"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Қоса берілген "Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
"Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Р. Кенжеханұлына жүктелсін.
Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қызылорда облысының әкімі | Қ. Көшербаев |
Қызылорда облысы әкімдігінің 2015 жылғы "16" наурыздағы № 873 қаулысымен бекітілген |
"Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі
1. Жалпы ережелер
Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - Қызылорда облысы әкімдігінің 07.04.2016 № 427 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).1. "Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) ішкі саясат, дін, жастар саясаты және өңірде мемлекеттік тіл саясаты салаларында басшылықты жүзеге асыруға Қызылорда облысы әкімдігі уәкілеттік берген атқарушы органы болып табылады.
Басқарманың құрылтайшысы Қызылорда облысының әкімдігі болып табылады. Басқармаға қатысты коммуналдық меншік құқығының субъектісі болып "Қызылорда облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі табылады.
3. Басқарма өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ, осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма мемлекеттiк мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Басқарма өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.
8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекiтiледi.
9. Заңды тұлғаның тұрған жері: индекс 120003, Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Бейбарыс сұлтан көшесі, құрылыс 1.
10. Мемлекеттік органның толық атауы - "Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
12. Басқарманың қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.
13. Басқармаға кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Басқарманың функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актiлермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер мемлекеттік бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.
2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары
14. Басқарманың миссиясы:Қоғамдық келісу мен саяси тұрақтылықты, аймақтағы ұлттар бірлігін сақтауға, азаматтық қоғам институттарын, діни қызметті дамыту және қолдау, барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, жастардың әлеуметтік құқығы мен мемлекеттік кепілдіктерінің толықтығын қамтамасыз ету, ақпараттық кеңістіктің бәсекелестігін арттыру және жастарды дамыту үшін жағдай жасау бойынша мемлекеттік саясатты тиімді іске асыру, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік саясатты жүргізу.
15. Негізгі мiндеттерi:
1) өңірде ішкі саяси тұрақтылықты, ел бірлігін қамтамасыз ету және қоғамды топтастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) өңірдегі жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық-саяси салалардағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын іске асыру жөніндегі қызметтерін үйлестіру;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің, облыс әкімінің, Басқарманың құзырына қатысты мәселелер бойынша актілері мен тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету;
4) Қазақстан Республикасының даму стратегиясының, жоспарларының, Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларының, мемлекеттік және салалық бағдарламалар мен басқа да стратегиялық құжаттардың негізгі басымдықтарын өңірде түсіндіру мен насихаттау;
5) өңірде ішкі саясат саласындағы маңызы бар бағдарламалық құжаттарды әзірлеу және іске асыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіру;
6) өңірде ішкі саясат саласындағы жұмыстарды ұйымдастыру бойынша практикалық ұсыныстар, Қазақстан дамуының ұзақ мерзімді басымдықтарының тиімді іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
7) өңірдегі ішкі саяси процесстерді және олардың даму үрдістерін зерделеу мен оларға талдау жүргізу;
8) азаматтық қоғам институттарымен, өңірдің қоғам жұртшылығының өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау;
9) "Мемлекеттiк жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасының Заңынан туындайтын міндеттері мен принциптерін, "Қазақстан 2020: болашаққа жол" Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын орындау;
10) өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын дамыту, жастардың рухани, мәдени, білімдік, кәсіби және дене бітімінің толыққанды дамуы, шешімдер қабылдау процесіне қатысуы, ойдағыдай әлеуметтенуі және олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бағыттау мақсатындағы жұмыстарды ұйымдастыру;
11) "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының, Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Үкiметiнiң, облыс әкiмдігінің тiл саясаты мәселелерi жөнiндегi актiлерiнiң және тапсырмаларының орындалуына басшылық пен бақылауды жүзеге асыру;
12) мемлекеттік тiл саясатын жүзеге асыру мәселесi бойынша меншiк нысанына қарамастан мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктердiң, ұйымдардың қызметiн үйлестiру және өзара қарым-қатынасты жүзеге асыру;
13) мемлекеттiк тiл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтік және талдамалық зерттеулер жүргізіп, оны жүзеге асырудың тиiмдiлiгiн арттыру, мемлекеттiк тiлдiң қоғамдағы қолдану аясын кеңейту және нығайту жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
14) жергілікті мемлекеттік атқарушы органдардың интернет ресурстарына мониторинг жүргізу;
15) өңірде мемлекеттік және салааралық бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы ақпараттың республикалық және жергілікті сайттарда жариялануын қамтамасыз ету;
16) "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өз өкілеттіктері шегінде діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру.
