«Нормативтік құқықтық актілер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 43-1-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. «Орталық сараптау-тексеру комиссиясы және орталық мемлекеттік және арнайы мемлекеттік мұрағаттардың сараптау-тексеру комиссиялары туралы ережелерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат Министрінің 2011 жылғы 16 қарашадағы № 348 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7343 болып тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінде 2012 жылғы 20 қазандағы № 689-693 (27765) жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Орталық сараптау-тексеру комиссиясы туралы ережесінде:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Орталық сараптау-тексеру комиссиясы (бұдан әрі - ОСТК Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт (бұдан әрі - Министрлік жанындағы құжаттардың құндылығына сараптама жасайтын және оларды Ұлттық мұрағат қорының құрамына енгізуге (шығаруға) байланысты ғылыми-әдістемелік мәселелерді қарастыратын, сонымен қатар, оның толықтыру көздерін белгілеуді жүзеге асыратын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.»;
3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«3. ОСТК құрамы Министрдің бұйрығымен бекітіледі.
4. ОСТК құрамына: төраға, төрағаның орынбасары, хатшы және Министрліктің, мемлекеттік, арнайы мемлекеттік, орталық және жергілікті атқарушы органдардың мамандарынан, ғылым, оқу ұйымдардың өкілдері ОСТК мүшелері болып кіреді;
1) ОСТК төрағасы болып Министрліктің жетекшілік ететін вице-министрі табылады.
ОСТК төрағасының орынбасары Департаменттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының құрамынан тағайындалады;
2) ОСТК хатшысы Департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің қатарынан тағайындалады, ОСТК қарастырылатын мәселелерді дайындауды қамтамасыз етеді.»;
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Мұрағат ісі және құжаттама департаменті ОСТК жұмыс органы болып табылады.».
13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«13. ОСТК шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға ОСТК мүшелерінің жалпы санынан көпшілік дауыс берілсе, қабылданған болып есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешім қабылданған болып есептеледі. ОСТК мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, егер оны білдірсе, ол ОСТК хаттамасына қосымша ретінде жазбаша түрде берілуі қажет.
ОСТК шешімдері Министр бекіткен хаттамамен рәсімделеді.»
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мұрағаттық іс және құжаттама департаменті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде бекітілген заңнамаға сәйкес мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуінен кейін он күнтізбелік күннің ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялау үшін жолдауды;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Министр А. Мұхамедиұлы