Ескерту. Күші жойылды - Маңғыстау облыстық мәслихатының 10.12.2015 № 29/434 шешімімен(жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
РҚАО-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
Ескерту. Баптың тақырыбы жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы мәслихатының 30.07.2014 № 18/280 шешімімен.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2001 жылғы 30 қаңтардағы Кодексінің 3-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңының 6-бабының 2-2-тармағына және Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі заңының 21-бабының 4) тармақшасына сәйкес облыстық мәслихат ШЕШІМ ЕТТІ:
1. Осы шешімге қоса беріліп отырған Маңғыстау облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру Қағидасы бекітілсін.
2. «Облыстың қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру ережелері туралы» Маңғыстау облыстық мәслихаттың 2012 жылғы 27 шілдедегі № 5/48 (нормативтік құқықтық актілерді тіркеу Тізілімінде № 2142 болып тіркелген, 2012 жылғы 8 қыркүйектегі № 153 «Маңғыстау» газетінде жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы Р.Борашов
Облыстық
мәслихат хатшысы Б.Жүсіпов
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Өңірлік даму министрі
Б. Жәмішев
10 желтоқсан 2013 ж.
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң
Ветеринариялық бақылау және қадағалау
комитетi Маңғыстау облыстық
аумақтық инспекциясының басшысы
Қ. Мырзатов
10 желтоқсан 2013 ж.
Қазақстан Республикасы Денсаулық
сақтау министрлігі Мемлекеттік
санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау
комитетінің Маңғыстау облысы бойынша
департаментінің директоры
М. Қадыр
10 желтоқсан 2013 ж.
Маңғыстау облысының жер қатынастары
басқармасының басшысы
Е. Дүзмағамбетов
10 желтоқсан 2013 ж.
Маңғыстау облысының құрылыс
басқармасының басшысы
О. Аяпов
10 желтоқсан 2013 ж.
Маңғыстау облысының сәулет
және қала құрылысы
басқармасының басшысы
Н. Жайлау
10 желтоқсан 2013 ж.
Маңғыстау облысының табиғи ресурстар
және табиғатты реттеу басқармасының
басшысы
А. Дулат
10 желтоқсан 2013 ж
Маңғыстау облысының
iшкi iстер департаментiнiң басшысы
Қ. Дәлбеков
10 желтоқсан 2013 ж.
Облыстық мәслихаттың
2013 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 13/ 193 шешімімен бекітілген
Маңғыстау облысының қалалары мен елді мекендерінің
аумақтарын абаттандыру Қағидасы
1. Жалпы ереже
1. Облыстың қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандырудың осы Қағидасы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2001 жылғы 30 қаңтардағы Кодексіне, 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексіне, сондай-ақ, 1997 жылғы 16 сәуірдегі «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй қатынастары туралы», 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдарына және басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді.
2. Қағида қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру саласындағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтық қатынастарын реттейді. Қағида меншік нысанына қарамастан, барлық жеке және заңды тұлғаларға тарайды.
Абаттандыру жөніндегі қызметтерді үйлестіруді және ұйымдастыруды сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
3. Қағиданың мақсаты – абаттандыру тәртібін анықтау, аумақтың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, құрылыс, жер қазу және басқа да жұмыстарды жүргізу кезінде қолданыстағы инфрақұрылымды сақтауды қамтамасыз ету және қалалар мен елді мекендер аумақтарында қалдықтарды жинау, әкету, қайта өңдеу мен кәдеге жарату тәртібін анықтау болып табылады.
2. Осы Қағидада қолданылатын негізгі ұғымдар мен анықтамалар
4. Осы Қағидада келесі негізгі ұғымдар мен анықтамалар қолданылады:
абаттандыру – қалалар мен елді мекендер аумағында адамдардың өмір сүруіне қолайлы, саламатты және ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған элементтер мен жұмыстар кешені;
аула ішіндегі аумақ – балалар, спорт, кір жаю, контейнер алаңдарын, автомобиль қоятын орындарды жабдықтау, шағын сәулеттік нысандар мен сәндік имараттарды, кіреберіс және аулаға кірме жолдар орнатуға арналған, белгіленген тәртіпте бөлінген жерлер;
аумақты тазарту – аумақты жинау, тұрмыс қалдықтарды, қоқыстарды, қарды, мұздақтарды жинау, әкету және кәдеге жарату (залалсыздандыру);
бей-берекет сауда – жергілікті атқарушы орган белгілеген орындардан тыс жерлерде және мүдделі мемлекеттік органдардың келісімінсіз, заңды және жеке тұлғалардың өнеркәсіптік және азық-түлік тауарларымен жүзеге асыратын саудасы;
бекітілген (жапсарлас) аумақ – заңды немесе жеке тұлғалардың пайдалануындағы, сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті орган тіркеп, тазалауға және абаттандыруға бөлінген, аумаққа іргелес жер учаскесі;
бөлінген аумақ – алаңы, шекарасы, құқықтық мәртебесі қала құрылысы құжаттамасында және Мемлекеттік жер кадастрында қамтылған өзге де сипаттамалары бар, заңнамамен белгіленген құқықта заңды және жеке тұлғаларға берілген елді мекен аумағының бөлігі;
жағалаулық аймағы – су қорғау аймағы мен белдеуі кіретін аумақ;
ортақ пайдаланудағы жерлер – демалысқа арналған аумақтар (алаңдар, саябақтар, скверлер, бульварлар, жағалаулар, жағажайлар), алаңдар, көлік аялдамасы алаңдары;
коммуналдық қалдықтар – елдi мекендерде, оның iшiнде адамның тiршiлiк әрекетi нәтижесiнде түзілген тұтыну қалдықтары, сондай-ақ құрамы мен түзілу сипаты жағынан осыларға ұқсас өндiрiс қалдықтары;
көше – өтетін бөліктері, жаяу жүргінші жолдары, жасыл екпелер мен жерасты және жерүсті инженерлік желілері бар қалалық немесе селолық аумақ;
қалалық (селолық) инфрақұрылым – адамдардың тіршілік әрекетіне қалыпты жағдайлар жасауға арналған қала (село) аумағында орналасқан, коммуникациялар мен инженерлік желілер және коммуналдық қамтамасыз етудің әр түрлі бағыттағы объектілерінің жиынтығы;
қалдықтарды сақтау – қалдықтарды кейiннен кәдеге жарату, қайта өңдеу және (немесе) жою үшін арнайы белгіленген орындарда жинап қою;
қатты тұрмыстық қалдықтар (бұдан әрі – ҚТҚ) – қатты нысандағы коммуналдық қалдықтар;
ірі көлемді қалдық (бұдан әрі – ІКҚ) – өзінің тұтыну қасиеттерін жоғалтқан, құрылыс, шаруашылық қызметінің қалдықтары (арматура, блоктар, тұрмыстық техника, жиһаз);
қолмен тазалау – аумақты кіші механикалық құралдарды қолдану арқылы қолмен тазалау;
ҚТҚ, ІКҚ жинау және шығарып әкету – қатты тұрмыстық қалдықтарды контейнерлерден арнайы автокөлiктерге тиеу, контейнер алаңдарын және оларға кiретiн жолдарды шашылған қоқыстардан тазарту және оларды қоқыс жинау орнынан кәдеге жарату нысанына тасымалдаумен байланысты шаралар кешені;
инженерлік желілер мен имараттар, байланыс – тұрғындар мен кәсіпорындарды жылумен, сумен, электр энергиясымен, байланыспен қамтамасыз етуге, сондай-ақ қала (елді мекен) аумағының жер үсті суларын жинауға және бұруға арналған инженерлік қамтамасыз етудің аса маңызды элементтері;
құрылыс салынбаған аумақ – қандай да болмасын құрылыс немесе имарат жоқ аумақ;
механикалық тазалау – аумақты мамандандырылған тазарту техникасымен тазалау;
өндіріс және тұтыну қалдықтары (бұдан әрі – қалдықтар) – шикізаттың, материалдардың, жартылай фабрикаттардың, өзге де бұйымдар мен өнімдердің өндіріс және тұтыну процесінде түзілген, сондай-ақ өзінің тұтыну қасиеттерін жоғалтқан тауарлар (өнім);
санитарлық тазалау – қалдықтарды жинау, жою, залалсыздандыру, кәдеге жарату және көму жүйесі;
тазалағыш техника – елді-мекендер аумақтарын тазалауға арналған мамандандырылған техника;
уәкілетті орган – тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, қоршаған ортаны қорғау, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі салаларындағы мемлекеттік органдар, ішкі істер органдары, ветеринарлық қадағалау органдары;
үй іргесіндегі учаске – онда тұрғын жайлар мен аулада құрылыстары орналасқан бөлінген аумақ;
шағын сәулеттік нысандар – көлемі жағынан кішкене әсемдік, сондай-ақ іске жарамды сипаттағы объектілер: мүсіндер, бұрқақтар, стеллалар, оймабедерлер, гүл құмыралары, тутұғырлар, павильондар, дүңгіршектер, сауда арбалары, телефон және сауда автоматтары, аттракциондар, қоршаулар, қоқыс жәшіктері, көшелер, үйлер мен жарнамалар, пошта жәшіктері және басқалар.
3. Аумақтарды абаттандырудың, күтіп ұстаудың және
инфрақұрылым объектілерін қорғаудың негізгі қағидаттары
5. Жеке және заңды тұлғалардың жобалық, құрылыс, шаруашылық қызметтері тек қана қолданыстағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, жер қатынастары және қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнама нормалары мен осы Қағиданы сақтауға негізделеді.
6. Жеке және заңды тұлғалар аумақты абаттандыру, ондағы жасыл екпелерді сақтаудың қажетті шараларын алады, аумақтарды күтіп ұстау тәртібін бұзуға әкеп соғатын заңсыз әрекеттерге немесе әрекетсіздіктерге тыйым салынады.
7. Аумақтарда құрылыс салу тек қана елді мекеннің бас жоспарына сәйкес жүргізіледі. Ортақ пайдаланудағы жерлер, үй іргесіндегі аумақ, көгалдың, жасыл екпенің, құрылыстардың сәулет келбетін нашарлататын күрделі де, сонымен бірге уақытша мақсаттағы да құрылыстарды салуға жатпайды.
4. Аумақтарды күтіп ұстау мен тазартудың жалпы тәртібі
8. Кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар, пәтер иелерінің кооперативтері, кондоминиумдер, орын-жайларды иеленуші немесе оларды жалдаушы жеке тұлғалар, азаматтар өз күшімен немесе басқа кәсіпорындарды тарту арқылы:
1) бөлінген және бекітілген аумақта тазартуды, тұрмыстық қалдықтарды шығарып әкетуді жүргізеді, арналмаған орындарда қоқыстың, оның ішінде ірі көлемдісін және қалдықтардың тасталуы мен жинап қойылуына және оның ұзақ сақталуына тыйым салынады;
2) ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін, қоршауларды, кiру есiктерiн, балкондар мен лоджияларды, су ағатын құбырларын, шағын сәулет нысандарын жөндеу және бояу, әкімшілік және өндірістік ғимараттардың әйнектерін, витриналары мен терезелерін жуу, көгалдар мен жасыл екпелерді күтіп ұстау бойынша жұмыстарын уақытылы жүргiзеді, уақытылы арам шөптерден тазартады;
3) азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін белгіленген тәртіпте тиісті құжаттарды ресімдегеннен кейін ғана жер астында ғимараттар салу, қайта құру және жөндеу кезінде топырақты қазып алу, құрылыс кезінде нөлдiк топтама жасауға байланысты жұмыстарды жүргізуді ұйымдастырады. Тиісті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін ғана жұмыстар аяқталған деп танылады;
4) іргелес жатқан аумақта ағаштар, бұталар отырғызады, гүлзарларды безендіреді, көктемгі-күзгі кезең ішінде оларға тұрақты күтімді қамтамасыз етеді және қысқы кезеңде жасыл екпелердің сақталуын қамтамасыз етеді;
5) санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды сақтайды;
6) тұрғын үй нысандары, ұйымдар, мекемелер аумағында санитарлық орларды ұйымдастырмайынша, аула қондырғыларын, қазылған шұңқырларды, септиктер мен қоқыс тастау алаңдарын салмайды және қайта жабдықтамайды;
7) жеке тұрғын үй құрылысы аудандарында қатты тұрмыстық қалдықтардан кемінде аптасына екі рет жоспарлы-жүйелі тазалауды жүргізеді.
9. Шағынаудандар ішінде, тұрғын кварталдардың және жеке тұрғын үй салынған іргелес аумақта мынадай талаптар сақталады:
1) көтермелердің, жаяужолдардың, жүргіншілер жолының, орамішілік кіреберістері мен жолдарының төсемдерін қалыпты жағдайда күтіп ұстау;
2) шағын сәулет нысандарын, спорт, балалар, ойын және шаруашылық алаңдарының жабдықтарын, қоршаулар мен шарбақтарды қалыпты жағдайда күтіп ұстау, олардың сыртқы түрін таза қалпында ұстау;
3) түрлi шаруашылық немесе қосалқы құрылыстарды (гараждар, контейнерлер, сарайлар, қосалқы орындар мен басқа да құрылыс түрлерін) өз бетімен салуға және тұрғызуға тыйым салынады. Өз бетімен тұрғызылған осы тектес құрылыстар бұзылуға жатқызылады;
4) кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың, сонымен қатар жеке үй иеліктерінде ішкі аумақтарында қоқыстарды, қатты тұрмыс қалдықтарды, өндіріс қалдықтарын, ыдыстарды, жапырақтарды, ағаш үгінділерін өртеуге, от жағуға тыйым салынады;
5) тұрғын кварталдар ішінде, тұрғын үйлер подьездерінің алдында және ортақ пайдаланудағы жерлерде, адамдардың жаппай демалу орындарында және жеке иеліктегі үйлер аумағының аула сыртында көлік құралдарын жууға, тазалауға, жөндеуге тыйым салынады;
6) осы мақсаттар үшін бөлінген тұрақтардан басқа, тұрғын үйлер подьездерінің алдында және ғимараттардың қасбеті алдындағы аумақтарда автомобильдердің уақытша тұрағына тыйым салынады;
7) аула аумағының өту жолдарында арнайы автокөліктің өтуіне кедергі келтіретін аула аумақтарының өтпежолдарында бағандарды, блоктарды және өзге де аумақ қоршауларын тұрғызуға және орнатуға, сондай-ақ осы мақсаттар үшін арнайы бөлінген орындардан басқа, олардың тұратын жеріне қарамастан, бөлшектенген көлік құралдарының тұрағына тыйым салынады;
8) ғимараттардың қабырғаларына, қоршауларға өз бетімен жазулар мен графикалық бейнелерді салуға және абаттандыру, сәулет элементтерін және сомдалған - сәндік өнер нысандарын өзгертуге тыйым салынады;
9) жануарлардың өлекселерін шығарып әкету иелерінің күшімен, ал қараусыз қалған жануарлардың өлекселерін шығарып әкету – аумақтарды тазалаумен айналысатын ұйымдардың күшімен жүргізілуге тиіс.
10. Жасыл екпелер және инженерлік коммуникациялар орналасқан ортақ пайдаланудағы жерлерде, сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауындағы жағажайда:
1) құрылыс материалдарын, топырақты, отындарды, көмiрдi және өзге де сусымалы материалдар мен жүктерді жинақтауға;
2) көгалдарды, гүлзарларды, ағаш діңінің түптерін ластауға, сондай-ақ қағаз, целлофан, қағазды қапшықтар, қабық, шиша, құты және т.б. түрлі ұсақ қоқыстарды қоқыс жәшігінен тыс жерге тастауға;
3) көгалдармен жүруге, ағаштарға, бұталарға механикалық зақым келтiруге;
4) ортақ пайдаланудағы құралдар мен жабдықтарды – бақтағы отырғыштарды, қоқыс жәшіктерін, қоршауларды, көгал шарбақтарын, шағын сәулет нысандарын бүлдіруге;
5) автокөлікті қоятын жерлер мен тұрақтарды ұйымдастыруға;
6) жабдықталған орындардан басқа жерде мал союға және оның ұшасын бөлшектеуге, от жағуға және отта тағам әзірлеуге, сондай-ақ басқа да өртке қарсы және санитарлық нормаларды бұзуға;
7) өсіп тұрған ағаштарға, сондай-ақ балалардың ойын алаңдары мен спорт алаңдарына жіп керіп, кір жаюға тыйым салынады.
