Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Ұйғыр ауданы әкімдігінің 04.09.2018 № 412 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
"Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 8) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы" 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Ұйғыр ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Ұйғыр ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. "Ұйғыр ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы Қоқымдиев Болат Байғазыұлына осы қаулыны әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған интернет-ресурста және аудан әкімдігінің интернет-ресурсында жариялау жүктелсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Бекмұханбетов Құралбек Ахметбайұлына жүктелсін.
4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудан әкімі | А. Тохтасунов |
Ұйғыр ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 2 маусымдағы "Ұйғыр ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы № 06-110 қаулысымен бекітілген қосымша |
"Ұйғыр ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже
1. Жалпы ережелер
1. "Ұйғыр ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Бөлім) Алматы облысы Ұйғыр ауданының аумағындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ветеринария саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Бөлімнің ведомстволары жоқ.
3., Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Бөлім ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Бөлім егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Бөлім басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Бөлімнің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 041800, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылы, К. Исламов көшесі, № 70.
10. Мемлекеттік органның толық атауы - "Ұйғыр ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі.
11. Осы Ереже Бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.
12. Бөлімнің қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
13. Бөлімге кәсіпкерлік субъектілерімен Бөлімнің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Бөлімге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
14. Бөлімнің миссиясы: Алматы облысы Ұйғыр ауданының аумағында ветеринария саласындағы мемлекеттiк басқару функцияларын іске асыру.
15. Міндеттері:
1) жануарларды аурулардан қорғау және емдеу;
2) халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау;
3) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
4) Ұйғыр ауданының аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелiнуi мен таралуынан қорғау;
5) жеке және заңды тұлғалар ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыруы кезiнде қоршаған ортаны ластаудың алдын алу және оны жою.
16. Функциялары:
1) қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастыру;
2) ветеринария мәселелері бойынша халықтың арасында ағарту жұмыстарын ұйымдастыру;
3) жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты алып қоймай залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және қайта өңдеу;
4) Алматы облысы Ұйғыр ауданының аумағында жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын сақтауын мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
5) эпизоотия ошақтары пайда болған жағдайда оларды зерттеп-қарауды жүргізу;
6) эпизоотологиялық зерттеп-қарау актісін беру;
7) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуы тұрғысынан мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды:
ішкі сауда объектілерінде;
жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарда (импортпен және экспортпен байланыстыларды қоспағанда);
ветеринариялық препараттар өндіруді қоспағанда, ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын адамдарда;
экспортын (импортын) және транзитін қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау (орнын ауыстыру), тиеу, түсіру кезінде;
экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, жануарлар ауруларының қоздырушыларын тарататын факторлар болуы мүмкін көлік құралдарының барлық түрлерінде, ыдыстың, буып-түю материалдарының барлық түрлері бойынша;
тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруттары өтетін, мал айдалатын жолдарда, маршруттарда, мал жайылымдары мен суаттардың аумақтарында;
экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді өсіретін, сақтайтын, өңдейтін, өткізетін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың аумақтарында, өндірістік үй-жайларында және қызметіне жүзеге асыру;
8) мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды), орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді күтіп-ұстауға, өсіруге, пайдалануға, өндіруге, дайындауға (союға), сақтауға, қайта өңдеу мен өткізуге байланысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру кезінде, сондай-ақ оларды тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде зоогигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың сақталуына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
9) жеке және заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау актісін жасау;
10) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жануарлардың энзоотиялық аурулары бойынша ветеринариялық іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
11) уәкілетті орган бекітетін тізбе бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларының, сондай-ақ жануарлардың басқа да ауруларының профилактикасы, биологиялық материал сынамаларын алу және оларды диагностикалау үшін жеткізу бойынша ветеринариялық іс-шаралардың жүргізілуін ұйымдастыру;
12) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорды жүргізу бойынша іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
13) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу үшін бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға қажеттілікті айқындау және облыстың жергілікті атқарушы органына ақпарат беру;
14) ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жинақтау, талдау және оларды облыстың жергілікті атқарушы органына ұсыну;
15) облыстың жергілікті атқарушы органына жануарлардың жұқпалы және жұқпалы емес ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жөнінде ұсыныстар енгізу;
16) облыстың жергілікті атқарушы органына профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізбесі жөнінде ұсыныстар енгізу;
17) бюджет қаражаты есебінен сатып алынған ветеринариялық препараттарды сақтауды ұйымдастыру;
18) ауру жануарларды санитариялық союды ұйымдастыру;
19) Қазақстан Республикасының заңнамасымен Бөлімге жүктелетін өзге де функцияларды жүзеге асыру.
17. Құқықтары мен міндеттері:
1) мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан өз қызметіне қажетті ақпаратты сұрату және алу;
2) өзінің құзыреті шегінде шешімдер қабылдау;
3) жоғары тұрған органдардың тапсырмаларын орындау;
4) Бөлімнің құзыретіне жататын аудан әкімінің, әкімдігінің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын дайындау;
5) Бөлімнің мүдделерін барлық құзыретті, мемлекеттік, әкімшілік органдарда, мекемелерде, ұйымдарда, сондай-ақ сот және құқық қорғау органдарында білдіру;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде басқа да құқықтарды және міндеттерді жүзеге асыру.
3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру
18. Бөлімде басшылықты Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
19. Бөлімнің бірінші басшысын Ұйғыр ауданының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
20. Бөлімнің бірінші басшысының орынбасарлары жоқ.
21. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттігі:
1) Бөлім қызметкерлерінің міндеттері мен өкiлеттiктерiн өз құзыреті шегінде анықтайды;
2) Бөлімнің қызметкерлерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және босатады;
3) Бөлімнің қызметкерлерін заңнамада белгіленген тәртіппен ынталандырады және тәртіптік жазалар қолданады;
4) өз құзыреті шегінде Бөлімнің қызметкерлері, Бөлімнің қарамағындағы ұйымдары орындауға міндетті бұйрықтар, нұсқаулықтар шығарады;
5) мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда өз құзыреті шегінде Бөлімнің мүддесін білдіреді;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Бөлімнің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
4. Мемлекеттік органның мүлкі
22. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
23. Бөлімге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Бөлім, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
25. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Бөлімнің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:
Ұйғыр ауданы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Ветеринарлық станциясы селолық окруктеріндегі ветеринарлық пунктерімен" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны.