Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы әкімдігінің 21.04.2023 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
РҚАО ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқасының пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
"Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағы 24-6) тармақшасына сәйкес, Алматы облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидасы бекітілсін.
2. "Алматы облысының білім басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулының аумақтық әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, оның бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын және Алматы облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналасуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Бахтияр Әлтайұлы Өнербаевқа жүктелсін.
4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі | А. Баталов |
Облыс әкімдігінің 2015 жылғы "06" ақпандағы № 61 қаулысымен бекітілген |
Орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағида"Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы, 2-тармағы 24-6) тармақшасына сәйкес әзірленді және Алматы облысының Орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің (бұдан әрі – Психологиялық қызмет)жұмысын реттейді.
2. Психологиялық қызмет көрсету Қазақстан Республикасының Конституциясы, "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы, Бала құқықтары туралы конвенция, сондай-ақ осы Қағида шеңберінде жүзеге асырылады.
3. Психологиялық қызмет орта білім беру ұйымдарының құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
4. Психологиялық қызметтің құрылымы білім беру ұйымдарының тұрпатына, түріне және қажеттілігіне және педагог-психологтар штатының бірлік санына қарай айқындалады.
5. Психологиялық қызметтің құжаттамасы:
1) орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмысын ұйымдастыру қағидаларын;
2) білім беру ұйымының басшысымен бекітілген Психологиялық қызметтің күнтізбелік жұмыс жоспарын;
3) психологиялық диагностикалау бағдарламаларын (бұдан әрі - психодиагностикалау), психологиялық тренингтерді, аталған білім беру ұйымдарының басшылары бекіткен дамыту және түзету жұмыстарын;
4) білім саласындағы уәкілетті органмен бекітілген психологиялық сабақтардың, тренингтердің және басқа да жұмыс түрлерінің әдістемелік әзірлемелерін;
5) психодиагностикалық әдістемелердің дерекқоры мен тізбесін;
6) білім алушылардың психологиялық дамуының жеке карталарын; топтық психологиялық портреттерін;
7) психологиялық тексерудің нәтижелері, қорытындылары мен ұсынымдарын;
8) білім беру ұйымы басшысының мөрімен бекітілген Психологиялық қызметтің жұмыс түрлерін (психодиагностикалар, дамыту, түзету, ағартушылық, сараптамалық, әдістемелік жұмыстарды, жеке және топтық консультация беру, психологиялық қызметке сұраныс беру) есепке алуды тіркеу журналын;
9) белгіленген кезеңдерге (тоқсан, жартыжылдық, бір жыл) берілетін Психологиялық қызметтің жұмысы туралы талдамалық есептерді қамтиды.
6. Психологиялық қызметтің жұмыс қорытындысы жергілікті білім беру органдары бекіткен білім беру ұйымдарының есептік құжаттамаларында қамтылады.
2. Орта білім беру ұйымдарындағы Психологиялық қызметтің мақсаттары мен міндеттері
7. Психологиялық қызметтің мақсаты – білім беру ұйымдарында білім алушылардың психологиялық денсаулығын сақтау, қолайлы әлеуметтік-психологиялық жағдай жасау және білім беру үдерісіне қатысушыларға психологиялық қолдау көрсету.
8. Психологиялық қызметтің міндеттері:
1) білім алушылардың тұлғалық және зияткерлік дамуына ықпал ету, өзін-өзі тәрбиелеу және өзін-өзі дамыту қабілетін қалыптастыру;
2) білім алушыларға ақпараттық қоғамның жылдам дамуы жағдайында олардың табысты әлеуметтенуіне психологиялық тұрғыдан жәрдем көрсету;
3) білім алушылардың тұлғасын психологиялық-педагогикалық зерделеу негізінде әрбір білім алушыға жеке тұрғыдан ықпал ету;
4) психологиялық диагностиканы жүргізу және білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту;
5) психологиялық қиыншылықтар мен білім алушылардың проблемаларын шешу бойынша психологиялық түзету жұмыстарын жүзеге асыру;
6) психологиялық проблемаларды шешуде және оқу-тәрбие жұмыстарының қолайлы әдістерін таңдауда ата-аналар мен педагогтерге консультациялық көмек көрсету;
7) білім беру үдерісі қатысушыларының психологиялық-педагогикалық құзыреттілігін көтеру.
9. Психологиялық қызмет психодиагностикалық, консультациялық, ағартушылық-профилактикалық, түзету-дамытушылық және әлеуметтік-диспетчерлік бағытта жүзеге асырады.