11. Жергілікті атқарушы органдар белгілегеннен тыс жерлерге, оның ішінде тұрғын үй ғимараттарының, әкімшілік және өндірістік үй-жайлардың есіктеріне, қабырғаларына, автобус аялдамаларына, дүңгіршек қабырғаларына, электр желісі тартылған тіректер мен бағандарға хабарландыруларды, жарқағаздарды, баспа үгіт материалдарын, хабарламалар мен өзге де көрнекі ақпарат объектілерін орнатуға, жапсыруға тыйым салынады.
Аталған өнімді жеке меншік иеліктегі ғимараттарда ғимараттар мен имараттардың эстетикалық сыртқы келбеті мен сәулеттік дизайнын бұзбайтын жағдайда меншік иесінің келісімімен ілуге тыйым салынбайды.
12. Баспа үгіт материалдарын шашып тастауға тыйым салынады.
13. Облыс қалалары мен елді мекендерінің аумағында тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында:
1) көшелерді, алаңдарды, саябақтар мен басқа да қоғамдық орындарды ластауға, көрсетілген аумақтарды жануарлар нәжістерімен ластауға тыйым салынады;
2) тұрмыстық және құрылыс қоқыстарын, өндіріс қалдықтарын, ыдыстарды, құтыларды, ағаш жоңқаларын, жапырақтарды, қарды лақтыруға, оның ішінде ғимараттардың терезесінен, қозғалыстағы және қойылған көлік құралдарынан лақтыруға;
3) көшелерге, қоғамдық аулаларға, гүлзарларға, демалыс аймақтарына және ортақ пайдаланудағы басқа да жерлерге үй құстарын босатып жіберуге және мал жаюға;
4) көшелерге, аула аумақтарына сұйық қалдықтарды төгуге;
5) бей-берекет сауда-саттық жүргізуге тыйым салынады.
14. Жолдарды ластауға тыйым салынады. Брезентпен немесе басқа да материалдармен жаппай топырақты, қоқыстарды, сусымалы құрылыс материалдарын, жеңіл ыдыстарды, жапырақтарды, ағаш үгінділерін тасымалдауға тыйым салынады.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату елді мекеннің қатты тұрмыстық қалдықтар зауытында, полигонында жүргізіледі.
Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын жайғастыру және ұстау санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 14 - тармаққа өзгерістер енгізілді - Маңғыстау облысы мәслихатының 30.07.2014 № 18/280(жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
5. Көшелердің өту жолдарын тазарту
15. Көшелердің оның барлық ені бойынша өту жолдарының бөліктерін, алаңдарды, жолдарды және жол желілерін, тұрақ «қалталарын», автобустың соңғы бағыттарының тұратын-айналу жолдарын күтіп ұстау мен тазалауды тиісті уәкілетті органмен жасалған мемлекеттік сатып алу шарты негізінде мердігер-кәсіпорындар жүргізеді.
16. Көшелер мен алаңдардың өту жолдарының бөліктерін механикаландырылған тазарту жоспарлы түрде таңертеңнен, сондай-ақ қажеттілікке қарай күні бойына қайталана жүргізіледі.
17. Жол төсемдерін қоқыстан, ластанудан, қардан үзіліссіз технологиялық тазартуды қамтамасыз ету мақсатында магистральді көшелер бойымен көпшілік болатын орындарда күн сайын сағат 23:00-ден 7:00-ге дейін автокөлік құралдарын қоюға тыйым салынады, тыйым салуда тиісті жол белгілерін қою белгіленеді. Түнгі мезгілде тазарту жұмыстарын жүргізу кезінде қатты шудың алдын алу шаралары қолданылуға тиіс.
18. Жол төсемдерін, осьтік жолақтарды, жол жиектемелерін, көшелер мен жол өткелдерін сыпыру уәкілетті орган бекіткен кестеге сәйкес жол төсемдерін алдын ала ылғалдау арқылы жүзеге асырылады. Қоқысты өтетін жол бөлігіне шығаруға тыйым салынады.
19. Бөлу жолақтарының көгалды бөлігін тазалау, қоршаулар мен жолды абаттандырудың өзге де элементтерін күтіп ұстау жергілікті бюджет есебінен немесе осылар балансында тұрған кәсіпорындар жүзеге асырады.
6. Ортақ пайдаланудағы аумақтарды, жүргіншілер жолын, өтетін жолдарды тазарту
20. «Магистральді жолдар бойына орналасқан немесе олардан көгал арқылы бөлінген тротуарларды, сондай-ақ жағалауға іргелес тротуарларды тазартуды аумақты абаттандыру, тазалау және күтіп-ұстау паспорттарына сәйкес тротуарларды күтіп-ұстауға жауапты немесе аталған жұмыстарды конкурста жеңіп алған жеке және заңды тұлғалар жүргізеді.
Ескерту. 20 - тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы мәслихатының 11.12.2014 № 21/329 (жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
21. Саябақтар, скверлер, бульварлар, жағажайлар, қауымдар, соның iшiнде оларда орналасқан тротуарлар, жаяу жүргінші аймақтары, сатылық құрылымдарды қамтитын ортақ пайдалану аумақтарын тазалауды аталған аумақтар бекiтiлген субъектiлер және осы аумақтар қызмет көрсетуде және пайдалануда тұрған ұйымдар жүргізеді.
