбеттерін күтіп, ұстау
111. Ғимараттардың, орын-жайлардың және бизнес нысандарының меншік иелері аталған нысандардың және олардың жекелеген элементтерiне (балкон, лоджия, сарқынды су құбырлары және басқалары) жаңғырту, жөндеу және қасбеттерiн сырлау жұмыстарының жүргiзiлуiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ, қасбеттерiнде орнатылған ақпаратты тақтайшаларды, ескерту тақталарын таза және қалыпты жағдайда ұстауға міндетті.
112. Ғимараттардың, мекемелердің, кеңселердің, дүкендер мен өзге де бизнес нысандарының қасбеттеріне ілінген маңдайшалар мен көрнектер кешкі және түнгі уақыттарда қаланы келбеттендіру және қосымша жарықтандыру үшін ішкі жарық (неондық және сұйық кристалды т.б) элементтерімен жабдықталуы тиіс.
113. Тыйым салынады:
жергілікті атқарушы органның келісімінсіз өз еркiмен ғимараттардың қасбеттерi мен құрастыру элементтерiн қайта жабдықтауға;
сәулеттік элементтерін алдын ала қалпына келтірмей, ғимараттар мен орын-жайлардың қасбеттерін сырлауға;
114. Ғимараттар мен орын-жайлардың меншік иелері оларды қала құрылысы мен жобалау құжаттарына, қала құрылысы нормативтерi мен ережелерi, экологиялық, санитарлық, өртке қарсы және басқа арнайы нормаларға сәйкес қалыпты жағдайда сақтау жұмыстарын жүргiзуге, соның iшiнде оларға жататын ғимараттар мен құрылғылардың қасбеттерiн жөндеу мен жаңғырту жұмыстарын өз есебiнен немесе тартылған қаражат есебiнен жүргiзуi тиіс.
115. Егер де заңды немесе жеке тұлғалардың меншiгiнде шаруашылық жүргiзу құқығында немесе жедел басқаруында жеке тұрғынсыз жайлар немесе тұрғын ғимараттары болған жағдайда, осы тұлғалар ғимараттың алып тұрған ауданына қарай қасбетiн жөндеу, жаңғырту жұмыстарын жүргiзуге үлес қосуы керек.
116. Ғимараттарды, орын-жайларды және құрылғыларды жалға алушылар жалға алу шартына сәйкес ғимараттардың және құрылғылардың қасбеттерiн жөндеу, жаңарту, жаңғырту жұмыстарын жүргiзуге мiндеттеме алады.
117. Сәулет, тарих немесе мәдениет ескерткiштерi болып табылатын ғимараттар мен орын-жайлардың қасбеттерiн жөндеу, жаңарту, жаңғырту жұмыстары Қазақстан Республикасының және Орал қаласы әкімдігінің құқықтық актiлерiмен бекiтiлген, қорғау мiндеттемелерiне сәйкес, "Орал қаласының мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмi" және Орал қаласының сәулет және қала құрылысы бөлiмi" мемлекеттік мекемелерінің келiсiмiмен орындалады.
118. Орал қаласы коммуналдық шаруашылығының уәкiлеттi органы ғимараттар мен құрылғылардың қасбеттерiн жөндеу мен жаңғырту жұмыстарын ұйымдастыру шараларын жыл сайын қабылданатын бюджеттiк бағдарлама негiзiнде атқарады. Ғимараттар мен орын-жайлардың қасбеттерiн жөндеу мен жаңғырту жұмыстарының бағдарламасы Орал қаласы әкiмдiгiнiң қаулысымен бекiтiледi.
119. Ғимараттардың қасбеттерiн сырлау жұмыстары тек қана "Орал қаласының сәулет және қала құрылысы бөлiмi" мемлекеттік мекемесімен берiлетiн колерлiк төлқұжаттармен жүргiзiлуi мүмкiн.
14. Сыртқы жарық пен
бұрқақтарды күтiп
ұстау
120. Орал қаласы коммуналдық шаруашылығының уәкiлеттi органы бекiткен кестеге сәйкес көшелердiң, жолдардың, алаңдардың, жағалаулардың және басқа жарықтандырылатын нысандардың сыртқы жарығын қосу табиғи жарықтық көлемiнiң азаюы кезiнде кешкi ымырт кезiнде 20 люкске дейiн, ал сөнуi - таңғы күңгiртте 10 люкске дейiн берiледi.
121. Алдағы уақытта электр қуатын үнемдейтін шамдарға көшуді іске асыру қажет. Алаңдардағы, магистральдардағы және көшелердегi, аула аумақтарындағы шамдардың жанбауы 5 пайыздан аспауы керек. Металл бағаналары, кронштейндер мен басқа сыртқы жарық құрылғылары мен қыстырма желiлерiнiң элементтерi тазалықта ұсталуы тиіс, тот баспауы және сырлануы керек.
122. Істен шыққан газзарядты шамдар, доғалы сынапты шам (ДСШ), металлдық диодтары бар доғалы шам (ДИШ), доғалы натрийлi (ДНАТ), люминесценттi шамдар осы мақсаттарға арналған арнайы жайларда сақталып, одан әрi қайта өңделуi үшiн арнайы кәсiпорындарға жеткiзiлуi тиіс. Аталған шамдар түрлерiн қалалық полигон аумағына шығаруға тыйым салынады.
123. Электрлi көлiктердiң байланыс желiсiнiң құлап қалған бағаналарын шығару жұмысы негiзгi магистральдарда кешiктiрiлмей баған иесiмен жүргiзiледi; қалған аумақтарда, сондай-ақ, бұзылған бағаналар - тәулiк iшiнде жүргізіледі.
124. Бұрқақтардың жағдайы мен пайдаланылуына жауапкершiлiк пайдаланушы ұйымға жүктеледi.
125. Бұрқақтарды қосу мерзiмi, олардың жұмыс тәртiбi, табақтарын жуу мен тазарту кестесi, техникалық үзiлiстерi мен жұмысының тоқтатылуы Орал қаласы коммуналдық шаруашылығының уәкiлеттi органымен белгiленедi.
126. Бұрқақтардың жұмыс iстеуi кезiнде су бетiн қоқыстардан тазарту жұмыстары күнделiктi орындалады. Пайдаланушы ұйымдар бұрқақтарды сөндiрген кезде де тазалығын сақтауға мiндеттi.
15. Көркемдік безендіру
және жарнама
127. Сыртқы (визуальды) жарнама нысандары және ақпараттары жолдың бөлу жолақтарынан және көгалдандыру аймақтарынан тыс орналастырылады және ішкі жарықтандыру элементтерімен жабдықталады (неонды және басқалар). Орал қаласының шегінде билбордтар орнатуға тыйым салынады. Қала аумағында міндетті түрде европалық стандартқа сәйкес келетін, қазіргі заманғы форматтағы, ішкі жағынан жарықтандырылған және мына көлемдерден аспайтын сити-бордтар, сити-форматтар, лайтбокстар орнатылуы мүмкін:
лайтбокстар (0,75х1,5 м);
сити-формат (1,2х1,8 м);
сити-бордтар (2,7х3,7м), көшенің әрбір жағында әрбір 650-700 метрге 1 құрылымнан аспайтындай орнатылуы мүмкін.
128. Қаланың тарихи сәулеттік келбетін және орталық көшелердегі (Достық-Дружба, Еуразия, Әбілқайыр хан даңғылдары, Құрманғазы, Жәңгір хан, Мәметова, Пугачев, Ықсанов, Московская, Датов, Молдағұлова, Чагано-Набережная көшелері) жасыл желектерді сақтау мақсатында көшенің әрбір жағында әрбір 850-1000 метрге бір құрылымнан аспайтын сити-борд құрылымын орналастыруға рұқсат етіледі.
129. Жарнамалық құрылымды құрғаннан (бұзғаннан) кейін жарнамалық құрылым иесі орналастыру нысаны аумағының абаттандырылуын қайта қалпына келтіруге міндетті.
130. Ғимараттарға, қоршауларға, қалалық жолаушы көлігінің павильондарына, жарықтандыру тіректеріне, ағаштарға қандай да бір хабарландыру, жарнамалар, үгіт-насихат сипатындағы тақтайшалар жапсыруға, ілуге жол берілмейді. Жоғарыда аталған нысандарды өзге орындарға орналастыруға меншік иелерінің және "Орал қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің келісімдерімен рұқсат беріледі.
16. Ережені бұзғаны
үшін жауапкершілік
131. Осы Ережені бұзған заңды және жеке тұлғалар 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексіне және Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
132. Әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдану ереже бұзушыларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтірілген материалдық шығынды өтеуден, осы Ережеде қарастырылған бұзушылықтарды жою мен талаптарды орындаудан босатпайды.
133. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Осы Ережелердің сақталуын бақылау өз құзыреттілігі шеңберінде тиісті мемлекеттік органдармен осы Ережелер ресми жарияланған күннен бастап жүргізіледі.