10. Психодиагностикалық бағыттар:
1) білім алушыларды психологиялық диагностикалау;
2) білім алушылардың бейімделуі, дамуы мен әлеуметтенуі мақсатында оларды кешенді психологиялық тексеру;
3) білім алушылардың қабілеттілігі, қызығушылығы мен икемділігін психологиялық диагностикалау;
4) психологиялық диагностиканың қорытындысы бойынша тұжырымдар мен ұсыныстарды дайындауды қамтиды.
11. Консультациялық бағыттар:
1) білім алушыларға, ата-аналар мен педагогтерге олардың сұранысы бойынша консультация беру;
2) білім алушыларға, ата-аналар мен педагогтерге жеке тұлғалық, кәсіптік өзін-өзі айқындау проблемалары және қоршаған ортамен өзара қарым-қатынастар бойынша жеке және топпен консультация жүргізу;
3) күйзелістік, жанжалдық, қатты эмоционалды күйзеліс жағдайда болып табылатын білім алушыларға психологиялық қолдау көрсету;
4) тұлғааралық және топаралық жанжалдарды шешуде делдалдық жұмыстарды ұйымдастыруды қамтиды.
12. Ағартушылық-профилактикалық бағыттар:
1) білім алушылар мен педагогтердің өзін-өзі айқындауына, кәсіптік өсуіне ықпал ету;
2) білім алушылардың бейәлеуметтік психологиялық әрекеттің алдын алу;
3) педагогтерді аттестаттауды әлеуметтік-психологиялық қолдау;
4) әдістемелік бірлестіктер мен педагогикалық кеңестің және медициналық-психологиялық-педагогикалық консилиумдарының жұмысына ықпал етуді қамтиды.
13. Түзету-дамытушылық бағыттар:
1) жеке тұлғалық өсуге тренингтер өткізу;
2) білім алушылар мен педагогтердің тұлғалық, зияткерлік, эмоционалды-жігерлік, шығармашылық даму үйлесімділігі бойынша психологиялық түзету және дамыту сабақтарын ұйымдастыру;
3) жанжалдық тұлғааралық қатынастарды түзетуді қамтиды.
14. Әлеуметтік-диспетчерлік бағыттар:
1) педагог-психологтың және кең көлемде талап етілетін мамандардың кәсіптік құзыреттілігі, функционалдық міндеттері шеңберінен шығатын проблемаларды шешу бойынша (дефектологтарға, логопедтерге, тифлопедагогтарға және тағы басқаларға) аралас-мамандармен жүзеге асыру;
2) әлеуметтік-медициналық-психологиялық қызметтер туралы дерекқорын қалыптастыру;
3) аралас-мамандармен және шұғыл жағдайда көмек көрсету бойынша мүдделі органдармен өзара іс-қимыл нәтижелерінің мониторингін жүргізуді қамтиды.
15. Психологиялық қызмет жеке және топтық форматта білім алушыларға және педагог қызметкерлерге жұмыстың диагоностикалық, дамытушылық, түзету және профилактикалық түрлері кешенін жүргізу үшін жекелеген ғимараттарға орналасқан және қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген педагог-психолог кабинеті базасында жұмыс істеуді қамтиды.
16. Психологиялық қызметтің жұмысын облыстық білім басқармасы, ал аймақтық деңгейді аудандық, қалалық білім бөлімдері үйлестіреді.
17. Психологиялық қызметтің жұмысы педагогикалық және медициналық қызметкерлермен, оның ішінде денсаулық сақтау жүйесімен, қамқоршылық және қорғаншылық органдарымен, ата-аналар қоғамымен тығыз байланыста жүзеге асырылатын болады.
18. Психологиялық қызмет педагог-психологтардың әдістемелік бірлестігі, психологиялық орталықтар және білім бөлімдерінің әдістемелік кабинеттерімен өзара әрекеттеседі.
19. Педагог-психолог өз қызметінде:
1) осы Қағиданы басшылыққа алады;
2) өзінің кәсіби құзыреттілігі және біліктілік талаптары шеңберінде шешім қабылдайды;
3) жалпы психологияны, педагогикалық психология мен жалпы педагогиканы, жеке тұлға психологиясы және дифференциалды психология, балалар және жас ерекшеліктік психология, әлеуметтік психология, медициналық психологияны, психодиагностика, психологиялық консультация беруді және әлеуметтік, практикалық және жас ерекшеліктік психология саласындағы психологиялық ғылымның жаңа жетістіктерін білуі қажет;
4) диагностикалық, дамытушылық, әлеуметтік-психологиялық, психологиялық түзету және консультативтік-профилактикалық жұмыстардың ғылыми-негізделген әдістемелерін қолданады;
5) белсенді оқыту, әлеуметтік-психологиялық тренинг байланыс әдістерін, жеке және топтық консультациялар берудің, білім алушылардың қалыпты дамуының диагностикасы мен түзетудің заманауи әдістерін қолданады;
6) барлық оқу кезеңінде білім алушының жеке-психологиялық ерекшелектерінің психологиялық диагностикасын жоспарлайды;
7) білім алушылардың тұлғалық қалыптасуындағы және дамуындағы ақаулықты анықтайды;
8) білім алушыларға, педагогтерге, ата-аналарға жеке, кәсіптік және басқа да мәселелерді шешуде психологиялық көмек және қолдау көрсетеді;
9) күйзелістік, жанжалдық, қатты эмоционалды күйзелістік жағдайда болып табылатын педагогтерге, білім алушыларға психологиялық көмек және қолдау көрсетуді жүзеге асырады;
10) білім алушылардың бейәлеуметтік әрекеттерінің алдын алады және оларды уақытылы түзетуді жүзеге асырады;
11) өзінің кәсіптік құзыреттілігін және біліктілігін арттырады;
12) тиісті кәсіби даярлығы жоқ адамдардың білім беру ұйымдарында психологиялық диагностика, психологиялық түзету жұмыстарын жүргізуге жол бермейді;
13) білім беру ұйымдарында әлеуметтік саласын үйлестіруді қалыптастыру және әлеуметтік бейімсіздіктің туындауының алдын алу бойынша іс-шараларды жүзеге асырады;
14) зерттеу жұмыстарының материалдары бойынша психологиялық-педагогикалық қорытынды жасайды;
15) дамыту және түзету бағдарламаларын жоспарлауға және әзірлеуге қатысады;
16) білім алушылар, тәрбиеленушілер, педагогикалық қызметкерлер мен ата-аналар (оларды алмастыратын тұлғалар) арасында психологиялық мәдениетті қалыптастырады;
17) балалар,білім алушылар, ата-аналар және педагогтармен психодиагностикалық, консультациялық, ағартушылық-профилиактикалық, түзету-дамытушылық және әлеуметтік-диспетчерлік жұмыстардың нысандары мен әдістерін таңдайды;
18) оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру бойынша құжаттамалармен, білім алушылардың және педагогтердің жеке істерімен танысады;
19) түзету және дамытушылық бағдарламаларын және психологиялық жұмыстың жаңа әдісін жасауды талқылауға қатысады;
20) жоғары оқу орындарының психология кафедраларымен және тәжірибелі психологтар қауымдастықтарымен байланысты қолдайды;
21) Психологиялық қызметтің жұмысын жақсарту мәселесі бойынша білім беру органдарына ұсыныспен шығады;
22) пәндік кафедралардың және медициналық-психологиялық-педагогикалық консилиумның, педагогикалық және әдістемелік Кеңестің жұмысына қатысады;
20. Білім беру ұйымдарының педагог-психологының "Психология және педагогика" мамандығы бойынша жоғары білімі немесе "Практикалық психология" мамандығы бойынша қайта даярлаудың арнайы факультетінде алынған қосымша білімімен педагогикалық білімінің, "Психология" қосымша мамандығымен жоғары педагогикалық білімі болу керек.
21. Лауазымдық жалақы, еңбек демалысының ұзақтығы, тарификацияланған педагогикалық жүктеме "Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің Үлгілік штаттарын және педагогикалық қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы" 2008 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 77 қаулысына сәйкес белгіленеді.
22. Педагог-психолог:
1) психологиялық диагностикалау нәтижелерінің нақтылығын, пайдаланылған диагностикалық және түзетушілік әдістердің барабарлығын, ұсынымдар мен қорытындылар негізділігін, психологиялық ақпараттың құпиялылығын;
2) Психологиялық қызметтің есепке алу-есеп беру құжаттамаларының жүргізілуін және сақталуын;
3) кәсіптік психологиялық этиканың сақталуын;
4) Психологиялық қызметтің жұмысына берілген материалды-техникалық құралдардың сақталуын қамтамасыз етеді.
23. Педагог-психолог әкімшілік бағыт бойынша білім беру ұйымының басшысына, кәсіптік бағыты бойынша – аудандық (қалалық) бөлімдеріне және облыстық білім басқармасында психологиялық қызметтің жұмысына жетекшілік ететін маманға бағынады.
3. Қорытынды ереже
24. Білім беру ұйымының басшысы Психологиялық қызметтің жұмысын қамтамасыз етеді.