22. Жолаушылар көлігінің аялдама алаңдарын тазалауды облыстың қалалары мен елді мекендерін санитарлық тазалауды жүзеге асыратын кәсіпорындар жүргізеді. Қоғамдық көлік аялдамасы жерлеріне қоқыс жәшігін орнату міндетті. Қоқыс жәшігін тазалау олардың толуына қарай жүргізіледі. Аялдама алаңдарында сауда нүктелері, дүңгіршектер орналасқан жерлерде тазартуды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган белгілеген радиуста аталған сауда нүктелерінің немесе дүңгіршектердің иелері осылардың ұдайы қанағаттанарлық күтіп ұсталуын қамтамасыз ететін көлемде жүргізеді.
23. Шағын аудандар ішіндегі тұрғын үйлер маңындағы тротуарларды тазартуды пәтер иелерінің кооперативтері немесе кондоминиумды басқару органдары жүргізеді.
24. Ортақ пайдаланудағы жерлерге қоқыс жәшіктері орнатылады. Қоқыс жәшіктері ара қашықтығы адам көп жүретін көшелерде 40 метрден және адам аз жүретін көшелерде 100 метрден аспайтын болып көздестіріледі.
25. Құрылыс және басқа да қалдықтарды жинау жергілікті атқарушы орган айқындаған арнайы белгіленген жерлерде – полигондарда жүзеге асырылады.
7. Басқа аумақтарды күтіп ұстау және тазарту
26. Жарнама құрылғысынан радиусы бес метрге дейінгі жеке тұрған жарнама объектілеріне іргелес жатқан аумақтарды тазартуды меншік иелері не болмаса меншік иесімен шарт бойынша тазалауды жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдар атқарады.
27. Жанар-жағар май құю стансасының, автожуу стансалары мен бекеттерінің, басқа да май құю кешендерінің аумақтары мен іргелес жатқан аумақтарын (өтетін жол бөлігіне дейін) және оларға кірме жолдарды тазартуды уәкілетті орган бекітіп берген аумақта сәйкес объектілердің иелері жүзеге асырады.
28. Уақытша нарықтық сауда-саттық орындарын (базарлар, сауда павильондары, сату үстелі, ұяшықтар, шатырлар, дүңгіршектер) тазартуды он метрге дейінгі радиустегі және көшелердің өтпелі жол бөлігіне дейін көрсетілген объектілердің иелері атқарады. Осы объектілердің жанына көгалдарға, шатырлар мен дүңгіршектердің төбесіне кез келген ыдыстарды немесе босалқы тауарларды үюге тыйым салынады.
29. Ақылы автотұрақтардың, аялдайтын орындардың, гараждардың аумақтарын тазартуды, осылардың иелері немесе осы объектілерді пайдаланушы ұйымдар жүргізеді.
30. Аулаішілік балалар, спорт, шаруашылық алаңдарын тазартуды пәтер иелерінің кооперативтері немесе кондоминиумды басқару органдары жүргізеді.
31. Трансформаторларға немесе бөліп бергіш шағын станцияларға, автоматты режимде жұмыс істейтін басқа инженерлік орын-жайларға қызмет көрсететін құрамсыз, сондай-ақ жоғары вольтті электр тарату желілерінің тіректеріне іргелес жатқан аумақтарды тазартуды осы объектілердің иелері жүргізеді.
32. Құрылыстарды сүріп тастағаннан, құрылыс, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін аумақтар сол күні немесе келесі күні тазартылады. Құрылыс және жөндеу жұмыстары біткеннен кейін құрылыс қоршаулары мен ағаштарын он күннен астам сақтауға тыйым салынады.
Ор қазу және басқа да қирату түрлері кезінде жолдың өтпелі бөлігінің жабындысын осы жұмыстарды жүргізген ұйымдар жөндеу жұмыстарын аяқтаған соң қайта қалпына келтіруге тиіс.
Жеке үйлердің иелері жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде барлық құрылыс және көмекші материалдарын аулаларына жинайды. Құмды, қиыршақ тасты, топырақты, құрылыс және жол блоктарын аула аумақтарынан тыс жерге, әсіресе көшенің өтпелі жағына шығатын жерлерге сақтауына тыйым салынады. Уақытша әкелінген көрсетілген материалдар бір тәуліктің ішінде жиналып алынады.
33. Жағажайлардың, демалыс аймақтарының, көпшілік серуендеу орындарының аумақтары жобаларда белгіленген тәртіпте бекітілгеніне сәйкес абаттандырылуға тиіс және:
1) ара қашықтықтығы бір-бірінен 40 метрден аспайтындай орналасқан қоқыс жәшіктері болуға;
2) 800 шаршы метрге шаққанда бір контейнерден қоқыс жинағыштар, жағажайларда – шешінетін орындар болуға;
3) жағажайларда – қолайлы және санитарлық-эпидемиологиялық жағынан қолайлы ара қашықтықта қоғамдық әжетханалар болуға тиісті;
4) жағажайлардың, көпшілік қыдыратын орындардың аумақтарын тазартуды белгілеген тәртіпте осыларға бекітілген ұйымдар атқарады. Бұл ретте негізгі тазалау көпшіліктің шомылуы аяқталған соң кешкі мезгілде атқарылады, ал күні бойы патрульдік тазалау жүргізіледі, демалу орындарында қоқыстардың немесе қалдықтардың жиналуына жол берілмейді.