16. Функциялары:
1) Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында пайдаланылуын (тігілуін, орналастырылуын) бақылауды жүзеге асырады;
2) өңiрлiк бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттiк ақпараттық саясатты iске асырады;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастырады, орналастырады және оның жүзеге асырылуын бақылайды;
4) қоғамдық бірлестіктермен ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимыл жасайды;
5) ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
6) ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін сақтауға ықпал етеді;
7) цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкенге дейін халықтың әлеуметтік қорғалатын топтарын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен телевизиялық абоненттік жалғамалармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
8) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыруды және іске асыруды жүзеге асырады;
9) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңесті құру туралы актінің жобасын әзірлеп, Қызылорда облысы әкімдігіне бекітуге ұсынады;
10) уәкілетті органға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылуы жөніндегі ақпаратты ұсынады;
11) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдарға ақпараттық, консультациялық, әдістемелік қолдау көрсетеді;
12) облыс аумағында қызметін жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдар туралы мәліметтерді уәкілетті органға беру үшін жинайды, жинақтайды және Қызылорда облысы әкімдігіне ұсынады;
13) құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қолданады;
14) азаматтардың құқықтық тәрбиесін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
15) өз құзыреті шегінде жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру саласындағы шараларды іске асырады;
16) мемлекеттік жастар саясатын іске асырады;
17) өзекті проблемаларды анықтау және шешу, мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың тиімділігін арттыру үшін мониторинг жүргізуді және жастардың қажеттіліктерін бағалауды қамтамасыз етеді;
18) жастарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру саясатын іске асыруды қамтамасыз етеді, еңбек нарығының және жас мамандарды жұмысқа орналастыру практикасының мониторингін ұйымдастырады;
19) жастардың волонтерлік қызметін және жастардың өзін-өзі басқаруын дамытуға жәрдемдеседі;
20) жастар ресурстық орталықтарын құру туралы ұсыныс енгізеді, олардың қызметін қамтамасыз етеді және үйлестіреді;
21) өңірлік жастар форумын өткізуді қамтамасыз етеді;
22) қазақстандық патриотизмді, конфессияаралық келісім мен этносаралық тағаттылықты нығайту жөнінде шаралар қолданады;
23) өңірдегі діни ахуалды зерделеп, оған талдау жүргізеді;
24) өңірде жұмыс істеп тұрған дiни бiрлестiктердiң, миссионерлердiң, рухани (діни) білім беру ұйымдарының қызметiн зерделеуді және талдауды жүргiзедi;
25) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар береді;
26) діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
27) құқық қорғау органдарына Қазақстан Респуликасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың қызметіне тыйым салу жөнінде ұсыныстар енгізеді;
28) Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзушылықтарға қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;
29) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша жергілікті деңгейде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;
30) діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй жайлардың орналастырылуын бекіту туралы облыс әкімдігінің қаулы жобасын әзірлейді, сондай-ақ, ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын келіседі;
31) ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу, олардың орналасатын жерін айқындау, сондай-ақ, үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейіндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешім қабылдайды;
32) діни бірлестіктерді құруға бастамашы азаматтардың тізімдеріне тексеру жүргізуді қамтамасыз етеді;
33) миссионерлік қызметті жүзеге асыратын адамдарды тіркеуді жүргізеді;
34) орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң және аудандық атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
35) деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
36) Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасында белгiленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар береді, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген негізде және тәртіппен әкімшілік ықпал ету шараларын қолданады;
37) мемлекеттiк тiлдi және басқа тiлдердi дамытуға бағытталған облыстық маңызы бар шаралар кешенiн жүзеге асырады;
38) облыстық ономастика комиссиясының қызметiн қамтамасыз етедi;
39) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
17. Құқықтары мен міндеттері:
1) Басқарма өзіне жүктелген міндеттерді және өзінің функцияларын жүзеге асыру үшін заңнамада бекітілген тәртіппен:
мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпараттар мен материалдарды сұрауға және алуға;
өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуге;
қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы;
2) Басқарма:
жеке және заңды тұлғалардың Басқармаға жолдаған өтініштерін қарауға, олардың орындалуын бақылауға, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен олар бойынша жауаптар беруге;
жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастыруға;
заңды және негізделген шешімдер қабылдауға;
қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге;
қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де міндеттерді іске асыруға міндетті.
3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру
18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.19. Басқарманың басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
20. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
21. Басқарма басшысының өкілеттігі:
1) өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына есеп береді;
2) өз құзыреті шегінде мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманы бiлдiредi;
3) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлерін заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
4) стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;
5) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлеріне заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;
6) бұйрықтарға қол қояды;
7) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
8) шарттар жасасады;
9) сенімхаттар береді;
10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға дербес жауапты болады;
11) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
12) облыс әкімдігі мен әкімінің актiлерi мен тапсырмаларын орындайды;
13) Басқарманың құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;;
14) құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеудi ұйымдастырады;
15) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
16) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырады;
17) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;
18) Қазақстан Республикасы заңнамасымен көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Басқарманың басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
22. Басшы өз орынбасарының өкілеттігін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
23. Басқарманың жұмыс режимі:
1) Басқарма дүйсенбі мен жұма аралығында аптасына 5 (бес) күн жұмыс істейді;
2) Басқарманың жұмыс уақыты жергілікті уақыт бойынша сағат 09.00-ден сағат 19.00-ге дейін. Сағат 13.00-ден сағат 15.00-ге дейін үзіліс;
3) Басқарма сенбі және жексенбі күндері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мереке күндері жұмыс істемейді.
24. Басқарма мен облыс әкімдігі арасындағы, Басқарманың әкімшілігі мен оның еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастар қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
4. Басқарманың мүлкі
25. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ, өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
26. Басқармаға бекітілген мүлік облыстық коммуналдық мүлікке жатады.
27. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
28. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.Басқарма таратылған жағдайда оның мүлкiн пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.