Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 28.12.2018 № 1299 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы және "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңдарына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қызылорда облысының ветеринариялық бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің атауы "Қызылорда облысының ветеринария басқармасы" мемлекеттік мекемесі болып қайта аталсын (бұдан әрі − мемлекеттік мекеме).
2. Қоса берілген мемлекеттік мекеменің Ережесі бекітілсін.
Ескерту. 2-тармақ күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 19.05.2016 № 461 қаулысымен (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
3. "Қызылорда облысының ветеринариялық бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" Қызылорда облысы әкімдігінің 2015 жылғы 27 қаңтардағы № 832 қаулысының күші жойылсын деп танылсын (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 4857 нөмірімен тіркелген, 2015 жылғы 6 ақпандағы облыстық "Сыр бойы" және "Кызылординские вести" газеттерінде жарияланған).
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылорда облысы әкімінің орынбасары С.С. Қожаниязовқа жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қызылорда облысы | |
әкімінің міндетін атқарушы | Н. Годунова |
Қызылорда облысы әкімдігінің 2015жылғы "27" қарашадағы № 232 қаулысымен бекітілген |
"Қызылорда облысының ветеринария басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі
1. Жалпы ережелер
Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 19.05.2016 № 461 қаулысымен (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
1. "Қызылорда облысының ветеринария басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Қызылорда облысының ветеринария саласында басшылықты жүзеге асыратын жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік орган болып табылады.
2. Басқарманың құрылтайшысы Қызылорда облысының әкімдігі болып табылады. Басқармаға қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын "Қызылорда облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.
3. Басқарма өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ, осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма мемлекеттiк мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Басқарма өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.
8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимитi заңнамаға сәйкес бекiтiледi.
9. Заңды тұлғаның тұрған жерi: индексі 120003, Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Бейбарыс сұлтан көшесі, құрылыс 1.
10. Мемлекеттік органның толық атауы – "Қызылорда облысының ветеринария басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
12. Басқарманың қызметiн қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.
13. Басқармаға кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Басқарманың функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актiлермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер мемлекеттік бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.
2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
14. Басқарманың миссиясы: ветеринария саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.
15. Міндеттері: ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауды ұйымдастыру.
16. Функциялары:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесе отырып, халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауды ұйымдастыру және өзара ақпарат алмасуды жүзеге асыру;
2) ветеринария саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
3) облыстың аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда, тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша карантинді немесе шектеу iс-шараларын белгілеу туралы шешімдер қабылдау;
4) осы облыстың аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда пайда болған жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөнінде ветеринариялық іс-шаралар кешені жүргізілгеннен кейін тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша шектеу іс-шараларын немесе карантинді тоқтату туралы шешімдер қабылдау;
5) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес жануарлардан алынатын өнім мен шикізатқа ветеринариялық-санитариялық сараптаманы лицензиялау;
6) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аумақты аймақтарға бөлу туралы шешім шығару;
7) уәкілетті органмен келісім бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарын бекіту;
8) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
9) ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қоспағанда, жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасына арналған ветеринариялық препараттарды сақтауды, оларды аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына тасымалдауды (жеткізуді) ұйымдастыру;
10) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) және атрибуттарды тасымалдау (жеткізу), ветеринариялық паспортты дайындау жөнінде көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру;
11) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға қажеттілікті айқындау және процессингтік орталыққа ақпарат беру;
12) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордың жүргізілуін ұйымдастыру;
13) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға есептік нөмірлер беру;
14) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын сақтауына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
15) эпизоотия ошақтары пайда болған жағдайда оларды зерттеп-қарауды жүргізу;
16) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың орындалуын мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
17) эпизоотологиялық зерттеп-қарау актісін беру;
18) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының сақталуы тұрғысынан мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды:
ішкі сауда объектілерінде;
жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарда (импортпен және экспортпен байланыстыларды қоспағанда);
ветеринариялық препараттар өндіруді қоспағанда, ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларда;
экспортын (импортын) және транзитін қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау (орнын ауыстыру), тиеу, түсіру кезінде;
экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, жануарлар ауруларының қоздырушыларын тарататын факторлар болуы мүмкін көлік құралдарының барлық түрлерінде, ыдыстың, буып-түю материалдарының барлық түрлері бойынша;
тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруттары өтетін, мал айдалатын жолдарда, маршруттарда, мал жайылымдары мен суаттардың аумақтарында;
экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді өсіретін, сақтайтын, қайта өңдейтін, өткізетін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың аумақтарында, өндірістік үй-жайларында және қызметіне жүзеге асыру;
19) мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды), орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді күтіп-ұстауға, өсіруге, пайдалануға, өндіруге, дайындауға (союға), сақтауға, қайта өңдеу мен өткізуге байланысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру кезінде, сондай-ақ оларды тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде зоогигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың сақталуына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
20) жеке және заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау актісін жасау;
21) ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жинақтау, талдау және оларды уәкілетті органға ұсыну;
22) жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасына арналған ветеринариялық препараттарды, олардың профилактикасы мен диагностикасы жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, оларды сақтауды және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына тасымалдауды (жеткізуді) ұйымдастыру;
23) уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларының, сондай-ақ жануарлардың энзоотиялық және басқа да ауруларының профилактикасы, биологиялық материал сынамаларын алу және оларды диагностикалау үшін жеткізу бойынша ветеринариялық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;
24) ветеринария мәселелері бойынша халықтың арасында ағарту жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;
25) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөнiндегі іс-шаралар жүргізуді ұйымдастыру;
26) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдайтын мемлекеттік комиссияларға қатысу;
27) профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізбесін әзірлеу және Қызылорда облысының әкімдігіне бекітуге ұсыну;
28) өз құзыреті шегінде жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру саласындағы шараларды іске асырады;
29) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 16-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қызылорда облысы әкімдігінің 04.04.2016 № 425 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
17. Құқықтары мен міндеттері:
1) егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға;
2) алынып тасталды - Қызылорда облысы әкімдігінің 04.04.2016 № 425 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
3) аудан, қала әкімдіктерінің ветеринария саласы бойынша қызметін үйлестіруге;
4) белгіленген тәртіпте эпизоотияға қарсы төтенше жағдай комиссиясын құру туралы ұсыныс шығаруға;
5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резерві есебінен және шұғыл шығындарға арналған резервінің есебінен іс-шаралар өткізуге;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
7) Басқарма:
заңды және негізделген шешімдер қабылдауға;
қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге;
жеке және заңды тұлғалардың Басқармаға жолдаған өтініштерін қарауға, олардың орындалуын бақылауға, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен оларға жауаптар беруге;
жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастыруға;
қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де міндеттерді іске асыруға міндетті.
3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру
18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
19. Басқарманың бірінші басшысын облыс әкімі заңнамада белгіленген тәртіппен қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
20. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.
21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
1) Басқарманың бірінші басшысы облыстың бас мемлекеттік ветеринариялық дәрігері болып табылады;
2) өз қызметін жүзеге асыру кезінде облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына есеп береді;
3) орынбасарының және бөлім басшыларының міндеттері мен өкілеттіліктерін анықтайды;
4) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлерін заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
5) стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;
6) заңнамада белгіленген тәртіппен қызметкерлерді марапаттауды жүзеге асырады;
7) заңнамада белгіленген тәртіппен қызметкерлерге тәртіптік жаза қолданады;
8) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік және қаржы құжаттарына қол қояды;
9) бөлімдердің ережелерін бекітеді;
10) шарттар жасасады;
11) сенімхаттар береді;
12) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда сенімхатсыз Басқарманы білдіреді;
13) сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шараларды қолданады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қолданбағаны үшін дербес жауапкершілікте болады;
14) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
15) облыс әкімдігі мен әкімінің актілері мен тапсырмаларын орындайды;
16) құзіреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;
17) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
18) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырады;
19) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;
20) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
22. Бірінші басшы өз орынбасарының өкілеттігін заңнамаға сәйкес белгілейді.
23. Басқарманың жұмыс режимі:
1) Басқарма дүйсенбі мен жұма аралығында аптасына 5 (бес) күн жұмыс істейді;
2) Басқарманың жұмыс уақыты жергілікті уақыт бойынша сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін. Сағат 13.00-ден 15.00-ге дейін үзіліс;
3) Басқарма сенбі жексенбі күндері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мереке күндері жұмыс істемейді.
25. Басқарма мен облыс әкімдігі арасындағы, Басқарма әкімшілігі мен оның еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
4. Басқарманың мүлкi
26. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкi оған меншік иесі берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
27. Басқармаға бекiтiлген мүлiк облыстық коммуналдық меншiкке жатады.
28. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
29. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Таратылған жағдайда Басқарманың мүлкiн пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.