34. Жағажай аумағында арнайы автокөліктерден басқа көліктердің тұрағына тыйым салынады. Автомобильдер тұрақ үшін арнайы бөлінген орындарда орналасады.
35. Ортақ пайдаланудағы демалыс аймағының, жағажайдың аумағына белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес қоғамдық тамақтану мен ұсақ бөлшек сауда нүктелерін орналастыруға рұқсат етіледі.
36. Жағажайлардағы және демалыс орындарындағы сауда нүктелерінің аумақтарын тазартуды сауда ұйымдары күні бойына міндетті түрде қоқысты тасып шығару арқылы жүргізеді.
37. Стадиондарды, спорт алаңдарын күтіп ұстауды және тазартуды осылардың иелерінің немесе баланс ұстаушыларының техникалық персоналы жүзеге асырады.
38. Ортақ пайдаланудағы демалыс аймағы аумағында сағат 23.00-ден кейін қатты музыка және өзге де шулы дыбыстарды пайдалануға тыйым салынады.
8. Қысқы кезеңде аумақтарды тазарту
39. Жолдар, тротуарлар, аула аумақтары мен кіру жолдары қардан, мұзғалақтан жабындыға дейін тазартылуға тиіс. Мұзғалақ (тайғақ) пайда болған кезде оған құм себу немесе өзге де тиісті материалдармен өңдеу жүргізіледі.
40. Жолдар мен аула аумақтарында тазартылған қар автокөлік пен жаяу жүргіншінің еркін өтуіне бөгет жасамайтын жерлерге жиналуға тиіс.
41. Ғимараттардың, құрылыстардың және имараттардың меншік иелері шатырдағы мұздақтан және сүңгілерден уақытылы тазартуды қамтамасыз етеді. Жаяу жүгіншілер жағындағы ғимараттың шатырын тазарту жұмыстары жедел түрде, пайда болған кезде, қатерлі учаскені қоршау арқылы жүргізілуі керек. Мұз сынығын, қарды және қоқысты су ағатын арнаға, жасыл екпелер алаңына, тротуарларға, көгалға тастауға тыйым салынады. Қарды шығарып әкету жергілікті атқарушы орган белгілеген жерлерде жүзеге асырылады.
9. Ақылы автотұрақтар мен гараж кооперативтерін орналастыру
мен абаттандыру
42. Жеке иеліктегі жеңіл автомобильдердің гараждарын, ашық күзетілетін автотұрақтарды, автокөліктің уақытша тұрақтарын (ақылы және тегін) орналастыру қолданыстағы экологиялық, санитарлық және қала құрылысы нормалары мен ережелеріне, белгіленген тәртіпте әзірленген және келісілген жобалау құжаттарына сәйкес жүргізіледі.
43. Ұйымдар, кәсіпорындар мен мекемелер, сауда және қоғамдық тамақтандыру объектілері, демалыс және көпшілік болатын жерлер келушілерге арналған тегін көлік қою орнымен жабдықталуға тиіс.
44. Гараж қоғамдарының (тұтыну кооперативтері) аумақтарын абаттандыру және осыларды күтіп ұстау көрсетілген қоғамдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
45. Автотұрақтардың қатты төсемі, қоршауы, күзетуге арналған жайы мен сыртқы жарығы болуы қажет. Автомобильдерді қоятын орындардың үстіне жеңіл құрылымдардан қалқандар салуға тыйым салынбайды.
46. Иелері өзіне бекітіліп берілген автотұрақтардың, гараждардың, іргелес аумақтардың, гараждардың шатырларын тиісті дәрежеде санитарлық және өртке қарсы жай-күйде қалыпты ұстауы тиіс.
10. Ұсақ бөлшек саудаға арналған уақытша құрылғыларды орнату
және күтіп ұстау
47. Ұсақ бөлшек сауда объектілерін (павильондарды) орнату қолданыстағы нормалар мен ережелерге сәйкес жүзеге асырылады. Осылардың орналасуы өтпелі жолға, жаяу жүргінші аймағына, тротуарларға шығып кетпеуі тиіс. Ресми тіркелген базарлардың аумағынан тыс ұяшықтардан, қол арбадан, уақытша ыңғайлы құрылғыдан, әсіресе, жерде сауда жасауға тыйым салынады.
48. Ұсақ бөлшек сауда объектілерін сәулеттік, сәндік түрлі-түсті безендіру кейіннен осыларды жөндеу, сырлау, сыртқы келбеті мен түрлі түсті шешімін сақтау сәулет және қала құрылысы бөлімімен келісіледі. Осындай сауда объектілерінің сыртқы келбеті эстетикаға сай болуға, тыйым салынатын жарнамалар мазмұндалмауға тиіс.
49. Қолға алып жүретін уақытша ұяшықтар азаматтар үшін қолайлы және олардың жүріс-тұрысына бөгет келтірмейтін, сәулет және қала құрылысы бөлімімен келісілген жерлерде орналастырылады.
11. Шағын сәулеттік нысандарды күтіп ұстау
50. Тұрғын үй құрылысының аумақтары, қоғамдық аймақтар, гүлзарлар, көшелер, саябақтар және демалысқа арналған алаңдар шағын сәулеттік нысандармен жабдықталады.
51. Стационарлық және мобильдік шағын сәулеттік нысандарды орналастыру аумақтарды абаттандыру жоспарларына сәйкес анықталады.
