"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса берілген "Қызылорда облысының ветеринариялық бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
2. "Қызылорда облысының ветеринариялық бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылорда облысы әкімінің орынбасары С.С. Қожаниязовқа жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қызылорда облысының әкімі | Қ. Көшербаев |
Қызылорда облысы әкімдігінің 2015 жылғы "27" қаңтардағы № 832 қаулысымен бекітілген |
"Қызылорда облысының ветеринариялық бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі
1. Жалпы ережелер
1. "Қызылорда облысының ветеринариялық бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Қызылорда облысының ветеринария саласында басшылықты жүзеге асыратын жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік орган болып табылады.2. Басқарманың құрылтайшысы Қызылорда облысының әкімдігі болып табылады. Басқармаға қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын "Қызылорда облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.
3. Басқарма өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ, осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма мемлекеттiк мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Басқарма өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.
8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекiтiледi.
9. Заңды тұлғаның тұрған жерi: индексі 120003, Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Бейбарыс сұлтан көшесі, құрылыс 1.
10. Мемлекеттік органның толық атауы – "Қызылорда облысының ветеринариялық бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
12. Басқарманың қызметiн қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.
13. Басқармаға кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Басқарманың функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актiлермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер мемлекеттік бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.
2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
14. Басқарманың миссиясы: ветеринария саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.15. Міндеттері:
1) жануарларды аурулардан қорғау және емдеу;
2) халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау;
3) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
4) Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелiнуi мен таралуынан қорғау;
5) ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының қауiпсiздiгi мен сапасын бақылау;
6) жануарлар аурулары диагностикасының, оларға қарсы күрестің және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құралдары мен әдістерін әзірлеу және пайдалану;
7) жеке және заңды тұлғалардың ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыруы кезiнде қоршаған ортаны ластаудың алдын алу және оны жою;
8) ветеринария ғылымын дамыту, ветеринария саласындағы мамандарды, ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларды даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру.
16. Функциялары:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен берлесе отырып, халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауды ұйымдастыру және өзара ақпарат алмасуды жүзеге асыру;
2) ветеринария саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
3) облыстың аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда, тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша карантинді немесе шектеу iс-шараларын белгілеу туралы шешімдер қабылдау;
4) осы облыстың аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда пайда болған жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөнінде ветеринариялық іс-шаралар кешені жүргізілгеннен кейін тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша шектеу іс-шараларын немесе карантинді тоқтату туралы шешімдер қабылдау;
5) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес жануарлардан алынатын өнім мен шикізатқа ветеринариялық-санитариялық сараптаманы лицензиялау;
6) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аумақты аймақтарға бөлу туралы шешім шығару;
7) уәкілетті органмен келісім бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарын бекіту;
8) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
9) ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қоспағанда, жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасына арналған ветеринариялық препараттарды сақтауды, оларды аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына тасымалдауды (жеткізуді) ұйымдастыру;
10) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) және атрибуттарды тасымалдау (жеткізу), ветеринариялық паспортты дайындау жөнінде көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру;
11) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға қажеттілікті айқындау және процессингтік орталыққа ақпарат беру;
12) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордың жүргізілуін ұйымдастыру;
13) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға есептік нөмірлер беру;
14) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын сақтауына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
15) эпизоотия ошақтары пайда болған жағдайда оларды зерттеп-қарауды жүргізу;
16) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың орындалуын мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
17) эпизоотологиялық зерттеп-қарау актісін беру;
18) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының сақталуы тұрғысынан мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды:
ішкі сауда объектілерінде;
жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарда (импортпен және экспортпен байланыстыларды қоспағанда);
ветеринариялық препараттар өндіруді қоспағанда, ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларда;
экспортын (импортын) және транзитін қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау (орнын ауыстыру), тиеу, түсіру кезінде;
экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, жануарлар ауруларының қоздырушыларын тарататын факторлар болуы мүмкін көлік құралдарының барлық түрлерінде, ыдыстың, буып-түю материалдарының барлық түрлері бойынша;
тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруттары өтетін, мал айдалатын жолдарда, маршруттарда, мал жайылымдары мен суаттардың аумақтарында;
экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді өсіретін, сақтайтын, қайта өңдейтін, өткізетін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың аумақтарында, өндірістік үй-жайларында және қызметіне жүзеге асыру;
19) мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды), орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді күтіп-ұстауға, өсіруге, пайдалануға, өндіруге, дайындауға (союға), сақтауға, қайта өңдеу мен өткізуге байланысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру кезінде, сондай-ақ оларды тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде зоогигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың сақталуына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
20) жеке және заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау актісін жасау;
21) ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жинақтау, талдау және оларды уәкілетті органға ұсыну;
22) жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасына арналған ветеринариялық препараттарды, олардың профилактикасы мен диагностикасы жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, оларды сақтауды және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына тасымалдауды (жеткізуді) ұйымдастыру;
23) уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларының, сондай-ақ жануарлардың энзоотиялық және басқа да ауруларының профилактикасы, биологиялық материал сынамаларын алу және оларды диагностикалау үшін жеткізу бойынша ветеринариялық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;
24) ветеринария мәселелері бойынша халықтың арасында ағарту жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;
25) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөнiндегі іс-шаралар жүргізуді ұйымдастыру;
26) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдайтын мемлекеттік комиссияларға қатысу;
27) профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізбесін бекіту;
28) ветеринариялық препараттар мен жемшөп қоспаларын өндірумен, өткізілетін (тасымалданатын) объектілердің импортымен, экспортымен, транзитімен байланысты қызметті қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарын орындау жөніндегі қызметін бақылау және қадағалау;
29) республикалық қорды қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар бойынша сатып алынған ветеринариялық препараттарды бөлуді, олардың сақталуын, тасымалдануын (жеткізілуін) және пайдаланылуын бақылау және қадағалау;
30) ветеринарлық есепке алу мен есептілікті жүргізу және оларды Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсыну;
31) ветеринарлық іс-шаралардың орындалуын бақылау және қадағалау;
32) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерінің қауіпсіздігін, ветеринариялық-санитариялық жағдайды бақылауды және қадағалауды; жануарлар ауруларының пайда болуы мен таралуы және жануарлардың азықтан улануы себептері мен жағдайларын айқындау және анықтау;
33) ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендірудің жүргізілуін бақылау және қадағалау;
34) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарау;
35) облыстың жергілікті өкілді органына бекіту үшін жануарларды асырау қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын, жануарларды асыраудың санитариялық аймақтарының шекараларын белгілеу жөнінде ұсыныстар енгізу.
17. Құқықтары мен міндеттері:
1) егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға;
2) белгіленген заңнамаға сәйкес ветеринариялық-санитариялық нормативтер мен талаптарды бұзған жағдайда ветеринария саласында кәсіпкерлік қызмет атқарушы заңды және жеке тұлғалардың лицензияларын тоқтату немесе қайтып алу туралы шешім шығаруға;
3) аудан, қала әкімдіктерінің ветеринария саласы бойынша қызметін үйлестіруге;
4) белгіленген тәртіпте эпизоотияға қарсы төтенше жағдай комиссиясын құру туралы ұсыныс шығаруға;
5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резерві есебінен және шұғыл шығындарға арналған резервінің есебінен іс-шаралар өткізуге;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру
18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.19. Басқарманың бірінші басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
20. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.
21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
1) Басқарманың бірінші басшысы облыстың бас мемлекеттік мал дәрігері болып табылады;
2) өз қызметін жүзеге асыру кезінде облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына есеп береді;
3) орынбасарының және бөлім басшыларының міндеттері мен өкілеттіліктерін анықтайды;
4) қызметкерлерді қызметке тағайындайды және босатады;
5) заңнамада белгіленген тәртіппен қызметкерлерді ынталандыруды жүзеге асырады;
6) заңнамада белгіленген тәртіппен қызметкерлерге тәртіптік жаза қолданады;
7) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік және қаржы құжаттарына қол қояды;
8) бөлімдердің ережелерін бекітеді;
9) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда сенімхатсыз Басқарманың мүддесін білдіреді;
10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шараларды қолданады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қолданбағаны үшін дербес жауапкершілікте болады;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттілікті жүзеге асырады.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
22. Бірінші басшы өз орынбасарының өкілеттігін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
23. Басқарма аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын Басқарма басшысы басқарады.
24. Басқарманың жұмыс режимі:
дүйсенбі – жұма күндері сағат 9.00-ден 19.00-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 15.00-ге дейін, демалыс күндері: сенбі – жексенбі.
4. Басқарманың мүлкi
25. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.Басқарманың мүлкi оған меншік иесі берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
26. Басқармаға бекiтiлген мүлiк облыстық коммуналдық меншiкке жатады.
27. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
28. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.Таратылған жағдайда Басқарманың мүлкiн пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.