Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Әділет министрінің 07.06.2016 № 408 бұйрығымен.
«Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 1 қазанындағы № 651 Жарлығының 2-тармағын орындау үшін БҰЙЫРАМЫН:
1. Қазақстан Республикасы әділет органдары мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасының қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Кадр қызметі департаменті осы бұйрықты Қазақстан Республикасы әділет органдары қызметкерлерінің әрқайсысына жеткізуін қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Жауапты хатшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Б. Имашев
Қазақстан Республикасының
Әділет министрінің
2013 жылғы 20 қарашадағы
№ 362 бұйрығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасының әділет органдарының мемлекеттік
қызметшілерінің қызмет этикасының қағидалары
1. Қазақстан Республикасының әділет органдарының мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасының қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 1 қазандағы № 651 «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі туралы» (бұдан әрі – Ар-намыс кодексі) Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Жарлығының 2-тармағына, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына және сәйкес әзірленген (бұдан әрі – Қағида) Жарлығына Заңы және Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңына (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңнама) сәйкес әзірленген.
2. Қағидалар мемлекеттік қызметшілердің және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің және оның аумақтық бөлімшелерінің (бұдан әрі – әділет органдарының мемлекеттік қызметшілері) өздерінің қызметтік міндеттерін орындау барысында, әріптестерімен және азаматтармен өзара қарым-қатынастардағы негізгі мінез-құлық нормаларын анықтайды.
3. Әділет органдарының мемлекеттік қызметшілері өз қызметінде:
1) мемлекеттік қызмет саласында заңдылық қағидатын, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын басшылыққа алуы;
2) адалдық, тәртіптілік, жауапкершілік, белсенділік, бастамашылық танытуы және келіссөздер (кездесулер) барысында басқа адамдарға шыдамдылық, сыпайылық, әдептілік және құрмет танытуы;
3) шыққан тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қатынасына, сеніміне, тұрғылықты жеріне және өзге де мән-жайларға қарамастан, адамның және азаматтың ар-намысын және қадір-қасиетін сыйлауы;
4) Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуі, мемлекеттік және басқа да тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауы;
5) адал, әділ, қарапайым болуы, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауы, азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынаста сыпайылық және әдептілік танытуы;
6) ұжымның стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудегі біртұтастығына ықпал етуі;
7) қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейін және біліктілігін арттыруы;
8) өзінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан негізді сынға себепкер болмауы, сын үшін қудалауға жол бермеуі, орынды сынды кемшіліктерді жою және өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануы;
9) өзінің міндеттерін тиісті орындауы, жұмысын нақты қалыптасқан жағдайды ескерумен ұйымдастыруы және жоспарлауы;
11) жұмыс уақытын тиімді пайдалануы және ұжымдағы басқа мемлекеттік қызметшілердің еңбек міндеттерін орындауына кедергі келтіретін іс-әрекеттерді жасамауы;
12) қызметтік субординацияны сақтауы;
13) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуі, автокөлік құралдарын қоса алғанда, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта пайдалануы;
14) Қазақстан Республикасының, мемлекеттік биліктің және әділет органдарының беделін түсіруге ықпал ететін іс-әрекеттерді жасамауы;
15) өзінің қызметтік міндеттерін атқару барысында іскерлік киім стилін ұстануы;
16) мемлекеттік қызметшілердің өздерінің функциялары мен міндеттерін атқару кезіндегі бастамашылығын қолдау және көтермелеу;
17) мүдделер қақтығысын болдырмау және реттеу бойынша шараларды қабылдауы;
18) осы Қағидалардың талаптарын бұзу фактілеріне қағидатты түрде ден қоюы, айыптының жауапкершілігімен қатар өзінің жеке жауапкершілігі туралы мәселені қоюға дайын болуы тиіс.
4. Әділет органдарының мемлекеттік қызметшілері Ар-намыс кодексінде белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты сақтауы тиіс.
Егер әділет органдарының мемлекеттік қызметшісінің өзінің қызметтік міндеттерін атқару барысында сыбайлас жемқорлықпен ұштасатын немесе сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы дәйекті ақпараты болатын болса, мемлекеттік қызмет саласында және сыбайлас жемқорлықпен күресу туралы заңнамада белгіленген шараларды қабылдауы қажет.
5. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат және қызмет мәселелері туралы өзінің пікірін көпшілік алдында білдірмеуі тиіс, егер ол:
1) мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келмейтін болса;
2) жария етуге рұқсат берілмеген қызметтік құпияны ашатын болса;
3) мемлекеттің лауазымды тұлғаларының, басқару органдарының, басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепке сай емес сөздер қамтылатын болса.
6. Жеке және заңды тұлғалар әділет органдарының мемлекеттік қызметшілеріне жүгінген кезде, оларда әділет органдарының мемлекеттік қызметшілерінің мінез-құлық мәдениеті мен біліктілігі туралы оң пікірдің қалыптасуына ықпал етуі тиіс.
7. Әділет органдарында кадрлық шешімдерді, сондай-ақ мемлекеттік қызмет және еңбек саласындағы Қазақстан Республикасының Заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, протекционизмнің, жекелеген мемлекеттік қызметшілерге жасалатын артықшылық мен жеңілдіктердің кез келген түрін қабылдау кезінде мемлекеттік қызметшілерді кемсітудің кез келген түріне жол берілмейді.
8. Қызметтік уақыттан тыс кезде әділет органдарының мемлекеттік қызметшілері:
1) жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды ұстануы, қоғамға қарсы мінез-құлыққа жол бермеуі;
2) қоғамдық жағымсыз резонанс тудыратын іс-әрекеттерге жол бермеуі, өзінің беделіне нұқсан келтіретін мінез-құлықтан қалыс қалуы;
3) әділет органдарының қызметкері жоғары атағына кір келтіретін кез келген жеке байланыстардан аулақ болуы тиіс.
Қызметтен тыс қарым-қатынастарда әділет органдарының мемлекеттік қызметшілері осы Қағидалардың талаптарын және мемлекеттік қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы сақтауы және әділет органдарының мемлекеттік қызметшісінің беделін, қадір-қасиетін түсіретін немесе оның адалдығына, әділдігіне, объективтiлiгi мен алаламаушылығына күмән туғызатын барлық нәрседен аулақ болуы тиіс.