52. Қоғамдық құрылыстардың, алаңдардың, көшелердің, гүлзарлар мен саябақтардың, жағалаулардың және демалыстың басқа да аумақтарына арналған шағын сәулеттік нысандар жеке дара және типтік үлгі-жобалар бойынша дайындалады.
53. Құрылыс салынып жатқан учаске шекарасындағы жаңа құрылыс салу кезінде шағын сәулеттік нысандарды дайындау және орнатуды бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаларға сәйкес тапсырыс беруші жүзеге асырады.
54. Шағын сәулеттік нысандардың сындарлы шешімдері осыларды пайдалану кезінде беріктігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.
55. Шағын сәулеттік нысандардың иелері – заңды және жеке тұлғалар өз қаражаты есебінен бұлардың күтіп ұсталуын, ауыстырылуын, жөнделуін және сырлануын қамтамасыз етеді.
12. Әкімшілік және өзге де ғимараттар мен имараттардың, тұрғын
үйлердің қасбеттерін күтіп ұстау
56. Меншігінде ғимараттар мен имараттары бар кәсіпорындардың және мекемелердің басшылары, ғимараттар мен имараттардың меншік иелері осылардың қасбеттерін және қоршаулардың жекелеген элементтерін (балкондар, лоджиялар, су ағатын құбырлар) қалпына келтіру, жөндеу және сырлау бойынша жұмыстардың уақытылы жүргізілуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ ғимараттардың қасбеттеріне орнатылған ақпараттық тақталарды, мемориалдық және ескерткіш тақталарды таза әрі жарамды күйінде қалыпты ұстайды.
57. Дүкендер мен кеңселердің көше жағына шығатын витриналары жарықпен безендірілген болуға тиіс.
58. Өз еркімен ғимараттардың қасбеттерін және олардың үйлесілімдік элементтерін қайтадан жабдықтауға тыйым салынады.
59. Сәулет, тарих және мәдениет ескерткіштері болып табылатын ғимараттар мен имараттарды жөндеу, калпына келтіру және реконструкциялау қорғау міндеттемелеріне сәйкес мәдениет саласындағы уәкілетті органмен және сәулет және қала құрылысы бөлімімен келісімі бойынша жүргізіледі.
60. Алдын ала сәулеттік бөліктерді қалпына келтірмей ғимараттар мен имараттардың қасбеттерін, сондай-ақ табиғи немесе жасанды тастармен қапталған қасбеттерді сырлауға тыйым салынады.
61. Ғимараттар қасбеттерінің күтіп ұстау, олардың сырлануы, бұзылған сәулеттік бөліктерінің қалпына келтірілуі, көп пәтерлі тұрғын үйлер есіктерінің тұтастығының жауапкершілігі пәтер иелерінің кооперативтері немесе кондоминиумды басқару органдарына жүктеледі.
62. Тұрғын үй қорының объектілерін абаттандыру:
1) ғимараттарды, шаруашылық және тұрмыстық салымдар мен имараттарды техникалық жарамды күйде күтіп ұстауды;
2) сыртқы келбеті (қасбеттер) қала құрылысы және сәулеттік нормаларына сәйкес болуын;
3) ғимараттың кіреберісінде жарықтандыру шырақтарының (шамдардың), қоқыс жинауға арналарған жәшіктердің және орындықтардың болуын;
4) көп пәтерлі үйлердің кіреберістерінің есіктерінде пәтерлердің нөмірлері бар тақталардың болуын;
5) кіреберістегі кірер есіктердің жарамды жағдайда болуын;
6) балкондардың, лоджиялардың, мансардтардың өртке қарсы және санитарлық қауіпсіздік нормаларына сәйкес күтіп ұсталуын қамтиды.
63. Көп пәтерлі тұрғын үйлерде:
1) тұрғын үй-жайларын көшеге шығатын жапсарлас құрылыс салып, шығатын бөлек есік және алаңы бар саты түріндегі жапсарлас құрылыс салып өзгертуге;
2) көтеріп тұрған конструкциялардың тұтастығын бұзатын, оның ішінде лоджиялар мен балкондарды тұрғын үй-жайларына қайта жабдықтау арқылы пәтерді өзгертуге;
3) лоджиялар мен балкондарды ғимараттың жалпы сәулеттік келбетін бұзатындай етіп әйнектеуге тыйым салынады.
64. Жеке түрғын үй иелері:
1) өзінің үй-жай учаскелерін тиісті дәрежедегі санитарлық жай-күйде күтіп ұстайды, құрылыс қалдықтарының, қураған шөптердің және өрт қаупін туғызуы мүмкін басқа да қоқыстардың жинақталуына жол бермейді;
2) тиісті уәкілетті органның келісімі бойынша белгіленген ара қашықтықтағы іргелес аумақта ұдайы тазарту жүргізеді;
3) көшелердің, шағынауданның аумақтарын абаттандырудың жалпы жоспарын есепке ала отырып және тиісті уәкілетті органның келісімі бойынша аула аумақтары мен олардың маңайындағы учаскелерді көгалдандырады.
65. Көп пәтерлі, сонымен бірге жеке тұрғын үйлерде сағат 23.00-ден бастап 6.00-ге дейінгі кезеңде тыныштықты бұзатын шулы дыбыстарды пайдалану арқылы іс-шаралар өткізуге тыйым салынады.
13. Сыртқы жарықтандыруды күтіп ұстау
66. Елді мекендердің аумақтарын жарықтандыру сыртқы жарықтандыруды орнатумен қамтамасыз етіледі, оларға мыналар жатады:
1) электрмен жабдықтау құрылғылары, қоректендіргіш желілер, қоректендіру пункттері, тарату желілері;
2) электр желілерін қорғау және жерге тұйықтау құрылғылары;
3) электр желілерін басқару құрылғылары;
4) кронштейндер, трос ілгіштер.
67. Тіректер, жаяу жүргінші жолдарынан тыс техникалық құжаттамамен белгіленген жерлерде орналастырылады.
68. Ғимараттардың алдындағы тар өткелдер, тротуарлар мен алаңдар ғимараттардың қабырғаларына олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайында орнатылған шырақтармен жарықтандырылуы мүмкін.
69. Сыртқы жарықтандыру қондырғыларын күтіп ұстау мен қызмет көрсету мынадай іс-шараларды қамтиды:
1) шамдарды уақытылы ауыстыруды және істен шыққан жарық түсіргішті таратуларды, жарықтандырғыштарды тазалауды, жарықтандыру деңгейін өлшеуді қоса алғанда, сыртқы жарықтандыру құрылғыларының белгіленген параметрлерінің техникалық жарамды күйінде ұстау;
2) сыртқы жарықтандыру құрылғыларының жұмыс режимін қамтамасыз ету, жергілікті атқарушы орган бекіткен кесте бойынша уақытылы қосылуын бақылау, жарамсыздарын ішінара немесе толық ажырату, зақымданғандарын анықтау және уақытылы жою;
3) коррозияларды жою, металдан жасалған тіректерін, кронштейндері мен сыртқы жарықтандырудың басқа да элементтерін мезгіл-мезгіл сырлау;
4) электр тарту желілері мен сыртқы жарықтандыру аспаптарының зақымдануына қауіп төнген жағдайда, ағаштарды уақытылы кесу;
5) бекітілген нормалар мен тәртіпке сәйкес істен шыққан люменесцентті және сынап құрамды шамдарды уақытылы жойып отыру;
6) иелерінің негізгі магистральдардағы жарықтандыру мен байланыс желілерінің құлаған тіректерін және қалған аумақтағы бөлшектенгенін 12 сағат ішінде дереу тасып әкетуі.
70. Кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелердің, сауда және ойын-сауық орындарының иелері белгіленген тәртіпте жергілікті атқарушы орган анықтаған режимде өздерінің ғимараттарын және іргелес аумақтарының іркіліссіз жарықтандырылуын қамтамасыз етеді.
14. Облыстың қалалары мен елді мекендерінің аумағында жер
пайдаланушы заңды және жеке тұлғалар мен жөндеу және құрылыс жұмыстарын жүргізетін адамдардың міндеттері
71. Жер пайдаланушы заңды және жеке тұлғалар:
1) қолданыстағы санитарлық және экологиялық нормаларға сәйкес бөлінген және бекітілген аумақтарды, инженерлік желілер мен олардың элементтерін – құдықтарды, қақпақтарды, торларды, тіреулерді, сорғы станцияларды, трансформаторлық қосалқы станцияларды тиісті дәрежедегі күйде күтіп ұстайды;
2) қоқысты, қатты тұрмыс қалдықтарын уақытылы шығарып әкетуді және осылардың тиісті жерлерде көмуді қамтамасыз етеді;
3) қажет болған жағдайда егеуқұйрықтарды, тышқандарды, тарақандарды, шыбындарды жою мақсатында өз аумағында дезинфекция және дератизация жүргізеді.
72. Жөндеу және құрылыс ұйымдары бекітілген аймақтарында тиісті жұмыстарын орындау кезінде мынадай талаптарды сақтайды:
1) жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін құрылыс алаңын ені кемінде бір метр қорғаныш кемері бар, биіктігі кемінде екі метр болатын тұтас ауламен қоршайды;
2) қол жетімді жерге объектінің көрнекті паспортын және ондағы тапсырыс берушінің жауапты адамдарының және жүргізетілетін жұмыстардың орындаушының байланыс телефондарын орналастырылады;
3) жұмыс жүргізілетін кезеңде іргелес аумақты жинайды, оның ішінде зақымдаудан болған жолдарды тегістейді және ластардан тазартады;
4) құрылыс материалдарын олардың шаңдануына тыйым салынатындай етіп сақтайды;
5) жергілікті атқарушы органдар белгілеген тиісті полигондарға құрылыс, ірі көлемді қоқыстарды және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарып әкету мен көмуді қамтамасыз етеді.
73. Аумақтарды ескірген және тозған құрылыстардан тазарту бойынша жұмыстарды орындау заңнамамен белгіленген тәртіпте барлық заңды негізделген қорытындыларды алғаннан кейін жүзеге асырылады.
74. Құрылысты монтаждау немесе бұзу аяқталғаннан кейін құрылыс қалдықтары мен қоқысты қатты қалдықтар полигонына шығарылып әкетіледі, ал босаған учаскілер қайта қалпына келтіруге жатады.
15. Елді мекендер аумақтарын абаттандырудың, санитарлық күтіп ұстаудың, тазартуды ұйымдастырудың жай-күйін бақылау жөніндегі уәкілетті органдар
75. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес осы Ережелердің сақталуына бақылауды өз құзыреті шектерінде ішкі істер органдары, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары, объектілерді салу сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органдары жүзеге асырады.
16. Қағиданы бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғалардың
жауапкершілігі
76. Осы Қағиданың бұзылуына кінәлі жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдану бұзушыларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оларды келтірген материалдық зияндарын орнын толтыру және тыйым салынбаған бұзушылықтарын жою міндеттерінен босатпайды.